Жүсіп Баласағұни әлемі және «Құтадғу білік» тағылымы

Бөлісу:

12.12.2023 2553

Осындай тақырыпта М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде танымдық дәріс-сұхбат өтті.

Аталған шараның қонағы – PhD доктор, әдебиеттанушы, Анкара Хажы байрам Вели университеті Әдебиет факультеті түрік фольклоры кафедрасының оқытушысы Бекарыс Нұриман. Дәріс-сұхбат  автордың Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегінің прозалық нұсқасын талдауға арналды. Сұхбаттасу барысы аталған еңбекпен ғана шектелген жоқ.   Ж. Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінің осыған дейін аударылған нұсқаларын да қамтыды. Әдебиетші ғалым А. Егеубай мен тілші ғалым  Ә. Құрышжанұлының өлең түрінде аударылған нұсқасы, тілші ғалым Б. Сағындықұлыны мен әдебиеттанушы Б. Нұриманның жолма-жол мағыналық аудармасы аясында мәліметтер берілді, ерекшеліктері талқыланды. Танымдық кездесуге арқау болған жас ғалым Б. Нұриманның жолма-жол аудармасы негізінде прозаға айналған «Құтадғу білік. Мың жыл бұрын ел билеген ерлердің тәжірибесі»» кітабы кеңінен талқыланып, кешке қатысушы «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, көкейінде жүрген сауалдарға жауаптарын алды. Бұған дейін де өзім жүргізетін «Әдебиет теориясы» сабағы аясында әдеби, мәдени, рухани кештер өткен. Танымдық дәріс-сұхбат түріндегі кешке студенттер мен магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар, өзін-өзі басқару ұйымының белсенді жастары да қатысты.

«Ежелгі дәуір әдебиетінен» бұл еңбекпен таныс студенттерге «Құтты біліктің» мазмұны таңсық емес. Өздері оқыған Асқар Егеубаев нұсқасы бойынша мазмұнына кеңінен тоқталса, кеш барысында прозалық нұсқасымен етене танысып, өз ойларын ортаға салды. М. Өтемісов атындағы БҚУ студенті Нұртілек Қайроллаев: «Құтты білікті» бұған дейін философиялық еңбек деп қана қараған пікірлермен таныспыз. Ал сан ғасырлар бұрын жазылған еңбекте ел билеу істері, мемлекет адамдарының іс-әрекеті қандай болуы керек, барлық лауазымды тұлғаларға тән қасиет қандай деген сауалдар әлдеқашан жазылып қойған-ды. Мен бұл шығарманы оқи отырып, Күнтудыдай кеңпейіл, жомарт адамға, Айтолдыдай биік парасат пен ақыл-ой иесінің іс-әрекеттеріне қайран қалдым. Батыр елі үшін туады, ел үшін өледі демекші, осындай елі мен жері үшін қызмет еткен адамдар санаулы-ақ. Ал шығармада өз еліне сүйіспеншілік, әділдік, адалдық, таза ниет, ізгілік ұғымдарын бойына сіңірген, әрі өсиет қалдырып отыратын адамдар жиі кездеседі. Шығармада бас уәзір Көсеміштің мына бір сөздері әрбіріміздің ескерер басты қағидамызға айналса деймін, мәселен: «Егер саған бақ, құт қонса, өзіңе қатты абай бол. Көңілің өсіп, масаттанып, тәкаппарланып кетпе. Кісінің ізгісі халықтың жүгін көтереді, қиындығын жеңілдетеді. Кімнің дәулеті тасып, абыройы артса, оның әрбір ізгі ісі халықтың ұстанатын жолына айналады. Ары таза, әр ісінде әділ адам халыққа билік жүргізе алады. Елге сөзің өтімді болсын десең, қарапайым бол, әрі тілің жұмсақ болсын. Бұл бақ, құт деген деген нәрсе құбылмалы. Ол кісіні я бұзады, я көркейтеді. Ұстап тұра алмасаң, қонған бақтың қайта ұшып кетуі оңай. Сол үшін ұлық болсаң, кішік болуды ұмытпа!». Қандай ғибратты, дәл тауып айтылған сөздер?! Әрине, айтатын нәрсе өте көп, сан ғасырлық туындыны әсте баяндау мүмкін емес. Сондықтан, осындай кемел де көркем туындыны әрбір қазақ тек  оқуы қажет емес, міндетті деп ойлаймын. 

Гүлниса Тұрсынғалиева: “Құтадғу біліктің” Бекарыс Нұриман жасаған прозалық нұсқасымен таныстым. Маған кітаптағы ерекше ұнаған бөлімдердің бірі – “Қоғаммен араласудың қыр-сыры”. Бұл бөлім бойынша кіммен аралассаң да, мейлі ол кедей, бай, егінші, ұста, түс жорушылар, саудагер, тіпті малшы болсын, барлығымен де жақсы қарым-қатынаста болу керек.  “Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні қаріп”, -  демекші қараңғы халықтың күні қара, ал бізге ондай болмай, білім алып, білмейтінін үйрену керектігі туралы айтылған. 

Сонымен қатар, осыған дейін “Құтты билік: “Құтадғу біліктен” таңдамалы бәйіттер” атауымен шығуының өзінде де үлкен мән бар. Себебі, біз осыған дейін Жүсіп Баласағұни еңбегін философиялық тұрғыдан қарап, көркем әдеби шығарма деп те қабылдап жүрдік, ал Бекарыс ағамыз бұл жерде елдегі құтты билік қалай болатыны туралы, ел басқарушыларға нақты қандай ұстанымдар қойылатынына баса назар аударған. Кітап өзіме оқуға өте ыңғайлы, тілі жеңіл әрі түсінікті болды. 

Диана Мәдениет: Осы еңбекті оқи отырып, көп нәрсеге көзім жетті. Әсіресе “Адамдыққа адамдық, әділдікке әділдік” атты тақырып ерекше ұнады. Адам баласының бойында болуы керек асыл қасиеттер, атап айтқанда, әділдік, адамгершілік, таза ниет, жақсылық жасай білу, үнемі жақсы ойда болу дәл қазіргі уақытта бір адамның бойынан табыла бермес ұлы қасиеттер. Ал егер де осы қасиеттер бір адамның бойында болса, онда бұл адамгершіліктің биік деңгейіне жеткендігі. Және сонымен қатар адам баласы үшін дұғаның маңызды екендігі, яғни дұға болмаса жер бетінде жамандық, зұлымдық атаулының патшалық құратындығы, сол үшін де үнемі жақсылық жасау керектігі сөз етілген. Адам баласы бір жақсы іс жасау арқылы он сауапқа ие болады. Мен осы еңбектен осыншама құнды мәліметтер ала алдым. Оқырман да осыны оқи отырып, қаншама тәлім-тәрбие алмақ.

1069 жылы Қарахан дәуірінде  жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі халқымыздың сол дәуірдегі мәдениеті мен  өмір салтынан, дүниетанымы мен көркемдік ойлау жүйесінен, ең бастысы, ел басқару дәстүрі мен ондағы қағидаларынан хабар беретін құнды әдеби жәдігер. Бұған дейін төрт аудармасы жарық көрсе, танымдық дәріс-сұхбатқа арқау болған бұл кітапта Жүсіптің шиеленіске, тартысқа толы шығармасының оқиға желісі сақтала отырып, әңгіме күйінде беріледі. Аталмыш еңбектің сан ғасыр өтсе де, әлі де маңызын, құндылығын жоймағаны, мың жыл бұрын ел билеген ерлердің тәжірибесінің бүгінгі билікке, бүгінгі қоғамға, бүгінгі заманы мен адамына қажеттілігі айқын екендігіне көз жеткізесің. Бүгінгі студент – ертеңгі білік маман. Болашақ маман үшін де, толық адам болам деген тұлға үшін де ізгілік деген құндылықты кітап арқылы ұғындыру мақсаты тұру керек бүгінгі ұстаздың алдында. Ізгілікті қоғамды қаласақ, ізгі адамды тәрбиелеуден бастау керек. «Құтты білікке» қатысты танымдық сұхбат дәрісімізді өткізу де осы мақсаттан туындаған еді. 

Танымдық сұхбат-дәрісіміздің құрметті қонағы Бекарыс Нұриман ашық сұхбат алаңында өзі прозалық жасаған  «Құтадғу білікпен» студенттеріміздің мазмұнын жетік меңгергендіктерін диалог барысында көз жеткізді. Оқырман тарапынан да, қоғам тарапынан да оң бағасын алып үлгерген осы кітаптың прозалық нұсқасын жасап шығаруға қандай мақсаттан туындағаны студенттердің қызығушылығын тудырды. Прозаға айналдыруға бірнеше себеп болды.  Ғалымдарымыздың бірі ««Құтадғу білікте» айтарлықтай тартыс пен шиеленіске толық қызық сюжет жоқ»  деген мағынада пікір жазыпты. Тағы бірде әдебиетші достарыма шығарманың желісін баяндап отырсам, таң қалып,  «онда осындай сюжет бар ма, бұл басынан аяғына дейін насихат сияқты еді ғой» дейді. Бірақ «Құтадғу білікте» өте қызық сюжет, тартысты оқиға желісі бар. Соны көрсеткім келді. Сосын оқырманның бірі өлең түрінде оқығанды ұнатса, бірі қарасөз түрінде оқығысы келеді емес пе?! Соған прозалық нұсқасын  ұсынғым келді. Ең бастысы, бабадан қалған мұраны жақыннан тану. Өлең түріндегі шығарманы қарасөз түрінде баяндау бұрыннан бар үрдіс қой. Кезінде Ақселеу Сейдімбек ағамыз да солай жасаған, - деді прозалық нұсқасының авторы Бекарыс Нұриман. 

Даналық кітабына арналған танымдық дәріс-сұхбаттан студенттеріміздің алған әсері зор.  Кеш соңында жастарға рухани азық алар танымдық дәріс-сұхбаттың құрметті қонағы болған, бүгінде шетелдік әдебиетші ғалым әріптесіміз Бекарыс Нұриманға «Тіл мен әдебиет мұғалімдерін дайындау» білім беру бағдарламасының жетекшісі  Г.Г. Тұрғаналиева алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. 

                                                                                        Рита Сұлтанғалиева, 

                                                                             М. Өтемісов атындағы БҚУ 

                                                                        қауымдастырылған профессоры

Бөлісу:

Көп оқылғандар