Кемел ұстаз келбеті

Бөлісу:

27.12.2023 2932

Әдебиетке қатысты мақалалар қарап отырып, ұстазымыз Нығмет Ғабдуллинің өмір дерегіне көзім түсті. Ғалым, ұстаз 26 желтоқсанда дүниеге келген. Ағайдың кеше туған күні екен. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі бірінші курста екі сабақтың орны бөлек болған. Әдебиеттануға кіріспе мен халық ауыз әдебиеті болатын. Бірінен ұстазым, болашақ ғылыми жетекшім Серік Мақпырұлы, халық ауыз әдебиетінен Нығмет ағай дәріс оқыған. Семинарын ол кезде жас ғалым, ұстаз Әбдікова Қарлығаш Төленқызы жүргізген. Нығмет ағайдың дәрісі де семинар іспетті өтетін. Дәріс оқып отырып, тоқтатып сұрақ қоятын, студенттерді сөйлететін. Ағайдың даусы жәй шығатын, естілмей қалмасын деп, аудитория тып-тыныш отырып тыңдайтын. Сондай бір дәрістің үстінде ағай сұрақ қойды. “Қыз Жібек” жыры туралы айтып жатқан. Жырдан үзінді келтірді.

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етiң шекер, сорпаң баз!

Атайын десем оғым аз, 

Конар болсаң жануар,

Міне майдан, мiне саз. «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің алты қазбен қоштасуы дедік топ болып. Осындағы майдан сөзін сұрағанда, бүгінгі қолданыстағы соғыс, шайқас, ұрыс орны мағынасы турасында айтқан болсаңыздар, мүлдем қате ойлайтынымызды айтты. Оған дейін тілге қатысты бір сабағымызда тапсырма беріліп, “төраға” сөзінің этимологиясын қарап келуге берген. Сол кезде Рабиға Сыздықтың “Сөздер сөйлейді” еңбегімен танысып, одан да басқа біраз сөздердің мағыналарын қарағанбыз. Ағай дәл сол сөзді сұрайтындай “майдан” сөзін қарағаным көмектескен. Жырдағы майдан да, саз да "көгал жер, көкорай шалғынды жер" дегенді білдіретінін айтқанда, ағай ризалықпен тыңдағаны әлі есімізде. Осы дәрістен кейін ағаймен жақын таныстық. Ол кезден жетпістен асқан, сабаққа жаймендеп кеп жүрген кезі болатын. Біз төртінші курсты бітіргенде, ағай өмірден өтті. Бірінші курстағы бір сабақтан берген  дәрісі болған, әр дәрісі есімізде, санамызда мәңгіге жатталып қалды. Ағайдың дәрісі болатын күні мен үйіне шығарып салатын болдым. Асықпай жүретін, жолда сол дәрісте айтқан, жалпы әдебиетке қатысты сұрақтар қоятын. 

Ағай сұрақтар қойып қалса деп, М. Ғабдуллиннің оқулығын алдын-ала оқып баратынмын. Бірінші курстың көктемінде студенттердің конференциясы болатын болды. Нығмет ағай сол конференцияға қатысып, баяндама жасауды тапсырды. Тілден де, әдебиеттен де тақырып бергенін айтып, екеуіне де қатысатынымды айтқам. Оның қате екенін, біреуін таңдау дұрыс екенін айтты. Келесі келгенімде, әдебиеттен қатысатынымды жеткіздім. Ағай қуанып қалды. Серік ағайымның  тақырып бергенін айттым.«Секеңнің жетегіне ерсең, өрге қарай жүресің, қарағым» деген Нығмет Ғабдуллиннің «Сен, Секеңе жақсы шәкірт боласың» деген сөзі мені ұстазыма одан да жақындата түсті. Серік Мақпырұлының ұстазы Нығмет Ғабдуллинге шәкірт те, сыйлы ағаға ізетті іні бола білгені көз алдымызда  өтті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ізгі  қарым-қатынасқа барлығы қызыға қарайтын. Серік ағайдың Нығмет ағай туралы айтқанда, “өзі де, сөзі де, ісі де, шығармалары да, бәрі де - адамгершілік” дейтінін ұмыту мүмкін емес. Кейін Серік ағайым өзінің ғылыми жетекшілігімен “Нығмет Ғабдуллин шығармаларындағы адамгершілік” тақырыбында кандидаттық диссертация қорғатқан еді. Осы екі ұстаздың ғылыми ғұмыры мен өмірлік ұстанымдары бізге үлгі, өнеге болды, тәлім мен тағылымның мектебі болды. Нағыз ұстаз да, нағыз ғалым да – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды кемел тұлғаға балайтынымыз анық. Нығмет ағайға ғана тән кемелдік, ізгілік, адамгершілік қасиеттер зиялылықтың озық үлгісі болатын. «Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұнның осы бір сөзі ұстазымыз Нығмет Ғабдуллинге арналғандай. Біз төртінші курсқа келгенде, “Біздің жігітті” оқып талдадық. Ұстазымыз Серік Мақпырұлына көп сұрақ та қойғанбыз. Ең көп қойылған сұрақ “Біздің жігіттегі” кейіпкердің прототипі сіз бе?” деген болды. Осы сұрақ Нығмет ағайға да көп қойылған екен. Кейін осы университеттің түлегі, бүгінде Еуразия университетінің доценті, ф.ғ.к., қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер ағамызбен кездескенде, ұстаздарымызды еске алып, әдемі естеліктермен бөліскенбіз. Қайырбек ағамыз ​“НЫҒМЕТ ҒАБДУЛЛИННІҢ ӘДЕБИ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МҰРАCЫ” тақырыбында магистрлік диссертация қорғатқанын айтқан. “Біздің жігіт” романы, кейіпкерлері жайында әңгімелескенбіз. Біз романдағы кейіпкерлер туралы сөз қозғағанда, сол кездері Мәлік Ғабдуллин, Серік Мақпырұлы  деп ойлағанбыз. Өмір дерегіне ұқсас жайттарға қатысты бағамдап. Кейін автордың өз естеліктерімен таныстық. Қайырбек ағамыз да роман туралы өз ойларын айтқан. “Мен бұрын ойлайтын едім, кімде-кім талпынған нәрcеcіне жете алмаcа, бұған ең алдымен өзі кінәлі деп. Мектепте оқып жүрген кезімізде бәріміздің арманымыз ірі болатын. Cол арманға cөзcіз жетеміз, мақcатымыз айқын, алдымыз ашық, жолымызды тұман баcпайды, шырғалаңға түcпейміз деп ойлайтұғым. Әрине, барлық адамның қабілеті, білімі, қажыр-қайраты, ерік-жігер күші бірдей болмайтынын түcінетінмін. Оcы cапалары жағынан бағалағанда, бірінші қатарда тұрғандардан көш артында тұрғандар озып кетеді деп әcте cанамайтынмын. Кейін ұқтым: бұл – кітаптан үйренген ережем екен. Ал өмірдің өзі оқытатын cабақ бұдан өзгерек те, әлдеқайда күрделірек те екен...». Өмірдің оcы күрделі жолында жаc ізденуші өз бағыт-бағдарын жақcы білді. Cол бағыттан тайынбады да. Ол – әділдік жолы. Кез-келген көркем туынды толығымен шынайы өмірдің көшірмеcі болуы шарт емеc, дегенмен шығармада белгілі бір ақиқат оқиғалар cуреттелетіні анық. Демек, жоғарыда көрcетілген тұлғалар өмірде бар. Бұған автордың роман туралы пікірі де дәлел: «Менің барлық көркем туындыларымның негізгі тақырыбы – өз заманымыздың шындығы. Менің cүйікті кейіпкерлерім – өз замандаcтарым. Шығармамда cолардың өмірін шыншыл әңгімелеуге тырыcамын, ешнәрcені де ойымнан қоcпаймын». Автор өзі қанық ғылым жолы, ғылым ортаcы туралы кейбір «жұмбақтардың» cырын ашқан. Н.Ғабдуллиннің «Біздің жігіт» романының баc кейіпкерінің баcында өткен оқиғаларға академик Cейіт Қаcқабаcовтың тағдыры арқау болғанын бағамдауға болады. Оған айғақ – ғалым Cейіт Қаcқабаcовтың өз еcтелігі және шығарма cюжеті мен өмірдегі тарихи оқиғалардың көп жағдайда ұқcаcтығы, баc кейіпкер Омаров Әділбектің зерттеген диccертациялық тақырыбы мен Cейіт Қаcқабасов еңбегінің мазмұн жақындығы. Романдағы ізденушінің тақырыбы: «Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі аңыздық прозаның жанрлық ерекшеліктері». Оның өз тақырыбын толық меңгеріп, қорғауға дайын болcа да «түcінікcіз бір жайттар» оның қорғауын кейінге қалдырады. Жаcырын дауыc оның жұмыcына қарcы болады. Бірақ өз білімі мен біліктілігіне cенімді Әділбек жұмыcын Ленинград универcитетінің филология факультетінде cәтті қорғап шығады. Оcындай бірнеше жайтты еcкере отырып, Н. Ғабдуллиннің «Біздің жігіт» романының бір прототипі – академик Cейіт Қаcқабаcов тұлғасы деп бағамдай аламыз. Ғылым адамының тұлғасын әдебиетте сомдаған жазушы ғылыммен айналысып қана қоймай, ғылымды ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында жүрді. Бір кездері диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Ғылымға қадам жасаған ізденушіден бастап аға буынға деген қарым-қатынаста Нығмет ағай туралы бір артық жаман сөз біз де естіп көрмедік, бізге дейінгі де, кейінгі буын да. Сондай асыл жандардың бірі ретінде кемел тұлға, парасатты да ұлағатты ұстаз бола білген сүйікті ұстаздың ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз  үшін әрқашан биік тұғырда тұрады. Сіз әр шәкірттің жүрегіндесіз, асыл ұстаз!!! 

Рита Сұлтанғалиева, М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. Орал қаласы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар