Ертегілердегі кенже ұл мотиві

Бөлісу:

16.01.2024 2479

       Кенже ұл десе көз алдымызға қасиетті қара шаңырақ пен үйдегі ұлдардың ең кішісі елестейді. Авторлы шығармалардағы кенже бала бейнесіне тоқталмас бұрын, бұл ұғымның санамызда неліктен сайрап тұратынын өзімізше батыл болжап, ғылымый жорамал жасап көрсек деген ойдамыз. Біздің дүние танымымызға бекіп қалған кіші ұл қалайда үй иесі, шаңыраққа мұрагер деген түсінік қай заманнан қалыптасқанын ашып айту қиын. Есесіне ертегілерді парақтап қарап отырсақ, ағайынды кейіпкерлер өріп жүрген ертегілерде бұл танымға біраз дәйек табатын сияқтымыз. Әсіресе, «Кедейдің үш баласы», «Байдың үш баласы», «Шалдың үш ұлы»,  «Ханның қырық ұлы», «Ер Төстік», «Асан батыр»  т.с.с. Ал бір қызығы, осы аталған ертегілердің сюжеті басқа-басқа өрілгенімен, түбінде кіші ұл не ақылды, не қайратты, не батыр болып шығады да, қалған ағаларынан мерейі үстем болып, үнемі асығы алшы түсіп отырады. Не үшін? Міне, бізді қызықтырып, өзіне тарта түсетіні де осы жағдай. 

     Ескі замандардан естеліктер шертетін, халықтың дүние танымы көптеп көрініс табатын ертегі сюжеттерінің ішінде, кенже бала образы кездесетін ертегілер өзінше үлкен бір шоғыр. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек артық болмас. Халық ертегілерінің классигі саналатын «Ер Төстік» ертегісі, біз қозғап отырған кенже ұл мотивін сақтаған ертегілердің бірі. Бұнда Ер Төстіктің өмірге келуінің өзі ерекше болып, оның өсіуі, ержетуі де адамды өзіне еріксіз баурайды. Басында сегіз ұлдың қам-харекетімен басталған сюжет, Төстіктің өмірге келуімен, ендігі уақиғаның ауаны Төстікке қарай ауады да, бақандай сегіз ағасы ұмыт болады. Кішкентай детал сюжет, құла биені құрықтап жылқыларды жөнге салуда да Төстік жол тауып, ағаларын тығырықтан шығарып отырады. Міне осылай ертегі уақиғаларының күрделенуімен Ер Төстіктің бейнесі өз-өзінен биіктей береді де, шығарма ширыққын сайын Төстік ертегінің де, көңіліміздің де қаһарманыны болып шыға келеді.

      Келесі «Кедейдің үш баласы» деген ертегіде Әшкен, Мүшкен, Жұмакелді атты ағайынды үш кейіпкер адам ақылына симайтын ерліктер жасайды. Әр қайсысының өзіне тән ерліктері болғанымен, тағы да ең мықтысы кенже ұл Жұмакелді болып шығады. Бірақ жасаған ерліктері қанша үстем болса да кішілік қылып, ағларының алдын кеспей, «Қызды берсең, үлкен ағама бересің, бермесең, мен алмайын, жол соныкі», - деп кішінің ізетін сақтап, мәрттік танытады. Бұл жерде, үлкен алдында жас  қарыз  деген,  қазақтың  үлкенді сыйлайтын дағдысы, ағаға жол беретін інінің кішілігі көрініс тапқан. Әрине, бұл біздерге таңсық ұғым емес, етіміздің үйренгені сонша, осылай болуға тиіс қой деген ой санамызда сайрап тұрады. 

       Енді «Әуезханның қырық ұлы» ертегісіне келсек, қырық ұлы бар Әуезхан да Ерназар сияқты бір жерге құда тұспек болады. Ойлаған құдасын біраз жыл іздеп тапқасын, құда түсіп келуге кісі жібереді. Бірақ байдың талабы ауыр болады да, оны орындап келуді Әуезхан отыз тоғыз ұлына тапсырып, кенже ұлын алып қалады. Отыз тоғызы бірнеше ай жүріп бітіре алмағасын, ақыры кенже баласы орындап келуге әкесінен рұқсат сұрайды. Қашанда жолы болғыш кенже бала, аппақ киімді ақсақалды кісіге үшырасды, ол тілегінің орындалуына себепші болады. Осылайша кіші ұлдың маңыздылығы тағы да алға шығады. Тіпті ертегідегі айдаһардың өзі соқталдай отыз тоғыз ағасына қарамай, «Бәріңді жұтайын ба? Жоқ, үйлеріңіздегі кіші ініңізді әкеліп бересіңдер ме?» -деп, кіші ұлдың салмағын тіптен арттырып жібереді де, ертегі сюжеті кенженің іс-әрекетін баяндауға көшеді. 

      Міне осылай халқымыздың кенже бала ережесін сақтаған ертегілерді санамалай берсек, кенже кейіпкерлердің беделі барған сайын арта түседі. Енді осы ертегілердегі кенже ұл мәселесіне тереңірек тоқталар болсақ: Бірінші болжам бойынша кенже ұлға көп мән берілуінің себебі халқымыздың ерте кезде қалыптасқан дәстүрі, ерте отбасылы болуынан ба дейміз. Өйткені  ерте үйленген соң, ерте балалы болады. Ал жас отбасы тұңғыш баласын ата-әжесіне тапсырады. Осылай өмірге ерте жастан келген тұңғыштары, өсе келе буыны бекіп, өзімен тайталасып, ата-әжесінің баласы болып кетеді де, әрі жасы жер ортасынан асқан кезде дүниеге келген алпысбай-жетпісбайлары бәрінен жақын, бәрінен ыстық болып, ендігі қызығы да, әңгімесі де, ертегісі де осы кенжесі болғандығынан ба дейміз. Бұл үрдіс бір шаңырақта емес, бүкіл жұртта замандар бойы, сонау ескі заманнан бері жалғасып келе жатқасын, кенже тақырыбы өздігінен көтеріліп, маңызы артып кеткен де, ол келе-келе дәстүрге айналып, ертегіге кірігіп, санамызға әбден сіңіп кеткен тәрізді. А.Байтұрсын айытқандай: «Біздей тарихы жоқ  халыққа ертегіге қарап, ертеде болған аталарымыздың өткен тіршіліктерін жорамалдауға болады», -деп болжам айтуға болатындай. 

     Енді екінші болжамды кері толғап көрсек. М. Ғабдуллинның «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» еңбегінде ертекші туралы: «Ертегінің оқиғасын тартымды етіп құру, бір әңгімеден екіншісін тудыру ертекшілердің шеберлігіне байланысты болады»,-деген пікір білдірген. Ертегіні халықтың қазынасы десек те, ешбір шығарма авторсыз болмасы анық. Әйтеу басын бастап беретін қиялға бай, шығармашыл біреу болғаны анық. Бұл үрдістен біздің кенже балалық ертегіміз де қағыс қалмайды. Бүгінге дейін сөз қуған не өлең қуғандардың, мал таппаққа осалдау келіп,  дүниенің соңына түсіп қуа алмайтыны белгілі. Тарихта талай шешен, ақындардың қызыл тілмен күн көргенін ескерсек, кезіндегі ертекшілердің де ертек айтып күн көрген болуы мүмкін ғой. Сол бейшара дарын иесі, кеңірдек үшін ел аралап жүріп, байдың болмаса байсымақтың үйіне барсын делік. Оның ертекші екенін білетін былайғы жүрт, оны қолқаламай отырама, не керек ертекші ертегін бастасын, бірақ ертегіні айтқанда, үй иесінің ыңғайына бағып, қалайда көңілін табуды көздейтіні сөзсіз. Ол кездегі жүрт аралас-құралас жүреді. Ел жағдайына қанық, ауыл иесінің түп-тұқиянын білетін қу, шаңырақта отырған байдың кенже әрі қыңыр екенін білетін болса, жанында кенже ұлы отырса, өзі жоқтың көзі жоқ, еншісін алып, отау шығып кеткен ұлкен ұлдары туралы айтқаннан; «Баяғыда бір бай болыпты. Оның үш ұлы болыпты. Сол байдың кенже ұлы ақылды да, айбатты болыпты»,- деу әрине, ертекшімізге тиімді болары анық. Бізден бұрын қаншама адам өтті бұл дүниеден, сонымен бірге қаншама ертекші өтті. Әр қайсысының мақсаты әр түрлі, біреуі той-думанның, отырысытың көрігін қыздыру үшін; біреуі ұрпаққа тәлім тәрбие үшін; біреуі жақсы ертекші екен деген атақ үшін; енді біреулері кедейліктен құрсағын тойдыру үшін айтуы әбден мүмкін. Алдына ас қойғанға өлең шығаратын атам қазақ, ертегі шығара алмайды дейсің бе. Кедейдің үйіне келсе кедейдің кенже ұлы туралы айтып, байдың үйіне келсе байдың кеже үлы туралы айтып, күнін көрген ертекшілердің болмауы мүмкін бе. 

     Ал енді үшінші болжамға келсек. Бұл ретте ертекшілер санамыздағы кенже бала ұғымының маңыздылығын ертегілерде шебер пайдаланған ба дейсің. Себебі, естіген адамды өзіне баурап, санасына әсер етіп, есіне тез сақталып қалу үшін, ең керемет жауапты, керемет уақиғаларды, әдейі кейінге қалдырып (жоғарыда мысалға келтірілген үш ертегіге және басқада ертегіге қараңыз) отырады да, кенже болаға келгенде уақиға тізгінін жіберетін әдеттері бар. Бұл да бір ертегіні қызықты етудің айла-тәсілі болса керек. Үйткені адам ойланған кезде қызығушылық артатынын ата-бабаларымыз білген. Ертегіні оқып не ести бастағанда ақ: «Қария ұлкендеріне риза болмады, кенжесі не айтар екен; Ағалары  салы суға кетіп, сүмірейіп өздері келіпті, кенже ұл енді не істейді», - деген сияқты сауалдар, аузымыздан шықпаса да, ар жағымызда тулап жатады. Содан ары қарай ертегінің уақиғасын қуалап кетеміз де, ертегіні қалай оқып шыққанымызды білмей қалып жатады екенбіз. Бұндай баяндау әдісі әрі қызықты, әрі мағыналы болып, «Ер Төстікте» де, «Кедейдің үш баласында» да тәрбиелік маңызы бар, шаңырақпен бірге кішінің үлкенді сыйлауы және өзіне зүлымдық жасаған ағаларын кешіруі сынды ағайындылар арасындағы тату-тәттілікке шақырады. Ал жоғардағы баяндау үрдісі, қара шаңырақ ұғымы өшкен, кіші ұл ұғымы тек ертегідегі ерекше кейіпкер ретінде сақталған славян халықтарында да көптеп кездеседі. Бұл өткен ғасырларда, одан кейнгі кезде әдебиеттегі пайда болған түрлі-түрлі жазу стиль, баяндау тәсілдері деп жүрміз ғой. Бұл кенже балалық ертегі де ертегілер арасындағы көне проза жанырының баяндау әдісінің бір түрі, ертегі тудырудың қалыптасқан стиль десек болады. 

     Келесі болжам бұл кенже бала ұғымындағы ертегілердің тамыры тым тереңде,  сонау ислам діні пайда болмастан бұрынғы, мифтік дәуір кезіндегі ата-бабаларымыздың сана-сезіміне орныққан алып байтерек ұғымымен егіздес. Себебі, байтеректің түп-тамыры бір діңнен өсіп шығып, жан-жаққа бұтақтарын жаятын болса. Шаңырақ та солай, ол ата-тектік қазық болып, бұрын туған ұлдар жеке отау болып шығып, діңге жабысқан бұтақ есебінде өз бүршіктерін жарса, қара шаңырақта отырған кенже ұлдар әрқашан байтеректің діңі болып, бүкіл әулетті (бүкіл бұтақты) ұстап тұрар тұғырға айналып отырған.  Бұл ата-тектік ұғым заманнан-заманға жалғасын тауып отырған да, тектік-тұғырда бұтақтар күннен-күнге қанша көбейсе де, шыққан тегіне деген бағыныштылық пен ізеттілікті санадан өшірмеген. Былайша айтқанда, ата-тектік ұғым, көне шежіре желісі. Осыған қарап кенже бала тақырыбындағы ертегінің көп болуының кездейсоқтық емес екеніне көз жеткіземіз. Алғашқы рулық қауым қалыптаса бастаған кезде, әулетті ұстап тұрудың кілтін осы кенже бала айналасына тапсырып отырғанда, ертегідегі, жырлардағы кенже бала образын қатты көтермелеп отырған. Ислам діні келген шақта орныққан, қалыптасқан тайпа, ұлыстар қара шаңырақ ұғымын ұмытпай сақтап қалса да, бұл ертегілердің не үшін айтылып, неге насихаттала беретінің астарынан көз жазып қалған сияқты. Жоғарыдағы сұрақтар бойынша кенже бала образы неліктен көтеріле беретініне өзімізше сәуегейлік жасап, бұл тақырыпты сәл де болса бір ұшына шығардық ау дейміз. 

      Келесіде кенже бала ертегісіндегі сюжеттердің және кейіпкерлер мен кеңістіктердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына тоқталсақ. Ислам дінің таралуымен, араб-парсы ертегісі және құран хикаиялары Орта Азия топырағына кең тарала бастады. Ол ендігі жерде рухани құндылықтармен қатар ертегілерге де әсерін тигізбей қалмады. Ежелгі дәуірде туған ертегілерде кеңістік негізінен кең дала, жердің асты немесе жердің үсті болса; ислам діннің ықпалына ұшыраған ертегілерде қала, шаһар көптеп кездеседі. Көнеден келген ертегілерде қаһарманымыз кенже ұлды желеп-жебеуші, ақыл айтушы астындағы аты, болмаса басқа аң-құс, самұрық сияқты табиғаттағы өзгеше күштер болып келсе; кейінгісінде негізінен аппақ киінген ақсақалды кісі  кездесіп, батасын беріп, жолын ашып отырады. Енді дұшпандарына келсек, көне дәуірлік ертегілерде кенже балалардың дұшпандары негізінен дию-пері, мыстан-жалмауыз, айдаһар болса; ислам діні енгеннен кейінгі ертегілерде кіші ұлдың жаулары өзінің ағалары,  қатігез бай, болмаса ақымақ патша болып келеді. Ертеден келе жатқан ертегілерден ағайындылардың алауыздығын көп кездестірмейміз. Ал кейінгі ертегілерден ағайын арасындағы араздықтан дұшпандыққа жол беретін оқиғаларын көптеп кездесетіруге болады. Бұл кейіпкерлердің сипатымен, кеңістіктердің өзгеруі бәрі-бәрі де, ертегінің қоғамдағы адам сана-сезімі мен танымының көрсеткішіндей. Ертегілерге қарап отырып, мынау арғы замандікі, мынау бертінгі кездікі деп топтастыруға болатынын аңғартады.

    Түйіндей келе, ертегінің ең маңызды жері, оның өн-бойындағы біздің дүниетанымыз. Осы дүниетаным көбінде жұмбақ күйінде қалып қояды да, құпиясын ашпай бүгіп жатып қалады. Әр ертегі әр заманнан сыр шертеді. Құрылымы қияли өтірік болғанымен, астарында көңіліміз бойламас, көзіміз жетпес замманның шындығы жатады. Бүгіп жатқан астары ашылған сайын, санамызда ұмыт болған ежелгі рухани күш-жігерімізбен құндылықтарымыз қайтадан жаңғырып, толыға түспек. Сонымен бірге жан дүниемізбен рухымыз да биіктеп, санамызда ұйықтап жатқан ежелгі танымдарымыз қайтадан жанданбақ. Ертегідегі кенже бала образын көтеру арқылы санамызда сары майдай сақталған, отбасы құндылықтары сонау заманнан жалғасын тауып келе жатқанын, қара шаңырақ деген қасиетті ұғымның ертегі арқылы насихатталып келгенін танығандай боламыз. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ ертегілері 4-том, Алматы: Жазушы – 2000-272 бет 

2. А.Байтырсұнұлы «Әдебиет танытқыш», Үрімжі, Шыңжаң халық баспасы, 2006 ж. 

3. М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Мектеп» баспасы, Алматы – 1974 ж.

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар