Темірхан Тебегенов. «Сираттан» өткен сұмдық тағдырлар

Бөлісу:

19.01.2024 2492

     Әлем өркениеті кеңістігіндегі адамзат ұрпақтарының бәрінің де кірін жуып, кіндігін кескен атақоныстары, атамекендері ғасырлар бойы сол географиялық мекендердегі халықтардың, ұлттардың қалыптасуында, дамуында азаматтық-отаншылдық рух психологиясын қалыптастырды. Планетамыздағы бес құрлықты мекендейтін халықтардың негізгі бөліктері ғасырлар бойы өздерінің атамекендерінде, атақоныстарында мемлекеттілікті қалыптастырып, уақыт талаптарына орай дамытып келеді. Әлемге мемлекет құрушы негізгі ұлтының атауымен танымал болып келе жатқан көпғасырлық тарихы бар мемлекеттердің (Түркия, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Италия, Жапония, Украина, Белорусия, Иран, Қытай, Дания, Швеция, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Татарстан, Башқұртостан, Саха (Якутия) және т.б.) қалыптасуы мен дамуы, сақталуы адамзат өркениетінің жүйесіндегі тарихи құбылыстардың заңдылықтарын қалыптастырды. Мемлекет құрушы негізгі халықтың атымен аталатын мемлекеттердің ғасырлар бойы сақталуындағы аса қуатты ұстаным – ата-бабалық дәстүрлі рух. Осы арада «Қазақ өркениетінің негізі» атты іргелі еңбек жазған, осы мәселені Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихында үздіксіз насихаттап келе жатқан ғалым Е.Омаровтың пікірін айрықша назарымызға аламыз: «Рух – туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Ұлың рухты болса – сүйікті, қызың қылықты болса – бақытты. Рухты жан – Азамат – Адам, рухсызы – тұғырсызы – надан не есалаң. 

      Өркениет тарихында рухты халықтардың аты қалды, заты қалды. Рухты халықтың алды - жарық. Рухты халық – жасампаз алып, тарихи рухтың еңсесі – биік, есесі мол екенін ертедегі гректер, римдіктер, византийліктер, ежелгі ғұндар, түріктер, Шыңғыс хан дәуіріндегі монғолдар дәлелдеді. 

       ... «Қазақ» деген – айбынды да айдынды ұлт есімі. ...Біз бір атадан тараған үш баланың, үш атаның ұлымыз. Түбіміз бір, түбіріміз бір Азия сахарасындағы іргелі халықпыз. Ортақ тіл, Қасымхан салған қасқа жол, Есім хан салған ескі жол, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», бүкілхалықтық құрылтай, хан сайлау, жылдық миграция жолын бекіту – осының бәрі біртектілікті, тұтастықты, баршаға ортақ заңдылықты, әдет-салтты іске асырады» (Омаров Е. Қазақ өркениетінің негізі. – Алматы: Арда, 2014. – 456 б.; 47-48-бб.). 

    Қазақ тарихындағы ұлттық рух қуатымен ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттілік ұстанымы туған жерді, атамекенді перзенттік махаббатпен сүю, әлеуметтік ортаның, ұрпақтардың амандығы үшін күреу, т.б. – сан алуан мәселелердің кешенді қамтылуымен бағаланады. Халқымыздың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан осындай жан ділі болмысының, тағдыр тауқыметтерімен арпалысқан күресінің тарихи деректерге негізделген көркем шығармаларда бейнеленуі де қазіргі әдеби үдерісте тұрақты орын алып келеді. Бұл орайда, Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа әдебиетіндегі көрнекті прозалық туындыларымен, отыздан аса әңгімелерімен («Казино: абсурд әлем новеллалары», «Қызыл бөлтірік», «Қара бура», «Қаладағы құтпандар», т.б.), повестерімен («Шеге хикаяты», «Алтай балладасы» («Алтайдың алқызыл модағайы»), «Туажат» («Тамұққа түскен сәуле») және т.б.), романдарымен оқырмандарының ыстық ықыласына ие болып жүрген белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Сират»(«Алтай сагасы») (2014) атты романының сөз арқауындағы ұлттық рух болмысына қатыстылығын айрықша даралап айтамыз. 

      «Сират» романының тақырыбы – ХХ ғасырдың 40-50-жылдарындағы Шығыс Түркістандағы (қазіргі Шыңжан) қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдай сипаты, идеясы – қырғынға, қуғын-сүргінге, босқыншылыққа ұшыраған қазақ тағдырының қайсарлық пен қасірет тұтастығындағы болмысын бейнелеу. Жазушы Асқар Алтайдың Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихындағы дәуірнамалық ой-сана еркіндігіне ие болған шығармашылық тұлғаларға тән ұстанымдары аясындағы шығармашылық мәнерін (стилін) аңғарамыз. Жазушының әңгімелеріндегі-новеллаларындағы, повестеріндегі, романдарындағы жаңа релаизмге, постмодернизмге тән сипат – дәстүрлі романтизм мен реализм көркемдік әдістерімен логикалық-поэтикалық үйлесім сабақтастығы жағдайында байқалатын ерекшелік. Қазіргі заманғы постмодерн философиясына беріліп жатқан ғылыми анықтамалар Асқар Алтай және оның шығармашылық стилімен тектес өзге де осы бағыттағы қаламгерлер туындыларының поэтикалық болмысын түсінуге бағдарлайды: «Постмодерндік мәдениет – көлемді, күрделі коллаж, ал оның басты кейіпкерлері кездесулер мен оқиғалардың күтпеген мүмкіндіктерін ашатын түпнұсқамен байланыстарын үзген көшірмелердің көшірмелері, симулякрлар (лат.simulare – жалған, өтірік, жасанды)» (Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. 15-том: Постмодерн философиясы. – Алматы: Жазушы, 2007. – 464 б.; 7-б; Мәдени-философиялық энциклопедия /Құраст. Т.Ғабитов, А.Құлсариева, Ә.Әлімжанова және т.б. – Алматы: Раритет, 2007. – 336 б.; 239-б.).

          Бұл – жазушы Астар Алтай шығармаларының жаңа мифологиялық сана негізінде жазылған  классикалық әдеби шығармалар (У.Фолькнер «Урис», М.Булгаков «Мастер мен Маргарита», Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн», Г.Маркес «Жүз жылғы жалғыздық», Т.Манн, Г.Гессе, Ф.Кафка, т.б. романдары) дәстүрімен поэтикалық үндестігі анық ерекшеліктері. 

     Ал жазушының «Сират» романы – жаңа реализм рухындағы туынды. Жаңа реализм шығармаларында «...әлеуметтік өмірдің ақиқи жағдайларында өмір сүрген қарапайым адамды соғыстың сұмдықтарына, соғыстан кейінгі қайыршылыққа және жұмыссыздыққа қарсы...» (Мәдени-философиялық энциклопедия... 192-б) адам көзқарасы негіз болатыны мәлім. Сондықтан, «Сират» романының идеялық-композициялық желілерін құрап тұрған негізгі бөліктер өмір шындығы оқиғаларының нақты деректеріне негізделуімен ерекшеленеді. Жаңа реализм көркемдік әдісі аясында жазылған романның идеялық-композициялық құрылымы тарихи-философиялық сарындылығымен, деректі оқиғаларды көркем ой-қиялға ұштастыра баяндайтындығымен байқалады. Романның «Сират» («Алтай сагасы») аталуы да қазіргі мәдени-философиялық ғылыми тұжырымдарға сәйкестілігімен көрінеді: «Мифологиялық ойлау тәсілі – ой түйіндеуге, логикалық талдау жасауға қабілетті. Ол үшін таңбалық моделдендіруші жүйе ретінде миф құрылымы – қарым-қатынас құралы ретіндегі табиғи тілдің аналогы. Миф семантикасында жұптық (бинарлық) қарама-қарсылықтың: жоғары-төменгі, өмір-өлім және т.б. маңызы зор» (Мәдени-философиялық энциклопедия... 188-б). 

         Романның «Алтай сагасы» анықтамалық қосымша тақырыптық атауы да жазушының тұрмыстық, әлеуметтік психологизм, халықтық өршіл романтикалық рух пен деректілікке негізделген тарихнамалық-қасіретнамалық эпикалық туындының поэтикалық табиғатын айқындай түсу үшін қойылғанын аңғарамыз. Энциклопедиялық тілдік анықтамалар бойынша халықтың ата тек-әулет ұрпақтарының тұрмыс толқынындағы қақтығыстар, шайқастар ортасындағы тауқыметті оқиғаларын прозалық-поэзиялық мәнермен баяндайтын ежелгі Скандинавия, Исландия халықтарының тарихи шығармалары болғаны мәлім (Советский энциклопедический словарь /Гл.ред. А.Н.Прохорова. 4-е изд. М.:Сов.энциклопедия, 1986. – 1600 с.; с.1158). Прозалық романның идеялық-композициялық желісін құрап тұрған романтикалы-реалистік сарындар тұтастығы аясындағы лирикалық-психологиялық толғаныстар жүйесі туындының әлем өркениетіндегі сагалармен сарындас поэтикалық болмысын танытады. 

   «Сират» романының композициясы бөлімдерінің және ондағы тақырыптық атауларымен тіршілік қозғалысындағы адамдар тағдырларын философиялық және психологиялық тұрғыдағы бейнелеулері жаңашылдық сипатымен ерекшеленеді. Көркем шығарманың құрылысына прозалық баяндауды негіз етіп алып, туындыдағы эпикалық баяндаулардың, бейнелеулердің, суреттеулердің поэзиялық, драматургиялық стилдер тұтастығымен өріле өрнектелуі де шығарма әсерлілігін айқындай түскендей әсер береді. Романдағы бірінші бөлім («Арда» (Қайың сауған. Ел ауған), ондағы желілер мен арқаулар (І.Бас желі. Бүлінген ел, бүгілген бел: 1-арқау. Марқа мырза; 2-арқау. Қатынсу суреті; 3-арқау. Балуан мен барымташы. ІІ. Белдеу желі. Бусанған ер, буылған бел: 1-арқау: Берилий бүлігі; 2-арқау: Тарпаң; 3-арқау: Зәр ішу. ІІІ. Ірге желі: Бөріккен ел, шайқалған көл: 1-арқау. Алалық; 2-арқау: Сатқындық) – эпикалық шығарманың поэтикалық сипатына тән лирикалық және драмалық сарындар тұтастығын сездіреді. Романның екінші бөліміндегі («Аза» (Тұман кешкен. Ер көшкен) желілердің, олардағы тараулардың («IV. Бауыр желі: Булыққан ер, бұрқаған жел: 1-арқау: Таслақат (АҚШ консулы); 2-арқау: Хантәңірінің ұлы; 3-арқау: Бомбейдегі бұлыңғыр. V. Бауыздалар желі: Бұйдаланған ер, бұйраланған шел: 1-арқау: Үстірт қашқыны; 2-арқау: Қыран тұтқыны; 3-арқау: Бұғалық. VI. Жетім желі: Буырқанған ер, буылған сел: Құрбандық) тақырыптық атаулардың лирикалық-драмалық тұтастықтағы поэтикалық жинақтаушылық мағыналы аталымдары да эпикалық туындыдағы қайшылықтар мен қақтығыстардың күрделі әлемін айқын елестетеді. 

     Роман атауының мағыналық түпкі қолданысы Құран Кәримнен бастау алады: «Сират – діни ұғымда о дүниедегі адамдарды сынақтан өткізетін қылкөпір. Құран Кәримде «тура жол» мағынасында қырықтан аса рет кездеседі. Жұмақ пен тозақ туралы түсініктер бойынша күнәсіз адамдар бұл көпірден сүрінбей өтеді де, күнәһарлар тозақ отына құлайды» (Ислам: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна LTD, ЖШС, 2010. – 592 б.; 435-б.). Қазақ әдеби тіл қорында Ислам діні таралуымен келген бұл сөздің ұлттық сөз өнері шығармаларындағы поэтикалық қолданыстары да қалыптасқан: «Сират а. [сират, дорога] – рел. мости над адкой бездной» (Рүстемов Л.З. Араб-Иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мектеп, 1989. – 320 б.; 260-б.).

    Роман композициясын құрап тұрған бөлімдердегі желілер жүйесіндегі сюжеттер бойынша халық тағдыры үшін бастарын азаматтық ар бәйгесіне тіккен отаншыл-халықшыл ел азаматтарының (Қалибек әкім, Алпысхан, Оспан батыр, Бүркітбай батыр, Нұрпай батыр, Омар батыр Алпысханұлы, Марқа мырза, Сіләм балуан, генерал Дәлелхан Сүгірбайұлы, Шөмшекбай барымташы, Оспан батырдың баласы Шердиман, Қалман қажы, Нұрдан зәңгі, Құсайын тәжі, Құлашын сардар, Мұғаджар, Аспан қарт, Оразмағанбет пен Құрманғали қашқын, Ғали Естаев (жалған фамилиясы Ғали Мутиев) барлаушы, т.б.) көркем шындық поэтикасы заңдылықтары бойынша бейнеленген. Олардың даралана мінезделе бейнеленулерінен жаңа реализм сарынында шығармаларға тән қайшылықты-қақтығысты адамдар қарым-қатынастарын күрделі психологиялық жағдайда даралай таныту байқалады. Романның аталған желілері сабақтастығындағы сюжеттік бөліктерде кейіпкерлердің бәрінің де отаршыл озбыр жатжерліктердің зұлымдық-залымдық, жендеттік іс-әрекеттерінен тайсалмаған, ақтық демдері біткенше арпалысып өткен халық ерлерінің тарихи шындықпен өрнектелген тұлғаларымен дидарласамыз. 

    Көркем шығармадағы басты кейіпкерлер – сюжеттік композициялық бөліктердің идеялық-көркемдік болмысын деректілік негізінде құрайтынымен ерекшеленеді. «Сират» романындағы Шығыс Түркістанның бүкіл географиялық кеңістігін құрап тұрған аймақтардағы ұлттық-азаттық жолындағы әралуан сипатты қарсылық күрес іс-әрекеттерінің негізгі басшылары-жетекшілері тарихи-поэтикалық көркем шындықпен дараланған. Аталған тарихи тұлғалардың туған ауылдарын, ағайындарын-туыстарын аман сақтау жолындағы азаматтық-басшылық іс-әрекеттері арқылы қазақтың ұлттық, этнологиялық-этнографиялық жан ділі психологиясы айқындала танылады. Шығыс Түркістанның дербес тәуелсіз республика мемлекет болуын болдырмай, империялық отарлау саясатын ұстанған екі державаның өзара бірлескен-үндескен зұлымдық-озбырлық саясатының сипатын сезінеміз. Екі державаның отаршылдық саясатының құрбандығына айналған Шығыс Түркістандағы үш аймақтағы (Алтай, Іле, Тарбағатай) қазақ ауылдарының халықішілік азғындар опасыздығының-сатқындығының салдары екендігі нақты деректерге негізделген. Осы сатқындықтың зардабын тартқан қаһарман күрескер тұлғалар тағдырларының қасыретін де сезінеміз. Осы арада «Сират» романына арқау болған Шығыс Түркістандағы ұлттық-азаттық күрестері мен оларды тұншықтырушылар туралы жазылған тарихшы-ғалым-жазушы Әлімғазы Дәулетханның «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949)» атты кітабындағы дерекнамалық байыптауларында айқын түсінік берілген: «1940 жылдан бастап Алтай аймағында Оспан батыр бастаған шаруалар көтерілісі бұрқ етіп, партизандық соғыс жүріп жатса, 1942 жылдан былай қарай бүкіл өлкенің үлкенді-кішілі елдімекендерінде отаршыл бүлікке қарсы ұйымдасқан астыртын қозғалыс күн сайын күш алып жатқаны, әсіресе 1943 жылдан бері Іле аймағы мен Тарбағатай аймақтарындағы және Қашқариядағы қырғыз-дұнғандардың партизандық қозғалыстарының барысын жіті бақылап отырған Кеңес барлау мәліметтері Сталиннің дереу іске кірісуіне алғышарт болып тұрды» (275 бет). Тарихшы ғалым Шығыс Түркістандағы қазақ ұлтын рухани азғындату, ұлтішілік өзара сатқындықты-опасыздықты қалыптасытру жолындағы сұрқиялық істерді де тарихи деректілікпен арнаулы еңбегіндегі (Дәулетхан Ә. Әлихан төре Сағұни// «Жамбыл» журналы, №1, 2006, 216-б.) дерегін де осы кітапта қайталап ұсынған: «1944 жылдың басындағы Шығыс Түркістанның саяси жағдайы барынша шиеленісіп, ұлттық қайшылық шегіне жетіп асқынып тұрған болатын. Қанды қол Шың Шысайдың түрмелері мен қудалауынан қашқан бір топ адамдар Моңғолстан, Қазақстан және Қырғызстанға жасырын қашып өтіп, кетіп жатты. Ол адамдардың бәрін Алматыға жинап, арнайы курстар ұйымдастырып, саяси, әскери тәлім-тәрбиеден өткізеді де, астыртын күрес жүргізуге бері қайтарып отырады. Дәл осы тұста Ташкент қаласындағы арнайы лагерьде ерекше тапсырмалар орындау үшін 70 адамдық топ ұзақ дайындықтан өтіп жатты. Оның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, татар, ұйғыр, түрік, дүңген ұлтынан іріктеп алынған оқыған, өнерлі, діни сауатты жастар болды... Бұлар 1942-43 жылдары Шығыс Түркістанның тұс-тұсынан астыртын түрде жіберіліп жатты.» (Аталған кітап, 275-276-бб.).

  Тарихнамалық-дерекнамалық нақтылығы айқын осы аталған саяси-қоғамдық, әлеуметтік оқиғалар «Сират» романындағы ұнамды әдеби кейіпкерлердің романтикалық-реалистік сарындар тұтастығымен бейнеленуі арқылы дәлелденген. Роман құрылысындағы сюжеттік бөліктердің әрқайсысының байланысы, дамуы, шиеленісуі, щарықтау шегі, шешімі кезеңдерінің жүйесінде барлық кейіпкерлер даралана мінезделуімен танылады. Ұнамды және ұнамсыз болмыстарымен дараланған кейіпкерлер тағдырлары арқылы жазушы бүкіл адамзат ұрпақтарының бірін-бірі қудалау, азаптау, өлтіру қасиеттерінен құралған фәни дүние трагедиясының ғылымға ортақ сипатын айыптайды. Адам Ата мен Хауа Ананың үлкен ұлы Қабылдың өзінің туған інісі Абылды күншілдікпен, қызғанышпен өлтіруінен басталып, қазіргі заманға ұласып отырған адамзат ұрпақтарының тату-тәтті, мамыражай, өзара қоян-қолтық тіршілік етуіне кедергі болып отырған елішілік қарақшылық, мемлекеттердегі лаңкестік, астам державалардың шағын халықтарға, мемлекеттерге отаршылдық-басқыншылдық қанды шабуылдары, т.б. – бәрі де адамзат қауымына ортақ трагедиялық-экологиялық қасірет. Текті әулеттер ұрпақтарының тағдыр тәлкегіне ұшырап, жақсылық жолындағы ізгі, игі ұстанымдарының аяқ асты етіліп, жендеттердің қолынан қорлықпен, азаппен өлтірілуі – романдағы ұнамды қаһармандар тұғырында бейнеленген тарихи тұлғалар трагедиясы. Романның басталуындағы «Жылқышының Марқа Мырзасы» атанған Алпысхан жолын аңдыған өз халқынан шыққан сатқын-көзқаман жендеттердің қамалауына ұшырайды. Солардың қорғасын ұшты бишігінің соққысынан ауыр жараланып өледі, ол өлгенде тоғыз жасында жетім қалған Омар Алпысханұлы «орыстың темір ноқтасына», «қытайдың қайыс ноқтасына» басын бергісі келмегені үшін тағы да қазақ көзқамандарының-сатқындарының улы темекісінен уланып қаза табады. 

         Роман композициясының басталуындағы сюжеттік байланыс арқауына алынған осы Алпысхан-Марқа мырза мен туынды сюжетінің шешіміндей боп өрілген-сабақтасқан Омар Алпысханұлының өлімдері арасындағы ондаған жылдар оқиғаларының бәрі де – осы трагедиялық хал-ахуалдың әлеуметтік-психологиялық ұласуын аңғартады. Мұрынбай бидің немересі Қырықбай қажының ұлдары Омардың, Оспанның, Сүлейменнің, Ережептің Кеңес өкіметі билігінен қашып, ауылдарын ертіп, атажұрттары-атақоныстары Ақжайлау мен Сандықтас өңірлерін тастап, Шығыс Түркістанға қарай бір түнде дүрк көтеріліп көшкені, сол сәттегі қазақ ауылы адамдарының көңіл-күйлері мен табиғат келбеті тұтасуының психологиялық егізделуі аясындағы аянышты жағдай реалистік сипатымен суреттелген: «Шолпан туа ірімшік сүзіліп, ауыл оянған. Омар байдың өзі оятқан. Қос жиылып, көш қозғалғанша таң қараңғысы тарқап тарғылданған Тарбағатай жонынан рауан білінген. Отызға тарта шаңырақ түп орнымен көтерілген еді, ит үріп, бала-шаға жылап, мал шулап, көпке дейін көш мазасыз күй кешіп, тау арасындағы жүрістері мандымай қойды. Елсіз жермен жүруге тырысқан бардам көшке жол да ауыр тиген. Әсіресе, ағаш арбалар қысаң жерде қинап-ақ бақты. Күн көтерілісімен маңайда сағым сумаңдап, ыстық сексеуілдің шоғындай әуірледі.   Желімік те жоқ. Бүк түскен. Тау жалынан төмен түскелі төңіректі қапырық қапты. Сусыз, көлеңкесіз қуаң дала табадай қарып, көктегі көз қарықтырар күн қырқа шаншылып, қырып барады. Жас сәбилер жылап, маң төбеттер көш бауырына тығылып, түйеден өзге түлік шыбындап келеді. Тай-құнанға мінген бозөкпе балалардың да арқа-жарқа еріктері басылып қалған. Ұбақ-шұбақ көш түске тарта берекесі қашып, Омар бай мен үлкендер неде болса сулы жерге жақын жүруге бел байласты. Басқа амал қалмаған.... Көшпен қозғал,ан азын-аулақ сиыр мен қой қиындық тудырып келеді. Қой үйездеп, қарасан оқыралап әуре-сарсаңға түсірген» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 40-41-бб.).

    Романның басталуынан аяғына дейінгі идеялық желі – озбырлық ылаңынан ғасырлар бойы жан сақтау үшін тек қана ауа көшіп босумен, кең-байтақ географиялық кеңістікте тоқталмайтын қозғалыстар керуенімен келе жатқан қазақ халқының тарихи тағдырлы болмысы дараланып бейнеленген. Романның осы сюжетіндегі көш тағдырындай трагедиялық хал-ахуалдың реалистік суреттері поэтикалық баламалау аясында деректілікпен бейнеленген. Түндер мен күндер бойы ұбақ-шұбақ боса көшкен бұл ауылдың басшысы Омар бай да, балалары да, туыстары да, бүкіл ауыл адамдары – бәрі де жол тосқан жазалаушы қызыл шекарашылардың нөсерлете атқан оқтарынан қырылады. «Қатынсу қырғыны» атты осы сюжеттік бөліктегі ауылын қырған жендет биліктің қатыгез, зұлым келбеті оқырманға айқын елестетіледі: «Таудан құлаған сарқырамадай лақылдата бораған қос қапталдағы қос пулемет атқыштарына оқ атаулы дарыр емес. Төменде жайылған малдай шашырап жатқан ауылды жаужапырақша кезек-кезек қайшылай турап, тау бөктерінде айыздары қанып отыр. 

           ...Адамды адам айырып түстеп алар күйге келтірмеген сай іші сыңсыған өлік пен қансыраған тәнге толған. Тырп етуге шамасын келтірмей таңғы ұйқыда басқан қызыл шекарашылар «қашқындар» деп, «тап жаулары» деп, «жабайылар» деп, «шекара бұзушылар» деп құшырлана кіріскен-тін. «Мұндайларға аяушылық болмасын!» деген де бұйрық ескертілген еді. 

             ...Төңірек толы түрлі кепте жығылған адам мен шашылып жатқан мүлік, қымбат жиһазды тең, қазан-кеспер. Әріректе теңкиіп жатқан түйе, өгіз, жылқылар да көрінеді. Түстік жақтағы итарқалар мен кейбір теңдер оқ өтінде қалғаннан ба, түтіндеп жанып жатыр. Әлі де мына сұмдық көріністен – қайсыбірі екпетінен, қайсыбірі бүктетілген, қайсыбірі шалқасынан жығылған адам денесіне көзі сүрініп, көңілі сенбей есеңгіреп тұрған Бибіқасым бәйбіше әлден уақта ғана Омар мен ұлдарын іздеуге көшкен» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 47-48-бб.). Демек, романның тақырып нысанындағы Шығыс Түркістанға Қазақстаннан үдере көшкен қазақ ауылдарының осылайша қырғын тапқаны, сәті түсіп аман өткендерінің де бәрібір шетелдердің өздеріндегі жазалаушылардан құтыла алмағаны, қуылғаны – тарихи ақиқат. «Балуан мен барымташы» атты сюжеттік бөліктегі Сіләм балуан мен Шөмшекбай бастаған шағын көш жолында кездескен «...жиырма шақты жайрап жатқан өліктің» (80-бет) жан түршігерлік суреті қазақ трагедиясының тарихи шындығын дәйектей түседі: «Қылышпен қидаланған балалар мен қатындардың сүйегі, оққа ұшқан бес-алты ер-азаматтың денелері қалай болса солай құлап, шашылып қалған дүние-мүліктің арасында қалыпты. Қолына қайың шоқпар қысқан қара шал қақ басынан туралған қалпы қаруын қыса жығылыпты. Шеткеректеу жатқан жас келіншек яки қыздың омырауы ашылып, етек жағы қан болып, қарны жарылып жатыр екен. Айдалаға қарай қашқан он бір-он екілердегі ұл баланы қуып жүріп, тәнінен сау жер қалдырмай қылыштап, қанға ұлы денесін малшынтып кетіпті» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 80-б.). Осындай қанды қырғынды алыс жолдан шағын көшін тиісті жерге аман жеткізсе де, Сіләм балуан мен Шөмшекбай барымташы екі айырылады, бірін-бірі Алланың қорғауына тапсырады. 

           Романдағы халықты соңына ертіп, тәуелсіз, тыныштық, берекелі тұрмыс мәңгілігін іздеген аталған тарихи тұлғалар қатарында Оспан батыр Исламұлының (1899-1951) әдеби-тарихи бейнесі де даралана бейнеленген. Автор әдеби кейіпкерге негіз болған осы тарихи қайраткер туралы деректі анықтаманы да үйлестіре берген: «Оспан батыр – Оспан Исламұлы Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірегейі, 1939 жылдан азаттық туын жықпаған халық батыры. 1951 жылы көктемде ұсталып, Үрімжіде қызыл қытайланған өкімет атып өлтірді. Руы – абақ-керейдің молқы табы» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 55-б.).

          Романның құрылысындағы тақырыптық желілердің көркемдік жинақтау тұтастығын күшейтіп тұрған Оспан батыр Исламұлының тарихи деректі және әдеби көркем бейнеленуі романның «Тарпаң» (2-арқау) атты бөлігінде берілген. Романның желілеріндегі эпикалық баяндауларда, кейіпкерлердің диалогтарында Оспан батырдың, Дәлелхан Сүгірбайұлының және т.б. ондаған қайраткер тұлғалардың Шығыс Түркістанды тәуелсіз, дербес мемлекет ету жолындағы ұлттық-азаттық күрес әрекеттері жүйелене қамтылған. Ал романдағы Оспан батырдың әдеби бейнесін сомдауда жазушы: «Алтайдан Алайға дейінгі, Тарбағатайдан Тибетке шейінгі Шығыс Түркістан жерін тарғақтай паналап, тарыдай шашылып жатқан қазақ жұрты «Ошаң» деп, «Оспан батыр» деп атаған ер ақыры ел шетіне, ақыр-тақыр жер шегіне шықты. Аз ғана ауылын құлан етімен асырап отыр. Қайда да қайратына сенген, жігерін жаныған ол түздің тарпаңынша күн кешуде... «Ерге өкпе артсаң да, еліңе өкпелеме! Еркелесең еркеле, бірақ еңбегіңді бұлдама!» дейді Шердіиманға» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 120-б.). Романның аталған бөлігінде жанына сол ұлы Шердиманды, жолдастары Қаламбайды, Қапасты, жары Жібекті және ағайындарын ертіп жүрген өмірінің соңғы күндері ғана бейнеленген. Эпикалық шығармадағы халық азаттығы жолындағы өмір бойы қанды майдан жорықтарда жүрген, көсем қайраткердің көркем жинақталған тұлғалануына тән психологиялық сырлы ішкі ойтолғанысы (монолог) арқылы кейіпкер болмысы даралана мінезделген: «Ес білгелі етек-жеңі жалпылдап ат үстінде келеді. Биыл (1950 жылдың қарашасы) міне жиырманың сегізінен асып барады... он үшінде орыстың бесатарын белдемелей ұстап еді. Содан бері қытаймен кескілескен, кержақ-орыспен кетіскен, қалмақ-мұңғылмен кергілескен күресте, ат белінде ер жетті. Алас-күлес уақта туып, алмағайып кезеңде ошақ түтіндетті. Алтай қазағының ар-намысын арлаған Оспан батырдай арыстың ұлы болса да, оның ошағын емес, баяғыда сүйегі қурап қалған Ісләм атасының ошағын өшірмей келеді» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 118-б.). 

               Романдағы Оспан батыр рухтас көсем, қайраткер-күрескер тұлғаларға ортақ іс-әрекеттер де осы кейіпкерді мінездеуге арналған эпикалық баяндау мен кейіпкер монологы ұқсастығымен өрілген сөйлемдер арқылы дәйектеле түскен: «Жұрты үшін жазалы болды. ... Оспан батыр арыстандай қуатын, жолбарыстай қайратын аянған жері жоқ. Жауып тұрған оққа жалғыз қарсы шабатын. ... Қазақ дегенде жауын алалаған жері жоқ. Алалы жауын айласына бақтырып, қарсы салған жері бар. Ақ қытаймен де, қызыл қытаймен де қанжар салысты. Ақ орыс самойловшылармен де, қызыл орыс советшілдермен де қақтығысты. Оларды қазақтың азаттығы үшін қарсы да салып байқасты. ... Бәрібір қара қазан көтеріп, қара бала ертіп, қара шаңырақ иіп келген қазақты биік қойды. Сол үшін түлкідей түн қатып, бөрідей жанын жалдады. Жерін шарлады, ерін барлады. Жауын жаттан тауып, жақынын жұртынан танып еді»  (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 119-б.). 

      Кейіпкер монологы мен авторлық эпикалық баяндау тұтастығымен, сонымен бірге Алтай атырабына мәлім ақын Әбдікәрім Ынтықбайұлының Оспан батыр туралы «Сәлем де алтын Алтай, асқар белге» арнау өлеңін, Қалибек әкімнің, Омар Алпысханұлының хаттарын, ауылды асырау үшін құлан тарпаңдарын аулағанын, ақырында қытай тыңшылары Алтай торғауытының, Асар Жарияның («Ақ қытаймен қолтықтасқан қу аяқ еді, енді қызыл қытаймен құшақ айқастырмады дейсің бе?! Табан жалаған қу түлкі...»,131-бет) зымияндық барлауының зардабынан Оспан батыр ауылы қапыда қырғын табады. Жаумен жағаласа соғысса да, ұлы Шердіиманның, Қаламбай атқосшысының өтінішіне еріксіз құлақ асып шегіне құтылғысы келсе де, Ақбақай тұлпарының мұзға құлауынан, оғының таусылуынан қызыл қытай шеріктерінің тұтқынына түседі. 

         Оспан батырдың Шығыс Түркістанды тәуелсіз, дербес мемлекет ету жолындағы көсемдік-қайраткерлік, батырлық-жауынгерлік қызметі туралы көптеген кітаптар, естеліктер, мақалалар үзіліссіз жазылып келеді. Қазақ тарихының көрнекті қайраткер қаламгері Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» (2005) атты кітабындағы арнаулы тарауларында («Оспан Батырдың «Орыс ойыншығы» Үш аймақ үкіметіне қарсы шығуы», «Оспан Батырдың «Орыс ойыншығы» Үш аймақ үкіметімен соғысы», «Оспан Батырға Мұңғолия арқылы жасалған советтік қастандықтар», «Қалибек хакім мен Оспан Батырдың жолығуы және Үрімжідегі АҚШ консулымен жасырын кездесу», «Оспан Батырдың Үрімжіге келген сапары», «Оспан Батыр мен Жанымқан қажы Баркөл-Құмылда», «Оспан Батырдың елден шетке қарай беттеуі», «Әкем атынан Оспан Батырға барып амандасуым», «Оспан Батырдың жау қолына түсуі») тарихи тұлға мен ол өмір сүрген әлеуметтік орта, саяси оқиғалар деректілігімен құнды: «Өкінішке орай, Оспан Батыр жау қолына тірі түседі. Оспан Батырдың қолға түсуіне ауылдың маңындағы бір көлге атының тайып жығылуы себеп болған. ... Қолға түскен Оспан Батырға қытайлардың  істемеген қорлық, зәбірі жоқ. Оның бетіне күйе жағып, екі қолын мойнындағы ағашқа қайыра байлап, Үрімжі көшелерінен талай рет жаяу айдап өткізген. Талай жиындар ашып, ол кісіні күреске салған. 

            Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі қаһарманы, аты әлемге таныс Оспан Батыр 28.04.1951-де Үрімжіде атылды. Со күні Үрімжі радиосы «Оспан батырды Әнуар Жакулен деген бір қазақ атты» - деп хабарлады» (Оралтай Х. «Елім-айлап өткен өмір».-Алматы:Білім, 2005.-632б.; 116-б.).

        Ал белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы құрастырған«Оспан: деректі зерттеулер мен естеліктер»(2010) атты кітапта да Ж. Шәкенұлының, С.Рахметұлының, Оспан батыр сарбаздарының (Уахит Халелұлы, Нәби Оспанұлы, Нұрқожай батыр) естеліктері берілген. Осы кітапта Оспан батыр туралы кітаптар, естеліктер (Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр», Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдең» романдары, Шынай Рахметұлының «Оспан», Пәтіхан Сүгірбаевтың «Алтай арпалыстары», Шәйсұлтан Қыдырұлының «Қайта шапқан қарагер», Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір», Дәлелхан Жаналтайдың «Қилы заман, қилы күндер», т.б.) туралы да баяндалған. (Оспан:Дерек зерттеулер мен естеліктер/ Құраст. Ж.Шәкенұлы. – Алматы: Тұран, 2010.-388б.; 4-б.).

           Романның сюжеттік-композициялық желілерінде қазақ әйелдерінің, ару қыз-келіншектерінің (Бибіқасым бәйбіше, Бәти келіншек, Маңыз қыз, Жібек, Ажар келін, Ақлағыл ақын келіншек,Омар Алпысханұлының жары Меңсұлу-Меңке) бейнелері де тұрмыстық әлеуметтік қарым-қатынастар ортасында дараланған. Бұлардың бейнеленуінде олардың портреттік және киіну ерекшеліктері тұтастықпен көрінеді. Мысалы, Ақлағыл ақын келіншектің бейнеленуінен осындай ерекшелікті көреміз: «Иә, Ақлағыл десе, Ақлағыл еді!.. Басында үкілі бөркі бұлғаңдап, қынама бел қызыл камзолы мен кең етек көк барқыт көйлегі көлбеңдеп, көз жауын алатын аққұба келіншек ауылдың сәні, шырқаған әні секілді еді-ау!,268-269-бб. »

            Кейіпкерлердің түп тұлғалық деректі болмыстары романның көркемдік сипатын күшейтетін бояуларымен бейнеленген. Шығарманың тарихи шындық оқиғалар желісіндегі қайсар, төзімді қазақ халқының тағдыр тауқыметімен арпалысқан қиын-қыстау кезеңдеріндегі рухани қуаттандырушы күші – отбасыларындағы ер-азаматтарды да, жастарды да, балаларды да, тұтас ауылдарды да рухтандырушы қазақ әйелдерінің ғажайып болмысы-бітімдері шығармадағы эпикалық баяндаулар мен оқырмандардың жан жүйесін баурайтын романтикалық өршіл сарынмен өрнектелген: «Тері жақы, тері шалбар киіп, ерлермен бірдей қан кешіп, еңсе тіктетіп келе жатқан әйелдер. Қазақ әйелдері ...қазақ аналары. Қақаған қарлы боран мен сақылдаған сары аязда киіз үйді тезекпен, сояу қураймен жылытып, жауып тұрған оқ астымен үйді жығып, балаларды бауырға басып, көшті жылыстатып жіберетін де солар. Бәлкім, қашқын-пысқынмен күні өтіп келе жатқан күңіренген жұрттың осы уаққа дейінгі су ішкілігі де солардың арқасы» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 269-б.). 

    Романдағы қазақ әйелдерінің көркем әдеби бейне тұғырындағы тұлғаларынан олардың халықтық-ұлттық жан діліне тән мінез-құлық психологиясының ерекщеліктері айрықша даралана байқалады. Мысалы, Омар байдың бәйбішесі Бибіқасым ана романдағы «Қатынсу суреті» бөлігінде бірнеше эпизодтық суреттеулерде әр алуан психологиялық көңіл-күй жағдайларымен бейнеленген. Семейде оқитын кенже ұлы Шаймерденннің «шіріген байлығымен мәлім Сәтбай байдың жалғызы Баязит»(33-34-бб) мырзаның қызы Ажарды үйіне келін етіп түсірген той салтанаты кезіндегі Бибіқасым бәйбішенің қуанышты, дархан пейілді көңіл-күйімен оқырман да ортақтасады: «Тарбағатайдың тасқайрақ жонына Шаймерден пар ат жеккен пәуескемен жетіп келгенде: - Тәуба, тәуба, ұзағынан сүйіндірсін! – деп келіп, анасы Бибіқасым бәйбіше мұрны таңқиған, шашын қиған, қара саннан шолақ көйлек киген келініне шашу шашып, маңдайынан сүйген» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 33-б.). 

          Келінінің тегі ноғай халқынан екенін, Жайсаң қаласында өсіп, Семейде оқығанын айтып еріндерін сылпылдатып, Шаймерденнің жары – келіні Ажардың орысша киінуін оғаш көріп тұрғандардың жақсы ниетпен қарауын өтіне сөйлеген Бибіқасым ананың қамқор, жарқын пиғылы танылады. Әнші ұлы Әбілмәжіннің «...қоңыраудай жанға жағымды, құлаққа жұғымды үнмен»... (35-бет) Ақтамберді («Дұшпаннан көрген қорлығын», «Күлдір-күлдір кісінетіп») жыраудың, Дулат ақынның («Ақжайлау мен Сандықтас») ән-термелерін, хакім Абайдың ән-өлеңін («Айттым сәлем, Қаламқас») ағылта-төгілте жырлап, шарықтата шырқағанда Бибіқасым бәйбішенің шүкірлік тілегі бүкіл қазақ халқының осындай жүректі аналар жүрегінің сырындай естіледі: «- Е-е, Құдай, бергеніне шүкір! Қарашықтарымның жолын жарық қыла көр!.. Көрсеткеніне тәуба! Қызығымды көп көрме! О, Алла, тәуба-тәуба!» (35-бет) Күйеуі Омар мен құдасы Баязит отырған боз отауға кірген кезге дейін («Бибіқасым ананың ер-азаматтан секем алған, сырттай сыр тартқан беймаза көңілі осы той тоғайған сыңайлы болғанымен, әйтеуір әлденені сезген ет жүрегі елеңдеп, қыбыладай құбыла береді. Қарадан қарап нілдей бұзылады. Іштей Құдайға сиынып, Тәңірге табынып жүргені. Белгісіз бұлғақ сезімнен шығарда жаны бөлек», 34-бет) Алаңжар күйде болған ел анасы Бибіқасым ана түнделетіп жат елге үдере көшер алдындағы көңіл-күйімен байқалады. Іштей күйзелген сезімін («Өтіп бара жатқан өмір-ай!.. Бибіқасым бәйбішенің көңілі құлазып, жүрегі қозғалды. Қарадай жиі соқты») де, жол тосып, көшті қос қапталдап, пулеметтен себелеген оқтан қырылған балаларын, немерелерін көрген сәттегі жазалаушы жендеттерге қарсы көтеріліп, қайғы-шер буған қалпымен айқайлап тұрған Бибіқасым ананың трагедиялық келбеті жауыздыққа қарсы тұратын ана атаулы тұлғаларының көркем жинақталған реалистік болмысы: « - Мені, мені атыңдар, қанішерлер! Ат, өлтір мені, жауыздар! Өңшең қара жүрек кәпірлер! – деп айқайлай берді» (48-49-бб.) Ал, жан сабалап босып келе жатқан қорғансыз ауылдағы Омар байдың туыстарының, ұлдарының ( Құрманқажы, Шаймерден), немерелерінің қырғынға ұшырағанын көрген Бибіқасым бәйбішенің жоқтауы - арғы-бергі тарихымыздағы қырғыннан-қырғынға ұшырауымен келе жатқан қазақтың ұлттық трагедиясының жырымен өрнектеген зары. Бибіқасым бәйбішенің жоқтауында жол тосқан дұшпанның қырғыны, төбеден түскен жасындай қасіреттің орнағаны, торғайдай шашылған ел азаматтарының оққа ұшқаны – зарымен өріле, ендігі ұрпаққа аманат-тілек арналған:

                 Қатынның суы – қанды су,

                Жүректің басы толған у.

                 Намысың қайда, елім-ау?

                 Қайрат қыл, кекті қанмен жу! (50-б.)

       Романның осы сюжеттік бөлігіндегі қырғынға ұшыраған қорғансыз ауылдың трагедиялық суреті – қазақ тағдырының мәңгілік бүліншіліктен арылмаған тарихи оқиғаларының реалистік сипаты: « Кері бұрылған, жаяу шұбырған көш өліктер жүзін де жасыра алмады. Сынған шаңырақ, уық, бесік, шашылған қымбат жиһаз, өртенген кереге, киіз туырлық, күлі ұшқан ошақ, ұмыт қалған ыдыс-аяқ арасында жан кешкен ғазиз жандардың мәйіті қалды» (53-б.). Романның сюжеттік-композициялық желілеріндегі қазақ аналарының, қыз-келіншектерінің халықтық ата-бабалық әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерлі ардақтаған үлгілі мінез-құлық ерекшеліктері, отбасылардың күнделікті тұрмыстық берекесінің ұйытқысы, ер-азаматтармен бірге өмір үшін жанталасқан қиын-қыстау сәттерде де тағдыр тауқыметін бірге көтеріскен ер мінезді, өр рухты тұлғаларын көреміз.

    Романның құрылысындағы қақтығыстардың арқауында зұлымдық қасиеттерімен, зымияндық-опасыздық әрекеттермен қазақтың Шығыс Түркістандағы бейбіт, мамыражай тұрмысын ұйқы-тұйқы еткен сұм пиғылды адамдардың әдеби бейнелері (Сәлісбек ауылын қырғынға ұшыратқан Жолбарыс, оның ұлы Жақыпжан, Нұрпай батырды қапыда атып өлтірген сатқын балдызы, мешел Жұмабай («Өзі – мешел, іші толған кесел», 284-б.), подполковник Д. Көгедаев, Р. Бұлғынов, Қ. Иісбайұлы, Ху Ли, Алтай аймақтық Сақшы басқармасы ерекше бөлімінің бастығы қу мойын қытай офицері Лянь, кеңес үкіметінің аудандық қауіпсіздік комитетінің бастығы, полковник Ақтай Әлпиев, Алматыдан келген қауіпсіздік агенті, Омар Алпысханұлын улы темекі тартқызып өлтірген сатқын Мұсайын Мұзақов, ұзынтұра Жомарт, көшкен ауылды қырғынға ұшыратқан тыңшы-сатқын Асар Жария, т.б. – бәрі де қазақтың ғасырлар бойы опасыздықтан зардап шегумен келе жатқан тарихының басты қылмыскер айыптыларының көркем жинақталған бейнелері. Романның алты желілік құрылысындағы сюжеттерде қазақ ауылдарының, көрнекті тарихи тұлғаларының, елағаларының-көсемдерінің отарлаушы жатжұрттықтардың тұтқиыл шабуылдарынан қырылуында да, түрмелерге жазықсыз қамалуында да, қапыда оққа ұшуында да, дарға асылуында да, т.б. – бәрінде  де қазақтың өз ішінен шыққан екіжүзділердің-опасыздардың, сатқындардың іс-әрекеттері салдарынан болғандығы тарихи деректермен дәйектеле дәлелденген. Осы арада, әрине, хакім Абайдың «Бірінді, қазақ, бірін дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналық насихатының тағылымын еске аламыз. 

   Романның композициясындағы сюжеттік бөліктердің көркемдік-эстетикалық әсерлілігін күшейту қызметін атқарып тұрған ерекшеліктер қатарында халықтық сөз өнері мұраларының үйлесімді пайдаланылғаны байқалады. Халық әдебиетіндегі жоқтау жырдың (Бибіқасым бәйбішенің «Тағдырдың бізге салғаны-ай», 50-б., Ақлағыл тоқалдың «Бар ма еді елдің аласы» жоқтау жыры, 278-б., «Алтайдың бойы қарағай» жоқтауы, 168-б.), шер-толғаудың (Құрманғали қашқынның «Үстірт пен Жайық арасы» ән-өлеңі; Әділ ақсақалдың келіні айтқан Бөке батыр заманының ән-өлеңі «Тау басы кекілік»,  204-205бб.; «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» әні, 82-83 бб.; Әбілқасым, Омар Халелдің жеңгесі Шәкеннің «Қара өлең көңілімді ашсам деймін» қоштасу зары; Омар Алпысқанның «Айналайын, халқым-ай!» хат-өлеңі) сюжеттердегі тарихи кезең шындығымен, кейіпкерлер көңіл-күйлерімен психологиялық егізделген сарынды үндестіктерімен сезіледі. Сонымен бірге, ұлттық әдебиетіміздің тарихындағы көрнекті ақын-жыраулардың ( Ақтамберді Сарыұлының «Дұшпаннан көрген қорлығым», Дулат Бабатайұлының «Ақжайлау мен Сандықтас», хакім Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас»), ел ақындарының ( Әбдікенің «Жасым бар жиырмада жасырмаймын», 18-б.; Бүркітбай Қияқбайұлының «Батыр болып атандым мен Бүркітбай», «Екі қолым байлауда», 74-76- бб.; Жақыпбердінің «Қайқының шығып тұрмын кезеңіне», «Көз тұмар Қарқара мен Шалкөдеге», 236-238-бб.; Әбдікәрім Ынтықбайұлының Оспан батыр туралы арнауы, 119-120-бб.; Құрманғалидың «Үстірт пен Жайық арасы», «Еділ қайда? Ел қайда?», «Орыстың Ор қаласы Кетік еді», 295-297-бб.) туындылары эпикалық шығарманың көркемдік қуатын еселей түскен. Әр алуан оқиғалармен орайлас жоқтауларды, толғау-термелердің, ән-өлеңдердің кейіпкерлердің орындауымен берілуі арқылы сюжеттер көркемдік әсерлілігінің күшейе түскені сезіледі. Прозалық эпикалық шығармадағы психологиялық-лирикалық сыршыл сарындылықты, драмалық-трагедиялық хал-ахуалды даралай таныту мұратындағы осы көркемдік тәсіл арқылы қазақтың ұлттық жан ділі болмысы дәлелденген. Нақтылап айтқанда, хакім Абай тұжырымы («Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең») идеялық шешім тұрғысында байыпталған. Эпикалық прозалық шығармадағы халық тұлғасына тән тіршілік қозғалысында шалқыған ойын-сауықпен, той-думанмен, ән шырқап, жыр-дастан жырлап ғасырлар бойы өзін-өзі рухани сауықтырумен, сол арқылы сапалы, қайсар мінезді, жомарт көңілді ұрпақ тәрбиелеумен келе жатқан өршіл рух болмысы дараланған.

       Алтай тауы – түркі халықтарының ұрпақ жайған, өсіп-өркендеген қасиетті алтын бесігі. Алтай тауының шығысы мен батысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі атыраптарын мекенлеген қазақ ру-тайпаларының ғасырлар өте келе ұлттық – халықтық тұтасуға жалғасқаны мәлім. «Сират» романының екі бөлімді көп желілі құрылысында түптұлғалылығы – деректілігі нақты тарихи -әдеби бейнелердің даралана мінезделген болмысын көреміз. ХХ ғасырдағы 20-жылдардың аяғында басталған дәулеттілердің мал-мүлкін тәркілеу, өздерін жер аудару, өлтіру сынды билеуші жүйенің озбырлық іс-әрекеттерінің Қазақстанда басталғаны, зорлықтан қашқандардың Шығыс Түркістан өлкесіне барғандарының Қытай еліндегі гоминданның, одан кейінгі биліктің жазалау әрекеттерінің құрбандарына айналғандары – бәрі де тарихилық негізіндегі көркем шындық бояуларымен суреттелген. Осы арада романның трагедиялы тағдырлы кейіпкері Алпысханның әпербақан белсенділерімен жекпе-жек қақтығыста жазалаушының сілтеген қорғасын ұшты бишігінен бүйрегі бөлшектенгені, ел арасында  Марқа мырза атанған Алпысханның толғанған – мұңданған сәтіндегі ішкі монологы ата-бабалық атамекеннің, ондағы ұрпақтар тағдырын көз алдымызға әкеледі: «Қарт Алтайға қанат жайған қалың найман мен керей қай жақтан қиқу төнсе, қарсы бетке аунап кетіп күн көрмеді ме...Ұрпақ көбейтпеді ме сөйтіп. Басқа амал қайсы? Атасы Шонжырбай айтып отырушы еді, бұл жеті жасында: «Алтай – Ата Түріктің мекені. Тегіміз түрік. Атамекеніңді қадірле», - деп. Сол Алтай ғой бұл...Бір жағын – орыс, бір жағын – қытай, бір жағын – мұңғыл бөліп алмады ма, ұялы бөрі жеген тоқтының терісіндей жапырақ-жапырақ қылып. Қазаққа не қалды?» (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014, 22-б.).

         Дәулетті, халыққа танымал, беделді адам болғаны үшін кеңестік кезеңнің белсенділеріне айналған бұрынғы ұры- қарылардың, алаяқ қулардың қуғынына ұшырап, олармен болған бетпе-бет қақтығыстағы жарақатынан ақыры қайтыс болған Алпысханның – елге әйгілі қамшыгер, сері Марқа мырзаның жендет қамшысынан опат болғаны – осындай адамдар тағдырларына ортақ қасірет.

           Шығыс Түркістандағы қазақ халқының ХХ ғасырдың 40- жылдарының аяғы мен 50-жылдарындағы осы өлкедегі саяси-әлеуметтік тарихи кезеңнің реалистік сипатын айқын елестететін сюжеттік бөліктер желілері эпикалық шығарманың реалистік сипатын да, суреттеулер мен бейнелеулердің психологиялық мағыналы болмысын айқын аңғартады.

    Көркем шығармадағы пейзаждық суреттеулер – композициядағы идеялық-эстетикалық желілердің романтикалық-реалистік, логикалық-психологиялық тұтастығы әсерлілігін күшейте түсетін басты ерекшелік.Романның екі бөліміндегі алты желінің көркемдік жүйесін құрап тұрған Алтай тауы атырабындағы тәуліктің бар сәтіндегі көркем сипаты табиғаттың пейзаждық суреттері де сюжеттегі адамдар тағдырларымен сабақтаса тұтаса суреттелгенімен ерекшеленеді.

            Табиғат көріністерінің пейзаждық суреттерімен бейнеленуі – эпикалық шығармалар композициясындағы көркемдік эстетикалық әсерлілігімен оқырман көңілін баурайтын ерекшелік. «Сират» романындағы табиғат көріністерін, құбылыстарын суреттеудің поэтикалық-психологиялық сипатынан бірнеше ерекшелік саралана байқалады: біріншісі – табиғат құбылыстарының кейіптеулік поэтикалық тәсілмен бейнеленуі; екіншісі – сюжеттік-композициялық құрылым  жүйесіндегі оқиғалар сарынымен немесе кейіпкер көңіл-күйімен байланысты  психологиялық егіздеу тәсілімен  суреттеулер. Академик  З.Ахметов: «Кейіптеу (олицетворение) – әр түрлі табиғат құбылыстарын, жансыз нәрселерді адам кейпіне келтіріп, немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл», - дейді (Әдебиеттану. Терминдер сөздігі/Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбай.-Алматы: Ана тілі, 1998.-384б.;175-б,).  Жазушының  «Сират» романында кейіптеу поэтикасымен бейнелеулердің  жанды қозғалыстағы сипаты мен тірі табиғат болмысы айқын сезіледі.

       Кейіпкерлер іс-әрекеттер мен табиғат көріністері тұтастана суреттелген бөліктердегі кейіптеулік бейнелеулердің реалистік суреттері әсерлі: «Бөкенбайдың бұғының тұмсығындай бұлтия салбыраған тап-тақыр, биік, қара қырқаларынан таң ағарып, көк жүзінде шолпан жұлдыз байқалғанда үйден шыққан Алпысхан...» ; «Көкек туса да Қалжыр қыстай қалжырай тұншыққан  мұз  құрсауынан құтылып, кемерді  кеміріп, арсы-күрсі  алқынып жатса да көк көтерілмей, тал-терек бүрлемеген уақ еді» (Алтай А. Сират... 11-б.). 

        Қашып келе жатқан қазақ ауылы көшінің тау баурайымен жылжыған түніндегі кейіптеулік бейнелеулер де табиғат мезеті шындығын айқын елестетеді. «Қарауыта  мұнарланған тау  бауырын  жағалай жылжыған ауылға екінші күн. Түн баласында ың-шыңсыз қозғалған қомақты көшті шілденің көк  езу  шегірткесі ғана әлдилеп келеді. Түн Үржар жақтан соғатын самалмен желкемді. Жетіқарақшы жамбасқа аунағалы қоңырсалқын. Шаңытқан Құс жолы көмескі. Салқар көкте жылдың осы мезгілі жат  жұлдыздар  мол әрі  жарық, жерге  де жақын» (Алтай А. Сират... 41-б.);

           «Еңсені басқан ауыр түн айығар емес. Түн ортасы ауғалы жұлдыздар орын алмасып, көк мұнар түн құрымдай қоюлана түскен. Көз байланып, қараңғылық иектеген» (Алтай А. Сират... 43-б.);

            «Жаздың шашырап күні шыққалы, шық кепкелі біраз уақыт болған. Қу Ертістің езуі көпіршіп, арнасы асып, иен шатқалдың ішін шуға бөлеген» (Алтай А. Сират... 58-б.);

         «Ашық аспан астында қастай қиылып Ай туды. Алқаракөк төбеден жамыраған жұлдыздар төнді. Баданадай көк шырақтары балапандай шүпірлеп тұр. Бүгін тым көп тәрізді» (Алтай А. Сират... 63-б.);

         «Ай батты. Үркер  ауды. Көп кешікпей  таң  қараңғысы түскен. ... Көкмұнар жоғалып, қараңғылық иелеген. ... Дүние қараңғылық құшағында бір сәт қалғыған. Табиғат тыным тапқан, тыныс алған» (Алтай А. Сират... 76-б.);

               «Өртең сай іші – сырдаң. Көкек пен мамырда көбіктеніп жататын көл-көсір арна да құрғақ. Табанында малта тастар балқып, бауырында қызғылт құм қуырылған. Көктемеде қаулай дүркіреген  көк жасаң табиғаттан жұрнақ та жоқ. Ыстық күннен  қызара  бөрткен қызыл изен, жасыл  жусан сарғая пісіп, шұбар тал жапырағы кеудірлей кеуіп, боз бүрген мен қара қараған, қызыл тобылғы мен жирен ырғай ғана түсін билеп, баяғы көк шөп зәрсіңді жаялықтай сарғайып, жылан атаулы ауып, түр-түсін құбылтқан бұзаубас-кесірткелер ғана көлеңке қуалап, тас астын паналаған бүк еді» (Алтай А. Сират... 84-б.);

              Кейіпкерлердің жан жүйесіндегі буырқаныстардың табиғаты да жанды қозғалыспен серпілткендей әсерлі бейнеленген: «Ағарып атқан таңмен аққырау  бөккен жиде мен құмдауытты шағыл шамырқана қалады. Шашалық көмілген ақша қар күн көзімен шағылысып, жанарды қарықтырады. Қар кеше жауса да, шағыл ішінде  әлі  де көбік қардай көпсіп жатыр» (Алтай А. Сират... 109-б.);

         «Күреңсал  күн көтеріле түскен. Шағыл іші жыңғыл, жидесі молайып,ара-тұра сіңірдей үзілмес сексеуілдер ұшыраса бастады. Тағалы тұяқтардан шегедей қатқан құмсақ беті ойылып, ақ қармен араласып, құлаққа жайлы шыңыл естіледі. Ақша  қар  ақкөбіктене есіледі» (Алтай А. Сират... 110-111-бб.);

       «Көк  жүзінде ұяда шүпірлеген балапандай жұлдыздар туған, Ай ғана көтеріле қоймаған түн еді. Ақша қармен ашылған жарық түн» (Алтай А. Сират... 125-б.);

             «Алаң  көңілмен алаң  күн  батып, алаң түн жапты. Күндіз күн бұлыңғыр, түн тұнжыр тартты. Қар  жауатын сыңай танытты. Қар бірақ жаумады. Қара суық күшейді» (Алтай А. Сират... 132-б.);

        «Шығыс  көкжиекте қылтиған  оймақтай Күннің шашыраған сәулесі даланың  күзден  қалған селеуіне түсіп, шашағында құбыла ойнайды» (Алтай А. Сират... 160-б.);

          «Кешкі  қоңыр самал  соқты. Ымырт  жабылды. Жұлдыздар туды. Жарық Ай жоқ. Енді ғана салбырай түсіп келе жатқан құрымдай қою қараңғылық құшағында көзден  таса  болғанша үш  салт атты қозғала қоймады. ... Иықтан  басқан зілмауыр түнмен кешікпей олар да терістікке ауыздық тартты. Маңайды зәрлі  қараңғылық  басты» (Алтай А. Сират... 170-б.); «Тек бетті қарып, сүйекті қауып  өкпек еседі. Күн көтеріле ол да тыйылды. Күз қыркүйегінің  сары түні  сарысүйекті жібітіп, мал-жанға жайлы тие түсті. ... Сары шуақ сұрғылт жонның жып-жылмағай төскейін иіте түскен» (Алтай А. Сират... 191-б.);

          «Басын  мұз алып, бауырын  құз  жарып жатқан Тибет іші. ... Терең сайлар мен шыңырау шатқалдар табиғатында тау-өзендері сарқырап, өзен бойлай бой түзеген қайың-талдар жапырағынан айырыла сидыйып, тау іші жүдеу тартыпты. Табиғаттың түсін, малдың  етін  қашырған жондағы қара суық тау ішінде тиылған» (Алтай А. Сират... 194-б.);

        «Тұяғы түкті, мүйіз мүкті  таутеке паналар Тибеттен ажалдың сұсты сұлбасын көргендей болды. ... Сезінткен де сұсты жүз сұрғылт таулар. ... Төбесін бұлт шалған Тибет шоқылары сол сұсты қалпы. Өлі аруақтай өр. Жалама жон жартастары кәрі кемпірдің тісіндей орсақ-орсақ. Ала бұлт аунаған аспан астында қалғып кеткен сыңайлы. Суық жел ғана шуылдап қояды »(Алтай А. Сират... 212-б.);

          Кейіпкер көңіл-күйінің жанжүйелік қал-ахуалымен үндестіріле  өрілген психологиялық егіздеу сипатты пейзаждық суреттеулер эпикалық шығарманың идеялық-композициялық, мағыналық-көркемдік мегзеулі астарларын айқындай түскендей әсер береді. Мысалы, басты кейіпкер Алпысханның сұлу  Бәтимен  бірге өткен ләзатты түндерінен  кейінгі көңіл күйі мен табиғат келбеті де үндес егізделген: «Күн көтеріле тау ішінде теміреткедей шұбартып жатқан қар еріп, күнгей беткейлер жібіп, жер бусанып, дымқыл буалдыр көтеріледі. Көктем күшіне күн санап мініп келе жатқаны  көрер көзге  шалынады»; «Барыстай шұбартқан тау арасы ұлы бесін  ауа  салқын тартты. Буалдыр  сұлу  бу  көк мұнар перде тұтты» (Алтай А. Сират... 14-б.; 22-б.); Ал, Бибіқасым бәйбішенің үш жасар немересін  іздеген сәтіндегі табиғат келбеті де далбаса күйдегі кейіпкер көңіл-күйімен егізделе бейнеленіп суреттелген: «Қара суық қабат ұрған көк зеңгір аспан, тастай  қатқан  монтаны қара жер мен сақалы селдірей ырғалған ши ғана үнсіз қарсы алды. ...Төңірек салқын сәулеге шомылған. Қызу жоқ. Қазанның қара суығы жұтқан» (Алтай А. Сират... 30-31-бб.);

          Ал, озбырлардан үдере көшіп қашып бара жатқан қазақ ауылы көшінің мазасыз жағдайының ауыр хал-ахуалын мейлінше күшейте түскендей табиғат  құбылысының психологиялық егізделуі де реалистікпен өрнектелген: «Күн  көтерілісімен маңайда сағым сумаңдап, ыстық сексеуілдің шоғындай әуірледі. Желімік те жоқ. Бүк түскен. Тау жалынан төмен түскелі төңіректі  қапырық  қапты. Сусыз, көлеңкесіз қуаң дала табадай қуырып, көктегі көз қарықтырар күн қырқа шаншылып, қырып барады.  Жас сәбилер жылап, маң  төбеттер көш бауырына тығылып, түйеден өзге түлік шыбындап келеді. Тай-құнанға мінген бөзөкпе балалардың  да  арқа-жарқа еріктері  басылып  қалған» (Алтай А. Сират... 40-б.); «Терең де кең қолтықты түңліктей қараңғы түн жауыпты. Көш шұбалып шыққан шатқалдың аңғарынан аңқылдап жел еседі. Қоңыр жел. Іңірде қарауытқан  биіктерді де түн  қараңғылығы  жұтты. Қыркүйектің туған айы әлі көтеріле қоймапты. Содан ба екен аспанның алып шанағы да қаракөк. Жұлдыздар ғана жетімсіреген күйде жылт-жылт етеді, қырғи қанатындай қылт-қылт қағады. ... Қоңыр  салқын  тау самалы ғана  тынымсыз. Ол да бірақ тіршілік тынысын кеңітеді» (Алтай А. Сират... 204-б.); «Тау  үстіне ақ алмастай Ай көтерілді. Ақ иық шыңдар  шаңқан тартты. Терең  сай мен шұңғыма шатқал түбіне де сәуле түсіп, сылдырап аққан бұлақ, сарқырап аққан өзен сулары жылтылдап қоя берді. Құлама құз қабырғалар асты ғана көлеңкемен үңірейе қарауытады» (Алтай А. Сират... 206-б.); «Теңіз үсті түтіндеп  жатқан  тәрізді. Баяу толқыған  беті  ірелген малдың тор етіндей тарта жыбырлап, оқта-текте бүлк ете қалады. Бір қалыппен көтерілген қалың тұман сейілер түрі жоқ» (Алтай А. Сират... 265-б.). Бұл – алыс , бөтен  елге ауып, сапар шегіп, босып келе жатқан қазақ жұрты тағдыры мен  табиғат келбетінің  егізделген көрінісі.

  «Сират» романындағы авторлық эпикалық баяндауларда да, кейіпкерлердің диалогтарында да, монологтарында да әдеби тілдік қордағы философиялық мағыналы, бейнелі, өрнекті тіркестердің афоризмдік өрілім стилімен жазылған үлгілері мол кездеседі. Бұл – романның идеялық- композициялық желілеріндегі қайшылықтар, қақтығыстар зардаптарының арасындағы арпалыстардың, қанды қырғындардың құрбандарына айналса да мыңдаған, миллиондаған адамдардан айырылса да тарих беттерінде ұмытылмайтын мәңгілік халық- ұлт даналығы сақталуының көрнекті-көркем көрсеткіші. 

            Мысалы: «Ол жақта да Қорқыттың көрі күтіп тұр еді», «Алтайдың бер жағы – дерт, ар жағы – өрт екен», « Сайтан көбелектей соқыр кепте отқа күйе бермеді ме. Күштінің көті диірмен тартқан заман да», «Тағдырым – тайғақ, ғұмырым – қиғақ болды, бауырым», «Дала – жазық, жол –  қашық», «Ер жігітті намыс билейді, намыстан өлсең – өліп кет», «Батыр бір оқтық емес пе, құйма қорғасын жалынсын!», « Ит арқасы – қиян, ер арқасы – құяң заман болды. Алтай мен Сауырдай самалды жерді, қымыран мен қымыздай саумалды елді сағынған шығарсыз. Ер көшсе де ел бар; сел жүрсе де бел бар... Бетегелі белге, бекіністі елге қайтыңыз!»; «Көңіл – ояу, көкірек – қаяу», «Жүрек – жара, сана – сара, көңіл – кір, көкейде – күдік. Ел бүлінген, ірге бөлінген заман», «Ақылың – ашыған айран, санаң сары уайымға толы. Байлауы жоқ, бұрмасы мол, қатпары қартадан қалың өмір де. Өзекті өрт шалады, сезімді су алады ойласаң. Торғайдай тозған заман. Қай қиырың да тандыры кепкен шөлдей анталап, аузын ашып тұрған аран. Жан сауғалар жер қалмады. Құз-қия асып, көк мұз басып асар жат жұрт, жат өлке ғана күтулі», «Соғыстың аты соғыс. Ал ең ауыр соғыс – азамат соғысы. Бауырға бауыр қарсы шапқан, безбүйрек болған», «Өлсек – бір шұңқырда қаламыз, тірі жүрсек – бір төбеде күн кешеміз», «Қазақ салты: еруліге – қарулы», «Тау мінезді елміз, қасқая қарап өлеміз», «Іркіттей іріген дүние бұл, ұйуы оңай болмас», «Сұрақ – көп, жауап – жұмбақ», «Қазақ та құмдай еспелі, сағымдай көшпелі... Бірақ құм екеш құм да қанша ықса да аумағынан айни алмайды. Ал, адам ше? Аумалы болғанда да қазақ... Ата-бабаларының да тағдыры қайғы-зарға қамсаулы, көшпелі болар жөні бар екен. Сағымдай сусымаса, судай төгілмесе – жер бетінен жойылып кетер ме еді, қайтер еді? Жоқ болар еді жалпақ жұрт. Құм жұтқан керуендей, бәлкім», «Қаймана қазақ жұрты – құрбандық, жері – олжа», «Екі қошқардың басын бір қазанға сыймастай  қылды», «Жұт – жетеу, жол – біреу, біз – төртеу, Алла – біреу», «Өспес елдің ұлы өнбес дауды қуар», «Көлге қонған қу едік, шөл паналар дуадақ болармыз деп кім ойлаған?», «Ел мен жер... Иә, одан да не қалды? Енді оралсақ – қыл тұзақты қылша мойынға салып, бұландай буындырар; қыл бұрауды қара санға шалып, құлынша шыңғыртар... Ел азған, заман озған. Дұшпан мен жанашыр жақындасқан, ағайын мен бауыр алқымдасқан күн туды», «Ер мойнында қыл арқан шірімес» дейтін кез емес», « Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Қырда – қуғын, ойда – ойран», «Батыр – бір оқтық» дейді», «Тау айналмайды, тас айналады» дейді қазақтар», «Үмітсіз – шайтан ғана», «Асыққан – сайтанның ісі» деуші еді», «Қыранның тырнағы қайда түссе, сол жерде тасшеңгел болмаушы ма еді», «Қарына тартпағанның қары сынсын», «Орысы бар – орманы бар, қытайы бар – қорғаны бар» дегендей», «Қайыстай келген қалың үндінің қалың ортасына түсіп, құм жұтқан іздей шұбырып, мұсылманы бар Кашмірге жете алмай жүрмейміз бе?», «Көппен көрген ұлы той», «Тау – асулы, жол – тосулы», «Әй, қалмақ? «Киіз туырлықты қазақ-қалмақ бір туысқан...» емес пе, мыналардың арасында қалмақтарың болса жылыстап кетіңдер», «Ер ғана емес, ел бүлінді... Бүліне келе бөлінді. Арысы – ата жауы – орыс, берісі – белдеу жауы қытай бөлді... қазақ қазаққа аш қасқырдай қарсы шапты. Қытай мен орыс ұялас иттей ауыз жаласып кетті», «Басқа шығар бел, қонар көл қалмады... Шығыс Түркістанның ай-жұлдызды жалауы жығылды», «Ақ қытай деп алысты, қызыл қытай деп қырылысты», «Қатын – елде, бала – белде» деущі еді ғой арғылар», «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», «Ауруыңды жасырғанмен, өлімің – әшкере», «Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ», «Бірақ... дүние – тұман, қоғам – жылан, үміт – құлан... екен», «Қалың жұрт қос қанжығаға қан-жоса боп байланды. Бірі – зорлаушы күшті, бірі – қорлаушы тісті», «Ақсақ құландай налалы, жаралы бөрідей азалы күй кешті. Аяғы еркін елі – тұсаулы, ерікті ері – бұғаулы. Ескексіз елінің жаны – жаншулы, кескекті ерінің қаны – тасулы...», «Қаралы сөз қаныңды тасытады, құнарлы ой жаныңды жарытады екен», «Ой да бір өрмекшінің торы. Шырмауынан шыға алмайсың. Ой ұшығына оңашада шырмала түсесің», «Елінің еркіндігі ерімен өлшенбеді, ереуілімен де өлшенбеді. Жат елдің белімен, белді елдің білегімен өлшенді», «Елдің қылша мойны талша болыпты. Бағзы заманда сынаптай сырғыған, сағымдай сусыған баба жұртының бағы басынан тайғаны да», «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» дейді. Қазақ та бір құлан... Қытайдың құрығынан құтылған, орыстың сырығынан сытылған жері жоқ», «Өлі балық суға түссе, жүзіп кетеді» дейді, яғни тіріліп кетеді», «Елі бірақ тау қыранындай томағалы, ері бірақ түз тарпаңындай ноқталы», «Томағалы көз елдің көретіні – су қараңғы көр екен, ноқталы бас ердің іздейтіні – ақ киізді төр екен. Томағасы сыпырылған күні ақиық елі қырандай шың-құзды шолар, ноқтасы алынған күні арғымақ ері тарпаңдай ой-қырды шалар», «Қазаққа орыстың оқпаны бұрулы, қытайдың қақпаны құрулы», «Бодан жұрт бүгінде будан жұртқа айналуға бет бұрыпты: тілі – тұтқыр, діні – дүмше, ділі – даңғаза. Бодандықтан будандыққа бел алған елге не сорым? Уақыт – алдамшы, пенде – аңғал», «Сират көпірінде жанын жалдаған ұлт қой қазақ», «Есті ерге ой – жебеу, ой – демеу. Ертедегі есті ері мен еркін елінің ата қонысы – жаз, сақи санасы – наз еді», «Елі еркін болса – қуатты, ері ерікті болса – қайратты», «Ойы – ойран, сезімі – сортаң», «Күллі Тұран-Түркістан қытай мен орыстың жұмырына жұқ болмастан жұтылды. Мұртты гүржі-коммунизм көсемі Сталин ақыры дегеніне жетті. Түркі текті тарпаң жұртты жат жұрттың табанына тулақтай тартты», «Заман залым емес, адам – залым», «Қызыл тіл – қызыл жалын», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Буынсыз тіл айтса, сөзге серт», т.б. (Алтай Асқар. Сират (Алтай сагасы)..., 2014).

            Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі әлемдік классикалық сөз өнер дәстүрінің озық көркемдік әдіс-тәсілдерін шығармашылығына арқау еткен танымал жазушы Асқар Алтайдың бұл жаңа романы ұлттық сөз өнері дамуындағы көрнекті сипатымен маңызды. Қазіргі заманғы озық көркемдік бағыттармен үндес осы романның поэтикасы аясында жазушының шығармашылық әлеміндегі суреткерлік дүниетаным тереңдіктерін айқын аңғарамыз. Бұл – қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл туындылар жазудың болашаққа жалғасатын көркемдік дәстүрінің айқын бағдарлы көрсеткіші. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар