«Тарыдай шаштық уақытты...»

Бөлісу:

22.01.2024 1178

      Бүгін ақын Оңайгүл Тұржан апайдың туған күні. Бұл кісіні танығалы он бір жылдың үстіне шығыпты (айтыскер ақын Жібек құрбымыздың себепші болуымен). Фариза апайдың «Тұмар» журналында төрт жыл бойы редакторымыз болып, журналды бірге шығардық, бірақ сол төрт жылда әйел адам болып ішімізді ашып әңгімелесіп те, шүйіркелесіп қатар отырып шай ішіп те көрмеппіз. Соған қарағанда екеуміз де «біртүрлі» адам болдық па екен деп ойлап қоям. Өткен бейсенбіде кітапханада «Қазақ әдебиетінің» 90 жылдығына арналған конференцияда жолығып, «Біз екеуміздің бірге түскен суретіміз де жоқ екен» деп күліп, суретке түсіп едік.

      Бұл кісі маған алғаш көрген кезде біртүрлі суық, қабағын бермейтін қатал көрінді (кейін қарасам ондай емес екен ғой). Газетке мақала жазу мен журналға жазудың айырмасын кім ойлаған, «кезінде Мейірхан ағаның алдын көрдік, бірдеңе ілдік» дегенмен, әп дегеннен: «бұл саған газет емес, олай жазба, Фариза апай былай жазғанды жаратпайды, олай емес, былай емес» деген ескертулер жауды (осы күні өзім де практикаға келген жас журналистерге: «материалды редакциялап, қарап бергенде беттің жан-жағы шашырамай теп-тегіс, жинақы болып тұру керек», «абзац дұрыс тұрған жоқ», «пробелдері қаралмаған»,«қағазды файлға олай салмайды» деп үйрете бастайтын болыппын). Дегенмен, журналдың қызықты жақтары да бар екен, почтаға келген әдеби шығармаларды оқисың, ішіңнен бағалайсың, авторлармен байланыста боласың, кім не жазып жүр, хабарың болады, кейбір новеллаларды жөндеймін деп қызып кетіп редакциялап жібергенде автор өз жазғанын тани алмай қалған жағдайлар да болған.

     Фариза апайдың «Тұмар» туралы сұраған журналистерге: «Журналдың жайын соның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Оңайгүлден сұраңдар» дегенін көбі біледі. Бұрын ақын дегендерді нақтылықтан алыстау болатын шығар деп ойлайтынмын, Оңайгүл апайдың жұмыс істеуі жастарды шаң қаптырып кетеді екен, бетті жасаған кезде мен деген дизайнерлердің өзін түзетіп, түстердің үйлесімін қарап, адамның назарын аударатын сурет тауып, фонмен өзара ойнатып, материалдың мазмұнын қалай ашып беру керегін ойша көреді. Дизайн дегеннің үлкен өнер екенін түсінесің, оның үстіне тәртіпті адамға қарап өзің де жинақтала беретінің анық нәрсе. Апайдан көп нәрсе үйрендік. Журнал басылып келгенде марқұм Рымхан ағаның көлігімен барып «Гласирден» аламыз, одан вокзалға сұрыптау бөліміне апарамыз, Рымхан аға ақкөңіл, көрген жерде жылыұшырап тұратын жақсы адам еді ғой, редакцияны көшіргенде де көмектескен. Журналға да, апайға да үйреніп қалғанымыз сондай, бұл жерден өзімізді әрең жұлып алғандай болдық («өмір ұзақ емес, «сапарды» ары қарай жалғастырмасаң, айналаны, адамдарды қалай танисың» деп, өзімізді «қамшылап» барып қозғалдық қой).

     Бірыңғай проза оқитын журналист болсақ та, арасында өлең де оқитын едік. Оралдың адамы болғасын шығар, Оңайгүл апайдың баяғыда жазған:

Құм арқалаған ана қыр,

Қазаққа пана-дүр.

Бабаның батихасымен,

Құмдардың математикасымен

Өрілген дала бұл, – деп келетін «Нарын құмы» өлеңі жатталып қалыпты. Тауға арналған өлеңіндегі: «Сол тауларға қарасам, әр күнімді, Бас әріппен бастағым кеп тұрады» деген жолдары ұнайтын, біздің жақта тау жоқ қой, теп-тегіс қыр, әйтеуір, тауға шығып көрдім дегендерге қызығасың. Шын тауды көріп жарытпағасын, біздің ұғымда тау – тазалық. Ол биікке кез-келген шыға алмайтын болғасын да ол жер таза. Айтпақшы, апайдың Маңғыстауға арнаған өлеңдерін жағрапия сабағында оқытса да болар еді.

       Ағаштар үнсіз өседі

    Апайдың «Фолиант» баспасынан шыққан жаңа кітабы жуырда оқырман қолына тиеді. «Ағаштар үнсіз өседі» деген атының өзі ерекше емес пе! Әдебиетші болмасақ та, жаңа өлеңдер жайында бір-екі ауыз айтып өтейік. Апай өмірде салмақты адам, кейде салқынқанды көрінуі мүмкін, бірақ, жаңаны әруақытта қабылдайды, ол жағынан бізден де сергек. Содан да осы кітаптағы кей өлеңдерден ойды берудің формасы классикалық болғанымен, жаңа уақыттың қабатында түзілген ойлары жаңа, өлең мен оқырман арасындағы коммуникацияны жақындатқысы келетін ниеті көрінеді. Ақын адамзаттың бүгінгі ең биік шындық деп қабылдаған құндылықтарының өзара күресін сабырмен бақылай отырып, олардың мәні яғни онтологиясы туралы ойланады, түйдек-түйдек поэтикалық ойлары мағынасы кеңейген метафоралармен жарқырай көрінеді. Бұрынғы кітаптардағыдай өлеңнің өн-бойын буып тұратын «аса қатты тәртіптен» шығып, өзінше биік прогрестік образға жақындай түскені байқалады. Мына өлеңін оқып көріңіз.

Мына желмая-заманда,

Стереотиптердің бәтеңкесі

тарлық етер деп қадамға,

Тікен кірмес деп біздегі түйе-табанға,

Жол басшы болар деп ақыл-дүз,

Өшпей тұрғанда бұрынғылардың ақырғы із,

Доспамбеттердің қабылан жырының ішінде,

Қасқайып келе жатырмыз!

Тоз-тоз қылған соң күйбеңдік,

Үнемшілдікті қасқырлардан үйрендік.

Бұл – олардың бойындағы,

Ұлылық және ұрық-жұрағатын сүйгендік.

Ұлы ғой пірлер

және де тоқсан таңбалы,

Даланың генералдары.

Тігісінен кеткен рухты,

Тісімен көктеп, дәуірді дүрліктіре қорғады.

Ұрпаққа енді қайт, Текті із!

Сендерге бұйырған жайт деп біз,

ойлаппыз! Кешір, Ұлылық!

Ал, енді, ұлы емес – біздер – қайтпекпіз?

Күлерміз-дағы, жылармыз,

Келесі дәуір жылнамаларын құрар – біз.

«Көне қазақтар!» деген миллиард тізбеден,

Біздер де қарап тұрармыз.

Тұздан ащы тағдырлардан құралып,

Оман дариядай ұлы істерді мұра ғып.

Тұрармыз біз де, әйтеуір,

баһадүр-салтқа адал боламыз! Бұл – анық!

      Біз бүгінгі уақытқа жаңа поэзия керек дегенде оған қоса жаңа мифтерді де керексінетініміз анық, ал ол, әлбетте, аспаннан түспейді, баяғы тұрпатынан өзгерген көне (күйреген) дүние мен бізге таныс әлемнен келеді. Поэзияның кереметі – кез келген нәрсенің поэтикалық жағын көре алып, айналаны, көз алдында болып жатқанды эстетикалық жағымен қоса символмен беруінде ғой деп ішіңнен мойындап қаласың осы жерде. Біз айтып жүрген идея мен образ осыдан шығады. Осыдан да ақын кейде бәріміз ішінде ырза болыңқырамай жүрген, қатып-сірескен формадағы осынау өмірді, қатыбас қоғамды көзімен көріп, жанымен сезініп тұрып, өзінің жан әлемінің призмасына салғанда өмірдің біз байқай бермейтін бір жарығын, сәулесін көріп, оны образды түрде, символдық жақтан береді.

     Жаңа айттық, апай цифрлық ғасырдың жаңа мәдениетіне ашық, осыдан келіп бұрынғы бар дәстүрден, формадан бас тартпай-ақ социумға қатысты көзқарасын келісті, мүсінді мәтіндерге салады, осылай байсалды лирика туады. Мысалы, «Профиль күндер» деген өлеңін алайық.

Терезеңе түнімен көліктерді санатып,

Жұлдыздан жұрдай аспанға қаратып.

Жоғары қабаттағы көршіңнің,

Асыр-тасырымен таң атып.

Бет-жүзін танытпай профиль болып өте шығатын күндер бар.

Қайтармаққа сол күндердің есесін,

Кезесің келіп,

Компьютердегі клавиатураның көшесін.

Ойды қозғайтын жақсы өлеңді «ақын мына жерде былай айтқысы келеді» деп түсіндіріп жатудың өзі артық. Жақсы өлеңді тек оқу керек!

  «Адыраспанның психологиясына таңғалам» немесе «Құйын ішінде құбыланы іздеп» деген өлеңін екі реттен оқып көрдік. Сіз де оқып көріңіз.

«Құты таусылып, жұты қалғандай,

Менсінбей баян-бақытты.

Жүзжылдық ғұмыр ұтып алғандай,

Тарыдай шаштық уақытты», – депті ақын бір өлеңінде.

    Апай егер қаласа, жайлы өмірді жырлайтын идиллияның рухында да жаза алар еді, бірақ, өмірдің мәнін тек адамға, күнделікті тұрмысқа қатысты ғана емес, дүниедегі, табиғаттағы басқа нәрсе арқылы да ашуға болатынын көрсетеді (біз сияқты жай оқырман емес, әдебиетші-ғалымдар оқыса бүгінгі поэзияға келген жаңа ойлау жүйесі яғни концептуализм тұрғысынан талдайтын болар деп ойлаймыз, мүмкін, ақынның поэзия арқылы метафизикаға қарай өтуге талпынысын да аңдар еді)...

   Бірде апайдан: «Сізде неге махаббат туралы өлеңдер жоқ?» деп сұрағанымыз бар. Керісінше Оңайгүл апайдың өлеңдерін оқып отырып ақынның жас адам сияқты ғылым жаңалықтарына қызығатынын байқайсың, Өлеңінен ғылыми ойлауы көрінеді дегеннен шошынудың қажеті жоқ, егер өлеңді образды түрде ойлау десек, онда оның ғылым мен философиядан алыс еместігін мойындағанымыз емес пе, бір замандарда өнерді нақты білімге қоса қарастырған кезеңдер де болғанын білеміз, бұл бірақ дәл бүгінгі уақытта мүмкін еместей көрінетіні бар. Біздіңше, мәселе мынада ғой, егер ақын өлеңдегі «ғылымның» өз шегі барын түсініп тұрып, оны сол өлшемнің шегінде синтездеу мүмкіндігін меңгере отырып, адамның кеңістік, шексіздіктегі ролі, уақытпен, ғарышпен, дүние-жаратылыс заңдылықтарымен байланысы сияқты диалектикалық сұрақтарға жауап іздесе (Оңайгүл апайда бұл бар), демек, ол жақсы ақын. Оның үстіне бұл жаңа уақыт. Болашақ поэзияны керексінетін болса, онда интеллектуалдық поэзияның оқырманы көбеюі мүмкін деп те ойлаймыз ғой (адам не ойламайды).

«Жұлдыздар-дағы түнді іздейді ғой,

Жарқырау үшін түз бенен белге.

Өмір сүріп жүрміз дейді ғой,

Ешкімді сүймегендер де.

Біз адамдармыз – айбары күлген,

Өлең де құраймыз санап та ұйқасын.

Біз адамдармыз – айналып жүрген,

Сағыныш галактикасын!», – деп өзі айтпақшы, біздің Оңайгүл апай, сыны мен сымбатын сақтап, үнемі формада жүретін әдемі апайымыз осы тірліктен қажымай, байсалды, ұстамды қалпымен, алып күннің шуағынан қуат алып, «Сағыныш галактикасын айналып, оқыған сайын бір ой ішіңде кететін жақсы өлеңдерін жазып, аман-есен ортамызда жүре берсін дейміз. Жасыңыз да, кітабыңыз да құтты болсын! 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар