Әдебиет - азат рухтың айнасы (немесе жеңілген әдебиет өкілдері)

Бөлісу:

25.01.2024 1584

      Ерте, ерте, ерте деп басталатын ежелгі қазақтың ертегілері ақырласар сәтінде бақытына жетіпті, бай-бақытты болып өмір сүріпті, мұратына жетіпті, мәңгі бірге болыпты деп ертегіні тәмамдайтын. Қай ертегі болмасын, әйтеу қалай болса да соңы діттеген мұратына жетіп аяқтайды. Кейіпкер де бақытты, оқырман да таңдайына тәтті малта түскендей құшырлана ертегіні аяқтап, парағын жабады. Ертегіде жеңіліп жер болған, соңы трагедиялы кейіпкер тағдырын таппайсыз. Бұл қандай құдірет. Өмір ертегі емес, десе де, ертегі, миф, аңыз, әпсананың діңінен ежелгі адамдар ерік‐жігерінің, өмірге құштарлығының терең махаббаты көрінбей ме? Балаға айтылатын дүние болса да, бала санасына болашақтағы өмір жолының таңбасын айқындап беріп отырған жоқ па?

       Бірақ, өмір ертегі емес. Жазба әдебиеттің басы Абайдан басталады деген көксоққан түсінік бар қазақта. Қазақ ортасына ресми түрде жаппай әдебиет деген ұғымның орнығып, көркем шығарма, стиль, өзіндік автордың иірімдері қалыптасуына Абайдың әсері бар шығар. Ал,  әдеби үрдіс бұрыннан бар. Енді сол XIX, XX ғасырда қалыптасқан қазақ әдебиеті нені жазбады, нені қаузамады деңіз. Бәрін-бәрін қамтуға тырысты. Және жазудың түрлі-түрлі стильдеріне әдебиетшілер қалам тартты. Әдебиет ұлттың айнасы, жан дүниесі. Қазақ қаламгерлері басында шыны керек орыс классиктерінен жазу тәсілін, оқырманға ой жеткізу техникасын "ұрлады". Онсызда ақ патшаның отарына айналған қазақ қоғамы, қызыл үкіметтің құрылуымен кірігу процесі тіпті жылдамдап, соц-релистік жазу тәсілі қазақ қаламгерлер қауымын бір жола бір бағытта жазуға құрықтап тастады. Қазақ қаламгерлері бір қарасаң жақсы шығарма беріп жатқандай болды. XX ғасыр басынан бастап шын шедверлер өмірге келіп жатты. Әрине, өз заманымен, өз уақытымен бірақ, қыспақта, қып-қызыл үкіметтің қып-қызыл шимай-шатпақ түзетулерінен соң. 

    Жазба әдебиет оның ішінде роман, повест, әңгіме жазу қазақ ішінде кәсіптік деңгейде лап ете қалды. Топырлап не бір роман, пьеса, повесттер қазақ баспа сөзінің қуатына айналды. Өмірге жазушы деген, ақын деген авторитет мамандар пайда болды. Жазушылар да жазған қарайған, құрайғанына қаламақы алып жақсы өмір сүрген секілді болды, бірақ...

    Бірақ, неге екені, ертегідегідей мұратына жетіп, бақыт құшқан кейіп-керлері аз, соңы жеңіске жетумен аяқтайтын роман, повестері аз әдебиет өмірге келіпті. Әдебиетші қоғам бөлшегі, ол қоғамның барометрі. Мың жерден қызыл сызықтың ішінде жазып, үкіметті қатырып кеттім десе де, уақиғаның аяқтауы, шығарманың соңғы тынысың тоқтау сәтін өмірге не өлімге, бақытқа не қайғыға, жеңіске не жеңілуге құрған шақта, қашанда бейсаналы соңғы шешімді жеңілуге, айрылуға, қайғыға, өкінішке аяқтап отырған. М. Дулат "Бақытсыз Жамал",  Ж. Аймауытов "Ақбілек". М. Жұмабай "Шолпанның күнәсі", "Батыр Баян". Ғ. Мүсірепов "Ұлпан", "Ананың анасы", " Көрінбей кеткен бір бейне". М. Әуезов "Абай жол", әңгімелері, повестері. С. Мұқан "Мөлдір махабат". Мағауин "Аласапыран", "Сары қазақ", "Көкбалақ", "Шақан Шері" тағы басқа жазушылардың жетпіс-сексен пайызы шығармаларын соңы трагедиямен, өкінішпен аяқтайды.

    Бұл не құбылыс? Әлемде түрлі-түрлі жазу стиль бар. Ал, қазақ сөз зергерлері дерлік шығарма кейіпкерлерін мұратына жеткізе алмай-ақ қойғаны несі? Ұлт бір тұтас ағза, ол да тұтас ұлт болып ауырады, ол да бірдей қайғының қара суын ішеді. Ал жазушы бір қарасаң тып-тыныш, қуғындалмай, қудаланбай, жұмысын істеп, жазуын жазып жүрген секілді көрінеді, бірақ шығармасын қараңыз, оқыңыз. Трагедиядан аяқ алып жүре алмайсыз. Себеп, тағы отарлық, отарлық санадан шығады. Мойындайық, тәуелсіздікке дейінгі соңғы жүз елу жылдық ашық отарлық қазақ санасын аямай, жұлмалап тұрып сойып, үрейге тоғытқан. Құлдықтың, үрейдің сүйектен өткені сонша, шығармашыл адам миындағы картиналар да қасірет пен мұң-зарға тоғытылып кеткен. Әйтпесе, сол заман әдебиетшілері ертегі, аңыз тыңдамады деп айта алмаймыз, өмір шындығы, ергегі арманының күл-паршасын шығарған. Бүгінгі күнде көп айтылатын негатив, позитип айтапаңыз, жазбаңыз деген тренд бар. Ал, жоғарыдағы шығармалар толып тұрған негатив. Тұтас роман негатив. Шығармаларды оқып біткенен кейін кеудең басылып, қорланған, сүйегің жасыған сезім кешесің. Бұл әрине үздіксіз оқыла келе ұлттың ұстанымына, мінезіне айналады. Жасық, төменшік ұлт осылай қалыптасты. Қазақ жеңілген халық. Өткен ғасыр әдебиеті сол үшін де жеңілген сценрийді қайталап, шығармашылық таспасын айналдыра бергенге ұқсайды. Жеңілген халық, жеңілген әдебиетті өмірге алып келген. Шығарма, шын шығарма секілді болғанымен ұлттың қан жылаған санасы қаламгерге бейсаналы трагедиялық сұлба жасап беріп, соны жазушы, ақындар қабылдап алып өмірге алып келеді екен де, өмірге не үшін мұраты опырлыған шығарма беріп жатқанын еш түсінбестен редакцияға жол тартады екен. 

    Шапқыншылық, қырып-жоюдың түбі ұқсамайтын болмыстардың, ұқсамайтын дүниетанымдар арасындағы күрестің физологиялық тұрғыда жүргізілген қырғыны-тын. Орыс болмысы қазақ болмысын аямай талқандады. Қазақ физологиялық тұрғыдан қырғын тапқаны аздай, сана тұрғысынан қалпына келмес шығынға ұшырады. Тарихшылар қазақтың қан жұтқан ғасырын тек сан-цифрмен таңбалаудан бұрын, қазақ болмысының қаншалықты құлданғанын, қазақ санасының отарлық езгіде қаншалық жойылып кеткенін ашалап айтып беруге дәрменсіз кезде ортаға әдебиетшілер келеді. Әрине, әдеби еңбектер ойдан жазылған, тарихи шындықтан алыс десе де, ертегі, аңыз секілді әдеби еңбектердің өзегі заман шындығы негізінде өріледі. Астарында тарих айта алмас ақиқаттар жатады. Ақиқат деп жүргеніміз адамдар санасына қыстырылып қалған замана шындығы-тын. Отарлықтың шындығын жеңілген, мұратына жетпеген кейіпкерлер тағдырымен бедерлеп берміз деп кезінде Кеңестік әдебиетшілер ойламаса керек. 

                                                               ***

    Испан-португал отарлық езгісінің астынан шыққан, өздерін Латын Америкасы деп атайтын сан қырлы мәдениет пен неше түрлі дәстүрдің тоғысынан қалыптасқан Латын елдері де құдды қазақ еліндей санасында жарақаты бар халықтар-тын. Жан-жақтан құйылған қандар мен түрлі-түрлі нәсілдердің тоғысуынан ортақ мәдени қабат қалыптастырған латын әлемі, испан-португал отарлығынан азаттық алған соң әлемге өзіндік стильі бар, өзгеше қолтаңбасы мен ғажайып мистикалық сюжеттері арқылы дүниені дүр сілкіндірді. Ежелгі үнділердің дәстүрлі дүнеитанымы, мистикасы, африка елінен келген құлдардың аңыз-әпсаналары, испан-португал насілділерінің класикалық әдеби үрдісі өз әсерін жасамай тұрмады. Осы сан түрлі қабаттарды шебер пайдаланып, терең қорта алған Латын Америка жазушылары еуропа қаламгерлерінен өзгеше тіпті Солтүстік Америка жазушыларынан бөгенайы бөлек әдеби үрдіс қалыптастырды. Әлемді мойындатқан дүниеге жету үшін әуелі ол елдердің азаттық алуы еді. Қан-қасап отарлық пен саяси-мәдени цензураның жойылуы Латын жазушыларының қаламына еркіндік рухын сыйлады. Қиялдарын еркін самғатты, қаламдарына ойға сыймайтын ерік берді. Шығармаларын оқи кетсеңіз құдды Латын елдері сиқыр мен мистика әлемінде өмір сүріп жатқандай әсерде қаласыз. Міне, бұл жазушының жеңісі, жазушының миссиясын орындауы болса керек. Осылайша, әлемге Латын әлемі деген терезені ашып беріп отыр.

    Акутагаваның алғашқы еңбектері сол кездегі жапон жазу стильіне кереағар әңгімедей көрінген. Ол шақта жапон қоғамы ескілікті талқандап, жаппай батыстанып жатқан тұс-тын. Ал, Акутагаваның шығармалары ескілікті жапонның дәстүрлі жазбаларындай жаңашыл жазарманға жат көрінген. Бірақ, жапоның ежелден қалыптасқан жазу стильін Акутагава заманға сай синтездеп, ескі мен жаңаны қабыстырып жапон қоғамына ғана емес, әлемге тың картина, тың туынды тарту етеді. Бұл бір мысал. Жалпы, Жапон әдебиеті де XX ғасырдың үздік әдеби үлгілерін ұсына білді. Оларда дәстүрлі дүниетанымынан айнымай, соны тамыр ете жапондық стильді қалыптастырды. Сонысымен оқырман қауымның санасына жапон әдебиеті десе, кішкентай ғана аралда жасап жатқан халықтың қыры мен сыры көп, ойға сыймайтын оқиғалар ме кейіпкерлері бар, шығыстық философия мен дүние танудың өзгеше иірімдері бар бейнелері көз алдыға келді. 

     Екі әдеби өкілдерінің еңбектерінен әсерленбей көріңіз. Екі өркениет екі құрлықта, екі басқа мәдениет болса да шығар жолды бір бағыттан тапқан. Ал, мәңгілік отарлықта болған орыс қоғамы мен ол жаратқан әдебиет қаншалқыты өміршең. Өміршеңдік тек шындықты айпарадай айта салуда болмаса керек. Толстой, Достоевский, Чеховтар орыс мінезінің ожарлығы мен орыс қоғамының лас-кертартпалығын аямай жазды. Бірақ, одан сабақ алған, өзгерген орыс халқы да, қоғамы да жоқ. «Егер мен ұйықтап кетіп, жүз жылдан кейін оятып, менен Ресейде не болып жатқанын сұраса, мен бірден: олар ішіп жүр және ұрлық істейді деп айтар едім» депті осыдан 150 жыл алдын Салтыков-Щедрин деген ақсақал. Қазақтың данасы Абай абыз да қазақтың жамандығын аз жазбады. Алаштықтар да қазақ мінезін шығармағаның негізгі арқау етті. Орыс секілді тасыр мінезін тастаған қазақ жоқ. Жамандығын жазғаннан жақсы болған, сабақ алар халық жоқ екен. Ал, жеңілген әдебиет туралы жоғарыда айтылып кетті. 

     Ал, біздің азат елдің әдебиетшілері қай тақырыпта қалам тартсақ жол таппақ. Әдебиет болсын, кинематография да болсын адам бойындағы қатыгездік пен кемшілікті айтамыз деп, қоғамдағы келеңсіз жайттарды жазамыз деп жүріп қазір адам миында сан-мыңдаған психологиялық және қанпезерлік картиналар толып кетті. Кешегі жеңілген әдебиеттің сюжетіне тойып шыққан халықтың санасына басқаша нұр болып себілетін, үміттің отын маздататын, құлдықтан нарыққа тап болған, тарыққан халықтың рухани азығы болатын әдебиет жарату әрине қазіргі қаламгердің қолында. Кітап оқылмайды емес, жазушы олақтығынан кітап оқыта алмайды. Мықты кітап адам қолындағы телефонын тастатады. Жан дүниеге әсер ететін, жарақатын тырнап, рухани өсіретін қаламгердің азат санасы мен еркін қиялы. Қолына қалам алып, қаламына серт еткен қауымның біздің елге ертегідегідей мұратына жеткен кейіпкерлер топанын көбейткен абзалырақ. Себебі, азат елдің жазушысы болу мен отар елдің жазушысы болудың арасы жер мен көктей. Қан жылаған кешегіні Әбіш, Мұхтарлардан артық жаза алмаймыз. Оқырманды өткенге тарта бермей, заманаға сай жаңаша қиял мен жаңаша образдардың бейнесін таңбалау, болашаққа қарай ой тастайтын сөз бен мәтін құрап беретін тағы да қаламгер болмақ. Қаламгердің қарымымен, ой-қиялымен ұлттың тұлғасы, болмысы сомдалады. Замана қазақ болмысы қалай сомдалмақ, балағат сөйлеп, ұрлап пара алумен бе? Оның қылмыс екенін жас бала да біледі, дәл соны жазушы басқаша, басқа форматта бейнелеп жазу арқылы оқырманға ой салуға қалам тартқаны дұрысырақ болар. Сүрлеуден шығу, жазу мәтіні, баяндау әдісін мүлде басқа кепке, басқа бір кеңісіктен түсіп баяндауға тер төкпесе жақын аралықта нәтиже көре алмаймыз. Әлемнің ашық кеңістігінде қалам қуатын көрсетуге қазақ баласының бір кісідей таланты мен дарыны жетеді. Тұнып тұрған миф пен аңыз, түрені түртілмеген ежелгі әпсана мен бай қиялдың кеніші ертегі дегеніңіз жатқан ен байлық, түгемейтін қазына қор. Оқыңыз, қараңыз керегін қажетіңе қарай жаратыңыз. Сосын жазу үстеліне отырыңыз...

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар