Мен туыппын ақпандатқан боранда
Бөлісу:
Жұмекен Нәжімеденов туралы деректі фильм көріп отырғанда Есенғали Раушанов: «Соңғы 20 жылдықта біздің әдеби дамуымыз орталап қалды, оның обективті және субективті себептері бар, сондай себептің бірі бәлкім бірегейі – ол өзімізден бұрынғы шығармашылық иелерін дұрыс игермеу, ат-үсті, жүрдім бардым қарау, «сиыр құйымшақтатып» өте шығу, оған ол көнбейді...» - деген пікірін айтып еді. Расында біз өзімізге дейінгі әдебиетті қай дәрежеде игердік, сүзгіден қалай өткіздік, таза шығармашылық тұрғыдан шынайы бағасын бердік пе?.. Осындай заңды сауалдардың жауабы әлі де екіұшты. Бізде оқылмай жатқан кітаптан көрі оқылмайтын кітаптар жетерлік. Жұлдызы жарқыраған ақындардан көрі іздеусіз, сұраусыз, елеусіз жатқан таланттардың десі басым. «Құмырсқаның басқан ізі Тәңірге аян» дейтін Ұлы заңдылыққа сүйенсек қара жердің бетіндегі қыбырлаған дүниенің ұмыт қалатыны жоқ, шығармашылықтың заңдылығы да осы жүлгеден алыс емес. Сауап бар жерде обал бар, сөздің обалы. Сөздің салмағы. Заманында бір кезеңнің ақындарына үлгі, өнеге болған Тоқаш Бердияровтан, өтпелі кезеңнің өзегіне қорғасындай құйылған Нұрлан Мәукенұлына дейінгі ақындардың шоғыры сирей қойған жоқ әлі. Қазақ поэзиясының қуатты арнасы өз кемерінен бірде асып, бірде тасып, бірде орталап, бірде баяулап ұлы арқауынан ажырамай келе жатқаны әмбеге аян. Сол жүлгенің жантамырында Ізтай Мәмбетов сынды көрнекті ақынымыздың бітім-болмысы бүлкілдеп жатқаны әмбеге аян.
Мен туыппын ақпандатқан боранда
Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!
Алақұйын мінезім бар ашулы,
Қапелімде басылам ба, болам ба?!
Ақын автобиографиялық сипаты басым осы өлеңінде, ақпанның ақырған аязы, долы бораны мен өзінің талас пен тартысқа, күреске толы тағдыр жолын шендестіре суреттейді. Бала кездегі жоқшылық пен жетімдік, өсе келе шығармашылық жолдағы қиындықтар, өмірдің азапты жолында ақынның нәзік жүрегіне түскен салмақ пен зіл, үміт пен үрей осы бір төрт шумақ қарапайым қара өлеңнің бойынан толықтай орын алады.
Бірде Мұзафар Әлімбаев замандас, әріптесі Ізтай Мәмбетовтен «өлеңді қашан, қай уақытта жазасың?» - деп сұрайды, әдепкі әңгіменің үстінде. Сонда Ізтай: «Мен басыма ешқандай идея жоқта да үстел басына отырып, бірден өлең жаза беремін. Жазу үстінде, ой да, сезім де, сурет те, айтар идеяда келе бастайды, кез келген тақырыпта солай жазамын және жаза аламын», - деп қысқа қайырған екен. Әрине, бұны ақын менмендікпен емес, өзіне, өз талантына деген сенімділікпен айтса керек. Шығармашылық адамы қашанда формада, ішкі дайындығы үйлесім тапқан жарау күйінде жүргені абзал. Ізтайдың тап бермеде тауып айтатын тапқырлығы, жағасын жатқа алдырмайтын намысшылдығы, өжет, елгезектігінің сыры да осындай қағылез мінезінен болса керек.
Дейтұрғанмен, Ізтай Мәмбетовтың тұтас шығармашылығын жауһардай жақұт дүниелер дей алмас та едік. Әйтседе, оның қай дәуірдің перзенті оқыса да елең еткізерлік өлеңдері мен поэмалары жетерлік. Оның шуақты, құлантаза, қуатты лирикалары санаңда ұзақ жаңғырып тұрады. Өмірдің, тіршіліктің көлеңкелі тұстарының өзін Ізтайға тән ізгі қасиеттерімен, нұр мен жарық құя отырып, жұдырықтай жұмыр етіп ұсынады. Сондай ізетті, ішкі мәдениеті күшті өлеңнің бірі «Өгей шеше».
Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,
Баламды бауырыңа алып бала қылдың.Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбымның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім.
Деп аяқталатын өлең Ізтай Мәмбетовтың тұтас өмір жолын, жастайынан татқан ащы мен тұщысын көз алдыңнан картинадай өткізеді.
Сәбит Мұқанов: «Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді. Ізтай бірінші рет ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты», - деген еді. Әпкесі Айман Мәмбетова інісі Ізтайды еске ала отырып: «Біздің отбасымызда бес бала болды. Әкем Тілеулі қарапайым шаруа, еңбекқор адам еді. Ізтайдың еңбекқорлығы, табандылығы әкемізге ұқсаған. Анамыз бұл өмірден ерте озды. Ол кезде мен он жетіде, ал Ізтай он төрт-ақ жаста болатын. Ізтайдың анамызға арналған «Арнау» өлеңі бар. Кейін әкем тағы да үйленді. Өгей шешеміз өте жақсы адам болды. Ізтайдың ол кісіге де арнап «Өгей шешеме» деп шығарған өлеңі бар. Балалардың тұңғышы мен, менен кейін өзіммен тетелес Ізтай, шын есімі Ізбасқан, сосын Айжан, Дания, Темірхан. Біздерге де жеке-жеке арнап шығарған Ізтайымның өлеңдері бар. Бір өлеңінде ол: «Біз бір анадан бесеу едік, Өмірдің күнгейінде өсіп едік…» - деп келтіреді. Шын ақынның өмірбаяны өлеңінде деген осы болса керек. Ізтайдың әр өлеңінен өзінің жүріп өткен жолы, өткені мен бүгіні, көңілдің әралуан сәттері айшықты бейнеленген. Шын ақын ақ парақтың алдында, өлеңмен оңаша қалғанда өзін де, өзгені де алдай алмайтыны осыдан болса керек-ті.
Ізтай Мәмбетов өз уақытында ұлы Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің аруақты аузына ерте ілінген талантты ақындарымыздың бірі болған. «Жыл келгендей жаңалық сеземіз...» деген атақты мақаласында Мұқаң: «...Бізден арғы кездегі ақындарды қоя тұрып, бізден бергі атақты ақындар мен жас ақындардың бірқатарының шығармаларын алғанда, бұл арада жақсы-жақсы айырма бар, әрине, сонымен бірге олқылық та, кемшілік те бар. Сөз нақтылы болу үшін мен өзім кімдердің шығармасын оқыдым, соларды атап өткім келеді. Сол оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айтатын қорытындым да бар. Мәселен, I. Мәмбетовтен «Жас қанат» жинағының ішінен тәуір деген өлеңдерім: «Жайыққа», «Өгей шешеме» сияқты өлендерін атап өтер едім...» Мұхтар Әуезовтің осы мақаласы шыққан жылдары Ізтайдың отызға енді келген, «Жұлдыз» журналында әдеби қызыметкер боп жұмыс істеп жүрген жалынды жастық шағы еді. Ұлы адамның ілтипаты ақынның жолын ашып, қанатын бекітіп, қаламын қайрай түскені анық. Аруақ алқады, рух жебеді деген осы да. Ел есінде қаларлық ерекше өлеңдерімен оқырманын бірден баурап, әдебиетші қауымның назарына ерте түскен Ізтай бір өлеңнен бір өлеңге, бір жинақтан бір жинаққа өсіп, өркендей берді. Поэзия әлеміне еркін енген 1950 жылдардан бастап, өмірінің соңына дейін Ізтай Мәмбетов қаламын қаңтармай, артына «Тұңғыш», «Бақытты балалық», «Сыр», «Табантал», «Жол ұзақ», «Сал Сары», «Өсиет», «Жалын», «Тарланбоз», «Жылы жел», «Таңдамалы» атты жыр жинақтарын ұсынды. Қазақ поэзиясына өз үні, өз дауысымен келіп, қазақы қара өлеңді бір белеске шығарып кетті.
Ізтай Мәмбетов шығармашылығының тағы бір шыңы поэма, дастандары мен аудармалары. «Көктемір», «Жыр – Жәмила», «Пушкин мен Әміржан», «Тұңғыш Тоқай», «Пугачев нөкері», «Сал Сары» сынды көлемді дастандары оның суреткерлік шеберлігін, оқиғаларды барынша сұрыптап, тарихи тақырыптарға жан-жақты барлау жасайтын ізденгіштігін әйгілейтін дүниелер. Пушкин мен Лермонтов, Байрон мен Петефи, Жәми мен Петрарко, Шевченко мен Маяковский, Есенин мен Симонов, Дм.Снегин мен Х.Абдуллин туындыларының бірқыдыруын қазақшалаған да осы ақын Ізтай Мәмбетов. Қазақ әдебиетінің аударма саласында Ізтай салған із бен өнеге, бүгінгі жас буын қаламгерлер үшін өрелі үлгі болары сөзсіз.
Өкініштісі Ізтай Мәмбетовтың шығармашылық әлемі әлі күнге жүйелі зерттеле қойған жоқ. Оның өлеңдерінің ерекшелігі, поэмаларының поэтикалық қуаты, аудармашылық шеберлігі, журналистік қабілеті жан-жақты талдауды қажет етері сөзсіз. Айталық Ізтай Мәмбетов «Пугачев нөкері» поэмасында Пугачевтің соңғы шайқасында ерен ерлік көрсеткен оралдық қазақ батыры Кәрімнің ерлігін баян етеді. Қиян кескі соғыста Пугачев әскері ауыр шығынға ұшырап сарбаздардың оң қанатын басқарған қолбасшысы мерт болады, жасақтың сол қанатын басқарған Кәрімнің атына оқ тиіп, патша әскерінен қашып Еділ орманын паналайды. 2-3 жыл Еділ орманын паналаған Кәрім өзеннен жасырынып өтерде қапыда қолға түсіп, Хиуаға құлдыққа сатылады. Жирма жыл құлдықта болған Кәрім құм сағалап қашып шығып, туған жеріне келіп көз жұмады. Осы бір аласапыранды жылдары патшаға қарсы шығып, азаттық аңсаған оғылан ұлдың тағдырын Ізтай Мәмбетов поэмасына арқау ете отырып, тарихтың ақтаңдақ беттерін поэтикалық дастанмен толықтырады. Пугачев көтерлісі мен Кәрімнің тағдырын тайталастыра суреттей отырып, өз елінің бодан хәлін, азаттыққа деген іште жатқан ұлы аңсардың ұшығын шығарады.
Бұл күнде ақынның туған жерінде Ізтай Мәмбетов атындағы Алға аудандық балалар кітапханасы бар. Осы кітапхананың ұйтқы болуымен ақын Ізтай Мәмбетов оқулары аудан көлемінде өткізіліп келеді. Ізтай әлемінен сыр шертетін жыр жинақтары қайталай жарық көріп, мерейлі жасы да атаусыз қалған емес. Ә.Ахметов, Е.Ашықбаев, Н.Дияров, З.Қарасаева, Н.Құлжанова сынды әдебиетші қауым Ізтайдың шығармашылығы туралы үзбей жазып келеді. 2019 жылы Ізтай Мәмбетовтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде аталып өтті. Осыған орай ақынның жарық көрмеген өлеңдері мен хаттары журналист Шара Елеусіздің құрастыруымен «Табанталда қалған із» деген атпен жарық көрді.
Өзі туған ақпанның ақ бұрқағындай асау жырлары, нәзік лирикасы, кең тынысты дастандары, суреткерлік табиғаты, ақ парақтың бетінде тербелген шынайы болмысы елімен бірге өркен жая береріне зәредей шүбә келтірмейміз.
Дүниеге ез келіп те ер келіп,
Жатыр бірдей ақ бесікте тербеліп.
Аңғарылар айырмасы ақырғы –
Кетерінде қасиетті жерге еніп.
Бөлісу: