Ретбек Мағаз. Таня

Бөлісу:

07.03.2024 2206

әңгіме

– Келдің бе Коля, неге тіл қатпайсың?

Таңертең төсегінде сандырақтап жатқан Таня әжей жүрек тұсын басып қалған сол қолының саусақтарын әрең жыбырлатты. Содан кейін барып жан біткен білегі кеудесінен сырғып түскенде ғана «уһ» деп бір аунап басын көтерді. Аяғын кереуеттен салбыратып отырып қабырғадағы Икона кескіндемесіне қарап іштей сиынып аптығын басты. 

Таня үстіне күлгін түсті торғын көйлегін киіп орынынан тұрды. Талайдан бері киілмеген күлгін көйлек көңілін толқытып жібергендей, суалған көкшіл көздерімен көйлектің кең төгілген етегіне тойымсыздана қарады.  Қарап тұрып бір жылдың алдында Ресейге кеткен ұлы Николайды есіне алды. Күз, қыс, қазір міне көктем, содан бері хат-хабарсыз, кемпір кемсеңдеп кетті: – Менің Колям, - деп күбірледі сосын, – неге хабарсыз кеттің? Әжімді жүзін мұң қабыздай қалды. Бірақ буынын тік ұстауға тырысып, аяңдап айна алдына келді. Айна алдында тұрған сирен түсті шашбауын қолына алып, бояуы кетіп, ағы көбірек көріне бастаған селдір шашын сәндеп буып қойды. Айнаға қайта қарағанда осы бір сирен түсті шашбауы мен күлгін көйлегінен көктемнің иісі есе жөнелді ме әйтеу, көңілі жадырап-ақ кеткендей, жүзін қабыздаған әлгі мұң солғындап сәл жымиды. Онысы өзіне өте жарасымды еді. Айнаның оң жақ жоғарғы бұрышына таман, там қабырғасында ілулі күйеуі Фёдоров Иванның суреті тұр, кемпір енді соған қол созды, үш қайтара иіскеп, орынына қайта қоюға қимай кеудесіне басты. 

Сол шақта қарғыбаулы иті Джордж да иесінің қимылын қызықтап қасына келген болатын, кемпір суретті қайта орынына іліп, еңкейіп итінің басынан сипады: – Ой, ой, ой... тамағыңды жедің бе, Джордж? Енді сыртқа шығып қайтайық па, Джордж? Екеумізге бір уақыт қыдырып тұру керек Джордж, - деп еміренді. Джордж көмекейінен терең бір қыңсылап иесінің сүйретпе кебісінің сыртынан ақырын ғана тістеледі.  Питбуль тұқымдас бұл қоңырқай итті иесі күшік кезінде сатып алған, қазіргі жан серігі осы, жан серігі өтініп тұрса жүрегі мұңды Таня тілегін қалай қайтарсын, Джорджды жетелеп есікке беттеді.

Таняның бұл тұрағы сонау Совет одағы ыдырамай тұрған шақта Алматыда салынған, кейінгі жұрт «Хрущевка» деп атап кеткен үш қабатты ескі тұрғын үй. Бірінші қабатында тұратындықтан олар сыртқа тез шықты. Жаздың таңы тамылжып тұр екен. Кемпір жетек жібін созғылап тарта берген Джордждың ырқына көнді. Ит үй іргесіндегі алуан гүлдер шешек атқан қоршау ішіне кіріп, тіміскілене жөнелді. Бұл шағын қоршау Таняға тиеселі болатын. Ол итінің жетек жібін түріп қоршау ішіне жіберіп жатып: – Ештеңені бүлдірмей ойна, Джордж, бірдеңеге ұрынып қалма, Джордж, - деп тапсырды. Ит «алаңдама, саған ризамын» деді. Бұл жолы қыңсылап дыбыс шығармай-ақ айтты, бұнысын Таня жан серігінің көзінен-ақ аңғарған.

Таня қанша жылдан бері өзі өсірген алуан түрлі өсімдіктеріне масаттана қарады. Іштей осы жерді көршілердің қарсы болғанына қарамастан қоршап алған ісіне де дән риза сияқты. Бүкшеңдеп қоршау ішінде жүр. Өзі еккен әр гүлді, әр бұтаны жапырақтарын ұстап иіскеп, сабағынан сипап, бірдеңе деп күберлеп сөйлеп жүр. Сөйлеп жүріп ыңылдап ән де салды, арам шөпті де жұлды. Сөйлесіп жүріп қоршаудың арғы шетіндегі көршілері кір жайып жүретін сырмақтай алаңқайға да көзін салды. Бір сәт белін жазып солай қарап тұрып: «Осы жер неге бос жатыр екен» деп ойлады,  сосын: – Колья келсе, қоршап алар ма еді өзін, - деп күбірлеп қойды. «Осы бақшам да жетер» деп ойлады тағы, – жердің артығы жоқ қой, - деп күбірледі қайта... 

Өз ойымен әлек болып біраз уақыт жүрген кемпірдің белі ашып шыдатпай кеткен. Ақыры есік алдына қойылған ескі диванға отырып жайғасты. Сонда отырып бір сәт ұлына ренжіді: – Херсонда соғысып несі бар екен, осында да жер жетер еді ғой, - деп. Әредік бұған сәлемдесіп өтіп жатқан көршілері де болған, бұл бәрінің сәлемін ықыласпен қабылдап, үй-жай жағдайларын сұрап, әлеуметтік мәселе бар жоғын да ұғысып, әлде бір істі алдын-ала ескертіп үлгеріп отыр.

Аздан кейін ол есік алдын сыпыруға кірісті, ешкімнің өтінішісіз, күнделікті қалыптасқан әдеті. Соның арқасында осы жұпыны тұрғын үйдің маңында бейсауат қоқыс жатпайтын, айнала тап-таза болғасын көршілер де тастамауға әдеттенген. Мүмкін жасы келген адамды сыйлайтын болар, немесе сол қылықтарына бола Таняның ұзақ-сонар кейісті сөздерін естуді артық санайды. Әйтеуір қоқыс тастамады, жылы жүзбен сәледесіп қана өте береді. Ал кемпір ауық-ауық сыпыра береді, сыпыра бергісі келеді, бұл ісі өзіне ұнайды, кейде тіпті анау жол жиегіне дейін сыпырсам дейді, сыпырған сайын айналаның бәрі өзіне тиеселі жер сияқтанып кетеді. Бірақ амал бар ма, оған бел құрғыр ашып шыдатпайды, тізе құрғыр сырқайды, өкпе құрғыр деміге береді, жүрек құрғыр аптыға береді... қап! 

Таня енді тізесі сырқырап қоймаған соң ақыры үй алдына қойылған ескі диванға келіп қайта жайғасқан. Сыртқа немересін ертіп үшінші қабатта тұратын Несібелі шықты. Екеуінің жасы шамалас, жылы амандасты. Несібелінің немересі бір подъезде тұрғандықтан Джорджпен жақсы таныс, алты жасар шамасындағы сүйкімді сары бала итті көре салысымен жүгіріп ол да Таняның бақшасына кіріп кетті.

– Ой, Таня-ай, Танюша-ай, несіне әуіре болып сыпырасың да жүресің осы, сенсіз де... Таня қасына сөйлей келіп жайғаса берген Несібелінің сөзін аяқтатқан жоқ. 

– Неся, (Несібеліні осылай деп атайтын) мен ежелден тазалықты сүйетін жанмын ғой білесің, Ваня да солай...

– Иә, Таня, тазалықты кім сүймейді дейсің, бірақ, өзіңе керексіз жерді... Таня сөзді тағы бөлді:

– Мен тазаламасам кім тазалайды енді, - деді басын кегжең еткізіп, бұл кезде өңінде сәл тәкапарлық пайда болғандай болды. 

– Оның жөн ғой, бірақ мына қартайған шақта әуре боп... ал мен үшін көйлегім мен орамалымды таза ұстағаным да жетіп жатыр, шүкір. 

– Айтатын сөзіңнің бәрі «шүкір», шүкір дегенде... - дей беріп еді, бұл жолы Несібеліде оның сөзін бөлді:

– Шүкір демегенде, келін бар, үкімет бар тазалайды, пенсиясын береді. – бұл жолы Несібелінің жүзінде тәкапарлық ойнап, басы кегжие қалды.

– Үкімет, пенция, келін... - деп үнсіз қалған Таняның дауысында кейістік бар еді. Несібеліні тым жақтырмай да қалды. Сосын бақшасының арғы шетіне келіп машинасын тоқтатып жатқан әлдебіреуге орнынан тұра сөйлеп солай кетті: – Арырақ қой машинаңды, гүлдерге көлеңке түсіресің, осы сендерде мәдениет жоқ, келсін-келмесін қоя бересіңдер. Анау үндеген жоқ, не аяды, не өзінікі қате болды. Көлігіне отырды да кетті. Оның үндемегені Таняға тіпті батты. Өзін бір елеусіз адам сезініп, жаны құлазып қалды. Бүйірін таянып қайтып келе жатып «Осы кейінгі жылдары адамдар менімен неге салғыласпайтын болып бара жатыр, баяғыдай беттен алатындар қайда?» - деп ойлады. 

Бұл кезде Несібелі әлдеқашан үйге кіріп кеткен болатын, ол қайтадан ескі диванға жайғасқан, бірақ, қақ маңдайдан түскен күн мазасын кетірді. Ақыры үйге кіріп ескі қол сөмкесін алып шықты да, Джорджды жетелеп жақын маңдағы Қазпоштаға қарай аяңдады. Мамыр айы болса да күн бүгін едәуір ыстық екен, кемпірдің діңкесі құрып, жол шетіндегі ағаш орындыққа отырып, демін алған болды. Жолдың қарсы бетінде құрылыс жүріп жатыр ма, абыр-сабыр, енді мұның жүйкесіне сол тиді. Ескі Хрущевкалардың арасынан бой көтерген жап-жаңа ғимаратқа қарап: – Джордж, жүр кеттік, - деді итіне, – күні-түні мазаны алып бітті мыналар, полицейге шағымдану керек. Иті оны қостаған сыңайлы, мүләйім көзбен иесінің жүзіне аялай бір қарап, жетегіне ере жөнелді. Жол бойы ары-бері қайшыласқан көліктер де мұның мазасын әбден кетірді, кемпір оларға барынша назар аудармауға тырысып алға ілгерлей берді. Ішінен «сонша қайда асығады екен осылар, жәй жүрсе болмай ма?» деп кіжініп келе жатты. 

Сөйтіп жүріп барар жеріне де жетті-ау, әйтеу. Ондағылар бұны жылы жүзбен қарсы алып: «Апа, күнде келе бермеңіз, зейнетақыны әр айдың осы күні аласыз» деп жолға салған, бұл одан кейін бірдеңе деудің ыңғайын келтіре алмай амалсыз қайтқан, қайтып келе жатып алдынан кесіп өткен ескі сары түсті «Жигули» көлігіне соғылып қала жаздаған, тоқтамай кеткен көліктің артынан айғайлап тұрғанында есіне жарықтық күйеуі Ваня түскен, түскен де сабырға келген. Ваняның да тура осындай сары түсті көлігі бар еді ғой. Таня еріксіз көзіне жас келгенін өзі де аңғармай қалды. Көзіндегі жасын саусағымен сығымдап сұртып тұрып: «Ваня-ай, Ваня, тым болмаса сен мені аямадың ғой, неге ерте кеттің, ерте кетпеуіңе болатын еді ғой» деді жол шетіндегі емен ағашына сүйене беріп. Кемпір тамағына кептелген өксікті «уһ» деп бір күрсініспен-ақ шығарды, буынын қайта тіктеп алға жылжыды. Көкірегін сағыныш кернегендей болды, үйіне қайтқысы келмеді. Енді жолдың қарсы бетіне өтті де, автобусқа отырып, кезінде күйеуі екеуі көп баратын Көкбазар жаққа қарай тартып кетті. 

Ол базардан оралғанда әлдеқашан ымырт үйіріліп кеткен болатын. Табалдырықтан аттай бере босағадағы тетікті басып, жарықты жаққанымен де Совет заманындағы шаң басқан шырақтан көңілді сергіте қоймайтын сарғыш бір нұр тарап, үй іші алакөлеңке болып тұрды. Таня әуелі айна алдына келіп сирен түсті шашбауын шешті. Қолына Ваняның суретін алып кеудесіне басып, аз тұрып үш қайтара иіскеді. Сосын ас үстелінің шетіне жайғасып, теледидар қосты, базардан ала келген оны-мұны тамақтарын жеп, жеміс шырынын ішіп шөлін басты. Теледидардағы Ресейдің бір каналынан сонау Украина жеріндегі соғыс жайлы хабар көрді. Хабар көріп отырып тағы Кольяны сағынып жылады. Сосын кереуеттен аяғын салақтатып отырып, қабырғадағы Иконаның кескіндемесіне қарап «Иә, жаратушым, ұлымды аман сақтай көр» деп күбірледі. Сиынып отырып үнсіздіктен маужырай берді, күні бойы жүріп діңкесі әбден құрыған ол енді ақырын жастығына қисая берді.

Ертесі таңға жуық Таня бірде «Ваня» деп, бірде «Коля» деп сандырақтап жатқан болатын, бірақ бұл жолы оның жүрек тұсын басып жатқан сол қолының саусақтары қимылдаған жоқ, саусақ қимылдамаған соң қолы да кеудесінен сырғып түспеген, амал не, кемпір «Уһ» деп бір аунап орнынан да тұрған жоқ еді... Тек сиыр түс мезгілі болғанда иесінің қимылсыз жатқанынан күдері үзілген Джордж ғана есікті өткір тырнағымен жанұшыра тырмалап, қыңсылай бері, қыңсылай берді...

Көрнекі сурет фототелеграф сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар