«Атамекеннің» «Ақ кемесі»

Бөлісу:

28.03.2024 1799

Оралға барған сапарымызда «Атамекен» жастар музыкалық театры қойған «Ақ кеме» моноспектаклін көру бұйырды. Елдостың ойынына назар аударғаннан бөлек, кей тұста оның ішкі қиналысынан шығып жатқан күйін ептеп сезінгендей болатының бар, өйткені, моноспектакльдің қиындығы сонда - актер жалғыз, кейбір сахнада шығып кетіп кулистің сыртында аз-кем тыныстай да алмайды, басқа біреудің тасасына жасырыну да мүмкін емес, шығара алмаған жерін жай әшейін ойнап алдарқата да алмайды, көрерменмен тікелей энергия алмасатындықтан фальш болса бірден көрінеді. Дегенмен, актер бір өзі мойнына алған  тоғыз рөліне де иландырып, жақсы алып шықты, бұл жерде актер мен режиссердің бір-бірін түсінгенінен шығар дедік, өйткені, актер режиссерге сенген жағдайда ғана режиссер актердің толық мүмкіндігін көріп, ішіндегі жаңа бірдеңесін алып шыға алады, соған күш салады ғой.

 

Сюрреализм жайында естіген емеспін

Бұл моноспектакль дегеніңіз о баста жалпы жұртшылық жаппай көруге емес, интеллект деңгейі жетілген элитарлық топқа арналғандықтан шығар, тереңдігі әжептәуір дүниелерді көбіне фестивальдарда көреміз. Өйткені бұл жанрдың кірпияздығы сонда – қойылым актердің шеберлігі мен көркем сөздің синтезі арқылы ғана шығады. Актердің әсері күшті болмаса идея көрерменге жетпейді, және актердің шығарманың реңін кіргізіп, сырын ашқан шеберлігін басқа актер қайталай алмайтыны бар. Осы себепті де моноспектакльде ойнап көрген актердің ащы тері шығады да одан әрі қарай тынысы ашыла түседі. Моноспектакльде ойнау - кез келген актердің арманы болатыны содан. Бірақ, бұл оңай емес. Бұны актер Елдос Қасымбектің өзі де растайды. "Ақ кеме" спектаклі оңай болды деп айта алмаймын, ең бірінші бұл спектакльдің шығуы -  режиссердің үлкен еңбегінің арқасында, себебі осы спектакль арқылы менің де дүние танымым өзгерді. Жалпы спектакль жайында айтатын болсақ, сюрреализм жайында режиссер Гаухар Адайға дейін естіген емеспін, сонысымен қызық, сонысымен қиындау болды. Әр алуан образдардың ішкі күйзелістері, оқырманның өзін-өзі іздеу жолындағы жан дүниесіндегі қайшылықтардың жауабы - мейірім. Режиссермен келіспеген жерім болған емес, себебі Гаухар менің жанымның кілтін тауып, жан түсіністігімен жетеледі», - дейді Елдос. Міне, осылайша V Халықаралық «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестивалінің «Ең үздік ер адам образы» номинациясының иегері, І Халықаралық моноспектакльдер фестивалінің «Хадиша Бөкеева атындағы арнайы жүлде» иегері, актер Елдос Қасымбек бір өзі тоғыз рольге ене алды. Жас актерді Оралға Атамекен басшысы Бауыржан Халиолла Абай облысынан арнайы шақыртқан екен.

 

Режиссердің сезінуі

Театр маманы емеспіз, десе де көрермен ретінде байқағанымыз - мизансцена басынан жақсы ойластырылған, режиссер үшін драманың астары маңызды болған. Декорация дегеннен бар болғаны бір ғана баспалдақ бар (моноспектакльде декорация өте аз болады, онда да символизм мәнінде). Режиссердің жазушылығы да бар ма дедік, өйткені мәтінге аса мән береді екен, әсіресе, соңғы түйін ішіңді қозғай алады, бұл жерде режиссердің өз басынан, жан-жүйесінен өткен сезімі қылаң береді. 

«Жауап табылды. Ешкім ешкімнен артып кетпесе болды да. Бірақ түнде осы ойлар жанымды жегідей жейді», - деп кейіпкер зар еңірейтін жерінен бастап диктофонға түсірген едік. «Бұлардан қашып құтылуым керек, сонда олар мазалап үлгермейді. Достарыма барам. Оразқұл болғым келмейді» деп әлденеше рет қайталайды кейіпкер. «Қашып құтылам. Оразқұл мен Бекейдің арасында бала болмаса да бақытты өмір сүруге болады ғой. Арадағы бір балаға мейірін төге алмаған жүрек жанында жақындары болғанның өзінде жүректе жоқ мейірім төгіле ме?» деп сұрақ қояды да, ойын сабақтай түседі: «Бала бұл өмірден мейір таппаған соң өзінің мейірімді әлемін тауып алды емес пе, әр адам сол өзінің қиялындағы мейірімді әлемінде бақытты. Жаны мейірім көрмеген бала ашуға ашумен жауап беретін Оразқұл болады не мүлдем жауап бермес... тәніңді сүйреп бүгін де, ертең де жұмысқа барасың, қайтадан келесің, қайтадан барасың».

«Құтылдым, құтылдым», - деп масаттанады бір кезде кейіпкер. Өзін сабалап, жазалап, өзімен арпалысып: «Мен Оразқұлдың нақ өзімін, - дейді бір кезде кейіпкер. Біздің әрқайсысымыздың ішімізде бір Оразқұл бар. Жан-дүниемді махаббат пен мейірімге толтырам деп шештім, сөйттім де қайдан шыға келгені белгісіз, достарына қадірі кеткен, туыстарынан мейірім көрмеген бір қайыршыны кезіктірдім. Құдды бір Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Момын шалды өмірде кезіктіргендей қатты қуанып кеттім, жоқ, мен оны аямауым керек, мүсіркемеуім керек. Мен оның жанына жақындап: «қалтамда бары екі 500 теңге, біреуі саған, ал мынау маған» дегенде оның жүзі қалай мейірленіп, күнге күйген беті сұлуланып қоя берді! Өмірімде сұлу қайыршыны бірінші рет кезіктірдім! Неткен рахат сезім! Мен «Ақ кеме» не жайлы деуші едім, мейірім жайлы екен! Жасасын мейірім!» - дегенде осы жердегі спектакльдің психологиялық жүгін күшейте түсетін музыка бірге жетіп, бойың тоңазып кетеді.

Актер осы бір мұңлы, финалы қайғылы болғанымен –  ішінде бір жарық сәулесі бар дүниені жеткізе алды. Ол жарық - баланың сыртқы дүниеге мүлде қарама-қайшы, нәзік, поэтикалық  әлемі ғой, ол әлемде тастар сөйлеп, шөптер балаға жылы жымиып, бұлттар адам ойын оқи алатын... Адам біткенді қорғайтын Бұғы-Ана туралы әфсанаға шүбәсіз иланған баланың нәзік, кіршіксіз жаны туралы шығарма санамызда қайтадан жаңғырды. Бала әлдебір жылу мен мейірімді сол Бұғы-анадан сезінгендей болғанымен, ол мейірім баланың өз ішінде еді.  Баланың әкесімен кездесетін арманы оның ішкі әлемінің осылай қалыптасуына әсер еткен. Ертегі әлем мен шынайы өмірдің қайшылығы өзінің әйелі Бекейді бала таппағаны үшін жек көретін, әйелінің туыстарын да қуырып бітетін тиран Оразқұл мен момын шал арасындағы қарым-қатынас арқылы көрінеді. Ақыры Оразқұлдың Момынды маралды атуға мәжбүрлеуімен баланың тап-таза әлемі бір-ақ күйрейді. Талқан болады. Баланың аппақ әлемі ғана емес, біздің өзіміз жасап алған шындығымыз түгілі, адамның өмірі де  соншама нәзік, оны жүрегі тастай суық адамдар бір ауыз қатты сөзімен, оқыс қимылымен тас-талқанын шығара алатыны жайлы ойлап кеттік. Біз Ш.Айтматовтың философиялық бай палитрасын көрсете алған қойылымды көрдік.

 

«Тоғыз образ түгілі өзінің сахналық келбетін жасап, табу қиын болды» 

Қойылымның қоюшы режиссері әрі инсценировкасын жасаған «Асанәлі» сыйлығының иегері, Грузия мемлекетінде өткен Н.Думбадзе атындағы Халықаралық театрлар фестивалінің «Үздік режиссері» – Гауһар Адай.  Гауһар Адай мекеме директоры Бауыржан Ергенұлының ұсынысымен Астана қаласынан арнайы шақыртылған. Қазіргі уақытта жас ұжымның жұмысын кәсіби тұрғыда қалыпқа келтіру үшін көркемдік жетекші, әрі қоюшы режиссер болып жұмыс істеп жатыр. Біз режиссермен шағын сұхбат құрған едік.

- «Ақ кемені» не үшін таңдап алдыңыз, ескі дүние арқылы жаңа ой айту деген мақсаттан бөлек, не нәрсені бірінші планға шығарғыңыз келді? Актердің бір өзі бірнеше рольді алып шығатыны өз алдына, атмосфера жасау арқылы көрерменді ұстап отыруда режиссер нені басты назарға алуы тиіс болды? 

- Шығарманы әуелден білетінмін. Мектеп кезінен. Бірақ аса мән беріп оқымаған болуым керек. 2021 жылы Оралда болған кезімде кітапты тағы да қолыма алып, таңға дейін мазаланып отырдым. Оқығаннан кейін әсерімнен шыға алмай, шығармадағы кейіпкерлерді өзіммен салыстырып, «бүгінгі күнде бұл адамдар кімдер және мен не істер едім» деп ойладым. Көз алдыма елестетіп, «спектакль етіп қойса Момын шал кейіпкерін кім ойнар еді?» деп ойладым. Сол кезде Елдос Қасымбек көз алдыма келе қалды. Ол кезде Елдос Семейде “Дариға-ай” жастар театрында жұмыс істейтін. Мен 2018-де аталған театрда жұмыс жасаған едім. Содан білемін. Актерлерге кейіпкер, кейіпкерге актер іздеп жүреміз ғой. Сондай әсерден шығар, Елдостың да өмірінде қиындықтар болып жүргенін энергиясынан сезетінмін. Содан Елдосты ойлап отырып, осы моношығарманы таң атып, күн шыққанша бір деммен жазып шықтым. Спектакльді қоямын деп ойламадым. Тек жазып қойдым. Зерттеулермен қоса сұрақтарым да көбейді. Моношығарманы соңын жаза алмай, бітірмей тастаған едім. Немен бітетіні маған жұмбақ болды. Шығарманың соңы сұрақтарыма жауап болуы керек деп ойладым. Содан Хадиша театры көшесінің бойынан моношығармада айтылғандай Момын шал кейіпкеріне ұқсайтын қайыршыны көрдім. Расымен де қолымда бары екі бес жүздік еді, «Мен оны мүсіркемеуім керек, жаны жаралы жанды сол күйінде қабылдап көрейінші» деп ойладым. Ары қарай не болғанын моноспектакльден білесіз.  Ал 2021 жылы Семейдің “Дариға-ай” театрына қайта жұмысқа барғанымда осы “Ақ кеме” шығармасын ұсындым. Алайда бұрын басты образ ойнап көрмеген актермен моноспектакль қоюымды басшылық аса қабылдамады. Күдікпен қарауы да заңдылық қой. Себебі моноспектакльді тәжірибесі мол, сахна заңдылығын игерген, жан-жақты кейіпкерлерге оңай бара алатын, актерлік шеберліктің иірімдерін оңай алып кете алатын актерге қойылады ғой. Ал Елдос Қасымбектің сол уақытта басынан өтіп жатқан жағдай сөзбен жеткізу мүмкін емес жағдай еді. Жан дүниесінде, өмірінде болып жатқан құбылыстардан осы моноспектакль арқылы жеңіп шықса екен дедім.  Рас, тоғыз образ түгілі өзінің сахналық келбетін, жасау, табу қиын болды алдымен. Елдос бір аптаға жоқ болып, екеуміз екі жақтан күйзеліске түстік. Ер адам болған соң жанында не болып жатқанын да біле алмайсың. Тек сезіп жүрмін. Бізге үлкен көмек болған Елдостың жолдасы, ол үйден қолдау көрсетсе, театрдан актерлер, әйтеуір Елдос дайындыққа қайта оралып, дайындық солай жалғасын тапты. Сәуір айында премьерамызды жасадық. Бірақ ойымыздағыдай болмады. Содан «Балауса» халықаралық фестивальға қатысып «ең үздік ер адам» номинациясын алдық. Алайда әлі екеуміздің ойымыздағыдай болмады. Сөйтіп Оралда жүріп шыққан моношығарманың әсері де республикалық моноспектакльдер фестивалінде өз көрерменімен қоса, актердің өз әлемі табылғандай болды. Әлі күнге дейін айтып жүреміз. Сол фестивальде ойнаған әр образына енуі бір жұмбақ құбылыспен ауысып отырды. 

- Сахнадағы баспа, жалпы декорация турасында да айтып өтіңізші?

- Ал енді сахналық безендіруге келсек, Гүлдана Алинамен 6 жыл бойы  шығармашылық байланыстамыз. Расын айтсам, суретшімді тек сценографияда немесе киім суретін ғана емес, актермен жұмыстану барысында да, кейде спектакльдің тақырыбы жайында, не айтқым келетіні жайында, зерттеу жұмыстарыммен бірге ой сұрап, идея алмасамыз. Сондықтан суретшімді тек суреткер ретінде ғана біліп, тандемдік жұмыстан бөліп-жарып жатқанда аса қатты ұнатпаймын. Еңбекті бағалағанды жөн көремін. Ал «Ақ кемедегі» баспа, біздің сыртқы  өміріміз әрі іштегі күйіміз сияқты бір көтеріліп, бір түсіп жүреміз. 

- Көркем дүниедегі сюрреализм белгілі, ал бұны моноспектакль түрінде шығару яғни сахнаға лайықтаған кезде неден қиналдыңыз?

- Баспаның басына Момын шал, Кемпір, Оразқұл, Бекей кейіпкерлері шықпайды, бала ғана шығады, сосын Бұғы ана. Ал Тайпаның басшысы адамдар туралы айтқандағы сөзі бар. Яғни Адам туралы айтылған негізгі шындықпен шексіз Мейірім ғана баспаның басында, қалған кейіпкерлердің өмірі де, сөздері де баспадан төмен. Осындай философиясы да бар. Арқан біресе құдыққа, біресе бөренеге, біресе мылтыққа, біресе көк пен жердің арасын меңзейтіндей жолды да айтады. Біз шын мәнінде көрерменге біздің суреткерлікті дұрыс оқыңыздар деп талап етуден аулақпыз. Сондықтан көрермен өз қиялымен суреттерді оқып жатады. Бұл, керісінше, қиял суреттері арқылы көрерменмен тілдесу болар еді. Сол үшін «негізінде олар мынаны түсіндіріп тұр» деп айта бермей, көрерменнің толық суретті әсерге қалдырайық. Гримде, қолдағы табандағы қызыл түс те көрерменге қойылған жұмбақтар, шешуін айтпай-ақ қояйық. Қазір уақыт та, заман да басқа. Ойымызды тазалап, түйсікпен жұмыстану процесі басталған уақыт мен үшін. Сондықтан жастар театрының жас актердің не актрисаның жастық әсермен, оймен, заманмен тілдесе отырып моноспектакль неге қоймасқа? Оның да өз айтары, бөлісер сыры болар, иә, ол үшін актердің де жан дүниесі айтар әңгімеге бай, шеберлігімен қатар адам ретінде де ой тереңдігін талап етеді. Дайындық, ойлану, жан дүниесімен толғану маңызды. 

- Әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рахмет. 

 

P.S. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында кастинг өтіп, театрға жаңадан әртістер қабылданған. Жақында ғана «Атамекен» жастар музыкалық театр ұжымы қазақтың біртуар тұлғасы Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» атты музыкалық спектакльн көрерменге ұсынып, ел көңіліне ерекше әсер сыйлағанын білеміз. Сонымен бірге, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілердің одағының мүшесі, Астана қалалық «Жас суретшілер одағынының» төрайымы Гүлдана Алина осы Атамекен театрында қоюшы-суретші және киім суретшісі қызметін атқарады. Театрдың өз киім тігетін бөлмесі мен декорациялар дайындайтын цехы да бар екен. Қойылымға қажетті киім тігу мен сахна безендіру жұмыстары осы екі бөлмеде жүргізіледі.

 

«Биылғы түлектерге қолқа салсақ деген ойдамын»

«Атамекен» өнер ордасының директоры  Бауыржан Халиолламен аз-кем тілдескен едік. 

 

- Сіздің Атамекен өнер ордасы бір өзі бірнеше өнер түрін жинақтап көрерменге ұсынады екен, бұндай республикада тағы қай облыста бар екенін білмедік, өткенде Е. Хасанғалиев туралы қойылған қойылым жайлы әлеуметтік желіден көргенде  «шамасы сахнасы, акустикасы келіскен театрлары болып тұр ау» деп бір ойлап қойған едік, актерлер сапы да құралып жатқан сияқты ғой. 

 

-  Мұндай ұжым тағы басқа облыста бар-жоғын білмеймін, жоқ ау, шамасы. Ал, осындай дыбыс құрылғылары мен сахнасы келіскен сарай анық жоқ. Жастар музыкалық театрының ашылғанына үш жылдай болған, бірақ жұмысы тұралап қалған. Актёрлер негізінен жергілікті жерден. Семейден бір жігіт келді, Елдос деген. Енді Астана, Алматыдан биылғы түлектерге қолқа салсақ деген ойдамын.

- Репертуарға қатысты идея кімнен шығады, көркемдік кеңес бар ма?

 - Көркемдік кеңес жоқ, режиссёрдің ұсынысымен кеңесіп, ортақ талқылаймын. Гауһар Адайдың өзін Астанадан шақырып, туған жеріңе еңбек ет деп екі күн үгіттеп, асты-үстіне түсіп әрең алдырдым. 

- Келешекте осы театр жұмысына қатысты жаңа жоба-жоспарларыңыз қандай? 

- Бұл бірнеше ұжымның басын қосқан мекеме болғасын театрдың болашағы өзіме де бұлыңғыр. Себебі бірыңғай спектакльмен шұғылданып кетсек, эстрадалық-симфониялық оркестр, этно-фольклорлық ансамбль, ерлер мен қыздар кәсіби би ұжымы, камералық хор, жеке солистер... оған қоса ақпарат және жарнама бөлімі, шығармашылық бөлім, шаруашылық бөлім мен ішкі құрам бар. Одан бөлек күнделікті өтіп жататын ақылы, ақысыз шаралар бар, бәрінің жұмысын қатар алып жүру керек.

- Бұрындары кәсіби театрлардың өзі декорация, костюмге бөлінетін қаражат аз деп қынжылатын, сіздерде бұған қатысты мәселе  қалай шешіліп отыр?

- Ал, жаңағы қаржы жағын осы ақылы қызметтен ауысқан кезде әзірге лекерлеп отырмыз. Өйткені жылына бірнеше қойылымға қаржы бөлдіру үшін тек бір сала яғни театр болуы керек. Тек қана жастар театры болсақ, әрине, сөз басқаша болар еді.

- Жауабыңызға рахмет.

 

Жігіттер би ансамблі де бар

Ақпарат бөлімінің әдіскері Алтынбек Ермекқалиевтің берген мәліметіне қарағанда, «Атамекен» өнер ордасында бірнеше шығармашылық ұжым бар. «Жастар шығармашылығы орталығы жанынан құрылған шығармашылық ұжымдардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық «Атамекен» эстрадалық-симфониялық оркестрі. 2010 жылы құрылған оркестрде әр жылдары ҚР Композиторлар одағының мүшелері, танымал өнер иелері Есболат Абдулов, Александр Шевелев және дарынды кәсіби музыкант Мәдениет Меңдіғалиев, Асхат Хасанов дирижерлік қызмет атқарды. Құрамы 40-қа жуық  кәсіби  музыканттан тұратын оркестрдің Бас дирижері – Никита Говоров. Оркестр репертуары 200-ден астам Ресей және қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік классикалық шығармалармен толықтырылған. 2009 жылы «Қазіргі заман биі» шығармашылық шеберханасы өз жұмысын бастап, оның құрамына «Әдемі» би ансамблі және «Step up» би ансамблі кірді. Екі би ұжымы да қаламызда өтіп жататын түрлі мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, үлкен сұранысқа ие болды. Қазіргі таңда өнер ордасында Ақмарал Тасболатова жетекшілік ететін  «Атамекен» кәсіби би ұжымы, мамандығының шебері Сұлтан Даутов жетекшілік ететін «Атамекен» жігіттер би ансамблі бар. 2018 жылы Жастар шығармашылығы орталығы жанынан өңірдің дарынды өнерпаздары жиналған жаңа шығармашылық ұжымның құрылғанына Жайық жұрты куә болды. Ол Тимур Меңдіғалиев жетекшілік ететін «ARNAU» этно-фольклорлық ансамблі болатын. Әлемдік деңгейде ұлттық музыканы, қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық саз аспаптарын насихаттау – ансамбльдің басты мақсаты. Алға қойған мақсаттарына жету жолында «ARNAU» этно-фольклорлық ансамблі Еуропаның Австрия, Словакия, Венгрия, Түркия мемлекеттеріне өнер сапарымен барып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап келді. Ұжымның қазіргі атауы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі.

2021 жылдың ақпанында «Атамекен» камералық хорының негізі қаланып, хормейстері Күнсұлу Көптілеуова атанды. Ашылғанына көп болмаса да аталмыш өнер ұжымы өңірдің барлық ауқымды мәдени-көпшілік шараларына қатысып келеді. 

«Атамекен» камералық хоры 2022 жылдың қараша айында «Бір жан. Бір дем. Бір әуен» атты концерт беріп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Бұл ұжым негізгі миссиясын сақтай отырып, «Атамекен» вокалдық-эстрадалық ансамблі болып өз жұмысын жалғастыра беретін болады» дейді «Атамекен» өнер орталығының ақпарат бөлімінің әдіскері Алтынбек Ермекқалиев.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар