Ардақ Нұрғазы. Шығыс пен Батыстың поэзиясы...

Бөлісу:

11.04.2024 1641

Қолыңыздағы кітапқа («Тас баспалдақты көше) өлеңдермен қатар екі поэмам кіріп отыр. Поэзия әлемінде модернистік сана келгеннен кейін, поэма деңгейінде көлемді шығарма жазу үлкен сынаққа дөп келді. Бастысы, көлемді шығарманы барлық жағынан шағын өлеңнің бойындағы тартымдылық деңгейіне жеткізу мақсат болды. Бірақ, әлем поэзиясында өткен ғасырдың алғашқы ширгінде жасаған Батыс ақындарының туындыларынан тыс, бұл талаптың шартын орындай алғандар өте аз ұшырайды. Міне, осындай алғышарт астында, көлемді шығарма жазу поэзияда өз деңгейіңді байқап көрудің бір тәсіліне және бас тарта алмайтын міндетке айналды. Кітапқа кірген екі поэмам туралы мен кезінде былай деп ой түйіппін:   

1. «Поэзияның тілі оны өмірге әкелген ақынның рухани болмысымен тіке қатысты болады. Ақын поэзияның өзіне ғана тән тілін іздеп қана қоймайды, өзінің рухани болмысын да бірге бастан өткереді. Ақын өзіне тән поэзия тілін тапқан сайын өзінің рухани болмысына соншалық жақындай түседі. Ақынның тілі оның рухани болмысының бір көрінісі. У.Стивенсонның сөзімен айтқанда «қиялдың шегінде тұрған сол ағаш» деуге болады.

Поэзия буын мен бунақта төбе көрсетіп, тармақпен тыныстас өмір кешеді. Содан да буын, бунақ, ырғақ, ұйқас (басқы, ортанғы, аяққы) тармақ, т.б. бәрі бір ғана поэзия тілі үшін жұмыс істейді. Поэзия   сөз құдіретіне саятын рухани болмыстың ағысында салыстырмалы тұрақтылықты іздеу. Сәт сайын өзгеріске ұшырап тұратын рухани дүниенің ілездік бір сәтіндегі болмысын ұстап қалып, бейберекет әлемді өзгеше тәртіпке шақыратын поэзия қайталанбайды, өзгеге көшіруге келмейді.

Дүниеде қатып қалған ештеңе жоқ. Кез келген формашылдық өнердің қас дұшпаны. Өлеңдегі формашылдық сезім мен ойдың арасына сына қағып, поэзия тілін әлсірете отырып таным аясын тарылтып жаттандылыққа, көшірмешілікке, қайталауға, қарабайырлыққа жол ашады. Қала берді идеологиялық сандырақтар мен әсіре қызыл саясаттың қолшоқпарына айналдырады.

Менің поэзиям жоғарыдағы және басқада түсініктердің үстінде тұр. Төмендегі шығарма («Құз басындағы құйын») «Саябақ» (2003 ж.) поэмасынан кейін өзімнің жан-дүниемді екінші рет төгіп-шашпай қағазға түсіруге жасаған ұмтылысым деуге болады. Бұл да «аяқталу һәм басталу».

2. «2007 жылы «Шетел әдебиеті» газетінің бірінші нөмірі жарық көрген тұста мен осы поэма («Саябақ») туралы мынадай түсініктеме жазыппын: «Адамзат жаңа мыңжылдықты алапат соғыспен, қан төгумен бастады. Жырдың алғашқы  "Бақша-Алаң  симфониясы" АҚШ пен Ирақ кескілесіп жатқан, адамзат осы заманғы соғыстың не екенін көзімен көрген күндерде (2003 ж. көктем) жазылды ( бұл соғыс дәл қазір де жалғасып жатыр). Содан да жырдың өн бойында соғыстың елесі бар. Поэманың  жазылуына Абайдың (Ибраһим ҚҰНАНБАЙҰЛЫ) «Сегізаяқ» өлеңінің мына жолдары әсер етті. Ол Жырдың басталуында айқын сезіледі.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас - бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

...

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным! 

Сондықтан да поэма жартаспен басталып, жартаспен аяқталады. Соңғы шумақты шығарманы ақырластырып тұрған нүкте деуге болады. Бұдан тыс, поэмада Грекия, Рим, Шығыс халықтары, сондай-ақ, қазақ халқына тән мифтер көмілген: Сақ даласын жаулауға келген Парсы патшасы Кирдің басы туралы аңыз, ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз, философ Сократтың өлімі туралы аңыздар, т.т. 

- Автор

2009 жылы поэма менің «Жалған бостандық кітабы» жыр жинағыма кірді. Кейін «Жеміс ағашының түбінде» атты мақаламда поэманың тарихы, айтылуға тиіс жайлар туралы жаздым. Он жылдан соң қарап отырсам, бұл шығарма осынау жылдарда менде қордаланған поэзияның 1000 жылдық даму тарихының жинақталуы және қазақ елінің Тәуелсіздігімен біте қайнасып жатыр екен. Алдыңғы қасиет болмағанда шығарма жаңа тыныс пен өзіне тән эстетикалық біртұлғалылыққа жете алмас еді. Ал Тәуелсіздік ұғымы болмағанда шығарма рух биігіне көтеріле алмас еді.

Сонау Джалаладдин Румидің жырларындағы ішкі иірімге тартатын тілсімдіктен бүгінгі П.Сыллан поэзиясының шүңетіне дейін өлең бір арнада қабаттасқан үш ерекшелікпен ақты. Бүгінгі поэзияның биігі сол ағыстың тікелей туындысы. Осы тұрғыдан алғанда поэзия өзгерген жоқ, тек оның қабат-қабат пердесі ашылумен ғана келеді. Поэзияның бүгінгі заманға сай талғамы болмағанда, біз өткеннің бұл қасиетін бұлайша анық сезіне алмас  едік.

Өз басым поэзияда ақын кемелділікке құлаш ұруы керек, бірақ, дәлдікке қашанда құрметпен қарауы тиіс  деп ойлаймын. Бұл мен үшін жазылмаған заң.

Әсілінде, нағыз поэзия оқырманды парасат кеңістігіне бастайды. Мұндағы «парасат кеңістігі» адамзаттық биік құндылықтар мен әдебиеттің даму арнасында шөкпей аққан ұғымдармен байланысты дүние. Жоғарыдағы екі қасиетті бойына сіңіре алмаған немесе одан алыс жүрген адамды мен түсінігі жоғары оқырман дей алмас едім. Кемел талғам болмаған жерде адам қашанда өзі жасаған дәуірдің шеңбері ішінде ғана ойланады, өнерді сол деңгейдегі түсінікпен өлшейді. Осы тұрғыдан алғанда «Саябақ» поэмасы оқырманның таным-түйсігі мен білім деңгейіне салмақ салатыны тіпті, айна болатыны анық».

Меніңше, жоғарыдағы ой қортылып келіп қолыңыздағы кітаптың мән-мағынасын ашады деген ойдамын. 

Бұдан тыс, кітапқа соңғы жылдары республиалық баспасөзде жарық көрген қазақтың модернистік поэзиясын зерттеуге байланысты мақалаларым еніп отыр. Сондай-ақ, Шығыс пен Батыстың көрнекті екі ақынының аға буын ақындар мен поэзия дәстүрі туралы жазған еңбегінің аудармасы берілді. 

21.08.2014 ж. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар