Ағыраптағы аты жоқ адам

Бөлісу:

15.04.2024 2505

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері, «Текес теріс ағады», «Көршінің қызы», «Қарағайлы күмбез», «Жылан кегі» атты кітаптардың авторы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романының таныстырылымы өтті. Оған белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, БАҚ өкілдері, оқырмандар   қатысты

«Ағыраптағы аты жоқ адам»  Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жарық көріп отыр. Кітаптың жарық көруіне «Белес» құрылыс компаниясының басшысы Махат Төрәлі демеушілік жасаған. 

Атсыздық бұл кейіпкерден гөрі символ

Гогольдің «Вий», Лесковтың «Левша», Дафна дю Морьенің «Ребеккасындағы» адам атсыз еді ғой, әдетте шығармадағы аты жоқ адамдар жұмбақтау келеді, жүріс-тұрысы құпия, сөзі аз, бірақ әрекеті көптеу. Кейде аты жоқ адам басқалар сияқты жалпы ережеге бағына бермеуі, еркін, өткен өмірі көп оқиғаға толы, бірақ сонысын жасырған адам болуы мүмкін, бұл жағынан келгенде роман кейіпкерінің де құпиясы аз емес. Сондай-ақ, шығармада адамның атсыз болуы – жайдан-жай емес, бұл символ десе болады. Кейде біз өзара ымыраласып, кейбір болған оқиғалар туралы мүлдем ұмытып кеткіміз келгендей, ол туралы айтпаймыз. Ол оқиғалардың аты жоқ біз үшін, айтсақ та сыбырлап айтамыз. Сол атсыз адам біз өзіміз болуымыз да мүмкін, өйткені бұл қоғам үшін біздің өзіміз де, атымыз да маңызды емес.  Біз кейде сол жадымыздан өшіргіміз келетін атсыз оқиғалар секілдіміз. 

Біздің үрей

Роман бізге белгілі саяси, әлеуметтік маңызы бар оқиға арқылы қорқыныш пен үрей жайын да қозғайды. Адам неден қорқады, мысалы, мен өз басым деменциядан қорқам, қартайып, өзіңнен дәрмен кетіп жәутеңдеп, бейшара болып қалғаннан, ұзаққа созылатын науқасқа шалдығып, әр сағатты азаппен өткергеннен қорқам. Ал мына романды оқып шыққан соң өзіңдікі деп жүргенің шын өзіңдікі ме, басқаныкы болып шықпай ма, содан және өзіңдікін қорғаймын деп жазалы болып, ақыры түрмеден бір шықпаймын ба деп содан қорқу керек екен деген ой келеді. 

Бұнда біздің әдебиеттегі ауыр сұрақ –  баспана мәселесі бар, Достоевский айтатын үйсіз кезбелер бізде әлі күнге азаймай тұр. Бұл сонау замандағы Булгаковтың «Иван Бездомныйынан» беріде Кәдірбек Сегізбаевтың «Біз қалада тұрамыз», Асқар Алтайдың «Пропискасы», Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» дегеніне дейін жалғасып келеді... Мысалы, Достоевскийше қарасақ, адам үйсіздік арқылы өзін, тамырын, өзіне, ертеңге сенімін жоғалтады, бүкіл әлеуметтік қиындық, мехнаттың бәрі содан басталады. Ал Булгаков керісінше позитив ойлайды, ол адам үйім бар деп  алданбауы керек, өйткені ол да алданыш дегенге барады. Ал автор Қанат Әбілқайырдың бұл жерде позициясы басқа, ол оны қалай қарастыруды оқырманға қалдырады.  

Романда бір баспана үшін өмірлері өзгеріп, тіпті быт-шыт болған бір отбасы мен өз құқын сұраған адамдар тағдыры көрінеді. Негізгі бұл оқиғаға қатысты алғашқы шындық уағында Ж. Қуанышалиннің аузымен айтылды: «жерді заңсыз басып алды деп билік халықты айыптады, негізгі кінәлілер жерді сатқандар» деген еді ол кісі. Тіпті мәселе шешілетін кезде де ойламаған жерден су басып, алпыс үй суға кетті. Билігі бар, пәрмені жүретіндердің бүгін беріп, ертең тартып алатын мүмкіндігі мол екенін біз әруақытта қаперімізде ұстауымыз керек. Өйтуге басқа себеп табылуы мүмкін, мысалы, күні ертең ақшалы латифундист сен отырған ауданды сатып алып, мына жер менікі, босат деуі мүмкін. 

Шығармада белгілі бір оқиғаға қатысты деректер жинақталып, драматизм беру үшін кейбір оқиға ойдан шығарылған болуы мүмкін, бірақ, қалай болғанда да әр кезеңдегі әлеуметтік-қоғамдық қозғалыстардың себеп-салдары авторларға қызық болуы керек, өйткені осыны беру арқылы адамдардың мақсат жолындағы әрекеті, ішкі жан әлемі көрінеді. Керек болса келешекте халықтың сол кезде өз үйін қалай қорғағаны жайлы сол оқиға экранға фильм болып шығуы керек. Роман осы оқиғаға автордың және қарапайым адамның көзқарасын білдіреді. Бұл батырлық жайлы емес, патриоттық пафоссыз, керісінше құлазуы бар. Оның кейіпкері кішкентай адамдар, жазалау машинасына басылған, өлмесе де қайтып қарсылық таныта алмастай жарақаттанған қауқарсыз адамдар. Неге бұлай болды, адамдар неге қиналды? Үйін қорғағаны үшін осылай жазалауға бола ма? Адамдардың өмірін құртып, есінен айырғысы келетін жүйе қандай жүйе? Жол арасынан біреулердің мұңды жанарын көресің, алақ-жұлақ етіп шошынған қарасын байқайсың... Ол тек Елдеске қатысты емес. Оқиға кейіпкердің өзін шиеленіс, қарсылық кезінде кінәлі деп сыртынан көрсетіп жіберген інісін іздеуінен басталады. «Бетіме қалай қарар екен, сол кездегі қылығына өкінетін шығар» деп келсе, інісі көп жылдан бері  жындыханада болып шығады. Елдес жындыға айналыпты. Елдестің көргендері, бала кезден бергі көз алдынан өткен көріністер, жалғыз қалғанда көзіне қос көрінуі, әпкесінің баласын бағып жүргенде оны пойыз басып кеткені, үйлерінен қуылып, тергеуге алынып, жаны қиналғанда туған ағасын сатып жіберуі – оның бәрі санаға салмақ. Адамның санасы жұмыртқаның қабығынан әлсіз.Осы жерде айтайық, автор жүйке ауруының әртүрлі қалпын әжептәуір жақсы зерттеген, сырқаттың ішкі-дүниесін жақсы жеткізеді, мамандармен байланыста болғаны көрініп тұр. Жалпы адамның есі ауысуының да мәні болады. Кейде біз бұл аурудың белгілерін осы қоғамның өзінен байқап қаламыз. Мысалы, Пушкиннің «Пиковая дамасындағы» Германның аузына келгенді айтып кететіні бар емес пе еді, біздің де кейде көп әңгімеміз осыған ұқсайды.  Жалпы сандырақтау, биополярлық ауытқу, шизофрения, мидың ауруы дегендер кейде инфекциядан, уланудан да болады. Біздегі әсіре діншілдер, әсіре патриоттар, Құдаймен сөйлесетіндер, өте мақтаншақтар, аса дарақылар, өзін көрсетпесе ұйықтай алмайтындар, сайқымазақтар сондай белгісі бар адамдар, әлдебір идеяға берілгеннен мына нақты өмірді сезінбейтіндер қанша? Біз кейде Чеховтың «Человек в футляре» шығармасындағы Беликов сияқты үрейленіп жүреміз. Федор Сологубтың («Мелкий бес») билікке қарсылығы үдеген, өзімен-өзі сөйлесетін Передоновы сияқтылар да толып жатыр және олардың бәрі бірдей жындыханада емес. 

Кейіпкер сүйген қызы Әнияның әкесімен кездескенде Қабыл ағай оған:  «шешеңді, әкеңді неге іздемейсің?» дейді. Кейіпкер шынымен де оларды неге іздегісі келмейді, әкем мен шешем бола тұра он төрт жылда бір жоқтамады деген өкпеден басқа, ол әуелі баяғы үйлі болдық деп қуанып, артынан өмірін талқан қылып жіберген оқиға өткен Нұршықты көрудің өзіне қиналады. Осы естелік арқылы кейіпкерлердің жанталас кешкен қалпы көрініп, біздің адам туралы түсінігімізді өзінше өзгертеді. Шынында аты жоқ адамның сүйенері ешкімі жоқ еді. Әкесінің реал дүниенің көп мәселесін шешуден қашып, біржола дінге кеткені, бала-шағасының үстіне бомба түскенде де, «олар Аллаһ жолында шаһид болды ғой» деп өзін алдаусыратқан бейшара күйі... шешесінің басқа күйеуге тиіп, одан көрген басқа балаларымен өзін жұбатып күн кешіп жатқанынан оның өзінен де, өткен шақ туралы естеліктен де қашқанын аңдайсың. «Сен мені іздемедің» дегенде: «сені өте қауіпті қылмыскер деп жолатпай қойды емес пе» деп, ұлын сұрастырып ана-мұнда барғандағы жиналып қалған пойыз билеттерін шашып тастайтыны өзіме қатты әсер етті. Ананың аты ана, оның мейірімнен жұрдай болуы шынымен де мүмкін емес, бірақ, автор осыны соңына дейін сақтады.  Бір қарағанда жеке басының бақытын күйттеп кеткенімен, әділет іздеп,  қолынан келгенді жасаған, ұлын іздеп анда-мында барған, аштық жариялаған, бірақ, бір түйсікпен бір күні бір жақсылық боларына сенген ана екен. Автор ең соңында осыны айта келіп, қандай болса да ананың бейнесін осылай жақындатып әкеледі.

Үмітсіздік пен сәуле

Үмітсіздік ең күрделі эмоциялық жағдай. Кейіпкердің Әлияға барып жүріп Әнияның әкесімен жолығып қалуы, Әния екеуінің ұзақ жылдан кейін соңғы кездесуі, бір-біріне қарастары, әйелдің көзіндегі үмітсіздік пен ыза... Әкесін сот жазасынан алып қалу үшін (өмірін қайта бастауы үшін) өзін құрбандыққа шалған әйелдің тағдыры әр нәрсені ойлатады. Әкесін құтқару үшін ақша керек болды, оны Әния тапты. Тәнін сатып тапты. «Аты жоқ адам» Әнияның сүйгені еді, екеуінің арасында сезім болған,  ол дағуатшыларға ілесіп жайына кетіп, одан әрі үйін қорғап шатылып, басына іс түсіп... сол кезде екіқабат болып қалған Әния баласын балалар үйіне өткізгенімен, тәнін сатып ақша тауып жүрсе де баладан көз жазып қалмапты. Оны шығарма соңында бір білеміз. Оның диагнозы асқазан рагі. Психосоматикада асқазан рагімен күйзеліске түскен, үмітсіздікке ұшыраған, алдынан бір жарық көре алмаған, әбден түңілген, күресерлік қуаты қалмаған адамдар ауырады дейді. «Балаң шетелдіктерге сатылып кетіпті, мынау адресі» дейді хатында әл-дәрмені таусыла келген әйел. Әрине, бұл адамның кеудесін қысып жіберетін жағдай, десе де шығарманың «балаң бар, тірі, осындай жерде» деп осылай аяқталуының өзі титімдей сәуле береді. Ол сәби – жаңа адам, мүмкін, жаңа үміт, елдің жақсылыққа бастар жаңа кезеңі болатын  шығар. 

Міне, осылай, басты кейіпкердің өмірбаяны алғашында құпия көрінгенімен, бірақ, роман басталғанда кері шегіну арқылы оның өмірімен таныса береміз. Рас,  «аты жоқ адамның» жүріп өткен жолының динамикасында кейде өмірдің өзі емес, имитациясы көрінеді. Ол бір жағы мына қоғамға артық адам. Бұл жайлы әдейілеп айтылмайды, бірақ, ол баяғыда бір кінәлі болғаны үшін әлі күнге төменшіктеп тұратын айыпты ролінен шыға алмаған адам. Бұның бәрі адамды қадірлемеуден болып отыр, қоғамның басты құндылығы адам дегенге бізде күледі, соцреализмнің әдемі сөздері ғана деп қабылдаймыз, ал шынында осы төменгі, қарабайыр қатынастан жаны кірлеген адам аз ба? Кейіпкердің бастан кешкенін оқып отырып, баяғыда бізге оқытқан Обломовыңыз (нақты өмірден шаршап қиялға, ұйқыға кеткісі келетін) мына азапты көрсе қайтетін еді дейсің. Біздің аты жоқ кейіпкер күрескер емес, ол Раскольников сияқты қоғамдағы әділетсіздік пен жетілмеген өмірге келіспей, өзінің теориясын ойлап тапқан адам болса, оның арғы тағдырына сенген болар едің, бірақ ол тағдыр жазғанға көнген біреу. Бірақ осы күнге жетудің өзі оған қаншама азаппен келген, он төрт жылы тұйықталған. Он төрт жыл түрмеде отыру оңай емес, ол бөлектеніп, саяқ жүріп, сыртқы дүниеден қол үзіп, байланыстарын тоқтатып, біраз жылдан кейін барып есін жинаған, қайтадан түрегелген. Автордың кейіпкерді өте ауыр жағдайда ұстай алатыны сондай, оқырманның өзі қиналып кетеді. Бірақ қандай жағдайда да оның міндеті – айналада қандай катастрофа болып жатқан кезде де бауырмалдығын, адамшылығын сақтау.

Бұнда – біздің уақыт бар

Автордың еңбектенген жерлерін айта кетейік. Парақор қоғам, мысалы, оқиғада жазалы болғандар кейін ақша беріп құтылып кеткені жайында айтылады. Ақшасы болмағасын «аты жоқ адам» сотталып кете барды. Біз білетін Городничий пара алса да оны бір ұят тірлік есептемейді ғой, мүмкіндікті жібермегені үшін өзіне риза болатын бейненің бояуы қанық. Осы жерде автор қазақ Хлестаковтарды да көрсете кетсе, қу полицейлер, алаяқ соттарды көрсек, бір эпизод арқылы да дейсің... Әрине, әділетсіз шешім шығарылып, адамдар жаза арқалап кеткен жерде әділетсіз сот бар екені анық. Бұл жерде Кафканың «Процесі»  еске түседі, клерк оянған бойда оны дереу тұтқынға алатыны сияқты оқиға бұл да. Яғни оны не үшін соттайды, қандай негіз бар, сот процесі қандай ережеге сүйенетіні жайлы шындықты білгісі келген бас кейіпкер шығарманың аяғына дейін әділет іздейді емес пе? Бірақ таба алмайды. Өйткені роман тіпті де бұл туралы емес еді, ол адамның ішкі қорғансыздығы, қауіп пен түсінбеушілік, кез келген қарапайым адам кездесуі мүмкін күрделі жағдайды айтады. 

Қаншама адамның әділетін таппай шаршап, көптеген сот ісінің  аяғы сиырқұйымшақтанып кеткені анық. Ертең біраз уақыт өткенде Чарльз Диккенстің «Холодный домдағы» қалпағы тозған, өзі еңкіш, соттан қалмайтын, қандай да бір жағдай себеп болып ақыр аяғында істі сот мұның пайдасына шешетін шығар деп үміттенумен болатын кемпір сияқты қартаяды бәрі (ол кемпірді баяғыда біреумен соттасқан дейді, бірақ, оны ешкім білмейді, өйткені онда ешкімнің шаруасы да жоқ. Кемпір өзінің сөмкесінде қайдағы бір тозығы жеткен құжаттарды ұстап жүреді. Қурап тұрған қағаздар кемпірдің өзі сияқты. Ал залда сотталушы осымен оныншы рет соттан өзін қорлауды, айыптауды тоқтатуды сұрайды, бірақ оны тыңдайтын кім бар)?  Қанаттың романын оқып отырғанда осының бәрі ойыңа оралады. 

Романда түрме бар. Ең жақсы мәтін автордың өзінің бастан кешкен оқиғасын беруінен туады дейді ғой, мысалы, Воннегут деген жазушы немістердің тұтқынына түсіп, Дрезденді қалай бомбалағанына подвалда мал соятын жерде жасырынып отырып куә болады, сосын қирандының астынан мыңдаған сүйекті алып шығады. Нәтижесінде жиырмасыншы ғасырдың «әлеуметтік қатыгездік машинасы» деп бағалаған оқиғасын алып романын жазып шыққан. Кеңестің диссиденті Варлам Шаламов – өзі айдауда болған, Сталин лагерінде 21 жыл жүрген адам, сюжеттері мен кейіпкерлерін беруде натурализммен келеді, бұнда ГУЛАГ-тың естелігі бар.  Біз, әрине, Қанат Әбілқайырға ондай талап қоя алмаймыз, соның өзінде автор еңбектенген, көп зерттеген, бұл жерде журналистік тәжірибесі, зерттеушілік қабілеті көрінеді. Түрме деген «жүйе», ол театр, музей емес, «аты жоқ адам» осы ортадан не алды, не үйренді, не түйді? Босап шыққаннан кейін де «аты жоқ адамның» кей комплекстерін көп жерде, мысалы, Әлиямен қатынасынан көреміз. Оқып отырып әрнәрсе ойыңа оралып отырады, мысалы, Стивен Кинг өзінің «Побег из Шоушенка» романындағы істемеген қылмысы үшін өмірбойғы жазаға кесілген интеллигентің яғни қатты қорқып қалған адамның қайтадан өмір сүруге үйренетінін бергенде еш күмәнсіз иландыратыны сияқты, романдағы «Аты жоқ адамның» он төрт жыл бойы жаза кешкен сайын өзін тастап жіберіп, тұңғиыққа қарай қалай құлдилағаны, қалай күш жинағаны жайлы ойлайсың, осы күніне жету үшін оған бір жұтым ауадай әсер еткен не еді... Әрине, кейіпкердің түрмедегі он төрт жылын тағы біраз беруде уақыт қысқан шығар дейміз (романның бар-жоғы үш айда жазылғанын ұмытып кете береміз), бұл соншама маңызды да болмас, десек те, қалай болғанда да кейіпкердің бастан кешкені бізді бей-жай қалдырмайды. Өйткені, тап қазір осы жерде отырғанымызбен бейбіт күннің өзінде адамның  кінәсіздер жазаланып, қиянат шегіп, кінәлілер миығынан күліп,  моральдік тәлкекке тап боларлық нешетүрлі жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін...

Романды жаздырған тәуекел

Кітап жеп-жеңіл, жинақы шығыпты, жалпы кітапты қарапайым не күрделі деп бөлуді соның саудасымен айналысатындар шығарған болу керек, мүмкін, бұлай бөлу  оқырманға ұсынуға не сөреге жүйелеп жинауға керек шығар, ал жазушыларға ол туралы ойламаса да болады, егер оқиға ұнаса, өзіңе әсер етсе,  ұстап ал да жаз. Бастысы декорациясын қойып, адамдарын тауып, халтурасыз жазылса болды (жазған кезде кейде кейіпкер бірінші, кейде фон бірінші келуі мүмкін, ол жазу шеберлігін меңгеруге байланысты). 

Романның құрылымы туралы бір ауыз айтсақ, сюжеті,  басқа элементтерді ұстап тұратын кульминациясы, ондағы ширығыс, бұрылыс... ортасынан кілт үзіліп қалған желі дейтіндей емес, бәрі бір тізбектің бойында. Сюжет атсыз адамның естелігі жүйесін сақтай отырып, ой тізбегі арқылы композиция құрып, тұйықталмастан жалғасады, әділетсіздік пен ақиқат арасындағы тайталасты көрсетіп, онтологиялық бірлікті ұстап отырады. Автор бірден баурап әкетерге элементтерді қақпақылдап отыру керектігін меңгергендіктен роман жалықтырмайды. Автордың осы тақырыпты таңдауы, алып шығуы шынымен тәуекелге бару. Осы кезең жайында айтқысы келген. Бұл тақырып түсінгенге салмақты жүк, жауапкершілігі әжептәуір.  Өйткені, бұл да қазақтың жаңа тарихының бір кезеңі, мүмкін, таяқ жеу арқылы оянуы деуге болатын шығар. Осының өзі ертеңгі жаңа қоғам үшін үлкен қадам.

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар