Ілияс Жансүгіров. "КҮЙШІ" поэмасы туралы бірер сөз

Бөлісу:

22.04.2024 2152

Қазақ даласында жібін үзбей осы күнге жеткен ұлы өнердің бірі – күйшілік. Заман өзгере ме, мизам ауыса ма, заман бағып, үзіліп, тоқырап қалып жатқан күйшілік жоқ. Қос ішекті бе-беулеткен күйшіліктің тамыры үзілместен, ағысы тоқтамастан осы күнге жетті. Мына өмірде сөз өтірік айтылуы мүмкін, өлең өтірік жазылылуы мүмкін, бірақ, әуен өтірік айта алмайды, күй алдай алмайды. Ал, өз ішінің көңіл күйін домбыра шанағына құйып беріп отырған күйші де адам баласын алдай алмайды. КҮЙ - жүрегіңнің халі, көңіліңнің тербелісі. Күй дыбыс емес, әуез емес, ол көңілдің толқынысы, ол көңілдің сол сәттегі жағдайы. Адамның сол жағдайын біз күй деп айтып, сол күйді домбыраға дыбыс қып отырғызған адамды күйші деп жүрміз. 

Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» атты желілес екі поэмасы бар. 20 ғасырдың басында көркем әдеби ағымға мейілінше бойлап, еркін самғаған екі ақын болса, бірі – осы Ілияс Жансүгіров. 

«Күйші» поэмасы басы мен аяғы күйшіні екі түрлі сезім қалыбын суреттейтін, орта тұсы Кене хан қарындасы Қарашаш ханша мен дулат, үйсін тайпасы арасында өтетін намыс пен ар-ұждан тартысына құрылады.

Ақынның шалқар шабытынан туған поэмасы, жойқын тасқындай ой ішінде ойнақ сала бастайды. Ойнақшыған жыр оқып отырып, сөзбен өрілген күй мен күйші халіне қалай түскеніңді өзің де сезбей қаласың. Жырдың аңдатпасы күйшінің ордада, Хан Кене алдында толқып-шалқып, безілдеп күй тартқанын суреттеуден басталады. 

Ақын күйшілікті өлеңмен қалай өрнектеп кеткенін, поэманы тереңдеп оқыған сайын көз жеткізе бастайсың. Автордың бұл жерде сөз құбылтудың ғана емес, сюжет құрудың да шебері екенін. Шығарманың үйілген сөз топаны емес, кәдімгі уақиғасы бар, адамның қиялын қармаққа іліп алып, бірде құрғаққа, бірде суға лақтырып отыратын әбжілдігіне  риза боласың. 

Күйшінің қошаметке көңілі тасып,

Бес бармақ маймаң қақты перне басып.

Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті,

Көңілді бірде шымшып, бірде қасып.

Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,

Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,

Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің-

Бәрін де лақылдатып төгіп шашып.

Күңіренген бір мұңды күй даланы алды,

Табиғат тып-тыныш бола қалды.

Қырдағы қоян, құлан құлақ тігіп,

Қамыстан жолбарыс та ыңыранды…

Атақты күйші Ықылас Дүкенұлы қобызын тартқанда, адам түгіл тілсіз табиғаттың өзі арбалып, құс біткен сайрауын тоқтатып, аң біткен қобыздың үніне балбырап, жыны алынған бақсыдай мүлгіген күйге түсетін еді деп аңыз етіседі кейінгі жұрт.

Ілияс жырға қосқан бұл күйші де ұлы күйшілердей қырдағы қоян мен құланға құлақ тіктіріп, жолбарысты ыңырантады. Қос ішектің үстінде сорғалаған саусақтары зарлы күй, ащы күй, тәтті күйдің бәрін төгеді. Ойын он саққа бөлген күй құдірет хан Кенені біресе қазақтың кең даласына шарлатса, біресе зеңгір көкке шырқатып алып кетеді. Біресе Абылай заманындағы қазақтың күшінде тұрған заманын көз алдына әкелсе, біресе майданда қылыш сермеп, найза сілтеген сәті елестетеді. Күйге осылайша қорғасындай балқып, майша еріп отырған жұрттың ортасына Қарашаш сынды ханша кіріп келіп, күйдің дәмін бұзады. 

Бұзғанда қалай бұзады, дәт сұрап сорлы күйшіні өз вассалына алмаққа хан Кенеден өтініш сұрайды. 

Артық қайрат басқа қалай сор болса, артық өнерде күйшіге солай сор болып жабысады. Хан ордасына келгенге дейін басы азат, бойы бостандықта еді. Ханша сұрады, хан берді. Солқылдатып күй төгіп, шалқып отырған күйші әп-сәтте басы байлаулы, қолы матаулы құлға айналып шыға келеді. Ендігі кеп күйші мен Қарашаш ханша ордасында оңаша күй тербелісіне ауысады. Тоқсан күйден тоғыз тартыста есіне түсіре алмай қиналған күйші, ханша алдындағы кіріптарлығын ойлап уайымдайды. Бірақ...

...Айрылды күйші есінен қызды көріп,

Кірпігін қақпай қалды көзі төніп…

 

...Домбыра әлі күнге жөнделмейді,

Күйлер жоқ… Қыздың көркі көлбеңдейді.

Бақсыдай жыны буған буынды күй,

Жынданды… Қыздан өзге күй келмейді....

 

...Есалаң… Ескі күйдің бірі түспей,

He тартып, не қойғанын білген де жоқ.

Саусақтар шаппақ, түгіл желген де жоқ,

Пернеге әлі бір күй келген де жоқ.

Ханыша қарсы алдында күтіп отыр,

Тартасың енді қашан деген де жоқ.

Жіберді бір мезетте қағып-қағып,

Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып...

- деп Қарашаш отауының өзгеше салтанатымен, пенде баласына бітпеген қыз көркі, есер күйшіні ынтызарлық отына тастайды. Қаншама күй біледі, бірақ, ол күйлердің бірі де пернеге ілігер болмады. Күйші тек бір күй тарта береді, тарта береді. Бұл тартыс пен халді ханша да қалағандай қайта, қайта тартқыза берді. Бас еркіндігінен айырылғаны есте жоқ күйші, енді қызға көңілі құлай күй төгуді шығарады. Ақынның осы кезде тұзағына оқырман ретінде өзің де түсіп қаласың. Елеуреп отырған күйші мен бірге өзің де ескеуілдеп, қыз болғанда жай қыз емес, ханшаны қайтер екен, батылы жете ме екен, айта алама екен,- деп бірде көтеріліп, бірде басылып отырасың. Өлең екпінімен бірге "Ей, мынау бір ынжық неме екен ғой" деп іштей күйшінің бос белбеулігіне ызаланасың.

Оңаша отау, төре мен қара болса да, күйге балқыған бірін-бірі қапысыз түсініскен қыз бен жігіт. Бір қарасаң ханшада неше түрлі сезім мен қиялдың жетегіне ерік береді. Қанша хан тұқымы болса да ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Ақын шеберлігі ақ отауда күймен арбасқан екі пенденің екі түрлі күйін, екі түрлі жан толқынысын кезек-кезек оқырман алдын жайып тастап отырады. Екі қалау бір арнаға тоғысқанымен арада хан-қара деген алынбас қамал жатады. Сезімін күймен паш еткен күйші не тілге, не әрекетке баруға жүрегі дауаламайды. Қыз үшін күйші қиялы неге бармайды. Оны ақын былай безбендейді:

...Су болсам сылдыр қаққан, ием иіп,

Жүрер ем денесіне әбден тиіп.

Жуынып меніменен жүрмес пе еді,

Алмас па ем екі беттен шөп-шөп сүйіп...

 

...Болмадым әлде күміс, әлде алтының,

Білезік білегіңе салатұғын.

Болмадым тым болмаса қауырсыны

Тоты құс сонау тұрған қанатыңның.

Қарар ма ед, әлде, көкте жұлдыз болсам,

Киер ме ед, қамшатына құндыз болсам.

Оймақтай ауызынан жұтылар ем

Ашыған ашығыма қымыз болсам... 

- деп қызға қайтсем жақындаймын, қайтсем жанасамын деген ынтықтықтың әуресіне түседі. Енді күйші шын асыққа, есі ауған мәжнүнге айналады. Ауылдағы анасы ұмыт болған, мойнындағы қамыт есте жоқ. Есіл-дерті Қарашаш сұлудың бір тал шашы болып, бетінің албыртқан алауы болу. Бірақ... бірақ... тәтті күйді, асық сезімді түн торыған бір сумақай көлеңке тас-талқан етеді.

Өң мен түстің арасында жүрген, ынтызарлықтың шүңетіне түскен күйші ханшаның көрпесін өзі түргендей, Ақ отауда алмас қылыш жарқылдап, қаһарлы Қарашаш ханшаның арыстандай ақырған ашулы үні көтерілгенде есін кенет жияды.

Уақиғаны осылай ширықтырып-ширықтырып әкеліп, шиеленістіріп жіберетін ақынға ашуланып да қаласың. Тәп-тәтті сөзден күй тыңдап отырғаныңда, алай-дүлей дауыл соқтырып, зеңбіректен оқ жаудырғандай әлгі ынтық, нәзік сезімнің күл-талқанын шығарады. Енді аққудай таранған ханша «Абылайдың аруағы» мен хан тұқымының ар-намысын қорлады деген өктем жүріспен дулат-үйсін тайпасын бір тарының қауызына сыйғызады. Құдай біледі, өмірі қылыш сермеп, жауға кіріп көрмеген, тек домбырасын құшақтап бейкүнә, бейбіт жүрген күйші орда айналасы мен сарт-сұрт сайланған жасақтың жүрісін көргенде жанынан қасым болады. Әуелі есі шыға ханшаның көрпесін көтерген өзім емес пе екем деп өзінен күмәнданады. Бірақ, кінәлі өзі емес, байдың есер ұлы болып, Қарашаш ханша алдында кінәсін мойындап, айбын өтеп жазаланса да, өрекпіген көңілі қарадан шыққан өзінің хан тұқымымен теңесе алмайтынын анық сезеді.

Енді домбыра құлағында әлгі тәтті күй жоқ. Тоқсан күйді қанша айналдырып шертсе де тәтті күйдің ырғағына түсе алмайды. 

...Айдаһар қыз айбары құтын алып,

Торғайдай тығылып тұр күйші сорлы.

Қан қалмай құп-қу болып жүрегінде,

Абайлап қыз мінезін бірден-бірге,

Өзінің сұмдығына ішін тартып,

Қалтырап, қырау тұрып жүрегіне.

Білмейді жыларын да, күлерін де,

Еліне кетерін де, жүрерін де.

Көрінед әзірейілдей қыздың түсі,

Қараса Қарашаштың реңіне.... 

Қырғидан қашқан торғайдай, қасқырдан үріккен қойдай боп мүлде қорғансыз, мүлде еріксіз екенін ханшаның қаһарлы әмірінен соң көңілі қайтады. Сезімнің буына түсіп басындағы бұғауды ұмыт қалдырған ол еркіндік үшін шын күресті енді бастайды. Көзін көлегейлеген романтикадан дулат баласының ханшаны мазақ еткен шағында құтылады. 

Күйшіге қыз енді адам емес, әбжыландай, аққу емес, доңыздай, періште емес, шайтандай көрінеді. Жетуге ынтыққан асық көңіл, түбіне сұп-суық тас түскендей төмен тартып, қыздан құтылудың, басына еркіндік алудың қамына көшеді.

Хан, төренің заманында қараша халықтың бас еркіндігі болатын ба еді. Бұны жыр бастала сала басы саудаға түскен күйшінің тағдыр тәлкегін автор жақсы береді. Дәуірдің желі қалай соқса да, бұл жерде Кенені жамандау, ханшаны кемсіту емес, ұлы өнер арқылы басына бостандық сұраған, еркіндікке ұмтылған, азаттыққа деген шексіз іңкәрлікті ақын басты мақсат ете жырлаған.    

Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» деген әңгімесі бар-тын. Соқыр Әйтілес қарттың үрпе-шүрпе медресе оқыған балаларға айтатын ескі бір әңгімені еді деп келетін. Сол әңгіменің бас кейіпкері Жалпақ деген барымташы балуан болады да, сол балуан мен қатқан қара қатын арасында мынадай диалог  өрбиді: «- Осы жылқының қаншасы өздеріңе тиеді? — деп сұрайды батырдан.

- Кім біледі, біреуі де тимес… Оны би біледі…-дейді Жалпақ балуан.

- Ендеше, жылқы да ал деме, атыңды да берме, саған ере алмаймын да: сен де еліңе жеткенше ғана ерікті батырсың, еліңе барғасын сен де еркіңнен айрыласың: не байдың, не бидің сойылы боп қаласың. Батыр-балуанды көріп жүрміз ғой. Сені батыр деп жұмсайды да, мені қатын деп жұмсайды: айырмасы осы-ақ. Бірақ сенің еркің менікінен еркін болмайды. Солай емес пе, батыр? — дейді əйел».

«Ананың анасындағы» кейіпкер қара күшіне сенген, би мен төренің шапса қолы, атса жебесі еді. Бірақ, қайқы қара қылышты серік еткен батыр мен балуанның еркіндікке ұмтылысы, қара басына деген арашаны, Ілияс Жансүгіровтің күйшісіндей сұрай алмайды. Өнердің құдіреті, күйшіліктің кереметі сол, күйші өзіне-өзі бостандық алып береді. Өнерді танып, өнерпаз қадірін түсіне білген Қарашаш ханшаның да сұңғылалығына бұл жерде көз жұма алмайсың.

Жалпы «Күйші» поэмасы толық поэмалық сұраққа жауап бере алатын, ширыққан уақиғасы бар, кісіні жетелеп, желпіп отыратын тіл шұрайы бар керемет туынды. Екі кейіпкер басындағы екі түрлі сезім толқынысын автор өте шеберлікпен оқырман алдына кезек-кезек жайып салып отырады. Соңында күйші хан қызынан көңілі суып, азаттығын артық санап ордадан қашса да, текті ханыша күйшінің өнерлі басына деген құрметін өшірмейді. Амалсыз өнер алдында хан басын иіп, қараның тілеуін беріп, өнерді торда ұстап қорламай, кең сахараға еркін самғауға рұқсатын береді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар