Әкбар Мәжит. Ақсақ құлан

Бөлісу:

27.05.2024 1202

Мен тарихшы емеспін, сондықтан бір ме­зет дүниені дүр сілкіндірген «тәңір еркесі» жөніндегі дерексіз оқиғаны егжей-тегжейлі анықтамадым. Шежірешілер мен оқымыстылардан бұл туралы албырттығым болса, ғафу етулерін сұраймын... 

– Ей, естідің бе, Жошы хан бақи дүниеге кетіпті, – деді қыпшақтың түмендік ләшкеріндегі бір қарт жасауыл төтенше құпия түрде. 

– Нариман, түс көріп отырсың ба, әлде жынданып кеттің бе? Карі лақса-ау, онан да жаныңды бақсаңшы! 

– Рас айтып отырмын, немере інім оның қорғаушылар қосынында еді. Содан ауызекі естідім. 

– Немене, соқпа дерт жабысып па? Ол әлі қыршын жас емес пе еді? 

– Жоқ, аңға шыққан кезде ханның жасырын жасау­ылдары омыртқасын үзіп жіберіпті. Неге десең, патша оған сенбейді екен. Дәл сол күні Жошы хан бір құланды атып жаралапты, жаралы құлан аңғарға қарай зыта жөнеліпті. Жошы хан өкшелей қуа беріпті. Қуа-қуа қорғаушы нөкерлерінен де алыстап кетіпті, патшаның өзі жіберген сенімді жасауылдары ғана сары ізіне түсіп қуып отырыпты. Қорғаушы нөкерлері де іле-шала қуып аңғарға түскен кезде екі көзі аспанға тесіле қараған бойы талаурап, ат бауырында шалқасынан құлап жатқан Жошы ханды көреді. Тілі қайырымға келмепті...

– Акау, мына сөзіңе қарағанда, бәрі қолмен қойғандай ғой, тегі, өзің осының басы-қасында болғаннан саумысың?  Қарт жасауыл жұмған аузын ашпады. Өзін мысқылдап отырғандарға тіксіне қараған күйі киіз үйдің есігін серпе ашып шықты да, түн қараңғылығына сүңгіп кетті. Күй пірі Кербұға бағанадан бері сөзге араласпай, бір шетте шынтақтай жатып, жаңағы таңғажайып хабарлар­ды тыңдаумен болды. Бірақ Жошы ханның үмітсіздікпен аспанға телміре қарап, үн-түнсіз жан үзгендігін естігенде кең тыныстап бір күрсінді де, жата алмай басын көтерді. Қарт жасауылдың көлеңкесін есіктен көз қиығымен ұзатып салған ол домбырасын қолына алып, құлағын бұрай бастады. Әлгінде ғана бірі атып, бірі қағып ма­сайрап отырғандар домбыра дыңғыр ете түскенде, тым- тырыс тына қалып, бірден қалыпсыз күйге түскен осы бір найман тайпасының күй піріне таңырқай қарасты. Домбыраның құлақ күйін келтірген Кербұға баяу сөз бастады: 

– Ақсақалдар, бауырластар, Шыңғыс ханның тақсіретінде күй тартып, ән салмауға ант ішкендігім өздеріңе белгілі. Алайда бүгін Жошы ханның дүние салғандығы туралы хабар алақанымды қышытып, көмейімді бүлкілдетіп барады. Туысқандар, антымнан аттап, ата­мыз қазақтың «Батырлар жырының» бірер шумағын асқақтата шырқауыма рұқсат еткейсіздер!  Ол бір сәт тына қалды, үйде отырғандарды отты көзімен жағалай шолып өтті. Жұрт үн-түнсіз бас изеп, ризалық білдірді. Міне, күмбірлі күй, асқақ ән бір-біріне тоғысып, аядай үйді кернеп, айналаға тарап жатты: 

«Ей, бейшара, 

Көзіңді аш, 

Ұлыңның аты – Алпамыс». 

Әрине, тамылжыған ән мен тәтті күй қалықтап кең далаға жайылғанда, жан біткенді жалт қаратып өзіне ба­урап әкететіндігі табиғи ғой. Әп-сәтте үй іші қыпшақтың түмен адамдық қолына ере келген үйсін, қаңлы, арғын, түркеш тайпаларының кәрі-жас, ер-әйелдеріне лық толды. Дені наймандар жағы, тіпті найманның мыңдық ләшкерінен келген он неше сайлауыт та осы араға ен­телей келіп отырды. Перне бойлап жорғалаған шебер саусақтан жұрт көз тайдырмай, жаудырап қарап отыр. Бейне құба дала, қу медиенде кенезесі кеуіп келе жатып, тосаттан кәусар бұлақ тапқан жолаушыдай ләззат алған жұрт жадырап, жайраңдасып қалды. Расында, Шыңғыс ханның жасақтары қыпшақ сахарасына баса-көктеп кіргеннен бері әлемге әйгілі осы даңсалы күйші ендігәрі домбыра шертіп, ән салмауға ант еткен еді. Ел жүрегін елжірететін әсерлі күй, әсем әндерді жұрттың тыңдауға да зар болуы осыдан еді. Қазақтың 62 қоңырынан Кербұғаның тарта білмейтін күйі де, телегей теңіз әнінен шырқай білмейтін әні де жоқ еді. Ол домбырасын қолына алғанда, он саусағынан төгілген күй кейде таудан аққан мөлдір бұлақтай сыңғырлап, тыңдаушының жүрегіне нәр болып құйылып жатады, кейде үйір-үйір сәйгүліктің самғауындай дүркіреп, жұрт құлағын екпінмен елең еткізіп шаттандырады. Ал оның әнін естігендердің де айызы қанады, адамды әсерлендіретін осы бір байырғы жыр шумақтарын жұрт бүкілдей балбырап, жым-жырт ықыласпен тыңдап отыр. Тек май шамның сығырайған жалыны ғана тынымсыз елбелеңдеп тұр. 

Қалмақтарда бар екен 

Қараман деген бір батыр, 

Қызметінде көп батыр. 

Он қарадан бір қара 

Зекеттеп алып жеп жатыр. 

Гүлбаршын сұлу шонықты 

Бересің маған деп жатыр. 

Кербұға екпінді күй ырғағы мен ән әуенін асқақтата түсті. Алакөлеңке май шамының жарығында қос жана­рынан жалтылдаған нұр оның ерекше қайсар екендігін бірден аңғартып тұрғанымен, томырық сырт тұлғасы мен бет әлпетінен ешқандай өзге бейне байқалмайды. Тек он саусағы ғана домбыраның бетінде айрықша шеберлікпен жорғалап, қос ішектен құйқылжыта тама­ша әуен шығарады: 

«Атса мылтық өтпейді, 

Шапса қылыш кеспейді. 

Жауларымен болар қас, 

Түрегел де қолың жай, 

Болады өзі өмір жас». 

Жұрт жым-жырт көз жастарын сүрте бастады. Әуелі бірнеше ақсақал кемсеңдеп жылап отыр. Найманның екі сайлауыты да өздерін тежей алмай, өксіп жылап жіберді. Күй пірі «Түрегел де қолың жай» деген жыр шумағын қайталағанда, барлық адам дүр етіп орын­дарынан түрегелді, тегіс алақандарын жайды. Көптің көңіліне разы болған Кербұғаның өзі де домбырасын құшақтай орнынан түрегеліп, елмен бірге Алпамыстың ғұмырының ұзақ болуын құдайдан тіледі. Ән-күй бір ме­зет тым-тырыс тоқтай қалды, дала құлаққа ұрған тана­дай жым-жырт... Кенет есік ашылды, барлық адам солай жапырыла қарады, олар әлде не пәле туылды екен, түнгі күзетте жүрген моңғұл жасақтары баса-көктеп кіріп келді ме екен деп, үн-түнсіз үрейлене секем алды. Соның арасын­ша отырған жұрт үйге кірген бір ғана адамның көлеңкесін көрді. Қаңылтыр шамның әлсіз жарығында әлгі адамға бағдарлай қараған Кербұға жаңа ғана шамданып шығып кеткен қарт жасауыл екендігін бірден тани кетті. Найман жасақтары да көрген жерден шұрқырасып, төбелері көкке жеткендей болды.

– Акау, мынау Нариман ба? 

– Ой, туыс, сенің бұл қай қалжыңың, осынша елді қыран жапқандай шошытып? 

– Суыт жүрісіңе қарағанда бірер сойқан болған ба, қалай? 

Жұрт көңілі тыншып, жадырасып қалды. Нариман да ентігін басып: 

– Болмады, қырсық шалды... – деп тынысы тарылып, сөзінің соңын жұтып айта алмады.

– Ей, тегі, не болды? 

– Тезірек айтсаңшы? – деді абыржығандар өздерін те­жей алмай. 

– Жошы хан жоғалып кетті деген емес пе еді... – деп Нариман аптығын басып, аузы-аузына тимей айта бер­генде: 

– Ей, әлгінде сен оны бақи дүниеге кетті демедің бе? – деген бөгде сұрау бөліп жіберді. 

– Дұрыс, солай. Бірақ патшаға мұндай сұмдық хабар­ды жеткізуге кімнің дәті барсын, тек Жошы хан тосат­тан жоғалып кетті деп қана патшаға істің жайын иша­ратпен ұғындырмақшы болған еді. Алайда патшаның мұны естігенде қатты қаһарланып, «Қыпшақ ханына қарайтын қараша атаулы үш күн ішінде Жошыны тап­паса, қыпшақ сахарасын қанға бояймын» деп жарлық түсірерін кім білген. 

– Ей, Нариман, патша сені қашаннан бері жарылқап, өзіне уәзірлікке алған еді? – деп топ ортасынан әлдебіреу оспақтай сұрау тастады. Отырғандар ойламаған жерден ду күлді. Нариманның өзі де қатты ыңғайсызданды. Ол тумысында мұндай кекесін сөздердің қаруын қайтаруды білмеуші еді. Дегбірсіздене алаураған жүзін қайғы бұлты торлап, көпшілікке қарап жалбарына қатты айғайлап сөйледі: 

– Ей, неменеге мәз боласыңдар? Шындығында, бағана хан ордасына барған едім, осыны естіген соң тез қайта оралдым, түсіндіңдер ме? Жошы ханды іздеп таппасаңдар, қыпшақ даласындағылардың тұқымын тұздай құртамын, кімде-кім маған суық хабар жеткізеді екен, соның көмекейіне қорғасын ертіп құямын депті хан, қандай екен, мәз болатын іс пе екен? Енді күліңдер, күлкіші болсаңдар... – деп Нариман булыға сөйледі де, жүзіндегі жас тамшыларын ебедейсіз үлкен саусақтарымен қатуланып сүрте бастады. 

– Ең алдымен, пәле-қазаға кіріптар болатын баяғы біз, біз болғанда, өзіміздің төмендік... тегі, сендердің... бірде- біріңнің аман қалуың қиын болып отыр емес пе? – де­генде, отырғандар ұйып тыңдап, кілт тына қалды, бей­не бір алып қол оларды ту сыртынан тыныс алдырмай тұншықтыра шеңгелдеп жатқандай күйге түсті. 

– Бұл хан айтқанын істейді, – деп әлдебіреу күбір ете түсіп еді, жұрт лезде қатты күңіреніп, қайғыға шомды. Нариман еңіреп қоя берді. Бағанадан бері көңілдері бо­сап, әрең қыстығып отырған әйелдер жағы да үн қосып шуылдап жылады. Осы кезде сәби жүрегін қандай қорқыныш торлағандығы өздеріне де түсініксіз, ба­лалар да шошып, шырылдап жылап жатыр. Былай қарағанда, отырғандардың арасында бірнешеуі сұңғыла көрінеді, тәуекелге бел байлап, үрей басқан үйден атып шыға жөнелді. Ықтималы, олар өздерін жан алқымға алып отырған жалмауыздың темір тегеуірінінен тезірек құтылуды ойлаған болу керек. Аядай үй іші әп-сәтте ой­ран-топыр болып кетті... 

– Неге жанұшырып кеттіңдер? Тегі, осылай істесеңдер, күйзелістен құтыласыңдар ма? – деп тосыннан зекіген ай­барлы дауыс қана амалы таусылып, абыржыған жандар­ды су сепкендей тыныштандырды. Үрейлене жаудыраған көздер дауыс шыққан жаққа таңырқай қараған еді, күй пірін көрді. Есі шығып, ебі қашқан жұрт соның арасын­ша күйшіні де, домбыраны да ұмыта қалған екен. Аздан кейін ғана қасқайып отырған күйшіні көрді. Күй пірі Кербұға домбырасын қапсыра құшақтаған бойы отырғандарға жағалай көз жүгіртіп, байыппен сөйледі: 

– Ертең ханға Жошы ханды естіртуге мен барайын, сендер қайтыңдар, қамсыз ұйықтай беріңдер, жақсы түс көргейсіңдер! 

– Нариман бүгін таңғы азаннан аяғынан тік тұрды. Күй пірі Кербұға өзінің және көпшіліктің жақсы түс көруін тілеген еді, бірақ Нариман бұл күні таң атқанша кірпік айқастырмады, көзін жұмса болғаны, өзі де бейнелеп бере алмайтын Кербұғаның келбеті елестей береді, күй пірі ең болмаса сөзге де шешен жан емес. Өзгелер мүлде торығып отырған кезде ол неғып ханға сұмдық хабар жеткізетін боп қалды. Нариман осының байыбына бара алмады. «Тәңірім-ау, мыс тоғада балқып қайнап жатқан қорғасынның оны күтіп тұрғандығы бесенеден белгілі емес пе? Сол кезде ылғи қайғырумен болып, сөзді анық ұқпай қалдым ба?» деп те ойлады ол. Бірақ жұрттың таңырқай қараған кескінінен мұның талас жүрмейтін факт екендігі айқын білінді. Дәл қазір де осы жайт есіне түсе қалса, тұла бойы қалшылдап кетеді. Бүгін туылып отырған істің аяғы немен тынарын, шынында, ол ойлап жете алмады. Мүмкін, кеше түнде айтылғанның бәрі елес пе?  Нариман ұйқыдан талаураған көзін дамыл-да­мыл уқалап, хан ордасына баратын жалғыз аяқ жолға жалтақ-жалтақ қарай берді, күй пірі Кербұға кеше түні өзі ерлікпен жарялағанындай, ханға баратын болса, осы жерден өтеді. Бұл араны неліктен күзетіп отырғандығы Нариманның өзіне де неғайбыл, бәлкім, «Кербұға айтқанынан қайтпайтын батыр ма, жоқ па?» дегенді растау үшін болып отырған да болар. Күн арқан бойы көтерілгенде, ақбоз атқа мініп, домбырасын алған күй пірі Кербұғаның жалғыз салдыртып келе жатқанын На­риман бір-ақ көрді. Неге екені белгісіз, Нариманның жүрегі дүпілдеп сала берді. Күй пірі Кербұға ағызып келе жатқанда, ол жалғыз аяқ жолдың ортасында тұрып, алдын тосты. Ақбоз ат осқырып жалт берді, Кербұға атының басын шаужайлап ірке бергенде, жол тосқауылдап жүрген бұл адамның кеше түні өзі көрген қарт жасауыл екендігін біле қойды. 

– Ей, сен менің атқа қандай екендігімді сынап жүрсің бе, қалай өзі? 

– Жо, жо, жоқ, онда бармаңыз, тегі, бара көрмеңіз! Олар көмейіңізге қорғасын құюдан тайынбайды! Жібермеймін, ол жерде сізді жәбірейіл ғана қол бұлғап шақырып тұрғандығына көзім жетеді... – деді қос жана­рынан қорқыныш ұшқыны шашыраған Нариман тіпті өктем үнмен ақбоз аттың шылбырына оралып. 

Кербұға жай ғана күліп қойды. Ол ат үстінен еңкейе Нариманды иыққа қағып: 

– Рақмет саған, уәзір, – деді күлкі аралас үн қатып. Нариман қобалжи бастады. Екі беті шымырлап, өңі сұстанып кетті. Тастай қатып ұстаған шылбырдан қолы еріксіз сусып, босай берді. Кербұға күлімсірей бас изеді де, хан ордасына қарай суыт жүріп кетті.  Нариман Кербұғаның қарасы үзілгенше аңырып қарап тұрды да, жақын маңда отқа қойған біреудің бекітулі атын жалма-жан жайдақ міне салып, күй пірінің артынан қуа кетті.  Хан ордасының төріндегі хан сарайына кіретін есік ал­дында найза ұстаған екі қарауыл оларды кес-кестеп тоса берді. Нариман дел-сал болып тұрып қалды. Олар осы келісінде сегіз қабат тосқауылдан өткен еді. Кербұғаның аттан қарғып түскенін көрген Нариман да жайдақ аттан лезде сырғып түсті. Әлгінде ол артынан қуып жеткенде, күй пірі ешқандай таңырқамады, қайта келісіп алған адамдардай тізе қосып, бірге жүріп кетті. 

– Ханға бақыт тілеуге пейіл едік, Жошы ханның хаба­рын жеткізуге келіп едік, – деді күй пірі. Осы кезде ханның білегіне қызыл белгі тағып, көк ша­пан киген екі сенімді нөкері далада дабырлаған дыбысты естіп, үйден жүгіріп шықты. Айбынды сәулетімен алыстан көз тартып тұрған сары орданың есігіне ұстаған бүліс перде сусып ашылды да, бұйрық түсірілді. 

– Кірсін, тақсыр хан ағзамның жарлығы, – деді ордаға тұтасатын жалғыз аяқ жолда қалшиып қатар тұрған сегіз нөкер бір-біріне хабарлап. Сұстана кезелген найза жиыстырылғаннан кейін На­риман не істерін білмеді, тек Кербұғаға еліктеп атын та­стап жүре берді. Лапылдап тұрған қасиетті оттың жалынымен өздерін аптап, қолдарын кеудесіне қусырған олар ордаға қарай тартты. Күй пірінің қолында – домбыра. Олар алтын есіктің алдына келіп аз аялдады. Кіреберіс босағада алтын діңгекке ақ қыл арқанмен байланған екі тұлпар ақбоз ат пен ақсары ат ерекше көз тартады. Меңірейе қараған бір нөкер оларды ордаға бастап кірді де, кілемге отыруға ишарат етті. Нариманның көңілі енді орныққандай болды. Бұл кезде ол атын естігенде жылаған бала уанатын ханның алдына келгендігін, семсері жалаңдаған ханның өзіне сұқтана қарап отырғандығын сезгендей болды. Бірақ ба­сын көтеріп қарауға батылдық ете алмады. Өзі бұл араға қалай келіп қалды? Ол мұның байыбына бара алмай отыр. Алайда осы арада ажал есігінің өзіне айқара ашы­лып тұрғандығы анық еді. Жүрегі дүпілдеп соға бастады... 

– Айт! – деген зілді дауыс естілді. Нариман басын ішіне тығып тұқыра берді. Тұла бойын біртүрлі қорқыныш ба­сты. Ажал алқымдағандай дәрменсіздене көзін жұмды, ыстық қорғасынның азабы бесенеден белгілі еді оған. Сен оның дәмін татып үлгергенше, сүйегің де күлге ай­налып бітеді... Оның бұдан ары ойлауға дәрмені келмеді. Сезім мүшелері талықсып барып тұралады… Алыстан біртүрлі жағымды үн талмаусырап естілгендей болады. Бұл әлдебір жәндіктің ызыңы ма, жоқ, онда құстардың сайраған үнінің де тоғысып жатқандығы айқын...  Па, шіркін, қыпшақ сахарасы. Тұс-тұстан тоғысып өзгеше тамылжыған әсем үн сахарада ғана болады ғой. Қарашы, жасыл желек жамылған осынау шексіз де шетсіз сахараға күн шүлен шұғыласын төгіп тұр, түйдек- түйдек ақ бұлттар жөңкіле көшіп, сахара кеңістігіне ба­рып емін-еркін шөгіп жатыр. Аспанда баяу сырғыған андыз-андыз ақша бұлттар жер бетін бедерлеп көлеңке төгіп барады. Сахарада қыбыр еткен пенде жоқ, үйір- үйір құлан ғана көлеңкені саялап, қаннен-қаперсіз жай­ылып жатыр, оқта-текте осқырған құланның дауысы естіледі... Нариман дегбірсіздене басын көтеріп бажайлап қараған еді, күреңіте қызарған сұсты бейнедегі шегір көздің әлі де өзіне түнере қарап отырғандығын аңғарды. Өңменінен өтіп бара жатқан сұқты көзге төзе алмаған ол дереу жалтарып, төмен қарап кетті.  Баяу қалықтаған музыка үнін ол тағы да естігендей болды. Жым-жырт сахарада бір топ жасауыл ойламаған жерден бой көрсете бастады, оларды бастап жүрген сарбаз тым тәкаппар көрінеді, мінген аты да ерекше көз тартады, қасында еріп жүрген нөкерлерінен ол мүлде өзгеше.  Осы кезде әлгі тәкаппар сарбаз бір үйір құланға көрген жерден ат қоя тұра ұмтылды. Үйірлі құлан шошына үрікті, тәкаппар сарбаз садағын оқтап, бір құланды көздеп атып қалды. Үйірлі құлан қас қаққанша көкмойнақтан асып кетті, тек жаралы құлан ғана ар­тында жалғыз қалды. Оқ құланның алдыңғы аяғынан тигендігі мәлім, ет қызуымен тау жақтағы өзенге қарай аяғын сүйрей басып, зытып барады. Тәкаппар сарбаз атқан аңын алмай тынатын емес, соңынан өкшелей қуа жөнелді, екі-үш адам ғана артынан үздік-создық кетіп барады. Өзге нөкерлер алыс қалды.  Өзен жағасындағы ну орманға ақсақ құланды өкшелей қуып кірген кезде тәкаппар сарбазды әлдеқандай бір тылсым күш ойламаған жерден аттан алып ұрды. Ат үстінен құлап бара жатқан кезде оның көзіне таныс жүздер бірден шалына кетті. Қандай іске кез болғанын өзі де түсінді. Бірақ ол бұлқынуға да, тілге де келмей мүрдем кетті. Өкініш пен ыза кернеген қос жанары аспанға телміре қараған бойы бозарып сөніп кетті... Жаралы жанын алып қашқан ақсақ құлан жығылып- сүрініп, орманнан, өзеннен өтіп, ар жақ жағадағы қопа қамыстың арасына барып құлады. Сәлден соң құлан жығылған түбектің әуе кеңістігінде, қайдан сап ете түскені белгісіз, құмай айнала бастады... Орда іші жым-жырт. Көптен кейін шымылдық ішінен солқылдап жылаған бір әйелдің дауысы естілді, бұл Жошы ханның шешесі еді. Арада тағы да қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кезде: 

– Ей, шерткенің не күй? – деп сұрады хан. 

– «Ақсақ құлан», – деді күй пірі Кербұға жаймен ғана жауап қатып. Патшаның көзі онан ары сығырайып кетті. Ернін тістеп, салалы етті саусақтарын көтере сілтеп қалған еді, ордаға бір топ қорғаушы нөкерлер кіріп келді. 

– Әкеліңдер қорғасынды! – деп жарлық түсірді хан. Осы кезде Нариманның құлағына мыс тоғада балқып жатқан қорғасынның шұрқылы естілгендей болды. Сәлден кейін сол балқыған қорғасын өз көмейіне құйылатындай сезілді. Әп-сәтте қорқынышты есінен шығарып, үмітсіздікпен басын көтерді. Биік алтын тақта отырған ханның шегір көзінен жосыған жастың омырауына до­малап түсіп жатқанын көрді. 

– Ананың домбырасын әкеліңдер!  Қорғаушы нөкерлер мұны екі етпей орындады.

– Әкеліңдер қорғасынды, құйыңдар домбыраның шанағына!  Еш нәрсенің байыбына бара алмай телміре қарап отырған Нариманның тұла бойын тер басып кетті. Бірақ сақылдап балқып тұрған қорғасын «шыж» етіп құйылысымен, домбыраның шанағын күлге айналдырған кезде Нариман лапылдаған жалын енді домбыраның мойынын обырлана жалмап бара жатқандығына күй пірі Кербұғаның қайғыра қарап отырғандығын байқады... 

                                                                                                                                                                                                                       Қытай  тілінен аударған  Сағат Жайпақұлы (1983 жыл)                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

Бөлісу:

Көп оқылғандар