ЖҮЗІНЕН РАХЫМ НҰРЫ СӘУЛЕ ШАШҚАН

Бөлісу:

05.06.2024 2582

Жазушы Торғын Жолдасбекқызының жан әлемі туралы

 Әдетте мақсаты жолында тоқтамайтын, алдынан қандай бөгет кездессе де шаршадым деп кері бұрылмайтын өжет, қайсар адамдарды мықты санаймыз ғой,  бізге солай деп сіңірген. Ал, бірақ,  айналасына жылу мен сәуле таратып, қасына жақындағандарға мейірім мен махаббат сезіндіре алатындардың да жеңіске жететінін, өмірден көбірек алуды емес, керісінше бергісі келетіндердің де даусыз жеңімпаз екенін көп айта бермейміз.

Өмірден ерте кеткен жазушы Торғын Жолдасбекқызымен көзі тірісінде танысып та, тілдесіп те көрмеппіз. Торғын өз оқырмандары көп, солардың ілтипатына бөленген жазушы, оны оқырмандары шығармаларында кешірім, төзім, тәубаға келу туралы айтып, қиналғанды жұбатарлық, жараланғанды емдейтін күші болғаны үшін оқығаны анық. Емі табылмаған генетикалық дерт жеңіп, арбада отырған нәзік қыздың жанарынан, бойынан бір даналықты байқап, танып жақсы көргені анық. Жанарынан мұң білінгенімен, іштегі жарығы одан басым түсіп тұрады екен, шынында да кей адамдардың ішкі дүниесіне әлдеқайдан бір жарық сәуле құйылғаны уақыт өте дидарынан көрініп тұрады. Адам оған қалай келеді? Біздіңше, сұрақтар арқылы.

Торғынның әңгімелерін оқып отырғанда оның көп ойланып, салыстырып, іште көп тұндырғаны, өмір жайлы өзінше бір тұжырымға жеткені көрінеді. Біз – адам баласы о баста мейірім мен аяушылық сезімнен, жып-жылы жүректен тұрғанбыз және осының сипаты мен қуаты бойымызда әлі бар, біздің әрқайсысымыз қуанышы мен жарығы мол кішкентай ғана әлембіз. Кей адамдар бұны біледі, кейбіреуі  (көбіміз) өзінің осындай екенін ақыры білмей кетеді, Торғын білген. 

ЖАЗУ

Сыртқы дүниеге және өз ішкі дүниеңе құлақ түру – бұл реакция десек, ал жаныңды ашып, жүрегіңдегіні ақтарып жазу ешкім мәжбүрлемей-ақ келетін таза таңдау. Кей адамдар естуге бейім, тыңдағысы келеді, тіпті алдағы белгісіздіктен үрейленіп, үркіп тұрғанның өзінде мына әлемге жүрегін ашады. Әрбір дұға, әр ой, әр түйіннің соңында бір нәтиже тұрарына сенеміз. Торғын қиналып жүргенде  түс көріп, түсінде өзіне бір әйелдің қалам ұстатып, «сен жаз, сенің күшің қаламның ұшында» деп аян бергенін сұхбатында айтады, бұл оның «Араша» атты әңгімесінде бар. Бұл жай түс дегенімізбен, ғарыштан келген хабар екені анық. 

«Тағы да араша жайлы» әңгімесінде автор шын сырын ақтарады: «Бұдан арылу оңай болды десем барып тұрған өтірікші боламын. Бірақ мен өмірімде өзгерістің болуын жан-дүниеммен қаладым. Солай болуы үшін жауапкершілікті толық өз мойныма алдым. Ақталғым келген жоқ. Іздендім. Қайта жаздым. Сәлден кейін жазбамнан өзімді анық көретін болдым. Өзімді сынай қарайтын болдым. Өзімді тәрбиелейтін болдым. Нәтижесі жаман емес, ауруым да жуасыды. Менің жағдайымда бұл жеңіс. Бұл ғажайып!»

Ары қарай Торғын бұған жету үшін жеңілуге тура келгенін, солай тыныштыққа жеткенін айтады. Шешем де осы сырқаттан кетті, әпкем де ерте үзілді, енді менің кезегім бе… деген үрейден де арылғанын. «Осынша сын мен сезімге бай ғұмырды өзге емес, дәл маған сыйлап, түс арқылы қолыма қалам ұстатуы да бекер емес» деп Құдайға мадақ айтып «Араша» кітабын аяқтаған екен.

Адам өзі білмейтін нәрсеге ұқсай алмайтынын, бұл өмір бізге өзімізді тануға, табуға мүмкіндік екенін  ертерек түсінгендіктен де Торғынның адамтану тәжірибесі өзі жайлы түсінікке әкелген, одан әрі шығармашылыққа көтерілген.   Торғынның жазғандарын оқып отырып, оның жазуға басқаша келгенін әрі жазуды жан-құралы, өмірге жоғары қатынас тілі сияқты қарағанын байқаймыз. Ол жазуға іші толып, айтары болып, «Неге мен? Неге мені таңдап алған» деген сұрақ арқылы келген. Бұл деген нәрсе алдынан сынақ алғаш кезіккенде адам ешқайда баратын жолдың жоқ екенін анық түсініп, ары қарай не болатынына көзі жетпей, ақыры өзімен-өзі қалып, өз ішіне үңілген кезде келеді. Торғын өзінің сұхбаттарында қандай жолдан өткенін эмоциясына тізгін бермей, ұстамды отырып жеткізеді, сол кезде ақылды адамның уақыты аз қалғанын, өлшеулі уақытта өзі шын сүйетін ісімен ғана айналысуы керек дегенге тоқтағанын түсінесің. Жазған дүниелерін оқып-оқып келгенде, жазу оның құтқарушысы әрі құлшылығына айналғандай көрінді. Бастан өткеру, ойлану, сүзіп сараптау арқылы басқа ой тудыру деген бар, не ойласаң соны тудырасың, нені тудырсаң соны өткересің, ойлап жүретінің де сол өзің сезінгенің. «Менің жазғандарым әлі де сыннан өтуі, сұрыпталуы керек» дегені ұнады. Осы жерде ескерте кетейік, біз автордың шығармаларына көркемдік тұрғыдан бірдеңе деуді мақсат қылмадық, бұл жерде  өзі шығармасына немесе шығармасы өзіне айналып кеткен автордың болмысын түсінуге тырыстық.

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАУ

Торғынның Құдаймен диалогқа түсетіні жайлы айтатыны бар. Негізі бұндайды жалпы жұртқа айта бермейді демесең, көп адамның өмірінде бір рет болсын Құдайға хат жазғысы келген шығар, жазған да шығар. Неге бұлай деген сұрақтар қойған да шығар. Әдетте мұндай сұрақтар ашу-ыза, өмірге өкпеден басталады ғой, ал Торғындікі бөлек. Торғын бір сұхбатында былай депті: «Мен бұрын Құдаймен сөйлескенде, менде бәрі жақсы дей береді екем, бірақ өз аяғыммен жүргім келеді демеппін» дейді.  Осы сөзі біздің арқамызды шымырлатып кетті. Байқасақ, оның тілдестім дегенінің өзі Құдайға жылап-еңіреу, өтініш дұға емес, алғыс сезімге ұқсайды. Бұған адам сыртқы көрініс емес, ішкі нәрсе, бастан өткерген сабақтары арқылы келеді. Сондықтан да іздеп тауып үш кітабының екеуін түгел оқып, ютубтегі сұхбатын және ол туралы түсірілген фильмді қарап шыққанда Торғынның әр сөзіне сендік. Біз кейде біреулер біз жайлы былай депті, өйтіпті, бүйтіпті деп өкпелейміз, ол кезде Құдай туралы ойлауға мұрша жоқ, бірақ, уақыт келгенде бір жағдайлар сені бір күйден басқа күйге – кейде тіпті абсолюттік шыншылдыққа жеткізеді – өзіңнің айтқаныңды, істегеніңді мойындауға, ол жайлы не ойлайтыныңды жасырмай, ақтарылып айтуға әкеледі. Шынымды айтайын, осынша жасқа келдік қой, жалпы көп ештеңеге таңғала бермесек те, бірақ, Торғынның сұхбатын тыңдап отырып таңғалғанымыз рас. «Егер маған қайтадан өмірге келуге таңдау берілген болса, онда мен дәл қазіргідей азат, еркін болу үшін, ұша білу үшін осы өмірімді сүрер ем», - дейді Торғын өзі арбада отырып. «Осылай болуы керек еді» дейді. Жоқ, бұл мойынсұнудан, көнбістіктен, боркеміктіктен бөлек нәрсе. Біздің бәріміз алдымыздан бірдеңе күтеміз, ал егер адам ештеңе күтпей өмір сүре алса, осы нәрсе адамды еркіндікке жеткізеді. 

Рас, біздің құдайтануға қатысты пікір-көзқарасымыз мың түрлі, оның үстіне бізді көбіне одан қорқуға, тіпті үрейленіп өмір сүруге үйреткен. Шынында барлық адам ерекше, барлық сәт қымбат. Десе де адам өзі тапқан Құдайының кеңістігінде ғана өзін ашады, жетіледі, бұл жанның ең басты мақсаты.

ТАҢДАУ БӘРІМІЗДЕ БАР

Торғынның «Таңдау» деп аталатын әңгімесі сюжеті мен философиялық тұжырымы жағынан биік дүние: автордың арбаға таңылғаннан кейін жалпы өмірді, адамның іс-әрекетін бағалауға қатысты пайым-тұжырымы көрінеді. Оқиға кейіпкердің біреуден қашып келе жатып, алдынан машина жарығы шағылысып, бір кезде бірдеңе тарс етіп, қыздың қап-қара түнекке сүңгіп кеткенінен басталады. Біз кейіпкерді қайтыс болды деп ойладық. Ол есін жиғанда өзінің Құдаймен тілдесіп отырғанын көреді. «Ол да үнсіз, мен де үнсіз, ешқайда асықпайтын тәріздіміз». Құдай оған әртүрлі көріністі көрсетеді. Кейіпкер мас шешесінің қасында отырған кішкентай қыздың бейнесінен өзін таниды,  енді бірде жезөкшелікке түскенін, енді бірде түсік жасатуға барған өзін көреді. Ол өзінің әр кезін көрген сайын Құдайға сұрағын қойып отырады. «Неге солай болды, менің өмірім олай болмағанда, мен былай болмаушы едім» дегенді біздің әрқайсысымыз айтамыз. “Шешем маскүнем болды, балалығым дұрыс болмады” дегенде: "бірақ, ол саған өмір сыйлады ғой" деген жауап бар. Әр жауап сайын қандай болса да ол өмірдің құндылығы айқындала түседі. Кейіпкердің әр жауабынан кейін таразының біресе оң жақ басы, біресе сол жақ басы басып отырады. Соңғы сәтінде лента кері айналады, неден басталып еді? Сутенер тісқаққан жезөкшеге  жас қызды ертіп әкеліп: «мына сарыауыз балапанды өзіңе әкелдім, осыны баулып, өзің сияқты кәсіби жезөкше қылып шығар» дейді. Ал бұл болса жас қызға: «Неге келдің, тез кет, қаш, сен өзіңді дәл мына көшедегідей жоғалта алмайсың» деп жекіп, қызды құтқарып жібереді. Бұл жерде таразыға қатысты  пәлсапа анық көрінбесе де, бүкіл мән сонда тұрғанын шамалаймыз. «Көзіңнің тірісінде өтей алмайтын күнә жоқ» деп түйіндейді автор. Ия, өмірде дұрыс таңдау арқылы жанның қамырығын жеңілдетуге  болар еді, бірақ біздің жанымыз көбіне күнкөрістің де емес, әлсіз жігеріміздің уысынан босамайды. Егер осы әңгімені кеңірек талдай бастасақ, өзіміздің бәкенелеу танымымыз таныған Құдай табиғаты, мораль табиғаты, абсолютті нақты өмірдің шындығы дегенге кете берер едік, бірақ, Торғынның жан әлемін бұлай аша аламыз ба? Жоқ, білу мен бастан өткеру деген бір нәрсе емес, оны бастан кешкен біледі. «Денсаулық жағдайымнан өмірлік жолдасымды бақытты ете алмаспын» деп ойлап, одан бас тартқан, ажырасуды өтініп сұраған, кейін онымен туыс сияқты үш жыл бір шаңырақ астында тұрып, ақыры өзінің қалауымен бөлек кеткен, жолдасының басқа отбасын құрып бақытты болуын осынша тілеген адамды түсіну  үшін де бір деңгейге көтерілу керек шығар.  Өйткені бірдеңені ойлап, бірақ ол туралы тіс жармайтынымыз бар, бірдеңені ойлап алып оны ашық жеткізетініміз бар немесе ойлап, жеткізіп және сол бағытта әрекетке кірісу деген мүлде басқа – міне, адамның шындығы осыдан басталады. Басқаның емес, өзіңнің іс-әрекетіңе жауап беру арқылы өзіңді құтқарасың. Бұл – таңдау. 

 

ТОРҒЫННЫҢ ҒАЖАЙЫП ТҮСТЕРІ

Торғынның шығармаларында түске ерекше орын берілген. Ол түс арқылы өзінің алдағы өмірі жайлы белгі, хабар алып отырған. Оның ең бірінші себебі – адамның сезімталдығына, жан қабатының жұқалығына байланысты екені анық. 

Жаңа айттық, автор «Араша» әңгімесінде әпкесі қайтыс болғаннан кейін болашағына алаңдай бастағанын, бір күні түс көргенін баяндайды. Түстегі оқиғаның бәрін баяндап жатпалық, бірақ, байқасаңыз осы түстегі нәрсенің бәрі Торғынның алдыңғы өмірін болжап тұрғаны анық. Мұнда белгілер, сөз астары, тіпті шешім де бар. Өзі шыныдан жасалған, жел тұрса шайқалатын, асты суға толған 25 қабаттағы пәтер – түс көрушінің өзінің қорқынышы, уайымы, жалпы алдағы өміріне толық сене алмай тұрғаны. «Көзіңді бір сәт жұм да, өзің қалаған үйді елестетші» деген кезде дәл манағы үй болғанымен 1-қабатты елестетеді, бұл жолы осы үйді ұнатады, бұл Торғынның түптің түбінде осы қысқа ғұмырдан мағына тапқанын, онысы берік сенімге әкелгенін білдірсе керек. 

- Тағы неден қорқасың? – дейді әйел.

- Өмірге жармасудан қорқамын. Өйткені мен науқаспын. Артық сүрген әр күнім жолдасымның жастығынан ұрланған бір күнге тең. Оны енді бақытты ете алатыныма сенімсізбін. 

Сонда әлгі әйелдің жауабы мынадай болады:

- Тыныштық пен сенімді не себепті үйден, адамнан, өзіңнен емес, өзгеден іздейсің? Біле білсең, өмірде жүз пайыз сенімді адам да, үй де болмайды. Сенім жүректе ғана. 

Торғынның түсіндегі әйел дұрыс айтады, өмірде бірдеңеге кепілдік күту қисынсыз, егер кепілдігі болса ол өмір емес. 

Торғынның түсіндегі бұл әйел автордың «Менің таңдауым» әңгімесінде де көрінеді. Бұл Торғынның қорғаушы періштесі секілді.

Сонымен бірге Торғын ойдың қуатын ертерек білген, сенген. Біз не ойлаймыз, солмыз. Ғаламды жаратушы сол біздің ойымызды көшіріп бізге қайта ұсынатындай. Осыған тіресек, адамның өзінің ойы мен әрекетінің, ниетінің күшімен кім болғысы келсе сол бола алатыны, не істеуді мақсат қылса соған жете алатыны рас, біз тек өзіміздің ондай мүмкіндігімізге өзіміз сене бермейміз. Сенбегесін де сырттан ақпарат алатын сезіну тетіктеріміз жабылып қалған болуы мүмкін. Осыдан келіп сезімді ойдан төмен қоямыз, ал негізі сезімнің тартылыс күші деген алапат, оның болуы мүмкін еместі болдыратын немесе неден қорықсаң, соны жақындататын күші сонда екенін ескермейміз. Торғын соңғы кездері үнемі: «менің өз пәтерім болады, оны маған оқырмандарым әлде достарым, әйтеуір тілеулестерім сыйлайды» деп айтады екен, осы ойы сегіз айда орындалады. Оған әуелі Айнұр есімді қыз іздеп келеді. Торғынның шығармаларын оқып, одан өзінің жанына жұбаныш тапқан, оны сырлас көрген қыз да жастай тағдыр тәлейіне ұшыраған қыз еді. Жоқ, оның он екі мүшесі сау, бірақ, Торғын жайлы жасалған хабардағы сөйлеген сөзіне қарағанда оның қаскүнемдердің қолынан жапа шеккенін, өмірге, адамдарға сенімі күл-парша болғанын ұқтық. Кейін Торғын оның бастан кешкені жайлы әңгіме жазады. Бір күні осы құрбысы атақты құрылыс компаниясының конкурс жариялап жатқанын естіп, соған Торғынның аты-жөнін тіркеп, әлеуметтік желіде оқырмандар тарапынан қолдау табуына әсер етеді. Сөйтіп Торғын өзі айтып жүргендей баспаналы болады. «Сырттай қарағанда мен Айнұрға көмектескен болып көріндім, ал шын мәнінде ол маған көмектесті» дейтіні бар Торғынның сұхбатында.

Міне, бұл ойдың қуатына қатысты бір мысал. Ой – шынымен құдіретті. Әлдеқалай бір ой ағынының арты уайымға әкетіп, иесін билеп-төстеп кете бастағанда оны дер кезінде басқара алмаса, адам өзіне төнетін қауіпті өзі-ақ жақындата алады. Бұл өлмейтін, таза қуат көзі болғандықтан әртүрлі формада біреуден біреуге көшіп жүре алады, адам өлсе де оның ойының жер бетінде қалатыны содан. Торғын арамыздан кетіп қалса да, ол туралы естеліктер тірі. Айта кетейік, Торғынның «Маймыл-адамы» да, «Тозаққа бара жатқанымызды білеміз бе» деген әңгімесі де түсі арқылы туған.  

ДОСТЫҚТЫҢ АНЫҚ МЫСАЛЫ 

Біздің әрбіреуіміз соншама нәрседен өтіп,  тұжырымға өзі таныған ақиқаты арқылы келіп, ақылымен, даналығымен бізге әсер еткен, тіпті өмірімізге мағына дарытқан адамдардың тізімін жасай аламыз. Ол тізім ұзақ болмауы мүмкін, бірақ, екі адам болса да жақсы. Ол адамдар өмірімізге тап болуы арқылы біздің өз ішімізге үңілуге не өзімізге ұнамайтын, арылғымыз келетін кемшіліктерімізден арылуымызға, тіпті кәдімгідей өсуімізге ықпал ете алады. Сондай адамның біреуі Торғын ба дедік. Неге дейсіз бе? Алдымен ол айналасының махаббатын сезінген адам. Анасы мен әпкесі өмірден ерте кетсе де, әкесінің мейірін көрген, енесі де дархан пейілді адам болыпты, өзі анам деп есептеген енесінің жылуын, өмірлік жолдасы болған жігіттің қамқор алақанын сезінген адам. Өзі махаббат сезінбесе ол оны басқаларға бере алмас еді, Торғын өзі де басқалардан осы жылуды аямаған. Оның оқырмандары кейін достарына, тілеулестеріне айналған. 

«Біраз жыл бұрын бар жиған қаражатыммен кітап шығармақ болып, соңында шығынға ұшырағанмын. Қайта мені қолдаған жақындар болды. Ал оқырмандарым «сен жаз, біз оқимыз» дейтін. Осындай алтын оқырманы бар мен де, «Араша» мен «Кеш қалма» да бақытты. Сондай-ақ «Кеш қалманың» шығуына үлкен үлес қосқан – құрбым Айгерім Нұқпаева. Баспаға қатысты бар шаруаны өз мойнына алып, кітаптың ішкі-сыртқы дизайнын құрып жүрген де осы қыз», – деген екен Торғын сұхбатында.

 Сұхбаттарын көріп отырып, оның өзі әсер ете алған, қиын шақта оған сүйеу болған адамдардың атын жазып алып отырдық. Қазір әлеуметтік желінің мүмкіндігі керемет қой, сөйтіп Айгерім Нұқпаева деген құрбысын тауып сөйлестік. Торғын жайында бағдарлама жасасақ қалай болады деп ойладық. Соңғы жылдары қасында болған көмекшісі, продюссері, ең жақын құрбысы ретінде жанынан ұзамаған,  оның сырқат тәніне шипа табуға тырысқан Айгерімнің Торғынға деген ықыласын, қолынан келгенін аямайтын көңілін көргенде, адал достық деген ұғым өзінен-өзі асқақтап кетеді екен. Бір адамның ықыласы екінші адамның өзін тануына, жақындауына ықпал жасайды дегенге тоқтадық. Мысалы, біз бірдеңе жасасақ, оны бір қарыз қайтарған сияқты сезіммен емес, осындай мүмкіндік берілгеніне ризашылықпен жасай аламыз ба? Адам өзін бір деңгейге лайық көрген кезде басқаларды да соған лайық көре бастайды ғой, шынайы ықылас осы. Торғынның айналасына деген қатынасынан соны ұққан сияқтымыз. Оның бәрі өмірсүйгіштіктен. Ал бұл өміріңде бір маңызды қадам жасауға себеп болады. Өмірге, адамдарға деген махаббат бұған дейін де жер бетінде болған, бола беретін нәрсе, шексіздікке қарай бұрылдың ба, шын мәніндегі ізгілікке қадам баса бересің. 

 

МИССИЯ ДЕГЕН НЕ?

«Кей адамдар өзін танып оянып кетсе деймін» деген Торғын Жолдасбекқызының шығармаларынан түйгеніміз – біз қорқыныш пен күмәнді емес, махаббатты негіз қылған әрекетті таңдаған кезде ғана көп нәрсеге жетеміз. Әркім қалауына орай әрекет қылады, мысалы, махаббатты өзінің қажеттілігін өтеу үшін пайдаланатындар бар, оларға сенікі дұрыс емес дей алмайсың, үндемей көнесің, адам өзінің жан әлемінен нені көрсе, демек, оның бар көру мүмкіндігі сол, оның бар нәтижесі де сол.  Ал негізі көз жіберіп көрсең, өмірдің өзінде мақсат жоқ, оған мақсатты біз тауып, айқындап беретіндейміз. Бұл тұрғыда Торғын өзіне үлкен мақсат тапқан адам. Біз Айгерімнің аузынан республиканың түкпір-түкпірінде Торғынды арнайы іздеп келушілер көп болғанын естідік. Әлеуметтік желіде, мессенджерде тілдесіп, сырын ақтарып, пікірлескен, ой-көзқарастарын бөлісіп, қиындықтан шығу жолын сұрағандар қаншама. 

Автор «Ертеңгі күнге асығамын» деген әңгімесінде: «сол жолы діттеген жеріме жетуге асығамын деп жүріп, жүріп өткен жолымдағы шексіз даланың сұлулығына тамсанып, өзен-көлдердің тұнықтығын байқай алғаным жоқ» дейді. Бәріміз де сол, асығамыз да жүреміз ғой, ең аяулы адамдарымыздың жан түкпіріне үңілуге мұрша жоқ. Ал негізі Торғынның «Сәтті күн» атты әңгімесінде айтқандай, «кейде өзгеге жасаған ең үлкен жақсылығың  – қасына барып, хәлін сұраған бір ауыз сөз болуы мүмкін. Ол үшін байып кетер күнді күтіп жүрудің қажеті шамалы. Сәл ғана мейірімдірек болсақ жетіп жатыр» екен.  Сол Торғынды іздегендердің, одан кеңес сұрағандардың, сырын ашқандардың  көбінің бір қарағанда жағдайы Торғыннан төмен емес көрінуі мүмкін, бірақ, өз аяғымен жүрген, денсаулығына шағымы жоқ адамдар болса да солар Торғыннан пана іздеген (Торғынның «Пана» атты кітабы тұрмыста зорлық көргендер туралы екен). Өйткені Торғын олардың өз ішіне үңілуіне, қай жерден мүлт кеткенін түсінуге себепкер, былайша айтқанда ұстаз бола алған. Ұстаз басқалардың өзімен бетпе-бет отырып диалогқа түсуіне себепкер бола алса ғана ұстаз. Құрбысы Айгерімнің сөзіне қарағанда, оған қанша адам келіп тағдырдан көрген тауқыметін айтып жатса да, ол сөздің күшін білгеннен өзі бастан кешкен қиындық, азап туралы айта бермейді екен, ол тіпті қиналса да шағымданбайды екен, солайша біз адам төзбейтін нәрсе деген нәрсенің өзін солай өткереді. Өзі арбада отырып басқаларға көмектесуге әзір болған адам әңгімесінде:  «Адамның рухани түнек ішінен өзін іздеп тауып, танып, өзіне қол созған сәтіне куә болу ұнайды маған. Себебі, бақытқа барар жолда ең қиыны осы мойындау ғана. Ал басқасы - қабылдау, түсіну, кешіріп өмір сүріп үйрену дәл мұндай қиын емес» деп тұжырым жасайды. Ол азғантай уақыт ішінде әңгімелерін жазып, адамдарға үміт сыйлап үлгерген.  «Алты жылдан бері әлеуметтік желілерде әңгімелерімді тегін бөлістім. Ал бір жыл бұрын қаражатымды жинастырып, достарымның көмегімен «Араша» кітабы шықты. Қаламым наныма айналғалы бір жыл ғана болды. Алғашқы кітабымның ақшасы өз шығынын жапты. Түркияның екі қаласына екі жақынымды саяхатқа жіберсем деген арманым орындалды, – депті жазушы. Торғын өзіне берілген белгіні түсінуге жауапкершілік алған адам.  Біздің прагматик қоғам адам өзінің қиялы арқылы, өзін жақсылыққа сендіру арқылы өзін тыңдауға, тануға, ақыры өз әлемін табуға жетеді дегенді түсінбеуі мүмкін, әдетте көзімен көрмесе, қолымен бір-бірлеп тиын құсатып санамаса, таразыға салып өлшемесе сенбейді ғой. Шынында өзің әр жылт еткен үмітке жармасып отырып, жел қатты соққан күні су бетінде қалтылдаған қайықтың күйін кешіп отырып басқаның мұңын тыңдап, жанына үңілмек түгілі өзіңді құтқарып шығу дегенің  үлкен еңбек, жігерсіздер ондайды өткермек түгілі, одан да бірден беріліп, өле салғанды оңай көруі мүмкін. Тек мықты адамдар ғана әуелі жарты қадам, сосын бір қадам жасай отырып қана бұрын өзіне де беймәлім болып келген Өзін және өзінің ғажайып әлемін жасай алады.  

ТОРҒЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҒЫ

«Саяхат» әңгімесі автордың қиялында болған оқиға, кейін ол шынға айналды.  Торғын үлкен әдеби конкурстан жүлдегер болды. Халықаралық әдеби агент, аудармашы Бақтыгүл Маханбетова «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында: «Торғын Жолдасбекқызымен бірге 2019 жылы Германиядағы Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне бірге қатысуымыз Гете-Институтының «Қозғалыстағы мәдениет» грантымен жүзеге асып, кітап әлемінің үлкен энергетикасын сезініп, сол сапар жетістікке жетелеген еді. Сол жылы Торғынның әңгімелері қараша айының соңғы аптасында Брюссельде өткен Ашық Евразиялық халықаралық әдеби байқаудың қорытынды фестивалінде «шағын проза» номинациясында I орынды иеленген еді» дейді. Бәрі адамның ниетіне байланысты. 

«Көк сырға» әңгімесінде «Өмірдің әр жетістігіне, сыйына жеке шаттанбай, салғырт қарайтынымыз қалай? Есесіне, қолымыз жетпегенге ерекше күйінеміз...» дейтіні бар ғой. Адам байғұс ненің қадірін білген... Әр төзімнің соңында баға жетпес сый, әр тәжірибеде қазына бар. «Қастандық» әңгімесінде де «қастандықтың бәрі бірдей қастандық, жақсылықтың бәрі бірдей жақсылық емес. Таңдау біздің еркімізде» деп аяқталады. Адам біреуді айыптаса бір күні өзі соның орнына баруы мүмкін немесе өзінің тәжірибесін ойынан, жүрегінен өткізбесе сол сынаққа қайта түсуі мүмкін.

«Арман» әңгімесінде ұл болып тууды арман еткен қыздың «егер мен таңда ұл болып оянсам, әр өкпенің аяғы менің ұл боп тумағаныма тірелетіндей анам қуыстанып кінәлі болмас еді» деген сөзі оқыған адамды бей-жай қалдырмас. 

 «Қиял жетегінде» бәрі айтылады. Ал ертегі формасында жазылған «Елім үшіннің» философиясы басқарақ, оны оқыған кезде ұғасыз.  «Уақыт» дегені бар өмірін ұлына арнап, тек соны өмірінің қазығы, мәні етіп алған жалғызбасты аналардың ішкі трагедиясы, ұлын болашақ келіннен қызғанатын қызғаныш жайында. «Бақыттымын», «Ошақ қасы» күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар. «Сырласу» әңгімесінде авторды психолог ретінде көреміз. Өзін ақылдымын деп есептейтіндер шын мәнінде сол ақылдың азабына ұшырағандар. Оларды іштен үмітсіз ойлар жеп жатады. Ол ойлардың көбі бізге жол-жөнекей таңылған ойлар немесе оның көбін өзіміз шақырып аламыз да қайда барсақ та, өзімізбен бірге тасып, сүйреп жүреміз. Өлгенше. Өйткені, мазасыздану ақыл күшін рәсуа қылатынын, бұл жек көруден кейінгі орында тұрған нәрсе екенін бағамдамаймыз ғой. Мұң ше? Бұл біздің өзіміздің бірдеңе жайлы пайымымыздан келеді, уайым мен мұңның мінезі  сондай – ол адамды іштен қысады, сырттан келетін жылы лебі бар сигналдарды жауып тастайды, ішке қайғы жасырған адам ішін негативпен толтырады, бұның бәрі ой, сана, жүректі ауырлатады. Ал махаббат керісінше емдейді, онда адамның  махаббаты желім сияқты болмауы керек, керісінше тартылыс күшке ие болса ол иесін бақытты етеді.  Адам өмірде азап шегу үшін емес, бақытты болу үшін жасайды. Ал «Әділетте» ирония бар. «Сабақ» қызы үшін уайымдайтын ананың бала алдындағы парызы жөнінде. Ия, біз кейде өзіміз қабылдаған бір шындықтарға қарсы әрекет ететініміз бар, қарсылық білдірген сайын біз сол нәрсеге орын беріп, соны мойындай түсеміз.

СӨЗ

Қуантатын да сөз, ақиқатты беруші де анық сөз. Біздің әр сөзіміз бен әрекетіміз не махаббаттан, не қорқыныштан болатыны неге екен? Торғын Жолдасбекқызының «Сөз» деген көлемді шығармасы арқылы Ажар атты қажырлы әйелмен таныстық. Ажардың бастан кешкен қиындығы, тауқыметі – бұл біздің әжелеріміздің биографиясында бар нәрсе. Әбдірештен қашып, жылқы бағып кеткен Ажар Шайқыға шығады, өгей шешесі мен қайынатасының кесірі тиіп одан кетіп, Сәдірге шығады, ол өліп, Сабырды таңдауға мәжбүр болады, ұлы Әлік науқас болады,тоқсанға жуықтаған ғұмырында қаншама нәрседен өткен Ажардың бүкіл ғұмырында түйгені – сөз деген нәрсенің құдіретті екендігі. 

Және де сұрақтар шыға береді, мысалы, біздің көбіміз өмірде ең жаманы өзіңді керексіз сезіну деп ойлаймыз. Адам біреуді жақсы көруі, ал келесі тараптың сезімге түйсігі ашылмаған болуы мүмкін, кейін уақыт өте келе адам түсінеді, өмірде ең жаманы – біреудің сені жақсы көрмегені емес, ең жаманы алдымен адамның өзін-өзі қабылдап, ұғуға келмегені. Әйтпесе, бұл өмір соншама қатал деп кім айтты, ол тек сүюді үйреткісі келуі, адамның өзін емес, махаббатын сынап көруі мүмкін. 

ӨМІРДІ СҮЮГЕ КЕШ ҚАЛМАУ КЕРЕК

Адам дүниеден өзінің ниетіне сай нәрсені алады және не нәрсеге де сол ниетпен кіріседі. Байыпты ақыл үлкен ойларға әкеледі. Басқа ойларды тудырады. Бұл үлкен қиындықтарды шешуге көмектеседі. Ең жақсысы өз шындығыңмен, бірқалыпты  өмір сүру. Сонда біртіндеп сенің сүріп жүрген өмірің сол өзіңнің ойларыңның нәтижесі екеніне көз жете бастайды. Мына дүниенің ендігі жаңалығы бірдеңе ашуда емес, оған басқа жағынан келіп, жаңаша қарау үшін өзімізді соған сай тануда яғни біз Торғынды оқып өзімізді өмірге қайта келгендей сезіндік демейміз, оның шығармаларындағы өзімізді танимыз. Жазушы қыздың айтатыны – мына шетсіз-шексіз кең дүниеде біз кім болғымыз келеді, соны анықтауымыз, сол жолда өзімізге сенуіміз  керек. 

Әр сезімнің өз міндеті бар: мысалы, тоңамыз, тоңсақ ауырып қаламыз деген қорқыныштан қалың киініп аламыз, ал егер, жоқ, тоңбаймын, тоңатын суық жоқ десең тоңбайсың, бұл сенім, адам өзінің денесін де өзі деп, өзінің ақылын да өзі деп ойлай береді, ең соңында барып өзінің кім екенін түсінуі мүмкін. Егер адамда иненің жасуындай болсын сенім болса, соның өзімен бірдеңе қозғауға болады.

Айта кетейік, кітап дизайнының бұл нұсқасын біздің бейнеәрлеуші  Гүлжан Жүнісханның жеке мұрағатынан алдық. "Торғын Жолдасбекқызын карантин кезінде осы жұмысты жасау барысында таныған едім. Бұл менің дизайнер ретінде алғаш жасаған жұмыстарымның бірі"  дейді Гүлжан Жүнісхан.  Бұл да оқырман ықыласы.

«Кеш қалманы» тек тірі қалу үшін, бойымдағы қорқыныш, өкініш пен үрейден арылу үшін жаза бастадым. Бірде жылап, бірде күліп, бірде қаным қайнап, бірде сұп-суық боп өзгердім. Сол сезімді кітаптың өн бойында қайта сүріп өттім. Осы сәттің бәрінде өзімнің тірі екенімді білдім. Сол сезімді оқырманым да татса екен деген ой болды» депті автор. Автордың «Кеш қалма» кітабын ертегі түріндегі роман екен. Сан түрлі мінез, тағдырлар бір-біріне кереғар қасиеттерді де алып шығады. Қаһардың сезімінің қуаты, сүйгенімен қосыла алмағаны, жалпы рухының мықтылығы туралы айтады. Оны айналасындағы адамдар, жақындары үшін құрбандыққа бара алатын адам ретінде көрсетеді. Кек алам дегенге ой-санасын билеткен адамды да көреміз. Бауырмалдық та, кекшілдік те бір адамның басында. Оны қыз жеңді. Еңлік пен Хазардың бақыты жанды сергітеді. Сүйгенін басқамен бөлісуге келіспеген сұлу күндесін қызғанышпен жаңа туған сәбиімен бірге өлтіреді. Ақырында өз балалары бола тұра өзі де кетуге шешім қабылдайды. 

Торғынның өмірді сүю ұстанымы әсер еткендей болды. Біз неге өмірді бірыңғай ашық түсте көріп, мереке сияқты қабылдай алмаймыз? Үлкендердің қабағындағы бір ойлардан бастап, баяғыдан бергі оқыған әдебиетімізден бастап өмір деген қайғы-мұң дегенге сеніп қалғанбыз ба? Біз неге осы барымызбен қуана алмаймыз? Сәттерге, осы шақта... Мысалы, Торғын әр күнді көргеніне қуанған екен, оны шығармаларынан байқадық. Әлде моральдық кодекстер, шектеу, қоғамдық тиым, эмоционалдық жағдайлар ма  бізді қатты қуана алмайтын қылып тастаған? Ия, дұрыс байқадыңыз оқырман, бұның жауабы  соншалықты қарапайым және соншалықты күрделі. Біз бұның кейбір жауаптарын  Торғынның шығармаларынан таптық... 

(Торғынның фотосуреттері құрбысы Айгерім Нұқпаеваның жеке мұрағатынан алынды).

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар