Франкофон әдебиеті бұрышының ашылуы өтті

Бөлісу:

05.06.2024 954

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 4 маусым күні Қазақстандағы Франция Елшілігі мен Бельгия Елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Франкофон әдебиеті бұрышының ашылуы өтті.  Ашылу салтанатына Франция Елшілігінің Мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан мен Бельгияның Қазақстандағы Елшісі Анри Вантигем арнайы қатысты. Француз елшілігі кітапханаға түпнұсқада және аударма түрінде әртүрлі жанрдағы әдебиеттерді: поэзиялық туындыларды, пьесаларды, классикалық және заманауи романдарды, сондай-ақ француз мәдениеті туралы иллюстрациялық басылымдарды сыйға тартты.

Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы:

Әдебиет – ол мәдениет, ол - кітап. Мемлекет басшысы айтқандай кітап туралы, кітап шығару, кітап басу, кітапханалар мен  кітап саласының дамуына байланысты ұлттық кітап күнінен бөлек, кітапқа арналған ірі даталар белгіленіп отыр. Қазір алдымызда кітап мәдениеті мен маңызы туралы мәселелер көтеріліп жатыр. Қарап тұрсаңыз әлемге, адамзатқа ортақ құндылықты беретін де әдебиет. Сондықтан бұл бұрыш тек ашылып қана қоймай, әрі қарай насихатталуы керек және осындағы әрбір кітап өз оқырманын табады деп ойлаймын. Алдағы уақытта мәдени серіктестігіміз жалғасын табады деген үміттемін,- деді.

Франция Елшілігінің Мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан:

- Бұл біз үшін өте маңызды шаралардың бірі болды. Осында ұсынылатын әдебиеттер тізіміне мұқият назар аудардық. Сондай-ақ мұндағы кітаптар тек француз тілінде ғана емес, қазақ және орыс тіліне аударылғаны француз елінің құндылықтарымен танысу үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймыз. Мұнда француз мәдениеті, поэзиялық басылымдар, түрлі жазбалар мен ұлы тұлғалар жайлы ақпараттармен және олардың әңгімелерімен таныса аласыз. Алдағы уақытта француз тіліне қызығушылық танытқандарды қарсы аламыз деп үміттенемін деп сөзін түйіндеді.

Бельгияның Қазақстандағы Елшісі Анри Вантигем:

- Байқап отырғандарыңыздай Бельгия, Франция екі ел арасында тамыры тереңге жайылған тарихи байланыс бар. Біз үшін француз тілінің маңызы зор. Себебі француз тілі екінші ресми. Тіпті, Бельгиядағы нобель сыйлығын алған жазушы М. Метерлинг болса, оның жазған шығармасының өзі француз тілінде жарыққа шыққан,- деп ағынан ақтарылды.

Енді кітапханаға келген кез келген оқырман Александр Дюма, Виктор Гюго, Вольтер, Антуан де Сент-Экзюпери, Симон де Бовуар сияқты авторлармен философтардың кітаптарын, сондай-ақ әдебиет бойынша француз Нобель сыйлығының лауреаттары Энни Эрно, Альберт Камю, Андре Гид шығармаларын, Мелани Руттеннің «Әрбір адамның көлеңкесі» және Аделина Дьедонненің «Шынайы өмір» романдарын оқи алады. Одан бөлек бірнеше әдеби сыйлықтармен марапатталған Аделина Дьедонне және Лу мырзаның «Велосипед жарысы Бельгия» комикстерін де оқырман үшін қолжетімді болмақ.

Оқырманға шет ел әдебиеті мен дәстүрін таныту мақсатында жүргізілетін шет ел бұрыштарын ашу сынды халықаралық жоба дәстүрлі іс-шараға айналды. Бүгінде кітапханада 15-тен астам бұрыш жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта француз, ағылшын, корей, жапон, поляк, неміс, португал тілдер бұрышын ашу жоспарланып отырғаны хабарлады кітапхана ұжымы. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар