Күнге бет алған керуен

Бөлісу:

06.06.2024 925

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Әділбек Ыбырайымұлының “Күнге бет алған керуен” атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Осы уақытқа дейін бір трилогия, 2 роман, 4 проза кітабын жазған қаламгердің бұл 7-ші жыр жинағы. Бұл топтамасының құрылымы мен мазмұны күрделі: “Ақ нөсер”, “Сал күрең”, “Шілтер”, “Ұлы жіңгір боз дала”, “Мамырстан”, “Сұлу шәрі”, “Нигерия көз жасы” сияқты он бөлімнен тұрады. Бірі лирикаға құрылса, екіншісі эпикалық сарынға арқа сүйеген, үшіншісі азаматтық үнге ие.  Екі саланы қатар алып келе жатқан Ә.Ыбырайымұлының құрдастары таныстырылым барысында өз жылы лебіздерін білдірді. 

Ақын, жазушы Баянғали Тоқанұлы Әлімжанов:

- Әділбек Ыбырайымұлы өз өлеңдерімен алдымен ақын ретінде танылған. Поэзиядағы еңбегінің белесі, болашаққа бастауы секілді “Күнге бет алған керуен” кітабы дүниеге келіп отыр. Бұл Әділбектің қаншама жыл бойы жазған жырларының үлкен жинағы. Өте әдемі шыққан. Әділбек үлкен қаламгер, үлкен жазушы. Қарасөзбен прозамен үлкен романдар жазған. Оның ішінде 3 томдық “Кенесары”, ”Наурызбай” туралы романы кейін шыққан. Бұл көпшіліктің қолына тие қоймаған шығар.  Бұл аса үлкен күрделі тақырып. Міне осыған Әділбек батылы жетіп барды. Өз деңгейінде алып шыққан болар деп үміттенеміз. Әділбек өзінің шығармашылық жолында сан-сала ізденістерімен, аспай-саспай, абыр-дабырсыз жүйелі түрде жақсылап жүргізіп келе жатқан қаламгерлеріміздің бірі. Әділбектің жолы ашық болсын, еңбегінің жемісін көр деп тілек айтамыз,- деді. 

Автордың тілі бай әрі ұлттық бояуға қанық. Жазу шеберлігін жетік меңгерген. Әртүрлі табиғат құбылыстарын, жансыз нәрселерді адам кейпіне келтіріп немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданады. 

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы:

- Жақсы өлең жер бетінде өмір сүргенімен, өлең көктен түседі. Тәңірден түседі. Сондықтан осы Тәңірдің беретін сәтін ақын өзі толғатып жүреді. Оның қай кезде келетінін білмеуі мүмкін. Сөз деген құдыретті дүние. Құдыретін сезіну керек. Әдебиетке өлең үлесіне кіріп кеткен ақын өзінің екінші бір әлемінде өмір сүріп жатады. Бүгінгі әлемнен оқшау “әй”,- деп атын атап шақырып алсаң сенің әлеміне келіп сөйлесуі мүмкін. Бірақ үнемі өз арнасында, өзінің әлемінде, өзінің кейіпкерлерімен сөйлесіп, образын іздеп жүреді. Бір күнде бір өлең жазып тастаймын немесе үш өлең жазып тастаймын деген болмайды. Ақынның жүрегі ондай фабрика емес. Ақынның жүрегі сезімдердің, ой-иірімдерінің үлкен қазаны деп айтуға болады,- деді.

Журналистика және саясаттану факультеті 3 курс студенті

Бөлісу:

Көп оқылғандар