Ұмтыл Зарыққан. Күй шақыру

Бөлісу:

07.07.2024 1999

Күй шақыру

Ауырлығы алған серттей,–

не қастерлі уәдедей.

Көз жасынан тамған нұрдай,

иа, таңғы сәуледей.

Перне санай қонған пірім;

шанақ бойлай толған мұңым;

қанды басың қайыра тарт,

тарт, сәуегей, сәуегей...

 

Сары жал жел, саған айтам,

сары бас бел, саған айтам,

сағымды көл саған айтам,

сағынған ел, саған айтам

қайғылы ер, саған айтам,

қазулы көр, саған айтам,

жырау- жырау, жырау күйім,

жанары жас бұлау күйім,

аққу-қаздай таранып кел,

аш бурадай жаранып кел!

Қырық таңба Қырымыңнан,

он екі бау Ұрымыңнан,

қара басың хан болып кел,

қаралы елге қам болып кел!

Тоғыз санды Торғауыттан,

он сандайын Оймауыттан,

жазиралы жаз болып кел,

Назиралы саз болып кел!

Жырау- жырау, жырау күйім,

жанары жас бұлау күйім,

тырна жілік сыбызғыммен;

қарағайлы қобызыммен;

қоңыраулы қоңыр үнмен;

шерге толы шанаққа серт,

Құса толы қаламға серт,

Қауырсынды ғаламға серт,

құлақ күйін шақырайын,

аруағым сапырайын,

жаратылған жеріммен серт,

суғарылған кегіммен серт,

мылқау тілмен ымдаса күй,

көмейіме қорғасын құй.

азалыға ән болып кел,

ажалдыға жан болып кел,

жырау-жырау, жырау күйім,

жанары жас бұлау күйім…

       Күй

−Мұхаң айтыпты ғой «Қазақтың ары тен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп.Сол рас сөз...

                                                                                  А.Сүлейменовтен

 

Кәрі саусақ,

күй бастады,

қорғалап,

жеткен үн ғой,

ұзақ сапар,

жол қажап...

менің жырым – Алтай асқан қаршыға,

сенің күйің сұңқардайын сорғалап.

Жеткен үн ғой,

толқын ұрып,

жал қажап...

 

Күйден күйге көштің тағы қоңырлап,

қоңыр түнде қорғасындай ауырлап.

Сұңқылдайды үн,

саусағыңнан сорғалап,

отырмын мен қос қабырғам саудырап.

Күмбір-күмбір, күмбірлеген күллі ырғақ,

шымыр- шымыр, шымыр етті жанды улап.

жанған шамдай жел үрлесе дір етем,

өлмепті сөз,

күйде әлі тірі екен.

Алдына алған алты құрлық аймақты,

бақ тайса да, алаштан күй таймапты.

Кәрі саусақ көн шанаққа қағылса,

ешкі ішегі сөйлеп отыр абызша...

 

Күйден күйге көштің тағы ауырлап,

көшеді бұлт қара жерді бауырлап.

Ықылым бір заманадан жеткен үн,

көшелерді шайып өтші шуылдақ.

Қобыз текті қайран, қоңыр домбырам,

жеттің маған болса да алыс жол бұраң.

Алашымның аруақты даласын,

жұпар күйің енді қардай борасын.

Жолдарым бір тоғысар ма бөлінген?

ботасымен қауышар ма бозінген?

Жеті жұрттың сөйлесем де тілімен,

жеткізе алмай қойып едім бұны мен.

Ей, екі ішек, енді мен боп боздашы,

екі көзден үзілген...

 

Ей, ащы ішек, боз жусан боп бұрқыра,

өмір керек

рухың керек 

ұлтыма.

Шертші қане

шерге де бір тояиын.

Келші қане

үкі қадап қояиын.

Жүзші қане,

әппақ бұлттар ішінде,

алтын қанат аққу құсты пішінде.

Үкілі бір домбырасын көтеріп,

үкілі кер көп кіресің түсіме.

Жұмағұлдың «Ағаш аты»

Қоп-қоңыр кеш.

Дала жаңбыр.

Жылаған...

Қараша үй.

Қария отыр,

алдында шай суыған.

Сәлден кейін күй төгілді күңірентіп күн астын,

қаусай-қаусай қабырғамды сөгілтіп,

сарнай-сарнай жүрегімді суырған.

 

Қандай ауыр,

қандай шерлі бұл қағыс,

жеткізе алар тіл емес

айтқыза алар сөз емес

алқара көк аспан жақта азынап,

ұшады екен ақ боз атты бір жігіт,

періште иә, пері емес.

 

Сол қазақы еркіндік қой

сол далалық азаттық

ұшады екен

жер бауырлап жүргендерді мазақ қып.

Ұшады екен...

қоңыр желге таратып ап кекілді,

түмен бұлттар тұяғында тапталып,

жанарынан жұлдыз жауған секілді.

 

Ұшады екен...

қарайламай,

алаңдамай

тым асқақ.

Ұшады екен түн бауырын құлаштап.

Ұшқырлығы желден жүйрік секілді,

Құсжолы оның қыл құйрығы секілді,

сол қазақы жомарттық қой

сол далалық азаттық

Ал, топырақ тартады екен төменге

тартпай қайтсын тереңдік.

Шебер жігіт жерге түсті ⎼

көрге түсті дұрысы,

түсірді оны

кереңдік!

 

Домбыра мен ақ боз аты қос қанаты секілді,

тағдыры оның таңда жауған құсқанаты секілді,

бір қанаты күй боп сіңіп шанаққа

бір қанаты аспан асқан деседі...

 

Шай суыған.

Дала тыныш.

Жаңбыр тынған секілді.

Момақан түн тауға асылып жусап тұрған секілді.

шаңырақтан туған жұлдыз ⎼

                                                   Ақбозат

Жұмағұлдың «Ағаш аты» секілді.

«Тауқұдірет»

Халық күйі

Ерте,

ерте,

ескі заман тұсы екен,

Тауқұдірет сыңар қанат құс екен.

Аталығы оң қанатын сабалап,

аналығы сол қанатын сабалап,

талпынғанмен бағынбапты көк аспан.

Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,

домбырада жалғыз ішек болыпты.

Күйші жігіт көсіліп күй төге алмай,

Тауқұдірет есіліп бір ұша алмай,

Тәңірге қол жайыпты:

«Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,

көк аспанды көлбеп ұшар ғұмыр ет.

Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,

қу ағашты мылқау қылма күмбірлет».

Сонда құсқа ой салыпты құдайы,

«қол ұстасып» ұшыңдар деп ұдайы.

Аталығы оң қанатын сабалап,

аналығы сол қанатын сабалап,

қанаттасып құлаған да құзардан,

бауырында жер қалыпты домалап.

Күйші жігіт: «бұныңа да шүкір» – ,­деп,

домбыраға қол созғанда күмбірлеп,

Құдіреттің зарлауы мен самғауын,

қос ішекке қондырыпты бір-бірлеп.

Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,

содан бері қос қанатты құс біткен,

ал домбыра қос ішекті болыпты.

P.S.

Өр даланың шарпыған өртіндей бір,

көңілімнің тұманы серпілмей жүр.

Өлеңімнің тереңгі иріміндей,

домбырамның бір күйі шертілмей жүр.

 

Бота жырым емексіп емсе түнді,

иімейді көңілі шер секілді.

Осы күйді тыңдасам, сырлы сөзде

менің де бір қанатым кем секілді.

Қос басар – І

Кешір мені, Қаратау.

Кешір мені, баба тау.

Шанағымда ақ теңіздей жөңкілген,

домбырамның қос ішегі секілді ең.

Мен сендерге бола алмадым опалы ұл,

кешір мені, топаным,

кешір мені, топырағы отанның.

Сырқыратып қарағайдың сүйегін,

қайда қалқып бара жатыр киелі үн.

Дала, дала... 

маңдайын күн қақтаған,

шулаған жұрт,

шұбырған ел,

ақ табан...

бір ішегі байсалдыққа шақырса,

бір ішекте боздайды кеп ақ боран.

 

Қос-қос басқан,

қос-қос басқан,

қос басқан,

Қос ішекте отпенен су отасқан.

қаралы елдің қасыреті буынды ап,

Қаратау тұр

төбе құйқа шымырлап.

Күйден тыңдап жүрегінің дүрсілін,

аспан аңсап бір нөсердің күр-күрін.

Көзін аша жарымаған желінге,

Жалқы бір күй кетті бойлап күн түбін..

Әй, зарлы саз,

ей, сырлы саз самалы,

саған пана қыл қобыздың шанағы.

Зар еді бұл күймен ғана ұқтырып,

қазақ қана көтеретін тік тұрып.

 

Қос-қос басқан,

қос-қос басқан,

қос басқан,

Қос ішекте отпенен су отасқан.

Тұлданған бір жануардың жалындай,

қаралы бұлт құштым сені бауырлай.

Қайыңды ерге айтам нені, бос қалған,

көңілімді қайтем мынау, қош, арман,

сеңгір-сеңгір,

сеңгір-сеңгір сонардан,

мұнр-мұнар,

мұнар шөккен тұманнан...

«Жер азатсыз, елім азат болар ма,

ел азатсыз, ерім азат болар ма,

қос жанарым саусам көлің толар ма,

ақ сұңқарым айнала ұшқан қонар ма?!».

....…

Қос-қос басқан,

қос-қос басқан,

қос басқан...

Қос ішекте отпенен су отасқан.

Дала... Дала...

маңдайын күн қақтаған,

шулаған жұрт,

шұбырған ел,

ақ табан...

бір ішегі байсалдыққа шақырса,

бір ішекте ұлиды кеп ақ боран.

Қос басар - ІІ

Қаға-қаға қара жолдар,

талықсыған қанат шығар.

Тама-тама қара сулар,

мұз боп қатқан қабақ шығар.

Қоға-қоға қоғалы көл,

сазын аңсар жетігендей.

Таға-таға тағалы тау,

тұяақ асты кетілгендей.

Саға-саға сары құмдар,

сары жонды сары атан ба?

Асу-асу асқан бұлттар,

артқан қомдай сол атанға.

Мылқау дала.

Мықан ағаш.

Түбірінен кесілгендей.

Соның бәрін сырлы саз ғып,

қу шанаққа көшіргендей.

Қара-қара қаралы тау,

қаралы шал қабағында.

Жетім бота боздайды кеп,

домбыраның сағағында.

Қара-қара қаралы күй,

тұрды асылып түнге сіңбей.

Қарағайлы қара шанақ,

қаралы шал кеудесіндей.

Алқымды кеп алған ашу,

ал қайнашы, бұрқырашы.

Қара тасты ерітердей,

нұрлы күйдің ыстық жасы.

Қаға-қаға қанаттарын,

қалған қаздай қатарынан.

Тар маңдайын тасқа соғып,

жәудірейді жаралы таң.

Терең-терең ирімдері,

мың бояулы,

ыың қатпарлы,

кетті бір күй қанжығада

киіз қапта құндақтаулы.

Қара-қара қаралы күй,

тұрды асылып түнге сіңбей.

Қарағайлы қара шанақ,

қаралы шал кеудесіндей.

***

Қаға-қаға қаралы күй қанатын,

мұздай суық саңдайыма қонатын.

Менің жаным аспанындай Арқаның,

сәл бұлттаса Алтай жаққа жауатын.

 

Аспаным-ай, аспаным-ай жылауық,

уансаңшы, жұбансаңшы бір ауық.

Кеттіңдер ме, ей, жер аңсаған атандай,

шуда-шуда, шуда бұлт.

 

Сиретіп бір жанған жұлдыз қатарын,

менде бір күн құбылама батармын.

Сонда мені бауырыңа баса көр,

шуда бұлттар күпісіндей атамның.

 

Шуда бұлттар, Өр Алтайға төгіңдер,

әр бір тасын мына мен боп өбіңдер.

Тас молаға мына мен боп тіл қатып,

кірпігімді сәл құрғатып келіңдер.

 

Торқа-торқа, торқа-торқа торқа мұң,–

асылып ап арқасына жотаның.

Сендер жақтан шығар күнге шошына,

біздер жаққа батар күннен қорқамын.

***

Домбыра, қос ішекті ішің қуыс,

қос ішек – бірі ағайын, бірің туыс.

Талдырып дүниенің қос иығын,

қомданып көкірегіме қонды бір құс.

 

Домбыра, іші қуыс қу ағаш-ты,

қос ішек – бірі ағайын, бірі – Алаш-ты.

Кіндігі кесілместен кері самал,

кірді де керегеден ала қашты.

 

Домбыра, сенде жетім, менде жетім,

еңкейіп Ай жуады көлге бетін.

Жұлып ап жапырақтай жүрегімді

мен саған тиек жонып бермек едім.

 

Қайнатып саған құйған қорғасындай,

сұрланып тұрып алды шың басында Ай.

Шыжғырып содан бері жүрегімді,

бір өксік көмейімде жүр басылмай.

 

Қу ағаш шерткен сайын шерге қанбай,

келемін қара өлеңді мен де жалдай.

Жалғанның арғы бетін, бергі бетін

қосылып қос ішекке қондыралмай.

 

Қос ішек, қоңыр белде тайпалғанын,

қоңыр үн қауызында шайқалғанын.

Өмірге өлең керек дегенменен,

жеткізіп соның бірін айталмадым.

 

Сазына сырлы әлемнің салар ирек,

менде бір күй боп ұшқан «Көкала үйрек».

Аңсарын асыл сөздің аңқыта алмай,

отырмын маңдайымды саған сүйеп.

Бөлісу:

Көп оқылғандар