Балық қыз (қытай халық ертегісі)

Бөлісу:

11.07.2024 1238

Ертеде теңіз жағалап, өзен сағалап күн кешкен Тофу есімді балықшы болыпты. Оның кедей болғаны соншалық, ата-анасынан қалған ескі қайығын жаңалап, жыртылған ауын жамап алуға шамасы болмапты.

Бір күні ол өзенге балық аулайын деп келсе, енді ғана ұстаның қолынан шыққан жап-жаңа қайығымен қарт балықшы Джин Гуй кездесіпті: «Оу, Тофу, қайдан жүрсің? Қолыңдағы торың қай заманғы тор, қайығың ше?  Сенің торың ескіріп шіріп кеткені сонша, ауыңа айдаһар патшасы түссе де, оны ұстай алмайтын шығарсың. Міне, қарашы! Қолыңдағы ауыңның түрінен менің балықтарым да үркіп, қашып кетті. Ең жақсысы оны ал да, тауға апарып жай, мүмкін, торыңа тау перісі түсіп қалар», - дейді қарқылдай күліп.

Тофу қысылғанынан сөз қайтаруға шамасы келмей, басын көтерместен балық аулайтын торын қолтығына қысып, тау жотасына қарай өрлеп кете береді. Намыстан өртенген ол көз жасын тыя алмай жылап келе жатты.

Тау жотасында Шабдалы гүлі деп аталатын көл бар еді. Шабдалы гүлі көлінің суы терең, шыныдай мөп-мөлдір еді. Тофу көз жасын сүртіп, бағын сынағысы келді де, таяздау жерінен түсіп, ауын суға лақтырып жіберді. Ойламаған жерден торына бірдеме ілінгендей болады, ауын асығыс жинап қараса, әдемі көкшіл түсті балық ілініпті.

Қуанып кеткен Тофу: «Ха ха, «Жыртылған аудан қорықпа, ау тастамаудан қорық!» - дейді. Қарын болса ашты, бұл балық үлкен де емес, кішкентай да емес екен. Бүгінше осыны азық ете тұрайын, - дейді.

«Мені жеме, Тофу», - дейді көкшіл балық. Шошып қалған Тофуға: «Сен мені таудың таза бұлағының суы құйылған ыдыста бағатын болсаң, мен саған тамақ дайындап беретін едім», - дейді.

Тофу үйіне келіп төсек астындағы үлкен қыш құмырасын шығарып, оны жуып, таудың таза бұлақ суымен толтырды да көкшіл балықты салып қойды. Ас ісшер уақыт жақындағанда көк балық құмырадан шығып, көк көйлек киген әдемі қызға айналады.

Балық қыздың көк көйлегінің екі қалтасы бар еді, сол қалтасынан күріш, ал оң қалтасынан балық шығады екен. Ол әр күні тамақ пісіріп, оны ыдысқа салып, таяқшаны қасына қойып: «Тофу, кел, тамақ дайын. Сен асықпай тамақтан. Мен құмырама қайтайын» - дейді.

Тамағы тоқ, көйлегі көк болған Тофу, көкшіл балықтың көк көйлекті қызға айналғанына есі кете қуанып: «Келсеңші, бірлікте тамақ ішейік!» - десе, Балық қыз басын шайқап: «Мен Таңшүй айдаһар патшасының қызымын. Адам баласының отқа пісірген тамағын жей алмаймын, егер адам баласының тамағын жесем, ешқашан қайтып балыққа айнала алмай қаламын», - дейді.

«Балық болғаннан енді саған не пайда, менің әйелім болып, менімен бірге тұрмайсың ба?» - деп Тофу оған үнемі айта беріпті. Ешкімге зәбірі жоқ Тофу да Балық қызға ұнап қалса керек, онымен бірге ақыры бір күні тамақ ішіпті. Балық қыз тамақ ішіп болғаннан кейін көзіне жас алып: «Әкемнің рұқсатынсыз саған тұрмысқа шықсам, ол ашуланып екеумізді де жазым қыла ма деп қорқамын. Сондықтан тау басындағы көлге барып, әкеме жалын: «Су айдаһар патшасы! Су айдаһар патшасы! Мен сіздің Балық қызыңызға үйленгім келеді!» - деп айтыңыз», - деп оған ақыл айтады.

Тофу Шабдалы гүлі көліне барып: «Уа, Су айдаһар патшасы! Су айдаһар патшасы! Мен сіздің Балық қызыңызға үйленгім келеді!» - деп қатты дауыстап айғайлады.

Сол сәтте Шабдалы гүлі көлінде үлкен толқындар пайда болады да, судан Айдаһар патшасының басы көрінеді. Ол былай дейді: «Ертең менімен бірге аң аулауға тауға шығасың, сен аңдарды үркітіп қуып әкелесің, мен олардың алдынан шығып аулайтын боламын. Егер сол аңдардың ішіндегі алтын бұғыны ұстай алсақ, саған Балық қызымды беретін боламын.»

Өмірі су мен балықшылықтан басқа ештеңе көрмеген Тофу үйіне салы суға кетіп қайтып келеді де, Балық қызға: «Су айдаһар патшасы екеуміз ертең тауға шығып, аң аулауға баратын болдық. Маған аңдарды арт жағынан үркітуге бұйырды. Ал өзі алдыңғы жақтан тосып ұстайтын болды. Егер алтын бұғыны аулай алсақ, ол үйленуімізге келісім береді, аулай алмасақ халіміз мүшкіл», - дейді, иіні салбырап.

«Менің әкем жақсы аңшы. Ол бұл шешіміне өкінбесе, бұғыны еш қиналмай аулай алатыны сөзсіз. Бірақ оның мінезі қызық, оны болжап болмайсың. Егер оның кенет жоғалып кеткенін байқасаңыз, жан-жағыңыздан мүйізі қарағайдай су сиырдың бар-жоғына қараңыз. Егер олар бір емес, бірнешеу болса да мүлде қорықпаңыз, тек барлығын қосып-біріктіріп қуа беріңіз, сонда ғана бәрі жақсы болады», - дейді қыз.

Келесі күні Тофу мен Айдаһар патшасы тау басына аңға шығады. Сол уақытта Су айдаһар патшасы кенеттен ғайып болады. Тофу тау басындағы лайлы шалшықтың астан-кестеңін шығарып жүрген үш су сиырды көреді де, оларға қарай батылдана қарсы жүреді. Мүйізі қарағайдай үш су сиырдан еш қорықпастан оларды айдай жөнеледі. Жігіттің батылдығына риза болған су патшасы сиыр қалпынан өз кейпіне түседі. Екеуі осылайша бірігіп аң аулап, көп ұзамай бір емес, жеті алтын бұғы ұстап алады.

Айдаһар патшаның ақ батасын алып, Тофу мен Балық қыз үйленіп, бақытты өмір сүреді. Балық қыз шебер тоқымашы екен. Ол көп тоқыма бұйымдар тоқып сатып, Тофуға жаңа қайық пен ау сатып алуға көмектеседі. Жаңа қайық пен ауын пайдаланып Тофу күн сайын көп балық аулай бастайды. Осылай олардың өмірі бірте-бірте жақсарып, байи түседі.

Мандарин үйрегі (wikipedia.org)

Кезінде өзін әбден мазақ етіп, қорлайтын қарт балықшы Джин Гуйдің Джин Хуа есімді өте сұлу қызы бар екен. Тофудың күннен-күнге ауы салымды болып, қоймасы күн сайын балыққа толып, саудасы дүркіреп жатқанын көрген Джин Хуа: «Саудаң болса жүріп жатыр, сен бұрынғыдай кедей емессің. Киіміңді қарашы қандай жұпыны, егер күнде ұстаған балығыңның жартысын берер болсаң, киіміңді түзеп, жағасына сәнді мандарин үйрегін кестелеп беретін едім», - дейді.

Ал, үйіндегі Балық қыз тек тоқыма тоқи алады екен де, киімге кесте салуды білмейді екен. Содан Тофу аулаған балығының жартысын күнде Джин Хуаға беріп, жағасына мандарин үйректерін кестелетуге келісіпті.

Киіміне мандарин үйректі кестелеу аяқталғанша, ол күнделікті жұмысынан соң Джин Хуаның қасында болады екен. Ол біртіндеп үйіне қайтуды, Балық қыздың істеген тамағын ішуді сиретіпті.

Қайғырып мұңға батқан Балық қыз бір күні кешке Тофуға: «Саған керегі Көкшіл балық па, әлде Джин Хуа ма?» - дейді.

Тофу: «Мен Джин Хуаны қалаймын», - дейді.

Балық қыз бұл мазаққа шыдамай, жерді тепкілей бастады. Кенет аяғы балықтың құйрығына айналып кетеді. Ол сонда да жерді тебе береді, жер жарылып қыз бата бастады. Тек басы мен мойны ғана қалғанда:

- Тофу, шыныңды айтшы, саған балық керек пе, әлде гүл керек пе?

Тофу болса: «Гүл керек», - дейді.

Сол шақта Балық қыз бүкіл денесімен топыраққа көміліп көзден ғайып болады. 

Тофу мен Джин Хуа үш жыл бірге тұрады. Оның балық аулайтын қайығы бірте-бірте шіріп, торы тозып, балық аулауы да азая береді. Кейін Джин Хуа басқа біреумен қашып кетіп, қайтып оралмайды.

Тофу енді Балық қызға жасаған қиянатына өкініп, қатты опық жейді. Ол жыртық-жыртық ауын алып, Шабдалы гүлі көліне қайта келіпті.

Ол өкініштен зар илей жүріп, торды көлге лақтырады. Бірақ, ол ауды жинаған сайын үнемі бос торды тартып шығарумен болады.

Көл жағасын мекендеген бір бақа бар екен, ол Тофудың неше күн, неше түн ау салып жүріп жылағанын көріп, аяп кетіп: «Тофу, сен неге жылайсың?» - деп сұрайды.

Тофу көз жасын көлдете, бар оқиғаны басынан аяғына дейін айтып береді.

Құрбақа оған: «Мен көлдегі суды сарқып ішіп, саған Балық қызды табуға көмектесемін. Бірақ көлдің суын жұтқан шақта, ішім дірілдеп, селкілдеп, жарылардай үлкейемін. Сен оған күлуші болма», - дейді.

«Жарайды. Мен күлмеймін!» - дейді Тофу.

Тофу көз жасын сүртті де, құрбақаның көл суын ішкеніне қарап тұрды. Ол оның барған сайын ісініп кеткенін көрді. Сол сәтте бақа дірілдеп қозғала бастады.

Тофу бақаның дірілдеген, селкілдеген түрін көргенде, неге екенін күлкі қысып, өзін ұстай алмай қалады. Ол күліп жатқанда, құрбақа жоқ болып кетеді де, Шабдалы гүлі көлінің ернеуі қайтадан суға толып шыға келеді.

Тофу осылайша басына бақыт болып қонған Балық қызынан айырылып, өмірінің соңына дейін Шабдалы гүлі көліне ескі ауын лақтырумен өтіпті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар