«Намыс» күйі ойнап тұрсын
Бөлісу:
Жазушы Роллан Сейсенбаев есімін алғаш рет студент кезімізде естіген едік. Одан беріде Англияда Абай үйін ашуға, «Қара сөздерін» орыс және ағылшын тілдеріне аударуға қосқан үлесінен де хабардармыз. Бұл кісінің есімін әлем әдебиетінің ірі өкілдері Стефан Цвейг, Хемингуэй шығармаларымен таныстырған марқұм ұстазымыз, БҚМУ профессоры Серікқали Шарабасов жиі ауызға алатын. Жазушының 1964-1980 жылдар аралығында жазылған көптеген әңгімелерімен таныс болғанымыз сол ұстаздың арқасы.
Автордың тоғышарлық, қанағатсыздық пен көрсоқырлықты әшкерелеген «Шірет», «Отелло» деген әңгімелері кезінде оқырман назарына ілігіп, Арал тағдырын баяндайтын «Құм кезген өліктер» шығармасының хабары шетелдерге жеткен. Ал «Шайтан тағы» романында автор түрме өмірі туралы жазып, сотталған жастардың ауыр тағдырын баян етті. Жазушының 29 жасында бастап 32 жасында аяқтаған бұл романының оған қандай даңқ әкелгенін романның Мәскеуде көп тиражбен бір жылдың ішінде екі рет басылғанынан шамалауға болатын шығар. Мұның ішінде Кеңес Одағының қалалары мен деревняларынан жолданған аналар мен әкелердің, сотталғандардың жүздеген хаттары бар. Үмітсіздік пен қорқыныш, ішімдікке салыну, ауруға шалдығу, әділетсіздік көру, өлім себептерінің салдары ретінде өрілген ауыр тағдырлар, жалғыздық тақырыбы - бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған тақырыптар. Автор түрмені сотталғандардың жан дүниесі арқылы береді. Шындығында бүгінгі статистика да сотталған жастардың әлі де көп екенін келтіреді, олардың кейбіреулері ол жақтан ешқашан оралмайды. Роллан Сейсенбаевтың айтып отырған «шайтаны»- шайтан мен адам арасындағы қайшылықтар желісі ашылған философиялық және адамгершілік компонент. Бүкіл роман барысында «Шайтан тағымен» жеке адам да, жүйе де, мемлекет те, отбасы, сенім мен бостандық та, түрме де «өмір сүріп, тіл табыса» алатындығы көрінеді. «Ал егер де сіз ештеңені естімейтін керең болсаңыз, көршіңіздің бақытсыздығына, қиындығына немкетті қарайтын болсаңыз, сіздің жүрегіңіз шайтанның тағына басқыш болады, ал тақтың өзі қатыгездік пен немқұрайлылықпен уланған ауадан жасалған» деген ой айтылады.
Біз филологияда оқыған жылдар еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі, жұрт болып ұлттың асылын түгендеуге, ел, жер тарихын білуге деген ұмтылыстары оянған керемет кезең еді. Осы кезде көбінде халқымыздың тәуелсіздігі жолында шейіт кеткен батырлары, көне жәдігерлер туралы білуге құштарлық басым болды. Роллан Сейсенбаевтың «Намыс» шығармасын осы кезде оқыдық. Бір мән беретін нәрсе – бұл әріректе, 1966 жылы жазылған шығарма. Ел мен жер тарихын, жоңғарлардың тепкісінен қажыған елдің ауыр мұңын, жасындай ғұмыры бір оқтың ұшына байланып, сайын далада басы домалап қала берген батыр бабалар тағдырын сөз еткен шығарма жөнінде айтып көрейік.
«Керенау далам, өз күйіңді өзің шертсейші»
«Намыс» повесі қаралы күй кешіп отырған ауыл өмірін суреттеуден басталады. Бұл күні қасірет шеккен ауылдың түтіні шықпаған. Жүктері буып- түюлі. Қаралы күй, шерлі жоқтаудан дала күңіреніп, «Қамысты көлдің» жағасын мекен еткен қасқырлар да басы ауған жаққа безіп кеткен. Уақ руының кегін оятқан не жағдай екенін білмек болып, оқуға ынтыға түсесің. Он тоғызға жасы жаңа іліккен жас батыр Күшікбайдың жоңғар батыры Анархоймен жекпе-жекке шығып мерт болғанын, ұрыс даласында емес өз аталасынан ажал құшқанын оның шешесі Айғанымның ұзақ монолы арқылы түсінеміз. Ақыры қайратты ана елді бастап шығып, ауылдан көшіп кетеді. Орта жүзге жататын, Ертіс сағасында тұратын Уақ руының жұрты арқылы автор тарихта аты қалған Күшікбай батырдың ерліктері мен тектілік мінезін суреттейді. Туғаннан ер-тоқымға үйренген көшпелі жұрт, ру ақсүйектері, дана ақсақал, музыкант, шығыстық әйел... оқып отырып, тарихи бағыттағы фильм көргендей боласың. Ол заманда жеке бастың қадір-қасиеті өз халқының ар-намысын сақтау және қорғаумен байланысты болған.«Намыс» әңгімесінің сюжеті қазақ-жоңғар соғысының соңғы кезеңіндегі оқиғалармен байланысты өрбиді. Жоңғарлар тіпті күш алып, айдың-күннің аманында қазақтың жылқысын айдап кетіп, азаматтарын жер құштырып, зәбір-запасы мен қысастығын аямаған осы кезеңде намысы жалт ойнап, қайратына мінген батырлар Төбет пен Күшікбайлар сол қарымтаны қайтарып, елдің намысын қайтару үшін қол бастайды. Шығарманы оқып отырып, дала институтының әлеуметтік-мәртебелік рөлдік нұсқасын да көреміз: ел мен рулық намысты қорғаушы батырлар - Күшікбай, Төбет, Естібек, Жоңғар батыры Анархой бар; халық даналығы мен адамгершілік қағидаларын сақтаушы ақсақал бар; ата-баба жадының қорғаушысы Айғаным бар («Халық даналарының даналығын, батырларының ерлігін, музыканттарының әуенін олар жер бетінен жоғалғанда ғана біліп, тани ма?» деп сұрақ тастайтын әйел өз қадір-қасиетін сақтай отырып, ұлы қайтыс болғаннан кейін халықты басқарды); өз жерінің сұлулығы мен тазалығын бейнелейтін жоңғар қызы бар; халық мәдениетін жасаушы домбырашы Арыстан, сырнай тартатын жоңғар музыканты бар. Автор осылардың әрқайсысын сипаттап, әрекеттерін баяндап отырып, ежелгі жердің тарихын, азапқа толы тағдырын, дала құпиясын түсінгісі келеді. Соғыста талай батырдың, есіл ердің қаны судай ақты. Төбеттің інісі Естібек жоңғар батыры Анархойға қарсы шыққан батыр еді, оны жоңғарлар қорлап өлтіреді. «Тірі болсам жалғыз інімнің кегін қайтарам» деген Төбет батыр шайқасқа шыққанымен, Анархойдың өзін емес емес, жоңғардың үйір-үйір арабы жылқысын, он екі құлы мен сұлу қызын қолға түсіріп әкеледі. Олар жолай тоқтап, өздері қолға түсірген жоңғар тұтқындарына көз салады. Қолға түскен жоңғар қызы сұлу болатын. Төбет тұтқынға сырнай тартқызады. Табиғаты сыршыл қазақтар сырнай үніне елтіп құлақ қояды, ал, Төбет батыр жоңғар қызын осы әуенге билетіп қояды. Осы кезде қасындағы жігіттермен келіп жеткен Күшікбай билеп жатқан жоңғар қызының сұлулығына есі кетеді. Осы кезде ерігіп отырған Төбет батыр жоңғар қызға шешінуді бұйырады. Қызды қызықтап қорламақшы. Қыз намыстан жарылардай болады. Күшікбай Төбет ағасына датын айтып, жоңғар қызы мен қолға түскен он екі тұтқынның жанына сауға сұрайды. Бұл Төбеттің ашуын келтіріп, осы жерде екі батыр шекісіп қалады. Тіпті болмағасын Күшікбай Төбетке: «Естібектің қанын жүктеген бұл жылқышылар мен мына қыз емес қой, Естібектің қаны жоңғар батыры Анархойдың мойнында, мен ол кекті қайырып келдім, енді мыналарды босат, кінәсіз адамдардың обалын мойнымызға алмайық», - деп жалынады. Оның Анархойды жекпе-жекте жеңіп келгені де Төбеттің жүрегін жібітпейді. Ол өзінің кегі үшін ешкімді аямауға бекінген. Ал батыр Күшікбай үшін абырой дегеніміз - өз халқын қорғаудағы жанқиярлық, ру ішіндегі бірлікті бекіту, лайықты дұшпанға құрмет, ал әлсіздер мен қорғансыздарға мейірім танытып, көрші халықтар арасындағы әділеттілікті сақтау. Осылай есептейтін Күшікбай туыстарын бірігуге шақырады, жоңғарлармен соғысты тоқтатуға тырысады. Төбетке: «Бұрын дала ұлдары ермек немесе қатыгездік үшін емес, бір-біріне деген құрмет белгісі ретінде шайқасқан. Шайқас - ерлік пен намыстың белгісі. Демек, біз де бұл құрметке лайықты болуымыз керек. Өзіңіздің жеке ренішіңізді халықтың намысымен шатастырмаңыз» дейтін жері бар. Төбет батыр намыс идеясын жеке басының сезімі ретінде көрсетеді. Ол «қанның кегін тек қанмен алады!» деп есептейді. Оның түсінігінде барымта - кек алу әрекеті. «Әй, қазақ, сен ата- бабаларыңның салт-дәстүрін, кек алу дәстүрін ұмыттың ба? Қанға - қан, жанға - жан емес пе, тот басқан найзаңды қолға алмайсың ба?» деп үгіттейді елді.
Күшікбай автордың негізгі идеясын білдіре отырып, адамгершілік пен әділеттілік идеясын жаңа «ар-намыс кодексі» ретінде жариялайды. Күштің басымдығына емес, парасаттылық пен гуманизм принциптерін алға тартады. «Егер ақымақ батыр халықты басқаратын болса, онда адамдар хайуанға айналады» деген ой айтады. Халықтың ар-намысын, өзін-өзі құрметтеу мен әділеттілік мұраттарын қорғау үшін жауынгерлік рух, күш пен батылдық қажет. Күшікбай зорлық-зомбылықты, әлсіздер мен қорғансыздардың қорлануын айыптай тұрып, әділетті шайқас пен лайықты жауынгер қарсыласымен арадағы адал күресті мойындайды: «Егер сіз кек қайтару үшін қан іздесеңіз, онда сіздің бауырыңыздың қаны жоңғар батыр Анархойдың мойнында» дейтіні содан. Төбет «қан төгемін» деп, Күшікбай «қан төкпейсің» деп, екі батырдың егесі ұзаққа созылады. «Жолыма ғұмырым біткенше тұра көрме, басқа ісіңнің бәріне көнем, атаңның сақалынан алсаң да кешірем, тек жоңғарларға араша сұрама», - дейді Төбет батыр. Екі батыр жекпе-жекке шығады. Бір атаның баласы. Екі қазақ. Осы азғантай сәтке созылған жекпе-жекте Төбеттің басынан бағы қайтқаны, жас батыр Күшікбайдың қайраты тасып тұрғанын байқаймыз. Ақыры Күшікбай жеңіп, тұтқындардың астына ат беріп, шығарып салуға бұйырады. Күшікбай батыр қызды ат үстіне көтеріп мінгізген сәтте оған қатты ғашық болып қалғанын автор тамаша жеткізеді. Нәзгүл де өзінің жанымен қоса ел алдына шешіндірмек болған қорлықтан құтқарған батырға ықыласты көрінеді. Ол қыз да батырды ұнатқан күйі арманда кетеді. Топ қайтқанда Төбет батыр ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп оралады. Ол өзінің баяғы дәурені өткенін сезіп-біліп келеді. Автордың шеберлігі - жекпе- жектер нәтижесіндегі жеңілісті, онымен байланысты қорланған қадір- қасиетті мысалмен көрсетеді. Түпкілікті негіз жеңіліске, сатқындыққа, ренішке және кек алуға байланысты мотивті алға шығарады.
Осы оқиғадан кейін Күшікбайдың атағы аспандайды. Сан жорыққа шығып, «Шыңғыстың бар батырының жалғыз пірі болған Күшікбайға» айналады. Төбет болса баяғыдай жорыққа шықпайды. Күшікбайдың атағы аспандаған сайын Төбеттің ішіне от түседі. Бір күні аяқ астынан дерт жамап, Күшікбай батыр шешекпен ауырады. Ауырып жатқан Күшікбай түсінде жоңғар қызымен сырласады. Түсінде жаңа ғана қасында болған қыз ғайып болады ( оқырман мұны өзіңше жорыған болар еді: қыз дегені көз алдынан ғайып болған өмір шығар дейсің). Батыр ауырып жатқанда Төбет Күшікбайдың қызыл бестісін алып кетіп, артынан қуып барған жігіттерді жайратып кетеді. Шешек үсті-басын қаптап, мойнынан асып, бетіне шаба бастағанына қарамай Күшікбай тор айғырға мініп, Төбеттің артынан қуады. «Сайқал басыңды шаңырағыңа іліп кетпесем маған серт» деп Төбетті жекпе-жекке шақырады. Тек амал жоқ, «Сарыарқаның алға салса арыстаны, артқа салса қорғаны болған батырысың, сабаңа түс, ақымақ ағаң үшін ондайға барма», - деген ақсақалдың басу айтқан сөзіне тоқтайды. Ежелгі заманнан бері қазақ даласындағы әдеп пен тәртіп үлкендерді құрметтеуге, ру ақсақалдарын құрметтеуге негізделген. Халықтық даналық пен адамгершілік қағидаларын жеткізуші ақсақал бейнесі бұл - құрмет. Күшікбай Төбеттің айлакерлігі мен арсыздығынан кек алу сезіміне беріліп, қиянатшысын өлтіргісі келгенде, ақсақал оны тоқтатып: «Мен сені түсінем, Төбеттің бұл әрекеті адам төзгісіз қорлау, бірақ намыс пен реніш бір нәрсе емес, рақымды болу қиын» деп басу айтады. Ол заманда бір рудың адамдарының ондай араздығы бола бермейтін жағдай еді. Күшікбай «Мені тоқтатқаныңызға рахмет. Сіз бұл қорқауды құтқарып қана қоймай, менің абыройымды да қайтардыңыз!» - деп рахмет айтады. Бірақ ол ақыры әділ шайқаста емес, өзінің туысы Төбеттің көре алмаушылығынан қаза табады...
Шығармада батырдың жолда Арқалық тауының басында қайтыс болған кезінде қызыл бесті атының иесінің қасынан ұзамайтын жері бар. Осы кезде қасқыр келіп қамап, ат ақыры қасқырға жем болады. Шығарма соңында автор Роллан Сейсенбаев ақ жазықтың түбінде, ессіз қалған биік тас қорғанның түбінде тұрып тарих, намыс туралы толғанатыны есте. «Намыс кеңдікке жасаған тарлықтан туады» дейді. «Керенау далам, өз күйіңді өзің шертсейші», - деген автор Дешті-Қыпшақ даласында өмірге келіп, өмірден өткен бабалар тағдырын ойлайды. Жазушы ата-бабаларымыздың ісіне, жүріп өткен жолына лайықты болу, ұлы дала көшпенділерінің бізге мұра етіп қалдырған дүниелердіабыроймен сақтау жайлы айтқанда «Намыс күйі» өз ішіңде ойнағандай болады. Бұл күйді шығарма басында Арыстан тартқан болатын. Оқиға соңында автор Арыстанның әйгілі күйі туралы айтады, оның әуенінде ержүрек жауынгердің өмірі мен намысы туралы ойлар бар. Бұл «Намыс» күйі кең даланың төсін тұяғымен дүбірлеткен жылқыларын, киіз үйлерін, қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғаған Күшікбай сияқты батырларын, соғыс даласында ұлдарын жоғалтқан Айғаным сияқты аналардың жоқтау зары, осы ұлы далада өткен оқиғалар жөнінде сыр шертеді.
Бөлісу: