«Таусылмас түн» талқыланды

Бөлісу:

15.07.2024 944

«Аmanat» партиясының Астана қалалық филиалында «Кітап-Аманат» жобасымен жазушы Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн» кітабының талқылауы өтті. Әдеби жиынға әдебиетші ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты.

«Аmanat» партиясының Астана қалалық филиалының саяси жұмыс бөлімінің басшысы Әбдіғани Бәзілханұлы «Кітап-Аманат» жобасының бүгінгі жастардың көркем шығарма оқудан алыстап, әлеуметтік желіге әуестенген уақытта кітапты насихаттап, оқырманға жақындату мақсатында ашылғанын айтты. «Бүгінде он жеті облыста, үш үлкен қалада осындай орталық ашылған. Бұл жерде кітапты оқуға, талқылауға, сатуға, сатып алуға болады. Филиал басшысы Мұхаммед Әбдіәшімұлының тапсырмасымен қаламгерлермен, зиялы қауыммен жұмыс істейік деп шештік. Болашақта талқы жасайтын әдеби клуб құрылса, біз алаңымызды ұсынбақшымыз» деді ол. 

«Аmanat» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек өз сөзінде кітап оқу мәдениетінің қоғамдағы ролі, кітапханашылармен меморандумға отырған, кітап насихатына байланысты бастамалар жайында, кітап оқу мәдениетін көтеруге қатысты ойларын айта келіп, өз алаңдарындағы осы бас қосу үшін ризашылығын білдіріп, авторға сәттілік тіледі.

 

Әдебиеттанушы, ақын, аудармашы, ЕҰУ филология ғылымдарының кандидаты Бекқожа Жылқыбекұлы әдеби ортаның қалыптасуының Астананың жас қаламгерлері үшін маңызын айта келіп, Есбол Нұрахметтің «Жар басындағы алтын тақ», «Пенде», «Жарты бөлке» новелласына тоқталды. Сонымен бірге автордың өлеңдеріне жоғары баға берді.

Айгүл Үсен, ф.ғ.д., Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің профессоры:

 

Өткен жиырмасыншы  ғасырдың басында бір шығарма туса бәрі соны қолдап, қамқорлық көрсеткен, қазір ондай емес, баяулап қалды. Сондықтан «Аманаттың» бұл жобасына тілектестігімді білдіремін. Ал енді автордың «Таусылмас түн» әңгімесі өзіме  қатты әсер ете қойған жоқ. Есбол, сен ренжімейсің ғой, бұл жерде одан гөрі «Жазушының өлімін» өткір, өзекті шығарма деп бағаладым. Сонымен бірге автордың «Неке» деген әңгімесі ұнады. Ерлі-зайыптының қарым-қатынасы берілген, ауырған кезде қолынан келгенін жасап, жарының дертінен жазылуына дейін әкелген жігіттің әйелі  науқасынан жазылғаннан кейін баяғы әдетін, арнасын тапқанын қызық берген. Психологиялық тұрғыдан ерекше шығарма. Әдеби шығарманы оқығанда жақсыдан да, жаманнан да үйрену керек. Біздің әдебиетте дидактикалық сарын бұрыннан қалыптасқан. Және «Сәукеле» деген дүниесі де қызық көрінді. Ондай психологиялық тербелістер, күйзелістер кім-кімнің де басында болуы мүмкін. Есболдың өз стилінде шығармада көп нәрсені айтады, бірақ, ойды анықтап бермейді, оқырман ары қарай өзі табуы керек. Маған «Таусылмас түн» аяқталмай қалғандай көрінеді. 

Жақсыбек Қақан, «Әдебиет порталының» тілшісі:

 

- Меніңше, Есболдың шығармасының ерекшелігі мынада – ой айтылады, бірақ, кейіпкерлері қатыгез көрінеді. Қоғамның қатыгездігін солай бере ме, түсінбедім... Қаһарман жоқ. Ішінде қарапайым адамдар, біз бәріміз жүреміз. Біраз еңбектену керек. Мақтап, айта береміз, дегенмен шеберлікті ширатып, көп жазу керек. Романға бару керек. Есболдың прозаға келуі жөнінде айтып кетейік, мысалы, біз бәріміз ақын болып келдік, ал Есбол прозаға келді, соның өзі жаңалық. Бұл жағынан әдебиеттің алдыңғы легінде Есбол бар деуге болады.

Бекқожа Жылқыбекұлы, әдебиетші:

- Ақын болып, жазушылыққа келу өте керемет. Ол тіл ұстартуға көмектеседі. Есбол өлеңдерінде тілдегі образдылық бар. Сондай-ақ, поэтика прозада да болады. Көркемдік бар, оны тек поэтикаға сіңдіру керек. Көп жазушы оқиғаға бұрылып кетеді де, көркемдікке кіре алмайды. «Таусылмас түнде» ертекшілік бар. Мысалы, Оразхан Ахметтің «Тұлпардың соңғы тұяғы» повесін алайықшы, онда керемет поэтика бар. Көркемдік эстетикалық тұрғыда әсер етеді. Есболда бұл жағы жетіседі, бірақ әлі ширату керек. 

Осы жерде автор Есбол Нұрахмет сөз алып, «Таусылмас түн» жинағын өзінің есеп беруі сияқты көретінін айтты.

Есбол Нұрахмет, автор: 

- Бұрын кітап қазіргідей оқылмайтын, бірінші мақсат кітап оқылуы керек болды, сондықтан, шығарма басталған бойда оқырманды баурап кетуі тиіс дейтін, сонымен бірге шығармада бәрін айтпау керек, қалғанын оқырман өзі табу керек деген ұстаным болды. Мен өзім кей шығармаларымда айтуға тиісті нәрселерді айтпай кеткенімді байқадым. Ой иірімдерін, психологиялық тұстарын жетілдіріп, кейде сөзге басымдық беріп, бір сезімдерді буырқандыра, асқақтата көрсету керек болады екен. Кей дүниелер солай болды. Айтып жатқан сын-пікірлерді қабылдаймын. Қазіргі жас авторлар ешқайсысы мені мақтасын деп жүрген жоқ, сын айтылса қабылдауға дайын. Өйткені қазір шығып жатқан кітап көп, кітаптың сапасы көп сатылуымен, көп өтуімен өлшеніп қалды. Сондықтан сыншылардың еңбегі керек болып тұр. Бұдан жақсы дүние жазам деген мақсат бар. Ендігі стиль, ендігі жазатыным мүлдем басқа болады. Екінші кезеңді бастаймын деп отырмын. 

Сұлтан Мұстафин, әдебиетші: 

 

- Мен еңбекпен таныс емеспін, бірақ әдебиеттегі тенденция туралы айтсам деп едім. Жаңа сіз кітаптың сатылуына қарай бағаланатыны туралы айттыңыз, меніңше, ол солай болуы керек. Кітап неғұрлым көп сатылса, оны оқыған жұрттың бәрі мақұлық болуы мүмкін емес. Қазір басқа уақыт, автор өзі менеджер болуы, жарнамасын жасап, смм, тарату жағын өз мойнына алуы тиіс. Біздің әдебиет кенжелеп қалғаны сондай, орыс әдебиетінен елу жылға, әлем әдебиетінін бір жарым ғасырға артта қалғаны рас. Орыстарда осы сияқты шағын әдеби ортаның «Полка» деген жобасы бар. Біздің Қазақстанда таяу он жылда ондайды жасай алмайды, жасаса да бейсауатты, сапасыз болады. Пандемияға дейін қазақ әдебиетінің алты томын шетел тіліне аудару туралы шешім қабылданған, сол кезде Маралтайдың өлеңін испан тіліне аударған испан ғалым-аудармашысы бұған қатысты: «біз сіздердің қазір жазып жатқан туындыларыңызды аудару үшін өзіміздің испан әдебиетін үш ғасыр артқа аударып оқыдық. Сіздердің қазіргі әдебиеттеріңіз испан әдебиетінде үш ғасыр бұрын жазылып кеткен»,- деп отыр. Бұл шындық. Дүниелердің бәрі жазылуы керек. Автордың «өзіме есеп беру үшін» дегеніне келісем, ол өзіндегі бар шығармаларды көңіліне медеу қылып ұстап отырмас үшін, жаңа нәрсе жазу, жаңа эксперименттерге бару үшін өте дұрыс. 

Меніңше, «Аманаттың» жобасының негізгі миссиясы мынау болуы керек. Мысалы, моңғол әдебиетінде мынадай үрдіс бар, олар  автордың жаңа кітабы жарыққа шығады екен десе, баспалар жарысып, шығарманың авторлық құқығын сатып алып, дайын отырады. Моңғол нұсқасын дереу дайындап, шығарып, ертеңінде шығарманы талқылап жатады. Шетел әдебиетінің туындыларын бір айда талқыға салады. Ал бізде әлемдік жаңа шығармаларды «өлдім» дегенде отыз жылдан кейін оқимыз. Ауылдағы азаматтар үш, бес жылдан кейін оқиды, онда да кітапханаларға жетсе. Ал ол жетпей кетуі де мүмкін. Сондықтан «Кітап-Аманат» ауылда да болуы керек. 

Айгүл Үсен, әдебиетші: 

- Қазіргі уақытта ащы шындықтар айтылған, батыл жазылған шығармалар жоқ. Қалам ұстаған адам әрқашанда оны шын ниетімен ұстап, бәріне дайын болуы керек. Нобель сыйлығын алған адамдар билігіне позициясы қарсы адамдар, тәуекелге дайын болады. Шығармашылыққа жанын берген қаламгерлерді көргіміз келеді. Неге бізде жазушыларды білмейді? Өйткені олар солғын жазады. Жазушылықты бүкіл өмірінің мәні деп қарау керек. Ал, экспериментке келсек, мен формасыз өлеңдерді жақсы көрем. Бізде оған алпысыншы жылдары қарсы болды, әлі солай. Дәстүршіл боламыз, тұнық күйінде сақтаймыз деген пікірлерге де қарамай, эксперименттерге барып, әдебиетті дамыту керек. 

Ғылымнұр Кәдірбай, ақын: 

- Әртүрлі пікір айтылуға тиіс. Мысалы, жаңа сөз болған «Таусылмас түн» бір қарасаң аяқталмаған, бір қарасаң артық кеткен сияқты көрінеді. Есбол өзі «атқысы келіп тұратын» жазушы ғой,киллер де, снайпер де көп. Осыдан біраз жыл бұрын поэзия мықты болды, ол кезде жастар прозасы туралы ешкім ауыз толтырып айта алмайтын. Қазір соңғы жылдары проза көтерілді, өртеңге шыққан көктей дүркіреп жаңа толқын, жаңа әдебиет келе жатыр. Былтырдың өзінде оншақты жаңа роман оқыдым. Бұл  – үлкен жетістік. Мықты болса, жақсы шығарма қашан да шығады. Жаңа оқырман қалыптасып келе жатқан сияқты. Әдеби таным әртүрлі кезеңде қалыптасты ғой, кейбіреуінде алпысыншы жылдары, кейбіреуінде совет үкіметінің ыдырайтын кезінде, кейбіреуінде тәуелсіздіктің ала-құла кезінде қалыптасты. Қазіргі жастардың ойы, пайымы тіпті басқа. Сол үшін біреу сені сынаса, ренжуге болмайды, бұл оқырман танымына байланысты. Қазіргі жастар минимализмге ұмтылады, жылт еткен дүниені жақсы көреді, ұзын-сонар дүниенің ішінен керегін іздеп отырмайды, оның ішінен керектісін тауып берсең ғана алады, мәтін ішінен мән іздейді. Поэзияда «Тармақтар» деген жоба жақсы шығып жүр. Жастар көбі соны оқиды. Екі жыл қатарынан жиырма бес мың кітап сатылады. Бұның сыры не? Көп жастар керектісін ғана іздейді. Бізде прозада көлемді дүние бар, көбін іске алғысыз қылып шығарады, мысалы, «Абай жолын» нашар дейтіндер оны оқымаған, бірақ, сондай пікірді қайталайтындар. Сіз, мысалы, оқушы кезіңізде «Абай жолын», «Ақбілекті», Алаш әдебиетін оқыған болсаңыз, өміріңіздің екі қырын асып барып соларды қайта пайымдап оқыңыз, сонда олардың қаншама биік әдебиет жасап кеткеніне өз көзіңіз жетеді. Қазіргі жазушылардың қатарында  қырықтан асқан ағалар бір топ, отыздың ішіндегі жігіттер бір топ, буын-буын болып жаңа лек келе жатыр, ол лектің артынан қандай оқырман келе жатыр, сол сұраққа жауап беру керек. Жыл өткен сайын әдебиетке деген қоғамның көзқарасы да, мемлекеттің қолдауы да өзгеріп келеді. Жастарға мүмкіндік бар. Есболдың шығармасындағыдай жазушы пәтерақысын төлей алмай, ішкі арпалысымен құса болып өлетін жағдай жоқ, жазсаң, жақсы жазсаң мүмкіндік көп. Есболдың бұрынғы жазғандарын да, соңғыларын да оқыдық, екеуінің ортасында жер мен көктей айырма бар, сөйлемдерінің нығыздығы, формалық жағынан өзгерістер көп, бірақ, кейде әлі ойын таппай жүрген сияқты болады. «Өлген адамның хикаясын» оқығанда автордың ендігі бағыты мифтік реализм болар деп ойлап едім, бірақ, оның бағыты басқа екен, бүгінде соқталы үлкен дүниелерге бет бұрып жүр. Шоғыр болып келе жатқан жазушылардан үміт етеміз. Осы үрдіспен жүре берсе қоғамда роман оқитын оқырман қалыптасады.

Тізімбек Анашұлы, ақын: 

- Есбол шығармаларында киносценарийге ұқсастық бары жайында айтқан Жадыраның ойы көңілге қонымды. Оның киноны көп көретінін білем. Қазіргі кино - биік өнер. Түбінде біздің әдебиет те киноға қызмет етеді деп ойлаймын. Ал, енді Есболдың тіліне келсек, ол шығармасында өте шалқып кетпейді. Одан Әбішті, Мұхтар Әуезовті, Оралханды іздеудің қажеті жоқ. Хемингуэйдің әңгімелеу мәнері, Борхестің шалдауыт, шал кезіндегі жазғандарын оқып отырсаңыз, өзінің кейіпкерлеріне қатал, бейтарап қарағанын байқар едіңіз, кейіпкерлерінің тағдырына араласпайды, жаны ашымайды, килікпейді, оқиға табиғи өрістейді. Есбол да болған нәрсені тап-тұқ еткізіп көпірмесіз баяндайды. Мысалы, мен оның «Журналист, киллер, молда және жезөкше» деген әңгімесін өте жоғары бағалаймын. Мінсіз дүние. Жоғары жақтағы бір дөкей өзінің былығын ашатын болғасын, киллеріне журналисті өлтіруге тапсырыс береді, киллер атып өлтіреді, молда жаназасын шығарады, киллер қолына ақша тигесін, сол ақшамен жезөкшеге барады, әңгіме - осы. Бұл маған бірден Құдай туралы әңгіме болып сезілді. Себебі, соңында жезөкше киллерге айтады ғой: «кеше мен ақшадан қатты тарығып едім, бүгін сен кездестің. Қанша қиналсам да, тарықсам да, әйтеуір Құдай өзі жарылқап жатады» дейді. Әңгіменің негізгі ауаны осындай. Сұмдық. Бәрі журналистің өлімінен пайда көреді. Ал, Құдай, өзіне сенетін осы молда мен жезөкшеге тәуелді емес, Құдай - Ол - Құдай, өз орнында қалады, Оған ізгі рухыңмен ғана жақындайсың. Есбол сөз шығындамай, көп нәрсені аңғартып кеткен, қоғамдық шындықты қопарып тұрған кесек дүние. Көркемдікке келсек, жалпы, қазақтың әңгімені баяндауы, хикаялауы басқаша ғой, Есболға да қазақтың құнарлы, қуатты тілі керек.

Әдеби жиын барысында аудармашы Думан Пәзілжан, ақындар Ғабиден Қуанышбай, Қуатбек Жәкейлер де сөз сөйлеп, автор шығармаларына баға берді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар