Үш кітаптың таныстырылымы өтті

Бөлісу:

16.07.2024 877

Кеше 15 шілде күні Алматы қаласы, Достық 132, Coffee Book кофеханасында «Мазмұндама баспасының» ұйымдастыруымен Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан кім?», Сәуле Досжанның «Жақсылық Үшкемпіров кім?» және Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?»  кітаптарының таныстырылымы өтті.

Іс-шараны игі тілегімен баспа директоры Шыңғыс Мұқан өзі ашты. Әдеби танымдық кешке «Дәстүрге жол» қоғамдық ұйымының ақ Әжелері бастаған, жастар мен балалар қостаған қалың оқырман қатысты.

Кездесу барысында оқырмандарға авторлармен тілдесіп, өз қолынан қолтаңба алу мүмкіндігі болады.

Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан кім?» кітабы – Шыңғыс қағанның тұңғыш ұлы Жошының ерлікке толы өмір жолы суреттелетін туынды. Ол жиырма бес жасында Тоғайлы жұртын бағындырып, көзге түскен. Әкесі Шыңғыс қағанның бұйрығымен Дешті-Қыпшақ ұлысын басқарып, ордасын Ұлытауда тікті. Кітапта Жошы хан билеген замандағы тарихи оқиғалар, қазіргі қазақ елінің алғашқы қалыптасу кезеңі суреттеледі. 

Сәуле Досжанның «Жақсылық Үшкемпіров кім?» кітабы ұлттық намыстың үлгісіне айналған қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіровтің өмірінен жазылған. Қазақстанда күрес спортының дамуына зор үлес қосқан атақты спортшының жарқын оқиғаларға толы өмір жолы жастарға үлгі. 

Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» кітабында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметрваның балалық шағынан бастап майдандағы ерліктеріне дейін баяндалады. Кітаптағы оқиғаның бәрі Мәншүкпен замандас болған тұлғалардың естелігінен алынған. 

«Мазмұндама баспасының» «Тұлғатану» сериясымен шығып жатқан кітаптарының басты ерекшелігі, елімізге белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын мектеп мұғалімдері мен оқушылардың тіліне лайықтап, жеңіл де бейнелі тілмен әсерлі жеткізу.  

Осы уақытқа дейін «Тұлғатану» сериясы бойынша әлемнің ұлы тұлғалары мен отанымыздың ірі қайраткерлері туралы көптеген кітаптар шықты. Алдағы уақытта жалғасын таба берері сөзсіз. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар