Дариға Азатқызы. Жаныңа сенің ғашық екем ғой
Бөлісу:
Қаракер қайсарлықты өрге салған ақын
Арғы бетте, яғни Шыңжаңда қыдырып жүріп Санжы облысы, Шонжы ауданында, сол өлкеге әйгілі Дариға Азатқызы деген ақын келіншекке кезіктім. Бірге отырып өзім де өлең оқып, оған да өлең оқыттым. Өлеңдері мықты. Тілі бай, ойлау тәсілі дәстүрлі, өлең жасауға шебер ақын екен. Махаббат тақырыбындағы өлеңдерін оқыды. Ол ғашық жігітін күтіп отырып ақ: «Қаракер қайсарлықты салам өрге» дейді. Қай уақытта күту оңай емес, сол оңай еместікті де ол: «Сіз үшін көрген азабым балдай» деп қабылдайды. Немесе ғашығының сыбырынан сырлы бұлақ ағызып,
«Сылдыр етсе жүгені сырттағы аттың,
Сіз келіп қалды ма деп елеңдеймін», -
деуі монғолдың атақты ақыны Явуухуланның:
«Ғашықтық отына өртеніп жатқанда,Жалқы жастықта ұйқы қашады.
Күміс жүгеннің күңгірт сылдыры,
Ынтзар жанның мауқын басады» (Күміс жүгеннің сылдыры. Ауд: Байыт Қабанұлы) дейтін шумақтарын есіңе түсіреді. Иә бұл сол көшпенділердің ғана ойлау дәстүрі. Міне осы сияқты ғажайып шумақтарды Дариғаның өлеңдерінен көптеп кездестіресің. Тек менің қолыма түскен өлеңдері тым санаулы ғана. Аманшылық болса келешекте ақынның өз қолында тұрған кітәптары басылып барша оқырмандарға жетер деген үміттеміз. Ақынға амандық және асқақ шабыт тілеймін.
Байыт Қабанұлы
Ақын, жазушы, аудармашы
2024.08.30
Мінез
Дейсің бе сүйген жүрек шөлдеген жоқ,
Көңіл келе жатса да көлден өрлеп.
Саған іңкәр жүректі қолыма ұстап,
Қасыңнан өтіп барам көрмеген боп.
Қалай мені барады бастап қайғым,
Бағаланбас бағыммен асқақтаймын.
Жүрегіңе жүрегім үңіледі,
Бірақ қара көзіңнен қашқақтаймын.
Арман жүгі кеткендей иығыңда,
Мысқал мұңым тұнады миығымда.
Менің жалқы тағдырым тұр ма сөйлеп,
Жанарыңның жалт еткен қиығында.
Қарашығымнан қара өлең тамғандай-ақ,
Маған қосып қарайсың жалғанды аяп.
Кірпігімнің ұшында тұрды үмітім,
Кірбеңі бар жаныңа жалғанбай-ақ.
Жанардан от жанды ма түсіріп ең,
Ақ сезімнің арбады күші бірден.
Арманымда асқақтап бара жатты,
Ілесіп алатаудай мүсініңмен.
Сыр шертіскім келмейді даламен де,
Қаракер қайсарлықты салам өрге.
Жасырынып қалсамшы деп тіледім,
Қасыңның үстіндегі қара меңге.
Ем таппай жүректегі шөлге кермек,
Арманым жатыр алда көлделеңдеп.
Саған іңкәр жүректі қолыма алып,
Қасыңнан өтіп барам көрмеген боп.
***
Келем дейсіз бе, келем дейсіз бе,
Батып барамын тереңдей сізге.
Есік қақса да ерке самал кеп,
Еркем келді деп елеңдейсіз бе.
Келесіз деймін, Келесіз деймін,
Қиянмен жүзіп кемесіз кей күн.
Еркелеп бірге барған көшеден,
Ем болар жанға елес іздеймін.
Барам деймін бе, барам деймін бе,
Мұңым боп жауады налам кей күнге.
Көлін аңсаған көгілдір жаным,
Көруге сізді таранды ей күнде.
Кешікпе дегем, кешікпе дегем,
Күндер салды несіпке көген.
Сіз үшін көрген азабым балдай,
Тобықтан мұңды кешіп көрер ем.
Соңындай құстың осы күздегі,
Қиқуға қиқу қосыңыз бері.
Кешікпей жетіп есік қағармын,
Келер деп қалқам тосыңыз мені.
***
Тағат таппай жүргенде қымбаттыңыз,
Сағындырып тағы да тіл қаттыңыз.
Есендікті сұрадық ең алдымен,
Сезімдегі шешпедік жұмбақты біз.
Кезіктіре салардай кешіктірмей,
Шындық жібін бердім мен шешіп көрмей.
Үнсіз кеткен күніңнің бодауына,
Ерініңнен жылы сөз есіп тұр ғой.
Сыбырыңнан аққандай сырлы бұлақ,
Нұрлы сөзге далам да түрді құлақ.
Жақсы көріп тұрғанмен жан жүрегім.
Қайтара алмай жақсы сөз тынды бірақ.
Сәуірдегі ызғар мен еленбей сыз,
Мен де елітем, сіз дағы елеңдейсіз.
Қоштасайық дегенге қосылмай көп,
Қойшы сәулем кешікпей келем дейсіз.
Тосылып тұрған жоқ қой бекер күнің,
Турувкадан тек сізге жетер үнім.
Сонда білдім тәп тәтті ортамызда,
Сіздің тәтті сезім бар екендігін.
Содан шығар күдікпен еленбей мұң,
Бүлідгенін бүрлі ойдың терем кей күн.
Сылдыр етсе жүгені сырттағы аттың,
Сіз келіп қалды ма деп елеңдеймін.
Айна
Айна алдында тұрамын айдай болып өзім де,
Жарқыраған Ай ма өзі, жүректегі сезім бе.
Ту сыртымнан сіз қарап тұрғандай ақ еркелеп,
Сырғам сырын айтады үнсіз қалған кезімде.
Жүрегімнен тарайды сол бір сәуле маңайға,
Махаббатпен қарашы мынау дүние арайлы ә.
Айна өтірік айтпайды, алдаған жоқ ақ сезім,
Бақыттымыз деп тағы қайталайық. Жарай ма.
Жел қытықтап қайтеді жібек жеңді жейдемді,
Айна күліп баяғы бақыттысың дейді енді.
Сызыңызшы сіз енді аппақ қардың бетіне,
Айна алдында күлімдеп тұрған жалғыз бейнемді.
Енді кімге мен осы өткенімді айтам ау,
Айна қалар қолымда мезгілдер тек қайтады ау.
Сіздің жүрек тілейді сезімдердің сөнбеуін,
Айнаныкі баяғы шын болмысты қайталау.
Ал сіз мені қанша рет шақырдыңыз айнам деп,
Махаббаттай майданым сезімдерден жайғанда от.
Өзім күлсем күлетін, жыласам бір жылайтын,
Қолымдағы айнамдай сертімнен мен тайғам жоқ.
Ғашық екем ғой
Алқызыл сәуле шашып өтердей.
Кірпігің тұнған асыл екен ғой,
Жаныңнан отын жаныма шашқан
Көздеріңе мен ғашық екем ғой.
Ғаламның бәрін асыл етердей,
Жарықтың бәрін басып өтердей.
Отыз тісіңнен үзілген маржан,
Сөздеріңе ғашық екем ғой.
Әуені мұңлы асық етер ме ей
Алты қырқадан асып жетердей.
Сазында менің сағынышым бар,
Әндеріңе ғашық екем ғой.
Тоғытсам мұңға тасып өтердей,
Толқыған жанды асық етердей.
Жайдарлық күнін жаныма ашқан
Жаныңа сенің ғашық екем ғой.
Тап таза мұңды нәсіп етердей,
Тәкәппәр сезім шашып өтердей.
Бұлқынып қалған бұла мұңыма,
Жүрегіңе ғашық екем ғой.
***
Мен апамның баласы ем ғой, сен атаңның баласы ең.
Сол бір шақтың таңы көркем, таң қурайы бәрі әсем.
Бірге бірді қос дейтінсің, қосуды білем бе.
Дейсің сонда: тым болмаса саусағыңды сана сен.
Осы ойлар ұйқысын ап кетті сосын кей түннің,
Қажап еді әр ісімнің қамын өзің жейтінің.
Бар мен жоқты есептемес балалықта не кінә,
Саусағымның саны жетпей қалды соған дейтінмін.
Саны тапшы екені рас саусағымда аз ақ бақ,
Қосақталып көлде жүзсе үркітпеуші ек қаз аппақ.
Бала ойыны келер деумен бір біріне қосам деп,
Сонда апам мысқылдайтын екеумізді мазақтап.
Ойын еді, ойын бәрі мазақта да күл мейілі,
Дейтін апам шамдығы жоқ, қыз да жалғыз жүрмейді,
Егіз тағдыр сүру тұрмақ онда сәби жүрегім,
Бір бірге қосса екі болатынын білмейтін.
Қарамайтын болдым сосын әзілге де шошынбай,
Көп мақтайды сол жігітті кезіксе де досым қай.
Теңдігі жоқ дүние еді өзің айтқан есептей,
Қапыда әйтеу қалдық солай екеу болып қосылмай.
***
Кешегі біз бірге қайтқан іздермен,
Қарашы әне сағыныш боп күз келген.
Мезгілсізден адастырып кетердей,
Қол сағатқа көп қараймын сіз берген.
Бұла күндей өте шыққан бұлғақтап,
Сіз ұсынған сол бір сағат қымбат пәк.
Сезіктеніп сізсіз өткен күндерден,
Секунті көп алдайды сырғақтап.
Жыл құсындай жылы жаққа ұшқан жай,
Мезіл маған сыр айта ма мысқалдай.
Жүрегімді бір сағыныш өртейді,
Білегімді сол қол сағат қыысқандай.
Қаймақ ойын қалтыққанда қара түн,
Сонау жұлдыз сіз бе ұзақ жанатын.
Сол жұлдызбен ояу қатар мен бармын,
Қазір аға қанша болды сағатың.
***
Асқақ сезім ғайып мұратым,
Алақанын сізге жайып тұратын.
Күннен жасап алсам ба сізді,
Көңілдің бұлтын айықтыратын.
Айтылмай қалған бардай тілегім,
Жүректің қылын жалғайтын едім.
Шұғылаңызға мың шомылдырсаң да,
Мейіріңізге онда қанбайтын едім.
Қолыма шырақ алсам ба көркем,
Бармайтын мүлде сарсаңға бөтен.
Түнімде нұрға шоматын сізбен,
Жұлдыздан жасап алсам ба екен.
Жұлдыздай жүзге сіңбейтін меңім,
Аспанында ойдың жүр дейтін едім.
Шоқ жұлдыздай шоқтанса арманым,
Жалғыз деп күнді күндейтін бе едім.
Сыбырынан сұлу сыр ақтарылған
Көңілсіз болсам жылап табылған.
Балбұл жамалы балғын махаббат,
Жасап алайын ба бұлақтарымнан.
Сіз үшін көрмей шөлді де бөтен,
Сағынышым боп мөлдірей келсем.
Сарайыма саз боп құйылатындай,
Жаныңыз судай мөлдірей ме екен.
Жаныңыздың жасыл жарып құрағын,
Жанымды мұңнан сауықтырамын.
Айдан ба, күннен жырақтан әйтеу,
Жүрегіңізге тұнық тамып тұрамын.
Бөлісу: