Алтын Иманбаева. Бесін ауып барады...
Бөлісу:
Сағыныш мұңы
Өзіңнен қалған шабытты,
Таба алмай, әке, шаршадым.
Бап емес, көптің бағы ұтты.
Арманды биік аңсадым.
Боздала кезген пырағың,
Адасып әлде қалды ма,
Өзіңді ойлап шырағың,
Жылаудан көзі талды ма?
Періште келіп жебесе,
Шыңдарға шығар бар ойлар,
Халқым бір қолдап демесе,
Көрермін әлі көп тойлар.
Қолдаса келіп аруағың.
Қалар ем қомдап қанатым.
Ойланып терең әр жағын.
Кездерім келер жанатын.
Жұлдызым жанып көгімде,
Айым да туып оңымнан,
Сел болып ағым сезім де,
Табылар игі жолымнан.
Жанымның сырын жасырман.
Ақтарар болсам өлеңге,
Жамандық іске бас ұрман,
Келермін жетіп кемелге.
Сағыныш мұңын төгемін,
Арманда қалған бір балаң.
Өлеңмен егін егемін,
Көрмесем болды шырғалаң.
Сағындым
Күйкентай бітім әжімге толы ақ жүзі,
Жемісін беріп, жеткендей енді бақ күзі.
Өнеге болған ісімен үлгі ұрпаққа,
Артында қалар тындырған үлгі жақсы ісі,
Анамды асыл сағындым.
Бесігін тербеп, ұйқысыз таңды атырған,
Алтынның қалған сынығы жаны асылдан.
Ғұмырын арнап біздерге берген тәрбие,
Мақтаныш етіп жақсымыз болса асырған,
Анамды асыл сағындым.
Он бала сүйіп, бейнетін көріп өсірген,
Қатеміз болса түзетіп өзі кешірген.
Бағып та қағып еңбегі сіңген біз үшін,
Бәрі де менің кетпейді, ана, есімнен,
Өзіңді, апа, сағындым.
Асықтың неге көркемім
Сағыныш едің шертетін,
Түсті ме маған ерте мұң.
Анашым кеттің қол бұлғап,
Қайғымен жүрек өртедің.
Алыстан келсем еркелеп,
Сөзіңе жаным елтемін,
Біздерді тастап жалғанға,
Асықтың неге көркемім.
Сен едің қамал, қорғаным,
Біз едік сенің орманың.
Өзіңнен анам айрылып,
Жолдас боп алды сорға мұң.
Қобызым сарнап жылады,
Көздің де ақты бұлағы.
Жаһаннан таппай жылулық,
Өзіңді жоқтап жыладым.
Үніме мұңым қосылды,
Қайғыдан көңілім тосылды,
Бұйырсын дедің кімге сен,
Көтерген кеше қосыңды.
Анаға сағыныш
Сен кеткелі ұқтым өмір бекерін,
Сен кеткелі жасқа толды етегім.
Игі ісің таразыға тартылса,
Болсын жұмақ енді мәңгі мекенің.
Көне алмадым енді өзіңнің жоғыңа,
Алаң едің менің келер жолыма.
Егілемін бейітіңнің басында,
Бір өзіңнің орның енді тола ма?
Жыл өтіпті жүргеніме жабығып,
Қара шекпен қайғы-мұңды жамылып.
Шарасына бір алланың амал жоқ,
Бұйырған күн кездесерміз сағынып....
Жаппар ием, пана болсын, жан анам,
Жан біткенге әділ көзбен қараған.
Жолдас болсын, өмірдегі иманың,
Дұға жетсін ұрпақ, туыс, баладан.
Жырларым қайда?
Тоғандағы көп судай,
Тоқтап бір ойлар тұрғаны-ай.
Сұлу сыр әсем аққудай,
Айдында сәнін құрғаны-ай.
Ағынды судай бұрқырар,
Жырларым қайда кеттіңдер.
Жүрек те мұңмен бұлқынар,
Жабулы сандық еттіңдер.
Теңізге құяр арнасы,
Өзендей өлең тасар ма?
Өмірдің солай жалғасы.
Арман боп шыңнан асар ма?
Тасқынды сезім жоқ мүлде,
Адасып шабыт жүдей ме?
Асықпай келер көп жүлде,
Тезірек екпін үдей ме,?
Жүрегім таза, ми таза,
Жалығып кеттім түйсіксіз.
Өлеңім кетсе ұйқаса,
Жазармын бәрін үн-түнсіз.
Жаныма самал желдей боп,
Бір толқын ұрып өтсе егер.
Үдере көшкен елдей боп,
Жүрекке гүлін ексе егер.
Теңіздің керек ашуы,
Қамалды бұзар ел өтпес.
Көңілдің керек тасуы,
Тіршілік заңын елетпес.
Ғашық боп көру керек пе,
От жанып көзің бақыттан.
Сайрандап жасыл желекте,
Жайнай бір түссең жақұттай.
Дауылдың соғар кезі бұл,
Тымырсық ойдан шаршадым.
Тамаша сәт қой өзі бұл,
Өткізген ғажап баршаның.
Қиялмен кезіп дүние,
Іздеймін мөлдір сезімді.
Оралса деумен қимас шақ,
Аңсаймын гүл шақ кезімді.
Теңізді аңсап
Балығы тайдай тулаған
Теңізге барғым келеді.
Шағала тынбай шулаған
Дәл осы көрініс керегі.
Теңіздің көріп ашуын
Толқыса деп ем жүрегім.
Жанымның мұңмен жасуын
Тазартсам деумен жүр едім.
Балдырдың иісі бұрқырап
Жағаға соқса толқындар.
Асау жел судың еркін ап,
Жұлқынса дүлей алқымдап.
Теңіздің шуы аңсарым,
Жағада тұрсам мұңданып.
Құлаққа келсе ән-сарын,
Түсіне алсам жұмбақ үн.
Толқынды толқын мазалап,
Жағаға соқса жан емі.
Жүректен кірді тазалап,
Сонан соң барып ал демді.
Теңіздің керек ашуы,
Орманды жердің қызымын.
Жүрегім ойдан шаршады,
Бабаның қалған ізімін.
Алладан тілек бір ғана,
Аңсаған жерге жол ашсын.
Жеткізер сезім тіл ғана,
Жақсыны жанға жолатсын!
Атым, сірә өшпейді
Тәнім жерде, жаным көкті көксейді,
Мағыналы ғұмыр мәнді өтсей- ді.
Әнім асқақ, жырым маржан тізілген,
Мен өтсем де атым, сірә, өшпейді.
Көк әлемі арман болып қол созар,
Бұл фәниден біреу ерте, кеш озар.
Жиған-терген көздің жауы қызығып,
Мақсат еткен дүние, барың тез тозар.
Өнер қалар жалғасы боп тірліктің,
Шоқ жұлдыздай жанамын деп дүрліктім.
Бір-ақ тұтам өтірікті тұтқындап,
Жолын қудым ақ-ақиқат шындықтың.
Биік менің белгісіздеу шыңдарым,
Әнмен, жырмен айтылады мұңдарым.
Білем, жұртым, мойындарын мені де,
Әндерімді ұйып және тыңдарын.
Рухым менің жұмағыңмен тілдесер,
Үнім менің ғарышыңмен үндесер.
Түнім менің сыр ұрлайды сырласып,
Тек жолымды бөгемесін білмес ел.
Бас иемін құдіретіңе
Көңіл жас көк дөнендей сылаңдайды,
Кей кезде ысылдайды жылан-қайғы.
Өткенді, қимасыңды ойлағанда,
Білгенің, жалған дүние құр алдайды.
Тағдырды тереңінен ойлау қиын,
Бұл өмір аяқталып болар түйін.
Басталған әр нәрседе соңы болар,
Қалады бала-шағаң, үйің, күйің.
Ес біле армандадым асқар тауды,
Шыңдарды, биіктерді, бақты, бауды.
Басынан сол тауыңның төмен түстік
Түйсініп досты, қасты, дұшпан, жауды.
Бұл тірлік қас-қағымдай есті жанға,
Тырмыстық, ұмтылдық біз әркез алға.
Әділет, шапқат іздеп көп алыстық,
Қармандық суға кетпей қолдап алла.
Өтті өмір қиынымен, қызығымен,
Өктем жел жүрген жоқпын ығыменен.
Мыңменен алысқанмын жалғыз өзім,
Теңдестім арасында мығымымен.
Бала деп, болашақ деп зырылдадым,
Сол үшін күйіп, жанып шырылдадым.
Теңімді таба алмаппын өмірлік тек,
Қарғаға тап болыппын ұғынғаным.
Өксіген, өкінген де заман өткен,
Көркейдім, жетілдім мен осы көппен.
Жасаған жақсылығым- өз бағым боп,
Қайтқаны көп ісімнің қызмет еткен.
Тәубе деп өткен өмір белесіне,
Атымды қалдырдым мен ел есінде,
Абырой, атақ пенен құрмет көрдім,
Көздері жетті жаман емесіме.
Зырылдап, зырлай берер зырлауық күн,
Қалмадым тұтқынында шырмауықтың.
Пендеден пендешілік көп көрген соң,
Жоқпын мен қатарында жылауықтың.
Бір алла қамқор болған қысылғанда,
Бір алла бар көмегін ұсынған да.
Қолымнан келмес істі тапсырғанмын,
Қолдады қысылғанда ісімді алла.
Мың шүкір бергеніне жаппар ием,
Демеді жан жағымнан баба-кием.
Қол жайып сұрағанды қабыл еткен,
Бір алла, құдіретіңе басымды ием.
Бесін ауып барады
Бесін ауып барады, бесін ауып,
Ғашық болып көрмедім есім ауып.
Оқжетпестей қол жетпей арман кетті,
Көз жасымды төккенмін ауық-ауық.
Бір адамдай құрыппын сайран-сауық,
Қисынсыздан сөз таптым теріп, тауып,
Жарқыраған кезімнен мұңым қалың,
Тас төбемнен түнерген бұлтым жауып.
Қарағанмын қызығып жақсы күнге,
Көп қиналып алғанмын бәйге-жүлде,
Тағдырым да тасындай Бурабайдың,
Қатпар-қатпар дестелі өзге мүлде.
Бесін ауып барады, бесін ауып,
Отырғаным тірліктен тағат тауып,
Атақ та бар, абырой, бақ бар қонған,
Мен келемін бәйгеден оза шауып.
Көңіл күйі
Қарлығаш менің көңілім,
Қалықтап ұшшы, самғай бер!
Жауқазын менің өмірім,
Арманды биік жалғай бер.
Сүрініп кетсең сыр беріп,
Сырыңды ұғар жан бар ма?
Жақсылық іске үлгеріп,
Тәубе де дерсің жалғанға.
Арындап келсе жақсы жыр,
Толқындай ұрып жағаны.
Нұр шашып тағы атты күн
Өртеніп өзек барады.
Еркелеп самал сезімім,
Айналса жырға сырларым.
Оған да жетер төзімім,
Ұйқымды түндер ұрлады.
Амалын таппай айланың
Тұйыққа қалғам тіреліп.
Бұлғайды қолын арманым,
Қиялмен қырға жүрелік.
Сарғайса жаным сағынып,
Санамда уайым жүдейді.
Тәубеге келіп жүрегім,
Қуады алыс үрейді.
Бөлісу: