«Африкадан Аляскаға» кітабының таныстырылымы өтті
Бөлісу:
Өткен жұма күні Ұлттық кітапхана төрінде Әлихан Жақсылықтың «Африкадан Аляскаға» атты тағы бір туындысының тұсау кесері өтті. Тұсау кесерге белгілі қаламгер-сыншылар мен тілектес ақын-жазушылар жиылып сөзден шашу шашып, автордың алғы күн қадамына сәттілік тілеп, құтты болсын айтқан еді. Осында сол күні сөйленген игі тілектер мен айтылған сыни ойларды көпшілік оқырманға ұсынуды жөн санаған едік.
«Түркістан» газетінің бас редакторы, Бауыржан Бабажанұлы кешті әрі жүргізіп, әрі әзіл-қалжыңмен отырыстың көрігін қыздырып отырды. Әуелі сөз басын сәлемдесуден бастады.
- Әдебиеттің жанкүйерлері, оқырмандары! Бүгін біз қазақтың тамаша жазушысы Әлихан Жақсылықтың «Африкадан Аляскаға» дейтін тағы бір кітабының таныстырылымына келіп отырымыз, барлығыңызға қош келдіңіздер деймін!
Шынында мынау біздің Әлиханның төртінші кітабы. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі тек қана жазуымен айналысып, жарнамасын жасап, соны сатып жүрген санаулы жастың бірі. Жасы отызға келмей төрт роман жазып тастау деген – шынында үлкен еңбек. Енді әдебиетке ғана қызмет етіп жүрген Әлиханның өзіне алғашқы сөзді берсек.
Әлихан Жақсылық, «Африкадан Аляскаға» кітабының авторы:
- Армысыздар құрметті оқырмандар. Қош келдіңіздер!
Биыл қар қалың жауып, жаңбыр көп болды ма, қазақ әдебиеті үшін өнімді жыл болды. Әуелі жылдың басынан бастап «Белес» құрылыс компаниясының қолдауымен жазылған Қанат Әбілқайырдың «Ағырапта аты жоқ Адам» атты романы, Сиам егіздері туралы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы, Әлібек Байболдың «Мұтылған» деген романдары қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып қабылданды. Себебі осы уақытқа дейін қазақтың жазушылары неге жазбай кетті деген оқырман сауалдарына орынды жауап болған секілді.
Ел аралап кітап тұсаукесерін жасап жүген кезде байқағанымыз, қазір оқырмандарда өте үлкен сұраныс бар екен. Оқырман тарапынан әңгімелер, хикаяттар жинағы дегенге қарағанда бас аяғы бар, бір сюжеттің желісін қуалай оқылатын бір кітапты жақсы көретінін білдік.
Сондықтан барынша әңгіме, хикаяттар жазғаннан роман жазған дұрыс екен деген шешімге келіп осы дүниені өмірге әкеліп отырмыз. Рақмет!
Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Бүгін негізі бізде жыл сайын өтетін «Кітап фестивалі» өтіп жату керек еді. Еліміздегі «Көшпенділер ойынына» байланысты келесі аптаға жылжыттық. Кітап көп оқитын Муракамидің бір кейіпкері бар еді ғой. Университетте оқитын ол бір күні жатақханада «Ұлы Гэтсбиді» оқып отырса, Заң факультетінде оқитын бір жігіт келіп кітаптар туралы, оқығандарымыз туралы пікір алмастық дейді. Содан ол: «Ұлы Гэтсбидің» досы менің досым! Тағы қандай кітаптар оқисың? - деп сұрады. Мен оқитын кітаптарымды санамалап шықтым дейді. «Ай, оларды жұрттың бәрі оқитын кітаптар ғой», - депті жатақханаласы. «Сен жұрттың бәрі оқитын кітапты оқыма, оқымайтын кітапты оқы» деп айтты дейді. Сосын бұл жерде екеуміздің ғана деніміз дұрыс, басқалардікі құр босқа» депті. Сол айтқандай, осы жерге жиналған баршамыздікі құр босқа емес болар.
Жалпы мен бұл шараға кітапхана басшысы емес, Әлиханның оқырман ретінде қатысып отырмын. Мен үшін Әлихан – жаңалық. Өйткені біз кәдімгі реттелген, орын-орнымен жазылған классикалық дүниелерді оқып үйреніп қалғанбыз ғой. Бірде үлкен бір жазушы ағамызбен сөйлесіп отырған кезде Әлиханның шығармасы туралы сұраған едім. «Соның астарында Желтоқсан жатқан жоқ па, соны біз жаза алмадық қой», - деп еді. Былай қарасаң Желтоқсанның иісі де шықпайды. Жалпы өз басым агрессиясы жоқ шығарма оқығанды ұнатамын. Бірінші «Нотр-Дамда құлшылық жасау керекпесі» ерекше басталып, бірден тартып алып кетеді. Бұл екінші шығармасы да солай. Әдебиет дегеніміз ұлтқа қызмет қылу деп жүреміз де, оқырманды ұмыт қалдыратын секілдіміз. Шығарма жазылғасын түрлі конкурстарға қатысады, жазушыға, қаламгерге атақ, жүлделер беріледі, әдеби сыншылардың пікірі тыңдалады. Бірақ, дей тұрғанмен мына жақта қалың оқырманы бар. Сондықтан шығармашылық адамдар арасында оқырманға да мойын бұрып, олар не оқығысы келеді, олар кітаптан өздерінің қазіргі өмір сүріп жатқан айналасын көргісі келе ме. Мына өмірдің шындығын кітаптан көргісі келе ме дегенге назар салса. Сосын, қазіргі балалар ғылыми-фантастикалық кітаптарды жақсы оқиды. Сондай бағытта да жазу керек шығар деп те кейде ойлаймын.
Осындай түрлі шаралар өткізіп жүргелі біраз жыл болды ғой. Сонда авторларға аудиторияны шақырып жинамаңыздар, өздері жиналысын дейтін едік, соңғы бес жылда бұл ойымыздың қате екенін түсіндік. Өйткені бүгінгі кітап туралы жиналған мынау отырысты осында жиналған колледж студенттер ұмытып қалуы мүмкін. Бірақ көкіректерінде қалады. Жалпы адамзаттық классикалық туындыларды оқыған және халқымыздың ауыз әдебиетін кеудесіне құйып алған адамға өмірдің қандай сынағы келсе де сынып кетпей, қадамы нық болады.
Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиеттанушы, сыншысы
- Әлихан осымен екінші романды беріп жатыр. Жылдам жазады. Әлиханның шығармашылығымен етене таныспын. «Ұлы Дала» деген конкурс болу керек, алғаш өткен кездерде аты да жазылмай, есімі де берілмей шығармалар ұсынылды ғой. Сонда қолыма бір шығарма келіп түсті. Өзіме қатты ұнады. Қазылар алқасының мүшесі Оңайгүлге де ұнап отыр екен. Сөйтсем жап-жас бала Әлихан екен. Содан бері Әлиханның шығармаларын жіті қадағалап отыратын болдым. Ізденіс жағы жақсы, көп оқиды, көп пікірлеседі. Бірден жазуы қалыптасып кетті деп айта алмаймын, бірақ өз басым биылғы шыққан екі романын болашақта жазылатын үлкен дүниелердің даярлығы деп қабылдадым. Бұны айтып отырған себебім, шығарма жазылғаннан кейін оқырманның қолына жетсе, оқырман әртүрлі. Қарапайым оқырман бар, парасатты оқырман бар, көпшілік оқырман бар, тобырлық деңгейдегі оқырман бар мұның бәрін есептеп отыру керек. Бірақ, Әлиханның «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе» мен «Африкадан Аляскаға» деген шығармаларының көтерген тақырыбының ауқымдылығы кең. Жалпы кез-келген жазушы алдына үлкен мақсаттар, үлкен амбиция қоюы керек. Маркестің бір айтқан сөзі бар «Сен Достоевскийден немесе Бальзактан асып түсетін жазушы боламын демесең әдебиетке келмей-ақ қой» дейтін. Біздегі Көп шығармашылық адамы күнімізді көрген жазушы болсақ болды деген оймен жүреді ғой. Ал, Әлиханның мақсаты үлкен, әлемдік әдебиеттегі классиктермен ой жарастырғысы келіп, солармен бой теңестіргісі келіп тұратын талпынысы маған қатты ұнайды. Өйткені жиырма алты жасында екі роман жазған жазушы біздің әдебиетімізде жазушылар арасында болған жоқ. Бұның өзі бізде жиырма, жиырма бесте романистер шығуы мүмкін деген ұғымды білдіреді. Бұл жақсы үрдіс. Яғни біздің әдебиетіміз жасарып келе жатыр. Әдебиетке деген, проза жазуға деген құлшыныс күшті. Көп адамға айтып жүрмін, Әлиханның жасында мұндай романдары болса мақтауға лайық. Бірақ, бір айтарымыз, мәселе көп жазу, аз жазуда емес, кейде осы туралы дау туып жатады. Қандай жағдайда болса да сапалы жазу керек. Мысалы, Стендаль туралы жақында Цвейгтің үлкен бір еңбегін оқып шықтым. Содан Стендаль туралы аса білмейтінімді түсіндім. Ол өмірінде елу томнан астам дүние жазыпты. Ал, шындығында артына қалған ұлы мұрасы үш ақ том. Сүйтсе, ол елу жасқа дейін жазудың жауапкершілігіне аса мән бермеген екен. Жаза берген, жаза берген, ана жерден алған, мына жерден алған, сюжет ұрлаған. Көп адамдар сюжет ұрлаған үшін соттасуға дейін барған. Біз жазушылардың бәрін керемет таза тұлға деп түсінеміз ғой. Шын мәнінде олай емес екен, жазушыларда әртүрлі болады екен. Сөйтіп елу жасқа келгенде ес жинаған екен. Сонда ойладым: «Шіркін-ай, егер Стендаль жазушылыққа о бастан жауапкершілікпен келген кезде, қандай үлкен дүниелерді беретін еді» Елу том бермей ақ қойсын, мықты-мықты он роман берсе жаман емес қой. Мысалы біз Бальзакті мақтаймыз. Шындығында Бальзак көп жазған секілді болып көрінеді. Жүз томның ішіндегі тек біз білетін тек он шақты ғана романы ғана. Бальзактің де көп уақыты бала-шағаны қалай асыраймын дегенмен орта қол романдар жазумен кеткен.
Сондықтан Әлихан саған айтайын, сен жақсы келе жатсың. Бірақ, саған стильмен, формамен, композициямен әлі қатты жұмыс жасау керек. Осы тұрғыдан алған кезде, осы романды жазам содан кейін қоямын деген сөзді айтпа. Үйткені дүниенің бақыты байлықта емес, байлық – байлық қуған адамға бақыт болып көрінуі мүмкін. Рухани дүние іздеген адам үшін байлық бақыт емес. Біздің тұсымызда мықты-мықты жігіттер болды, бірақ, көбі коммерцияға кетіп қалды да, қазір сөйлессең көбі бармағын шайнап өкінеді. Себебі, ішкі рухани жан дүниеңді кейін немен толтырарыңды білмейсің.
Үкімет барлығына болмаса да үш-төрт жасқа жағдай жасаса, грант бөліп, жыл сайын роман жазуға мүмкіндік туса, мүмкін бізде шын мәнісіндегі ренессанстық құбылыстар келе ме деп ойлаймын. Олай айтатын себебім, осыдан он жыл бұрын бір конкурс болып сонда жақсы, жақсы дүниелер келді. Бірақ, олардың қазіргі мына Әлихандардан ерекшелігі формасы, композициясы стандартты болса, мына жас буынның ерекшелігі алдыңғылар секілді стандартты ойлмайды екен. Кесек тастайды, кесек ойлайды екен.
Сосын алпысыншы жылғалардан кейінгі, соңғы жиырма-отыз жыл мынау қазақ прозасында үлкен бір кемшілік пайда болды. Біз диалог құру шеберлігін жоғалтып алған секілдіміз. Біздің алдымыздағы ақсақал буындардың бір ерекшелігі диалогтарында шынайылық бар. Адамды оқытатын да сол. Олардың кейбірі заманға байланысты тақырыптары ескіріп кетуі мүмкін, бірақ, бір ерекшелігі әдебиетке жазу техникасының керемет үлгілерін алып келген. Мысалға, Ғабит Мүсіреповтың шығармалары тақырып жағынан ескіріп кетуі мүмкін, бірақ стиль ерекше. Әр әңгімесінің жазу стилі мүлде бөлек. Сондықтан әңгіме жазған кезде, роман жазған кезде осы стилге қатты мән беру керек. Біздің қазіргі прозамыздың стиль өте жұтаң. Бірақ, бір қуанатыным қазір бізде, прозаға деген, проза жазу деген жақсы ынта бар, жігер бар, үміт бар.
Жалпы адамға сын айтылса оған өре тұра келудің қажеті жоқ. Оған қарсы жауап берудің өзі мәдениеттілікке жатпайды. Әрқашан автор өзін қорғамағаны дұрыс, авторды басқалар қорғасын.
Ықылас Ожайұлы, «Әдебиет порталы» интернет-жобасының бас редакторы
- Армысыздар, оқырман қауым! Әлихан бауырым мынау тұсауы кесіліп жатқан су жаңа кітабың құтты болсын! Оқырманның қолынан тозсын! Әрине, кітапты оқығаннан кейін пікір айтылуы керек. Жасы отызға жетпеген, жігіттің романға жүрегі дауалап баруы деген бұл үлкен дүние. Бұдан жазуға деген жоғары амбицияны да түсінуге болады. Бірақ, романның аты қашанда роман ғой. Романды әдебиеттің ең бір биігі деп ойлаймын.
Ендеше мен сіздің қазіргі жастығыңызға да бүгінгі шығып жатқан атағыңызға да қарамай либералды пікір айтуға тырысайын. Қалай десек те сіздің кітабыңыз шығып оқырманның қолына тиді. Ендігі пікір оқырмандікі. Мәдениетті ел ең бірінші авторға емес, мәтінге байланысты либералды қарауды үйренген де ғана өнер жасалады емес пе?
Біріншіден, мен осы шығарманы оқығанда, Жан-Поль Сартрмен зәузаттық туыстығы бар Альберт Швейцер деген философтың «Өмір мен ойлар» деген еңбегі есіме түсті. Ол шығармада да Африкадағы тайпалардың жағдаяттары баяндалады. Неге екенін білмеймін, сонымен бір ұқсастықты байқадым. Екінші, айрықша айтатын дүние бұл шындығында кең тақырып тосын идея. Осы тақырып пен идеяның ауқымы үшін өзіңді айырықша құттықтауға болады. Енді сол идея қаншалықты сәтті жазылды, қаншалықты жетер жеріне дейін игерілді деген мәселе бар. Бұл жағынан келгенде романда біршама шикіліктер бар. Шығарма Африкадағы Агибу мен Тана деген ерлі-зайыпты адамның өз елінен қуғындалуынан басталады. Кейін олардың үш ұлы болады. Осының барлығын өзге елдің атына теліп отырғанымен, бұл кәдімгі қазақ қоғамындағы жағдай екендігі түсінікті. Ал, олардың есім-сойларын адамның миын ауыртпай-ақ Зілқара, Қозыбай, Қарсақпай деп семантикалық тұрғыда қазақша ала берсең де болатын еді. Өйткені романда адам аттарынан қатты шатысып қала бересің. Соны қазақша ала берсе де болады екен-ау деп ойладым. Өзіңнің «Оқырманмен сырласу немесе роман қалай жазылды» деп кітаптың соңында берген ескертуіңде «Мен үш ұлды, үш нәсіл деп түсіндірдім» деп келтіріпсіз ғой. Ал маған ол керісінше, үш нәсіл емес, қазақтың үш жүзі секілді көрінді. Шыны керек, осы үш жүзіңіз, үш нәсіл секілді бүгінде бірін-бірі жат санайтыны, өзара жерлестік жасайтыны еш өтірік емес қой. Сосын романда кешегі аштық пен алапат репрессия, 2000 жылдардың басындағы шет елге бала сату мәселесі де сөз болып отырады. Меніңше, романның шарықтауы шегі той мәселесі. Кәдімгі қазақ қоғамындағы күн құрғатпай болып жатқан дарақы той мәселесі. Сіз ментальдық жанымыздағы жарақаттар мен аурулардың галереясын осы еңбегіңіз арқылы азда болса жасап шықтыңыз деп айтуға болады. Енді романның көлеңкелі жерлері мен көңілге жақпаған тұстарына тоқталайын.
Неге екенін білмеймін, сөйлемді жап-жақсы жазып келе жатасыз да, шалт бұрыласыз. Сөйлемнің өзара байланысы жоқ. Арықтан арыққа секіріп жүрген адамдай шаршап қаласың. Еңбегіңде мистика, символика, емеурін, астар деген дүниені көп қолданасың. Менің жеке субъективті пікірім. Роман жалпы ұлы кейіпкерлерімен ғана роман. Жеке кейіпкерлерді сомдау, сол арқылы адам психологиясының қатпар-қатпар құпиясы мен қоясын ашып тастауымен ғана романды роман деуге болады. Осы жағынан келгенде сіздегі кейіпкердің кім болғандығын тарс ұмытып қаласың. Кейіпкерлеріңіз өзінің мақсатына жетпей жол ортада жоқ болып кетеді. Мінекей, айта берсек осындай көңілге томпақ көп дүниелер бар.
Содан кейін сөз қолданысыңыз туралы айтуға болады. Қапелімде қазір бәрін есіме сақтап отырған жоқпын. Бірақ енді қалай болғанда да бұл кемшілік айтылуға тиіс қой деп есептеймін. Мысалы, «...Бақсы оны бірден баурап ылықтырып әкетті» дейсіз. Осы «ылықтырып» деген сөздің осы жерде ешқандай қатысы жоқ. Негізі бұл өте жаман сөз. Сосын «иттің ұясы» деп қолданасыз. Иттің жатағы, я иттің үйшігі болуы мүмкін. Қалай болғанда да сөз өз орынымен тұрғаны дұрыс.
Тағы бір айтпағым, қателеспесем сіз бір жылда екі роман беріп отырсыз. Шыны керек, роман ауыр дүние болғандықтан, оның бәріне энергия керек. Оны бастамас бұрын іште шайқау, өн бойдан өткізу деген бір машақат бар. Менің ойымша бір жылда екі роман беру бәрібір қалай болғанда да адамның сөлін сорып тастайды. Ащы айтты демессіз, мына романда іште көп тұндырмаған сондай-ақ өн бойыңнан өткізбеген бір асығыстық анық байқалып қалады. Әрине, ең бастысы, сенің жаның талантты, сүйегіңе сөз қонған адамсың. Оған ешқандай дауым жоқ. Бұл туындың алдағы жазылатын кесек дүниелердің сапары мен саяхаты деп есептеймін.
Өзіңе тек шығармашылық сәттілік тілеймін. Қазақ әдебиетінде жаңалықтар мен жақсылықтар болсын.
Мұнайдар Балмолда, жазушы, ақын:
- Ассалаумағалейкум, жас қазақтар, ұлттың ұшқын оттары, студенттер, жігіттер, замандастар, ағалар! Әлихан романның таныстыруы құтты болсын! Әлиханның аты жөнінің өзі азат рухын білдіріп тұрады. -ов, -ев жоқ. Ердің жасы екі елудегі Бауыржан Бабажанұлы, Амангелді Кеңшілікұлы ағасында да сондай. Яғни бұндай жас жазушы жаман болмау керек. Рухы азат ов пен -ев пен орыстың қамытынан байланып қалған адамның ойлау жүйесі қанша дегенмен де бір кінәраттар болып жатады. Сондықтан да Әлиханның. Кітабын алып кеше орта бейнеден оқыдым. Біраз нәрсені түсіндім, батылдығы бар, алымдығы бар. Идеясы жақсы. Адам қателеспей тұрмайды енді.
Мына арада кеше осы Әлиханды көргісі келіп Алматыдан Абай Мауқараұлы деген жазушы, әдебиетші келіп еді. Біз кездесіп, өзгеше бір керемет әңгімелестік. Ол кісі жол жүріп кеткендіктен Абай атамыздың «Отыз сегізінші қара сөзін» Әлихан балама ізгі ниетпен деп қолданбасымен қалдырып кеткен еді. Соны сізге бергім келеді.
Енді айтарым өзің айтып отырғандай, Әлем, Еуропа әдебиетіне қазақтың шығармалары жету керек. Біз осыған дейін соларды оқып, сіңіріп келдік. Кезіндегі классик дейміз, совет заманындағы ақын, жазушылар жақсы жерлерде демалды, тынықты, жақсы қаламақы алды. Әлихан “-Мен отбасымды асырау үшін жазып жатырмын”,- дейді. Былай қарасаң тәуелсіз елміз. Ол шындығын айтып отыр. Өзінің отбасы деген отаны ғой. Өзінің бала-шағасын асырау үшін еңбек етіп жатырмын дейді. Ал, совет заманында талай мықты-мықты, мүйізі қарағайдай ағаларымыз компартияға жақтасып, партияны, Ленинді, Сталинді айтып отбасын асыраған шығар. Қазір тек рухты айтамыз, рух үшін қызмет қыламыз.
Жазу деген нәрсе жыл мезгіл де сияқты. Еңбек ет деп те тұрғандай. Сол жазды у қылып жіберетіндер болады. Ал, уды жазға айналдыратындар да болады. Сен уды жазға айналдырып келе жатырсың деп ойлаймын. Жазу деген – адам жанын қинап жүрегімен жазады ардың ісі ғой. Қазақтың ізім-ғайымдай жоғалған «Ақындар» деген поэмасы бар Әділ Ботпанов деген ақын айтты делінетін: «Олар күлден гүл жасайтын тектілер» дейді. Ал мен ұлт үшін қызмет етіп жүрген жазушыларды айтар едім: «Олар удан гүл жасайтын тектілер» деп. Сондықтан да удың, тәтті удың шырмауында жүріп, оған өн бойыңды уландырмай халқыңа, ұлтыңа қызмет етіп. Әлихан атамыз айтқандай «Тірі тұрсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп. Жиырма алты жасыңда жасындай жарқырап, осындай роман жазып жатқаныңа қайран қалып жатқан адамдар бар. Бірақ бұл бер жағы ғана. Мынау қадамыңа қуанып отырмын. Алаңдамай жазарсың да, шетелге де шығарсың. Сондықтан да жолың ашыла берсін. Осында Аманкелді замандасым басқа да жазушылар, ақындар отыр. Баршаңызға осы күн қайырлы болсын деймін, рақмет!
Серікзат Дүйсенғазы, филология факультетінің деканы
- Осында отырған колледж студенттеріне айтқым келеді. Әлихан сендердей кезінде факультетке келіп өлең жазатын, айтысқа түсетін, ізденіс үстінде жүретін. Өзінің жолын ала сұрып сол кезде таба алмай жүрген кезі ғой. Кейін, проза бағытында жарық етіп шыққанда таң қалдым. Проза деген – оңай жанр емес. Тоқсаншы жылдарда рухани дағдарыс болды ғой. Поэзия орнында тұрды да, проза ақсады. Сол алпысыншы жылы шығармашылыққа келген үлкен жазушылар ғана жазып жүрді де, жастардан Дидар Амантайлар ғана шықты. Сондай бір дағдарыс кезеңі болды да, соңғы он жылдың ішінде қаулап прозашылар шыққанда таң қалдым. Соңғы кезде бірінен бірі өтетін ойлары оқшау кілең бір жастар шығып жатыр. Әрине бәрі бірдей классик болып кете қоймас, бірақ, осы жастардың ішінен болашақ Мағауиндер, Кекілбаевтар сөзсіз шығар деп ойлаймын.
Айналайын, Әлихан, прозаға келген қадамың құтты болсын! Прозаның жолы өте ауыр. Сын болса сынды да дұрыс қабылдай алу керек. Бізде қазір қаламгерлердің біразы-ақ сынды қабылдай алмайды, егер біреу өзін сынаса жапа-тармағай, жан-жақтан талай кететінін білеміз ғой. Сын айтылса ар жағында шындық жатады. Сондықтан шығармашылық үдеріс те болсын, сын да болсын! Рақмет!
Бөлісу: