Саясат, саясат және тағы да саясат...
Бөлісу:
Жәмидің «Хұсрау – Шырын» дастанының жасырған құпиясы
Орта ғасырлық шығыс әдебиетінде «нәзира» деп аталған дәстүр кең тараған. Яғни мыңдаған жыл бойына шығыстың ақындары атауы, кейіпкері, сюжеті бір шығарманы өз дарынына, қарым-қабілетіне сай жырлап отырған. Бір қарағанда әлемдік әдебиеттің жауһарлары саналатын «Хұсрау-Шырын», «Ескендір», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха» сынды туындылар бүкіл адамзаттық әмбебап құндылықтарды дәріптеген соң, шығыс ақындары қайталап жырлай бергендей көрінуі бек-мүмкін. Бірақ XII-XVI ғасыр аралығындағы өмір сүрген шығыс ақындарының төл туындыларын жазбай, көшірме я аударма жасауының сыры басқада жатыр.
Шынтуайтында шығармашылық дарыны зор, қаламы қарымды ақындардың ақиқаты тым қарабайыр әрі сұрқай болып тұр. Олай болса осы бір шындықты ақтарып, ертеден келіп жеткен туындылардың астарындағы мағынаға үңіліп көрелік!
Бәрі қалай басталды?
Қай дәуірде болмасын әдеби шығармалар сол дәуірдің адамдарының ішкі жан дүниесінің көрінісі мен сол дәуірдің саяси жағдайын баяндайды. Көне әдебиеттің жәдігерлері көне дәуір адамдарының бастан кешкен рухани жағдаяттарымен қатар, тұрмысы мен қоғам арасындағы кейбір даулы мәселелерден хабардар етеді. Сондай-ақ басты мәселе, заманасының саяси шындығын паш етеді.
Дегенмен сөз бостандығы, азаматтық қоғам, адамзаттық құндылық секілді ұғымдар ерте кезеңдерден бері сөз болып келгенімен, қоғам арасында көрініс беріп, ел ішінде іске аса бастаған заман Жаңа дәуір (модерн әлемде) екенін тілге тиек еткен жөн. Адамды басқару мен үкім шығару тым жеңіл саналған ерте кезеңдерде және орта ғасырларда шығармашылық адамдарына замана шындығын бүркемелеп жеткізуге тура келген. Әйтпеген жағдайда ақындар түрмеге тоғытылған, тіптен кейде басынан айырылған.
Айталық Ә. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ эпосы және түркология» деп аталған еңбегінде: «XI-XII ғасырларда Тұран, Иран, Кавказ жеріндегі халықтар ұсақталып, олардың тақ үшін таласуы, ел талау әрекеттері күшейеді. Соғыс шығындары еңбекші елге ауыр тиді. Әйел басындағы еркіндік болмайды. Халықтың ауыр хәлін жырлаған Қағани сияқты ақындарды Әзірбайжан атабектері зынданға тастап өлтірді» деп сондай бір жағдайды көрсеткен. Тұран жерінде Моңғол шапқыншылығына дейін де, кейін де ақын, ғалымдардың қуғындалғаны жөнінде деректер жетерлік.
Осындай қыспақ пен үлкен цензура жағдайында шындықты жырламақ болған ақындар қайтпек? Арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей тығырықтан шығар жол табыла ма? Осы тұста көмекке «нәзира» үлгісі келді. Яғни бұған дейін жырланып, халық арасында кең тараған сюжеттер мен кейіпкерлерді жаңа жырға арқау етіп, өз заманының шындығын астыртын түрде жеткізудің мүмкіндігі туды. Мәселен, XII ғасырда, қазіргі Әзірбайжан жерінде өмір сүрген атақты Низами, тарихта аты қалған Хұсрау патша мен әйелі Шырын арасындағы аңызға айналған махаббат хикаясын жырға қосқан. Аталған дастан желісі бойынша Хұсрау патша жастық шақта сөзден тайқығыш, айнығыш ер болады. Шырынға үйленемін деген уәдесінен тайқып, әкесі қосқан патша қызына үйленеді. Күндіз-түні сауық құрып, шараптың қызығына батады. Әкесі қайтыс болып, өзі таққа отырған соң да, осы бір әуестігінен тайқымай, қызық қуып, ел ісіне мүлдем мән бермейді. Низами ақын көрсе қызар, халық қамынан гөрі жеке басының игілігін күйттеген патшаларды Хұсраудың жастық шағындағы әділетсіз әрекеттері арқылы көрсетуге тырысқан. Сондай ақын дастандағы Фархат есімді мінсіз образды Хұсрауға қарсы қою арқылы, патшалардың бойынан табылатын кемшіліктерді санамалап шыққан.
Фархад қолынан ғажайыптар келетін хас шебер, батыл әрі батыр, алып денелі, адамгершілігі мол, адал әрі ізгі адам. Оның алып денесі мен адамға тән емес құдіретті бейнесі арқылы Низами еңбек адамын бейнелеп тұр. Хұсрау мен Фархад арасындағы тартыс халық пен билік арасындағы талас болса керек. Алайда бұл таластың ақыры әділетсіз патша Хұсраудың жеңісімен аяқталып, Фархад жыр соңында өз-өзіне қол салады. Осы бір Фархадтың ессіз ерлігін көрген Хұсрау, махаббаттың қаншалықты құдіретті күш екенін көз жеткізеді. Ақыры істеп жатқан ісінің ешбірі опа бермейтінін, Шырыннан айырылар болса, өмірі мәнсіз өтерін ұғады. Шырынға қайта барып, жігіт кезінде берген уәдесін орындап, үйленеді. Шырынмен шаңырақ көтерген Хұсрау шарапты қойып, жағдайы ауырлай түскен қара халықтың қамын ойлап, елдің жайын жасауға барын салады. Алайда дастанның соңы нағыз трагедиямен аяқталады. Бейбіт күндердің бірінде ел ісін дөңгелетіп әкеткен Хұсрау патшаны, бәйбішесінен туған баласы Шеруя өлтіреді. Тақты әкесінен қанды жолмен тартып алған Шеруя Шырынды зынданға тастап, өзіне үйленер болса, бар жақсыны бір басына үйіп төгуді уәде етеді. Бірақ Хұсрауға ғана жүрегі ашылған Шырын зынданда жатып у ішіп өледі. Шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс «Фирдоуси. Литературная энциклопедия» деп аталатын еңбегінде дастанға Шырын әділдіктің бейнесі екенін тілге тиек еткен. Шырынын тапқан Хұсрау әділдіктің жолына түсіп, ескі ермектерінен қол үзген. Осылайша Низами ақын Торғұл ханның тапсырысымен жазылған дастанында, елді аздырып-тоздырған әділетсіз патшалар өз Шырынын (әділдік жолына түсетін болса) тапса, әділдік орнайды деген насихатын жеткізген.
Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ
Низамиден кейін «Хұсрау-Шырын» нәзира дәстүрі арқылы жырлаған ақындар жетерлік. Соның бірі XV ғасырда өмір сүрген Құтб* ақын болды (*Құтб. Адамның есімі емес, лақап аты. Құтб – дін жолында үлкен дәрежеге жеткен адамға берілер атақ. Ал дастанды жырлаған адамның шын есімі жөнінде дерек мүлдем жоқ). Ол осы шығарма арқылы өзі куә болған Алтын Орда империясындағы таққа талас пен әділетсіздікті астарлап жеткізуге тырысқан. Құтб дастанының бастапқы бөлімдері мен соңғы бөлімдерін санамағанда, дастан толықтай Низами ақынның «Хұсрау – Шырын» дастанының оқиға желісін қайталаған. Әрине, бұл дастанның толыққанды аудармасы деуден аулақпыз. Дегенмен, Құтбтың оқиға желісін құрауда, Низамидің дастанына сүйенгенін байқауға болады. Бірақ Низами ақын өмір сүрген XII ғасыр мен Құтб ақын ғұмыр кешкен XIV ғасырда арасындағы әлеуметтік, саяси, мәдени өзгерістер ұшан теңіз. Сондықтан Құтб ақынның бұл дастанды жазғандағы ойлаған мақсаты Низами ақын көздеген құндылықтардан ерекшеленетінін ескеруіміз қажет.
Құтб ақын бұл дастанды 1341-1342 жылдар аралығында жазылғаны жайында ақпар бар. Дәл осы кезеңде Алтын Орданың тағында Тыныбек ханның билік құрып тұрған кезі. Құтб дастанын дәл осы Тыныбек хан мен жұбайы Ханша Мәлика бегімге арнайды. Дастанның жалпы көлемі 120 бет, 4740 жолдан тұрады. Бұл Низами ақынның дастанынан екі еседей аз. Низами ақын дастан ішіндегі Хұсрау мен Шырын арасындағы, Шекер сұлуға үйленіп, қате екенін біліп Шырынның сарайына келгендегі әңгімегі қырық беттен астам бөлігін арнаса. Құтб дастанында бар жоғы он шақты бетпен ғана шектеледі. Низамидің дастанында Шекер сұлуға Хұсрау патша үйленіп, Шырынның орнын баса алмайтын біліп, өкініш оты шарпып, намысын шетке ысырып қойып, Шырын сарайында барғаннан кейінгі, Шекер сұлудың өміріне мүлдем тоқталмаса, Құтб өз дастанында, Шекер сұлу қайтыс болады деген. Низами Хұсрау патша өмір сүрген уақыттағы, Иран еліндегі нақты тарихи оқиғаларға жүгінсе, Құтб Хұсрау патша заманынан бергі кезеңдерді сөз еткен. Құтб дастанының соңғы бөлімінде ислам өркениетін тудырған Мұхаммед пайғамбардың Хұсрау патшаға жолдаған хаты жайында жазылады. Дегенмен жаңа дінді құп көрмеген пашта, дастан желісі бойынша хатты жыртып тастайды. Алайда аталған сюжет Низами ақынның дастанында жоқ.
Дастандағы басты кейіпкер Хұсрау патша билік құрған жылдар мен Мұхаммед пайғамбардың өмір сүрген жылдар сәйкес келгенімен, пайғамбардың нақты хат жіберіп-жібермегені жайында нақты дерек жоқ. Біздің жорамалымыз бойынша, Құтб ақын бұл бөлімді Алтын Орда билеушілерін сынау үшін қосса керек. Низами өз кезегінде, діни ахуалға мүлдем тоқталмаған. Ал Құтб болса, Ислам дінін дастанына өзек еткен. Әрі мұнда дін ақ пен қараны ажыратушы, жақсы мен жаманды саралаушы құрал ретінде көрініс тапқан.
Айталық Алтын Орда империясының мемлекеттік діні ретінде алғаш болып исламды тұғырына қондырған Берке ханнан кейін таққа отырған Меңгу Темір ұлы бабасы Шыңғыс хан секілді бейтараптықты ұстанған. Осылай жылдар жылжып, уақыт өте келе ханзадалар арасында таққа талас күшейіп, сол аралықта әртүрлі дінді ұстанған хандар таққа отырған. Біршама уақыт үзілістен кейін, Өзбек хан алып империяның мемлекеттік діні ретінде Исламды сарай ішінде орнықтыруға атсалысты. 1341 жылы Өзбек хан қаза тапқан соң, оның баласы Тыныбек хан билікке келді. Ол да өз кезегінде Ислам дінін ұстанды. Алайда араға жыл салып ол 1342 жылы Жәнібек ханның опасыздығынан кейін (анасы Тайдулланың көмегімен) қайтыс болды. Тыныбекті өлтіріп таққа отырған Жәнібек хан Алтын Орда империясын одан әрмен күшейтіп, таққа таластар кезінде кішірейіп қалған империя аумағын қайта қалпына келтіріп, үлкен әскери жорықтар жасаған. Дегенмен Құтб ақынның Жәнібек ханға көңілі толмай, нәзира дәстүрімен аударылған дастан арқылы сынауының басты себебі, ол өз ағасы Тыныбекті өлтіріп, таққа бауырының қанын төгіп келу арқылы, қанды жолды кейінгі буынға легитимдеп берген.
Құтб дастанның алғашқы бөлімдерінде Тыныбек ханмен оның жұбайы Мәлика қатынға жоқтау айтқанда, ислам дінінің қорғаушысын, Алланың назары түскен әділетті билеушінің өмірден өткенін тілге тиек еткен. Дастанның оқиға желісі арқылы ақын өз әкесін өлтіріп тақты тартып алған Шеруяны, туған бауырын өлтіріп таққа келген Жәнібек ханмен теңестірсе, Мұхаммед пайғамбардың хатын жыртып тастап, басынан бағы тайған Хұсрауды, ислам дінінен аттап кеткен Жәнібек ханмен теңестірсе керек. Осы жәйттерге қарап дастанның 1342-1343 жылдар аралығында жазылған деген ғалымдардың пікіріне күмәнмен қарауға болады. Біздің ойымша бұл дастан, Жәнібек хан өз баласының қолынан қаза тауып, кейін таққа отырған Бердібек ханнан кейінгі ұлы империяның сарай маңайында орын алған дүрбелең тұсында жазылса керек. Бердібек ханның таққа келгеннен кейін айналасы он үш жылда жарты әлемді қамтыған алып империяның жиырма ханы бірін-бірі өлтіріп таққа келіп, ханзадалардың арасындағы үлкен таққа талас біздің жоғарыдағы ойымызды қуаттай түседі.
Сарайдағы бейберекеттікті көрген ақын, шындықты төтесінен тартып айта алмағандықтан, шығыс ақындарының салтына салып, нәзира дәстүрімен «Хұсрау – Шырын» дастанын жазып, өз наразылығын осылайша білдірген секілді. Дегенмен Құтб ақынның астарлап жеткізген ойын, өз кезегінде, Сарай шенеуніктері ұғынып, ақынды қудалаған көрінеді.
Айталық Құтб ақынның, өмірінің соңғы жылдарын Мысыр жерінде өткізуді жоғарыдағы сөзімізге дәлел бола алады. Алтын Орда деп аталатын алып империяның екі жарым ғасырға жуық ғұмыры барысында ақындардың төл шығармалар жазудың орнына, тек нәзира дәстүрімен дастандар ғана аударғанының сыры енді түсінікті болғандай.
«Қатын бастаған көш оңбас»
XV ғасырда түркі даласында «Хұсрау-Шырын» деген атпен жырға қосқан ақындардың бірі Абд әр-Рахман Жәми болды. Хорасан аймағындағы, Жәми қаласында 1414 жылы дүниеге келген ақын, Самарқандағы Ұлықбек медресесінде білім алған. Жәми дастаны өзіне дейінгі бұл дастанды жырға қосқан ақындардан мүлдем ерекшеленеді. Жоғарыдағы аты аталған ақындар өз дастандарында оқиғаның негізгі мотивін сақтап отырған. Тек кейіпкерлерінің характерлеріне байланысты кейбір эпизодтарды қосқанымен, барлығының дастанында Шырынға қосыла алмаған Фархад бейнесі, өз әкесін өлтіріп таққа отырған Шеруя мен бірінде сайқал, бірінде адал пәк Шырынның бейнесі жырланып отырған. Ал Жәми дастанның оқиға желісін мүлдем өзгеше.
Жәмидің «Хұсрау – Шырын» дастанының оқиға желісі бойынша, Хұсрау хан Шырын ханшайым екеуі үлкен сарайларының үстінде демалып отырады. Сол кезде бір балықшы келіп ханға үлкен балықты сыйға тартады. Сыйлыққа риза болған хан балықшыға бұл сыйлығы үшін көп алтын береді. Алтынның шамадан тыс көп көлемде сыйға берілгеніне наразы болған Шырын, «Егер енді сен осындай көлемдегі сыйақыны бай-бағландарға, сарай жанындағы уәзірлерге беретін болсаң, олар сені бізге бір ғана балықтың құнын төледің деп, болмаса бұдан аз алтын беріп қойсаң, бір балықтың құнында бізге қимадыңыз ба?!» деп наразы боларын ескертеді. Шырынның ақылын мұқият тыңдаған Хұсрау жұбайына: «Хан берген сыйлығын қайтіп ала алмайтынын, хандық абыройына нұқсан келетінін ескертеді». Сонда Шырын Хұсрауға балықшыны қайта шақырып: «Бұл балық ұрғашы ма әлде еркек пе?» деп сұрап, оның қандай жауап бергеніне қарай, ханға мұндай жыныстағы балықты жеуге болмайды деп, сыйын өзіне беріп, алтынды қайтарып ал деп кеңес береді. Шырынның кеңесіне құлақ түрген Хұсрау балықшыны қайта сарайға шақырып, сұрағын қойып болғаннан кейін, балықшы: «Бұл орта жынысты балық» деп жауап қатады.
Балықшының тапқырлығына риза болған Хұсрау алдында берген алтынына қосып тағы бір қап алтын беріп шығарып салады. Балықшы жолда келе жатып бір алтын динарды түсіріп алады. Сосын сол динарды иіліп тұрып жерден көтереді. Бұл оқиғаны көріп қалған Шырын Хұсрауға ашуланып келіп: «Міне көрдің бе бұл адамның қандай сараң әрі ұсқынсыз адам. Оған екі қап алтын берсең де бір тал алтынын тастап кетуге қимайтын нағыз сілімтіктің өзі екен. Берген алтындарыңды қайтарып ал!» деп шағымданады. Ашуға булыққан Хұсрау балықшыны қайта шақырып, мұндай сараңдығыңның сыры неде деп сұрайды. Ханның ашулы екенін сезе қойған балықшы: «Бұл алтын ділдәда ұлы хан сіздің бейнеңіз бедерленген екен. Жолаушылап кетіп бара жатқандар аяғымен таптап кетіп, сіздің нұрлы жүзіңізді бұлғай ма деп қорыққанымнан алдым» – деп жауап қатады. Балықшының жауабына тәнті болған Хұсрау оған риза болып, үшінші қап алтынды сыйға тартып, қазынасын әйелінің кесірінен ортайтып алады.
Бұл дастанның моральі – ел басында отырған хан басқаның тілін алмауға тиіс. Жәмидің аталған шығармасы Сұлтан Хұсейінге арналған. Ал Хұсейін ханның тарихына көз жүгіртетін болсақ, әлжуаз, өте әлсіз хан болғанға ұқсайды. Ханның әлсіздігін пайдаланған оның әйелі Хадиджа бегім мемлекеттік басқаруға ісіне белсене араласқан. Хадиджа бегімнің ақылы бойынша Хұсейін хан өзінің ешқандайда жазығы жоқ немере інісі Мұхаммед Мүмін мырзаны 1497 жылы өлім жазасын кескен. Осы оқиғалардан кейін хан сарайында үлкен қантөгістер орнап, Темір әулетінің дәуірінің ақыры таянған. Осылайша Хұсрау патшаның жұбайы Шырынның сөзіне еріп, қате іс істегенін жырға қосқан ақын, әйелінің сөзіне құлақ асып, хандығын күйреткен Хүсейін сұлтанның оқиғасын астарлап жеткізіп отыр.
Жәми ақынның «Хұсрау – Шырын» дастанының оқиға желісін өзгеше түлету арқылы, қандай шындықты жеткізбек болғанын түсіндірген секілдіміз. Жәми дастанының сюжеті басқа ақындардың дастандарында қайталанбаған. Осы дастан арқылы Жәми ұлы патшалықтардың іргесін әлсіз хандар сөгетінін, ол әлжуаз хандар жан-жағындағы өз мүддесін ойлаған адамдардың ықпалына ұшырап, өзіне-өзі көр қазатыны жайында сөз етіп отыр. Алайда «Хұсрау – Шырын» дастанының Жәми жырлаған нұсқасы халық арасында кең тарап, өз замандасы Науаидің «Фархад – Шырын» дастаны секілді халық ауыз әдебиетіне әсер ете қоймаған. Оған дастан көтерген тақырып аясының тарлығы, мәңгілік таусылмайтын тақырып махаббат хикаясының болмауы, сондай-ақ «әйел еркектен бір саты төмен» дейтін исламдық тәмсілдің Қыпшақ даласында орнықпауы сеп болса керек. Қалай болмасын, Жәмидің шығармасы классикалық туынды ретінде тарихта қалмаса да, өзі өмір сүрген уақыттағы саяси оқиғаның шындығын әшкере еткенімен құнды болып қалмақ.
Омарбек Нұрдәулет
Бөлісу: