Қанатын суға малған, отқа малған...

Бөлісу:

30.09.2024 1762

Алдыңызда жатқан мәтін толы параққа, оның мазмұны мен мағынасына әуелі көңілдегі күдік-күмәнді кейінге шегеріп, шын пейіліңізбен үңіліп көріңіз. Бар ыждағатыңызбен оқып көріңіз әуелі. Егер парақ толы мәтіндер сізге махаббатпен жауап қайырса, онда үміттің ақталғаны. Егер көңіл жиегіңіз әнтек кірлей бастаса онда айтылар сөз басқа. Парақ толы мәтіндер, сіздің махаббатыңызды еселеп, көңіл аспаныңызды нұрландыра түссе... бұл енді оқырман мен автор арасындағы байланыстың ең керім тұсы, ең аяулы сәті. Әсіресе қолыңа алғаш алған жаңа жыр жинағынан бұндай кепиетті сәтті жиі жолықтыра бермейсің. Қолыңа күмәнмен алған кітаптың әр парағы нұрланып сала беретін сәттің бақытын сезіну өзінше бір тылсым әлем. Жазған құлда жазық жоқ. Біз оқырман ретінде осы екі күймен үнемі ұшырасып отырамыз. Әсіресе, бұл сезім бұрын аты-жөні соншалық етене емес, өлеңдерінің жаңғырығы алыстан ғана талып естілетін жаңа ақынның өлеңдерін қолға  алғанда тіпті айқындала түседі. Бұл енді барлық жаны ізгі оқырманның басында бар кеп болса керек-ті. Қолымызға жуырда ғана тиген «Мен торғаймын» жыр жинағы «Жайлау сонысындағы жасыл іздей» (О.Айтан) жанымызды жадырата түскені рас. Оны несін жасырамыз. Құдая шүкір осы уақытқа дейін талай-талай сиқырлы, қуатты, құпияға толы поэзия оқыдық қой, сосын да көп нәрсеге таңғалмайсың, көп нәрсеге емешегің үзіле бермейді. Қолыңа тиген әр жаңа кітап бұрын ашпаған есігіңнің тұтқасын ұстата бермейтіні тағы бар. Мехриддин Өтегенов өлеңдерін алғаш оқығанда тосырқағанымыз рас, байырқалай келе жаңа әлемнің ішінде өз-өзімізден үркектей, үйлесе алмай жүргенімізді сездік. Бірте-бірте ол әлемге бой үйреттік. Соңыра қазақ тілінің қуатын, сол қуатқа арқа сүйер сезім сиқырын тұс-тұстан, әр төңіректен құбылтып беруге де болады екен деген ойға қалдық. Әрине, бұның бәрі әдепкі әңгіме. Ең бастысы өлеңнің жанында. Рухында. Болмыс-бітімінде. Өзі жалған дүниені жалған жырлаудан, жалған жылаудан жалыққалы қашан. Дақпырт пен даңғаза, көлгірсу мен көсемсу бізді мезі еткелі қашан. Осындай да, жаңа дауыс, жаңа жиек, жаңа бояу, жаңа екпін іздейсің. Адасқан жолаушыдай алды-артыңды аңдайсың... сол үміт үзілмегесін, бір күні, бір сәтте өзі қылаң береді екен, алдыңнан манаурап шығады екен. Бөгенайын анық білмесең де үміттің аты үміт қой. Қанатын от пен суға кезек малып торғайдай шырылдап жетеді екен ақыры... тыңдалық:

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған.

Ұясы қырық бөлініп, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған.

Жанымды аясаңшы дірдектеген,

–Дүние, – дейсің бе, – іштей кім кетпеген.

Құдайдың жаратқаны екеуміз де,

Бізге һәм қарасаңшы құрметпенен.

Үсті-үстінен қайтара қырсық ұрды

тасқа соғып сындырдым тұмсығымды,

уыстай жан иесі саған келді,

сенен өзге ұғады кім сырымды?

Шырылдап айнала ұштым төбеңізде,

Мейіріңді төкпейсің неге бізге?

Қалтыратты қаңтардың сары аязы,

Қар астына көміліп өлеміз бе?

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған,

Ұясы қырық бөлінген, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған.

Мехриддин Өтегеновтың жаңа жыр кітабының жаны да, тәні де, бүкіл аңсары да – осы торғай. Өз жаны бар, өз әлемі бар, өз өмірі бар жұмыр құстың шырылы. Біз оған қыран бол демейміз, біз оған қыран үстіндегі күн бол деуден аулақпыз. Бізге оның осы торғай бейнесі ұнайды. Бізге оның осы торғай бітімі қымбат. Торғайдай тұнық дауысы ыстық. Киіз туырлықты қазақ баласы жанының ең аяулы бөлшегін осы жұдырықтай құсқа балайды емес пе?.. Құдай тағала өз болмысыңнан айнудан сақтасын. 

Мехриддин өлеңдері шынайылығымен, жаныңның ең нәзік қылын шертер қуатымен құнды. Әр сөзі салмақты. Әр сөзі адал. Адал достың көңіліндей, адал жардың ынтығындай зар. Осы бір қыршын сезімдерге оның өзінше бейнелеу тәсілі, өзінше бейнелеу тілі, әр сөзге ой күрмеп, от қымтап беретін шеберлігі, майдан қыл суырғандай қытықшылдығы қосылғанда жаның рауандайды. Қамырықты мұңға толы әр әріптен гүл төгілгендей әсер береді. 

нүктедей ғана ғұмыр – 

Қара торғай,

Безектеп қанат қағар қарата алмай!

Үп еткен желге қарсы ұша алмайды,

Құдайым мұнша нәзік жаратар ма-ай?!

Мехриддин Өтегеновтың «Орамал», «Соғыс», «Естелік», «Украин балалары» сынды бір топ өлеңдері геосаяси ахуалды астар етеді. Оқ пен оттың ортасындағы баланың шырылын, жан бостандығы үшін тепкіде мерт болған бойжеткеннің арманын әспеттейді. Әдетте бұндай тақырыптағы өлеңдер ұраншыл, жоқтаушыл келетіні бар. Мехриддин ондайға бармайды. Ондайға ақынның жаны пәс. Бұндай күйдегі Мехриддин өлеңдері соғыс өрті шарпыған қаланың күлін, Иран қызының көз жасына илеп, күлден қаракүлгін гүл жасағандай риясыз береді. Біреудің қайғысына иілу, қасіретін тану – кісілік. Ал қасірет шеге білу, қасіретпен қол ұстаса білу – өнер. Ақын жаһандық саясаттан опа таппаған құрбандардың қайғысын өз ішінен өткізіп, өз қайғысымен қауыштыра, бір шыны уды шымырлата жұтқандай ғып жазады. 

Орамал құдды құс секілді, 

Еркіндік сүйген қанатсыз құс!

Орамал,

Арудың шашын емес, жарасын жасырсын!

Таңуға бола ма, діліңнің жарасын?

«еркіндік – басыңнан сусыған орамал»

Осы ұран шарласын күллі Иран қаласын!

Ұшқан құс сендер айтыңдар әлемге,

Қауырсындарыңның күйгенін!

Мені кім тыңдасын, айтылар сөз өлген,

Отаным жоқтай күйдемін.

Тегран және

Машһад, Ширазды,

Қып-қызыл түске бояр ма?

О, Иран сенің қайда Құдайың,

Дәрменсіз қолды жаярға?

Келе жатқандай парсы көгінде,

Қап-қара түнек кеш батып...

Шынында орамал – еркіндік туындай,

Желбіремейтін ешуақыт…

Бұл «Орамал» біз жырлайтын махаббат белгісіндей кестелі орамал емес. Бұл қанды орамал. Күрескер орамал. Парсы аспанын қап-қара түндей бүркеп алған пәрәнжіні жалғыз сәтке басынан сілкіп тастағаны үшін мерт болған қызға деген құрмет. Пәрәнжімен бірге тұншыққан, құсаланған, азат жаны құлға айналған, азаптанған, жас өмірі қор болған сан-санақсыз шығыс қыздарына деген жұбату сөз. Халед Хоссейнидың «Жарқыраған мың күніндей» ләйләларға деген ізет. Өлеңді оқып отырып ақын айтқан еркіндік құсындай, еркіндік туындай орамалдың жалауы жығылмасын дейсің. Олар тым болмаса тордың кең болғанын қалайтын құстар ғой…

Айта берсек, әңгіменің ауаны алыс, көкжиегі кең. Ең бастысы поэзия әлеміне өз дауысы бар, өз мінезі бар Мехриддин Өтегенов есімді талант келді. Мехриддинның өлеңі бізді әлі талай қуантып, әлі талай сүйіндірері сөзсіз. «Поэзияға қулық-сұмдық, амал-айла жүрмейді. Поэзия − қабілеттіліктің, тәсіл-әдістің, асқан шеберліктің, толастамас, сендіргіш, жүйелі ақылдың зыр жүгірген «қолбаласы». Оған бағынышты. Осы қасиеттерге әрдайым бұлжытпай қызмет етуі хақ». Сөз иесі – Тоқаш Бердияров. Мехриддин Өтегенов поэзиясы да Тоқаш көкесі айтқан осы мүддеден шығады. Алқалы жұртына жүрегін төсеп, жыр-құсын ұшырған ақынға толағай табыс тілейміз. Қысқа қайырған үшбу сөзіміздің басты нысаны да осы. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар