Баланы бауырына басты, қазақ не тапты?

Бөлісу:

11.10.2024 664

Салт десе қазақтың қиып кесе алмайтын, аттап өте алмайтын көзге көрінбес бұзылмас қамалы тұра қалады. Салт па болды, талқыланбайды, кеңеспейді, басқа шешім-ұсынылып қарастырылмайды. Ертерек кезде көптеген ата-ана өмірге келген тұңғыш баланы туыла салып ата-әжесінің бауырына салып беріп жатады. Бұл құбылыс қай заманнан басталғаны белгісіз, тұңғышын ата-анаға табыстайды да, соларға еншілейді. Ары қарай ол бала шал-кемпірдің иісі бір сіңгесін, қайта қайырылып әке-шешесін әке-шеше дей ала ма, алмай ма ол жағы да сұраққа толы қалпы дүниеден беріш кеуде болып өтіп жатады.

Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен өрнек қалдырған Оралхан Бөкей мен Сайын Мұратбековтің ұқсас кейіпкер кездесетін бір шығармалары бар. Оралханның «Тортай мінген ақ боз атындағы» Тортай мен Сайынның «Жусан исіндегі» Аянның өзгеше аянышты ұқсас тағдырларын екі автор келісіп алып жазғандай. Екі шығарманы оқып отырасыз, бірі әңгіме, бірі повесть болса да, авторлардың кейіпкерлерді беруі, сөз саптасы және меннің балалығына әсер еткен, менмен етене дос болатын Тортай-Аян сынды жетімек кейіпкерлерді қалай бөліп жарарыңды білмей қаласың.

Тортай болса, таза тұл жетім. Оның ата-анасы қайда, жақыны кім, неге жетім қалғаны туралы өзі қысқа әңгімеде автор ашып ештеме айтпайды, бірақ, Тортай жетімектігіне қарамай өте кітапқұмар, білгіш,  өз бетінше өсіп жатқан бала еді. Әңгіме барысында меннің оны пана тұта келіп, Тортайдан әңгіме сұрайтыны бар. Ал, Тортай еш іркілместен бала болғанына қарамай кітаптан оқығаны әлде ойдан шығарғаны белгісіз «Баяғыда бір жетім бала болыпты...» деп әңгімесін бастап кете беретін. 

Ал, «Ертеде бір жетім бала болыпты...» деп әңгіме айту Аянның қарайып, қалқа көріп жүрген әжесінің қайтыс болуымен пайда болатын әдетіне айналады. «Жусан иісі» повестьінен:

«Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі өлгенге неге жыламайды-ей?» – деп қоямыз. Аян естісе де, естімеген адамша міз бақпайды. Тек әлдебір уақытта, бас жоқ, аяқ жоқ:

«– Ертегі тыңдайсыңдар ма?- деді...» деп келеді.

«Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол кітап, дейтін. Әкем де, шешем де сол кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің, бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын..», - дейді Тортай.

Ал, Аян болса:

«Кейде ертегі тыңдауға ол күндіз де шақыратын.

– Сырғанақ деген немене, тек киім тоздырып, шаршау, – деп менсінбегендей ернін шүйіріп қоятын. Ондай кезде оған «ағатай, мә, сырғанашы», – деп шанаңды кесе-көлденең тосып жалынсаң, пысқырып қарамайтындай көрінетін...» деп балаларды ертегіге шақыратын. 

Екі шығарманы оқып болғанша кінәсіз балалардың тағдырынан қабырғаң қайысып кетеді. Аянның халін қалай шынайы берген деп Сайынның шеберлігіне таң қаласың. Бала қалай болса да бақытты болуға, өз ата-анасының құшағында еркін өсуге хақысы бар емес пе. Бірақ, тағдыры басқаша түзілген, шиеттей кезінен өмірден көрген бөтендігі бала жанын басқа арнаға бұрып, жылуды, алданышты, алқауды, көңіл бөлуді басқа сипатта алуға көшіреді. Солай көңілге алданыш, жанына медет ретінде Тортай бас алмай кітап оқуды шығарса, Аян балаларды жинап ертегі айтуды өмірінің тиянағы етеді. Өз бетінше қараусыз есейіп келе жатқан өспірімдерге одан басқа қызық да, серік де жоқ. Тек өздері сосын шырылдаған жан дүниесі ғана. Бала өзімен өзі, ерте есейеді, ерте ес жинайды, бірақ бақытсыздық шеңберінің ішінде. Екі шығармадағы мендер Тортай мен Аянға таң қалатын тұстарын көп кездестіріп жатасыз, бірақ, бәрібір қанша артық болса да жетім қозы секілді аулақта оңаша маңырап, оңаша оттыққан өгей тірлігінің кемістігін олар ешқашан түсініп жете алмас еді.

Бұл кейіпкерлер автордың ойдан, әлде шынайы өмірден алғаны болса да, шынымен де жетімдік көрген балалар екендігіне шығарма қапысыз сендіреді. Ал, жоғарыда біз тілге тиек етпек болған бауырға салу салттан сонша шошына қашатындай нендей қатесі мен қасіреті бар, енді соны өзімізше тәпсірлеп көрсек.

Көзі тірі болса заманының Оралханы, Сайыны болатын Ғалымбек Елубайдың «Уақыт қоламтасында» деген әңгімесі бар. Бірде Ғалымбектен бір сынып төмен оқыған жерлес бауыры бала кездері туралы мынадай естелік айтқан еді. 

«Ғалымбектің інісі екеуіміз бір сыныптамыз, Ғалекең бізден бір сынып жоғары оқиды. Екі үй көрші отырғандықтан ертелі-кеш мектепке бірге барамыз, бірге қайтамыз. Шамалас болсақ та өзін ересектерше, салмақты ұстайтын оның қасында інісі екеуміз есі жоқ бала секілдіміз. Бар ермегіміз – Ғалымбекті айналдырып, одан ертегі-әңгіме сұрау. Ол болса жол бойы ертегі айтудан бір жалыққан емес. Бір-екі рет емес, қанша күн мектепке барамыз сонша күн, сонша апта ертелі-кеш екі құлағымыз оның аузында. Ол айтушы, біз тыңдаушы. Ұзаса бес-алтыншы сынып оқимыз, қай жерінен шығып жатқанын білмейміз. Сол кездің өзінде соның бәрін қиялынан шығарып, қосып, өсіріп айтатынын кейін түсіндік қой» деген еді. Жерлесінің осы сөзі ойдың бір түкпірінде ұйықтап жатқан тұғын. «Жүз жетінші көктем» кітабындағы «Уақыт қоламтасында» атты әңгімесін оқығанда автордың не үшін сонша ертегіні айтатыны айпарадай ашылған еді.

«Уақыт қоламтасында» әңгімесінен үзінді оқиық:

«Не де болса осының бәрін беттен қақпайтын ата-әжеге сүйеніп жасайтын болсам керек. Бірінші сыныпқа баратын жылы екеуі бірдей бақилық болды да, үрген қарындай десім басылып, күлдіреуіштей көтерілген көңіл күлге айналды. Тура сол күннен бастап, төсек орнымды әке-шеше, іні-қарындастан бөлдім де, бөлек ұйықтайтын болдым. Өз босағамда, от көшемде асыранды күшіктей аяғымның ұшымен басатын момақан балаға айналдым...

...Содан бастап кітап оқуға әуестене бастадым. 

...Айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатты. Қолыма түскен кітаптарды ашыққан егеуқұйрықтай қалай болса солай кеміре беретін едім. Алғаш бесінші сыныпта «Абай жолының» соңғы тарауын оқығасын үш күн сабаққа бармай, тас бүркен жатып қалғаным бар. Сонда маған өмір тас қараңғы, меңіреу-мылқау, адам тағдыры, пенде қайғысы уақыттың желіне ұшып жоғалатын жер ошақтың күліндей елестеген.

Таңғы шық күрмеуін үзіп кететін өрмекші торындай балаң көңілдің әлсіз жүйке талшықтары айналадағы келеңсіздік атаулыға кезіксе болды, бырт-бырт үзіліп жататын...», - дейді автор.

Бұл үзінділер автор өмірінің айна қатесіз, еш қоспасыз шындығы екеніне күмәнсіз сендік. Оралхандағы кітапқұмар Тортай мен Сайындағы ертегіші Аянның образын бойына жинақтаған тірі куәгерімен қатар өмір сүргенімізді кейін білдік. Тіпті асыра айтсақ Оралхан мен Сайын тілге тиек етіп отырған екі шығарманы Ғалымбек үшін жазғандай әсер қалдырады. Ұқсас сюжеттер, ұқсас жанның азабы, өмірден көрген ұқсас бөтендік.

Аян мен Тортай көрген жетімдік соғыс заманының құрбанына айналған буынның ұрпағы десек, Ғалымбек ше? Ғалымбек мынау заманның адамы емес пе? Оның көрген жетімдігі не қылған жетімдік? Өз отбасында отырып көрген өгейлігін немен ақтап, немен түсіндіресіз? Айтар әңгіменің түйініне енді жақындаған секілдіміз.

Бір дүниенің нарқына жету үшін салыстыра қарасаңыз, құнын білмек дүниеңіздің бағасы шығар. Тортай мен Аянның көрген тұл жетімдігіне қарағанда, әке-шешесі бар Ғалымбектің көрген өгейлігін еркелік деп бағалауға болады. Бірақ, адам деген қызық жаратылыс қой. Сенген, сүйенгені тастап болмаса бірден жоқ болып кеткенде адам мынау жалғанның аярлығымен бетпе-бет қалады. Үлкендер ондай жағдайда бірдеме қылып шығады, ал, Ғалымбек секілді ата-әжесі бауырына салып алған өңшең үрпек бас жас балалар атасы мен әжесінен мезгілсіз айырылғанда трагедияның бас кейіпкерлері болып жалғыз өздері қалатынын қанша қазақ баласы өмірімен дәлелдеді екен.

Бұл турасында Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» романында: «Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші, қамырғы көп...

Ойлап отырса, анасынан ес білгеннен кейін-ақ жеріп болыпты. Мейірімге гүлдей ашылатын сәби жүрек тіршіліктің алғашқы күндері-ақ көңілді аяусыз тапаған қатыгездіктен біржола жабылды. Жек көрмейтін, қорқатын. Ешқашан жылып көрмеген жүзінен, сананы жадылап тастайтын қорғасындай ауыр көз қарасынан...»,- деп Ғалымбекше өз өмірбаянын прозаға айналдырған жазушы басынан өткен балалығын осылайша баяндайды.

Баланы бауырына басты, қазақ не тапты? Жарайды, Абайды, Ыбырайды, Әуезовты, Мағауинды ата-әжесі баққан шығар. Бірақ, ол заман қазақтың ауыл болып, ру болып ірге бөлмей қатар көшіп, қатар қонатын заманы емес пе. Кейін қазақтың ол тіршілік дағдысы бұзылғанмен бауырға салу сынды орынсыз салт осы күнге дейін жетті. Атасының, әжесінің баласы болып жүрген талай жігітті көзбен көрдің. Тіпті біздің мына «Тарих» және «Әдебиет порталдың» өзінде осы бауырға басу салтының құрбанына айналған, санасында травмасы бар, әке-шешесін «әке-шеше» деп айта алмайтын бірнеше азамат отыр. Бұл екі порталдағы жағдай. Ал, жалпы қазақ қоғамын сүзіп шығыңыз, ондай суық бауыр болып өскен азаматтар жетіп артылады. Тіпті ұлт мақтанышына айналған Димаштың өзі әкесін «аға» деп келгенін көрермен қауым талай куә болған жоқпыз ба? Димашпен, Абаймен, Мұхтарлармен немере-ата арасындағы байланыстан феномен іздеп қажеті жоқ. Бұлар атасы-әжесімен әбден есейгенше ажырамай есейген тұлғалар. Ал, Ғалымбек секілді өмірдің оң-солын бағамдай бермеген шағында қылжиып қалған шал-кемпірдің артында  «айналадағы келеңсіздік атаулыға кезіксе болды бырт-бырт үзіліп жататын» сезімтал бала қалады. Таласбекте: «Мен бала кезімде өте әсершіл болдым. Ертедегі қазақтың ертегідей кісіліктері, батырлығы айтылғанда жылап отыратынмын»,- дейді бір сұқбатында. 

Бұл кісі мақтарлықтай, жұрт қызығарлықтай жетілулер емес еді. Жарайды, Таласбек де, Ғалымбек де сол травмадан ерте есейді, сол бақытсыздығынан ішіне ерте мына жалғанның күйігі түсті делік. Сонымен таланты ашылды делік, ал, содан тірісінде бақыт тапқан, барақат тапқан Таласбек бар ма, Ғалымбек бар ма? Ерте ашылған ішкі меннің күйзелісінен алпысқа келмей Таласбек кетті. Сол трагедиясын өсіргеннен өсіріп, сол қайғысына қайғы жамай отырып қырыққа ілінбей Ғалымбек кетті. Бұны таланттылардың тағдыры солай деп ақтаймыз, бірақ, травмасы талантынан ауыр, тағдыры шығармашылығынан ащы олардың өмірінің қандай сүреңсіз өткенімен есептемейміз. Қамырығы ащы өмірді олар таңдап алған жоқ, қазақ салты, қазақ ортасы таңып берді. Тым сезімтал жаратылыстары санадағы сүркей суреттермен өмірлері түгенше күресіп, ақыры тынысы үзілгенде барып, бірақ дамылдады. Бұл қазақтың салттан аттамаймыз деп жүріп тудырған таланттары. Бұлай бапсыз, күйсіз талант тудырғанша, жөргегінде... кеткені артық емес пе. Екеуін тірілтіп сұрасаң да еш күмәнсіз асыранды болғанына қатты өкінетінін жеткізер еді.

Баланың тағдырын, баланың жан дүниесін мазақ еткендей оны ермек қылатын, біреуге сыйлайтындай жансыз ойыншық емес. Олда адам екендігін, оның сезімі, қабылдауы, ойлауы, уайымы, қорқынышы болатынын, бітеу біреулерге болмаса, сезімтал, Таласбек айтқандай әсершіл балаларға ол тым ауыр екенін жоғарыдағы Оралхан мен Сайынның шығармасымен және Таласбек пен Ғалымбек сынды шығармашыл адамдардың ғұмырымен дәлелдеп болғанымызды несін жасырайық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар