Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл

Бөлісу:

18.10.2024 1010

Бүгін қазақтың даңқты ұлы, Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды.

 

1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін жалғасып, әлемнің 57 елін қамтыған алапат қырғын ІІ Дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл бөлігі – Ұлы Отан соғысы еді. 1418 күнге ұласқан осынау соғыстың 1410-күні Фашистік Германия астанасы Берлиннің басты әкімшілік ғимараты Рейхстагтің төбесіне алғашқы жеңіс туы тігілген болатын. Бұл туды тіккен қазақтың даңқты ұлы, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтар (башқұрт ұлтынан) еді.

Рақымжан десе, нағыз рақымшыл жан,

Бауырмал, жат-жаранды жақынсынған.

Ақ жарқын, әзілге бай ақынжанды,

Кезі жоқ кеуде қағып батырсынған, - 

деп Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Кәкімбек Салықов былай деп жырлағанындай, қазақ қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың қарапайымдылық, кішпейілдікпен өрілген адами тұлғасы көзі көрген замандастарының естеліктерінде, әдеби туындыларда кеңінен сипатталған. 

Батырдың шыққан тегі, өмір жолы, майдангерлік жорығы

Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады. Кешелі-бүгінгі кезеңдерде кері мақсатқа пайдаланып жүргендер мұны ескерсе қанеки! Рақымжандай қаһарман қазақ барша алаштың ұлы десек те, қазақи жөнмен алғанда, жақсының шыққан елін-жерін білген артық болмас. Қазақтың әйгілі даңғылкөкірек ғұламасы Мәшһүр Жүсіптің жазғанындай, сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңінде оңтүстіктен Сарыарқаға бет түзеген алты арыс Орта жүздің үлкен руы арғындар осынау шұратты, сулы-нулы өлкеде өсіп өркен жайыпты. Арғынның Бес Мейрамына жататын Қуандықтан тарайтын Темеш руы Қарқаралыдан Қорғалжынға дейін көш бұйдасын созыпты. Рақымжан Қошқарбаев – Есіл мен Нұраның бойын ен жайлаған осы елден шыққан әйгілі тұлғалардың бірі, күллі әлемге халқының даңқын асырған тұлға. Батырдың шежірелік тізбегі Темеш бабадан бері қарай құлдатқанда былай болып келеді:  ТЕМЕШ – Қошқар – Өтеғұл – Ораз – Базаргелді – Бақыбек – Сатай – Бекбау – Қыдыр – Құдайқұл – Мұса. Мұсадан Қошқарбай, Жүніспек, Сәркен, Алқожа. Қошқарбайдан Рақымжан. 

Қазіргі Астана қаласының айналасы аумағын мекендеген бұл әулеттің еті тірі азаматы Қошқарбайдың шаңырағында, қазіргі Тайтөбе аулына жақын Қырыққұдық деген жерде 1924 жылдың 19 қазанында дүниеге келген ұлға Рақымжан деген есім қойылады. Ешкімнің есігіне телміртпестей дәулеті бар Қошқарбай отбасының төбесіне 1928 жылы қайғы бұлты үйіріледі. Отанасы өмірден өтеді. Сталиндік қуғын-сүргіннің құрығына ілінген отағасы да от жетінің зұлматына ұшырап, тұлдыр жетім қалған жас бала Рақымжанның ендігі өмірі Тайтөбедегі балалар үйінде өтеді. 

Жетіжылдық мектепті бітірген соң Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) оқуға жіберіледі. Бұдан соң 1940-1942 жылдары Тайтөбе мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда бозбала Рақымжан әскери комиссариатқа барып майданға жіберуін сұранғанымен, әлі жасы толмаған еді. 

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмола жерінде бес дивизия мен бір автобатальон жасақталған екен. Ақмола ауданынан 15 мың адам майданға аттанса, Қосшы мен Тайтөбе ауылдарынан шақырылған 80 адамның қатарында Рақымжан Қошқарбаев та бар еді. Ақыры 1942 жылдың тамыз айында, 18-ге толар-толмастан армияға алынып, Көкшетауда Орта Азия, Қазақстан жауынгерлерінен жасақталып жатқан атқыштар полкіне келіп түседі.

1943 жылдың жазына дейін болып, сол кезде Бішкекке көшірілген Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне жолдама алады. 1944 жылы бұл училищені үздік бітіреді. Осы жылдың қазан айынан бастап І Белорусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод командирі ретінде соғысқа араласып, Польша мен Германия жерлерін азат ету шайқастарына қатысады. Майданда көрсеткен ерліктері үшін бірнеше орден, медальдармен наградталған.

Соғыс аяқталған соң екі жыл бойы Германиядағы кеңес әскері қатарында қызмет атқарғаннан кейін туған жерге оралып, 1947-1967 жылдар арасында Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақүйінің директоры болып қызмет атқарады.

Даңқты майдангер Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда алпыс төрт жасында Алматы қаласында дүниеден өтеді.

Бас көсемнің тапсырмасы және ту әзірлеу

1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына орасан әскери күшпен баса-көктеп енген Фашистік Германияның екпіні Еділден өте басылғаны белгілі. Қазақ жерінің батысына дейін бомба жаудырып, әне-міне кіріп келуге дайын болған гитлершілдердің әптігін ақырған аяз бен арыстандай арпалысқан кеңес жауынгерлері басып, нәтижесінде неміс әскері 1943 жылдың басынан бастап, кескілесе шайқасып шегінген қалпы, 1945 жылдың сәуірінде Берлинге жеткен болатын.

Одақтастарымен тізе қоса отырып, жауды жеңетіндігіне әбден сенімді болған Кеңес Одағының көсемі Иосиф Сталин жауынгерлердің рухын көтеру үшін 1944 жылдың 6 қарашасында-ақ, Қазан төңкерісінің 27 жылдығына арналған салтанатты отырыста: «Енді Қызыл Армияның алдында соңғы шешуші миссия: біздің одақтастар армияларымен бірге неміс-фашистік армияны күйрету, жыртқышты өз апанында талқандау, Берлиннің төбесіне Жеңіс Туын тігу тұр!» - деп Берлиннің төбесіне жеңіс туын тігу ұранын көтереді. Азат еткен қалалардың бас ғимаратына ту тігу дәстүрі Сталинград шайқасындағы жеңістен кейін тұрақты үрдіске айналған екен. 

Рейхстаг төбесіне тігілер ту

Берлин қаласына еніп, көше шайқастарын жүргізуші кеңес құрамаларының басты мақсаты – маңызды ғимараттарды басып алып, төбесіне ту тігу арқылы жаудың сағын сындырып, жеңісті жақындату болды. Мұнда қалалық ратуша, Гитлердің рейхскеңсесі, Бранденбург қақпасы және басқа да маңызды ғимараттардың төбелері – Кеңес құрамаларының ту тігу нысанасы болған. Солардың ішіндегі ең маңыздысы ретінде Сталиннің өзі Рейхстагті таңдаған екен. Рейхстаг гарнизонының бір мың әскеріне қоса, өзге құрамалар бар, бақайшағына дейін қаруланған таңдаулы бес мың неміс солдаты бекіне ұрыс салады.

Тудың саны мен оны безендіру шабуылдаушы армияның құзырында болыпты. Осыдан кейін Үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-полковник В.Кузнецов КСРО-ның мемлекеттік туы үлгісіндегі тоғыз ту дайындауды бұйырады. Бұл туды Қызыл Армияның армиялық үйінде, оның меңгерушісі майор С.Голиковтың басшылығымен әзірлеуге кіріседі. Тудың атрибуттарын (орақ пен балға және жұлдыз, тудың номері) суретші В.Бунтов салып шығады. Сабын киномеханик А.Габов дайындайды. 22 сәуір күні түнде тоғыз дана ту Армия әскери кеңесі атынан атқыштар дивизиялары өкілдеріне тапсырылады. 150-атқыштар дивизиясының командирі В.Шатиловқа тапсырылады. Айта кетерлігі – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Рейхстагке қадаған ту жоғарыда аталған тоғыз тудың қатарынан емес еді. 

Бұл туралы Григорий Булатов былай деп еске алған екен: «Біздің полкке жеребе жолдас болмапты. Сонда біздің полктің командирі: «Рейхстаг төбесіне тек қана Әскери Кеңестің әзірлеген туы ғана тігілуі міндетті емес. Сай келетін материал іздеп табыңдар, ту деген сол!» - деген шешім қабылдайды. Осыдан кейін полк жауынгерлері бұл туды неміс құс жастығының тысынан әзірлеген екен». Болашақта тарихта қалатын полк туы осылай әзірленеді.

Ерекше тапсырма

Берлин қаласының ішінде қызу ұрыс жүргізіп жатқан әскери құрамалардың бірі – І Беларус майданы 150-атқыштар дивизиясы, 674 атқыштар полкі болатын. Жоғарыда аталғандай, ресми тоғыздың бірі тапсырылмаса да, бұл полктің де Рейхстаг төбесіне ту тігуге қақысы бар еді. Сол себепті де барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық беріліп, батальон командирі Давыдов пен саяси жетекші Васильченко табыстайды. Бұл туралы қазақ қаһарманы былай деп еске алған екен: «Комбат Давыдов мені терезенің алдына ертіп келіп (біз бұл кезде әлі «Гиммлер үйінің» ішінде едік) маған Рейхстагті нұсқап тұрып: «Көрдің бе, - деді, анау Рейхстагті? Қажетті адамдарыңды таңда, соған ту тігетін боласың.» Сөйтті де маған едәуір ауыр баран түсті, түйіншекті, қара қағазға оралған туды ұстатты.»

Рейхстагті бас күмбезіне ту тігу – фашизмді тізе бүктірудің басты нышаны ретінде бағалануға тиіс болғандықтан, бұл ғимараттың жан-жағынан түрлі әскери құрамалар тынбай шабуылға көшеді. Гитлердің ордасы да қапысыз дерліктей тас қамал қорғауға алынғандықтан, оның төбесіне шығу түгілі, таяп барудың өзі де оңайға түспеген. Қалай болғанда да жауынгерлік тапсырма алған лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен оның қаруластары тапсырманы орындауға тиіс еді. 1958 жылы 20 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде Кәкімжан Қазыбаевтың жариялаған материалында батыр бұл туралы былай деп баяндаған екен: «Оқ бүркесіні бөлме ішіне тағы бір сау ете қалған кезде, терезеден шыбын жанымды қолыма алып, ытқи жөнелдім. Ұмар-жұмар үйдің сыртындағы бір шұңқырға кеп құладым. Көріп қалды ма, әлде осы бір үңгірден (әлгі бөлменің терезесі) сезіктеніп әдейі атып тұр ма – оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақытта қолтығымның астынан артыма бұрылып қарасам, доп-домалақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.

– Амансыз ба, жолдас лейтенант!

– Өзің ше?

– Мен де аманмын-ау деймін. Бірақ арттағылар шыға алмай қалды.

Сәл күттік. Жау біз шыққан терезеге бұрынғыдан бетер қатты шүйілді.

– Тәуекел, жылжиық!

Тудың сабы жаңа ғана алған партбилетіме жанай бауырымда жатыр. Партияға өтерде «Рейхстагқа шабуыл жасағанда коммунист болсам» деген арызым есіме түсті. Бұл мені жігерлендірді. Айтпақшы, жаңағы жігіт – Григорий Булатов. Жастайынан полктің өзінде тәрбиеленген қолбала. Өте шапшаң, жүгіргенде құйындай ұшады.»

Осылайша, тапсырма алған топтан екеуі ғана алға озған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов алға жылжуға көшеді. «Гиммлер үйінен» Рейхстагке дейінгі аралық 260 метр екен. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов осы қашықтықты бұршақша жауған оқтың астында жер бауырлап жылжыған бойы аттай жеті сағаттың ішінде басып өткен екен. 

Ақыры қарша бораған оқтың астында асқан шыдамдылықпен алға жылжыған қос қарулас Рейхстагтің төбесіне алғашқы болып жеңіс туын қадайды. Осы қуанышты сәт туралы генерал-майор В.В.Шатилов былай деп еске алған екен: «Төртінші қабаттағы менің позициямнан алаңда шашыла орналасқан адамдардың орнынан қалай көтерілгендері, жүгіргендері немесе қимылсыз қалғаны: бәрі-бәрі алақандағыдай көрініп тұрған еді. Және осы адамдардың бәрін менің көзімнен далдаланып тұрған, ар жағында депутаттық кіреберісі бар ғимараттың бас есігі мен оңтүстік-батыс бұрышы өзіне қарай магниттің екі полюсі тәрізді тартып тұрғандай еді. Мен кенет оң жақ колоннағы баспалдақтардың үстінде алаулаған алқызыл түсі Туды көрдім.» 

Бұл – Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен ту еді. Қазіргі күні қарасаңыз ғаламтордағы «Википедия» энциклопедиясындағы «Рейхстагқа шабуыл» («Штурм Рейхстага») атты парақта мынадай мәліметті көресіз: «1945 жылдың 30 сәуірінде  14 сағат 25 минутта лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов ғимараттың орталық бөлігіне қарай жер бауырлап жылжып жетіп, бас есіктің баспалдағы жанындағы колоннаға қызыл туды бекітіп қадады.» 

Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты. Орыс тілін түсінетін барша адамзат баласына қолжетімді ақпарат, Алайда осы бір ақиқатты мойындату, мойындау үшін ондаған жыл қажет болғанын бүгінгі ұрпақ біле ме екен? Бұл турасында арнайы тоқталу қажет болады. (жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар