Арайлым Хабиболла. Қос жанарын күнәсіз жасқа малып...
Бөлісу:
Үнсіздікті биік көрген ардағым,
Жазуына көміп, көніп жалғанның.
Қиылсам да апармасы белгілі,
Тарамысы "тағдыр" деген жолдардың.
Түсінемін, жеткізбейді көктем де,
Адам неге қарайлайды өткенге?
Қазір анық тым өзгеше талғамың,
Сен сыйлаған естеліктер жоқ менде.
Бармайтыны белгілі де хаттарым,
Сезеді олар дәл жаныңда бақ барын.
Жекелеген меншігісің өзгенің,
Шаттық әні шырқалмайтын бақтамын.
Үнсіздікпен биіктеген ардағым,
Күл талқан боп ең аяулы арманым,
Мен жоғалтқан бар бақыттың енді ұқтым,
Сенің мөлдір жанарыңда қалғанын…
***
Өмір кейде дос емес бар пендемен,
Дүниеден бір шаттық әкел жанға.
“Шаршадым”-деп айтуға қорқамын мен,
“Налыма”-деп айтатын әкем барда.
Құлатпайтын дұғасы сын жолдарда,
Қарыздармын аяулы жанарларға.
“Өмірден түңілдім”-деп айта алмаймын,
“Өмір сүй”-деп айтатын анам барда.
Білмейсің нені кімге көп берерін,
Бәрін бөліп қояды-ау тілек,арға.
Жүрегім қанжылап жүр деу де күнә,
Бұл әлемде сен дейтін жүрек барда.
Біреулер тағдыр сондай айна дейді,
Бәрі өткінші,ериді аппақ қар да.
Борша езіліп кетуден үрейленем,
Артымда “анам”-дейтін аппақ барда.
Жеткізе алмай жүрсем де өз-өзіме,
Сөз табамын дәл сол жан жылынарға.
Баз кешіп кету жайлы ойлау қиын,
“Сен ғажапсың”-деп тұрар ұлым барда.
Жылаумен өтсе-дағы күнде түнім,
Себеп таптым шаттықпен оянуға.
Күйік кешіп тұрғанда айна алдында,
Титтей қызым келеді боянуға…
Түрлі-түсті қосады сосын келіп,
Төзбей қайтем төзбейтін қиындарға?
“Жеңілдім”-деп айтуға бата алмаймын,
Маған қарап бой түзер қызым барда…
***
Тағдырдың теперішті тар жолында,
Талпынғанда бақытты жан болуға,
Ең бірінші қорғаным дәйім Алла,
Ал кейінгі демеушім сенсің, Мама!
Қасымда болшы, Мама!
Шешім таппай қол-аяқ байланғанда,
Жарығым да түнекке айналғанда,
Қалғанда шығуы жоқ шыңырауда,
Қолыңды созшы, Мама!
Ең жақыным тым алыс суынғанда,
Өкпеме өксігім кеп тығылғанда,
Жаңбыр емес, жасыма жуынғанда,
Жасымды сүртші, Мама!
Ойымдағы болмаған сәттерімде,
Бір өзіме жетеді әттеңім де,
Еш жаннан демеу таппай шыбын жаным,
Қиналғанда ах ұрып құлыншағың,
Жанымда болшы, Мама!
Ақылшым да сен менің, төрешімде,
Әлім жоқ шақтарымда күресуге,
Ойым мың боп түскенде сергелдеңге,
Сырымды айтар жан таппай сенделгенде,
Сенен артық дос жоғын білем мен де,
Сырласым болшы, Мама!
Таныстың бәрі таңсық болған кезде,
Жүрегім кезбе мұңға толған кезде,
Қара бұлтқа айналса аспан лезде,
Мынау әлем бір маған қарсы шығып,
Жақыным дегендерім қашқан кезде,
Сенен артық жанашыр жоқ, білемін де,
Керексің маған, Мама!
…Мен сенсіз тіпті ешкім емес екем,
Қалай сенсіз өмірді елестетем?
Аман болшы бағыма, аман болшы!
Мен сенің әр күніңді көктем етем!
Қызыңның естімеші жаман атын,
Ең алғашқы мәңгілік махаббатым!
Аман болшы, мәңгілік махаббатым!
***
Мама қызың жылаған жасқанарлық,
Қос жанарын күнәсіз жасқа малып,
Туған өгей, кеткендей дос та қалып,
Кінәларын көрсетіп аспан анық,
Жырлары да өледі қасқа ғаріп,
Сенен өзге қорған жоқ, басқа жарық.
Мама,қызың жылады,жұбат мені,
Тағдырына аяусыз құлап келді,
Жауынына көшенің шыдап берді,
Қиын шақта қоятын сұрақ па еді?
Сенен бөлек демейтін жоқ ешкімім,
Құлыныңды тар жолда құлатпа енді.
Мама,қызың жылайды, әлсіз емен,
Жүрегіме жүк артып әр сүрлеуден,
“Мықтымын”-деп тартысып әлсірегем,
Мен сонда да өмірді жақсы көрем,
Жұбана алмай жылауға қайсы себеп,
Мен қателік жібердім айтшы неден?
Мама, қызың жылап жүр, сезесің бе?
Арманының белгісіз елесін де,
Арсыздармен әлі жоқ күресуге,
Бәрі аңдысып бір титтей үлесіме,
Жанымдағы жандардың кірлеуіне,
Жаным менің ауырар, білесің бе?
Мама, қызың жылапты,байқадың ба?
Таскереңдер тыңдамай айтарын да,
Періштесі айналып сайтанына,
Кіл ілесіп кетеді қайта мұңға.
Жыр-жүрегі жете алмай жай табуға,
Бір мүмкіндік берші әлем жайқалуға.
Мама,қызың сенбейді ертегіге,
Көндігуге үйреніп ерте өлімге,
Балдай тәтті қызыңның біліп жүрші,
Жүрген жолы бал емес екенін де,
Қарлығаш қанатымды бір үрлеші,
Содан кейін қалықтап кетемін де…
***
Мама саған айтатыным көп менің,
Белгісіз тек қайда қалған көктемім?
Елдің қызы көкке ұшқан дейсің-ау,
Келіп тұрмын, еш биікке жетпедім.
Қызың қанша адасты екен арманнан?
Неге мұңды шарбағында салған ән?
Елдің қызы бәрін алып берген бе,
Ал мен саған гүлде сыйлай алмағам.
Қайтып келем соқпағы мол жолменен,
Үмітімді сүйрелеумен өлмеген.
Жалғыз сенің махаббатың керек-ақ,
Мән бермеші не демейді ел деген...
Бала күннен қалмаса да еш белгі,
Құлатпайтын "бесік жыры"-естегі.
Көп үмітті артып едің сен маған,
Ақтағам жоқ, жазғырмашы,кеш мені.
Көшірдім бе бақытымды көп жылап?
Балшықтан бақ жасала ма тең құрап?
Мен жақсы қыз бола алмадым білемін,
Әлемдегі ең жақсы Ана – сен, бірақ.
***
Мен өлгенде ақын өлді десе екен,
Күйік ішкен балдай тәтті кеседен.
Келін өлді демесе екен, кемпір де,
Жол беретін өсек-аян,күңкілге...
Әйел өлді демесе екен,демеңдер!
Бақыты жоқ...ақылы бар кемеңгер.
Мені ешкім танымайды жалғанда,
Танытады жаспен жазған өлеңдер!
Сөйлеуге оның дәті де жоқ, хақы да,
Теңемесін мені сорлы қатынға!
Ақын өлді десін егер мен өлсем,
Өлмес өлең қалып кеткен артында.
Бар бақытқа жеткізеді үйдей мұң,
Мен өмірді тек өлеңнен үйрендім.
Мен өлгенде ақын өлді десе егер:
Қабірімде жатып алып билермін…
***
Білмесем де сорым қайсы,бағым кім,
Маңдайдағы шимайларға бағындым.
Біреу мені сұрықсыз деп айтады-ау,
Мен әдемі суретімін Тәңірдің…
Толқытқанда қайық қылып жыр-айдын,
Жалғыздықты мойындамай жылаймын.
Әлдекімдер керек етпей жүрсе де,
Мен қажет деп тапқанымын Құдайдың…
Үгітілмей кедір жолға әрі аққан,
Арай шашсын таңдарға деп әр атқан.
Үлбіреген нәзік етіп көрсетіп,
Мені сонша мықты қылып Жаратқан.
Бәрін жорып тұрады ғой мақұл жұрт,
Болмаса да сөзі-ісінде жақындық.
Ақыл емес жүрегіне жүк артар,
Мені тағдыр таңдап алған Ақын қып…
***
Қайдан келдің,жұлдыз ба,ғарыштан ба?
Кейде есім ұқсайды ауысқанға.
Мен бір арман айтайын орындалмас,
Адам деген арманды тауысқанба?
Жазығы жоқ қанатсыз хаттарымның,
Сыр ашпаймын деп жүріп ақтарылдым.
Бізді шексіз бақытсыз қылады рас,
“Болмайды” деп үздігіп жатқан ұғым.
Өлең оқып, түн болса айға бегім,
Еш жырымды оқыма жазған менің!
Тып-тыныш сүріп жүрген ғұмырыма,
Жарылыс боп жарығым қайдан келдің?
Арайлым Хабиболла, 1994 жылы 20 қарашада БҚО Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. «Тұңғиық» жыр жинағының авторы. Қазіргі таңда «Халыққа қызмет көрсету орталығында» қызмет істейді.
Бөлісу: