Мұратбек Оспанов: «Абайды» қажет етпеген адамдар да табылды

Бөлісу:

27.01.2017 7377

«Абай» республикалық журналының қайта жарық көргеніне 25 жыл толуына орай журналдың Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұратбек Қабиденұлы Оспановпен өткізілген сұхбат.

- Бір ғасырлық ғұмыры бар «Абай» журналының тарихы туралы айтып өтсеңіз...

- Ұлы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов Семей қаласында «Абай» журналын шығарған. 1918 жылы шыққан журналдың ең алғашқы санында Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» деген алғысөзінде бұл журналды неге, не мақсатпен шығарып отырғанына егжей-тегжейлі тоқталады. Оған қоса:

«Өмір жолы тар соқпақ, иілген жақ,

Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» – деп Абайдың өзінен эпиграф береді. «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргенінен емес», - деп Абайдың өзі айтпақшы, бұл кісілер журнал ғұмырының қысқа боларын өздері сезген сияқты. «Талабым – таяғым, жігерім – азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым» деген үмітпен шығарып отырмыз дейді. Бұл журналда алаш арыстарының да мақалалары жарық көрді. 1918 жылғы журналдың он екі санына да Мұхаң өзі мақала жазған. Міржақып Дулатовтың «Мадияр» деген бүркеншік атпен жазған «Алашқа» деген ашық хаты да бар. Ол хатта оңтүстік губерниялардағы қазақтардың аштықтан қырылып жатқаны туралы айта отырып: «Бір адамның құны бір шелек бидайдың құнына түсіп кетті», - дейді. Бұл сөздерді ол Семейдің зиялыларына қарата айтады. «Осындағы байлардың қатындары құлақтарыңдағы сырға, қолдарыңдағы жүзіктеріңді шешіп, ортаға жинаңдар да, қырылып жатқан қазақ халқына көмектесіңдер», - деп үлкен толғаныспен жазған ашық хаты бар. Осындай мақалалардың бәрі шығып, Кеңес одағы орнағаннан кейін осындай сөз айтқан журналды қызылдар жақтыра қояды дейсіз бе? Бұл таза ұлттың қамын жеген журнал болды. Журналдың ұстаған бағыт-бағдарының біріншісі Абай болса, екіншісі халықтың тағдыры мен тарихы. Мақалалардың барлығы негізінен ғылыми тұрғыда жазылған. Журнал жабылды, жабылған соң ол туралы айтылған да жоқ, жазылған да жоқ. Мен өзім журналистика факультетінде оқығанымда баспасөз тарихынан «Абай» журналы деген шыққан деп бір-екі абзацпен ғана шектелді. Семейлік ғалым ағамыз Арап Еспенбетов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті және Абай журналы» атты мақаласында осы журналдың тарихына ғылыми тұрғыда тоқталады.

- Сіздің еңбек жолыңыз «Абай» журналымен қалай тоғысты?

- Оның бірден-бір себебі, мен өзім Абай ауданының азаматымын, сол жерде туып-өскенмін, мектепті де сонда бітірдім. Сол елдегі аудандық газетте өз еңбек жолымды бастадым. Журналистика факультетін бітіргеннен кейін облыстық «Семей таңы» газетіне жолдамамен келген журналистердің бірімін. Кейіннен «Лениншіл жас» газеті болды, қазіргі «Жас алаштың» арғы атасы, сол газетте меншікті тілші болып істеп жүрдім. Менің ұстазым, осы журналдың маған дейінгі редакторы және оның қайта жалғасып шығуына бірден-бір себепші болған жазушы, Құнанбай туралы тарихи роман жазған Ырысхан Мұсаұлы деген ағамыз 1992 жылы мен «Лениншіл жаста» тілші болып жүргенімде: «Атаңның журналын шығарайық деп жатырмыз, осыған сен жауапты хатшы болып келсең қайтеді?» - деп шақырды. Ол кезде менің жасым отызда, қылшылдап тұрған жігітпін, содан алды-артыма қарамай келісе кеттім. Ол кезде журналдың шығуы құр идея, енді ғана дайындалып шығайын деп жатқан кезі, қаржысы жоқ, дегенмен де, бала кезімізден анамыздың әлдиімен, бесікпенен бойымызған сіңген Абайдың өнеге-өсиеті бар болғандықтан, «Лениншіл жастағы» қызметімді тастай салып, осы журналға жауапты хатшы болып келдім.

- Бұл журналдың басқа емес, 1992 жылы қайта өмірге келуінің өзіндік бір себебі бар ма?

- 1991 жылы тәуелсіздік алып, 1992 жылы аяғымыздан нық тұрып, еңсемізді тіктей бастадық. Осы кезде Абайдың 150 жылдық мерейтойы жақындап келе жатты, барлық облыстар осы мерейтойға өз үлестерін қосып жатты. Сонда Семейдің Ырысхан аға бастаған зиялылары жиылып отырып: «Біздің қаламгерлердің, журналистердің қосқан үлесі осы болсын, біз сонау кезде өліп қалған Абай журналын қайта шығарайық» деген әңгіме көтерілді. «Жіп үзілсе түйін, сөз үзілсе қайта септеу қиын екенін біле тұрсақ та»,- деп журналдың алғы сөзінде жазылғандай, журналды қайта тірілтіп шығару оңай болған жоқ. Оған қоса бұл ғылыми бағыттағы журнал болу керек, ғалымдардың барлығына хат дайындалды, ақылдастар алқасы құрылды, барлық Абайды зерттеген академиктермен келісіп, әсіресе, Ырысбек Сарғожин деген ғалым үлкен бір мақала дайындап, оны «Семей таңына» бастырып, бұл журнал қайта шығуы керек деген әңгіме көтеру қажет болды. Мұны айтып отырған себеп, журналды шығаруға қаржы керек, ол кезде облыс хатшысы Кешірім Бозтаев Ырысхан аға барған кезде: «екі газетіңе ақшаны әрең тауып беріп отырмын, енді журнал шығарамын дегенің қалай?», - деп қинала жауап бергені де есімде. Бірақ, түсіністікпен қараған соң, журнал қайта жарыққа шықты. Ол кезде біраз өндірістердің бар кезі, завод, фабрикалардың арқасында екі жыл солардың қаржысымен журнал жарық көріп отырды. 1994 жылдың 13 мамырында журналға республикалық мәртебе беріліп, республикалық бюджетке алынып, оны техникамен қамтамасыз ету облысқа тапсырылып, журнал қайта өмірге келді. Содан бері міне, 25 жыл өтті.

2efadbb3b8ef1765bdcfefc698071875.jpg

- Журналды шығару үшін мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіліп жатыр ма?

- Кейінгі 4-5 жылда Астана журналды қаржыландыруды қойды, «Абай» журналын шығарғылары да келмейді. «Абайды» қажет етпеген адамдар да табылды, олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Сонымен анда-мында шапқылап, ақыры журналды шығару керек, өлтірмеу керек, басқа жақтар жаңа журналдар шығарып жатыр, шығып тұрған журналды Астана көмектеспеді екен деп жауып тастауға болмайды ғой. Сөйтіп, Семейдің әкімдері жылы қабақ танытып, ақшаны үйіп тастамаса да, журналдың жабылып қалмауына қаржысын беріп отыр. Ұлылардың үлгі-өсиеті, Әуезов пен Аймауытов бастап берген жолдың алдында адалдықпен қызмет етіп, көзімнің тірісінде журнал жабылмаса екен деймін. 1918 жылы журналдың жабылып қалуына Кеңес одағы кінәлі десек, қазір журнал жабылып қалса оған кім кінәлі болмақ?!

- Журнал қай аймақтарға тарайды?

- Журнал республика бойынша тарайды, Шығыс Қазақстан облысының алда екені өзінен-өзі түсінікті. Семей, Абай ауданы, Жарма өңірі көп жазылады, Қызылорда бұрындары жақсы жазылушы еді, кейінгі кездері біраз түсіңкіреп жүр, Шымкенттің қазағы көп, Шымкент жақсы жазылатын шығар деп ойлап едім, басында жақсы басталып еді, енді біздің де кінәміз бар шығар, аяғымыз жетпей жатады.

«Абай» журналының ұстанған бағытынан ауытқып кеткен жоқпыз

- Журналдың негізгі мақсаты қандай, оның қандай бөлімдері бар, олар қай бағытта жұмыс жасайды?

- Журналдың негізгі ұстанған мақсаттары бар, Абай журналының ізбасар інісі болғандықтан алғашқы «Абай» журналының ұстанған бағытынан алысқа ауытқып кеткен жоқпыз. Бүгінгі ұстанған бағыты да абайтану, оған әуезовтану, шәкәрімтануымыз қосылады. Біздің мақсаттарымыздың бірі оларды бүгінгі көзқарас тұрғысынан таразылап, талдау. Тарихқа келгенде Алаш арыстарын да айту мүмкіндігі туып отыр. Заман ағымына, еркіндікке қарай жаңадан туып жатқан айдарлар бар. Бір абайтанудың өзі жиырма тақырыппен шығады, абайдың ақындығы, композиторлығы, абайдың сахнадағы бейнесін сомдаған актерлар, әнін шырқаған композиторлар солай-солай тарамдалып кете береді. Одан кейін ең бір негізгі дүние Абайдың осыған дейінгі шыққан жинақтары. Біздің «құбыламыз» Абай болса, темірқазығымыз Мұхтар Әуезов. Мұхаңның монаграфиясы менің үстелімнің үстінен түсіп көрген жоқ, сол бойынша жұмыс жасаймыз. Еркіндік алған соң «Қиырдан келген қандастар» деген рубрика ашылды, оған шетте жүрген ағайындарымыздың, сол елдегі ілгері, мықты ақындар, ғалымдар бар, солардың шығармаларын беруге тырысамыз. Фариза апайымыз бір келгеннің өзінде бір рубрика ашып берді, бізге ой салып кетті. Ол кезде жағдай қиын, Ресей басылымында бұрынғы «Новый мир», «Литературная газета», «Ленинград» сияқты үлкен-үлкен журналдарды қазақ халқы жаздырып ала алмайтын дәрежеде болды. Сондықтан, әлем әдебиетінде жарқырап жүрген классикалық туындыларды неге бермейсіздер деген бір ойды айтқан. Кейіннен мен сол ойды іліп ала қойып «Жаһан әдебиетінің жауһарлары» деген рубрика ашып, шетел әдебиетінің білгірі Айгүл Кемелбаева деген қызметкеріммен бірге ең таңдаулы, ең мықты деген классиктерді шамамыз келгенше аударып, жариялауға тырыстық. Журнал екі айда бір шығады, осы күнге дейін журналдың 121 саны жарық көрді. Бұл журналды Абайдың тойына арнап шығардық қой, ол той да өтер, сол тойда Абайды керек қылдық та, той өткен соң Абайды қайта ұмытқан кезіміз де бар. Біз сол кезде журналдың төбесіне «Біріңдіғ қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі - бос» деген Абайдың өз сөзін қойдық. Оны қойғандағы мақсатымыз, сол кездегі билік басында жүрген, іс тетігін ұстап отырған үлкен азаматтарға, әсіресе басшыларға көмек ретінде жаздық. Алдымен өз ішіміздегі береке-бірлік болмай, өзгені жеңе қоямыз дегенге мен әлі күнге дейін сенбеймін. Халқымыздың береке-бірлігіне Абайдың өнеге-өсиеттерін алдыға сала отырып әлі де үлес қосу басты мақсатымыз. Қазіргі қазақ әдебиетінің ең үздік деген туындыларымен оқырманды таныстыру, әсіресе кейінгі жас авторларға қолдау көрсету, жақсы шығармаларын жариялау. Осы тәуір-ау деген жас авторларды өзім іздеп жүріп, телефон шалып тауып алып, жазғандарың болса бізге берші деп сұрап отырамын. Одан кейін елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолдары, тарихи оқиғаларды талдап-түсіндіретін көсемсөздік мақалалар керек. Ол үшін Қазақстандағы белгілі экономист, әдебиетші, тарихшы ғалымдармен байланыс орнатып, журналға автор ретінде тартып отырамыз. Тас түскен жеріне ауыр демекші, Семей қаласында өткен жарқын істерді де жариялап отырамыз. Жастар абайтануға бара бермейді, кейінгі буын ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге, жылдам жарқырап жұлдыз болып таныла қоюға бейім. Абайтануға иықтары арқалап жүре алмайтын болғаннан кейін жасқаншақтап бармай ма деп те ойлаймын.

97936a3af307ad16517abd50cb73310c.jpg

- Журналдың тұрақты авторлары деп кімдерді атар едіңіз?

- Тұрақты авторлар еліміздегі белгілі академик ғалымдардан бастап, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары Дихан Қамзабек, Тұрсын Жұртбай ағаларымыз түтінін үзбей материалдар беріп тұрады. Жоқ мен Абайды жазбаймын деген бірде-бір ғалымды естіген жоқпын. Ғарифолла Есім ағамыз көп араласты. Абайдың философиялық, хакімдік тұрғыдағы дүниелерінің төңірегіндегі материалдары ең алғаш осы «Абай» журналына шықты. Абайдың әр сөзін талдап, әр көрінісіне тоқталатын дүниелері де осы журналға шықты. Тұрақты авторлар бар, бірақ бізде мәселенің екінші жағы деген бар ғой, тұрақты авторларға тұрақты қаламақы беруіміз керек. Кезінде қаламақы бергенде ғалымдар да ынталанды, ал қазір қаламақы түгіл жалақы берудің өзі ауыр.

- Биыл журналдың жарық көре бастағанына 25 жыл, негізі қаланғанына келесі жылы жүз жыл толады. Осыған орай қандай іс-шаралар жоспарлануда?

- Бүгінгі көзқараспен Абайдың жылы белгісіз өлеңдерінің жылын анықтап журналға беріп жатырмын. Оны ары қарай жалғастырсақ деген ой бар. Бізде «Абай кітапханасы» деген рубрика бар, онда Абай оқыған кітаптар, Абайды ақындық дәрежеден ойшылдық, хакімдік дәрежеге көтерген дүниелер жарияланады. Абайды абайлық дәреже көтерген оның білімі, оқуы, батыс-шығыстан сусындап шығуы. Осының барлығын бір адамға жазғызсам деп ойлаймын. Журналдың он жылдық санында библиографиялық көрсеткішін шығарттым, енді 25 жылдық көрсеткішін шығартсам ба деп жүрмін.

- Журнал ұжымы туралы бірер сөз айтып өтсеңіз, «Абай» журналына ерекше еңбек сіңірген қандай тұлғаларды атай аласыз?

- Менің алдымдағы буындардың барлығы өмірден өтіп кетті. «Абай» журналы шыққан кезде Семейде менің ұстазым Ырысхан Мұсаұлынан бастап, Мерғали Ибраев, Ғазиз Сапаев, қазірде көзі тірі тәжірибелі журналист Ілияс Исаханов тәрізді ғалымдардың арасында ең кішісі мен болатынмын. Ырысхан аға: «Осы журналдың маңдай термен қалай ашылғанын білесің, енді өзің бас-көз бол, жабылып қалмауын қадағала», - деп маған аманат етіп кеткен еді. Сол кезде маған Ырысхан аға жақсы деген қаламгерлердің барлығын жинап берген. Сол азаматтарды ұстауға тырыстым. Айгүл Кемелбаева, оның артынан Айтқаным Ахметбекова тәрізді қаламгерлерім Астанаға кетіп қалды. Асан Омаров деген азамат та Астанаға көшіп, қайта оралды. Енді онымен де бірлесіп қайта жұмыс жасаймыз. Қазір қасымда қалған жауапты хатшым Мұратбек Кенемолдин деген азамат бар. Тарихшы, мұрағаттық дүниелермен жұмыс жасайтын азамат - Амантай Исин, көсемсөзге салатын Сайлау Төлеуов, Абайдың өлеңдерін, Шәкәрімнің поэмаларын аударған, орыс тіліне жүйрік Мұрат Сұлтанбеков, Медеу Сәрсеке, Молдабек Жанболатов сияқты ақсақалдардан ақыл-кеңес сұрап тұрамын.

- Журналдың веб-сайтын ашу жоспарыңызда бар ма?

- 100 жылдыққа қарсы «Абай» журналының сайты ашылуы ықтимал. Ол бүгінгі заманның талабы. Экранға қарап отырып оқылған дүние қағазға астын сызып отырып, керек кезінде жастығыңның астына салып қойып қайта оқыған дүниеге жетпейді ғой. Десек те, сайт ашу деген болашақтың ісі.

- Сұхбатыңызға рахмет! «Абай» журналының ғұмыры ұзақ болсын, шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан Балнұр Қызырбекқызы

Бөлісу:

Көп оқылғандар