Аягүл Мантай: Жоқшылықтан жеңілген ақын
Бөлісу:
Жоқшылықтан жеңілген, кедейшіліктің әбден зардабын
тартқан әйгілі ақын Марина Цветаева өлерінің алдында «Литфондтың» асханасында
жұмыс істеуге өтініш жазды. Әдебиеттегі талантсыз шенеуніктерге дарынды ақынның
өз қолымен: «Мені «Литфондтың асханасына ыдыс жуушы етіп алуыңызды өтінем» деп
жазған арызы архивте сақтаулы тұр.
Олардан білімі, таланты, потенциалы артық, шет тілдерін еркін меңгерген,
зиялы отбасынан шыққан Маринаға мұның бәрі қиын тиді.
Тірісінде басы ноқтаға сыймаған, өте талантты, қырсық, бірбеткей ақын аштықтан бұратылып жатып, тіршілік үшін күресті. Мәскеу университетінің профессоры, музей директоры, беделді тұлғаның қызы бір тілім нанға зар болды дегенге кім сенеді? Бірақ бұл – рас. Ол қара жұмыс болса да, тек қана адал еңбекпен нан тапқысы келетін. Бірақ әдебиеттегі топас, надан шенеуніктердің алдында басын ие алмады. Аяр, азған, құлдыраған қоғам ақынды аяған жоқ. Сұлулықты өлтіріп тастап, көміп тастап, «поэзия өлді» деп жоқтады, анығы тағы да өз рөлдерін ойнады.
Марина Цветаева өз Отанында ғана емес, шетелде, Франция, Германия, Чехия мемлекеттерінде өмір сүргенінде де кедейшіліктен көз ашпады. «Ешкім біздің шетелде қалай өмір сүріп жатқанымызды елестете де алмайды. Мен азын-аулақ жазғаныма тиын-тебен аламын. Күйеуім – ауру. Ұлымның жасы сегізде. Қызым бас киім тігіп, тиын-тебен табады» деп жазады ол. Туған жеріне оралған ақын аштықтан азап шегіп қиналса, күндестіктен, қызғаныштан, сатқындықтан жаны ауырды.
Жоқшылықтан әбден қиналған ақын бірде «Мен Құдайға сенгім келеді, бірақ мен оған сенбеймін» деп жазды. Бірақ ол Құдайсыз емес еді. Адамзаттың ақыл ойын дамытуға үлес қосқан, ұйықтап жатқан милардты оятып, саналарды сілкінткен ол Құдайды іздеді. Ол әрқашан жақсылыққа, ізгілікке сенетін. Қолынан келсе, өзі де адамдарға жақсылық жасайтын.
Марина Цветаева 1892 жылы 26 қыркүйекте Мәскеу қаласында зиялы отбасында дүние есігін ашты. Әкесі – Мәскеу университетінің профессоры, танымал филолог, өнертанушы болса, анасы – тамаша пианист, сезімтал жан еді. Анасы кішкентай Маринаны музыкаға баулып, неміс, француз тілдерін үйретеді. Бала кезінде Марина шешесінің ықпалымен музыка пәніненНиколай Рубинштейннен дәріс алады. Өз айтуы бойынша, ақын алты жасынан бастап, өлең жаза бастайды. Он сегіз жасында алғашқы жыр кітабын өзінің ақшасына шығарып, әдеби әлемді елең еткізеді. Танымал ақындар В.Брюсов, Н.Гумилев, М.Волошин Маринаның тырнақалды кітабын жоғары бағалап, жылы пікірлерін айтады. Шабыттанған Марина әдебиетпен шындап айналысады.
Бірде өрлеу, шарықтау, бірде сүріну, құлау, өзін-өзі бағалау, өзін-өзі жоққа шығару – бұл кез келген талантты адамның тағдыры мен болмысы. Ал өз табиғатынан зардап шегу – бұл трагедия. Маринаның ешбір адамға ұқсамайтын болмысы – оны өмірден адастырған кездері болды. Ақын өз күнделігіне: «Әйелдің әйелді сүюі, еркектің еркекті сүюі – қандай қорқынышты. Ал еркектің әйелді, әйелдің еркекті ғана ұнатуы – зеріктіреді» деп жазады. Ақын неге бұлай жазды? Марина 22 жасында құрбысы, ақын, аудармашы София Парнокпен бірге тұрады. Олардың «қарым-қатынасы» екі жылға созылады. 24 жасында София Парноктан кетіп, күйеуіне қайта оралады. Күйеуі Маринаның «қылмысын» кешірді, қайтып келген әйелімен отбасылық өмірін жалғастырды, бірақ олардың қарым-қатынасы күн өткен сайын күрделене берді. Марина София Парнокқа деген сезімінен азап шекті, өз-өзінен жиіркеніп, өзін-өзі жек көрді. Бәрін ұмытқысы келіп, барлық өші жазуда кеткендей жаза берді, жаза берді. Аз қаламақыға аударма жасады. Өзі өмір сүрген Еуропа мемлекеттеріне танылған жоқ. Оның тапқаны отбасын асырауға да жетпеді. Ол шетелде қаржыдан қиналса да, өзін жақсы сезінді. Аяр дұшпандарынан аулақ кеткені бір жағынан оған қуаныш пен күш сыйлайтын.
1937 жылы Отанына оралған қызы Ариадна «Кеңес Одағының жауы» деп тұтқындалады. Арада көп өтпей Маринаның күйеуі де ұсталып, «халық жауы» ретінде түрмеге отырады. Күйеуі мен қызы мынандай күйге түскенде Марина шетелде қалай жатсын?! Отанына келген Марина өмірден мүлдем түңіліп кетті. Жоқшылықтан қажыған адамдар, бірін-бірі аңдып, «халық жауы» ретінде ұстатып жатқан сатқын пенделер... бәрі де ақынның нәзік жүрегін ауыртты.
Өлер алдында Марина үш хат қалдырды. Біріншісінде өмір сүре алмайтыны үшін, әрі қарай өмір сүруге ешқандай күші жоғын айтып, баласынан кешірім сұрап, жылап отырып, хат жазды. Екінші хатында Николай Асеевтен баласын қамқорлығына алуын, оқытуын өтінеді. Үшінші хатында барлық достарына баласын ақын Николай Асеев тұратын қалаға жекізулерін сұрайды. Маринаның өлімінен кейін көп өтпей, күйеуін атса, қызы түрмеде он бес жыл отырып, тек 1955 жылы ғана ақталып, бостандыққа шығады.
Тағдыры ауыр, өзіне-өзі қолжұмсаған ақынның моласының нақты орны белгісіз. «Бүгінде Ресейде поэзия сәннен қалды» десе де, Маринаның оқырмандары азайған емес. Марина Цветаева – өз тағдырын, ауыр тағдырын поэзияға айналдырған ақын.
Аягүл Мантай
Бөлісу: