Аягүл Мантай: Драйзердің арманы
Бөлісу:
Бірнеше жыл бұрын Елбасы отандық арналардың біріне сұхбат берді. Журналистің «қазір қандай кітап оқып жатырсыз?» деген сұрағына «Драйзердің «Қаржыгерін» оқып жатырмын» деп жауап берді. Елбасының сұхбатынан кейін кітап дүкендерінен «Қаржыгерді» сұрайтын оқырмандар көбейіпті.
Әдебиетшілер «кітап оқитын оқырмандар азайып кетті» деп дабыл қағып жатса да, бүгінде Теодор Драйзердің кітаптарын іздейтін оқырман аз емес. Әлемде жазушының әйгілі «Америкалық трагедиясы» емес, «Қаржыгері» үлкен сұранысқа ие екен. Біздіңше, оқырманның басым бөлігі «Қаржыгерді» «қалай баюға болады?» деген сұраққа жауап табу мақсатында оқитын секілді.
«Қаржыгер» – романның кейіпкері Фрэнк Каупервудтің тағдыры, бизнес жолындағы жеңісі мен жеңілісі ғана емес, автордың арманы мен үміті. Жазушы кейіпкерін кейіптей отырып, алданған үміті мен сенімін, орындалмай кеткен арманын, жандүниесінің арпалысын суреттейді.
Драйзер 1871 жылы Американың Индиана штатында, кедей отбасында дүниеге келді. Табиғатынан зерек, алғыр, талантты баланың қабілетін дамытуға әкесі де, шешесі де көңіл бөлген емес. Жоқшылық еңселерін езген ата-анаға балаларын асырап, жетілдіру мұң еді.
Теодорды өмір тым ерте есейтті. Мейрамханада ыдыс пен еден жуды. Қара жұмыс істеп жүріп, кітап оқуға уақыт тапты. «Сол күндері мені алға жетелеген үміт еді. Бұл күнде өтеді, жоғары білім алып, жақсы жұмысқа тұрам. Жақсы өмір сүрем» деп алға ұмтылдым. «Ақша тауып алып, байып кетсем» деп қиялдаған кезім де аз емес» деп еске алады жазушы.
Драйзер өзі армандаған университетке де оқуға түседі, бірақ қаржы тапшылығына байланысты оқуын аяқтай алмайды. Оқудан шығып қалған Теодор қара жұмыс істеп жүріп, тырнақ алды туындыларын жазады. Әдеби ортамен байланысы жоқ әрі университетті тастап, депрессияға түскен Драйзер жазған дүниелері көркем шығарма ма, жоқ па, білмей дал болды.
Танымал жазушыға айналған кезінде Драйзер «Жанымды жазу ғана құтқаратындай жаза бердім, жаза бердім. Шынымды айтсам, өзімнің не жазып жатқанымды да білмедім. Әйтеуір өзімді біржола жоғалтып алмау үшін маған жазу керек болды. Жазған дүниелерімді әдебиетшілер мен жазушыларға көрсетуге де жүрексіндім. Оқудан шығап қалған мен үшін өмір қап-қара түнек секілді еді. Көңілсіз өміріме сәуле түсіргім келіп, жанталастым. Тауы шағылған, бірақ болашақтан әлі де үміт үзбеген, өмір сүргісі келіп жанталасатын бозбала есіме түссе қатты аяймын. Қалада ешқандай жанашыры жоқ, қара жұмысқа жегілген, әдебиетті өлердей сүйетін, қамқоршысы мен қолдаушысы жоқ бозбаланың тағдыры неткен аянышты еді. Кейде сол бозбаланы есіме алып, аяп, жылағым келеді. Ол жазушы болмай, құрмет-беделге ие болмай, жай қара жұмысшы болып қалуы да мүмкін еді ғой. Өз бойымнан қазір сондай қайсарлық пен өжеттікті, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлікті көргім келеді» деп есіне алады.
Қара жұмыстан құтылып, редакцияда журналист болып, жұмыс істеп жүрген кезінде де Драйзердің жаны тыныштық таппады. «Бүкіл өмірім мақала жазумен өтіп жатыр. Журналист емес, жазушы ретінде танылғым келеді. Өзімнің романдарымды қашан жазамын?» деп шарқ ұрды.
Драйзер жиырма тоғыз жасында «Керри әпке» романы арқылы өзі күткен танымалдылыққа қол жеткізді. Қарапайым отбасынан шыққан Керридің актриса ретінде жұлдызы жанды. Танымалдылыққа жету үшін өзінің ары мен ұятын сатқан Керри жеке өмірде бақытты ма? Жазушы романы арқылы сахнаның ар жағындағы өмірді сол қалпында «жалаңаштап» көрсетеді. Сыншылар әдебиет әлеміне қадам басқан жас жазушыны аз сынаған жоқ. «Арсыздық пен ұятсыздықты насихаттаған жазушы» деп жазған басылымдар да болды.
Драйзердің кейіпкерлерінің көпшілігі қарапайым, кедей отбасынан шыққан жастар. Олар о баста қалаға өздерін асырау үшін, ата-анасына масыл болмай, өз беттерімен өмір сүру үшін келеді. Олардың қарапайым ғана арманы мен мақсаты бар еді. Олардың ешқайсысы қалаға сіңіп, ақсүйек адамына тән мәдениетті (тіпті жасанды мәдениет болса да) бойларына сіңіре алмады. Олармен жақын араласып, орталарына сіңіп кете алмаса да, сол «әлемнің» бір мүшесі болып, жарқырап жүруді армандады.
Есіңізге «Америкалық трагедияның» басты кейіпкері Клайдты түсіріңізші. Қалаға өзін іздеп келеді. Қалада ол іздегенін табуға тиіс еді. Керісінше ол өзін жоғалтып алады. Бұрынғы өзін іздеп, шарқ ұрғанымен бәрі кеш еді. Бір кезде өзі ұнатқан, кедей отбасынан шыққан қыздан құтылып, ақсүйек текті, дәулетті адамның қызына үйленуді жоспарлаған жігіттің арманы қиялға айналды. Иллюзия. Оның өмірі иллюзиямен өтті.
Драйзер де бір кезде дәулетті адамның қызына үйленіп, байлық пен молшылықта өмір сүруді армандады. Жоқшылықты көріп өскен, әлеуметтік қиыншылықпен алысып жүріп, жетілген жазушыны жазғыра да алмайсың.
Жазушы Сара есімді әйелмен бір шаңырақ астында он бір жыл өмір сүрді. Әйелімен «Біз мүлдем бөлек адамдармыз» деп ажырасқан жазушы өзінің немере әпкесіне деген сезімін жасырып, нәпсіқұмарлығымен, «қорқынышты ойымен» ұзақ күресті. Ақыры жеңілді. Немере әпкесімен ұзақ жыл бірге тұрып, өлерінен бір жыл екеуі үйленеді.
«Біз өз қателігіміз бен күнәмызға Құдайдың алдында сөзсіз жауап береміз» дейтін жазушы, Құдайдан қорқып, күнәсінан арылғысы келіп, жанталасқан жазушы өмірінің соңғы жылдарында өзін «атеист» санады. Бірақ Драйзер Құдайсыз емес еді. Шығармаларында жасаған қылмысынан қорқып, өкініп, арылғысы келіп, жанталасатын кейіпкерлерінің болмысы арқылы өзінің жандүниесінің арпалысын суреттеді. Жанын құтқарғысы келіп жанталасқан Драйзердің кейіпкерлері өмірінің соңғы сәтінде ғана өмірдің мәнін – қарапайым адам болып, қарапайым тіршілік кешумен байланыстырады. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді...
Жазушы болып, өзі армандаған байлық пен дәулетке қолы жетсе де, Драйзер жан тыныштығын таппай, шарқ ұрды. Қара жұмыс істеп, нанын тауып жеген кезі қамсыз, былғанбаған, таза кезі екенін талай рет сағынышпен есіне алды.
«Өмірге қайта келсем, жазушы болмай, қарапайым ғана тіршілік кешер едім» деген жазушы да шығармашылықпен айналысқаннан басқа таңдау болған жоқ. Жазушы болу о баста Драйзердің пешенесіне жазылған тағдыр жазуы еді.
Аягүл Мантай
Бөлісу: