Қалихан Ысқақтың ойларынан...

Бөлісу:

14.03.2017 5094

 

 

Қазіргі шығармалардың оқылмайтындығы – тілдің жоқтығынан. Тілсіз сурет салынбайды. Тілсіз ой оқушыға жетпей қалады. Газеттің тілімен көркем әдебиет жасалмайды. Журналистика мен көркем әдебиет екі бөлек. Екеуі екі жанр. Журналистика деген көркем әдебиеттен гөрі нақты, актуальді нәрсеге негізделеді. Көркем әдебиет оған ере алмайды. Журналистиканың тілі – публицистика.

 

6d6583224c2e4aa2b5331febfeddf93d.jpg

 

Публицистика көркем әдебиеттің қорына кірмейді. Мезгілдік мақсатын орындады ма, заман өткесін, ол керексіз боп қалады. Келешекте тарихқа, зерттеуге қажет шығар, өздігінен жеке бір дүние боп қалмайды.

 

 

* * *

 

Біз қазір сын жоқ дейміз. Расында сын жоқ. Бүгінгі сындардың бәрі рецензияның деңгейіндегі, бір шығарманың төңірегінде ғана айтылған сыңар пікір. Ал сыншының орны бөлек. Ол да әдеби процесс тудырған интеллект. Әдебиетті зерттеу бір басқа, ол – әдебиеттану, ал сын бөлек. Бір жанрда- ғы екі сала. Біреуі – сыншының, екіншісі – ғалымдардың еншісі.

 

* * *

 

Қалай десек те, алпысыншы жылдары әдебиетке келгендер- дің профессионалдық мектебі – орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» деп аталатын ХІХ ғасырдың алыптары. Оқу өз алдына, мен солардың ішінен Куприннің, Тургеневтің повестерін, Чеховтің, Буниннің әңгімелерін аудардым. Л.Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романының үшінші кітабын қазақшалауға қатыстым. Нобель сыйлығының лауреаты, «академик изящной словесности» атанған Бунинді аударудың өзі әрі қиямет, әрі ра- қат. Өмірінің соңғы кезінде ол «жаль, что со мной вместе умрет русский язык» дегенді тегін айтпаған секілді. Кейінгі орыс әдебиетінде Бунинді пір тұтқан мен білгенде екі-ақ жазушы – Трифонов пен Юрий Казаков бар еді, өкініші, екеуі де ертерек дүниеден қайтып кетті. Ал біздің төл әдебиетімізге орыстың ХІХ ғасыры бізден отыз жыл бұрын келген екен. Оны Жүсіпбек Аймауытовты оқығанда бір- ақ білдік. Қазақтың профессионалдық прозасы Аймауытовтан басталады десем, қателеспейтін шығармын деп ойлаймын. Байқап отырсам, Әуезовтің өзі де Аймауытовтың шекпенінен шыққан сияқты. Екеуі біраз жылдар қос автор болып жеңіл жанрда әлеуметтік, саяси мәселелерді көтерген, 1918 жылдан «Абай» журналын да екеуі шығарып тұрған жоқ па? Бір кездері айтқан едім: «Әуезов совет жазушысы болған жоқ», – деп. Ол кешегі реп- рессияға ұшырап кеткен Алаш қайраткерлерінің идеясын, творчестволық бағыт-бағдарын да кейін жалғыз арқалады. Оның творчествосының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі де, жолының ауырлығы да осында. Мұхаңнан кейінгі совет жазушысы болғысы келмеген Тәкен Әлімқұлов ағамыз. Мәскеуде жиырма бес жыл жатып алып, творчествода да совет дәуіріне аяқ баспай қойды ғой. Мен Мағжандарды сол ағамыздан қолжазба күйінде оқыған едім. Демек, Алаш қайраткерлерінен айрылу әдеби процесіміздің дамуын отыз жылға ұстап қалыпты. Егер мезгілінде танысқанымызда, алпысыншы жылдардың басында әдебиетке келген «түбітиектер» отыз жыл бұрын ағаларымыз салып кеткен жолды қайта таптамайтын едік.

 

* * *

 

Тағы да қайталап айтсам, менің мектебім, мен жақсы білетін «Бес тапалдың» мектебі – фольклор, өткен ғасырлардағы жырауларымыз. Бүгінгі поэзиямыз неге көңілге толмайды? Прозамыздың өзі де кебір, арпаның талқанын кебегімен жұтып отырғандай кеңірдегіңнен өтпейді. Себебі, тіліміздің бояуын, ньюанстарын жоғалтып алдық, поэтикалық образ жоқ. Мен саған бір шумақ бәдік өлең оқып берейін, тек шамданба. Қазақта бәдік айтыс деген болған. Айтыста анайы нәрсеге бармай, әдіптің астымен ғана, астарлап қана ойын жеткізген ақын ұтып шыққан.

          «Айналдым ақ жүзіңнен айдан аппақ,

          Аулыңнан кете алмадым айналақтап.

          Арманым жоқ тіл тартпай кетсем-дағы,

          Ақ төсіңе бір шықсам тайғанақтап...»

 

Кейбіреулер осының соңғы жолынан қашып, өзгертіп әнге қосып жүр. Бекер-ақ! Ал енді осы өлеңнің құрылысын байқашы. Аллитерация да бар, теңеу де бар, тілдің образдылығы да бар.

 

* * *

 

Ертегі мен батырлар жырында қаншама кейіпкерлер бар десеңші! Бір қызығы, жағымсызды жамандап жатпайтын, аттарының өзі өзі бір образ емес пе? Кейқуат, Шойынқұлақ, т.б. бұлардың әрқайсысы юмор. Есіңе салшы, Теңге тоқалдың иығына мініп алып, қос емшектен тебініп келе жатқан Кейқуатты. «Кей» – көне түркіде «күш» деген сөз, қуатың-энергия, екеуі қосылғанда «Қуатты күш» емес пе? Кезінде қыпшақтардан құралған иран шахтарының сарай гвардиясын кейсақтар деп атаған. Бір сөзбен, сақтардың қуатты жасағы, бүгінше айтқанда, «воинское формирование». Шойынқұлақ – төбесінен тебен қақсаң батпайтын бітеу, меңіреу деген ұғымда. Бәлкім, «құлағын піл таптап кеткен» дейтұғын кекесін осыдан қалған шығар. Қысқасы, ошақ басынан ауызданып, әліппеден әуестене бастаған ауыз әдебиеті – менің сөздік қорымның қордасы.

 

(Қайырды Назырбаевтың еңбегінен)

 

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар