Толстойдың үйі
Бөлісу:
Толстойдың Ясная Полянасын, Мәскеудегі үйін көрмей тұрып, жазушының қолжазбалары сақталған музейде болдым. Ол кезде Мәскеуге алғаш келген кезім, шынымды айтсам, әлі қаланы жақсы білмейтін едім. Музейден «Соғыс және бейбітшіліктің» және «Анна Каренинаның» алғашқы нұсқаларын көрдім. Толстой жазу жазғанда көп сызып, редакциялаған екен. Ол шығармаларын А-4 форматындағы қағазға жазған. Мысалы, «Соғыс және бейбітшіліктің» қолжазбасының бір парағынан екі сөйлемді ғана қалдырып, қалғанының бәрін сызып тастаса, екінші парақта жартысынан көбін, үшіншісінде жартысын сызған. Сосын Толстой көбіне шығармаларын парақтың көлемінен алғанда жартысына дейін жазыпты. Келесі жартысына қосатын сөйлемдерді түрткен. Ойына құйылып келгендіктен тез-тез жазған болар, кейде жазуы айбақ-сайбақ болып кеткенімен, оқуға түсінікті. Тіпті машинкамен терілгеннен кейін де Толстой шығармаларын көп редакциялапты.
Әйелінің ұқыптылығы сондай, Софья Андрейқызының тұрмысқа шыққандағы «гүлмен өрілген қалыңдық бас киімі» мен қолына сәндік үшін киген қолғабы да осы музейде тұр.
Толстойға жары жазбаларын көшіруге көмектескендіктен, жазушы риза болып, жаңа кітабы шыққаннан кейін сыйлық жасап отырыпты. Мысалы, сондай сыйлықтар – алқа мен бетжелпігішті де осы музейден көре аласыз.
«Қазір Бородинодан келдім. Егер Құдай денсаулық пен тыныштық берсе, Бородино соғысы туралы жазамын. Бәрі мақтанатын болады...» деп жазған күнделігінің қолжазбасын оқып тұрғанымда қасыма музей қызметкері келді.
– Сіз Толстойды қатты жақсы көретін секілдісіз, қолжазбасын үлкен сүйіспеншілікпен оқып, көзіңізбен аялап тұрсыз, – деп жымиды музей қызметкері.
– Адамзатқа ақиқатты танытқан жазушыны жақсы көрмеу мүмкін бе? Әрі Толстойдың қолжазбасын бірінші рет көріп тұрмын. Пушкиннің қолжазбасын көрген сәтте де қуанып едім, бірақ қазіргі көңіл-күйімді сізге түсіндіре алмаймын, – дедім.
– Толстойдың үйінде болған жоқсыз ба? – деп музей қызметкері бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Ясная Полянасын айтасыз ба? Мәскеуге таяуда келдім. Ясная Полянаға бармай, жазушының үйін көрмей, елге қайтпаймын, – деп күлдім.
– Жоқ, Мәскудегі үйін айтамын. Толстойдың өмірінің біраз кезеңі Мәскеуде өтті ғой, – дегенде жазушының үйіне қарай құстай ұшқым келді.
Ертесіне таңертең ерте тұрып, Толстойдың үйіне бет алдым. Жазушының өзімен кездесетіндей жүрегімді бір қуаныш сезім биледі, біресе, Толстой маған күрделі сұрақ қойып, жауап бере алмайтындай сезімде болдым. Жазушының үйіне келе жатып, Толстойдың «Адамның үйі жүрегінің қалаған жерінде» деген сөзін күбірлеп айтумен болдым.
Міне, Толстой көшесіндегі 21-үйге жеттім. Үйдің қақпасын ашқанда жылылықты сезіндім. Өзімнің туған ауылыма, үйіме келгендей бойымды қуаныш сезім биледі.
Он алты бөлмеден тұратын еңселі екі қабатты үй адамға еркіндік пен белгісіз бір күш сыйлайды. Толстой өмірінің он тоғыз қысын астанадағы үйінде өткізіпті. Көктем келіп, күн жылынса, Ясная Полянасына асығыпты. Толстойдың бұл үйінен де қонақтар үзілмепті. Жазушылар мен суретші, композитор, жалпы шығармашылық тұлғаларды айтпағанда, Ресейдің түкпір-түкпірінен жазушыны бір рет көруді армандаған қарапайым адамдар ағылып келіп жататын.
Толстой бұл үйінде «Иван Ильичтің өлімі», «Крейцер сонатасы», «Арылу», «Тірі өлік», «Қаратүнек құрсауы» т.б. сүбелі шығармаларымен бірге жүзге тарта дүние жазды. Толстойдың үйіне кіргенде менің көзіме бірінші қонақ бөлмедегі рояльдің қасына төселген үлкен аю терісі түсті. Қызығушылықпен музей қызметкерінен аю терісінің тарихын сұрадым. «Толстой аңға шыққанды жақсы көргенін білесіз. Бірде орманда үлкен бір аю Толстойға «шабуыл жасап», мойнын жаралайды. Сонда қарапайым шаруа, аңшы Архип Сташков деген жігіт Толстойды аюдан қорғап, аңды өлтіріп, терісін жазушыға сыйға тартады. Жазушының жары Софья Андрейқызы осы аңшының суретін салып, құрмет ретінде үйлерінің төріне іліп қойған. Өмір бойы ізгіліктің жаршысы болған жазушы отбасын да ізгілік, жақсылық жасауға үгіттеп отырған.
Қонақ бөлмеде үлкен үстел, үстелді айнала орындықтар қойылған. Қазір отбасы кешкі асқа отыратындай үстел үстіне айнала табақтар мен тағамды құйып әкелетін үлкен ыдыстар, самауыр қойылған. Қонақ бөлмедегі үлкен шам, перде, үстел, орындықтар мен рояль, бәрі – қымбат, құнды. Жазушы отбасымен, қонақтарымен емін-еркін әңгімелесіп, шай ішіп отырғандай, мен де солардың ортасында отырғандай сезімде болғанымды жасырмаймын.
Қарапайымдылықты жақсы көрген жазушының жұмыс кабинеті де қарапайым. Кішкентай бөлменің төбесі аласа, іші күңгірт. Жазушының кабинетін көргенде басымызға «Толстой еңселі адам болған ғой. Басы бөлменің төбесіне тиіп, еңкейіп жүрмеді екен» деген ой келді. Жазу үстелі терезенің қасына қойылған, Толстой терезеден баққа қарап отырып жазғанды ұнатыпты. Одан бөлек кабинетінде диван және бірнеше кресло бар.
Жазушы «көшедегі шу естілмейді, әрі балалардың даусы да мұнда естілмейді» деп, жұмыс кабинетіне түкпірдегі осы бөлмені таңдаған екен.
Бірінші қабатта ас бөлме, балалардың бөлмесі, қызы Татьянаның және үй иелерінің жатын бөлмесі орналасқан. Жазушы көбіне әйелінің тіккен кең, қарапайым көйлектерін киіпті.
Екінші қабатқа көтерілетін тепкішектің оң жағында Толстойдың тоны ілініп тұр.
Толстойдың бұл үйінде отбасылық қуаныш аз болмады, сондай-ақ мына ескі қабырғалар жазушының мұңы мен көз жасына да куә. Бұл үйде жазушының ұлдары Алексей мен Иван дүниеден өтті.
Жазушы Мәскеудегі үйін сатып алатын кезде бақта ұзақ серуендепті. Үйдің егесі «үйдің ішін көрмейсіз бе?» дегенде «бақты көрдім, енді үйдің ішін көрудің қажеті жоқ-ау» деген екен.
Мәскеуде көңілімді мұң торласа, Толстойдың үйіне барып, бақта ұзақ серуендеп, жазушының рухымен сырласам. Әрине, жазушының Ясная Полянасындағы орман бағы секілді, Мәскеудегі бағы үлкен, әдемі емес. Бірақ мұнда ұлы жазушының ізі жатыр.
Толстой дүниеден өткеннен кейін жазушының оқырмандары Мәскеудегі үйінің қасына жиналып, тарқамай қойыпты. Тіпті Толстойдың өліміне әйелін кінәлап, кіжінген оқырман да аз болмапты. Сонда көше бойын полицейлер күзетіп, адамдарды үйіне әзер тартқан екен.
Адамзатты ұлт пен нәсілге бөлмей жақсы көрген және жақсы көруге үндеген, бүкіл адамзат баласының «құмырсқа бауырлардай» ынтымақта, бірлікте өмір сүруін армандаған, армандап қана қоймай, соның концепциясын жасаған жазушының арманын іске асыруға қатігез қоғам асығар емес. Бірақ біздің болашаққа Толстойдың шығармаларынсыз баруға қақымыз жоқ. Себебі, оның жазуына Алла нұрын төккен. Адам тазару үшін де Толстойды оқуы керек.
Аягүл Мантай
Бөлісу: