Назира Рахманқызы: Қазір тарихи тұлғалар туралы кино түсіретін жас режиссерлер жоқ
Бөлісу:
Әдебиет пен кино. Қаншалықты жақын? Қаншалықты алыс? Кино сюжеттері әдеби туындылардан алынып жатады. Бұл ретте музыка мен сурет өнерін де әдебиетпен байланыстыра аламыз. Дегенмен, оқырман арасында белгілі бір туындының киносын көрген жөн бе, әлде кітабын оқыған дұрыс па, деген сауал туындап жатады. Әр тарап әртүрлі жауап береді. Жуырда ғана «Қазақ киносы: кеше, бүгін» атты кітап жарық көрді. Кино жайлы кітап! Жай ғана кино емес, қазақ киносы! Кітап авторы Назира Рахманқызымен болған сұхбат барысында кино саласындағы кейбір мәселелер әдебиет төңірегіндегі мәселелермен тым ұқсас екеніне бір көз жеткіздік.
– Назира Рахманқызы, қазақ киносының тарихы мен теориясы туралы қазақша жазылған еңбектердің аздығы біздің өзекті мәселеміз болып келгені рас. Осы ретте сіздің кітабыңыз шөлге жауын жауғандай әсер берді. Бұл кітапты жазу қашаннан бергі ойыңыз еді? Жалпы, кинотану саласына қалай келдіңіз?
– Бұл еңбекті жарыққа шығару идеясы бір-екі жыл бұрын келген еді. Жинаққа 1994 жылдан бастап 2016 жылдың соңына дейін баспасөз беттерінде жарық көрген (кейбірі қолжазба күйінде) зерттеулер, мақалалар мен рецензиялар, кино өнерінің белгілі тұлғаларымен болған сұхбаттар енді.
Кинотану мамандығына келуімнің өзі бір қызық болған. Жалпы, кейде бір ғана сәт (мүмкін, солай болуы тиіс заңдылық та болар, кім білсін) тағдырыңды күрт өзгертіп жатады ғой. Бір қызығы, солай екенін дәл сол сәтте түсіне де бермейсің. Тек уақыт өте келе, сол бір ғана сәттің кейінгі тағдырыңның қайнаркөзі болғанын ұғасың. Сондай бір сәттің менің де өмірімді күрт өзгерткені бар.
1993 жылғы маусым айының жаймашуақ күндерінің бірінде мақала бермек болып, Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ғимаратында (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) орналасқан «Өркен» («Горизонт») газетінің редакциясын іздеп бардым. Мақсат – жаңағы мақалам жарияланып жатса, «газет көрген» тағы бір-екі дүниемді «арқалап», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығына құжат тапсыру. Сөйтсем, алып-ұшып іздеп келген редакциям екі-үш күн бұрын ғана басқа мекен-жайға көшіп кетіпті. «Қап, әттеген-ай-а» деп салым суға кетіп, есіктің алдына шықтым. Түс болып қалған кез. Оның үстіне, іздеген редакцияның жаңа мекен-жайы маған әзірге беймәлім. Сондықтан, қай бағытты ұстарымды білмей, ғимараттан шыққан бойы біраз аялдап қалған сәт. Бір кезде ғимаратқа кіретін есіктің жанындағы жарнамалар ілінген шағын тақтаға көзім түсті. Асықпай көзіммен бір «сүзіп» өттім. Институттың қабылдайтын мамандықтары, талаптары туралы жазылыпты. Бұл оқу орнында тек актерлер мен суретшілерді қабылдайды деген қалыптасып қалған түсінік бар. Сондықтан ба, «іздегенім бұл жерде жоқ қой» деген селсоқ көңіл-күй болғаны есімде. Бірақ, шет жағына ілінген бір жапырақ қағаз қайта-қайта назарымды аударта берді. «Кинотану» деген мамандықтың талаптары. Шынымды айтсам, мұндай мамандық туралы бұрын-соңды естімеппін. Жаңағы қағаздан ұққаным – киномен байланысты және ең басты назар аудартқаны – жаза білу керек екен. Сонымен, не де болса мұның қандай мамандық екенін біле кетейін деген қызығушылық пайда болды. Түскі үзілістің уақыты бітті-ау дегенде ішке қайта кірдім. Ары-бері жүрген адамдар, қарбалас аса байқалмайды (қабылдау жұмыстары енді басталып жатқан кез ғой). Дәліздің қақ ортасында тұрған сұңғақ бойлы, сымбатты әйел адамға жақындап келіп, кинотану деген мамандыққа қай жерде қабылдап жатыр деп сұрадым (бұл кісінің атақты Татьяна Қасымқызы Наурызбаева екенін кейінірек қой біліп жүргенім). Ол кісі нөмірін атап (ұмытпасам, қабылдайтын оқытушының аты-жөнін де айтты ғой деймін), қолымен дәліздің түкпіріндегі аудиторияны нұсқады.
Есігі ашық тұрған аудиторияның табалдырығынан имене аттап, ішке енген мені жылы жүзді, салмақты ер адам қарсы алды. Аты-жөнімді сұрады, өзін Бауыржан Нөгербек деп таныстырды. Қазақ киносы туралы біраз сұрақтар қойып, ұнатып көретін бір фильм туралы пікір жазып келуге тапсырма берді (барлық талапкерлерге берілетін тапсырма болуы керек). Күн өткен сайын осы мамандыққа түсемін деген талапкерлердің қатары біртіндеп көбейе бастады. Бірі алдын-ала біліп, арнайы келген, енді бірі өзім сияқты басқа мамандыққа түсемін деп жүріп, кездейсоқ келіп қалған т.б.
Сонымен, көшіп кеткен редакцияны іздеп тауып, мақала беру ұмытыла бастады. Мен үшін мына мамандық қызықтырақ секілді көрінді. Енді ше... Күн сайын Кино үйіне барып, фильм көреміз. Аудиторияға қайта келіп, жаңағы көрген фильм туралы пікірімізді жазамыз. Оны көпшілік алдында оқимыз, талдаймыз, пікір таласамыз. Сөйтіп жүріп, емтихан тапсырып, 11 адам «кинотану» мамандығының студенті атандық (курстың жетекшісі – белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек). Сол жылы кинотанудан бөлек, анимациялық кино режиссері мамандығына да студенттер қабылданды. Осылайша, газет редакциясын іздеп келіп, ғажайып кино әлемінен бірақ шығу маңдайға жазылды.
Кинотану туралы естімеуімнің себебі бар екен. Сөйтсем, елімізде қазақ тілінде жазатын кинотанушыларды дайындайтын бөлім тұңғыш рет ашылыпты. Аниматорлар да солай (ол курсты қазақ анимациялық киносының атасы Әмен Қайдаров қабылдады). Көп ұзамай, кинодраматургтер және телевидение саласының мамандарын дайындайтын бөлімдер ашылды. Қазақ өнері мен әдебиетінің, мәдениетінің ірі тұлғалары Әкім Тарази мен Камал Смайылов осы бөлімдерге алғашқы шәкірттерді қабылдады. Жыл өткен сайын киноға қажет мамандықтар бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатты. Дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеу ісіне киноөндірісте жүрген белгілі кинематографистер тартылды.
Келесі жылы кинотану бөлімінің ресми түрде ашылып, алғашқы шәкірттердің қабылданғанына 25 жыл толады. Тұтас бір сала үшін 25 жыл аз ба, көп пе, білмеймін. Бірақ, адам өмірімен өлшесек – екі мүшел жас. Қазір бір мүшелді артқа тастап, екіншісіне жақындап қалған кез. Жиырма бес – оң мен солын танып қалған, ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алатындай жас қой. Және осы кезде «Мен не істедім? Не тындырдым?» деп өз-өзіне сұрақ қояды. Саналы түрде. Осы мектептің алғашқы өкілдерінің бірі ретінде, бұл сұрақты өз-өзіме маған да қоюуға тура келді. Бұл бір жағынан өз-өзіңе есеп беруге жетелейді ғой.
Қазақта «Ұстаздың алдын көріпті» деген тамаша тәмсіл бар. Ұстаздарымыздан алған тәлім-тәрбиеміз кейінгі өмір жолымыздың басты бағдаршамына айналды. Әкім Тарази, Камал Смайылов, Ерсайын Әбдірахманов, Раушан Оспанова сияқты қазақ өнері мен әдебиетінің белгілі тұлғалары дәріс оқыды. Олардың әрқайсысы дүниетанымымызға, өмірге, өнерге, мәдениетке, әдебиетке деген талғамымызға, көзқарасымызға әсер етті, рухани азық берді. Тіпті, Болат Жансүгіров, Болат Шәріп, Әнуар Дауылбаев, Виктор Пұсырманов секілді қазақ кино өнерінің басқа да өкілдері алдымызға келіп дәріс оқымаса да, олардың көрші аудиторияда отырғаны немесе дәлізде, үлкен шараларда, жиындарда жүзбе-жүз көріп жүргеніміздің өзі бізге әсер ететін. Өзімізді қым-қуыт кинопроцестің ішіне еніп кетіп, соның бір шетін ұстап жүргендей, алдымызда үлкен істер күтіп тұрғандай сезінетінбіз.
Шығарманың өзі, ол туралы жазбалар кешегі және бүгінгі күннің «құжаты» іспетті ғой. Осы ретте, қазақ кинотану мектебі өкілдерінің бірі ретінде сол кезеңнің куәсі бола жүріп, шама-шарқымыз жеткенше үн қосуға талпынған студенттік мақалалар мен сұхбаттардан бастап, күні бүгінге дейін жарияланған азды-көпті еңбектерімізді бір жерге топтастырып, өнерсүйер оқырманға ұсындық.
- Жинақ «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады. Бұл бөлімдерден оқырман нендей қызықты дүниелерді оқи алады?
- Кітапқа енген материалдар зерттеулер, мақалалар мен рецензиялар, сұхбаттар болып нақты жанрларға бөлінді және олардың әрқайсысы хронология бойынша топтастырылды. Жоғарыда өзіңіз атап өткен алғашқы бөлімге қазақ киносының кейіпкерлері, киносценарий және фильм, белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази прозасының кинематографиялық табиғаты, деректі кинодағы мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген тақырыптарды арқау еткен зерттеу мақалалары енді. Сондай-ақ, осы бөлімде 2000 жылы жазылып, бұрын еш жерде жарияланбаған «Шоқ пен Шер» киносценарийі, белгілі кинорежиссер, кинодраматург, жазушы Сатыбалды Нарымбетовтің прозалық шығармалары мен фильмдері туралы материалдар ұсынылды.
«Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» атты екінші бөлімге қазақ киносындағы өзекті мәселелер мен жекелеген фильмдерге қатысты ой-пікірлер, жастар киносы, кинофестивальдер т.б. туралы талдаулар, сондай-ақ «Ұлтуған» фильмі: Арал және адам тағдыры», «Кардиограмма», «Абай» фильмінің Абайға қаншалықты қатысы бар?», «К. Кесьлевский: «Қайдан келдік? Қайда барамыз?», «Экранда – адам тағдыры», «Жапон киносы – Қазақстанда», «Уақыт және «жаңа толқын» кейіпкері» атты алғашқы (студенттік) мақалалар мен рецензиялар енді.
«Уақыт. Кино. Тұлға» деп аталатын үшінші бөлімге Сатыбалды Нарымбетов, Ерсайын Әбдірахманов, Сламбек Тәуекел, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Дәмір Манабай, Болат Мансұров (Ресей) сияқты белгілі кинорежиссерлер, кинотанушылар Бауыржан Нөгербек, Раушан Оспанова және Иоахим Шлегель (Германия), театр және кино актері Ержан Нұрымбет, кино және телевидение қызметкері Серік Салиевтермен болған сұхбаттар енді. Бұл сұхбаттардан 1990 жылдардағы отандық кинопрокат, кинотеатр, репертуар мәселелері, фильмдер, 1998 жылы тұңғыш рет өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, кинематографистердің шығармашылық зертханасы, олардың уақыт, қоғам, кино туралы ой-толғамдары, жалпы кешегі және бүгінгі қазақ киносы туралы көптеген маңызды мәліметтер алуға болады.
Осы тұста ескерте кететініміз – «Уақыт. Кино. Тұлға» бөліміне енген барлық сұхбаттардың және «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» бөліміне енген кейбір мақалалардың алдында тақырыпқа (немесе сұхбат беруші тұлғаның өзімен байланысты) қатысты түсіндірмелер беріліп отырды.
Ал, «Кино – өмір айнасы» атты соңғы бөлімде кино өнері туралы баспасөз беттеріне берген сұхбаттарым ұсынылды.
- Кітап сіздің жеке қаражатыңызбен шыққанын естідік. Демеушілік танытқан ешкім болмады ма, сонда?
- Шынымды айтайын, «кітап шығаратын едім, қаражатпен көмектесе қойыңыз» деп ешкімнің алдына бармадым. Рас, кітапты дайындап жатқанда бір ғана ауқатты адамға айтқаным бар. Ол кісі: «Бұл кітаптан маған қандай пайда болады?» деп сұрады. «Сізге ешқандай пайда болмайды. Әзірге кітап шығарып, байыған адамды көрген жоқпын» дедім (күліп). Осыдан кейін-ақ ол адамға да, басқаларына да бармадым. Өйткені, жаңағыдай сұрақтар алдымнан тағы да шығып немесе бос уәдеге «қарық болып», тауым шағыла ма деп сескендім. Бұл кітапты шығарудың тағы бір жолы – мемлекеттік тапсырыс еді. Бірақ, оны да күтіп қалып, уақыт өтіп кете ме деген де ойлар болды. «Темірді қызған кезде соқ» дейді ғой. Сондықтан, тәуекелге бел буған жайымыз бар. Әйтпесе, қалтасы қалың, ақшасын қайда жіберерін білмей, ермек таба алмай отырғандардың немесе жеке кәсібі барлардың қатарынан емеспіз. Айлыққа қарап отырған қарапайым ғана оқытушымын.
- Қазақ киносының бүгінгі күнге дейін ұтқаны не, ұтылғаны не?
- Соңғы жиырма бес жылда қазақ киносының жеткен жетістіктері де аз емес, кемшіліктері де бар. Енді онсыз болмайды ғой. Жетістіктер мен кемшіліктердің, қай салада болсын, қатар жүретіні заңдылық. Қазақ киносы мүмкіндігінше өмірдің өзін, қоғамның кескін-келбетін бейнелеуге тырысып келеді. Есімде, бір жылдары қоғамда ең бір сын көзіне алынатын да қазақ киносы болатын (қазір де аз сыналып жүрген жоқ). Сондағы негізгі айтылатыны – қазақ фильмдерінің көрерменнен тым алыстығы. Бір сөзбен айтқанда, қазақ киносы мен көрермен арасында байланыстың жоқтығы туралы мәселелер баспасөз беттерінде, телеарналарда жиі қозғалатын. Әрине, қазір де әрбір жаңа фильм ресми БАҚ-тан өзге, әлеуметтік желілерде де жиі талқыланатынын көріп жүрміз. Сондықтан, көрерменді қазақ киносына жақындату киногерлер үшін басты мәселеге айналды.
90-шы жылдардың басында еліміз егемендігін алып, жеке отауын құрған алғашқы кезеңде қазақ киносы экономикалық тұрғыдан көп қиындықты көрді. 800-1000 орындықты кинотеатрлардың күн көрісі күннен күнге қиындап, репертуары да өзгере бастайды. Бұрынғыдай залды көрерменмен толтыратын заман келмеске кетеді. Дәл осы жылдары ғой америкалық коммерциялық фильмдердің қаптай бастағаны. Кинотеатрлар ақыр соңы жеке адамдарға сатыла бастады. Әрине, жекеменшік қолға өткен соң, көптеген кинотеатрлар өзінің бұрынғы негізгі қызметін тоқтатып, қаржы табудың көзіне айнала бастайды. Көп уақыт өтпей-ақ, көрермен де америкалық фильмдерден жалыға бастайды. Ендігі жерде киногерлерден өзін сол залда «мықтап ұстап отыра алатындай» қазақ фильмін талап ете бастайды. Осы тұста, шынын айту керек, біздің кинематографистер үшін жаңа кезең басталған секілді. Бір жағынан көрерменнің талғамынан шығатындай фильм түсіру керек немесе араға шыбынның ызыңы естілмейтіндей алып қорған орнатуы тиіс. Ал қандай фильм көрерменнің талғамын қанағаттандыруы мүмкін? Қазақ киносы мен көрерменнің арасын біртабан болса да жақындату жолында біраз талпыныстар болды. Осы процесс біраз жылдарға созылды.
Бұрын фильмді тек қолында «режиссер» деген дипломы барлар ғана түсіруі керек деген қағида осы кезде өзгеріске ұшырай бастайды. Ендігі жерде қаражаттың көзін тапқан кез келген адам фильм түсіре бастайды. Еркін Рақышевтың фильмдерінің пайда болып жүргені де осы кез ғой. Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында қатарынан үш күн көрсетілген «Жаралы жүрек» фильміне бір емес, қайта-қайта барып көрген қарапайым көрермендер де болды. Өз көзімен көргендердің айтуынша, үш күн бойы залда ине шаншар жер болмаған. Ал енді бұл фильмнің көркемдік деңгейінің қандай екенін бәріміз де білеміз. Бірақ, көрермен үшін ол маңызды емес еді. Меніңше, мұның бірнеше себептері болды: ең алдымен, америкалық коммерциялық фильмдерден жалыққан көрермен енді өзі секілді адамдардың тағдырын көргісі келді. Бұл бір жағынан елдің 90-жылдардың ең ауыр кезеңін басынан өткеріп, енді-енді есін жия бастаған кезі ғой. Ауылдарда жұмыссыз қалған халықтың үлкен қалаларға ағыла бастаған тұсы. Ары-бері сабылып шаршаған халыққа мейірім мен әділеттің зұлымдықты ақыр соңы жеңіп шығатын ертегі тектес фильм қажет болды. Сондықтан, қарапайым көрерменді ол фильм өнер шығармасы ма, жоқ па деген мәселе қызықтырмады. Одан кейінгі көрерменді жаулап алған Ақан Сатаевтың сол 90-шы жылдар туралы түсірген «Рэкетир» фильмі болды. Бұл режиссердің қазақ киносының кеңістігінде пайда болуы көрерменге арналған, бірақ қарабайырлықтан алыстау фильмдердің түсіріле бастауымен ұласты. Одан кейінгі «Жаужүрек мың бала» да көрерменнің көзайымына ие болды. Соңғы төрт-бес жылда түсірген «Рэкетир-2», «Анаға апарар жол», «Аудандар» фильмдерінен режиссердің көрерменге арналған киноның негізгі заңдылықтарын жақсы меңгергені сезіледі. Әрине, бізге мұндай да режиссерлер керек. Алайда, соңғы жылдары бұл режиссер де кәдуілгі таптаурынға түскен секілді.
Өзіңіз білетіндей, тарихи-биографиялық жанрда біраз талпыныстар болып жатыр. Жалпы, тарихи тұлғалар туралы фильм түсіру өте бір кірпияз, күрделі жұмыс қой. Соңғы жиырма бес жылда биографиялық жанрда жиі болмаса да, бірнеше фильм түсірілді. 90-шы жылдары «Абай», «Жамбылдың жастық шағы», «Махамбет», одан бергі уақытта «Біржан сал», «Мұстафа Шоқай», «Аманат», «Құнанбай» секілді фильмдер түсірілді. Соңғы бес фильмнің кейіпкерлері қазақ киноэкранында бұрын пайда болмаған еді. Қарап отырсаңыз, осы фильмдердің барлығын аға және орта буын кинематографистер түсіріпті. Осы тұста бір мәселенің ұшы шығатын сияқты: бүгінгі жас кинематографистердің арасынан ірі тарихи тұлғалар туралы фильмдердің сценарийін жазып, түсіре алатындай мамандарды тәрбиелей алдық па?
Жалпы, Орталық Азия елдерінің киносымен салыстырғанда, біз авторлық киномызбен мақтана алатынымызды айтуымыз керек. Қазақ авторлық киносының тарихында Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымовтардың фильмдерінің орны ерекше. Олардан өзге Нариман Төребаев, Данияр Саламат, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Серік Әбішев секілді бірнеше режиссерлеріміз осы бағытта фильмдер түсіріп жүр.
- Голливудтан бөлек бүгінде корей, жапон елдерінің киносы барлық жағынан қарыштап дамып келеді. Тіпті, иран фильмдері де әлемде үлкен беделге ие. Олардың бір артықшылығы өздеріне тән салт-дәстүрлерімен, менталитетімен, болмысымен-ақ әлемді өздеріне қарата алуында деп білемін. Біздің фильмдерде осы жағы кемшін секілді. Кезінде Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Ораз Әбішевтер қазақ көркемсуретті киносын ұлттық, халықтық деңгейге көтеріп, сол кезеңнің қырағы «қатал» цензурасына жалтақтамай, ата-бабамыздың тарихы, өнері мен мәдениетін ежелгі ғасырлар қойнауынан аршып алып, халыққа ұсына білді. Бүгінгі режиссерлер бұл үрдіске қаншалықты адалдық таныта білді? Коммерцияны ғана, бизнесті ғана көздейтін режиссерлер ұлтымыз үшін қауіпті емес пе? Әлде біздің режиссерларда қазақы таным, тәрбие жетіспей ме? Азаттық алған жылдардан кейінгі фильмдерде қазақы болмысымыз қаншалықты көрініс тапты?
- Осы мәселелерге қатысты ойымның шет жағасын жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатымда айтып өттім. Қазақтың киносы, ең алдымен, қазақтың өзіне керек. Ал ол киноны қазақтан өзге ешкім түсіріп бере алмайды. Олай болса, қазаққа қандай кино керек? Әрине, қазақы жаны бар кино қажет. Ал ондай фильмді тек қазақы дүниетанымы бар, тамырынан айырылмаған адам ғана түсіре алады. Ол тамырды қайдан алады? Әрине, өзінің ана тілінен, сол тілде жазылған әдебиеттен, өнерден т.б. Сол себепті, қазір біз кино мамандығына қабылдау принципін өзгертуіміз керек. Өзінің тілін, әдебиетін, мәдениетін білетін кинематографистің қолынан рухы әлсіз, шалажансар дүние шықпайды. Бізде әзірге керісінше секілді. Егер шетелдің мықты фильмдерін, режиссерлерін білсем, солармен сусындап өссем, соларға ұқсас дүниелер түсірсем ғана мықтымын дейтіндер көптеу. Әрине, оларды білу керек, көру керек. Бірақ, алдымен өзіңдікін танып алу қажет. Сонда ғана, терең тамыр болады. Әйтпесе, әлем киносы мен әдебиеті, өнері деген терең мұхит қой. Жаңағы тамыр болмаса, ол мұхитқа батып, із-түзсіз жоғалып кету оп-оңай. Рухани тамыры жоқ фильмдерді көргенде (әсіресе, жастардың) қынжыласың. Осындай дүниелерді көре-көре, кино мамандықтарына оқуға қабылдайтын принципті өзгертпей, бұл процесс тоқтамайды деген ойға келіп жүрмін.
– Бүгінде орыс десе - Тарковский, кәріс десе - Ким Ки Дук, Пак Чхан Ук, жапондардан Такеши Китано, австриялық Михаэль Ханеке, қытайдан Чжон Имоу, Вонг Кар Вай, Энг Ли, Парсы десе - Киаростами, Панахи, Фархади, түрік десе - Джейлан ауызға бірден ілігеді. Біздің Сатыбалды Нарымбетов, Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов, жастардан Данияр Саламат, Елзат Ескендір осы биікке жете ала ма? Жоғарыда аталған шетелдік танымал режиссерлардан біз нені үйренуіміз керек?
- Алдымен, біздің режиссерлердің жаңағы өзіңіз атап өткендердің биігіне жете ала ма деген сұрағыңызға жауап бергім келеді. Әрине, өзгелермен салыстыру керек те шығар. Бірақ, қазақ режиссерлерінің әрқайсысының өзінің қолтаңбасы, кино тарихымызда алатын өз орны бар. Соған сай, әрқайсысы мүмкіндігінше ізденіп, еңбектеніп жүр. Ким Ки Дук, Пак Чхан Ук, Такеши Китано, Михаэль Ханеке, Чжон Имоу, Вонг Кар Вай, Энг Ли, Панахи, Фархади, Джейландар біздің киномызды жасап бере алмайды. Олар өз елінің киносын жасап жүргендер. Сондықтан, өзіміздің режиссерлерімізге «төбеден қарағанның» еш жөні жоқ. Жалпы, «жақсы дүниенің бәрі сыртта» деген көзқарас комплексті тудырады. Ал ішкі комплексі бар өнерде қандай биіктік болсын? Бір қызығы, жаңағы аталып өткен шетелдік режиссерлердің көпшілігінің фильмдері өз елдерінде өткір сыналып жатады, қабылдамайтын кездері де жиі кездеседі.
Ал енді, олардан нені үйренуіміз керек? Бұл енді өте күрделі сұрақ. Жалпы, үйрену міндетті ме? Мүмкін, кино түсірудегі белгілі бір техникалық сәттерді, оқиға атмосферасын құруда қолданылған тәсілдерді үйренуге болар. Бірақ, дүниетаным деген мәселені ешкім үйрете алмайды ғой. Ықпалы болуы мүмкін, бірақ үйрету мүмкін емес. Ал режиссура дегеніміз ең алдымен дүниетаным ғой. Фильм – режиссердің өмір, адам, қоғам, махаббат, сатқындық, мейірім, әділетсіздік, т.б. туралы ой-толғанысы, оларға деген қарым-қатынасы. Кез келген режиссер белгілі бір халықтың өкілі. Жаңағы фильмін сол халықтың рухани болмысы, менталитеті тұрғысынан түсіреді. Содан кейін ғана барып, ол шығарма әлемдік өнердің туындысына айналуы мүмкін. Бұл жерде керісінше болуы мүмкін емес. Жаңағы өзіңіз атап өткен режиссерлердің әрқайсысының фильмін алып қараңызшы, ең бастысы олардан белгілі бір халықтың менталитетін, психологиялық ерекшеліктерін т.б. көресіз. Ал олардың барлығы біздің киноға сай келе бермейді. Өйткені, қазақтың менталитеті немістің немесе жапонның, қытайдың т.б. менталитетіне ұқсамайды ғой. Қазақтың киносында қазаққа тән дүниетаным болуы керек. Мысалы, Михаэль Ханекенің «Махаббат» деген фильмі бар. Онда өмір бойы бір шаңырақта ғұмыр кешкен қариялардың тағдыры көрсетіледі. Сырқат меңдеген қосағының жаназабын көріп, шыдай алмаған қария соңында оны жастықпен тұншықтырып өлтіреді. Бір қарағанда сүйіктісін аурудың азабынан құтқарғандай көрінеді. Бұл түсінікті ғой, өйткені Ханеке – Еуропа киносының өкілі. Ал Еуропа киносы әу бастан адамның ішкі түйсігі мен сезімдерін зерттейтін Фрейд іліміне негізделген. Фильмнің дәл жаңағыдай аяқталуы Еуропа киносы үшін тосын емес. Ал бұл біздің кинода мүмкін емес дүние. Өйткені, біздің менталитетіміз, дүниетамымыз мүлдем басқа. Жан азабынан құтқару үшін өмірінің соңында жарын өз қолымен о дүниеге аттандыратын қазақтың қай қариясын көріп едіңіз? Сондықтан, барлық мәселе авторлардың дүниетанымына келіп тіреледі.
Біздің режиссерлеріміздің арасынан тек өзімізде ғана емес, шетелдерде де мойындалғандары жоқ емес. Мысалы, Сатыбалды Нарымбетовтің бір ғана «Көзімнің қарасы» фильмі кезінде қаншама шетелдік «мен» деген кинофестивальдердің бас жүлделерін қанжығасына байлады. Француздың атақты кино тарихшысы, киносыншысы Жорж Садуль атындағы сыйлықтың иегері көп емес. Сол аз ғана кинематографистің бірі де осы Сатыбалды ағамыз. Немесе қазақ авторлық киносының ең бір белгілі өкілі Дәрежан Өмірбаевты айтуымызға болады. Бұл режиссердің есімі әлемнің киносүйер қауымына өте жақсы таныс. Әрбір фильмі сайын олардың өн бойында қазақы дүниетанымы бар өзінің кинематографын қалыптастырған режиссер. Екі режиссер де басқаның емес, қазақтың өмірін көрсетіп келеді ғой. Сондықтан, біздің кейбір режиссерлеріміздің кино өнерінің төрінен әлдеқашан алып қойған өз орны, биіктіктері бар.
– Көпке топырақ шашпайын, бірақ бүгінгі еліміздегі көп көрерменнің деңгейі коммерциялық киномен ғана шектеледі. Бұған кинотеатрдағы арзанқол фильмдер мен теледидарды жаулаған жылаңқы сериалдың да әсер етіп отырғаны рас. Интеллектуалды көрермен санын көбейту үшін не істеуіміз қажет деп ойлайсыз?
- Әрине, адамның көркемдік, эстетикалық талғамы нені көреді, оқиды, тыңдайды, соған байланысты қалыптасады ғой. Нашар дүниенің нашар екенін білу үшін, жақсы дүниені көріп, білу керек. Сонда ғана, нашар фильмнің нашар, жақсы фильмнің жақсы екенін өзі де ішкі түйсігімен бағамдай бастайды. Жыл сайын «Кинотану» мамандығына балалар қабылдаймыз. Алғашында «Сәбина келін» немесе «Тракторшының махаббаты» ұнайды» деп келетіндер (егер бағы жанып, оқуға түсіп кетсе), алғашқы бір айдан соң-ақ бастапқы көзқарастарынан айни бастайды. Өйткені, оларға жақсы фильмдерді көрсетеміз. Сол арқылы олардың көркемдік талғамы қалыптаса бастайды. Біраздан соң өздері басында ұнатамыз деп келген фильмдерді мүлдем қабылдай алмайтындай жағдайға жетеді. Ал енді бұл өмірде көркемдік деңгейі жоғары фильмдердің бар екенін білмейтін адамның көркемдік талғамы, әрине күнделікті ұсынылатын дүниелермен ғана шектеледі. Ол үшін жақсы киноның насихаты болуы керек. Телеарналардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан кино туралы танымдық-аналитикалық хабарлар тұрақты беріліп отыруы тиіс. Жаңағы өзіңіз айтып отырған коммерциялық фильмдердің өнер туындысы емес, бар болғаны қаржының көзі болып табылатын кәдуілгі тауар екені түсіндірілуі керек. Тіпті, орта мектептердің оқу бағдарламасына өнер, соның ішінде кино өнері туралы пәндер кірсе деген де арман бар.
- Қазақ деректі киносының негізін қалаған режиссер Ораз Әбішев туралы да сіздің көптеген еңбектерді жазғаныңызды білеміз. Ораз Әбішевтың орнын басатындай бүгінде кімдер бар? Бүгінде қазақ деректі фильмінің хал-ахуалы қалай?
– Қазіргі таңда басты назарда көркемсуретті кино болып кеткенін жасырмау керек. Деректі фильмдер түсіріліп жүр. Бірақ, олардың саны тым мардымсыз. «Қазақфильмде» түсірілетін деректі фильмдердің дені тарихи тұлғалардың өмірбаянына арналған. Ал жеке студиялардың барлығы дерлік коммерциялық фильмдер түсіретіні белгілі. Оның себебі түсінікті: деректі фильм арқылы қаражат табу қиынның қиыны. Елімізде деректі кино режиссерлерін оқытатын үш жоғары оқу орны бар. Олар – Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті, Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Тұран» университеті. Астана, Алматы қалаларында өткізіліп жүрген студенттік кинофестивальдердің конкурстық, конкурстан тыс бағдарламаларының аясында осы жоғары оқу орындарынан қатысатын жап-жақсы деректі фильмдер көріп жүрміз. Өкінішке қарай, оқуын бітіріп, дипломын қолына алған соң, бұл жастардың деректі кинодағы әрі қарайғы тағдыры бұлыңғыр болып қалады. Себебі, әрі қарай олар ешкімге қажет болмай қалатын сияқты әсер қалдырады. Көпшілігі күнкөріс қамымен телеарналарға жұмысқа орналасады. Ақыр соңы телеарнаның шыр айналған «доңғалағына» түседі де кетеді. Кейбірі тіпті көркемсуретті фильмдер түсірумен айналысады. Ал енді кейбірі басқа мамандыққа кетіп қалуы да ғажап емес. Жолы болғандар әрі кеткенде бір-екі деректі фильм түсіруі мүмкін. Болды. Сондықтан, жоғары оқу орындарында деректі кино режиссурасына арнайы маманданып жатқан жастар өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсететіндей бір жүйе болуы керек. Ол үшін деректі фильмдер түсіру ісін тоқтатпауымыз қажет.
- Зор алғыс, Сізге!
Сұхбаттасқан: Наурызбек САРША
Қысқаша анықтама:
НАЗИРА РАХМАНҚЫЗЫ (Мұқышева) – «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітаптың авторы. Кинотанушы, киносыншы, кино тарихшысы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) «Кинотану» бөлімінің түлегі (1993-1997). «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Киногер», «Ақсарай» атты әр апталық авторлық телебағдарламалардың жүргізушісі әрі редакторы (1997-2002), Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының (2000-2011) оқытушысы әрі «Кинотану» шеберханасының жетекшісі болды (2004-2008).
2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті ретінде дәріс беріп, шәкірттер тәрбиелеуде. «Кинотану» шеберханасының жетекшісі (осы университет қабырғасында дайындаған алғашқы шеберханасының шәкірттері 2016 жылы оқуын тәмамдады). Он беске жуық магистранттың диссертациялық еңбегінің ғылыми жетекшісі болды.
Қазақстан деректі киносының негізін қалаушылардың бірі, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы «Кинорежиссер Ораз Әбішев» (1998, Алматы, «Қазақстан/Шапағат» баспасы), «Ораз Әбішев» (2007, Алматы, «Ruan» баспасы) атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы (2005, Алматы, «ИздатМаркет» баспасы) «Қазақ деректі киносы» бөлімінің, «История искусств Казахстана» (2004, Алматы, Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты) атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» бөлімінің авторы. Кино өнері туралы 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы.
2007-2010 жылдар аралығында Алматы қаласында өткен «Дидар» Республикалық жастар кинофестивалінің Арт-директоры әрі Іріктеу комиссиясының төрайымы, «Бастау» I халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің Іріктеу комиссиясының (2011) төрайымы болды. Сондай-ақ, Қазылар алқасының мүшесі ретінде елімізде және шетелдерде өтетін көптеген республикалық, халықаралық кинофестивальдердің жұмысына қатысты.
Бөлісу: