Мақсот Ізімұлы. Табытқа сыймаған тағдыр...
Бөлісу:
Талайлы тарихтың баламалы баяны
«ДЮМА» ДЕП ЖҮРГЕНДЕРІ ПУШКИН БЕ ЕКЕН ?!.
...Өмірден солай сырғанап келем,
Өзгерген оның қабағы.
Тек Ажал бағзы сұр қабақпенен
Мүсіркеп маған қарады.
Жырымды аяқтап жазармын дейтін,
Қиын ба жұртты сөзге ерту?! –
Алайда, маған Ажалдың кейпін
Керек боп қалды өзгерту...
Светқали НҰРЖАН, 1991 ж. Құрық кенті
Өлгендер қайтып келеді
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай жарықтық айтпақшы, жалпы, жаны жасампаздықтан жаралған өнер тарландары, әсіресе, айналасының ілтипатын арқа тұтып, арындап өткен ақын-жазушылар ешқашан «өлмейді» екен. Өздері «көрпесін қырда қымтап» жатса да, жүректен шыққан сөздері – жазған-сызғандары ұрпақ жадында жыл өткен сайын жаңғырып, сәт сайын «тіріле» береді. Өмірден қыршын кеткен Артығали Ыбыраев та «Адамдар сыйған табытқа, Ақындар бірақ сыймайды» деп, ханды да, қараны да қақшып алып, келместің түйесіне өңгеріп әкететін тажал ажалдың – әкімқара, бай-бағландарды, өлермен өлеңшілер мен дәлдүріш сөз құрағыштарды қайдам – әйтеуір, нағыз сөз сүлейінің атын өшіріп, затын көшіруге әдді жетпейтінін айтқан. Ал, енді...
Көзі тірісінде тұстастары «орыс поэзиясының шамшырағы» санаған, Күн сөнсе де сөнбейтін жарық жұлдызға балаған Александр Сергеевич Пушкиннің көрінеуінен көмесі көп тағдырына – соңғы кезде сан саққа жырыла қашқан ғұмырнамалық деректеріне қатысты әлгі асқақ поэтикалық тіркестерді ауыспалы да, тікелей мағынасында да қолдана беруге болатындай. Тіпті, Ол Б. Соқпақпаевтың қаламұшынан шыққан «өлгендер қайтып келмейді» деген аксиоманың тас-талқанын шығара, жекпе-жек атыста оқ тиіп, ажал құшқаннан кейін де алшаң басып жүре беріпті-міс. «Тірілердің тірісі» болып...
Әлқисса, 2012 жылы әлем санасын шырмаған ғаламтор парақтарының бірі «мынау Пушкиннің көзі тірісінде түскен жалғыз суреті еді» деген түсіндірмемен мыс пластинкаға позитивті әдіппен бедерлеген фотобейнесін жариялайды. Оны басқа емес, болмыстағы нәрсені қаз-қалпында бейнелеудің алғашқы амалын тауып, кезінде теңдесі жоқ жаңалық ашқан француз химигі, театр суретшісі әрі өнертапқыш Луи Дагердің (18.11.1787 – 10.07.1851) өзі түсірулі дейді. «Ал, саған керек болса!..» Ол Француз ғылым академиясына сынап буы арқылы таңғажайып бейнелеу технологиясын тұңғыш ретұсынған шақта тарих-қарияның саусағы 1839 жылдың 17 қыркүйегін түртіп тұрған-тұғын. Он жеті жылдай түрлі тәжірибе жасау арқылы әбден жетілдіріп, тап сол күні қадеге асырған алғашқы фотографиялық амал - дагеротипия (ағылшынша - daguerreotypy) тәсілімен Луи Дагердің Пушкин бейнесін мыс тақташаға таңбалауы әсте мүмкін емес еді, өйткені, мына бізге мектеп қабырғасынан таныс оқулық деректері мен арғы-бергі пушкинтанушылардың жазбаларына сенсек, ол кезде Александр Сергеевичтің Михайлов селосының іргесіндегі Святогор монастырының топырағына жамбасы тигеніне, яки, қапияда қаза тапқанына екі жыл толып қалған еді. Ал, енді мына дагертипиялық бейнесі...
Сол, сол-ақ екен, өтірікті – шындай, шынды жындай қылатын ғаламтор парақтары мен бүйректен сирақ шығаратын телеарналар, көбіктен көлеңке тұтуға бейілдеу кейбір мерзімді басылымдар кезінде Жуковскийдің өзі «орыс поэзиясының Күніне» теңеген ұлы Ақынның өмірі мен өліміне қатысты ауыз аштырып, көз жұмдырар деректер мен деркүман дәйектерді топан судай қаптап жіберді. Бірақ, солардың ешқайсысы Пушкин өмірінің күңгірттеу тұстарына, туыстық-тамырлық байланыстарының шым-шытырық деректеріне сәуле түсіріп, ақиқатын аян етуге барша ғұмырын арнаған мемуаршы-қаламгер, биолог, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Н. А.Раевскийдің (12.07.1894, Ресей -11.12.1988, Алматы)осыдан қырық жыл бұрын айтқан сөзіне мән бермеген еді. Кейін бірнеше рет басылып шыққан «Портреты заговорили» («Жазушы», 1970) атты кітабында Николай Алексеевич орыс әдебиетінің арғы-бергі тарихында нақ Пушкин өліміндей қайғылы уақиға ұшыраспағанын, арада ғасыр жарым уақыт өтсе де болмысы дана, тұлғасы дара ақынның қыршынынан қиылғаны еріксіз қабырға қайыстыратынын жапсарлай келе: «В его последней драме и поныне многое остается невыясненным, темным, непонятным. Вероятно, многое никогда и не будет объяснено до конца. Действующие лица давно в могиле. То, что они свое время скрыли, не занеся на бумагу, срытым и остается» дейді. Мұны айтқанда сол Раевский «өлгендер де қайтып келетінін», яки, Жорж Дантеспен жекпе-жекте оққа ұшып, жалдамалы пәтерінде екі күннен соң жан тәсілім қылған Пушкиннің іле-шала «Дюма» деген ныспымен француз мәдени көгіне жарқырай көтеріліп,жарығы жаһанға жамыраған жұлдызға айналу ықтималдығын мегземеген шығар-ау. Тіпті, ол атақ-даңқтары жер жүзіне жайылған екі қаламгердіңтек есімдері ғана емес, түр-тұрпаттары мен мінез-құлықтары да, түп-тұқияндары да бір судың егіз тамшысындай ұқсас екендігіне де тап сол кезде ой бойлатып жатпағаны анық. Әйтпесе, В.Вересаевтың «Ұлы адамның жеке басы мен шығармасын тізерлеп тұрып зерттеуден көңілсіз ештеңе жоқ» (Пушкин и Евпраксия Вульф// 2 т. шығ., М.-1929)деген сөзін дәйек етіп, А.С. Пушкинді сүттен ақ, судан таза періште, таңғажайып мифтік тұлға кейпінде сомдамай-ақ, жұмыр басты, жұлын өзекті пенденің әммасына тән оның да жетістігіне қоса кемшілігі, тұма қабілетіне қабат күнәдар қарекеті де болғанын қаз-қалпында көрсетуді мақсат тұтқан, бір саусағы бүгулі қалатын ресми мәліметтер тұрмақ, мезгіл өкпегі бояуын солғындатып, өңін сарғайтқан көне суреттердің өзін сөйлетуге тырысқан қазақстандық пушкинтанушының дуэль кесірінен өлген орыс ақынының атақты француз Дюма-әке нұсқасында тіріліп келу «дерегін» айналып өтуі әсте мүмкін емес деп ойлаймыз. Әлбетте...
«Екеуі туған екенекі анадан»
Иә, Пушкин мен Дюма түйдей құрдас болмағанымен, жас жағынан шамалас еді: орыстың Александры – 1799 жылы, француздың Александры 1802 жылы дүниеге келген. Ал,олардың портреттеріне зер сала қарағанда, бір анадан туғандай әлдебір жақындық, егіздің сыңарындай ұқсастық барын алға тартады авторлар: екеуінің де өң-әлпеттері қараторы, аспан көзді, қыр мұрынды, керме қабақты, қаракүл қозы терісін қаптап қойғандай бұйра-бұйра шаш қойысы мен бас қондырысы да аумайды. Әсіресе, Дюма жас кезіндегі суреттерін Пушкиннің көз үйренген бейнесінен ажыратып алу қиын. Мұның бәрі екеуінің де арғы тегінде африкалық қан жатқандығына апарып саяды. Пушкиннің нағашы бабасы - «І Петрдің арабы» атанған эфиоп Ибрагим Ганнибал десе, Дюманың өз әжесі – Сан-Домингодан (Гаити аралдарынан) олжалай алып келген қара күң екенін тілге тиек қылады. Арада бірнеше ұрпақ буыны алмаса тұра зәңгілік зәузатына шынжырланып қалуы әбден мүмкін,қап түбін тескен қанжардай адам баласының түбінде «тегіне тартпай тұра алмасын» генетика ілімі де мойындайды, әйтсе де бұл екі адамның егіздің сыңарындай ұқсас болуына негіз қалай алмайды ғой. Жалпы нәсіл тұрмақ, жалқы ұлт өкілдері, жеке отбасы балалары да бір-біріне тарта бермейтінін білеміз...
Оның үстіне, қос Александрдың сыртқы сықпыттары мен түр-келбеттері ғана ұқсас емес, бейім-қабілеттері де бір-бірінің қасына жатып шыққандай. Бала шағынан Пушкин әдебиетке құштар болғанымен, математика сияқты нақты білім бастауларынан басын ала қашатын. Тәртібі де ең төмен бағаны төңіректеп жүретін ылғи. «Лицей қабырғасында өткізген бес жыл ішінде Пушкин басынан сөз асырып көрген емес, өзінің қалаған нәрсесін ғана оқыды, қалай болса, солай» деп жазды зерттеушілердің бірі. Есейген шағында ақынның ырду-дырдуға, карта ойнауға құмарлығымен, түстенбей төбелесе кететіндігімен аты шықты. Тіпті, тапанша кезеніп, жекпе-жекке шыға салудан тайсалмайтындығы талай тілдіге тиек болған. Әсіресе, Александр Сергеевичтің елден ерекшелігінің бірі – төмен етектілерге есі кетіп, «гүл аңсаған көбелектей, жел аңсаған ебелектей» үйіріліп түсе қалатындығы еді. Саяси көзғарасы да сынаптай сырғып тұратынын және айтады: патша билігіне өре қарсы шыққан декабристермен бала күнінен достық қарым-қатынас жасап, І Александрге эпиграмма жасағаны үшін «ит жеккенге» айдалып кете жаздаған...
Ал, енді, өзінің «Үш Дюма» атты кітабында француз жазушысы Андре Моруа бозбала Александр Дюма туралы: «Ол дауылдай дүлей, құйындай жойқын еді, өйткені бойындағы африкалық қаны қайнап жүретін. Ол адам сенгісіз еңбеккерлігімен, асқан дарымен ерекшеленді. Оның болмысының шу асаулығы қандай да бір тәртіпке бағынудан бас тартқызды. Мектеп те оның мінез-құлқын өзгерте алмады. Кез келген қысымға атырылып қарсы шықты. Әйелдерге ше? Ол бөле-жармай олардың барлығын сүйді» дейді.
Сонымен қатар, алгебра, геометрия, физика сияқты пәндерге желкесінің құры жібермегенін жазады. Бұған қоса, 1830 жылы Францияда Шілде төңкерісі бұрқ ете қалған сәтте Париж орталығындағы корольдер сарайы - Тюильриге шабуыл жасаушылардың алдыңғы шебінде Дюма-әкей де атойлап жүрген.
Осы екі мінездемені оқып шыққандар біреуі – Ресейде, екіншісі Францияда өмір сүрген екі бөлек адам емес, құдды бір ғана кісі жөнінде айтылып отыр екен деп қалуы мүмкін...
Әлгі айтылғандардың бәрі аздық қылса, екі қаламгер де жеке әдеби басылымдарын шығарған: Пушкиннің журналы – «Современник» (1836), Дюманікі «Мушкетёр» (1853) деп аталған. Бір ғажабы, французша журналдың атауын орыс тіліне аударғанда «Пушкин» болып шығады екен, өйткені, «мушкет» дегеніміз – кәдімгі орыстың шойын тұрық, шоң ұңғылы «пушкасы» (зеңбірегі) сияқты орта ғасырлық артиллерия қаруы ғой. Ендеше, Пушкин өтірік өліп, Дюмаға айналса да, шулы да дулы Парижге табан тіреп, жалдамалы жазарман жәрдемімен (әдебиеттануда оларға қатысты «литературный негр» термині қолданылады; Дюманың атақты шығармаларын жазысқан жалдамалы - Огюст Маке деген бір байшікеш еді-М.І.) том-том кітап шығарса да, өткен өмір елестерінен құйрықкесті құтыла алмай, еріксіз елжіреп, еске алумен өткен шығар-ау деп пайымдаймыз. Дюманың 1858 жылдың маусымы мен 1859 жылдың ақпаны аралығында Ресейге келіп, бар-жоғы сегіз айдың ішінде жиған орыс материалдары негізінде 19 кітап жазғаны, сол шығармалардың үшеуін Ресей аумағында аяқтағаны туралы дерек те осы ойдың өзегін ширатып, шындыққа бір табан жақындата түсетіндей. Осы сапарында ол Пушкиннің сегіз өлеңі мен үш хикаятын француз тіліне аударып, «орыс поэзиясының Күнін» Франция көгіне көтеруді мақсат тұтуы да, сірә, тегін болмас керек.
Жартысы – Петербургте, жартысы Тифлисте жасалған әлгі аудармалардың қолжазбасы мен кітапқа жарияланған нұсқасын салыстыра ізерлеген әдебиетші ғалымдар баспаға дайындау барысында олардың біраз түзетілгенін аңғарған: Дюма әдеби иірімдерді мейлінше әрлендіріп, көркемдік бояуын барынша қанықтыра түсуге талпынған. Олардың көркемдік сапасына келгенде әдебиеттанушылардың пікір-уәждері екі жарылады әлі: біреулер «Дюма аудармалары – көркемдік құбылыс, эстетикалық өре-деңгей дегеннен гөрі әдебиет тарихындағы ауыз толтырып айтар, мақтангөйлікпен малданар дерек қана» десе, келесілері: «жоғә, француз романшысы орыс ақынының жан-дүниесіне терең бойлап, ешкім ұқсамайтын ой өрнегі мен сезім толқынысын дәл бере білген» деп дауласады. Солардың қатарында алғашқы пушкинтанушылардың бірі В. Шульц те бар. Ол өзінің «А.С. Пушкин в переводе французских писателей» деген (СПб, 1880, 135- бет) библиографиялық кітабында: «Біз А. Дюма тәржімаларының бәрін түгелдей жариялауға тырыстық, өйткені олар жоғарыда айтқан прозадағы да, поэзиядағы да дарынсыздық пен қиялилық шалығының барлығымен салыстырғанда жарқын құбылыс болып көрінеді. Дюма кейде әсірелеу үшін, бәлки, поэтикалық құштарлықтың буымен өз жанынан қосып жібереді, бірақ қай жерде де ақын арқау ойын айнытпай сақтап қалады» деп жазған (http.//feb-web.ru/feb/pushkin/serial/v20/v20-177-.htm).
Көзі қарақты, көкірегі сара оқырман Дюманың «Граф Монте-Кристо», «Үш мушкетші», «Семсерлесу ұстазы» романдарын Пушкиннің тағдыр-таланына тікелей һәм жанама түрде қатысы бар жәйттердің қылаң беріп қалатынын аңғарар еді. Ал, бұл «кездейсоқтық па, әлде...» деген сауалдың жауабын іздеп, жай-жапсарын індетуге кейінірек оралатындықтан, әзірше әрқилы жылғадан жиған азды-көпті дерек негізінде «даудың басы – Дайрабайдың көк сиырындай» уақиға – Дантеспен дуэлге шыққанға дейінгі және кейінгі Пушкин ғұмырнамасының кейбір күмәнді де күңгірт тұстарына сәуле түсіруге тырысамыз.
«Шөп басын қимылдатқан жел-жорамал...»
Әлем тарихын баламалы әдістермен зерттеп жүрген белгілі ғалым, Ресейдегі «Цивилизация» ғылыми зерттеу жобасының жетекшісі, тарихшы, филология ғылымының кандидаты Владимир Анатольевич Иванов «РЕН TV»телеарнасына берген сұхбатында: «Псков облысының Михайлов селосындағы молаға 1837 жылдың 31 қаңтары күні Пушкинді емес, бөгде біреуді апарып жерледі. Ал, нақ сол кезде Александр Сергеевичті патша үкіметіастыртын шетел асырып жіберді, себебі, ол сыртқы барлау қызметінің қиыққұлақ қызметкері еді» деп, үзілді-кесілді уәжімен жұртты бір бөрліктіріп тастады.
І Николай патша билеген тұста Ресей үкіметінің сыртқы барлау қызметін күшейтіп, мықты шпиондық жүйе құрғаны да, оған И.С. Тургенов (1818 – 1883), Ф.И. Тютчев (1803 – 1873), тіпті, әмбебап қаламгер әрі композитор, кәсіби дипломат, дворян зәузаты А.С. Грибоедов (1795 - 1829) сияқты орыс ұлтының сүт бетіне шығар қаймақтарын тартқаны да ешкімге құпия емес еді.Содан...
Іле-шала «монастыр ауласындағы молада кімнің сүйегі жатыр?» деген заңды сауалдың қисынды жауабын табуға бел шеше кіріскен журналистердің бәрі бір ауыздан «иә, Пушкин 1837 жылы өлмепті, «жерленгеннен» кейін де біраз жыл дәурен сүріпті» деп шыға келді.
Көзі тірісінде-ақ атақ-даңқы әлемді шарлап кеткен тұғырлы тарихи тұлғаның өмірбаянын қолдан құрастырып, «өтірік өлтіру» құйтұрқысын/иницировкасын/ қоздату не үшін қажет болды? Пушкиннің тікелей ұрпағы саналатын егіздер – Антон және Роман Красильниковтер де «бұйрабас бабаларының» өмірін баяндайтын ресми деректердің ешқайсысына сенбейді. Әсіресе, оның өліміне, жерленуіне қатысты жауырды жаба тоқымдап, жасырып қалған жәйттар жетерлік екенін айтады. Мектеп оқулықтары мен әртүрлі анықтамалықтарда А.С. Пушкин Санкт-Петербургтің Набережный көшесіндегі № 12 үйде екі тәулік қансырап жатып, 1837 жылдың 29 қаңтары күнгі 14 сағат 45 минутта көз жұмғанын жазады. Ақын ақтық демін алған сәтте жақын досы, белгілі ғалым Владимир Иванович Даль сыртылдап тұрған тұғырлы сағаттың тілін қолымен тоқтата қойған-мыс. Сол мүкәмал да, өмірінің соңғы секундтарын өткерген шағын диван да ақынның музей-үйінде әлібәз қалпында сақтаулы тұр.
Айтпақшы, өткен жылдары зерттеушілер дивандағы дақ пен Пушкин жилетіндегі қан жұғынын және «өлгеннен соң кесіп алған»дейтін шаш шүйкесін салыстыра зерттеп, олардың сәйкестігін, бәрінің бір адамға ғана тиісілі екендігін анықтады. Бірақ, «кімге: біз білетін Пушкинге ме, әлде беймағлұм басқа біреуге ме?» деген екідай әрі қисынды сауал тағы көлденеңдеп шыға келді, себебі... Александр Сергеевичтің мүрдесіне генетикалық сараптама жасап, музей-үйінде сақтаулы қан дақтары мен шаш шүйкесіне сәйкестігін салыстыра қарау арқылы күмән тұманын сейілтіп, бұл сауалдың да жауабын нықтауға болар еді. Міне, бар гәптің түйіні осыған тіреліп тұр: себебі, бертінде беті ашылған архив деректеріне сенсек, Псков облысындағы молада Пушкиннің мүрдесі жоқ екен. Иә, солай! Белгілі тарихшы, филология ғылымының кандидаты Владимир Зазнобин «РЕН ТВ» арнасына берген сұхбатында: «оның қайда жерденгені әлі күнге дейін белгісіз» дейді. Соған қарамастан, «ұлы ақынның мәйіті жатыр» деп есептейтін Псков облысы Михайлов селосындағы сол молаға халық толассыз ағылып жатады. Алғаусыз тәу етушілерге ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты оқулықтан мәлім дерек-дәйектерді майын тамыза әңгімелейтін сапаржол жетекшілері әлдебір шікәм жәйтті, дәлірегі, ең басты нәрсені айтпай, айналып өтуге тырысады. Әлқисса...
...Екінші жаһандық соғыс кезінде немістер Михайлов селосындағы Пушкин зиратына мина қойып, жойып жібермекші болады. Алайда, ескерткіш онша бүлінбейді, тек бақсының моласындай бір жағына жантайып қалады. Жер астындағы ақын мүрдесіне зиян келген-келмегенін анықтау үшін 1953жылдың 18 тамызында қабірді қазып қараған музей қызметкерлерінің таңданғаннан тілдері байланып, естері шығып кетеді.Зиратты қалпына келтіру жұмысына жетекшілік жасаған жергілікті музей директоры, Социалистік Еңбек Ері, әдебиетші-пушкинтанушы Семён Степанович Гейченко (1903 – 1993): «Қазу жұмысының екінші күнінде ескерткіштің жерүсті бөлігін алып тастадық. Жабынтасты ашқан кезде қабірдің ортасындағы ақыр шұңқырын көрдік... Шұңқыр түбінен екі адамның бас және қаңқа сүйектері табылды. Сараптама барысында бұл сүйектер егде жаста қайтыс болған адамдардікі екені анықталды» деп жазады. Музей директорының ресми баянхатынан Пушкин моласына қашан өлгені және қайдан келгені белгісіз бөгде біреулердің жерленгені аңғарылады, ал, қабірде ақын мүрдесі болды ма, әлде жоқ па, ол хақында кәнігі тарихшы жұмған аузын ашпайды. Тек «Электр фонарь әкеліп, ақырын лақыт тесігіне салдық. Бәрі демдерін ішке тартып, үнсіз тұр. Жарыққа көзіміз үйренген кезде жандама іші тұманнан айыққандай айқындала бастады. Табыт түбінде бірнеше шырша бұтағы жатқанын көрдік...» деп, ақын мүрдесі жөнінде жарты ауыз сөз қозғамастан, ауа жайылады.
Аталмыш архив құжатын әбден ізерлеген тарихшы Владимир Иванов осыдан алпыс екі жыл бұрын моланы қалпына келтірумен айналысқан музей қызметкерлерінің, әсіресе, атқарылмышжұмыс нәтижесі жөніндеарнаулы есеп жазған жетекші маман Гейченконың қабірде ақынның мүрдесі мүлде жоқтығынжете білгенін, сондықтан бұл мәселені өз еріктерімен, әлде жоғары жақтың пәрменімен жабулы қазан күйінде қалдыруға тырысып баққандарын тәптіштей келе, «егер Пушкин өлмесе, ажалы ойдан шығарылған«ойын» болса, ол қайда кетуі мүмкін?» деп, сұрақты төтесінен қояды. Шынында да...
Пидайыны патша ағзам неге кешті?
Пушкин өлімі туралы ресми ақпарат нұсқасы баршаға белгілі: 1837 жылдың 27 қазанында Санкт-Петербург шетіндегі Черная речка алабына төрт адам – секунданты Данзасты ертіп Пушкин және француз елшілігінің қызметкері Даршакты ілестіріп Жорж Дантес атыспаққа келеді. Бәрі қас-қағымда болады. Қарсыласының оғы қарнынан тиіп, қансыраған Пушкинді Мойка өзекшесінің жағалауындағы жалдап тұратын үйіне жеткізеді.Бірнеше ұрпақ буыны қолына ұстап, бояуын миына жұқтырған мектеп оқулықтарының бәрінде осылай жазылған. Бұл баян- нұсқаның мазмұнында әлдебіреу қолдан қиыстырып, шын уақиғаның шырайын келтіру үшін өтіріктің бояуын баттастыра жаққандай көңілге қонбайтын, қисынға келмейтін тұстары бастан асады. Сондықтан, «Пушкиннің соңғы дуэліне түрткі болған алғышарттың өзі әлі толықтай ашылған жоқ» дейді М.В.Ломоносов атындағы МГУ профессоры Дмитрий Илинский. Иә, екі ғасырдай архив сөресінде қақталып, ащы көлдің балығындайәбден сарғайып кеткен «Подлинно военно-судное дело 1837 г. о дуэле между Пушкином и Дантесом» атты құжатты парақтап шыққан кез келген адам қайғылы істің мән-жайын жан-жақты талдап, қорытынды түйетін құқықтық сипаттағы мәтінге емес, тиянақты жауабынан гөрі андыздаған сауалы басым қызғылықты деректер қордасына жолығар еді.
Мәселен, әдебиет тарихын зерттеуші журналист, Петербург университетінің профессоры Александр Васильевич Никитенко (1804—1877) өз дәуірінің – ХІХ ғасырдың қарама-қайшылықтарының ауқымды панорамасын жасаған «Записки и дневник» (3 том, - М.: Захаров) атты көп томдығында қала жұртшылығының ұлы ақынмен қоштасып, ақырғы сапарғаардақтап аттандырғысы келгенін, бірақ билік басындағылар оларды оңдыртпай алдағанын жазады: жаназа дұғасы Исааков соборында оқылады деп хабарлаған соң, халық сонда жиналады. Алайда, мәйітті тастай қараңғы түн ішінде Конюшня шіркеуіне жасырын апарыпқояды. Сол күні Петербор университетінің прфессорларына кафедрадан аттап шықпау, барлық студенттің лекцияда болуын қадағалау жөнінде қатаң нұсқау беріледі. Жаназасы шығарылғаннан кейін табытты дереу шіркеудің жертөлесіне түсіріп, 3 ақпанға, Псковқа жөнелткенге дейін сонда сақтайды. Түн жамылып жол тартқан сүйекшілердің қолына императордың«всякое особенное изъявление, всякую встречу, одним словом всякую церемонию, кроме того, что обыкновенно по нашему церковному обряду исполняется при погребении тела дворянина» деп, Псков губернаторына нықтаған жарлығы беріледі. Демек, ұлы ақын «өлімінің» шынайы себебін І Николай патша жақсы білген дейді зерттеушілер. Себебі... Біріншіден, жаназасын шығарарда Пушкиннің «мүрдесін» қақпағы тарс шегелеулі табытқа салып апарып, жақын-жұрағаттарын маңына жолатпай, кімнен қорғаштағандары белгісіз, әйтеуір, бір дүйім жандарм полкы қоршап тұрған. Тастай қараңғы түн ішінде апарып, ұрлық істегендей өткерген жерлеу рәсімі туралы мынадай бардтық ән де бар:
На опальной могиле поэта в ночи
Ни цветов, ни прощального света свечи,
Лишь лампада любви в беспросветной ночи
Говорить неустанному сердцу: Живи!
Тіпті, оған құдай қосқан қосағы Наталья Гончарованы да қатыстырмаған, ал, әкесі ұлының «жер қойнына берілгендігі» жөнінде бірер апта өткен соң ғана естіген.
Екіншіден, ХІХ ғасырдағы Ресей заңы бойынша дуэльде қаза тапқандар пидайыға, яғни, өзіне-өзі қол жұмсаушыларға теңестірілген, олардың жаназасы да шығарылмаған, мәйітін қорымнан аулақ тұсқа, қоршау сыртына жерлеген. Бірақ, қалыптасқан құқықтық қағидат пен қатал діни ұстанымның Пушкинге келгенде қауқары қашып, аса мәртебелі патша ағзамның арнаулы жарлығымен алынып тасталады. Неге? Ерекше мейірімі түсіп, жүрегі иіп сала беретіндей екеуінің арасында тілеулес көңіл, жоралас қарым-қатынас болмағаны бесенеден белгілі: мәселен, 1833 жылы жазып бітірген Пушкиннің «Медный всадник»атты поэмасын жариялауға тікелей І Николайдың өзі тыйым салады. Біз бетін аударған оқулықтар мен әртүрліанықтамалықтардың мазмұндауынша, патша сарайы атағы алысқа кеткен ақынды шама келгенінше мұқатып, мошқап қалуға тырысқан: 1834 жылы император итке сүйек тастағандай етіп Пушкинге камер-юнкер шенін береді. Бұған алдына жан түспей, кеудесіне нан пісірген ақын қатты шамданып, күнделігіне «бұл менің жасыма мүлде лайық емес» деп жазады, өйткені, камер-юнкерлік сарай төңіректеген сарыауыз, түбіт мұрт бозбалаларға ғана берілетін; сондықтан, оның әлгі шен «сарай бегзадалары әртүрлі балл сәттерінде әйелімді көріп тұрғысы келгендері үшін ғана берілді» деп қорланатын жөн бар еді-міс. Сөйте тұра... Өмірінің соңғы сағаттарын санап, диванда қансырап жатқан Пушкин императорға «алаңсыз өле беру үшін патша ағзамның уәжін күтемін» деп хат жазады. Оған І Николай барлығын кешіруге, тіпті, артында қалатын әйелі мен балаларына да қамқорлық жасауға уәде береді. Айтылмаған ақиқатты архив шаңынан арылтып жүрген ақын ұрпақтарының бірі – Антон Красильников «Александр Сергеевич өлгеннен кейін патша барлық қарызын төледі. Осы деректің өзі ақын өмірін, дәлірегі, «өлімін» зерттеуге даңғыл жол ашады ғой» дейді «РЕН TV» арнасына берген сұхбатында. Иә, солай... Шынында да, ізерлеп қараған жан ақынның кез келген өмірбаяндық дерегіне қатысты екідай, кейде бір-біріне қарама-қайшы дәйектемелерге ұшыраса береді. Мәселен, мектеп оқулықтарында (Русская литература, учебник, 10 класс, «Просвещение», 2007) отыз төрт жастағы Пушкинге камер-юнкер (қазіргі өлшеммен қарағанда - капитан) шені берілгені, оған атақты ақынның әжептәуір апшып қалғаны жөнінде әлгінде айттық қой. Осы дерек бұра тартып, бөле-жаруға келмейтін аксиомадай жер жүзіне жайылып кеткен. Тіпті, ұрпақтарының қолында да оның шауып шыққан биігі – камер-юнкерлік екенін растайтын нақты құжат бар екен.
Ал, енді Пушкиннің «өлімі» жөнінде ресми түрде қатталған, архив қорында сақталған қылмыстық іс қағаздарына үңілген зерттеушілер оның шен-дәрежесі көрсетілетін бағана жолға «Мәртебелі ағзам сарайының камергері» деп жазылғанын айтады. Камергерь шені – қазіргі өлшеммен алғанда, генерал-майор болып шығады. Қате кеткен бе сонда? «Жоқ, олай болуы мүмкін емес» дейді олар. Құжатқа бірнеше көрнекті мемлекет қайраткерлері қолдарын қойған, олардың арасында граф Апраксин мен барон Мейендорф та жүр.Оның үстіне, тарихшы В. Иванов «өте қызық деректердің ұшығы шығып жатыр. Оған құпия архивтерге кіруге рұқсат берілген, өйткені, ол үшінші барлау (жандармерия) бөлімшесінің қызметкері екен, тіпті, патшаның жабық мұрағаттарын да оқи берген» дейді. Ел ішінде «құпия полиция» атанып, негізінен, тыңшылық қызмет атқарған Үшінші бөлімше мен жандермерия корпусын 1844-56 жылдар А.Ф.Орлов та басқарған. Пушкин оны іш тартып, жақсы көрген, «сыпайы, ақыл-ойы сәулелі» деп, өлең арнаған. Кейінгі жылдары бумасы шешілген архив деректері Александр Сергеевич, Осман халифатын қоса алғанда, Шығыс мемлекеттермен қарым-қатынасқа айырықша көңіл бөлген Ресей сыртқы істер министрі, граф Иоанн Антонович Каподистрияның (1776 - 1831), содан соң Карл Васильевич Нессельроденің (1780 - 1862) қол астында істегенін дәлелдейді. Осыдан-ақ оны неге империяның оңтүстік бөлігіне –Қырымға жиі «жер аударғанын», Кавказға барғыштағанын топшылауға болатын шығар. Жоғары лауазымды патша шенеуніктері қоғадай жапырылып қарсы алып, жүрген жерінде сауық-ас беріп, жік-жапарлана шығарып салып жатады. Мойнына айып жүктеліп, еріксіз жер ауған жанның соңына шырақ ала түсіп, көз қырынан қалт жібермей, қатаң бақылауға алу қай кездің де салты емес пе еді?!. Оның үстіне, ел ішіне жаппай әскери тәртіп орнатып, құрыш құрсаудай полицейлік мемлекет құрған І Николай тұсында онсызда құйрығына қалжуыр байланған Пушкиннің Қырым түбегін қайыншылап келген күйеу баладай емін-еркін аралап, тұрғылықты халықпен татарша сөйлесіп тайраңдауының өзі таңғаларлық жәйт, әрине. Осыған орай тарихшы В.Иванов «оның жер аударылған жақтан құпия баянхат жазғанын айғақтайтын құжаттар да көп, бұл – айыптыны айдауға жіберу емес, иә, астыртын іссапар еді» дейді. Шынында да...
Бөлісу: