Шордың соңғы шайыры

Бөлісу:

29.04.2017 4559

Ұлы Түрік қағанатының қанатының астынан шыққан ұлттар мен ұлыстар жаңа заманда алуан тағдыр кешіп жатыр. Бірі – тәуелсіз, бірі өзгенің шаңырағының астында. Бірі – елу миллионнан асса, бірі он мыңға әзер жетеді. Сол ұлыстың бірі – шор халқы. Шор, Челей, Қызай, Қалар, Аба, Қарға, Чедибер руларынан құралған. Ең ірісі – шор екен, халықты сол шор руының есімімен академик В. В. Радлов атаған. Шорлар Кемерді мекен етеді. Ұзын-ырғасы – он үш мың адам (2010 жылғы санақ). Тамырлас, туысқан халық.

Сол он үш мыңның бірі – Геннадий Косточаков деген шайыр. 1959 жылы өмірге келген. Ғалым, білімдар кісі. Ресей Жазушылар одағының мүшесі. «Ала тағларым», «Мен шордың соңғы шайыры», «Балқарағайдың бұтағы», «Мен карагым сени теги» жыр кітаптары жарық көрген. Оның жыры – шор халқының жанайқайы, жан азабы мен кешкен тағдыры, көргені мен көнгені. Шордың ғана емес, түркітілдес халықтардың ішіндегі аз ұлыстардың да зары секілді.

Мен – шордың соңғы шайыры,

Қалай да қалай құбылады ел:

Қарағайды жел қозғайды,

Қаз бауырынан қар жауып,

Ұйытқи соққан ұлыма жел,

Азалы әндей боздайды...

Мен – шордың соңғы шайыры!

Құбылтар бізді қас дауыл,

Анталап соққан аш дауыл,

Құмығар үні бабаның,

Қанымнан туған қарағым –

Қалайша болды тасбауыр?!

Құбылған дауыл құйындай,

Қара жұртымды шиырлай,

Қан тамырымды үзгендей,

Ата сенім мен ана тіл,

Арттағы жасқа бұйырмай,

Іркілдім, Құдай, із көрмей...

Бабамның қайда мазары,

Жасырма, тайга, жасырма,

Тым құрыса, байғыз ән салсын,

Шор тілінде азалы,

Бабамның бейіті басында.

Анталай соққан аш дауыл,

Сөзімді менің жұт енді,

Өзімді менің жұт енді,

Көзімнен тамған жасты ауыр;

Түбінен тілім кесілді,

Түбінен құлақ бітелді.

Мен – шордың соңғы шайыры!

Бүгінім, ертең, өткенім,

Білдің бе, демім неге ауыр?!

...Қолымда – өлең дәптерім,

Соны да жұлқып же, дауыл,

Парағын жыртып же, дауыл!

***

Балқарағайдың балғын шыбығы,

Сынды да түсті иығыма менің,

Сындырды ма оны адам қылығы,

Құдайдың әлде құйыны ма? – дедім.

Балауса шыбық жалғыз да бөтен,

Бүршігін де әлі жара қоймаған,

Алғыс па, әлде қарғыс па екен? –

Балқарағайға қарап ойланам.

О, қанша шыбықтар бұрышта қалып,

Қураған, тәйірі, шаршаған.

Ықыласпен қарап, ыдысқа салып,

Қамқор болайын мен саған!

Бұрыннан саған бауыр емес пе ем,

Бауырлар жолда қалдырмас,

Бір жалғыз таудың сауырында өскен,

Тамырсыз қалған, тағдырлас.

***

Өзім жайлы көп білмеймін – қонақпын,

Өзі өзіме,

бөтен жандай қараппын.

Сыртымнан – жазылған парақпын,

Ішімнен – мыжылған парақпын.

***

Таңертең,

ағаштар әлі кәрілігін сезбеген кезде,

Жер бетін суық көлеңке кезбеген кезде,

Бұлақты бойлай аққанда армандар заулап,

Біресе ысып жүрегім, біресе жаурап.

Таңертең мен де таңқурай секілді жаспын,

Түн жапқан терезелерді айқара аштым,

Дүниенің екі шетін де кезсемші күндей,

Есік пен төрде ерсілі-қарсылы жүрмей!

Бұл таңның шексіз сиқыры әлі де есте:

Жетіде ме екем, құдай-ау, о, бәлкім бесте,

Өлімнен қайта оянған бейне бір жандай,

Өзімді өзім есіме түсіре алмай,

Оянған құстар – ән салып ұжмақтай үнмен,

Аспани әуен таралып тербелген гүлден,

Самал жел жапырақ арасын сыбдырлай кезіп,

Біресе жақын келеді, біресе безіп,

Сол сәтте өмір әлдидей бір әнді шырқап,

Сол сәтте оған болдым ғой баладай іңкәр,

Әр жаңа сәтке ұмтылып абдырап, толқып,

Өлімнен қорыққанымдай өткеннен қорқып,

Тірі ме едім сол сәтте, білмеймін, шыным,

Кешіріп көрген жоқ едім мұндайды бұрын.

...Тірі екем, тірі, көргеннің бәрі де елес,

Бәрі де елес, бәрі де менікі емес.

Өлермін, сонда жоғалар мен үшін бәрі,

Жоғалатыны секілді – өткеннің әні,

Жоғалатыны секілді – жардағы сезім,

Жоғалатыны секілді – бес жасар өзім.

***

Қаладағы қалқатай сұрай қалса,

Қайда деп,

Кісікиік тағдыры қырда да жоқ, сайда жоқ,

Марғау ғана жауап бер мылқау адам секілді,

Тауда екен деп мекені, жоқ, тауда емес, тайга деп,

Былай дерсің бәлкім сен:

Жалғыз тауға қараңыз,

Басын тұман бүркеген көне дастан, кәрі аңыз,

Сол секілді жүрегі үнсіз, гүлсіз, сезімсіз,

Мейлі, көктем келсе де, мейлі, келсін қара күз...

***

Қостілдімін,

кеудем бар – мәдениеттер тоғысқан,

Білімдімін – білдей ғалыммын.

Бірақ, әттең! – осынша көп ағыстар,

Жағалауын шайып кетті-ау жанымның.

Өлеңдерді аударған Ерлан Жүніс

Бөлісу:

Көп оқылғандар