Ерлан Жүніс: Айнадағы Калибан сөндесі
Бөлісу:
Бір шығармалар болады, әйтеуір бір абайсызда байқамай оқып қоясыз: ішіңізге жақпаса – астан күдіктенгендей күй кешесіз де, жақса – бәрібір балдан екі асамайсыз.
Бір шығармалар болады, я мектеп, я университет бағдарламасында бекітілген соң күштеп оқытылады: ұнаса – сұлуға сөз айтуға батылы жетпеген жігіттің өз жігерсіздігінен намыстанғанындай күй кешесіз де, ұнамаса – өзі сөз айтқан қыздай қадірсіз.
Бір шығармалар болады, ол қоғамдық пікір тудырмауы мүмкін, алайда көпшілік онымен түгелге жуық таныс. Оқымасаңыз – көршіңізден ұят, оқысаңыз – өзіңізден ұят.
Бір шығармалар болады, іздеп жүріп оқисыз, бірақ оны ешкім оқымайды. Үмітіңізді ақтаса – балконда тұрып шылым тартасыз, ақтамаса – денсаулығыңызды күтесіз.
Бір шығармалар болады, оның бар екенін ұмытып кетесіз. Оқысаңыз да бір сезім, оқымасаңыз да сол сезім.
Бір шығармалар болады, авторымен ерегісіп қаласыз: ол өзіңізді оқи бастайды...
Жалпы, адамзат баласы ойды оқып қоятын қасиеті бар адамдарды ұнатпайды. Ол қасиет ғашықтар әлемінің ғана сыйлы қонағы. Ал былайғы жұрт өзінен гөрі ақылды адамды басынан төмпештегісі келіп тұрады. Өйткені өзіңнен ақылды адам – есалаң! Басқаша айтсақ, бәрінің әлемнің ұлы миы болуға хақысы бар...
Мен бір қырсыққа душар болдым. Аурудың егесі демекші, қырсықтың егесі – баяғы сол. Иә, дәл өзі. Ал құтылсамшы... Безіп құтыла алмаған соң жазып құтылайын деп шешкен түрім осы. Бір қызығы қырсық адам туралы жазбағың да қырсығады екен. Жүрмейді. Алда-жалда жапа шеккен сезімдеріңіз болса, алдын-ала кешірім сұраймын. Себебі не жазғым келгенін өзім де ұмытып қалдым...!
Ескертетінімді ескерттім, енді кеттім...
Сіз алда-жалда тауға шығу үшін емес, көрме залдарының қатты еденін басу үшін аяғына табаны қалың етік киген біреуді көрсеңіз;
Үш жыл бойы театрға барғанда пайда болған рухани аштығы, табиғатқа қарсы, өз тәнін жалмай бастаған тағы біреуді көрсеңіз;
Сондай-ақ театрға барған адамдарды Танталдың қасіретін кешуден құтқарғысы келген біреуді көрсеңіз;
Өзін Шекспирге емес, Шекспирді өзіне ұқсатқан біреуді көрсеңіз;
Дәл үш ғасыр ерте туылғанында Шекспирге мықты бәсекелестің қандай болатындығын көрсетер едім деген біреуді көрсеңіз;
Және оның пәлсафасы түкке де тұрмайды, әр дәуірдің өз пәлсафасы болады, ол жалған философтың шапанын жамылып жүр дейтін біреуді көрсеңіз, – маған хабар беріңіз!
... Кәнігі әдетінше әлгі мендегі қырсықтың егесі қыстырылыса кетті:
«... Мен өз-өзімді мақтай аламын, маған өзімді өзгеге мақтатудың қажеті не?! Оның үстіне өз мүмкіндігіме күманданған емеспін. Маған ең мықты деген критиктеріңді беріңдерші, күлін көкке ұшырайын. Өзім мылтық атуды үйреткендер өзіме кезене бастады ғой. Олар мені адамдарда Ерік пен Жүрек жоқ, тек қана Интеллект бар секілді жазады деп жар салуда. Қайырсыздар! Сендерге Шопенгауер емес, мен едім ғой Ерік пен Интелектінің ара-жігін ашып берген...
... Осы кезде әйелім теледидарды қоса қалды. Бокс. Тікелей көрсетілім. Міне, жекпе-жектің бірінші жұбы. Алдыңғысы қалпағын серпи сәлем беріп жатыр. Өй, мынау... Мынау кәдімгі Стартфордтық Уильям Шекспир ғой. Мәссаған, безгелдек...! Шекс залдан әлдекімді іздегендей жіті адақтап шықты да, сөйлеп кетті:
Бар ғасыр – менің үлесім. Менің орныма таласып жүрген қайда әлгі антұрған? Жер түбіне кетсе де, желкесінен бүріп шығарам!
Осы сәтте біздің кісі шыға келді.
Шекс:
«Бұдырайған екі шекелі, өй, сен кімсің дәл мендей?»
Біздің кісі: Әлемге әйгі әлпетті әлдекімдей көрмеген өзің кімсің, бәтшағар?!...
Екеуі жұдырықтаса кетті. Шекс сол қолымен тіке соққанда, біздің кісінің аяғы аспаннан келіп, тырапай асты.
Шекс санап тұр: Хекерти-бекерти, бір, Хекерти-бекерти, екі...
Тоқсан әйелдің толғағы, тоғыз дегенде біздің кісі серпіле көтеріліп, Шексті жақтың астынан қойып кеп қалды.
Біздің кісі:
Хекерти-бекерти, бір, хекерти-бекерти, он...! Аут!
Шекс:
Аут? Жоқ, ешқашан! Сен менен үш жүз жылға жас болсаң да, үшкіргенімнен қалмайсың. Соңғы секундың соғуда!
Біздің кісі:
Сенің әләуләйіңді білеміз ғой...
Шекс:
Ал сен «Макбетті» жаза аласың ба?
Біздің кісі:
Немене үшін? Вольтер Скотт «Роб Ройды» одан асырып жіберді. Қызарақтап тұрып сүйсін, ал!
Рингте Макбет пен Роб Рой пайда бола кетті. Сөз іліністірген текетірестен кейін Рой Макбеттің басын қылышпен шауып түсірді: «Шекспиріңді іздей ғой...!»
... Намыстанған Шекс:
«Ал, кәне сенің «Гамлетің!?» «Лирді» жарата аламысың?
Біздің кісі:
Бүкіл қыз-қырқынымен. Кәне сенің «Жүректер жараланатын үйің»? (Өзі айтпақшы, орыстық тақырыпқа ағылшындық қиялмен жазылған) Менің «Лирім» осы.
Жекпе-жегіміз жұдырықтасудан гөрі жүрекпен соғысуға айналып кетті. Шамасы, енді екеуі жұптасып шықпақшы болды-ау деймін. Демек, бәсекелестерін күтуде.
Ұзақ күтпейтіндеріне мен уәде беремін. Біздің кісі тіліме алуа салмақ:
«Барлық көріністі қойырпақтап бір жерге үйе салған кездерінде, соңында әлдекімді құрбандыққа шалып, дәл көрғау секілді, пияз иісі мүңкіген беторамалды көз жасыңыз боталаған сізге ұсына беріп: «Періштелер сені ән қанатында әлдилеп мәңгілік тыныштыққа алып барады» деген кездерінді менің Шекспир мен Теккерейге ешқандай құрметім қалмайды»
Құрметті, біздің кісі, Шекспир барған «Цезарь» тақырыбына сіз де бардыңыз. Онымен не айтқыңыз келді?
Біздің кісі:
Адам әлсіздігін жете түсіне білген Шекспир Цезарлық типтегі мықтылықты түсінбеді. Оның Цезарі – қарғысқа ұшыраған сәтсіздік.
...Цезарь Шекспир мүмкіндігінің шеңберіне сыймайды, тіпті, бастауында Шекспир тұрған және қазір құлдырауға ұшыраған дәуірдің түсінігінен биік еді... Бәлкім, әлдекімдер менің бұл ескертпелерімнің мақсаты Шекспир Цезарінен де сәтті шыққан Цезарді ұсынғысы келуде деуі мүмкін. Шынында да солай... Бірақ, қате түсінбеңіздер. Мен бар болғаны өз кезеңімнің тілі мен философиясының рухында, ол өз уақытының тілі мен философиясының рухында жазғанын қайталап бердім...Бірақ, ұлыларды сынау олардан асып кеттім дегенді білдіре бермейді.
Біз:
Өз кезеңім демекші, жаңа дәуірлер бізге нені ашады?
Біздің кісі:
Кезеңдер алмасқанда, философия мен дүниетаным өзгереді, бірақ драматургиялық шеберлік емес: маған пәлсафашы Шекспир осал көрінуі мүмкін, алайда суреткер Шекспир өз биігінде.
...Стюарт Гленни айтқанындай, жаңа философиясыз жаңа драма жасалмайды.
Біз: Демек, жаңа дәуірлерді жаңа философия ашады ғой.
Біздің кісі:
Ие, онсыз Шекспир де, Гете де жоқ, сондай-ақ, бір философиялық дәуірде екі Шекспир болмайды. Өз дәуіріне алғашқы келген ұлы адам сол дәуірдің барлық жемісін ерте жиып алады. Одан кейінгі келгендер тек сабан терушілердің халінде.
Біз: Өз дәуірінен ерте туатындар да болады ғой, және керісінше. Егер өз дәуіріңде әлдебір ұлы ми болса, сенің әрекетің мен ұмтылысың бекер әурешілік пе?
Біздің кісі:
Егер сен өзіңе дейінгілер жасағаннан асып түсе алмасаң, онда сенің шығармашылықпен айналысуыңның мән-мағынасы не? Өзімшіл мені айтпағанда, ең момын автордың да я Гомер, я Шекспир айта алмағанды айта аламын деуіне құқысы бар. Мысалы, Гомер өз «Илиадасында» әлемге Ахилл мен Аяксты қаһарман ретінде көрсетті. Содан кейін Шекспир келді. Ол «Мен Гомер жазды екен деп мынабір еркетотай балақан мен анаубір дәу ақымақты ұлы адамдар дей алмаймын» деді. Бірақ, бұл Шекспир өзін Гомерден асқан ақынмын деп есептеді деген сөз емес. Көрермен барлық тарихи оқиғалар мен тұлғаларды өз кезеңінің дүниетанымы сүзгісінен өткізгенді қалайды.
Біз: Сіздің танымыңыз пародоксалдылық пен өткірлігімен ерекшеленеді. «Адамзат өз өткенімен күліп қоштасады» дегендей, сіз тіпті трагедияның өзінен күлуге себеп табасыз. Бұл өз кезеңінде, біраз замандастарыңыздың, әсіресе Лев Толстойдың қытығына тиген болатын. Тіпті, сізді «Клоун» деп те атағандар табылады. Және осы себеппен сіздің шығармашылығыңызды жоққа шығарғысы келгендер де болды. Біздің социалистік қоғам дүниетанымынан әлі толық тазарып бітпеген санамызға сіз Маркстің, Лениннің ақтау сөздерімен бізге одан да жақын көрінесіз.
Біздің кісі:
Әрине мен философия, саясат пен өнер жазығының ұңғы-шұңғысына дейін көрмегенге, әлі де рухани ашқарақ һәм қызығушылық аптығы басыла қоймағандарға сұмдық ақылды болып көрінуім мүмкін. Карл Маркс Стюарт Милль туралы «Ол айналасы түгел алаңқай болғандықтан ғана биік көрінеді» демеп пе еді. Біздің заман – тегін оқытатын мектептердің, жалпы сауаттылықтың, арзан газеттердің заманы...
Қазір бедел өте арзан. Тіпті ол қымбат болған жағдайдың өзінде, кез-келген шындықсүйгіш қоғам қайраткері мәңгілік мадаққа үміттене алмайды: өйткені, бұл біздің мәдениетіміз өзінің жеткен болмашы биіктігінде қалсын дегенді білдірер еді...
Біздің асығуымыз керек. Беделсүйгіштік – надандық топырағында өнген арам шөп секілді. Бұл топырақты өңдесеңіздер, сонда беделдеріңіз де құлпыра түседі, бірақ, бір жылдық ғұмыры бар гүл секілді ғана. Егер бұл сөздерім менің беделімді жоя алса, онда төккен терімнің далаға кетпегені.
P.S. Өкінішке, бәлкім, қуанышқа қарай, мен кім туралы жазып, кімен сұхбаттасқанымды ұмытып қалдым. Көзі қарақты оқырман, кім екенін сіз біле қалсаңыз, маған дереу хабар беріңізші. Жақсылығыңызды екі дүниеде де ұмытпаспын.
Бөлісу: