Әлия Бөпежанова: «Өмір... әйелге деген сағыныштан басталады»
Бөлісу:
Хас Суреткер, ғажайып Адам, аяулы аға
Қалихан Ысқақ туралы бірер сөз
Соңғы он-он бес жылда жаз шыға елге, Қатынқарағайға кететін Қалихан ағаны саф ауамен демалып Алтайында жүрген болар, Алматыға күз түсе оралар деп бір ойлаған едім; әріптес құрбы Заря (Жұманова) телефон соғып: «... Әлия, қайдасыз? Одақта Қалихан ағамен қоштасу болып жатыр ғой, қазір еліне алып кетеді» дегенде қала сыртында жүрген мен төбеден жай түскендей болдым... Қал-ағаның өзі кезінде досы Асқар Сүлейменов туралы жазғанындай, «Аяулыңнан айырылсаң – айтарың жоқ...» Мұндайда бірден алғашқы таныстығыңнан бастап бәрі көз алдыңнан өте бастайды.
Жазушымен алғашқы таныстық қалай болушы еді. Әрине, шығармасы арқылы. Қазақтың Қалиханы, ал, ол кезде мен үшін жазушы Қалихан Ысқақов есімін ең алдымен «Қоңыр күз еді» атты повесі арқылы білдім. Онда да повесть жарық көріп, дуалы ауыздардан жоғары баға алып, қызуы басылмаған кезде емес, сәл кейінірек оқыппын. Мұны да кейін бағамдадым. Ерекше бір әлемге тап болғандай едім, шығарманы бір демде оқып шықтым, жетімдердің тағдыры көңілге мұң қонақтатып, көкірек тұс ашыды...
Жазушының өзімен 1978 жылы Жазушылар одағында таныстым. Таныстырған көрнекті сыншы Төлеген Тоқбергенов. Екеуі бір кабинетте отырады екен. Екеуі де, шамасы, сол кезде Одақта әдеби кеңесші. Менің бірер әңгімемді Төлеген ағадан алып тез-тез көз жүгіртіп шықты да, «қазір Мәскеуге киносценаршылық оқуға жіберуге іріктеу жүріп жатыр, сен мыналарыңды сонда тапсыр, - деді Қалихан аға бас-көзге қарамай, - онда Бондаренко деген әйелге бар». Сонсоң өзі жалма-жан телефон соғуға кірісті, біраздан кейін ол жақтан біреумен сөйлесті, Бондаренко ма, басқа ма, білмедім, әлден соң телефон тұтқасын орнына қойды да, іріктеу бітіп кетіпті деді біртүрлі өкінішпен. Ойламаған жерден басталып, тез аяқталған бұл мәселеге мен еш өкінген жоқпын, ал, Қалихан ағаның соншалықты ақ ниетіне, ашық, ақ көңіліне іштей қатты ырза болып қалдым.
Арада бірер жыл өткенде мен «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа келіп, Жазушылар одағында қызмет ететін Қалихан ағамен редакцияда, Одақтың кеңес жиындарында, өзге де шараларда кездесіп жүрдік. Неге екенін білмедім, мені «Қара қыз» деуші еді. Қалихан ағаның елде жоқ сары «Жигулиі» болатын. Кей-кейде театрларда Худсовет деп аталатын жиындарға барарда «Қара қыз, жүр, кеттік!» деп машинасына отырғызып алатын.
Жазушының «Қоңыр күз еді» кейін жарық көрген «Ағайындар», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны» повестерін қызыға оқыдым. Ал, ерекше әсер еткен шығарма жазушының «Тұйық» романы еді. Романда суреттелетін «Мұрат» ауылының тыныс-тіршілігі, үндемес, ештеңеге мойымас атпал азамат Қажымұраттың тағдыры оқырманын бей-жай қалдырмайды, өйткені мұндай тыныс-тіршілік, Қажымұраттай атпал азаматтар тағдыры қазақтың қай аймақ, қай өңірі үшін де бейтаныс емес-ті.
«Тұйықтан» кейін – «Қараорман». Бұл роман - кейін тынысы тереңдеп, арнасы кеңейіп, тарау-тарау тағдырларды уақыттық мағыналармен тоқайластырып, үлкен пәлсапаға ұласып, тұтас бір дәуір ағынындағы ел тағдырын танытқан «Ақсу – жер жәннатының», бәлкім, алғашқы нұсқасы. Жазушы Қалихан Ысқақов ер жасы елуге осылайша бірнеше повесть, екі романның авторы болғанда толып еді. Әрине, оның әңгімелері, пьесалары мен аудармаларын, көптеген мақалаларын айтпағанда. Сол елужылдық қарсаңында сол кезде «Жалын» журналында қызмет ететін Есенғали Раушанов жазушы шығармашылығы туралы мақала жазып беруімді өтінді. Жоғарыда аталған повестер мен романдарды қайтара оқып шығып, жазушы шығармашылығын өзімше талдап, ой жинақтап, көлемді бір мақала жазып бердім. Ол мақала 1985 жылдың соңына қарай «Жалында» жарық көрді. Содан біршама уақыт өткенде «Қара қыз, Дәмеш апаң сені үйден шай ішіп кетсін деп жатыр» деді Қалихан аға. Сонымен ертеңіне жұмыстың соңына қарай Қалағаның «Жигулиімен» үйіне бардық. Үйлері қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың маңайында. Дәмеш апай ашық жарқын, дастарханы берекелі, мол қол жан екен. «Мақалаң маған ұнады», деді Дәмеш апай, сонсоң мені қолпаштап тағы біраз мақтау айтты. Бүкіл әдеби процесті қадағалап отыратыны, білімді жан екені сезілді, ал, Қалихан аға туралы айтқанда ерекше шабыттанып кететіндей көрінді. Сөзінің біссімілләсі «Біздің Қалихан...» екенін байқадым. «Рахмет,- дедім кетерде өзімше этикетке салып, - бәрі де дәмді болды» (қазір еске алып, сол бір этикетім үшін ұялып отырмын, Қалихандай жазушының, қазақтың үлкен бір тұлғасының отанасының дастарханы дәмді болмағанда қайтушы еді...). «Біздің Қалихан да тамақты дәмді пісіреді ғой, - деді сонда Дәмеш апай. - Әй, Қалихан,- деді содан кейін - Әлияны әсіпке шақырсаңшы.» Қалихан аға бір күліп алды. Ал, өзі қоярда-қоймай сөмкеме бір литрлік шыны банкімен бал салды. «Мынау Алтайдың балы, таза бал, білемін, сендер түнімен мақала жазасыңдар ғой, сонда бір қасық жеп ал, шайыңа сал, денсаулыққа өте пайдалы» деді құдды бір туған анамдай қамқорлап. Содан арада бірталай уақыт өткенде Қалихан ағаның атақты әсібінен дәм татудың да орайы келді.
Ұмытпасам, 1987 жылы жазға салым болуы керек, Республикалық Жасөспірімдер мен балалар театрында Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы бойынша спектакль шығарылды. Қоюшы-режиссері көрнекті режиссер Бәйтен Омаров. Ал, романды сахнаға лайықтап жазған, яғни сахналық нұсқасын жасаған Қалихан Ысқақов. Жалпы көлемді прозаны сахнаға лайықтау оңай шаруа емес. Ал, өзі кәсіби киносценаршы Қалихан аға мұның асқан шебері еді. Оның бұл орайдағы үлкен бір еңбегі – М.Әуезовтің «Қараш-Қарашы» бойынша жазған инсценировкасы. Ол «Таңғы жаңғырық» деген атаумен Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында өте сәтті қойылған болатын. Идея сол кезде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Асқар Сүлейменовтікі, спектакльдің қоюшы-режиссері Бәйтен Омаров, Жарас бай бейнесін Асанәлі Әшімов, Бақтығұлды Тұңғышбай Жаманқұлов аса көркем орындаған, қазақ сахнасының кезеңдік туындысы болған еді.
«Ұлпан» спектаклі әдеттегі дәстүр бойынша Көркемдік кеңеске көрсетілді. Онда кеңес мүшелері, Жазушылар одағынан, редакциялардан келген азаматтар пікірлерін білдірді. Бас қосу нәтижесінде спектакль қабылданды. Жиналған жұртшылық режиссерді, драматургты, актерлерді құттықтап жатты. Сол жерден режиссер, басты рольдердегі актерлер, Қалағаның жақсы қаламдас інісі Дидаш-Дидахмет бар - біраз адам Қалихан ағаның үйіне бардық. Жақсы бір отырыс болды. Сол жолы Қалихан ағаның атақты әсібінен алғаш рет дәм татқандар бәріміз таңдай қаққанымыз есімде.
Қалихан аға режиссерлердің ішінде режиссер Бәйтен Омаровпен ерекше жақсы қарым-қатынаста болды, екеуі бір-бірін қатты құрметтейтін. Одақта драматургия секциясының кеңесшісі болған тұста Қалихан аға өзі бастап, осы кеңес мүшелері - театртанушы-ғалымдар Бағыбек Құндақбаев, Ахмеджан Қадыров, драматургтар Мұхаметқали Хасенов, Әкім Тарази, Сұлтанәлі Балғабаев және ол кездері «Қазақ әдебиетінде» өнер бөлімінің меңгерушісі қызметіндегі мен – барлығы жеті адам, яғни едәуір салиқалы делегация болып Талдықорған облыстық драма театрына екі рет сапарлағанымыз бар. Бұл - Талдықорған театрында режиссер Бәйтен Омаров көркемдік жетекші болып тұрған кез. Ол бір әдемі де мағыналы сапарлар еді. Екі сапарда да театрдың бес-алты жаңа спектаклін көрдік, салиқалы талдау, талқылаулар жасалды. (Ол талқылауларды кезінде театр жазып алды ма екен, сөз жоқ, тарихи құнды материалдар). Театртанушылар өз тарапынан, драматургтар өз тарапынан пікір білдірген сол мәжілістерде Қалихан ағаның сөзі әманда қызғылықты шығатын. Бір қызығы - ол, айталық, кей тұстарда сөз болып отырған спектакльді де, сонда отырғандарды да «тастап кетіп», негізгі әңгімеге еш қатысы жоқ мәселелерді қаузайтындай көрінетін. Бірақ, бұл алдамшы әсер. Көңіл қойып тыңдаған, Қалихан шешеннің ой жүлгесімен жүріп отырған адам айналып келгенде, оның негізгі әңгімеден ауытқымағанын, керісінше тақырыптың құнарын арттырғанын, тіпті көбіне нақты деректерге, анық ұғым-танымдармен көмкеріп, көркемдеп жықпылдарын ашқанын аңдар еді. Қалихан аға сөзге қосылғанда ауқым кеңейіп, терең тарихқа, биік көркемдікке қарай тартатын. Қалихан ағаның мұндай шешендігіне одан кейін сан мәрте куә болдым, қалың көпшілік куә болдық. Суреткер Қ.Ысқақтың шығармалары өз алдына, айтқан, айтар әңгімелерінің барлығы да еліміздің талайлы тағдыры мен үмітті болашағына байланысты болатын.
* * *
1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздік алды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз, сан ұрпақ аңсаған тәуелсіздік. Сол күннің тезірек келуіне еңбегімен, шығармашылығымен қалтқысыз қызмет еткен жазушы қауымының, Қалихан аға мен оның буынының да асыл арманы жүзеге асты. Бұл тұста, ең алдымен Қ.Ысқақтай үлкен суреткер «Ақсу – жер жәннаты» романы, кеңірек аядан алғанда, жалпы суреткерлік биік мұраттары, ұлттық руханиятымызға сіңірген үлкен еңбегі бағаланғанын, ол тәуелсіз елінің сыйлығын алғашқылардың бірі болып, 1994 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алғандығын атап айтуымыз қажет.
Мемлекеттік сыйлық демекші, М.Әуезов театрында қойылған «Ситуациялар» триптихі үшін Асекең, Асқар Сүлейменов 1996 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Сыйлыққа ұсынылған шығармалар баспасөзде талқылануы шарт. Бұл өзі үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қажет ететін тұтас бір науқан. Асекең пьесасы бойынша режиссер Ә.Рахимов қойған спектакльдер туралы мерзімді баспасөздің барлығында мақалалар жарық көрді. Ал, «Егемен Қазақстанға» жазуы тиіс бір автор кешеуілдете берді. Талқылау мерзімі аяқталып қалған. Басқа автор іздеп, тапсырыс беріп жатуға уақыт кем. Сонда бір түнде отырып өзім мақала жаздым. Өз атымнан берудің реті жоқ, содан әрі-бері ойланып, не де болса тәуекел деп, Қалихан ағаға телефон соқтым, жағдайды түсіндірдім. Бірақ, келісетініне іштей онша сенімді емес едім, өйткені сол жолы Қал-ағаның ең жақын деген досының да шығармасы сыйлыққа ұсынылып жатқан болатын. «Жақсы, Қара қыз» деді сонда Қал-аға бір сөзге келместен. «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген, достыққа адалдық деген осы болса керек.
Сол, 1996 жылдың соңында Асқар Сүлейменов «Ситуациялар» триптихі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (Асекең бақилық болған суреткерлер арасында шығармашылығы Мемлекеттік тұрғыдан алғаш болып бағаланғанғаны белгілі.) Сол керемет қуанышты күні туған-туыс және Асекеңнің жақын дос-жарандары – Қалихан, Зейнолла, Сәтімжан, Төкен, Сейфолла, Дулат, Сатыбалды ағалар және ол кезде «Атамұра» корпорациясының төрағасы, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері, атпал азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед бар - қуаныштан жүрегі жарылардай болып жүрген Айтоты-Асекеңнің анасынының үлкен дастарханында бас қосып, керемет бір отырыс болды. Сол кеште Мұхтар Асекең туралы естеліктер жинағын шығарып беруге уәде берді. Арада екі жарым жыл өткенде, 1999 жылдың көктемінде «Парасат падишасы» деген атаумен жарық көріп, үлкен резонанс жасаған сол жинақта Қалихан ағаның «Аяулыңнан айырылсаң – айтарың жоқ...» атты естелігі бар.
Арада шамалы уақыт өткенде біз үшін Асекеңнің көзіндей Сәкең, Сатыбалды Нарымбетов және Асекеңнің өзі шығармашылығын қатты сыйлап өткен жақсы інісі, түркілік бастауды жаңғыртқан көрнекті мүсінші, атақты «Құлагердің» авторы - сол жолы Асекеңе деген ерекше құрметпен Әсмәға «Құлагер» қола мүсінін сыйлаған - Бақытжан Әбішев пен зайыбы, белгілі актриса, керемет әнші Шамшагүл Меңдиярова, сондай-ақ сыйлық науқанында қатты тілеулес болған, баспасөзде пікір білдірген өз дос-жарандарым, жақсы іні-сіңлілеріммен бір жақсы отырыс болған еді. Ортамыздағы гүліміз (бұл теңеу объектісіне қаншалықты лайық еместей көрінсе де) - Қалихан аға. Бір қызығы - Дәмеш апайдың Қалихан ағамен бірге қол ұстасып қонаққа, әлдебір шараларға барғанын өз басым көрмеппін. Білуімде, дәмді тамағын пісіріп, балаларын, немерелерін тәрбиелеп, керек десеңіз, Қалиған ағаның өзін де тәрбиелеп, үйде тілеуін тілеп отырар еді. «Келсеңізші» деп әбден өтінгенімде - айтқаны: «рахмет, айналайын, ренжіме, Қалихан барады ғой.»
Сол отырыстың патшасы да - Қалихан аға болды. Сөзі қандай мәйекті! Тіпті дастархандағы мәзірге байланысты әңгімесінің өзі қандай! «Қара қыз, мынау Сарысудың қазысы ма?» деп бастаған әңгімесі жылқы түлігінен бұғы мен маралға, мүйіздің, мумияның пайдасы мен дұрыс пайдаланбаған жағдайдағы зиянына, Алтайдағы Рахман бұлағына, содан, ойламаған жерден балықтар мен олардың түрлеріне, немесе шай қасықтың, шанышқының тарихына, тіпті болмаса алманы неге қыста қабығымен жеуге болмайтынына ойысады. Енді бірде әлдебір сөздің этимологиясына, одан туындайтын тарихқа ауысады. Байыптап көрген адамға, Қалихан аға қазақы энциклопедия сияқты еді. Қазір ойлап қарасам, сол отырыста әдебиеттен басқаның бәрі сөз болған сияқты. Асекең туралы да онша көп сөз болған жоқ. Қалихан аға досы туралы жастарға қарата жаңғыз айтқаны – «Асқарға сыйлық берілгені – ұлт үшін, әсіресе, жастар, сендер үшін маңызды, өйткені Асқар – ұлт пен нағыз өнердің, суреткерліктің биік деңгейі» сарындас болды. Сондай бір мәйекті отырыс. Өзім де, өзгелер де бір жан рахатын кешкендей едік.
* * *
Асекең Қалихан ағаны жақсы көретін. Қалихан аға туралы «...ол тұнып тұрған сезім, жүрек қой» дейтін. Қалихан аға шығармашылығы туралы жоғарыда аталған «Суреткер мұраты» атты мақаламды өзі сұрап алып, қарап шыққан. Сонда мына бір сөйлемді шамалы редакциялапты. Қажымұрат жалпы әйел баласына қарым-қатынасында (Зылиха, Шәмшiнұр, Назым) қашанда iзгiлiк пен iзеттi бүлiндi тiрлiктiң бұзылмас тiрегiндей көредi . Өз нұсқам қазір есімде жоқ, ал асты сызылған тіркестер – Асекеңнің редакциялағаны. Дүние саларынан бір күн бұрын ауруханада жатып маған берген үш-төрт тапсырмасының алғашқысы – «Бала, Одаққа барып, Қалиханға жолығыңыз» болды. Ол кезде Қалихан аға Одақтың кәсіподақ ұйымының төрағасы еді, біз үш бөлмелі үй күтіп отырғанбыз... Ертеңіне таңертең Одаққа бардым, Қалихан ағаның кабинеті жабық екен; ал, тап сол күні түс ауа Қалихан ағаға қаралы хабармен телефон соғуыма тура келді... Бұл – 1992 жылдың 15 мамыры күні еді.
Асекең «кітабымның қаламақысын алған соң Қалихан мен Асанәліні ертіп Сарысуға, Қара шалға (әкем Қаһарманды мегзегені, мұндайда өзінің «Қара шал» әңгімесі еске түседі) барамыз» дейтін. Ол бір кітап баспаларының базары тарқай бастаған кез еді, сол «Бесатары» жарық көрмей діңкелетті, ақыры өзі дүние кешкен соң төрт жылдан кейін, 1996 жылы шықты. Ал, Қалихан аға әкем Қаһарманмен Асекеңнің қазасында танысты.... Бірер күн әңгіме-дүкен құрды, шамасы, өткен-кеткен біраз айтылған болуы керек, «Әлия, әкең мықты адам екен» деп еді.
Қалихан аға Асекеңнің қазасына байланысты шаралардың барлығының басы-қасында болды. Асекеңнің туған жеріндегі еске алу шараларына да қатысып жүрді. Жастық кезеңдерінен қызғылықты әңгімелер айтатын. «Сүлейменнің жесірінің көрпелерін көтеремін деп арқам талай жауыр болған» деп әзілдейтін. Бұған Асекеңнің анасы Айтоты да мәз. «Ақсу – жер жәннатындағы» кейіпкер Асхат Асекеңнің прототипі деуші еді. Асқар досы туралы «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романында да сөз етеді.
Қалихан аға Асекеңнің кенжесі Әсмәні «Принцесса» деп атайтын. Мені көрісімен қояр сұрағы «Принцесса қалай?» Дәмеш тәтем Әсмәға деп жылда күзде үлкен банкімен Алтай балын беретін, әдемі көйлек, ойыншықтар сыйлайтын. «Асқарды Алтайға ертіп барамын деуші едім,.. енді Алтайға сені апарамын, Қара қыз» дейтін Қалаға. «Адамның ойындағы – Құдайдың қолында...» деген.
* * *
Тәуелсіздік кезеңінде суреткер Қ.Ысқақтың жаңа бір тынысы ашылды. Ол енді ел тарихын, туған ел, аймақ тарихын еркін, тереңінен қаузайтын болды. Бұл оның драматургиясында, әсіресе, деректі прозасында барынша көрініс тапты. Жазушы Қ.Ысқақ енді Қаратай елінің тарихын түп тереңнен қозғап, барын бардай, нарын нардай етіп күллі қазақ жұртына танытуға құлшына кірісті. Жазушы ең алдымен драма жанрын қолай көріп, 1995 жылы «Жан қимақ» драмасын жазды. Бас кейіпкері Әбдкерім болыс еді, бір кейіпкердің прототипі Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ал, сәл кейінірек Шахимарденмен бірігіп Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы «Қазақтар» тарихи драмасын жазды. Белгілі сахнагер Т.Әл-Тарази сахналаған «Қазақтар» Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театр репертуарында әлі де табысты жүріп келеді, ал, «Жан қимақ» осы театр сахнасында бірнеше маусым бойы сәтті жүрді. Бұдан кейінгі жазбаларының, тіпті ауызша әңгімелерінің бәрінде де жазушы Әбдікерім болыстың атпал азаматтығын, елге сіңірген еңбегін; жалпы сол кезеңнің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдарындағы Қатынқарағай өңірі туралы тереңнен қозғады. Көркем шығармашылығында бәлкім көркемдік шарттылықтың өз талабынан, бәлкім, уақыт қысымынан бейнелеуге, сол көркемдік шарттылықтарға, кейде тіпті эзоптық тілге сүйенсе, кейінгі кезеңде барынша кең қамтып, армансыз қозғады, ой нәрін, жан зарын төкті. Суреткер Ысқаққа келгенде, деректі проза деген шартты атау ғана, әйтпесе оның қаламынан шыққан дүниелердің барлығы да нағыз көркем шығарма. Айталық, «Менің інілерім» циклдық эсселерінде ағайындас, жерлес ғана емес, арасында Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров сынды қаламдас, рухтас інілерінің де шығармашылық-адами әлемдерін үшінші шындық аясында ғажайып сомдады. Бұл эсселер – уақыт тынысын, қоғамның бар және болмақ керек адами-имани қағидаларын алға тартады.
Ал, соңғы кезеңінің ең үлкен туындысы - «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романы. Бұл туынды - қаламдас інісі Тұрысбек Сәукетай айтпақшы, тұтас бір дәуірді қалыптаған кең тынысты роман-эпопея. Жазушы, әрине, жекені айта отырып, жалпыны айтты. Қаратай елін, Қатынқарағайдың кешегісі мен бүгінгісін айта отырып қазақтың тағдырын айтты, ел қасіретін тереңнен тартып айтты. «...Қалихан ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қатынқарағайын аңсап отыр деуі мүмкін. Қатынқарағайдың ол кездегі жетіскені де шамалы болатын. Әйтеуір соғыстан көз ашпай, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен Отанын қорғаймын деп арпалысқан қаратайлықтар, мүмкін содан да ләззат тапқан шығар. Сөйтсе де әр елдің, географиялық қоғамдарының берген Ақсу деген аты бар еді (Ақсу –Жер жаннаты, аңыз болған «Страна Беловодье»), ХХІ ғасырда соның қасиетін ардақтап, қадірін білсек деген көкейдегі арман...» дейді суреткер бір тұста. «Келмес күндер елесі» ел тағдырын, адам тағдырын аялаған, кейінгі ұрпаққа аманаттаған көркем поэмадай қабылданады.
Жалпы Қ.Ысқақтың ұлттық руханиятқа тәуелсіздік кезеңінде де сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол бұл тұста әдебиет пен өнер үшін, ел үшін пайдасы бар деп білсе, қай іске де бар ынты-шынтысымен кірісеті, қажет болса, өзін өзі қара жұмысқа да жегетін. Көптеген әріптестерінен айырмашылығы, мүмкін, ерекшелігі, бәлкім артықшылығы - ешқашан жан аянкестігі жоқ еді, маңғазсыну оған мүлдем жат болатын. Не жұмыс жасаса да шын ниетімен, бар көңілімен кірісетін. Ал, Қалихан ағаның Алтай өңіріндегі Қатынқарағайды мемлекеттік қорық аймағына айналдыру жолындағы атпал азаматтық, жанкештілік еңбегінің өзі неге тұрады!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қалихан аға Жазушылар одағында кеңесші, кәсіподақ ұйымының төрағасы; одан кейінгі жылдарда «Парасат» журналында кеңесші, қызметкер; М.Әуезов атындағы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі сынды күнделікті тындырымды еңбекті қажет ететін жұмыстары өз алдына, жеке шығармашылығын да ешқашан қағыс қалдырған емес. Суреткер көркем аударма саласына да көп еңбек сіңірді. Бұл саладағы ең соңғы жұмысы – нобелиант-драматургтар пьесаларының жинағы болды. Егер Қ.Ысқақ шығармашылығын толымды зерттеуге кірісер азаматтар немесе ақжолтай жастар шықса, ең алдымен, суреткердің өз шығармалары мен аудармалары, кезінде баспасөзде жарияланған мақала-материалдарын ғана емес, атқарған жұмыстарының библиографиясын ыждағаттап жасар болса, мұхитқа кезігері анық.
Үлкен суреткер ретінде әрбір құбылыстың мән-мағынасын, тереңін көретін Қалихан Ысқақ, жоғарыда айтып өткенімдей, үлкен білімнің иесі болды - кез-келген заттың тарихына дейін жақсы білді, қай тақырыпта сөз қозғамаңыз «ол өзі былай...» деп тамағын бір қырнап алып сөз бастайтын. Аяулы ағаның шығармалары өз алдына ауызекі әңгімелері де жанға құнар беретін. Үлкен жүректі, жаны жарық Қал-аға адамды сүйген; өмір бойы Ананы, Жарды, жалпы әйел қауымын әлпештеп өткен тұлға.
«Дүнияда сағыныштан қымбат сезім жоқ-ау, сірә!» деп жазады «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романында көрнекті суреткер.
Ал, сан әңгімелеріміздің бірінде аяулы Қалағаның «Өмір дегеннің бәрі әйелге деген сағыныштан басталады» дегені жадымда жатталып қалыпты...
Алматы
Бөлісу: