Ерлан Жүніс. Африка – алып жүрек, ақын жүрек

Бөлісу:

04.05.2017 7310

Апатай,

Құрсағыңда «умми»* деп атадым ба?

«Ма мэр»* деп шықты тілім –

Ұмыттым бар ұғымды.

Жоқ қазір күләпаралы арабы шапаным да,

Жоғалтқам қаруымды.

Бұл түнде,

Сергек әнді ысқыртып салдыра алмай,

Қорқамын,

Бәрінен үрке тегі –

Өзімнен айнымайтын әлдекім аңдығандай...

Ал күндіз бұл күйімді

Достарым күлкі етеді.

Шенеунік сұрар:

– Ұлтың кім еді осы сенің?

– Француз – деп өстім мен.

– Француз? Алжирлік шығар мүмкін?

– Жоқ, – деймін іле-шала –

Алжирлік емеспін мен!

Шәлісіз қарындасым –

Арым жүр әр азуда, –

Француз ділі міне,

Француз діні міне,

Француз тілі міне –

Мектепте тапсырылған марапат қағазымда.

Апатай,

Зар аяғы –

О, неге бұл түнде енді,

Осынау мылқау түнде

Көздерім қарауытты,

Көз алдым қараяды?!

(Малек Хаддад)

Француз тілді Алжир ақынның осы өлеңін оқып отырып, ойыма шығыстың Мәуләнә шайырының өлеңі оралды. Ол – тамырынан айырылған сыбызғының зары туралы еді. Бірі келіп сыбызғыға өзінің күрсінісі мен күңіренісін үреді, бірі шаттық сазын ойнайды. «Бірақ солар менен шығып жатқан зарлы дауыс олардың емес, менің зарым екенін қайдан білсін» дейді сыбызғы. Ол – өзегін жоғалтқанның өксігі. Ол – жетім жүректің қан араласқан көз жасы. Малек Хаддадтың бұл жыры сыбызғының зарына ұқсас. Ұлттық тамырынан айырыла бастағанын түйсінген ақындық сезім басқаға емес, ең әуелі ананың алдына келеді. Өйткені, ана – ұлт. Мәңгүрт ұл анасын исіне бастады. Исінгенде бір сұмдықты сезінді: ұлт жұтылып бара жатыр. Ұл – адасқан. Бұл – Африканың қасіреті еді. Олар ақ нәсілдердің келуінен оба келгендей шошынды.

«Ақ нәсілге сұрақ қойдым бірде мен:

– Неге келдің бұл жерге, не бере алдың бізге сен?

Неге тізем дір-дір етіп барады,

Неге енді нақ бесіннің өзінде

Күн тұтылып, түн басқандай даланы?!

Ақ нәсілге сұрақ қойдым бірде мен:

- Оралам ба кіндік кескен жерге мен?

Ақ сүт ішкен анашымның қолынан,

Бұрылмаған бұрынғының жолынан,

Енді ештеңе шая алмай ма жанымды

Сен әкелген «жақсылықтың» сорынан?!

Ақ нәсілге сұрақ қойдым бірде мен:

- Қанға бөктім неге келмей тілге мен?

Менің мықты терім бар-тын тың әлі,

Менің шыншыл тілім бар-тын дуалы,

Енді аузымды жабуға һәм терімді

Сыпыруға кімнің дәті шыдады?!...», – дейді Оңтүстік Африка Республикасының перзенті Бенекдит Вилакази.

Расында, отарлаушы боданға не бере алады? Африканың жағдайында, олар жарық, яғни өнер-білім алып келді. Қай нәрсе болмасын, құрбандықты талап етеді. Жарықтың есесіне олар тілінен, ділінен, дінінен, ең бастысы, тәуелсіздігінен бас тартуын сұрады. Айырбасқа ұлтты құрбандыққа талап ететін жарықтан тозақтың мәңгілік түнегі мың есе артық емес пе?! Оған басқа көнсе – көнер, алайда ақын көнбейді. Мәдениетке жетудің басқа жолы жоқ па? Әлемдік өркениетке әр ұлт өзінің ерекшелігімен келеді. Сізге көршіңіз өзі секілді жүруді, киінуді, сол сияқты ойлауды, соның есіміне көшуді, қысқасы, өзінің көшірмесі болуды ұсынса келісер ме едіңіз? Сіздің өзіндік арманыңыз, мақсат-мүддеңіз, өмір сүру дәстүріңіз бар ғой. Ұлт та сол сықылды – қайталанбас және дара.

«Қолынан шыққандай алғашқы адамның

Лашықтың ішінен қараңғы,

Жеп жүрген жерімнен жер құртын табылған,

Қолаңса мүңкіген теріні жамылған,

Олардың тілінде ләм дей де алмаған,

Сарқырама даусындай сарнаған,

Тұманды, күмәнді Құдайға табынған,

Тамтамды сүйетін, бойтұмар тағынған –

Тапты да мені олар,

Таңырқап тұрысты:

– Алғашқы адамдар! Байқұс-ай? – деді де,

Мә-де-ни-ет-тендіру ісіне кірісті.

Былшыл мен кітаби әдепті, міне, енді

төбемнен төменге құйып кеп жіберді.

Қабылан жауырыныма қинаумен кептеді,

Өзгенің иығы қушиған шекпенін.

Тап-таза қаныма, о нұрлы қаныма,

Қосты олар мәдени мағына:

Жауыздық тырнағы, ашкөздік араны –

О, бүгін Тәңірім болады.

Басынан айырылды арақтан бекем ұл,

Қарындас көтерді етегін.

Бойымды боқ дүние буына билетті,

Бауырын сатуды бауырыма үйретті.

Сүйінші! Мен енді сұлулық пірімін –

Өркениетті әлемнің мәдени ұлымын!» – дейді камерундық Рене Филомбе.

Уытты сарказм, улы жымиыс. Мәдениеттендірудің бет-пердесін жамылған мәңгүрттендіруге қарсы атылған ақын рухы. Бұл – балшықтан бала жасағандай қорғансыз ұлттарды бір-біріне езгілеп-үгітіп қосып қуыршаққа айналдырып жіберу. Бұл – жер бетіндегі өркениеттен сәл артта қалған ұлттардың хақыларын жоққа шығару, ұлттық құндылықтарын құрметтемеу және олардың тағдырымен ойнау. Мәдениеттендіру өнер-білім алып келумен ғана шектеліп қалған жоқ, оның артында ат тұяғымен ілесіп келген балшық немесе кеме қоймаларындағы қоқыс та болды. Ұлттық болмысы мен тарихынан ешқандай тарихшы да, саясаттанушы да дәл ақын сияқты нақты да ақиқат хабар бере алмайды.

«Силва Коста – сеньор шынайы,

Біздің аралдың қонағы.

Мойнында сауданың құдайы,

Қойнында бір шыны арағы.

Шілдеге қалайша шыдарсыз,

Айнала кіл сағым арбайды.

Мұндайда қара су – тым әлсіз,

Тамақты жібіте алмайды.

Сол сәтте сеньор жаңағы

Арақтан бір жұтып тастады...

Тершіді маңдайы, жіпсіді тамағы,

Алғашқы саудасын бастады»...

(Франсиско Жозе Тенрейро)

Сан-Томе аралына аралына мәдениеттендірудің алғашқы саудагері осылай келді. Мәдениеттендіру арақтан басталады екен.

« Мен шіркеуге бармаймын, сот залына сандалман –

Жаңа мәдениет жайлы даурығумен күні өтті.

«Ажырасу» жайлы айқай, «теңдік» жайлы заңдардан

Қабылданған шешімдер айнытады жүректі:

Бір еркекке – бір әйел!

Менің бабам білмеген әйелдерінің есебін,

Түкірген ол теңдікке – жақсы еді оған онсыз да.

Шаңырағында өзінің Тәңір болған деседі.

Ақ нәсілді келді де қамшы салды қамсызда:

Бір еркекке – бір әйел!

Таңдаулылық сезімінен сіздің жарлар паң шығар,

Жалғыз өзі біткен соң маңдайына еркектің,

Мүмкін ертең босану зиян деген заң шығар?!.

Қандай кісі айтты екен мұндай мәнсіз ертекті:

Бір еркекке – бір әйел!

Ойлаңызшы, еркекке жалқы әйел тұлға ма?

Үй шаруасын қайтесіз, егін-жайды бөлек қой,

Жеміс теру, ас жасау – мәселе емес бір ғана,

Тағы оның үстіне бала табуы керек қой:

Бір еркекке – бір әйел?

Шаруа емес, о, тіпті босанудан шошынған,

Қолында тек кітабы, үй ісіне батпаған –

Сондай болса, қалайша құтылам бұл масылдан?

Ажырасу?

Жә, жетер!

Бұл мәдениет – жат маған!

(Френк Абиодун эг-Имукхеде)

Міне, сол кезеңдерде Нигерияның шіркеулері мен сот залдарында жаңа мәдениетті насихаттау осылайша жүріп жатты. Бұл жердегі гендерлік саясат өзінше (әр отбасының өз шаруасы), сонымен қатар, сан ғасырлық әдет-ғұрып пен салт-сана тергеуге түсті. Басы талқыға түскен бейбақ ұлттық құндылықтардың арашасысы тағы да – ақын. Ол өз ұлты үшін жауап береді.

«Топырағым – топырағы бабамның!

Жер – менікі! Қожасы – мен ғанамын!

Бөтендердің заңдарында ісім жоқ,

Оны жазған – қанға малған қаламын,

Ауызынан асын жырған баланың.

Бөтен заңның күші – зорлық-зомбылық!

Туған жерді өзгелерге жол қылып,

Өз жеріне өз баласын зар қылар,

Су түбінің, жер астының байлығын,

Жат қолында қор қылып...» – дейді Тунис ақыны Мұхаммед әл-Аруси әл-Мәтви.

Бұлай деуге оның толық хақысы бар. Көлденең біреудің ұлтыңның тағдырын шешуіне, өліп кет, жол беруге болмайды! Ал, жол бердің екен, бөтеннің ісінің ықпалында, сөзінің ығында кеттің екен, онда тарих сотының алдында масқараға, ұлт обалының алдында қарғысқа ұшырайсың. Бәрі кешіріледі, бірақ сатқындық кешірілмейді.

« Менің байқұс бауырым,

Күлгенінде күрек тісі көрінген,

Мастанғанда марапатынан аярлардың тілі айыр.

Алтындалған көзілдірігі керілген,

Көкшілденген көздерінде,

Қожайынның сөздерінен мүләйім.

Менің байғұс бауырым,

Аса сәнді шекпенінде

жібекпенен көмкерілген астары,

Қамқорсынған орталарда сыпайы

Батылсынған шіңкілменен кейіптеген басқаны –

Біз сені аяймыз!

Өркениеттенген маңдайыңда паңдана

Туған жердің шапағының тек елесі қалғандай.

Тіпті анау лашықтағы шешең жайлы естелік

Ұзақ жылғы көнбістік пен кемсітуден сәл ғана

бозаң тартқан жүзіңде

Әлсіз ғана мұң өрнегін салғандай.

Тек бірақ,

Иығыңдағы дабылының даңғырындай мағынасыз

Тойынғанда жел сөздердің ісіп-кепкен деміне,

Аяқ сала қып-қызыл һәм у-зәһардай

Африка жеріне

Әр мазасыз қадамыңда жатсынғанын сезіне,

Қайталарсың жетім қозы көңілмен:

«О, неткен жалғыз, неткен жетім едім мен!».

Давид Диоптың кейіпкері – бұл байқұс бауырды енді Сенегал топырағы исіне қояды ма екен?! Аянышты! Өз ұлтын менсінбей, өзге ұлттың қолжаулығы болып жүргендердің тағдыры – күлкілі! Сатқындыққа – сатқындық! Бауырмалға – бауырсақ! Адалдыққа – ақ сүт! Бұл – Африка жүріп өткен қанды жолдың бір соқпағы. Ол бәріне де көнген, бәрін де жеңген. Бірақ оның қанына «өркениетті әлем» араластырған «мәдени мағына» уыты әлі қайта қойған жоқ. Кеше өздері жанталаса жасыруға тырысқан шынайы болмыстарын бүгін жан мен ар тырнағы қан-жоса болып қайта аршып алуға ұмтылуда. Алашта да азу тісі сынбаған ақын бар ма?. Өйткені олар жүрген қанды жол қазақ даласында да сайрап жатыр. Мен де біреуді аядым, өйткені, менің де аянышты бауырым бар.

Сан-Томе аралынан ызалы ащы дауыс естіледі:

«...Енді, міне, бәрі «үйлесім тапқанда»:

Мұздағанда әр тамшы қан тамырда,

Тұншыққанда дабыл үні кешегі,

Ағарғанда шашым жастық шағымда,

Қайтқанында аңсарымның меселі,

Сұйылғанда ата қаным – тұмарым,

Құйылғанда құты ішіне қуатым,

Еркіндік пен бейбітшілік ұраны –

Осылғанда жон арқадан – мұратым,

Сызылғанда қанды жолақ арманға ақ,

Бұзылғанда болмысымның пішіні,

Қурағанда сағынышым – сарғалдақ,

Қирағанда батырымның мүсіні,

Бұғаулардан санам сұлық һәм бұжыр,

Аң секілді аңдылғанда ізім де,

Өркениет «әсемдігі – мәңгі жыр»

Қанды сүйел секілденер жүзімде,

Енді сенен сұрап тұрмын, Еуропа,

Ары қарай не істемек ойың бар?!»

(Антонио Томас Медейрос)

... Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл дауыс әлі жаңғырып тұрған секілді. Осы жаңғырық – аз халықтардың ішкі жанайқайы әлі де құлақты тұндырады. Бірақ сол жаңғырықтың арасында үміттің әлсіз үні, келер көркем күннің келісті әуені де естілген-тін. Алжирлік ақын Мұхамед Диб осыны жырлайды:

Қанатты үміттер қалықтап келеді,

Шалғайдан бір әуен шалықтап келеді,

Түнерген көңілге қамықпа дегелі,

Шаршаған жүрекке жалықпа дегелі,

Қайырылар қуаныш, қайғылар өледі.

О, бейбіт әуендер – жырлаған өмірді,

Жүректің лүпілі сабырлы, сенімді,

Үзілмес ешқашан, ешқашан...

Көз алдым тұманды, тұманның ішінен

Қалтырап бір алау көрінді.

Қалтырай көрмеші,

Қорықпа түннен де,

Қорықпа желден де,

Біз күтіп аламыз екеуміз

Аппақ таң келгенде,

Алтын күн күлгенде.

Кешкілік өкпегім,

О, керең қоңыр жел,

Қайтыңдар,

Айтыңдар,

Хабарым ала бар

Сендерді жіберген өңірге:

Келеді көктемім,

Көктемім келгенде

Нұрлы күн оралар.

Нұрлы күн – бал күнім –

Бидайдың қауызы,

Ақ нанның иісі

Бақыттың шуағы –

– Тағдырым!

Иә, Африканы жалғыз ой, жалғыз идея есейтті – азаттық идеясы. Азаттық – қайғысыз жеген ақ нанның иісінде, қамсыз күлген баланың жанарында тұрды. Азаттық идеясы барлық жерде, барлық сөзде, барлық іс-әрекетте жатты. Мұхамед Диб тағы бір өлеңінде:

Күн шықса – қып-қызыл шапағы,

Қанменен салынған суреттер

Алдымда көлбеңдеп жатады.

Тек дауыс тынбайды ән салған –

Жетердей жер ауған мекенге

Азапты, қайғылы қанша арман...

Қанды қыс – ажалдың елесі!

Ал дауыс тынбайды айтудан

Аластау мәңгілік емесін.

Жалбыздар жап-жасыл болар деп,

Мол жеміс берер деп келер күн,

Қайғымыз ұмытылып қалар деп.

Жүрегін мұң басқан туғалы,

Бұл қыздың дауысы еді ән салған

Көктемнің келері туралы.

Африка өз көктемін күтті. «Аппақ қарды омбылап, көктемді іздеп келем мен!» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, алып құрлықтың ақындары да өз көктемін іздеді. Тағы бір алжирлік шайыр Анри Креа жаңа күннің туар сәтін аңсап, жырмен, сөзбен уақытты дуалағысы келгендей, былайша жырлайды:

Бәрі-бәрі ұмытылар –

Алжир әуежайында

Ақ мәрмәрлі қабырғаға

Өр өлең –

Жазу ілер күн туар:

«Қош келдіңіз, жолаушы,

Елімізге егемен!»

Ақ құшағы ізгі елдің

Барша әлемге жайыла,

Біз күткенбіз сіздерді

Жүз отыз жыл бойына!

Қараңызшы, аспанға:

Көкшіл шуақ –

Ізгі нұр –

Қанымызбен шайғанбыз

Біз мұны.

1830 жылы Франция мен Алжир арасында бейбітшілік келісіміне қол қойылып, Алжирдің тәуелсіздігі мойындалады. Алайда, араға бірнеше ай ғана салып барып, келісім бұзылады. Сол тәуелсіздік үшін күрес 132 жылға созылған. Анри Креаның «Біз сіздерді 130 жыл күттік» деуі де осыдан. Алжиыр және Африканың басқа елдері де өз тәуелсіздіктерін алғанда – тарих әділеттілігі салтанат құрғанда сенер-сенбесін білмей, абдырағаны да рас.

Бейбітшілік, келдің бе?

Қалды артта қопалар қайғыммен,

Көгімде – қамсыз ай күлген,

Жарақатымды шайдым мен.

Қарлыққан радио тыншыды,

Көрінді әйелдердің де

Шыр айналған ұршығы –

Бейбітшілік келдің бе?

Көгершінім келдің бе? – дейді, алжирік Жан Сенак.

Африка – алып жүрек – ақынның жүрегі қайта соқты. Ол жүректің соғысы бүкіл дүниеге жаңа мән берді. Жаңа дәуірдің туғанын айтты. Олар енді нені жақсы көріп, нені жек көретінін, нені қалап, нені қаламайтынын анық әрі ашық жария ете алды. Олар өз тамырына оралғысы келді. Олар өздері кешкен азапты тағдырды ұрпағы, болашағы кешпеуі үшін, болашақ ұрпақ өз хақысы мен азаттығын қайыр сұрағандай сұрап тұрмауы үшін серт еткендей еді. Піл сүйегі жағалауының ақыны Бернар Буа Дадьенің өлеңінен осыны көреміз:

Мойнымдағы қарғыбауым өрнекті –

Қарғыбауы Еуропаның көрнекті,

Ұнатпаймын мен галстук тағуды.

Темір шынжыр, темір шыншыр белдегім –

Бұл әскери Еуропаның белбеуі.

Ұнатпаймын буынуды белдікпен.

Бұл басымда темір қалпақ бар тағы –

Бұл да ессіз Еуропаның қалпағы,

Ұнатпаймын дулығалы қалпақты.

Қос қолымда өлім де жүр кәнігі –

Маған таққан Еуропаның өлімі,

Ұнатпаймын қолға сағат тағуды.

Қара тасты жек көремін,

Тас атын –

табыттарды, табыттарды басатын,

Қара тастар тартатындай түнекке.

Ұнатпаймын кілттердің де сыңғырын,

Жүрген кілттің қарауылдың қолында,

Қарауылдың түрмелерде тұратын,

Мүрделердің маңында.

Қорқаулардың ұлуына кектенем,

Қарғалардың ұшуын да жек көрем!

Қанға бөккен қалалардың үстінде.

Менің дәтім шыдамайды көруге,

Ащы жасты көзіндегі баланың,

Сағынышты жанарынан ананың.

Салбыраған бастарды да көре алман,

Қарашықты жасыл нұры жоғалған.

Қорқыныштан сұп-сұр болған келбетті,

Алба-жұлба әйелді де,

Азып-тозған еркекті.

Көре алмаймын,

Жәутеңдеумен жанары

Екі қолын жайып тұрған баланы.

Қалай көрем,

Осылардың құрбаны –

Болашақтың қайыр сұрап тұрғанын!

Көргім келмейді!

Бұл – жиырмасыншы ғасырдағы Африканың ақындар жазған шежіресі. Ал жаңа ғасырдағы Африка қандай? Жиырма бірінші ғасырдағы Африка ақындарын не толғандырады? Мұны келесі, кезекті мақалаға арқау ететін боламыз.


*Умми – ана (арабша)

*Ма мэр – анам (французша)

Бөлісу:

Көп оқылғандар