Жәди Шәкенұлы: Ұлт әдебиеті үшін қайғырамын...

Бөлісу:

04.05.2017 5800

Осыдан біраз бұрын жазушы Жәди Шәкенұлымен жолығып, әдебиеттің әрі шығармашылығының айналасында әңгімелескен едік. Сол риясыз сұхбатымызды жариялаудың реті жазушының 5 мамырдағы туған күні – ердің жасы 50-ге келген атаулы күнімен сәйкес келіп отыр екен. Қаламгерді туған күнімен құттықтай отырып, назарларыңызға сұхбатымызды ұсынсақ.


- Жәди аға, кезінде Тұрсынбек Кәкішев, Темірхан Тебегенов, Тоқтар Бейісқұлов, Рақымжан Отарбаев, Жанат Ақмәди сияқты қаламгерлер сіздің шығармашылығыңызға өте жоғары баға беріп еді... Содан бері де біраз жылдар өтті. Жұрт өзіңізден жаңа шығармалар күтті. Сол сұранысты ақтай алдыңыз ба?

- Мойындаймын, мектеп өмірі маған көп сабақ берді. Сонымен қатар көп уақытымды да ұрлады. Кейде тағдыр деген нәрсе адамның ойлаған ойына қарсы болатын сияқты. Сенің ойлағаныңнан тысқары оқиғаларға кездестіреді. Мен Алматыда 15 жылдай тұрдым. Қаланың бірсарынды өмірі, тұманды кештері жалықтырғанда: Әттең, Алтайдың ақборанды кештері-ай, қайран, Ертістің бойы-ай, аспанда бұлт байыздап тұрмайтын. Қаламгер үшін де өмірден, қайнаған қайшылықтан алыстап қалаға қамалғанымд ықарашы! –дейтін едім... Тегінде адам баласы абайлап сөйлеу керек. Сөздің иесі бар. Сол сөзімді періштелер «Аумин!» деп қағып алған шығар. Астана іргесіндегі Қояндыға келгелі адамның боранын да, даланың боранын да бір кісідей көрдім. Еңбастысы әдебиет үшін біраз қор жинадым. Бұл – менің табысым. Көлдің беті үнемі асыр-тасыр болып жатпайды. Сол секілді жазушы әлемі де бірде бәсең, бірде шабытта болады. Толғаныс көп, ой көп, жазатын күнім алыс емес. Жоғалтқан күндерімді тауып алуға Алладан қуат сұраймын.

- Жазуды айтпаған күннің өзінде әдеби орталарда жиі бой көрсете бермейсіз... Әдеби ортадан алыстау оқудан да алыстатып жібермей ме?

- Әдебиетші ойдан, оқудан айырылса бәрінен айырылады. Мен жасымда өте көп оқыдым. Әсіресе 15-25 жастың арасында кемінде бірнеше жүзтомды аударып тастайтынмын. Бірақ, жасыратын несі бар, көбін ермек, ертек, әуестік үшін оқығаным бар. Айталық, Иван Бунин, Михаил Шолохов, Андерсен, Мопассан, Жюль Верн, Чехов, Гоголь, Тургенев, Пушкин, Байрон, Максим Горький, Толстой, Габриэль Гарсиа Маркес, Эрнест Хемингуэй, Шыңғыс Айтматов т.б шетел қаламгерлерін оқыдым. Қазақтың белді жазушыларынан қолға түскенін түгел аударып-төңкердім.

Енді ойласам, оның бәрінің әдеби шеберлігі бірден есте қалмапты. Содан шығар, уақыт болғанда қайта оқитын әдет таптым. Көбі қолға қайта түспейді. Соның ішінде сөремнен табылатын, жалықтырмайтын біразы бар. Жұрт көп айтабермейтін Пушкиннің прозасын және Михаил Шолоховтың «Көкше дала», «Тынық Дон», Иван Буниннің шығармалары бар. Бұларды аударған қазақ қаламгерлерінің өресі өте жоғары болған. Көбін қазақша сайратып жіберген. Қазіргі кейбір аударманы оқысаң түк түсінбейсің. Айталық, жапон жазушысы Муракамиды әркім бір жұлқылап жүр. Көбіне көңіл толмайды.

«Жолдастың алам қайта жүзін жинап, айрылсам ала көңіл он досымнан» деп Қасым Аманжолов айтқандай, мен әдеби ортаны іздей алмай қалған жағдайда, әдеби орта мені іздейтін күндер де туып жатыр. Соған қарағанда халыққа, халықтың әдебиетіне керек адам сияқтымын. Халқына керек адам халқының жүгін алаңсыз арқалауы үшін өзін өзі қорғауы керек. Оның өзін қорғағаны халыққа керекті адамды қорғап, халқын қорғағанмен бірдей.

- Кейінгі кездері кімдерді, қандай шығармаларды оқып жүрсіз?

- Жаңа шығармалардан гөрі, көне шығармаларға көбірек үңілгім келеді. Жаңаның бағыты анық, тауып алуда қиын емес, қашпайды. Өткеннің ішінде алтын бар. Соны табу керек, зерделеу керек. Тұстас әдебиеттің болмысын назарға ала отырып, шығарманы қалай жазу жөнінде әлі де болса көп толғатқан жөн.

Соңғы кездері Нобель сыйлығының иегерлерін қайта қолға алдым. Соның ішінде қазірше есімде қалғандарын айта кетейін. Нобель сыйлығының иегері, норвег жазушысы Кнут Гамсуннің «Аштық», «Орман тәңірі», «Махаббат мұңы» романдарын оқып шықтым. Сол кездің көзімен қарағанда өте биік деңгейдегі шығармалар. Бүгінгі күнмен бағалау, әрине, қиын! Бірақ қаламгердің еркін, төгіліп тұрған шабыты, дарыны, өзіне тән қолтаңбасы бірден мен мұндалайды. «Аштықтағы» бас кейіпкер нақұрыстау көрінсе де, адалдықтан жазбайды. Кейде тіпті, жазушының өмірден торыққан сәттерінің де көрінісі сіңірілгендей. Жан күйзелісіндегі бас кейіпкер бәріне төзеді, көтереді, жеңеді. Егер дәл қазіргі кезде мен тура осындай шығарма жазсам екінің бірі оны лақтырып жіберер еді. Мәселе онда емес, маңыздысы – жазушының шеберлігі. Жазушы «Орман тәңірінде» кейбір тақырыпты күрделендіремін деп түсініксіздікке де бой алдырған ба деп қаласың. Мүмкін аудармашыдан кеткен қателік болуы да ықтимал. Ал, «Махаббат мұңының» айтары анық, жан дүниенің айнасы, шебер қолдың кестесі сияқты. Бәрі өз айшығымен. Бір қызығы осы үш шығармаға да жазушы саналы-санасыз түрде өз «менін» (өзін) сіңіріп отырған. Шығарманы бар зейінімен оқыған адам оны авторды көрген жерден тани қоюуы бек мүмкін.

Сосын қолыма қайта іліккені Эрнест Хемингуэй. Оның «Климанджаро – қарлы тау», «Қызығы мол сол жылдар», «Шал мен теңіз» повестері. Былай қарасаңыз жұрт білетін шығармалар. Бірақ мен бүгінгі талғам көзіммен қайта қарауыма тура келді. Алдыңғы жазушыдағыдай мұнда да Хемингуэй саналы-санасыз түрде өзін шығармасына сіңіріп отырған. Мұндағы басты себеп – шынайы шығарманы өмірдің өзінен қиып алып қарапайым нәрсені биік, әдебиеттік өреге көтеруі. Әсіресе, «Қызығы мол сол жылдар» Хемингуэймен бір кісідей сырласуға болады. Алдыңғы шығармалардың авторын «өз көзіммен көргенім» сияқты, мұнда да жазушымен бірге жүріп, бірге тұруға тура келді. Қаламға берілген еш жасандылықсыз еркіндік, тек қиял әлемінің, ой биігінің кемелі мен жасалатын даралық сізді қызықтырады. Әдебиетші болуға «сабақ өтеді». Кейде, әрине, тым ұсақталып кетеді... Кейде Иво Андрич, Виктор Гюго, Уильям Голдинг, Проспер Мериме, Альбер Камью, т.б. сөремде шаң басып тұрған кітаптарға шолып қарап қоямын. Онда да жазу әдісінде қандай ерекшелігі болған екен дегенге көбірек мән беремін. Олардың жалпы ерекшелігі өте еңбеккер және де жұрт шиырынан қашып, қаламды емін-еркін сілтеп отырғандығы дер едім.

- Ал, бүгінгі жазушылардан кімді оқисыз?

- Алдыңғы жылы Орхан Памукті, өткен жылы қытайдың Мо Янын біраз ақтарғаным бар. Бірақ неге екенін білмеймін, көңілімді бірден баурап кете алмады. Өткен ғасыр классиктерінде сақталатын көп сөзділік, социалистік реализм аталған сандырақтардың салқыны байқалып қалады. Бірақ алдыңғы екі жазушыны айтқаным сияқты, жазушы бірден биікке көтеріліп алып, төменге түсе алмай қалмайды. Қарапайым өмірге қанат бітіріп, оны үлкен ойларға, иірімдерге ұластырады. Бастысы жазушының жан-дүниесінің байлығы бірден аңғарылады. Олар әдебиет үшін жазбайды, әдебиет оларды өзі іздеп табатындай кен жасайды. Шалқып, лықсып тұрған дүниесін ерінбей-жалықпай ел адына жайып салады. Шеберлікті еңбекқорлықпен жетілдіреді.

- Сіздің түсінігіңіздегі жазушы деген кім? Қандай адам болу керек?

- Бірінші айтарым - жазушы бай болу керек. Жоғардығы төрт қаламгерден соны байқағанымды айттым. Сосын оны арзан атақ қызықтырмау керек. Хемингуэй бір сөзінде: «Мен жаңа әдіс-тәсілді іздемеймін, алайда жұрт менің қалай болса солай жаза салғанымды жаңа тәсіл деп қабылдап жатады» деген сөзі бар. Бай жазушы ешқашан қысылып қымтырылмайды. Жасандылық пен жалғандыққа да бармайды. Қазақ әдебиетінің кесек тұлғалары – М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, І. Есенберлиндер өз-өз алдына жатқан шалқар көл сияқты. Қалай сапырсаң да байлығын бірден байқайсың. Байлық дегеннің ішінде бәрі бар – өмір, тіл, діл, шеберлік, кеңдік-кемелдік, жай адамдардан биік тұратын ой-талғам сияқты...

Кейбір жазушылардың, әсіресе кейінгі буынның кедейлігін көргенде қарыным ашады. Іздену, үйрену, талғам таразысына салатын даналық, кеңдік жетіспей жатады. Маңдайын терлетпей классик болғысы келетіндер көп. Әдебиет тек қана еңбекті бейнет еткен адамға ғана зейнетін береді.

- Балалар әдебиетіне де қалам тартып жүрсіз.Біз балаларға арнап қаншалықты жақсы шығармалар жаза алдық?!

- Біздегі кедей жанрдың бірі – балалар әдебиеті. Кесек кейіпкерге баланың іс-қимылын беріп, кішірейтіп көрсетсеңі зболды, ол бала болып, балалар әдебиеті болып шықпайды. Баланың өзіне тән қажеттілігін табу керек. Баланың жан дүниесін айнадан көре білетін көрегендік қажет. Менің жазғаным жұртқа қанша керекті-керексіз екенін білмеймін. Балаларға жазғаным оқулыққа кірді. Түріктің латын жазуына аударылып, ағылшындардың интернет кітапханасына ілінді әрі қытай жақта басылып, тарады. Соған қарағанда жаман емес сияқты.

Өткен жылы Қазақстан Жазушылар Одағында дәстүрлі жыл қорытындысы болды. Белгілі ақын, балалар әдебиетшісі Болат Үсенбаев менің «Арманшыл бала» кітабымды жақсы жағынан атапты. Тек балалар әдебиетін қумасам да, балалар өмірінен бірдеңе жаза алатын халдемін деп ойлаймын. Қазірде, тіпті нашарлау айтқанда, еріккенде, зеріккенде өз балаларыма бірдемелер жазып беремін. Артынан аңдасам өз балаларыма керек болған дүние, өзге балаларға да керек болып шығады. Балалығы байлықпен емес, кедейлікпен өткен қаламгер, балалар әдебиетінде кедейлік көрсетпейтін көрінеді.

- «Қаралы көш» романыңыз – тарихи роман. Жақында түрік тіліне аударылып, осы тақырып аясында Стамбул қаласында өткен конференцияға барып баяндама жасап келгеніңізден хабардармыз. Жалпы әдебиеттегі тарихи тақырыптар жайында не айтар едіңіз?

- Бұл өте үлкен және ауқымды тақырып. Себебі, жұрттың бәрі тарихшы емес. Ал тарихты әдебиетке айналдырып айнадай алдына жайып салсаң, екінің бірі елеңдей оқиды. Одан нәр алады. Ол үшін ертек айту керек емес. Сөз басындағы әлем әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларын әділ қазыларға тізіп отырғызып қоюыңыз керек. Тарих екен деп әдебиетті ұмытпауыңыз қажет. Менің «Қаралы көш» романымды әдебиетші ғалым да, қарадан шыққан қарапайым оқырманда жоғары бағалағаны шын. Бірақ, қолыма қайта алып қарап отырсам, бұдан да мін табылады. «Әттеген-айлары» кездеседі. Кейбірі ашықауыздықтан болса, кейбірі өренің жеткен жері сол деңгейде екенін көрсетеді. Сөйтіп, өз дүниеме көңілім толмай отырғанда, өзгенің дүниесіне көз саламын. Әлгінікі менікінің маң қарасын көре алмай төменде жатқанын байқап қатты құлазимын. Ұлт әдебиеті үшін қайғырамын. Қарапайым бір мысал, тарихи тақырыптардағы ортақ кемшілік – хандардың мүсінін сомдау, көбінде қойшы да, қосшы да кезіге беретін, көрінген көк аттының жолындағы біреу сияқты бейнеленеді. Тұлғасын тым төмендетіп жібереміз. Сосын тарихтың жөні осы деп, біреуді өлердей мақтаймыз, екіншісін өлердей даттаймыз. Кейде кәдімгі ертегі сияқты сыпыра баяндаймыз. Әдебиет – сөз құдіретінің көркемдік биігі. Сол биікке шыға алмаса ол әдебиет емес. Оған тіпті әдеби шығарма атауын берудің өзі ұят. Бұл жайында айтар әңгімемді кейінірек бір мақаламда баяндау ойым бар.

Мен тек тарихи дүние жазбаймын. Осы өмірден алынған бірнеше кесек шығарма ойымда жүр. Алла қуат берсе, мойынымдағы сол қарызды халыққа берген күні жүгім жеңілдейтін шығар. Қазірші ойларымды жинақтау үстіндемін...

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айжан Табарак

Бөлісу:

Көп оқылғандар