«Бас-Алқа» әдеби клубының кезекті отырысы өтеді

Бөлісу:

04.05.2017 4455

«Бас-Алқа» әдеби клубының кезекті отырысы «Бүгінгі қазақ прозасы. Жазушы Асқар Алтаймен кездесу» тақырыбында өтеді.

Жиынға белгілі қаламгерлер мен әдебиетші жастар қатысып, Асқар Алтайдың шығармаларын талқыға салады. Автордың көзінше туындыларын сынға алып, артық-кемін тілге тиек етеді. Жазушымен сұрақ-жауап арқылы еркін пікірлесіп, оның шығармашылық ізденісі туралы мағұлмат алады.

Асқар Алтай тәуелсіздік жылдарында өнімді еңбек етіп, қазақ прозасына қомақты үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Оның "Киллер сауысқан", «Альпинист», «Казино» деген әңгімелері өз кезегінде сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. «Бас-Алқа» әдеби клубының отырысында осы әңгімелердің төңірегінде жекелеген ой-толғамдарды білетін боламыз.

Жазушының өзге де роман, повестері туралы пікір білдіретін адамдарға қарсылығымыз жоқ.

Асқар Алтай өзінің шығармашылық зертханасы туралы: «Менімше, кез келген тегеуірінді туындының композициясын автор емес, сол кесек шығарманың мазмұны өзі-ақ жүлгелеп шығарады. Тек оған уақыт атты падишах пен тағдыр атты әлеуетті ғұмыр керек. Әйтеуір, менің шығармаларым форманы өзі қалап алатыны, тіпті кей тұста маған бой бермей бой түзейтіні рас» - дейді. Прозада миф пен реализмді қатар ұштастырып, қазақтың шұрайлы тілін шашауын шығармай қолдана білетін жазушының шеберлігі көп адамды таңғалдыратыны жасырын емес.

Тәуелсіздік жылдарындағы прозаның басында Асқар Алтай сияқты қаламгерлердің тұратынына дау жоқ. Аталмыш басқосуда оның шығармаларының идеясын, түп-төркінін, мақсат-мүддесін төреші оқырманамен бірге сарапқа салатын боламыз.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар