Тұсауы кесілген төрт жинақ

Бөлісу:

22.04.2014 6818

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында төрт бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Олар: «Айтыстану» ғылыми жинағы, Аманжол Әлтайдың «Ақын-жыраулар поэзиясы» оқулығы, «Аманжол-Сара» айтыс жинағы және Серікзат Дүйсенғазиннің «Қарашығымда көшкен бұлт» атты жыр жинағы. 

IMG_0859.JPG

Кешке Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сынды көрнекті қоғам қайраткерлері, айтыс ақындары және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұжымы мен студенттері қатысты. 

IMG_6966.JPG


«Айтыстану» ғылыми жинағы – әдебиеттанушы ғалымдардың әр кезеңдердегі айтыс өнерін зерттеуге бағытталған еңбектері топтастырылған жинақ. Айтыстанудың арнасын қалыпьтастырып берген М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин сынды көрнекті ғалымдарымыздың құнды мұраларынан бастап тәуелсіздік жылдарындағы қайта жаңғырған өнердің жаңаша сипаттарын, даму үрдістерін қарастырған әдебиет зерттеушілерінің мақалалары енгізілген. Атаулы кітап жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторнаттарына, әдебиетші-ғалымдарға және әдебиет сүйер оқырманға арналған.




IMG_6954.jpg


«Ақын-жыраулар поэзиясы» оқулығы – хандық дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму сипаты тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдайлармен сабақтастырыла қарастырылып, аталмыш дәуірде ұлттық поэзияның өркендеуіне маңызды роль атқарған жыраулар мен ақындардың шығармашылық ерекшеліктері көркем мәтіндер негізінде талданған. 







IMG_6957.jpg


«Аманжол-Сара» айтыс жинағы – қазақтың қасиетті де бекзат өнері айтыстың алаш таныған айтулы қос дүлдүлі Аманжол Әлтай мен Сара Тоқтамысованың бірнеше айтысы топтастырылды. Сондай-ақ, белгілі ғалым-қаламгерлер мен өнер зерттеушілерінің нақ сол жыр додалары туралы әр кезде жарық көрген талдау-сараптама сипатындағы жазбалар енгізілген.






IMG_6953.jpg


«Қарашығымда көшкен бұлт» жыр жинағы – белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазының бұл тұңғыш өлеңдер жинағына өмір, өнеге, адамгершілік, туған ел, махаббат, адамның ішкі жан дүниесінің сезім-сырларын, табиғат құбылыстарын арқау еткен өлең топтамалары. Алла есімін, пайғамбарларды ұлықтаған мадақ жырлар, діни төрттағандар енген. 







   Тұсаукесер кешінде бірқатар қоғам қайраткерлері сөз алды.

IMG_0912.JPG


Мырзатай Жолдасбеков: – Айтыс – Алланың қазаққа берген сыйы. Арамызда қазақ халқына айтыс өнерін мен алып келдім деп айтушылар бар. Мемлекет болған соң бұл жерде мемлекеттің билігінсіз ешнәрсе болмайды. Айтыс болсын, салт-дәстүр болсын қайта жандануына ықпал еткен адам Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз еді. Аманжол Әлтай кешегі сал-серілердің жалғасы, айтыс жанашыры. Кезінде мен Аманжолды Еуразия ұлттық университетіне  Қарағандыдан жаныма қырық кісі ертіп алып аттай қалап алып келген едім. Ол үмітімді ақтады. Бүгінгі айтыс өнеріне байланысты шыққан жинақтардың барлығы Аманжолдың айтыс өнеріндегі мол ізденістерінің жемісі. Серікзат Дүйсенғазиннің «Қарашығымда көшкен бұлт» атты жинағы жайында айтар болсам жинақтың аталуы да ерекше, жүрекке жылы тиетін атау. Серікзаттың өлеңдері тұнып тұрған лирика. Оның айтыстарында да өзшелік бар. Бүгінгі төрт жинақтың да тұсаукесері құтты болсын! 


IMG_0944.JPG

Сейіт Қасқабасов: – Айтыс – көп қырлы, синкретті өнер, әдебиетке өте жақын жанр. Ақындар айтысы – ақындар мен жыраулар поэзиясы қатарында қарастырылуы керек. Айтыс халық пен қоғам тарихының барлық кезеңінде өмір сүрген. Әсіресе, ақындар айтысы XIX ғасырда биік тұғырға көтерілген. Ал, қазіргі айтыстың жанашыры, белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтай. Ол тек ғылымда ғана емес, сондай-ақ айтыс өнерінде де өзіндік орны бар азамат. «Айтыстану» ғылыми жинағының жоба жетекшісі ретінде Аманжолдың бүгін еңбегінің жанған күні. «Ақын-жыраулар поэзиясы» оқулығы да, «Аманжол-Сара» жинағы да айтыс өнерін дәріптейтін құнды дүниелер. Тағы бр айтыскер ақынымыз Серікзат Дүйсенғазиннің «Қарашығымда көшкен бұлт» жинағы тұнып тұрған лирика. Бұл жинақ Серікзаттың жазба поэзияда да өзіндік қолтаңбасы бар екенін анық айғақтайтын кітап. 


IMG_0983.JPG

Сауытбек Әбдірахманов: – Менің бір жиында әзілдеп айтқаным бар еді: «конференция – оқып мақтайтын жер, тұсаукесер – кітапты оқымай мақтайтын жер» деп. Сол сияқты мен мына кітаптардың бірде біреуімен таныс емеспін. Бірақ, бүгінгі жинақтар жайлы мен оқымай да пікір айта аламын. Себебі, бұл ақын Аманжол Әлтайдың жетекшілігімен жарық көріп жатқан дүниелер. Ал, Аманжол атқарған іс, Аманжол сөйлеген сөз, Аманжол жасаған шаруа, Аманжол жасаған айтыс менің ұғымымда басқаша болуы мүмкін емес. Айтыс өнерін насихаттауға арналған жинақтардың болашақ өз жалғасын табады деп сенемін. 

IMG_1005.JPG

Кеш барысында Аманжол Әлтайдың, Серікзат Дүйсенғазиннің өлеңдері оқылды. Оқырман қауымға тұсауы кесілген төрт жинақ тегін таратылды. 


                                                      Тұсаукесер рәсімінен фоторепортаж

IMG_0841.JPG

IMG_0871.JPG

IMG_0885.JPG

IMG_0925.JPG

IMG_0973.JPG

IMG_1010.JPG

IMG_0923.JPG

IMG_1031.JPG

IMG_1029.JPG

IMG_1033.JPG


adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар