Бүгін ақын Ұлықбек Есдәулеттің туған күні!

Бөлісу:

29.04.2014 8410
1338353870_411293_1068436628_______________ (1).jpg
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын – Ұлықбек Есдәулеттің туған күні! Алпыстың асқарына шыққан ел ағасын «Әдебиет порталы» мерейтойымен  құттықтайды.

Ақын 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша, Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі. «Қанат қақты», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Әбілхаят» кітаптарының авторы.  
Бүгін ақынның мерейтойына орай «Әдебиет порталы» арнайы интернет-конференциясын ұйымдастырып отыр. Алаштың айтулы ақынын мерейтойымен құттықтап, көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңызды жолдауларыңызға болады.
Біз де ақынды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, назарларыңызға ақынның замандастары мен поэзиядағы іні-қарындастарының құттықтау лебізін ұсынамыз.





ШЕЛЛИ АЖАЛЫ


Ұлықбек Есдәулет ағаға


Шелли ақын суға батып өлерде,

Ненi ойлады асау толқын көмерде?

Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,

Өлiмi де айналарын өлеңге.


Туған жердiң тәркi еткендей қолатын,

Не себептi суға кеттi сол ақын?

Iштарлық па досынан да сезiнген,

Құштарлық па тек шабытта болатын.


Жықтырмастан сұлулықтың жалауын,

Серт қып түйiп жүрегiнiң қалауын

Өлдi Шелли, өлiмiне өзгеше

Өлең ғана бердi әдiл жауабын:


Ажалдың да батыл қақса есiгiн,

Ақындарға болу керек кешiрiм.

Жер бетiнен таза парақ таба алмай

Суға жазды, дейдi ол, Шелли есiмiн.

                                               Әмірхан Балқыбек


Шәрбану Құмарова: – Біз Ұлықбекпен 30 жылдай көрші тұрдық. Ол ең мықты азамат. Адамға жайсаң қарайтын өте қарапайым жан. Қонақжай. Ал, ақындығы өз алдына ғажап дүние. «Жұлдыздар отбасы» журналының 7 нөмерінде оқырмандар сауалына жауап берген екен. Сонда бір оқырманның сауалына былай жауап беріпті: «Қазір мені барлық қазақ таниды деп айта алмаймын. Өйткені, газет-журнал, кітап оқитын қазақ аз» деген екен. Қарапайымдылығын осыдан білуге болады. Ақынның жазары көп болсын! 

Темірхан Медетбек: – Поэзиямыздың абыройы да, беделi де, бұл сөзiмiздi қаласаңыз да, қаламасаңыз да – сол шоғыр. Абыройлы, беделдi сол шоғырмен иық тiрестiрiп қатар тұра алатындар, ешкiмнiң көңiлiне қарамай турасын айтар болсақ, бүгiнгi жер басып жүргендерден бiрен-саран ғана. Сол бiрен-саранның бiрi – сөз жоқ, Ұлықбек Есдәулетов. Ұлықбек ерте көзге түстi. Тоғызыншы класта оқып жүргенде бiр топ өлеңiмен «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнiң жарты бетiн алып жарқ ете қалғанда, әдебиетке тегеуiрiндi таланттың келгенiн үлкен ақсақалдарымыздан бастап, есiм­дерiмiз көпшiлiкке ендi-ендi таныла бастаған бiздерге дейiн түгел мойындадық. Қызыға қарадық. Қуана қол соқтық. Сонан кейiн-ақ Ұлықбек қаламынан өлең сүйер қауымды тамсантып, тәнтi еткен жырлар жиi-жиi, толассыз туа бастады. Туған жердiң  «шалғын исiн ауаға орап сiмiрiп», сүрiне-қабына алға ұмтылған сол албырт ақынның алғашқы мақсаты не болды екен? Сөйтсек, өмiрдiң қас-қабағынан балғын кезiнде-ақ салқындық сезген ол, «жүрегiнiң отымен кең дүниенiң дидарын жылытуға» асығыпты. 

Аманхан Әлімұлы: – Мен Ұлықбекті 30-40 жылдан бері білем. Бізді табыстырған – поэзия. Қатар абитурент болдық. Ол сол кезде-ақ өзін дәлелдеп қойған. Ол поэзияға жайдан жай келе салған жоқ, ол поэзияның есігін ақын болып қақты. Бірден талант ретінде келді. Ұлықбектің ақындығы маған шыншылдығымен, шымырлығымен ұнайды. Біз доспыз. Мен оның өзін де, өлеңін де жақсы көрем. Ұлықбекке ең алдымен азаматтық бақыт, шығармашылық бақ  тілеймін. Қазір көп ақындар соқыр жаңбыр сияқты. Жауын өткен сәттің екпінімен ақын болып жүре береді. Әріптес ретінде бақыт тілеймін.

Бауыржан Бабажанұлы: – 1-курсқа түскен кезіміз. Жатақханаға  жаңа бой үйретіп жатырмыз.  «Әділдің бөлмесіне ақындар келіпті...» — деді бір күні Бақыт Әметаев. Іле-шала Әділдің  өзі де жетті. «Жүріңдер, Ұлықбек ағалар келді...».  «Кәдімгі Ұлықбек Есдәулетов пе?». (Ол кезде әлі «ов» пен «евтен»  бас тарта қоймаған кез ғой,  — Б.Б) «Иә» — деді Әділ күлімсіреп, — «Мені құттықтап келген ғой...». Сенер-сенбесімізді білмей, Ботпановтың «бытовкасына» барсақ,  шынымен Ұлықбек ақын отыр. Қасында Мәди Қайыңбаев бар. Бізді бауырларына тарта сөйлейді. Тіпті Әділ түкке жарамсыз ғып тастаған өлеңдерімізді де мақтап жіберді. «Бәсе, ақындардың бәрі «жауыз»  болмауы керек  еді ғой...». Кәдімгідей қанаттанып қалдық. Балалық қой, кейін іздеп бару ойда болмапты. Есесіне Ұлағаңның өлеңдерін жатақханадағы «вешірлерде» оқып жүрдік. «Сүйіп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып қандым сырына...». Әсіресе,  «Екінші Ұлықбек», «Менің фамилиям» дейтін өлеңдерін оқыған сәтте  жиналғандар ду ете қалатын.
...3-курс оқып жүрген кезіміз. Жазушылар одағында бір жиын болып, біз өлең оқыдық. Ол кезде Одақта өлең оқудың өзі үлкен мәртебе еді ғой. Шыдай алмай, төменде соны дереу «атап өтіп» келе жатсақ, Ұлағаң қарсы жолықты. Баспалдақпен түсіп келе жатыр екен. Мені көрді де: «Ай, бала, жаңа атың кім деп еді сенің. Өлеңің жақсы екен, бізге дереу топтамаңды әкеліп таста» — деді. Ұлағаң,  ол кезде «Жас қазақтың» бас редакторы. Апарып, өзі болмағасын,   қабылдау бөлмесіне тастап кетіп ем, ертеңіне Әмірхан жетті: «Сүйінші, өлеңдерің «Жас қазаққа» шығыпты». «Қалай, кеше ғана апарып тастап ем ғой...». Сөйтсем, ағам менің өлеңдерімді шығып бара жатқан нөмірге салып жіберіпті. Бұрын бірнеше жерге топтамамды беріп, әрі итеріп, бері жыққанға «үйреніп» қалған мен үшін бұл  тосын сый болды. Асығыста көнетоздау жемпірмен түсе салған ұсқынсыздау суретіммен шыққан сол топтамам үйде әлі бар. Көрген сайын Ұлағаңның  қамқорлығы есіме түседі. «Келіннің бетін кім ашса...» — дейді ғой қазақ.
...Былтыр Ұлағаң мені қазылар алқасының құрамында  «Шығыс шынары» атты поэзия фестиваліне шақырды. Өскемен,  бір барсам  деп жүрген жерім еді. Ертіс пен Үлбіге жүзімді шайып, көптен көрмеген ақын ағаларымды, Нұржан досты көріп, көңілім шалқып қайттым. Тыныштықбек ағамның  Ертіс пен Үлбіні Дәурен екеумізге «сыйлап жібергені» тағы бар. 
Айтпақшы, сол жолы Ұлықбек аға сахнадан бір жақсы әңгіме айтты. Осындай поэзия фестивалі әлемде екі-ақ жерде  тұрақты өткізіледі екен. Соның бірі — Өскемен. Осы істің басы-қасында ол кісінің өзі жүргенін де айта кеткен абзал! 
Үнемі жастарға қамқор болып жүретін  Ұлағаң бүгін 60 жасқа толып отыр. Жасыңыз құтты болсын, аға! Өз жасыңыздың патшасы болыңыз! 

Талғат Ешенұлы: 

МӨЛДІРДЕН


Айы сүттей аппақ,  жұлдызы шамдай жап-жарық, тыз еткен ызғары, үп еткен желі жоқ, көк аспан мен қара жердің арасын ып-ыстық мейірімге шүпілдете толтырып, құлаққа ұрған танадай ұлы үнсіздігімен әлемді әлдилеп тұратын қыстың май тоңғысыз бір түндері болады.

Жусан исі аңқыған таңғы даланың жалаңаш тәнін алақандай жылы ақ жауынымен аялай шайып, мойылдай мөлдір тамшыларымен музыка ойнайтын, періштедей пәк дүниені шаттық әнімен тербеп жататын көктемнің таңғажайып бір күндері болады.

Шіркін, ондай мезгілді сағынбайтын адам бар а?!. Сондай мезгілді сағынған сәттерде менің есіме әр кез Ұлағам, Ұлықбек Есдәулет түседі.

Бізді өрімдей уақытымызда өлеңге сүйреп әкелген, естияр болған шақта есті өмірдің жолына салған, сол өлеңнен азды-көпті енші алғанда да, сол өмірдің соқпағында жаза басқан сәттерде де жанымыздан табылған, әкелік қамқорлық көрсеткен - Ұлағамыз. Бізді өнерге, өлеңге, адамға адалдыққа баулыған, парасат пен кеңдіктің, дегдар мінез бен әзиз жүректің иесі тағы да - Ұлағамыз. Біз өзі көппіз. Бірақ біздің жаны да, қаны да, өмірі де, өлеңі де мөлдірден жаралған Ұлағамыз - жалғыз. Екі дүниенің қызығына айырбастамайтын, әлгіндей таңғажайып сәттерді сағынғанда басқа кім есімізге түсуі мүмкін?!.  Туған күніңізбен, Ұстаз! Мұрты едірейген, мұрны таңқиған, жаман қарабұжыр інісін «Ақ Тәкешім!» деп еркелететін Ұлы Ағам, аман болыңыз!


Сәкен Сыбанбай: – Ұлықбек ағаның шығармашылық қуаты Ақынның қаншалықты жан-жақты, сан қырлы бола алатынының жарқын мысалы деп ойлаймын. Адам жанының мың-сан қатпары, сезім сырлары, ұлттық, елдік, адамзаттық құндылықтарға байланысты азаматтық үн, күрескерлік рух - Ақын жырларынан осының бәрі де табылады. Және соның барлығын Ұлықбек аға тіршіліктегі нақты оқиға, шынайы көріністер арқылы шебер өрнектеп, қисынмен қиюластырып ұсынады. Қызықтыра оқытып, еріксіз ойлантады. Өмірде естен кетпес ерекше жағдайлар, қызықты кездесулер, сағынышты естеліктер көп-ақ. Соларды арқау еткен «Әбілхаят» жинағы Ұлықбек ағаны оқырманға тағы бір өзгеше қырынан танытты деуге болады... Рас, ағаммен аз-кем ғана қызметтес болдым. Соның өзінде ол кісінің жүрегінің кеңдігін, көңілінің пәктігін сезіндім. Нағыз Ақындар сондай болады екен ғой! Алла амандығын беріп, Ұлық ағамның қаламынан талай тамаша дүниелер тура берсін деп тілеймін.


Думан Рамазан:


ТУҒАН КҮНІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҰЛЫ-АҒА!

Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі, өлең-сөздің хас шебері, ақиық ақын, Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері Ұлықбек Есдәулет ағамыз бүгін алпыс жасқа толып отыр. Бұл қазіргі қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиға, жыр сүйер қауымның айтулы мерекесі екенінде дау жоқ.
Ұлықбек Есдәулет есімі қазақ ақыл-ойының аспанында қырандай қалықтағалы да, сұңқардай шарықтағалы да жарты ғасырға жуықтапты... Жалынды жырымен қалың оқырманын сусындатып келе жатқан жыр сүлейінің толайым шығармашылығы туралы небір аузы дуалы адамдар тамсана жазған, жоғары баға берген, жақсы пікірлер айтқан. Айтса айтқандай, осы уақыт аралығында бағындырмаған биігі, аспаған асуы, шықпаған тауы жоқ, атақ-абыройы бір басына жетіп артылады...
Құдай берген табиғи талантымен қоса, білім-білігі, тектілігі, халық пен қаламға адалдығы және принципшілдігімен қалың қауымның жүрегіне жол тауып, елінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген өзі Ұлық, өзі Бек ағамызды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, шаңырағына шаттық, еңбегіне жеміс және шығармашылық табыс тілеймін!

Ақберен Елгезек: - Мен жалпы Тәңіріме, Оның маған бұйыртқан тағдырына риза адаммын. Себебі, көп нәрседен айырылғанмен, Аллам сол жоғалтқанымның орнын үнемі асқан мейіріммен толықтырып отырады. Тәуба! Ержеткен шағыма дейін суық қабақтардың арасында өсіріп, Аллам мені ақын қылды. Жастайымнан әкемнен айырылдым. Әкемнің орнын да Жаратқан әдемі толықтырып берді. Ол маған Ұлықбек Есдәулетті жолықтырды. Әкеме деген созылмалы сағынышымды мен Ұлықбек Есдәулет ағамды көрген соң ғана бастым. Иә, ағалар көп, бәрін құрметтеймін, жақсы көремін, жақсылықтарын көп көрдім. Бірақ һәм рухани, һәм кәдімгі өмірдегі жанашыр әкеме Ұлықбек ағам ғана айнала алды. Себебі, мен бұл кісімен кездесіп, сұхбаттасқан әр сәттен жаныма рахат табамын. Оның шалыс басқан кездерімде ұрысқаны маған майдай жағады ғой! Білдірмесе де, іштей еркелетіп отыратындығы - әкесінің алдында құлдырандаған баланың бақытын сыйлайды ғой маған! Мен осы күніме дейін қанша ақын көрдім, әлі де көрермін ғұмыр берсе. Бәріне "ұлы", "мықты", "керемет" деген теңеулерді де айтармыз. Алайда, Ұлағамдай мейірімді, Ұлағамдай әділ, Ұлағамдай жаны тым нәзік адамды және #1 лирикті әй, кездестіруім енді екіталай-ау! Бүгін сол қамқор Әкем, Қазақтың Ұлы Ақыны 60 жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің шығармашылығы туралы мақала жазу мойынымызда, ол мақаланың нобайы ойымызда. Ал, бүгін мен Әкемді мерейтойымен құттықтай отырып, шын жүректен оған бар жақсылықты тілеймін! Ұлаға, Алла сізге ұзақ ғұмыр берсін, денсаулығыңыз мықты болсын! Отбасыңыз амандықта, немере, шөбере, неменелеріңіз көп болып, маңайыңызда бауырсақтай шашылып ойнап жүрсін! Сіз менің 60 жасқа толғандағы тойымда арқырап тілек айтып тұруыңыз керек! Алла сол күнге бәрімізді аман-есен жеткізсін! Әмин!

Бекжан Тұрыс: – «Саңырау, мылқау ғасырлар, 
Ақынға биiк бермесендер де,
Сөзiне құлақ асындар!» дейді ақын өз өлеңінде.
Асылдарды ғасырлар өткен соң емес, заманында танығанға не жетсiн! Ұлықбек аға ұлттық дәстүрiмiздiң уызына жарыған, халкымыздың бар қадыр қасиетiн бойына жиған, заманын ойлап бәйек болып, халкымен бiрге мұңдасып, ұрпағымен бiрге сырласып келе жатқан үлкен тұлға. Ақындығы өз алдына, адамгершiлiк пен арға, ақыл мен парасатқа суарылған азамат, Ең қымбат касиетi – адамгершiлiгi, сол табиғи қалпы, Алла берген мiнезiнен өзгерiп айныған емес. Өзiм дегенге өзегiн жұлып беретiн жан. Мен таныған Ұлыкбек осы. Жасы құтты болсын! Жаратқан ием жанына мұң түсiрмесiн, ғұмыры сәулелi болып, халкымен бiрге жасай берсiн!


Мұхтар Шерім: – Ұлықбек Есдәулет – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, заман көшіне ілесе білген, өресі биік ақын. Өз басым өлеңдерін іздеп оқимын. Өлеңді өмірімен өрнектеген ақын ағамыз Алпыс мырзаның алдына келіп: «Рұхсат па?» – деп есік тақылдатып тұр екен. «Алпыс – тал түс!» деп жатады. Алпысыңыз құтты болсын, Ұлеке! Отты, шоқты, «шокты» өлеңдеріңіз көбейе түссін! Сонда оқырманыңыз да риза, өзіңіз де риза, сатириктер атынан мына ініңіз – мен де риза! Алпыста алқынбай, жетпістің «желкесін шұқып», сексеннен «секіріп» кетіп, тоқсанда таяқ сүйенбей, жүзге жымиып жетіңіз аға! Сәлеммен, сіз тоқылдатып тұрған Алпыс мырзаға жақындадап қалған ініңіз.

Серікзат Дүйсенғазин: –  Өз басым Ұлы Ағаны қазіргі қазақ өлеңінің қара нары деп бағалаймын. Ұлықбек аға сияқты парасатты поэзия тудыратын таланттар  өте сирек. Ағамыздың асқаралы алпыс жасы құтты болсын! Ортамызда аман жүрсе әдебиетіміздің қоржынын әлі талай жауһар жырларға  толтырады деп сенемін. 

Жарас Кемелжан: – Ұлықбек аға қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының қоңыр қобызы сияқты. Оның өлеңдерінен ұлы дала сазы, көшпенді қазақтың демі аңқып тұрады. Біз ағамыздың туған күніне орай, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Ақынның туған күні - поэзияның түлеген күні. Сол үшін де Ұлыағаның қаламынан сүйекті, сұлу жыр күтеміз!

Табиғат Абаилдаев: – Қазақы қара өлеңнің қасиетін бойына дарыта білген Ұлықбек аға да тағы бір жылын артқа қалдырып отыр. Өз өлеңіңізде қазақтың табиғатын, болмысын қолмен қойғандай етіп көрсетіп: «Соңымнан шырақ алып түсе бер» дейсіз, сол қазағыңыз ондай ғадеттен қашық болып, мерейіңізді асыра берсін! Әлгі бір өлеңіңізде Тұманбай аға «менен кейінгі мықты ақынсың» дейді дейтініңіз тағы бар. Енді сіздің «менен кейінгі мықты ақынсың» дейтін інілеріңіз көп болсын! Деніңіз сау, бауырыңыз бүтін болсын! Қаламыңыз тоқтамасын, оқырманыңыз жоқтамасын!

Салтанат Смағұлова: – Ақын өлеңді әлбетте, өзі үшін жазады. Ал, сол өлеңі оқырманның да ойымен, сезімімен үндес келіп жатса, жазарманның ғана емес, оқырманның да бақыты. Бүгін біз өлеңдерін оқып өскен және сол оқығандарымыз жадымызда жаңғырып тұратын АҚЫН туған күн! Ұлықбек ағаның «сана» мен «жүректі»  бітімге келтірген тылсым жырлары жасай берсiн! 


adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар