Жезтаңдай туралы жинақ жарық көрді

Бөлісу:

01.10.2014 5951

Бүгін, 1 қазан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбомының таныстырылу рәсімі өтті. Кітап-альбом Астанадағы «Фолиант» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде 1000 таралыммен жарық көрді. 

                                 _MG_0106.JPG

Кітап-альбом өмірбаяндық негізде жазылған. Жаңа кітапта өте сирек кездесетін контратенор сарынды «қаздауысты» опера әншісі Ерік Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты баяндалады. Сондай-ақ кітапқа кезінде әншінің Мәскеудегі жетекші басылымдарға берген 3 сұхбаты кірістірілген. Салтанатты рәсімге «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Президенті Сауытбек Абдрахманов, театр сыншысы, белгілі қаламгер Әшірбек Сығай, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов және астаналық оқырмандар қатысты.

                                  _MG_0039.JPG

Аталған іс-шарада кітап-альбомның алғысөзін жазған КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, К. Бәйсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттің сыйлығының лауреаты және «Еңбек Ері» атағының иегері Б. Төлегенова сөз алды: «Музыкатану әлемінің Н.Л.Дорлиак, Алексанр Ларэртский, Димитрий Бертман сияқты өнер қайраткерлері «Дәл Еріктей ән салатын контртенор жоқ. Еріктің дауысы – өте жоғары, жұмсақ дауыс. Оның дыбысында өң бойыңды сиқырлап, баурап алатын бір құдірет бар. Мұның сыры – табиғат берген ерекше дауысында, талантында» деп баға берген болатын. Ерік – қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант. Көп болмаса да, концерттерге келіп, әндерін шырқап жүрді. Ол фонограммаға сеніп алған эстрада әншісі емес қой. Көбінесе шетелде гастрольде жүрді. Мен оны шетелде гастрольде жүргенде көрдім. Талантын өте жоғары бағаладым. Мені де «апалап» сыйлап тұратын. Өте қарапайым, мәдениеті жоғары адам болатын. Бірге киноға да түстік. Әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға батады. Өйткені, ол санадан тез ұмытылып қалатын көп жұлдыздың бірі емес еді...Биыл, 2014 жылы 31 желтоқсанда Ерік Құрманғалиевтің туғанына 55 жыл толады екен. Ерік туралы материалдар жазып, жариялап, жариялап, жоқтаушысы болып жүрген Маржан сіңіліме, газет-журналдағы дүниелерің бір басқа, Ерік туралы кітап шығарғаның дұрыс деп айтқан едім. Бұл кітапта Еріктің отбасы, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы, жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері шынайы баяндалған.»

                                  _MG_0093.JPG                                      

Осы кітаптың жарыққа шығуына бірден-бір себепкер болған, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу Ерік жөнінде былай дейді: «Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Астана» журналының бас редакторы, белгілі қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат» «Құлсарыдан шыққан Ерік Құрманғалиевті білесің бе?» деп сұрады. «Неге білмейін?! Әлем таныған әйгілі әнші. Сирек дауыс». Әрі қарай сөзім таусылып қалды. «Осы Ерік туралы жазсаң қайтеді» дегенде әлем таныған тұлғаның табиғатын түсінуге шама-шарқым жетер ме екен деген күдігім басымдау еді. Бірде жаным жабырқап, көңіл-күйім болмай мазасыздандым. Бір мұң қоршап алғандай. Жыр жазылмады. Бір ғажап әуен іздедім. Таба алмадым. Содан бір күні интернеттен Ерік Құрманғалиевтің әнін тыңдадым. Ғажап! Еріктің салған әні маған қатты әсер етті. Қайта-қайта тыңдай бердім. Еріктің әнімен таңым атып, күнім батқандай. Ерік тақырыбына осылай келген едім...»

                                  _MG_0081.JPG

                                  _MG_0060.JPG

Қазақ халқын әлемге танытқан жезтаңдай әншінің, талантты тұлғаның өнер жолындағы, өмір жолындағы сара жолы туралы рухани әлеміне жасалған сапардан қайтқымыз келмеді. Егемен елдің еңсесін талантымен биіктеткен Ерік Құрманғалиев ел жадында мәңгі сақталары хақ...

                                  _MG_0095.JPG

                                  _MG_0097.JPG


                    Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс, жезтаңдай әнші Ерік Құрманғалиевтің дауысы


                                  

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар