Әзербайжан әдебиеті

Бөлісу:

16.02.2015 12317

jp.jpgӘзербайжан әдебиеті-түркі халықтары әдебиеті ішіндегі өзіндік бай тарихы, көп ғасырлардан берi жалғасып келе жатқан өзіндік көркем сөз дәстүрі бар әдебиет.
Әзербайжан классикалық әдебиетінің негізін қалаған Низами Ганджауи (1141-1209) жылдар аралығында өмір сүрген. Оның әлемге әйгілі «Ескендір-наме», «Қысрау мен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті ару» еңбектері бар.
«Жеті ару» дастанында ақын мемлекетті қашанда әділ, парасатты, білімді, мейірімді, қарапайым халыққа жаны ашитын адам басқаруы керек идея ұсынады. Дастанның басты каһарманы-Баһрам. Ол Иран елінің патшасы. Баһрам жастық шағын сауық-сайранмен өткізеді де, жасы ұлғайған шағында патша болып ел басқарады.
Келесі көрнекті өкілі Мырза Фатали Ахундов (1812-1876) - әзербайжанның реалистік әдебиеті мен драматургиясының негізін қалаушы қаламгері, ағартушы, ойшыл философы.
М.Ф. Ахуновтың «Мемлекеттің «игі жақсылары» және Ерші Жүсіп туралы хикая» деген шығармасы әзербайжан әдебиетіндегі реалистік прозаның бастамасы болды. Хикаяда өңеші кең, құзғын құлқынды, қара басының қамы үшін өз халқын сатып жіберуге әзір тұрған, қорқақ, әрі зұлым әкімдер-«игі жақсылар» қай заманда да болған.
Әзербайжан мен қазақ халқының тарихи-мәдени байланысына келер болсақ, ол тым әріден басталады. Екі елдің генетик, тамыры мифологиялық, фольклорлық қайнар көзден тарайды. Академик Мамед Атжар айтқандай «тарихи және географиялық жағдайына қарай Шығыс пен Батыстың аралығына орналасқан Әзербайжан ежелден-ақ көптеген елдермен, халықтармен - урарттармен, вавилондықтармен, ассириліктермен, ирандықтармен және басқа елдермен байланыста болды. Сол ерте кездегі саяси, экономикалық және мәдени байланыстары мықты «Отты елдер» Әзербайжанды әлемдік орбитаға, әсіресе шығыс мәдениетіне тартты». Ғалым ежелгі Әзербайжан халықтық-поэтикалық шығармашылығы мен фольклорының көрші шығыс халықтарымен, оның ішінде қазақ халқы поэзиясымен үндесіп жататынын осымен түсіндіреді. Түрік тілдес халықтардың эпик, шығармаларының көпшілігі әр түрлі тілде айтылғанымен олардың мазмұны бір болып келеді. Оған «Алпамыс», «Көрұғлы», «Едіге» т. б. жырларының өзбекте де, азербайжанда да, қазақта да және басқа түркі тілдес халықтарда бар екені дәлел. «Кәмила мен Димна», «Тахир мен Зухра», «Мың бір түн» сияқты жалпы шығысқа тән дастандардың тақырыбы ұқсас, негізгі сюжеттік желісі бір, кей эпизодтары мен кейіпкерлерінің есімдері ұқсас болып келеді. Жалпы түркі тілінің негізін қурайтын мақал-мәтел, өсиет жөнінде айтпағанның өзінде, көптеген түрік тілдес халықтарда әлемге әйгілі «Мың бір түн» сарынымен айтылатын түрлі ертегілер де кездеседі. Географиялық орнының алшақтығына қарамастан Әзербайжан, қазақ халқы мәдениеті мен ғылымы идеялық бағыттастығымен де бір-біріне жақындай түседі. Біртұтас этникалық құрамға енетін жалпы түрік әдебиетінің даралануы жеке ұлттық мәдениеттің құрылуымен аяқталды. Бұл кезеңде әдеби байланыстың жаңа түрі пайда болды. Әзербайжан мен қазақ халқы ақын-жазушыларының шығармашылық байланыстарының ауқымы кең және жиі екені әуелден белгілі. Олардың өзара хат алысулары мен шығармашылық достығы, шығармашылық тәжірибе алмасуы, әр түрлі конференция, симпозиум, съездерге қатысып, кездесуі және басқадай байланыстар екі елдің арақатынасын жақындата түсті. Әзербайжанда қазақ ақындарының, жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту дәстүрге айналған, оларға арналған мереке кеші өткізіледі, мерейтой күніне арналған баяндамалар мен мақалалар жарияланып тұрады. 1954 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 50 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Республика мерзімді баспасөзінің орталық органдарында («Коммунист», «Адавият веинджесенет» т.б.) Абайдың мерейтойы қарсаңында Әзербайжанның ғалым-зерттеушісі Панах Халиловтың көлемді мақаласы жарияланды. Автор онда қалың оқырманды қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы, туған әдебиетіне қосқан ұлан-ғайыр үлесі жөніндегі мол мәліметтермен таныстырады. 1955 жылы Әзербайжанда Абайдың туғанына 110 жыл, 1965 жылы 120 жыл толу тойлары атап өтілді. «Қазақ поэзиясының Күні» атты мақалада Абай поэзиясының басты ерекшеліктері ашып айтылды. Кейінірек, 70-ші жылдары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде Абайдың алдағы уақыттағы мерейтойына дайындық жүргізу жөнінде хабарлар жарияланды. Онда салтанатты кеш, кештер, баяндамалар мен оқу конференцияларын өткізу, қазақ ақынының шығармаларының бір томдығын әзірлеу жөнінде айтылған. 1970 жылы Абайдың «Ескендір» (Новруз Гянджали аударған), «Масғұт» (Гасым Гасымзаде аударған), «Әзімнің әңгімесі» (Алекпер Зиятай аударған) мен өлеңдері жинақталған кітабы әзербайжан тілінде жарық көрді. Өлеңдерін республиканың белгілі ақындары С. Рустам, М. Рагим, А. Джамил, М. Дильбаз, А. Бабаев, А. Кюрчайлы, А. Ализаде, И. Тапдыг, Ф. Садыг, М. Араз, А. Зейналл, Р. Зекa, Э. Борчалы т. б. аударған. Ежелгі шығармашылық достық әзербайжан мен қазақ ақындарының байланысын нығайта тусті. Қазақ әдебиеті шығармалары Әзербайжандағы ғылыми-зерттеу жұмысының негізіне айналған. Абай шығармашылығының Шығыс әдебиетіне ықпалы жөнінде профессор А. А. Гаджиевтың «Советтік Шығыс әдебиетіндегі реализм» атты кітабында кең айтылған. «Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың (1845-1904) шығармашылығы демократиялық поэзияның реализмнен ағартушылық реализмге өту кезеңінің айқын мысалы болып табылады, - деп жазады автор, - оның қоғамдық-ағартушылық және поэтикалық қызметі қазақ қоғамының мәдени дамуындағы алға басқан тарихи қадам еді, ол ауыз әдебиеті поэзиясынан көркем, жазба, жеке авторлық әдебиетке көшудің көш басшысы болды. Бұл сатыға көтерілу үшін Абайға фольклор мен ауыз әдебиетідәстүріне сүйене отырып, Шығыс поэзиясының, XIX ғасырдағы Европа мен орыс әдебиетінің тәжірибесін бойына сіңіру қажет болды». Автор Абайдың орыс, ол арқылы европа мәдениетіне назар аудару арқылы өзінің рухани байлығын молайтқанын да ашып айтады. Күні бүгінге дейін әзербайжан әдебиеті мен қазақ әдебиеті арасындағы өзара рухани байланыс өз жалғасын тауып келеді.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар