"Халықаралық ТҮРКСОЙ Баспасөз" сыйлығы үздіктерге табысталды

Бөлісу:

25.02.2015 2965
Ақпанның 24-де Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтері орналасқан Анкара қаласында түріктің белгілі жазушы-драматургі Халдун Танер Жылының ашылуы және "Халықаралық ТҮРКСОЙ Баспасөз" сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. 
Салтанатты жиында түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, оның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген баспасөз саласы өкілдеріне Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сыйлығын табыстау рәсімі болды. Басқосуға Түркияның мәдениет және туризм министрі Омар Челик, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қырғыз Республикасының Түркиядағы Елшісі Ибрагим Жүнісов  сонымен қатар, осы ұйымға мүше елдердің өкілдері мен Түркияның белді-беделді қаламгерлері мен журналистері қатысты.  
Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің бай мұрасын сақтауға және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына қызмет етіп отырған бірден-бір дәнекер ұйым. Аталмыш ұйым әр жылды түркі мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғаларға арнап отыратыны белгілі. Мәселен, 2013 жыл – Мұқан Төлебаев Жылы, 2014 жыл – Мақтымқұлы Пырағы мен Тоқтағұл Сатылганов Жылы болып жарияланса, биыл, 2015 жыл – түрік жазушы-драматургі Халдун Танер мен хакас дастаншысы Семен Кадышев Жылы болып ресми аталынды. 
Сонымен, салтанатты жиынның шымылдығы жазушы-драматург Халдун Танердің өмірі жайында сыр шертетін қысқа бейнефильммен ашылды. Түркияның мемлекеттік театр өнерпаздары жазушы шығармашылығынан, атап айтқанда, "Кешандық Әлідің дастаны" мен "Көзімді жұмамын, міндетімді атқарамын" атты спектакльдерден бір үзіндіні сахналады. 
                       вуцк.jpg

          Жиында сөз сөйлеген мәдениет және туризм министрі Омар Челик Халықаралық ТҮРКСОЙ-дың жұмысын жоғары бағалады. «Тарихта түркі халықтары өз алдына көптеген мемлекеттердің іргетасын қалады. Бұл мемлекеттердің атаулары да, сандары да көп. Бірақ, бұл маңызды емес. Ең маңыздысы сол, бізді бір-бірімізден ажыратпай, бір бүтін етіп ұстап отырған – ортақ мәдениетіміз. Міне, сол мәдениетті ұмыттырмай, әлемге паш етіп отырған  ТҮРКСОЙ қызметіне біз өз тарапымыздан әрдайым көмек береміз» деп уәде берді. “Халдун Танердің шығармашылығы Батысқа да, Шығысқа ортақ екені белгілі. Түркияда "Біз Батысқа жақынбыз ба, әлде Шығысқа ма?" деген сауал өз жауабын тапқан емес. Халдун Танердің шығармашылығы және жалпы түркі өнері мен әдебиеті, мәдениеті мен философиясы Шығысқа да, Батысқа да жататындығы белгілі. Түркияның Үкіметі әдебиет пен мәдениет саласына ұдайы көңіл бөліп отырады. Театрлардың саны артуда. Жазушылар мен драматургтарымызға қолдау білдіріп отырамыз. Өйткені қолдау көрмеген мәдениеттен пайдасынан гөрі, зияны тиетіндігі белгілі".
                       thumb_700x394_75c88311d0f809a099c2228a23d5eed4.jpg

        Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза Халдун Танер жылында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын, оның шығармашылығынан әртүрлі спектакльдер қойылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жазушының туындылары түркі халықтары тілдеріне аударылып, сол елдің сахналарында қойылса деген жоспарларымен бөлісті. Қазақ сахнасынан да Халдун Танердің спектаклдері көрініс табады деп сенеміз. 
                       ыкепц.jpg

        
Халықаралық "ТҮРКСОЙ Баспасөз сыйлығына" Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Ресей Федерациясы құрамындағы Башқұртстан, Татарстан, Хакасия, Дағыстан сынды республикалары мен Солтүстік Кипр, Македония елдерінің баспасөз саласының қызметкерлері ие болды. Олардың қатарында біздің елімізден «Қазақстан» РТР Корпорациясы, «Егемен Қазақстан газеті» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахманов және «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай мырзалар бар. «Қазақстан» РТР Корпорациясының сыйлығы осы мекеменің төраға орынбасары, белгілі журналист Қайнар Олжайға табыс етілді. 
adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар