Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Д
Дулат Исабеков

Дулат Исабеков

Дулат Исабеков    -  1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-88 жж. ҚР Мәдениет минстрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-97 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған. Бүгінгі таңда республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.

1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңiнен таныстырды.

«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын»(роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ»,

«Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық  күзетшiсi»  секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар  тас»  (1975), «Дермене»  (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.

Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. «Әпке»,  «Ертеңдi   күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай   ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық- Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70  жасқа   толған   мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты.

2014 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында «Қазақ әдебиетінің апталығы» деген айдармен Д.Исабековтің шығармашылығына қатысты мәдени іс-шара  болып өтті. Кембридж университетінде жазушының «The little pearl and other stories» («Гауһар тас») деген әңгіме-повестері мен пьесасы еңгізілген ағылшын тіліндегі жинағының тұсаукесері; Лондонның «Giant Olive Theatre» театрында Orzu Arts-тың ұсынуындағы «Өкпек жолаушы» спектаклінің премьерасы болды. 2015 жылы 23-26 сәуірде Лондон қаласында «Қазақ мәдениетінің күндері» деген атпен өткен фестивальда ағылшын тіліндегі «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесті «We never know the war...» деген атпен жарық көріп, 23 сәуірде тұсауы кесілді. 2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұған М.Әуезов атындағы Академиялық драма театры, Республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия («Жаужүрек», «Актриса») театры қатысты. Pajarito театры Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады. Фестиваль аясында Д.Исабековтің ағылшын тіліндегі «Аққу-Жібек» (Song of the swans / Sekection of plays. Аударған – Катарина Жудельсон) пьесалар жинағы мен Short Stories:  Dedicated to the   25th  Anniversary of Kazakhstan Independence атты электронды нұсқадағы кітабының тұсаукесері өтті.

2018 жылы «Қарғын» романы француз тіліне, «Ержеткенше» повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.

Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.

Көп оқылғандар