Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әңгіме
Кішкентай трагедия...

05.07.2023 1125

Кішкентай трагедия 12+

Кішкентай трагедия - adebiportal.kz

Нұрлан ҚАБДАЙ 

Ерте көктем. Ауыл шетіндегі иесіз үй жоқшылықтың ернеуінен құрдымға көз тастап тұрды. Иесіз болған соң жоқшылығы не, тоқшылығы не дерсіз? Рас. Иесіз үй, бірақ иен емес еді. Отағасы... дертті болып, алыс қалада пышақ астында жатқан. Отанасы... ол да қыс ішінде, қатты бір бораннан кейін үміт пен күдіктің жетегінде ерінің қасына кеткен. Бағым-күтімімен. Содан кейін-ақ бұл үйдегі тұрмыстың әрі тая бастады.   

Тұман. Меңіреу тыныштық та осындайда орнайды екен. Тап бір енді не болар екен деп тұманның түбін күткен ел, сұр перденің жықпылында тың тыңдап отырғандай. Әр жер, әр жерден үйдің қалпағы, қораның иығы, қора үстіндегі маялап үйген шөптің самайы үрпиеді. Ауада ілініп қалған бөлек-салақ дүние дерсің. Тек таңның атысы, күннің батысында күйбеңінен жаңылмайтын көрші кемпірдің бұл ес білгелі із тастап келе жатқан бұзаубас галошы ошақ пен отын-судың арасында тырпылдап, тұманның да арғы жағында тіршілік барын аңғартып жүрді.   

Шыжық есік алдында қылқиып әлі тұр. Құшырлана ауа жұтқан, қышқылтым ауыр иіс кеңсірікті жарып өте шықты. «Тұманда да иіс болады екен-ау». Ішегі шұрылдай қопарылып түсті. «Нан болса ғой...» Маңдай алдынан сусылдап ұшып өткен жалғыз қарға әудемнен қайта қайқайып, таяқ тастам жерге келіп шоңқиды. Қар-р-қ! Қожалақ балада қарақшы құрлы сұс қалмапты. Қарға адамсың ба, ағашсың ба дегендей басы қалт-құлт етіп таңырқай үңіледі. Қар-р-қ! Шыжық күрсінді.   

Неңді бітіріп тұрсың?! – ағасының оқыс даусынан бұл селк ете түсті, қарға үркіп жоғалды, –  Болмайсың ба! 

Болам ғой. 

Бол, тез... Шолақ бұйрық ләббайын тауып, ағасы шелегін салдырлатып қораға кіргенде, бұл көршінікінен диірмен сұрауға кетті. Беті тыржиып, аузы жыбырлап бара жатты. 

Жем тартасыңдар ма? 

Ұн тартамыз. Шыжық тіл ұшындағы дайын жауапты ылп еткізді. 

Ұн? 

Ыыы... бидай ғой. Нан қаруға. Шыжықтың қазан-аяқ жақты шарлап кеткен сұғанақ көздерін көрші кемпірдің аузы қуып жетіп, алдын орады: 

Біз де қаптың түбін қағып көже істедік, түнде. Енді қайтетінімізді... Кемпір енді қайтер екенсің дегендей тесірейіп аз тұрды да, иегімен ауызғы үйді нұсқады: 

Алсаң ал, анда тұр. 

Бір-бірімен беттескен қос шомбал тасты көргенде-ақ Шыжықтың көзі қарауытып кетті. Бір уыс бидай қашан бір үзім нанға айналғанша алда әлі бір кештік ауыр жұмыс барын, сосын тағы... бүк түсіп, бұратылып жатып таң атыру керегін ойлап үлгерген.   

Бұрын, әке-шешесі бар кезде де үй арасында талай тасыған таныс диырмен еді. Бүгін құдды жерге жабысып қалғандай. Зілдей. Шыжық әуелі қақпақ тасын, содан соң табанын мықшыңдап жүріп әрең жеткізді. Жүрегі өрекпіп, қарысқан қолдары көпке дейін дірілдеп тұрды.   

Үйдегілер өзді-өз міндетін үнсіз атқарып жүр. Бойжеткен әпкесі шаршылы ақ жайманы ортасынан бір бүктеп пеш түбіне төседі. Ағасы босағада тұрған диірменді домалатып әкеліп жайманың қақ ортасына қойды да, өзі жүрелей шөгіп, жарты шелек бидайды қасына таятып алды. Күзде малға деп кіргізген жемді, енді міне өздері талғажау етпекші... Төр алдында тағы екі-үші сарауыз қыңқ етсе-ақ осынау ауыр тыныштықтың шырқы бұзылардай, үлкендердің күйкі тірлігіне үрпиіп қарап отыр.   

Диірменнің тұтқасын тіршіліктің тұтқасын ұстағандай нығырлай қысқан ағасы иығымен қозғалып, күшеніп итерген. Тас қақпақ кеңірдегіне түскен бір уыс бидайды күтірлете толғап, баяу дөңгелей бастады. Тыныссыз қалт тынған Шыжық сонда барып демін шығарды. Артынша қажалма дыбыс та сұйылып барып, диірменді ернеулей шеңберлеп ақ дәкеге қошқыл кебек саулай бастады.   

Өзек талып, жан қысылғанда өзімшіл бозбаладан үйелменшіл ересекке айналған ағасы көзіне құйылған ащы терді сылып тастап, шелектегі бидайды көсіп-көсіп қотарып отыр...   

Айтпақшы, погіріпте бір қап ұн тұр ғой, –  Тартушының қолы жеңілдеп, диірменнің де көмейі үсті-үстіне үстемеленіп, тесік шұлықты бөтелкеге кигізіп алып, торлы жамау салып отырған әпкесі төрдегі ұсақтарға мейірлене қарап дегендей... рең кіре бастаған ләззатты машақат кілт үзілгендей болды. – Етік іздеп жүріп көргем. Он көз бұған үнсіз тесіле қалыпты. Алдымен ағасы ес жиды: 

Білем. 

Оны әкемдер келгенде бастаймыз, – деді әпкесі. 

Қашан келеді? – Шыжық шар еті қалды, –  оған дейін қай заман?..

Келеді! ағасының дауысы бұл жолы қатқыл шықты, – Жазылады, келеді. 

Әкеме бауишақ пішиіп бейеміз. Төрдегілерге де тіл бітіпті.  

Сонда да... кішкене алайықшы... – Шыжық жыламсырай сөйледі, –  Қарным ашты. 

Басқамыз тойып жүрміз. 

Өлмейсің!   

Жертөледегі жалғыз қап ұн иесіз үйдегі тəні жүдеген панасыздардың жанын жылытқан, алыста, əл үстінде жатқан əкелеріне деген сағыныштың, жоқшылықтың емес, шын мəнінде Құдайдың алдында тізе бүккен балалардың əкеміз тезірек жазылса екен дейтін кіршіксіз тілек-дұғаларының нышанындай еді. Иə, оны жеп қойса, əкелері қайтіп оралмайтындай шыр-пыр болды. 

Әкесін Шыжық та сағынып жүрді. Бірақ... сол күні қарны қатты ашып еді.   

Шатырдың сорасын ағызып, даланың бетін айғыз-айғыз қылған наурыздың шуақты бір күні шешесі әкесінің сүйегін алып жетті. Мұндай кезде сапырлысқан ел сыбырлап сөйлеп, дауыстап жылайды екен. Бұрын соңды жақынынан айрылып көрмеген Шыжықтың есі шықты. Түсініксіз бір тылсым – бұл да көз жасына ие бола алмай қалған. Шешесінің қасына отырып алып аңырады-ай келіп. Бұл уақытта атап жүктелмейтін дағдылы міндетті ештеңеден дәметпей-ақ атқарыса беретін мысқылшыл мәттақам еркектер мен қашанда пысықтығына сөзуарлығы мінгесіп жүретін әйелдер жағы қонақасының қамына кіріскен.   

Шыжық шешесінің жоқтауына ортақтасып, көз жасы иегінен сорғалап, ырылдап отырған. Сол сәт... қайғы үстінде жеткен қуаныштың хабаршысындай болып, мұрнына ыстық бауырсақтың тәтті иісі келді. Шыжықтың көңілі алай-дүлей болып кетті. «Погіріптегі ұнды шығарған екен ғой...»   

Шыжық әкесін ойлап, бауырсаққа да алаңдап отырып ұза-а-ақ өксіді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар