Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әңгіме
Мен, әжем, Илико және Илларион...

05.07.2023 1293

Мен, әжем, Илико және Илларион 14+

Мен, әжем, Илико және Илларион - adebiportal.kz

Нодар ДУМБАДЗЕ

ӘЖЕМ

Менің ауылымның оң жағында Губазоули өзені, сол жағында – шаяндар, бақабастар мен қарасирақ балалар құжынап жүретін шағын ғана Лаше өзені ағып жатыр. Губазоулидің үстімен көпір өтеді. Әр жылы көктемде әлгі көпірді буырқана тасыған өзен шайып кетеді де, орнында су мүжіген діңгектері ғана қарайып қала береді. Сонда да күллі Гуриидегі ең көрікті әрі көңілді ауыл менікі. Мен оны жер бетіндегі ауыл атаулының жұмағы көремін, өйткені мен, әжем, Илико, Илларион және итім Мурада өмір сүруі мүмкін басқа ауылды күндіз шам алып таппайсыз... Әжем – өте ақылман әйел. Оның құдайдың құтты күні маған қарата айтатын бір сөзі бар:

- Оқы, жетпегір неме, оқы, әйтпесе боққа жарамай қаласың!

Ғылымды әжем өзінше тәпсірлейді. Бірде, бар даусыммен барқырап грузин грамматикасының ережесін жаттап отыр едім әжем:

- Ежіктеп не айтып отырсың, балам? – деді.

- Етістіктің түрлері ғой, әже!

- Не? О заманда бұ заман етістікте түр болушы ма еді! Түр адамда ғана болады!

- Бұл басқа түр, әже, сен ойлағаннан мүлдем бөлек.

- Жер бетінде жалғыз-ақ түр бар. Бітті.

- Жарайды, - дедім кітапты жаба салып, - онда түр дегеннің не екенін сен айт.

- ТҮР – ол... ТҮР!

- Отыр, әже. Сабаққа дайын емессің, екі!

– Мен саған екіні көрсетем, арамза! Жаныңның барында барып ана ешкіні байла, әйтпесе өз түріңді өзің танымай қаласың!

– Жарайды, тағы бір сұрақ қояйын, сосын барам. Жер бетінде қанша түр бар?

– Қанша адам болса, сонша түр бар. Бірақ түрді өстіп беталды жыбырлату үшін бермеген, ақымақ! Біреудің түрі қушиған, екінші біреудікі – жалпақ, үшіншісінікін – тіпті тани алмайсың, мыж-мыж бірдеңе. Сосын тағы екіжүзді адамдар болады. 

– Алаяқтар да болады, - деп қосып қойдым мен. 

– Дұрыс! Мысалы, біздің поштабай. Конверттің сыртындағы маркасын сыдырып алады да, мынаның маркасы жоқ, бір сом әкел деп жалаңдап тұрғаны.

– Ал мен қандаймын, әже?

- Сен бе? Сен арамза, былжырақ, сенделбай, алаяқ, оның үстіне құдайдан безген немесің!

Жалпақ Гурииде менің әжемнен асырып қарғайтын әйел жоқ шығар. Бірақ оның қарғысынан қорықатын кісің мен емес – бірде әжемнің: «Сені аузым қарғағанмен, жүрегім амандығыңды тілейді ғой...» - деп тайқып кеткені бар. Айтпақшы әжемнің Халықағартукомның оқушыларды күніне алты сабақ бойы мектепте ұстау туралы қатігез шешімін құптамайтынын айта кетуім керек. Әрине, өз басым әжемді тап соған бола қинаған емеспін. Оқу уақыты мен үшін, заң бойынша, төртінші сабаққа әрең ілінеді. Содан кейін-ақ уақыт пен кеңістіктен жаңыламын да, үсті-үстіне қыңқылдап парталасымның мазасын ала бастаймын:

– Ромули, қымбаттым менің, сабақ неге созылып кетті? Қоңырауды жоғалтып алды ма, әлде күзетшінің өзі жоғалды ма?

Ромули тісін ақситады, ал мұғалім маған саусағын шошайтып, байыппен ғана:

– Тұр да жоғал! Ата-анаңды ертіп келмейінше, қараңды көрмейтін болайын! – дейді.

Мен «жазығым не?» деп сұрап та жатпаймын, өйткені мұндай сөздерден кейін бор мен сызғыш іске кірісетінін жақсы білем. Үнсіз орнымнан тұрамын да сөмкем мен қалпағымды алып есікке беттеймін.

– Жүздескенше! – деймін Ромулиге. 

– Кездескенше! – дейді ол да маған қол бұлғап.

Келесі күні мен әжемді мектепке ертіп барамын, сосын әжем мені үйге ертіп қайтады, сосын әжемді тағы да мектепке сүйреймін, әжем де мені желкелеп үйге қайтады, осылай жалғаса береді. Қысқасы онжылдықты әжем екеуміз бірге бітіргенімізді нық сеніммен айта аламын. Бұл әрі адамзат тарихындағы жалғыз оқиға шығар. Мен ауылдағы көп қарасирақтың бірімін. Менің де сөмкемде жеміс-жидек, рогатка мен пугач жүреді. Алғашқы үскірікке дейін мектепке жалаң аяқ барамын. Баттасқан майдан жылтыраған жалғыз шалбарым мен жылда екі рет емтиханнан қалатын әдетім ғана бар. Соңымнан бір елі қалмайтын итім Муарданың кесірінен мені ауылда итбай, мектепте – алаяқ әрі жалқау дейді, ал әжем үшін сол баяғы арамза болып қала берем. Негізі шын атым – Зурико. Күндіз әжем дүниенің бар зауалын бір менің ғана төбемнен үйіріп, шыбықтап соңымнан қуып жүргені. Түнде аяғымды жуып береді де, қашан қалғып кеткенімше күтіп отырып, ақырын бетімнен сүйеді... Мен мектепте қандай баламын? Ол туралы ресми құжат бар – «Педсовет отырысының хаттамасы». Ол құжаттың ұзын-ырғасы шамамен былай болып келеді:

«1940 жылы 18 наурыздағы Н. орта мектебі педагогтер кеңесі отырысының хаттамасы.  

Қатысқандар: барлық мұғалім.

Тыңдалды: алтыншы класс жетекшісінің сол кластың оқушысы Зураб Вашаломидзенің тәртібі туралы хабарламасы.

Сөйлегендер:

Физика мұғалімі: «Табиғатта Вашаломидзені орнынан қозғауы мүмкін энергия атымен жоқ. Тәні сұйықтықтан ғана тұратын бұл балаға ешқандай да қозғаушы күш әсер ете алмайды!» 

Математика мұғалімі: «Мен үшін Вашаломидзе – жүз икске тең. Ондай теңдікті шешуге менің шамам жетпейді». 

Химия мұғалімі: «Ешқандай реакция жоқ! Жүйкемді жұқартады да отырады, жұқартады да отырады. Бұл өзі ерекше лакмус: қызару дегенді білмейді!»

Орыс тілінің мұғалімі: «Меніңше, бұл жәй ғана нақұрыс».

География мұғалімі: «Вашаломидзенің танымы еш бедерсіз. Бала не аномальды, не болмаса таусылып біткен».

Тарих мұғалімі: «Бұл өзі жиырмасыншы ғасырдың өркениетті өкілінен көрі, тас ғасырының адамына келіңкірейді. Вашаломидзенің сабақ үстінде тыныш отырған сәті ешкімнің есінде жоқ. Ешқандай прогерсс жоқ. Вашаломидзе – бүкіл кластың соры».

Мектеп күзетшісі: «Байғұс балаға неге сонша шүйліге қалдыңдар? Егер ол сондай ақымақ болса, оны қалай кластан класқа көшіріп жүрсіңдер?»

3авуч: «Саған ешкім сөз берген жоқ! Сенің міндетің – уақытымен келіп қоңырау соғу!»

Грузин тілінің мұғалімі (менің жақын туысым): «Мен сіздерді түсінбеймін! Вашаломедзеден басқа қара таппай қалдыңдар ма! Класыңызда бұдан артық кім бар? Мүмкін, директордың ұлы шығар? Бестен басқа баға алмайды, бірақ содан өткен ақымақты көрсем көзім шықсын! Жапалақ құсап жарбиып отырғаны».

Дене шынықтыру мұғалімі: «Ал сен оған неге бес қоясың?»

Грузин тілінің мұғалімі: «Қоймай көр!»

3авуч: «Доғарыңдар!.. Вашаломидзе, өзің не айтасың?»

Вашаломидзе: «Грузин тілінің мұғалімі дұрыс айтады».

3авуч : «Меңіреу! Сенен ол туралы сұрап тұрғам жоқ! Өзің туралы не айтасың деймін?»

Вашаломидзе: «Өзім туралы ма? Бір жолға кешіріңіздер, ендігіде қайталанбайды!»

Өзім туралы осы естігендерім дұрыс адам екеніме күмән туғызғанымен, бақытыма орай жағдай басқаша шешілді...

Бірде апта бойы мектепке бармай қалдым – жүгері түптеген едім. Ал сабақтан қалғандарды мектептен шығарып жібермес үшін, ауырғаның туралы анықтама сұрайтын. Ол уақытта, өкінішке орай, біздің ауылда сау адамға ондай анықтама берілмейтін еді. Сол себепті мені бір сағат жатқызып қойып, дәрігер шақыруға тура келді.

Науқастың жүдеу өңіне келтіру үшін мені таңертеңнен аш ұстады, сосын басымды орамалмен таңды да, әжем дәрігерге жөнелді. Жарты сағаттан соң дәрігер ауламызға атын байлап жатты.

– Не болды, балақай? – деді дәрігер төсегіме отырып жатып.

– Өлейін деп жатырмын... – дедім ыңқылдап.

– Жақсы... Дегенмен, қай жерің ауырып жатыр?

Шынымды айтайын, мұндай сұрақты күтпеген мен қорыққанымнан әжеме қарадым.

– Бәр жері, - деді әжем.

– Бәр жері?

– Ауырады, - дедім ыңырсып.

Сол сәтте бөлмеге көршілеріміз Илико мен Илларион кіріп келді. Менің «ауруым» туралы білетін олар сол сәтте-ақ сөзге араласа кетті.

– Соңғы кезде, байқаймын, біздің ұл әлсіреп жүр, - деді Илларион.

– Анықтап айтыңыз...

– Анықтап дейсіз бе? Тәбеті жоқ. Өткен жолы үш табақ лобио мен бір мчадиді зорлап отырып әрең жегіздім. Одан артық бір тілім де бергем жоқ!

– Солай ма? – деді дәрігер таң қалып.

– Өз жаныммен ант етем!.. Бұрындары... бір кесек ірімшікті де қоса соғып алатын, ал сол күні «жемеймін де жемеймін!» деп қырсықты да қалды. Үйден түстеніп келдім дейді.

– Рас па? – деп дәрігер маған қарады.

– Рас, дәрігер. Лобионы көрсем жүрегім айнып құсқым келеді. 

– Еее… Ал сәрміспен тұздықтап қуырған балапанға қалайсың, немесе жас ірімшік, аскөкпен дәмдеп қайнатқан бүтін тауық, әлде мүмкін, жарқыным менің, ащы бұрышқа аунатқан қарын, әлде, айталық, жаңғаң соусымен қоса ұсынған форель? Қалай қарайсың?

– Баланың басын қатырғаны несі мына ақымақ, - деді әжем күңкілдеп. Илико мұндай мәзірге шыдай алмай жөтеліп балконға атып шықты. Илларион сыр білдірмеген күйі альбом қарап отыра берді. 

– Мұның тағы қай жері ауырады? – деді дәрігер жымиып. Сөйтті де басымдағы орамалды шешіп, асқан мейіріммен сілекейімді сүртті. 

– Сосын... түшкіреді! – деді Илларион.

- Ал несебі қалай?

Бұған енді Илларион да жауап таппай қалды.

– Мұның несебі қалай, Илико? – деді балконнан қайта кірген оған. 

– Несебі дейсің бе? – деді ол саспаған күйі. – Соңғы кездері, турасын айтайын, мұның несебі де ұнамай жүр маған.

– Бұрын жақсы ма еді?

– Тамаша болатын!

– Жігітім, тағы қай жеріңді айтасың?

– Хи-хи! – деп жөтелген Илико. – Бұл сосын аздап әлгі... – Ол енді саусағымен өзінің самайын бұрады.

Мен оның нені меңзеп тұрғанын ұға қойдым. 

- Солай ма?.. Ал қане, мынау нешеу? – деп дәрігер тарбиған бес саусағын менің танауыма тақады. 

– Жетеу! – дедім мен барынша ақымақ адамның кейпімен ыржалақтап.

– Дұрыс! – деді дәрігер басын изеп. 

Таң қалған Илларион көзілдірігін түсіріп алды, әжем шошына шегінді. Дәрігер самайымды кере көтерді, түсірді, сосын қайта көтерді, үңіліп көзіме қарады, аянышты кейіппен басын шайқап:

– Туыстары мен жақындарын тани ма?

– Әрең таниды, - деді Илларион арқасынан жүк түскендей терең күрсініп.

– Так… Мына адам кім? – деді дәрігер маған Иликоны нұсқап.

– Бұл адам емес, аң! – дедім мен асқан бір жынды адам кейпінде, ондайды Иликоның өзі де күтпесе керек:

– Зурико, бұл мен ғой, Илико ағатайың, шынымен танымай қалдың ба? – деді Илико қабағы қатуланып. 

Мен басымды шайқадым да, көзімді қылиттым. Әжем астыңғы ернін тістеп, басын ұстай алды.

– Ауруды немен емдеп жатырсыздар? – деді дәрігер. 

– Самайын арақпен сүртіп жатырмыз.

– Сол арақты осында әкеліңіз!

Әжем асыға басып бөтелкедегі арақты алып жетті.

– Шәй ішетін стақан беріңіз!

Берді. Дәрігер стақанды толтырды да:

– Баланың жағдайы ауыр, таңға дейін ілінбейді-ау. Дереу ауруханаға жеткізу керек, операцияға!

– Қандай операция?! – деп төсектен атып тұрдым.

– Бас сүйегін ашып көру керек...

– Алдымен мені өлтір! – деп шарқ ете түсті әжем. – Қарай гөр, «бас сүйегін ашу керек»! Бұл саған асқабақ па? Сен өзі ауру туралы не білесің? Балам сап-сау, ал бұл – «ауруханаға апару керек» дейді! Тұра ғой, құлыным, тұр, әйтпесе мынау сені мына түрімен көрден бір-ақ шығарады!

– Міне, тамаша! Дені сау дейсіз бе? Құдай сендердің бәріңе денсаулық берсін! – деді дәрігер стақанды аузына апара жатып. 

– Тіске басар? – деді Илларион оған алмұрт ұсынып жатып. 

Дәрігер алмұрттан құшырлана асап, менің маңдайымнан сипады да, бәрімізбен қоштасып есікке беттеген күйі:

– Бұндай дені сау баланы расында күллі ауылдан іздеп таппайсың, - деді.

Артынша атына қарғып мініп, қол бұлғады да, шоқырақтап желе жөнелді...

 

АҢШЫЛЫҚ

Менің таңғажайып ем қабылдауымнан кейін арада бір апта өткенде ауламызға Илларион бас сұққан. Алмұрт ағашының түбіндегі шалғынға шалқалап жата кетіп, ораулы темекісін тұтатты да, рахаттана керіліп жатып:

– Қалай, итбай, операцияң жеңіл өтті ме? – деді.

– Сендердің, әрине, түшкіргендерің бар, ал мен боқ басында өліп қала жаздадым!

– Айтшы, қане! Саған сонда не қауіп төнді? Ал жарайды, жидіген басыңды ашып қарады делік, бірақ сол сәтінде-ақ қайта жаба салар еді. Бос қуыстан не табады?

– Жарайды, жарайды... «Бос қуыс»... Есесіне анау Илико досың екеуің жатқан бір ақылдың кенісіңдер ғой!

Үндемей қалдық.

– Әлгі сенің итің көрінбейді ғой? – дегені сол еді, Илларионға жауап қатқандай иттің қаңқылдай қашқан үні жетті.

– Өлтірем оңбағанды, өлтірем! Құрып кет, Зурико, итіңмен қоса құры! Осы бір тексіз құбыжықты қайдан тауып алғансың?! Ұядағы жұмыртқаны тасып біткені аздай, енді келіп балапандарға ауыз сала бастады! Бақшадағы соқпақпен, қолында таяғы бар, бақырып-шақырып көрші Ефросинэ жүгіріп келе жатты. Алдындағы қыңсылай қашып келе жатқаны менің байғұс Мұрадам екен.

– Ұста ананы! – деп Ефросинэнің күйеуі де үй жақтан қышқыра айқайлайды.

– Әй, қатын, не көрінді сонша шаңқылдап?! Не болып қалды?! – Әжем де асығыс сыртқа шыққан екен. – Сен сонда кімді тексіз құбыжық деп тұрсың? Біздің Мураданы ма? Ол, білгің келсе айтайын, сенің күйеуің мен барлық туыстарыңнан да текті!.. Онанда тайып тұр... Әйтпесе... Тексіз... Мен бұл үшін диірменші Симонға екі сықпа ірімшік бергем.

Жер бетінде тек әжемнен ғана жасқанатын Ефросинэ сол сәтте-ақ кері серпілген, ал намысы тапталған байғұс Мурада менің аяғымның астына келіп жата кетті. Қарасын батырған Ефросинэден көзін алмаған күйі мұңая қыңсылайды. Тек көршінің әйелі көрінбей кеткенде ғана барып үнсіз қалды.

– Қалың қалай, Мурада! – деді Илларион.

«Қал қалай!» – деп іштей сәлем қайырған Мурада құйрығын бұлғаңдатты.

– Түлкі тұқымды неме! – деп жымиған Илларион иттің аузынан балапанның қауырсынын алып жатып. – Не үшін таяқ жедің?

«Құдай білсін, - деді Мурада, - балапандарын қараусыз қалдырады, сөйтеді де ренжиді...»

– Қатты ұрды ма?

«Жемей жүрген таяқ па» – Мурада ауырсынған аяғына қарады.

– Түк етпейді, басылып қалады...

«Ефросинэ армандағандай қатты да тиген жоқ» – Мурада жымиды, сосын құлағын жымқырып Илларионның қолын жалай бастады.

– Мынаның тұмсығына не болған? – деді Илларион.

– Күйдіріп алған, ақымақ. Кеше табадан мчади ала қашпақшы болып...

– Рас па, Мурада?

«Еһ, о жолы жолым болмады, сәл асығыстық жасадым», – деді Мурада күрсініп, сосын езуін жалады.

– Сен өзі, бауырым, ит емес, нағыз қазынасың ғой! – деді Илларион үлкен құрметпен. – Мына итбай, қарашы өзін, зіңгіттей болып алып әлі күнге әжесінің мойнында отыр, ал сен әлден өз қамыңды өзің күйттеп жүрсің. Жарайсың! Бірақ ұрлық түбі – қорлық, есіңде болсын! Ұрлап ішкен ас болмас. Ана біздің қоймашы Датиконы алайық – төрінен көрі жақын. Бірақ нағыз тойымсыздың өзі еді. Ал қазір есептен шығарылған зат секілді илектеліп төсегінде жатыр. Естіп отырсың ба-ей?

«Естуін естіп отырмын ғой, бірақ одан не шығады? Бәрі ұрлайды, ал мен не, құдайдың періштесімін бе. Біле білгенге мен де көп иттің бірімін», – деді Мурада ағынан жарылып.

– Жарайды, үйшігіңе бар, осыдан ауладан ұзап көр, көресіні көрсетем, иттің баласы! – дедім де итті ақырын аяғыммен итердім. 

«Айғайлама!» – деп Мурада тісін ақситып, құйрығын бұтына қысып алды. 

Илларион темекі орап тұтатты да:

– Таңертең колхоздың алқабын аралап қайтқанмын, жапырылып жатыр, қоян қаптап кетпеді ме екен... Іздерін көрдім... Ертең таңертең қару алып қайта бір аралап қайтса болғандай...

– Білем сенің қояндарыңды! Өткен жолы да мені сүйреп апарғансың, сондағы қоян дегенің ешкінің ізі болып шыққан.

– Ал мыналар, айтып отырмын ғой саған, қояндікі! Оның үстіне құмалағы да шашылып жатыр.

– Жарайды, барсақ барайық. Бірақ байқа, қояндікі дегенің тағы да ешкінің құмалағы болып шықпасын!

– Ақыл үйретпе, боқмұрын! Таңертеңге қаруыңды әзірле, ақымақ итіңді де ертіп ал, қажет болады... – деді де Илларион қалпағымен танауымнан түртіп қалып кете барды.

Ертеңінде таң алагеуімде біз қылтадан келетін шалғынды жапырып келе жаттық. Алда Илларион, оның соңында – мен, менің ізімнен – таңғы шықтан малмандай болып сүмеңдеп Мурада келеді. 

– Ит деп осыны айт. – деді Илларион кекесінмен. – Бізді қоян құрлы көретін емес – соңымызда келеді. Алға озсын десеңші.

– Алға шық! – деп бұйырдым.

Мурада шоқиып отырды.

– Ит шаршады. Біз де аяқ суытып, бірдеңе жесек қайтеді, а? – деп Илларион да отыра кетті.

– Демалсақ демалайық, - дедім де қасына жайғастым. 

Илларион қоржынынан сорпаға піскен тауық, мчада, жас ірімшік, жүзім арағын алып, үлкен жалпақ тастың үстіне жайды. Мен де пхали, лобио, буға піскен картоп пен тұз шығарып қостым. Сосын ұлан-асыр отырыс басталды. 

– Шылпылдатпай ақырын шайна, Илларион, қояндарды үркітесің! – деп ескерту жасадым..

– Кімді мазақ қылып отырсың, құбыжық? Қоян дегенің бұл арада бықып жүр, тек оларды ақылмен іздеп табу керек! – деді Илларион өкпелегенсіп. 

Ол стақандарды толтырып, әдеттегідей «аман болайық» деп тілек айтты. Бас изедім.

– Аман болайық! – дедім де қағып салдым.

– Бірдеңе же, қызып қаласың!

– Айтасың-ау! Мен бір сивухи көрмегендей!

– Арамза неме! Сивухиді әжеңнен ішерсің!.. Қане, тағы қайталап жіберейік!

– Кеттік! – дедім мен келесісін қағып жіберіп. Сосын кенет көңілдене бастадым. Қалай-қалай зымырайды! Тура бүйректен алады ғой!

– Анау-мынау емес – таза чача!

– Үшіншісін де көрейік! – дедім мен.

– Көрсек көрейік!

Илларион стақанды аузына асығыс төңкерді де, темекі салған қапшығын шығарды.

– Мә, менікінен көр, менің темекім мықты: стмабұлский! – деп оған өз қапшығымды ұсындым.

Илларион қапшықты қолына алып, темекіні искеп көрді де, маған күдіктене бір қарады, бірақ бәрі бір ешкінің сирағындай қылып орап, тұтатып, құшырлана сорды да... шалқасынан түсті. 

– Саған не болды, Илларион? - деп атып тұрып оның жүзіне үңілдім.

Илларион өңі сұрланып үнсіз жатыр. 

– Мурада, тез су әкел! – деп айғай салдым.

Илларион керегі жоқ дегендей басын шайқады, ақырын түрегелді, қып-қызыл көздерімен маған тесіліп ұзақ қарады, сосын терең күрсінді де қиналысты үнмен:

– Мына темекіні қайдан алдың?

– Илико сыйлаған. Не болды?

Илларион стақанды толтырып, жасын сүртті де, аспанға қолын жайып:

– Уа, әлемнің жаратушысы, жер бетіндегі барша алаяқ пен оңбағандардың сазайын бер! Илико Чигогидзеге тозақ отында шығырылып жатқанда менен басқа адам көмек қолын соза алмастай зауал жібер! Әумин! 

– Илларион ағатай-ау, не болып қалды?

– Темекіге бұрыш қосылған!

– Е, онда төртіншісін ішейік, сосын құдай Иликоны жазалай берсін, – дедім де қағып салдым. Сосын кенет Илларионның ұзын мұрнынан сүйгім келді.

– Илларион ағатайым, қымбаттым, жер жүзіндегі ең ізгі адам өзіңсің! Мен өзіңді қалай жақсы көретінімді білсең ғой! Сенің мұрның ұзын, жүрегің мейірімге толы. Егер сен болмағанда, жер басып жүруімнің де мәні жоқ еді. Сенші маған, Илларион ағатайым! Қане, бетті әкелші, сүйейін.

– Негізі, ашығын айтсам, Зурико, қымбаттым, тап сен секілді бала бұл дүниеде әлі туған жоқ! Сенен бақандай отыз жас үлкен болсам бола берейін! Мен де сенің жасыңда болғам. Болғам. Сен де менің жасыма келесің. Келесің. Екеумізде не айырмашылық бар? Ешқандай. Кімнің басында шаш көбі маңызды ма? Маңызды емес. Біз доспыз! Сол үшін – ішейік...

…Дос-жаранның арасында мұңға батып мен жүремін, Мен, Симона, эх, Долидзе... деп барқыраған даусыммен әнге бастым.

– «Мұңайғаны» несі? Неге мұңаясың, қымбаттым? Мектепте біреу-міреу ренжітті ме? Осы айтқаным есіңде болсын – қарғыс атқан мектебіңді өртеп жіберемін! Әлде, мүмкін, дұшпан пайда болған шығар? Сен тек маған айтшы, оның кім екенін. 

Илларион сөйдеді де қаруға жармасты.

– Қане, ат, Илларион! Арго біздің біз екенімізді бүкіл әлем білсін! Ау-у-у!..

Илларион қос шүріппені бірінен соң бірін басып-басып қалып еді, дүние дүңк ете түсті. Жаңғырық, бейне бір тордағы құстай ана тауға бір, мына тауға бір соғылып аласұрып жүрді де, ақыры саңылау тауып алысқа ұзап жоғалды...

…Тоңып жатып ояндым, көзімді сүртіп айналаға қарадым. Шамасы, Мурада таңғы асын баяғыда ішіп болып, дастарханды жинастырып, бір жаққа кеткен секілді...

Илларионды ояттым. 

– Жаналғыш құсап төнбеші кісіге! – деді ол тісін шықырлатып. – Сосын, құдай үшін, тартшы андағы қаруыңды, атып тастағалы тұрмасаң, өйтсең мұрныңды бет қылам! 

– Кішкене жүріп қайтайын, мүмкін, қоян кезігіп қалар...

– Бар, бар... атарда сол көзіңді жұмуды ұмытпа! – деп Илларион соңымнан айғай салды.

Әудем жер ұзап үлгергем жоқ, Илларионның ызалана айқайлаған үні қуып жетті:

– Вай, жоқ болғыр, сүмелек! Ит емес, боқсың сен! Үруге де ерінесің бе-ей, бақытсыз бейшара-ау?!

Оқтаулы мылтығымды көлденең ұстап жүгіріп жеттім: 

– Не болып қалды, Илларион?

– Мә, қызықта, - деді ол алақанын созып. Онда қоянның бірер құмалағы жатыр екен. 

– Әлі кеуіп үлгермеген, түсінемісің? – деп зіркілдеген Илларион құмалақтарды сондай бір өшпенділікпен мыжғылай бастады. – Қоян жаңа ғана осы арадан өткен, ал сенің қарғыс атқыр итің танауының астындағы иісті де сезбеген! 

– Бұларды қайдан теріп алдың?

– Айтып тұрмын ғой, міне, екі-ақ аттам жерден. Қане, сен жоғары жағынан бері түс, мен осы арадан күзетем. Қоян алысқа ұзай қойған жоқ. 

Мен шақпақты қайырдым да, ақырын бұтаның желке тұсына қарай жүрдім. Қоянның ізі сайрап жатыр. Мен бұтаны бірнеше рет айналып шықтым да, сосын оны аяқпен сыбдырлата тептім. Кенет бұтаның арасынан бір қоян ытқып шықты – ұзын құлақ, арқасында ақ жолағы бар нағыз қоян.

– Ұста! – деп баж ете түстім де, атып кеп қалдым. 

Қоян құлағы бұлғаңдап төмен қарай зыта жөнелді. 

– Илларион, жіберме оны! – деп айқайладым. 

– Мен осындамын, қорықпа!

Бір сәт өлі тыныштық орнады. Артынша шақпақтың шық еткені естілді, сосын Илларионның қатты түкіргені, сосын біреудің күрсінісі, қарғыс, күрсініс, ырсылдаған үн, содан кейін барып:

– Ұста, ұста, Зурикела, саған қарай кетті!

Мен отыра қалып мылтық кезендім... Кенет ойламаған жерден төменде мылтық дауысы естілді, екінші қайтара, сол-ақ екен иттің құйқа шымырлатар қаңқылы жетті. Көзім қарауытып, буыным босап, үнсіз отыра кеттім...

– Мурада, қымбаттым, қарашы маған! – деп адал досымды құшағыма қысым еңіреп тұрып жыладым. 

– Жылама, балам, бекем бол, - деп Илларион да көз жасын сүртті. 

Мурада көзін ашып, бізге қарады. Біз – мен, Илларион, Мурада үшеуміз де жыладық.

– Ауырсынып жатырсың ба, Мурада?

«Өте...» – байғұс ит күрсінді.

– Еһ, неге ғана қолым тартылып, көзім ағып түспейді менің! – деді Илларион. 

«Жарайды, Илларион, мұңайма... Әдейі істеген жоқсың ғой – мастықтан... Оның үстіне қаруыңның сырын білемғой мен – онымен жауыңды сұлатып, досыңды сүйіндіресің... Есіңде ме, тап осылай өз итіңді де атып едің ғой... Сондықтан еш қамықпа... Мен саған ренжімеймін... Тек Эфросинэ қуанатын болды! Әй, соны қойшы, қуанса қуана берсін...» – Мурада осылай деді де сондай бір мейіріммен тұмсығын Илларионның тізесіне сүртті.

– Сонда мұны ит дейміз де, Иликоны – адам дейміз ғой! Әділдік қайда! – деп күрсінді Илларион.

– Мурада, мықты бол, достым! Сәл шыда! – деп Мурадаға иілдім.

«Жо-жоқ, бауырым, жағдайым қиын... Әлгі, не деуші едіңдер? «Ит секілді шауып кетеді» деуші ме едіңдер. Ал мен, міне, өлейін деп жатырмын... Өліп барамын, Зурикела…»

– Мықты бол, мықты бол, Мурада. Соңына дейін иттің сырттаны бол, - деді Илларион.

«Сендер, адамдар, көп қайғырмайсыңдар: өлсеңдер – жерлейді, жоқтайды. Ал бізді кім жерлейді? Ешкім. Егер бір туысқанымызды көмсе, тағы сол, жемтігіміз сасып жатпасын деп қана...» Мураданың денесінде діріл жүгіре бастады.

– Илларион, көмектес, Мурада өліп барады! – деп айғай салдым. 

«Қош болыңдар…» – Мурада маған соңғы рет қарады да көзін жұмып, қимылсыз қалды. 

– Үзілді, қолым тартылып қалсын менің, - деп күбірлеген Илларион жеңімен көз жасын сүртті...

…Әжемнің ойбайы мен жоқтауы бүкіл ауылды тік тұрғызды. Шошып жүгіріп жеткен көршілер, не болғанын естіп өкпелеп жатты: 

– Бұларың не, ақылдарыңнан алжасқанбысыңдар? Арам өлген бір итке бола жұрттың зәресін алып! Осындай да адамдар болады екен-ау!

Сөйтті де тарап кетті...

Илларион кешке дейін жазасын күткен қылмыскердей сенделіп жүрді де қойды. Кешке қарай мені өзіне шақырған:

– Жерлеу керек. Әнеу жерге, шынардың түбіне!

Екеулеп жүріп шұңқыр қазып, қаза тапқан досымыздың сүйегін жер қойнына тапсырдық. Сосын мен әжемнен бір құмыра шарап сұрап әкелдім де, екеуміз Мураданың қабірінің басында қоштасу рәсімін жасадық. Алғашқы сөзді Илларион алды:

– Зурико, балам менің, - деп бастады ол, - қабырғамызды қайыстырған қайғы бүгін екеумізді осы қабір басына әкелді. Қатарымыздағы адал дос әрі жолдасымыз Мурададан айрылып қалдық. Ол ит ретінде бізге деген адалдығынан ешқашан айныған емес, егер және о дүниеде иттердің жұмағы болса, оның қақпасы сөзсіз біздің Мурадаға айқара ашылады! Біз оны ұмытпаймыз. Мураданың жаны жәннатта болсын! Сол үшін ішейік!

– Сенің арқаңда, Илларион… Ішейік!

– Екінші стақанды мен қайтқан жанның жақындары мен туыстары үшін көтергім келеді. Саған бақыт, денсаулық тілеймін, бұдан кейін отбасың қайғы көрмесін! 

– Рахмет, Илларион!

Аулаға ұрлана басып бір қара ит кірді. Кірді де Мураданың қабірін бір-екі рет айналып өтіп, сосын анадай жерге барып шоңқиып отырып ұли бастады. 

– Көңіл айтып келіп отыр, - деді Илларион.

– Бұл диірменші Симонның иті, Мураданың енесі, - дедім мен. 

– Жаратқан ием, өзің рақым ете гөр! Әй, ит, бері кел!

Ит Илларионға жақын келді. Бұл оған бір кесек ет лақтырды. Ит теріс қарады да жатып алды. 

– Ит те болса сезеді! – дедім мен.

– Мураданың ата-анасы үшін! Аман бол, ит!

- Күнәһар мына мен! – деді де Илларион стақанды қағып салды. Мен де іштім. Аулаға 

бірінен кейін бірі тізіліп тағы төрт ит кірді. 

– Қара, мынау Асалоның иті... Анауысы – Датиконыкі... Әнеу біреу – Деспинэнікі... Мынау – Макидікі... Матренаның қазанбасы қайда? Ол неге келмейді? – деп сұраған Илларин.

– Ол Мурадамен араздасып қалған. Өткен жылы екеуін таластырып едім, Мурада оны қатты қауып тастады, - дедім мен. 

– Тап қазір өкпе айтысатын жер ме? Ондай итке түкіргенім бар! Онда ар да, ұят та жоқ! Тфу!

– Қожайын! – деген дауыс естілді шарбақтың сыртынан. 

- Кім бұл?

– Қастарыңызға барсам бола ма?

- Мархабат!

Аулаға Махаре Гогичайшвилидің жеті жасар ұлы кірді. 

– Тыныштық па, балам? – деп сұраған Илларион.

– Сіздің атыңызға телеграмма!

– Көрсет!

Балақай телеграмманы ұсынды. Илларион асықпай қалтасынан көзілдірігін шығарып, онысын беторамалмен жақсылап сүртіп, мұрнының үстіне ілді де оқи бастады.

«Зурикела-итбай мен Илларион-мұрынға. Қымбатты Мураданың трагедиялық қазасына байланысты қайғыра көңіл айтамын. Осы бір ұлы қазаға өздеріңіз секілді менің де жүрегім езіліп, теңселіп кеттім. Бұл қайғыны көтере алам ба, жоқ па, білмеймін. Келіп, топырақ сала алмағаныма кешірім өтінемін. Сіздерді не деп жұбатарымды да білмей отырмын. Жаза басқан қайғылы аңшыларым! Ендігіде тағы да ит аулауға аттанып жатсаңыздар, мені де тастамай ерте кетерсіздер. Екеуіңізді де маңдайларыңыздан сүйдім.

Қайғылы достарыңыз».

– Қолы қойылмаған. – деді Илларион. – Кімнен болды екен, а? Балам, мұнда келші, - деді ол пошташы балаға. – Кел, кел, қорықпа. Бала жақындады. Сол сәтте Илларион оны құлақтан шап берген, анау баж ете түсті. 

– Айт қане, телеграмманы кім берді?

– Айтпаймын, өлтіреді.

– Айтпайсың ғой? Онда сені мен өлтірем! Таңда! – деді Илларион. Бала одан әрмен безектеді.

– Илико Чигогидзе үш сом беріп, телеграмманы апарып бер, кімнен екенін айтушы болма, әйтпесе тіліңді жұламын деді. 

– Илико дейсің бе?

– Илико.

Илларион баланы қоя беріп, өз кеудесін жұдырықтады:

– Тұра тұр, бәлем, сен сайтанды ма! Көзіңе көк шыбын үймелетем әлі!..

Мен Иликоны шынымен аяп кеттім. 

Түн болды, кәдімгі ауыл түні. Сосын құдды бүгін біздің үйде ешкім өлмегендей, айнала тыныштыққа бөленіп сала берді...

 

ҚАНҒА ҚАН

Биылғы оқу жылын да бәз баяғыша орыс тілінен күзгі емтиханға қалу үрдісімен аяқтадым. Аптасына екі рет мұғалиманың үйіне дайындыққа барамын. Еңбек ақысы табиғаттың тамашасымен өтелетін болды: жарты пұт лобио, төрт кесек ірімшік және биылғы өнімнен бір пұт шарап. Былтырғымен салыстырғанда түк емес – ол жылы екі сабақтың емтиханынан өтпей қалған едім. 

Менің күнделікті оқуым былай басталады:

– Тұр, тұр, қаңғыбас! Илектеліп жата бересің бе! Кешігесің! – деген әжемнің айқайы ауладан жетеді. 

Сол сәтте-ақ атып тұрамын да бәтеңкемді тоқылдатып бөлмені бірнеше айналып жүгіремін, орындықтың ары-бері қозғалғаны естіледі, сосын аяғымның ұшымен ақырын басып төсекке келемін де, көрпемді оранып үзілген түсті жалғастыруға кірісемін. Сөйтіп маужырап бара жатыр едім, қарғыс атқан басыма бір шелек тастай су сар етіп құйылды да, әжемнің аузынан ытқыған найзағай оты жарқ-жұрқ ойнап берді:

– Кімнен ғана тудың екен сен, бақытсыз сорлы?! Жер жұтқыр ұятсыз неме!

– Менен не керек осы саған?

– Өле қалмайды екенсің, арамза! Ана Мураданың қасына көміп, орысша жоқтар едім-ау. Иә, тап орысша, ақымақ! Суми неме! Бүкіл Ресей орысша сөйлейді, ал сен қайдан шыққан мисызсың, а? Айтшы қане, біздің үйде сенен басқа орысша білмейтін біреу бар ма?! Еһ, қайран атаң жарықтық! Ресейде жеті-ақ жыл тұрып орысшаңды поштабай Иванның өзінен артық біліп алды ғой. 

– Қойыңыз әрі, – дедім мен таңданысымды жасыра алмай.

– Иә, иә, көзіңді өйтіп бақырайтпа. Жарықтық Иванмен екі сағат сөйлесті ғой, Иван да оны аузы ашылып отырып екі сағат тыңдады, сосын елге бұрылып қарап, мұндай орысшаны өмірімде естіп көрмеппін деп басын шайқаған еді. Солай болған. 

– Мүмкін емес, – дедім тағы да таң қалып. Сосын таныс шыбықтың сусылы естілді де, мен мұғалиманың үйіне қарай құстай ұштым.

– Саламатсыз ба, мұғалім! – деп Заблона мұғалиманың көзіне қарадым. 

– Саламатсың! Бүгін не істейміз?

– Бүгін бе? Жүгерінің арам шөбін жұлып бітіремін, сосын – сиыр жайып келемін, сосын – жүгіріп диірменге барып қайтамын, сосын – отын жарамын, содан кейін – сабақ, - дедім орысша мен грузиншені араластырып. 

– Онда, кіріс, – деді мұғалима бата бергендей. Сөйтіп сабақты бастап кеттім. Түстен кейін өткен тақырыптарды пысықтауға кірістік. 

– Жүгері не болды?

– Тап-тұйнақтай қылдым, мұғалім.

– Диірменге бардың ба?

– Бардым, мұғалім.

– Сиырды суардың ба?

– Суардым, мұғалім.

– Отын ше?

– Бір аптаға жетеді.

– Грамматика деген не?

– Грамматика грек сөзі.

– Дұрыс, жарайсың, жақсы баласың сен. Ал, қайта ғой үйіңе.

Бірде таңертең сабаққа дайындалып отыр едім, аулаға Илико кірді.

– Ольга, қымбаттым менің, бүгін Зурикелоңды маған қарызға бере тұршы.

– Солай ма? Орыс тілін сонда сен оқытасың ба?

– Бұған Заблона оқытып жүрген орысшаны мен де үйрете аламын. Қолына кетпен ұстатып, бақшадағы арам шөптердің арасына кіргізіп жіберсем, орысшаң не, қытайша сайрап кетеді. Ақысына лобиоңды да, шарабыңды да алмаймын.

– Тіліңе теріскен шықсын, кәрі сайтан! Ал сонда бұл саған неге керек бола қалды?

– Оның енді саған қатысы шамалы, қымбаттым. Сен тек жіберсең болды.

– Жарайды. Әй, арамза, ер мына сайтанның соңынан. Көрейік, не үйрететінін.

– Тартық! – деп бұйрық берген Илико қақпаға қарай екпіндей адамдап бара жатты. 

– Не шаруа, Илико? – деп сұрадым.

– Саған бір өтінішім бар, Зурикела: сені Илларионға жұмсамақпын...

– Жәй ма?

– Одан үш пұт шарап сұрау керек болып тұр, білесің ғой, ауылда Илларионның шарабынан асқан шарап жоғын.

– Одан да әжемнен сұрамайсың ба, қолыңды қайтармас.

– Басымды ием! Маған уксус емес, шарап керек. Қияр тұздағалы жатқам жоқ қой. 

– Әжеме солай деп айтып барамын. 

– Айтсаң, аузыңды құлағыңа дейін керіп тұрып тігіп тастаймын – бітті! Оданда тілімді ал. Илларионға бар да айт – шарабын сатсын, болмаса қарызға берсін. Ол сені сыйлайды, қолыңды қайтармайды...

– Шарап кімге керек? Саған ба? Онда бар да өзің сұра...

– Зурико, қымбаттым менің, жарығым, буынсыз жерден пышақ ұрмашы. Бір өтінішімді орындашы, ол ана жолғы телеграммадан кейін мені есігінен де сығалатпайды... Ал егер ол бас тартса, онда...

– Онда не?

– Онда... Онда сен оның цоликаури (шарап сорты) сақтаған құмыраларының сыртына белгі салып кет. Ары қарай мен бүкіл ауыл таң қаларлық сиқыр істеймін.

– Қандай сиқыр?

– Мынандай сиқыр: Илларионның белгі салынған құмыраларындағы шарабы түн ортасында менің құмыраларыма құйылады. Ұқтың ба?

– Сенің есің дұрыс емес, Илико.

– Айқайлама, ақымақ. Кімнің темекісін тартып жүргеніңді ұмыттың ба?

– Соны да сөз деп. Сенің темекіңнен түшкіріп өлуге болады.

– Жарайды, іске көшейік. Он уыс темекі, сосын жұмған аузыңды ашпайсың. Келістік пе?

– Тап қазір?

– Әрине.

– Жарайды, үйіңе бара бер, жауабын өзім жеткіземін.

- Байқа!

– Сау бол!

Илико менің маңдайымнан сүйді де, самайын саусағымен түрткілеп тұрып жалғыз көзімен сұқтана қарады:

– Тыңдап ал, Зурикела: Илико Чигогидзені сатқаның – отаныңды сатқаның.  Осыны ұмытпа...

– Мені кім деп тұрсың? – деп өкпелей қалдым.

Сабасына түскен Илико сергек адымдап үйіне қарай кетті, мен Иллариондікін бетке алдым. Күннің алтын шапағы балконға иіле албыраған алмаларды айнадай жарқыратады. Илларион иленген ешкі терісінің үстінде бар ынтасымен өткен аптаның газетін оқып жатыр екен. Жалпы біздің ауылда бүгінгі, кешегі, алдыңғы күнгі газет деген атымен болмайды, бәрі өткен аптанікі.

– Амансың ба, Илларион!

– Зурикелаға сәлем бердік!.. Әлгі кәрі сайтанға таң атпай не керек болыпты?

– Жәй бас сұққан ғой.

– Сонда да ол антұрған бірдеңе деген шығар?

– Шарап крек еді дейді. Илларионға барып сұрашы, үш пұт, сатсын, болмаса қарызға дейді.

- У керек емес пе екен?

– Жоқ, шарап сұрап отыр.

– Ол аусарға бола сақтап отырған шарабым жоқ!

– Аясаң етті!

– Ал ол бізді бұрыш қосылған темекі бергенде аяп па еді? Әлде телеграмманы ұмыттың ба?

– Оның рас.

– Онда үгіттеме мені.

– Оның не дегенін білесің бе?

– Сөйле.

– Егер дейді, Илларион бас тартса дейді, сен жақсы шарап құйылған құмыраларды белгілеп кет дейді, сосын мен онысын түн ішінде сарқып кетемін дейді...

– Ах, солай де?! Ал, Зурикела, онда енді сен маған көмектес. Сен мені білесің, ер мойнында қыл арқан шірімейді... Кешке мен Иликомен қызыл кеңірдек болып саудаласып отырдым:

– Екі уыс темекі, одан артық сұрама.

– Оның жарамайды. Сонда мен құмыраларға тегіннен-тегін белгі салған болдым ғой?

– Әй, қоймадың ғой, төрт уыс.

– Он!

– Төртеу!

– Он!

– Өлесің ғой, ақымақ. Өкпеңді аясаңшы.

– Онда сенің шатағың болмасын! Әкел темекіні.

– Бесеу!

– Не он уыс бересің, не тап қазір Илларионға барып бәрін жайып саламын!.. Сау бол!

– Мә, мә, тойымсыз қарның жарылсын, арамза! – Илико менің алдыма сап-сары темекінің он уысын төкті, - Шешім мынау: түнде менімен бірге барып, көмектесесің!

Түн ортасында Илико екеуіміз шық тұнған көк майсада, қираған қаша түбінде Илларионның шарап қоймасын көздеп жаттық. 

– Апчхи!.. Апчхи!.. Апчхи!.. – деп үш рет түшкірдім.

– Тырысқақтан тырапай асқыр! Соқталдай болып алып өз мұрныңа өзің ие бола алмайсың ба? – деп Илико мені ауыр торсықпен салып жіберді.

– Әнеу бір құмыра... отыз пұттық, көріп тұрсың ба, түбіне таяқ шаншылған, - деп Иликоға сыбырладым. Илико қашаның тесігінен өтті де, құмыраға қарай бауырымен жорғалай жөнелді. Мен торсығымды ыңғайлап соңынан ердім. 

– Қане, бастайық! – деп сыбырлады Илико кетпенді менің қолыма ұстатып. 

Дыбыс шығармай іске кірістік. Он бес минуттан кейін құмыраның қақпағы көрінді.

– Аш! - деді Илико торсықты ыңғайлап жатып. 

Құмыраның арандай аузына екеуміз қатар сыйып кеткендейміз. Қақпағын әрең аштық. Илико шапшаң иіліп, құмыраға басын тығып жіберіп баж ете түсті:

– Не мынау? Құмыра бос қой!!!

– Қайдағы бос, Илико, толып тұр, сен сәл тереңірек үңіліп қарасаңшы.

Илико құмыраға иығынан дейін кіріп кетті. 

Кенет:

– Ұстаңдар ұрыларды! Оңбаған сумақайлар! – деп айғай салған Илларион ағаштан секіріп түсті. – Қозғалма, атам!

– Қаштық, - деп баж ете түскен мен Иликоның аяғынан шап бердім. Ол қорыққанынан тыпырлай беріп... құмыраның ішіне гүмп берді. Илларин мені ұстап алды:

– Кімсің? Айт жаныңның барында!

– Мен ғой, Илларион! Өлтіре гөрме! – деп жалбарындым даусым дірілдеп. 

– Қасыңдағы қайда?

– Білмеймін.

– Айтпасаң, өлтірем!

– Білмеймін, Илларион ағатай.

– Кім ол?!

– Білмеймін.

– Қалай білмейсің, бірге келдіңдер ғой?!

– Білмеймін.

– Жаныңды жәһанам асырмай тұрғанда жап мына құмыраның қақпағын, сенімен сосын сөйлесем! – деп Илларион шапалақпен аямай тартып жібергені сонша, жоспарлы жалыныштың орнына баж ете түстім. 

Мен құмыраның қақпағын жылдам жауып, үстінен үлкен таспен бастырып, кетпенімді қолыма алып енді топырақпен көме бергенде ішінен оның жалбарынған дауысы саңқ ете түсті:

– Уа, жаратқан ием, барша оңбағандар мен сұмпайыларды, арамзалар мен екі жүзділерді жер жастандыра көр! Күллі ғаламның әміршісі, Илларион Шеверднадзе мен Зурикела Вашаломидзенің төбесінен жәй түсіре көр! Құдайдан безген немелер, ақымақ қылды ғой мені!

– Ей, бұл қайсың? Айт жаныңның барында, әйтпесе миыңды шашып жіберемін! – деп Илларион құмыраның аузынан мылтық кезеніп тұрып айғай салды.

– Мен ғой, Илико. Тарт қаруыңды, қоңқиған сайтан, күнә арқалама.

– Сен Илико емес, жетесізсің! Бос құмырада не әкеңнің құны қалды?

Мен күлкіден жарылайын деп тұрмын.

– Илларион, мені тірідей көмбексің бе? Құдайдан қорықсаң етті!

– Ештеңеден қорықпаймын! Көмем де тастаймын, сен итті, қайта құдай маған рахмет айтады.

– Жібере, Илларион!

– Бар да, Зурикела, көршілерді оят, көрсін бәрі, менің құмырамда жатқан соқыр борсықты.

– Илларион Шеварднадзе! Қарабет қыла көрме. Жетер, мына сасық құмырада тұншығып өлетін болдым. Осы қалжыңдағаның да жетер.

– Қалжыңдап тұрған ешкім жоқ, қазір құмыраны қымтап жабамын, бір айдан кейін сенен арақ ашытамыз.

– Мұндай сасық арақтың кімге керегі бар, елді улайсың ғой! – дедім мен. 

– Зурикела! Ешкі секілді сатып кеттің ғой мен, оңбаған!

– Сен онанда бұрыш қосқан темекі мен телеграмманы есіңе түсір. Отыр енді өстіп, бос құмырада күкірт иіскеп.

– Адамды бұлай қорламаңдар, құдайсыздар! Қалған өміріңді осы құмырада өткіз демекпісіңдер? 

– Жібере салайық, обал ғой, – дедім мен.

- Бопты, шықсын. Тек бар даусымен «Мен ақымақпын» деп айқайласын.

– Келісесің бе? – дедім Иликоға.

– Ақымақпын мен, ақымақпын! – деп Илико жан дауысымен айғай салды. Ол құмырадан шыққан бетте құдды бір ұзақ сапардан оралған сүңгуір кеменің экипаж мүшесі құсап түнгі салқын ауамен терең тыныс алды. Сосын жерде жатқан торсығын көтерді де, сұқ саусағын шошайтып:

– Жарайды, сендер жеңдіңдер, берілдім, - деді. 

Бұрылып, мұрнының астынан міңгірлеп қақпаға қарай аяңдап бара жатты.

– Қайда барасың ей, қайырымсыз? Бізді неге жарылқамайсың? – деп Илларион айғай салған.

– Сендерді құдай жарылқасын, сый-құрметтеріңе көп рахмет! – деді Илико. 

– Жә, бұрқылдама, қырсық неме. Тоқта!.. Қане, Зурикела, аршы. – деп Илларион шарап толы құмыралардың бірін нұсқады. 

Мен кетпенді қолға алмас бұрын алдымен Иликодан алған темекіден орадым. 

– Тартпа, Зурикела, бұрыш қосылған, - деді Илико ұяла тіл қатып. 

…Әтештің соңғы шақырғанына дейін Илларионның шарап қоймасындағы тілектер мен шөпілдескен сүйістер бір тынған жоқ. Таңертең Илларион екеуміз шылқа мас Илико мен шарап толы үлкен торсықты тәлтіректеп әрең сүйреп бара жаттық…

 

КҮЗЕТШІ

Бірде шәй алқабы арқылы өтетін төте жолмен мектептен қайтып келе жатқам. Албырап піскен изабелла жапырақтардың арасынан маған көз тастап тұрды. Өзімді тежей алмай, сөмкемді бұтаққа ілдім де, лып етіп ағаш басына бір-ақ шықтым. Жүзімнің дәмі тіл үйіреді! Неге екенін білмеймін, жұрт изабелланы құртымен бірге ұсынады деп жатады. Бірақ, шынымды айтайын, осы күнге дейін құрт жеп көрмеппін, бірақ әлгі айтқандары рас болса, құрттар жасасын! Алдымен жүзімді уыстап асадым, ал тоя бастаған соң асықпай бір-бірден жеп, қабығын түкіріп тастап отырғанмын.

– Ей, ағаш басында отырған қайсың? Колхоздың нәрсесін неге ұрлайсың?! – деген қаһарлы дауыстан селк ете түстім.

Құлап қала жаздап барып дер кезінде бұтақтан ұстап үлгердім де демімді ішіме тартып тым-тырыс отыра қалдым.

– Кімге айтып тұрмын? Саңыраусың ба немене?!

Төменге қарадым. Ағаш түбінде Илико тұр – басында қамыс қалпақ, иығына жіп асып алған, беліне қыстырған балтасы бар. Жанында бір арық ешкі ауызын қисаңдатып жүзімнің қабығын жеп тұр. 

– Сен не, естімей тұрмысың мені, а?! Кімсің, айт қане? Колхоздың жүзімін жеуге кім саған рұхсат берді? Сайтанбысың, адамбысың? Жауап бер тез!

– САЙТАНМЫН мен, САЙТАНМЫН.

– Сайтанның өзі тұрмақ әкесі болсаң да, колхоздың алқабы саған жұмақтың бағы емес, кез келген иттің баласы келіп жүзімін отап кететін! Төмен түс, әйтпесе отырған орныңнан сілкіп түсірем!

– Жоғары шық, осында отырып сөйлесейік.

– Түс дедім ғой, саған!

– Түспеймін!

– Түспейсің ғой?

– Әлбетте!

– Онда отыр сөйтіп, көрейік, қаншаға шыдар екенсің. Ал мен ешқайда асықпаймын, – дейді де Илико ағаш түбіне қонжия кетті. 

Мен қаннен қаперсіз жүзім жеуді жалғастырдым. Бір сағат өтті. Иликоның да тағаты таусылды-ау:

– Қарғыс атқыр, не істеп отырсың?

– Ұя салып жатырмын.

– Жақсылықпен айтам: өз еркіңмен төмен түс те соңымнан ер, кеңсеге.

– Тұра тұр, жеп алайын.

– Сен өзі адамсың ба, бөшкесің бе? Түс шапшаң!

– Түспеймін!

– Демек, билікке бағынбайсың ғой?

– Жоқ!

– Жақсы. Онда міне жіп, міне балта, бар да өзің күзет.

– Маған неге сонша жабыса қалдың? Осындай да адам болады екен-ау! Жайыма қалдыр да, жөніңе кет!

– Соңғы рет ескертем: түс ағаштан! Әйтпесе басқаларды шақырам!

Илико сонда ғана менің сөмкемді көрді. 

– Аһа! Енді ешқайда қашып құтыла алмассың. Кім екеніңді қазір білетін боламыз.

Илико ыңғайланып отырды да, сөмкені түбінен ұстап сілкіп қалып, ішіндегісін жерге төге салды. 

– «Декамерон»… - деп мұқабасын оқыды да, кітапты былай алып қойды. – «Құрыш қалай шынықты»... «Кісіжегіштер арасында»... «Тристан мен Изольда»... «Жолбарыс терісін жамылған батыр»... сен өзі кімсің а, сайтан алғыр?! Өзің қайда оқисың, қай мектепте, не бір дәптер, не бір қарындаш жоқ! – деп Илико бұрқылдап сөйлеп отыр.

– Илико аға, бұл мен ғой, Зурикела.

– О-о-о, сұмырай, арамза! Әбден сілікпемді шығардың ғой, ит-ау! Шапшаң төмен түс, бір-екі бұта жүзім ала сал. Мен сол сәтте-ақ жерге түсіп, Иликоны қатты құшақтап алдым.

– Илико аға, қалың қалай?

– Қал сұрағышын, ұятсыздың! Бір сағат бойы басымды қатырғаны ойда жоқ. Бұйыртпадың ғой, бұйыртпағыр!

– Бұйырмағаны несі? 

– Солай... Міне, жарты жылдай болды, алқаптың күзетшісімін. Білесің ғой?

– Бірлем ғой, әрине. Сөтсе не болыпты?

– Мінуге бір ат берген... Ат емес, сапалақ! Өткен жолы алқапқа ақсақ Сипитоның сиыры түсіп кетіпті... Мен аттан секіріп түсіп, сиырды құйырқтан шап бердім... Бұрылып қарасам, атым жоқ. Қуып жүріп әрең ұстап, енді қарасам - сиыр жоқ. Атты жібере салып, сиырды қуып кеттім, ұстап алып қарасам, ат жоқ. Сиырды жайына қалдырып, аттың соңынан қуайын, ұстап алып қарасам ат жоқ. Қысқасы, кешке дейін тілім салақтап жүріп екеуін әрең қосақтадым ғой. Ал кеше жиналыста төрағадан сөгіс естідім: не міндетіңді дұрыс атқар, не орынды босат дейді...

– Бұған менің қандай қатысым бар?

– Тікелей. Ағаш басында отырған ұрыны көрдім де жолым болды деп ойладым. Ұрыны ұстап, кеңсеге алып барам, төраға сосын Илико жұмыс істемейді деп көрсін. Енді не істерімді білмей тұрғаным.

– Мені кеңсеге алып бар.

– Қой, қарағым. Әжең сосын мына жалғыз көзімді ойып алсын.

– Енді не істемексің?

– Төрағаға ешкіні желелеп барамын. Не істесе, оны істесін.

– Ешкі кімдікі?

– Кімдікі болушы еді? Менікі. Сен не, бұны бірінші рет көріп тұрмысың?

– Сіздікінің сақалы бар еді ғой?

– Болған. Қырқып тастадым.

– Неге?

– Танымасын деп. Әйтпесе күзетші өз ешкісін ұстапты деп тағы қырғын салып жүрер.

– Содан соң?

– Ештеңе. Бәрі бір көк тиын пайдасы жоқ. Не сүт шықпайды, не етке жарамайды – ілмиген бірдеңе. Бұдан қып-қызыл шығын ғана көріп отырмын. 

– Танып қойса ше?

– Қайдам. Ешкі менікі екеніне өзім әрең сенем... Ал, жолыңнан қалма, балам. Жүзіміңе рахмет, әйтпесе тамақ деген кеуіп қалды.

– Сау бол, Илико!

– Байқа, Зурикела, қымбаттым, Илларионға айтып қойып жүрме, жойып жібереді. 

– Қорықпа, Илико.

...Арада бір ай өткенде Илико жұмысты жақсы істегені үшін колхоз басқармасынан сыйлыққа семіз ешкі алды…

ЖИНАЛЫС

Дөң басында жалғыз шырша тұр. Оған бұзылған шіркеуден әкеліп ескі қоңырауды салбыратып іліп қойған. Шіркеуді біржола қиратпас бұрын, одан әуелі клуб, артынша – қойма жасап көрді, кейін қораға айналдырды, сосын – медпункт, одан кейін – кітапхана етіп жасақтаған. Содан кейін барып гараж ретінде пайдаланбақ болып еді, есігі машина симайтын тар болып шықты. Сөйтіп еді, шіркеуді бұзып, наубайхана салды. Наубайхана оқу залына айналды. Қазір оны да қиратып тастаған. Иликоның әжеме айтуынша, қайтадан шіркеу тұрғызбақ көрінеді. Мен өзім құдайға сенбеймін, сондықтан не салса да маған бәрі бір. Әжемнің де тақуалығы оңып тұрғаны шамалы, бірақ ол оқу залына қарағанда шіркеуді жөн көреді. 

Соныменен не керек, әлгі қоңырау қазір шыршада ілулі тұр. Таңертең соғылған қоңырау мектепте сабақ басталғанын, кешкісі – өрт немесе колхозшыларды жиналысқа шақыру белгісі.

Мені, үйдегі жалғыз еркек болғаным үшін, жиналысқа шақырады, әрине, кеңестің дауысқа салуымен. Бүгін қоңырау кешке соғылды. Өрт не түтін көрінбейді – демек, жиналысқа шақырып жатыр. 

 Зурико, барасың ба? – деген Илларионның дауысы естілді.

 Барам, барам, Илларион, – дедім де, арықтан секіріп өтіп, Илларионмен қатарластым. - Не үшін шақырып жатқанын білмедің бе?

 Білетін несі бар? Тағы сол кеңсенің мәселесі шығар.

Жиналыс басталып кеткен екен. Біз артқы жақтан орын тауып отырдық та құлақ түрдік. Жиын төрағасы – колхоздың есепшісі Алфез сөйлеп жатыр:

– Қысқасы былай: біздің Авсентий, оны төраға етіп сайлаған кезде, кеңсені бұзып, өзінің үйіне жақын жерден салғызған болатын. Содан кейін, естеріңізде, төраға болып Кирилл сайланды да, кеңсе жаңа орынға көшірілді. Былтыр кеңсе Димитрийдің үйінің қарсысында тұрған. Енді, міне, жаңа төрағамыз Шалва кеңсені өз үйінің жанына көшіруді талап етіп отыр. Қане, кім не айтады? Тек ескертіп қояйын: регламент – бес минут! Әйтпесе, білем сендерді: сөз беруін беріп алып, тоқтата алмай отырғаның...

– Менің сұрағым бар!

– Қане, не айтпақсың, Трифон?

- Қалауыңызды білгім келеді, қадірменді Шалва, сіздің үйдің алдына су жаңа кеңсе салу керек пе, жоқ әлде ескісін бұзып әкеліп қайта құрастырайық па?

– Трифон Сихарулидзе! – деп төраға орнынан атып тұрды. – Сен менің тілімді қышытпа, сөйлесең жөндеп сөйле, әйтпесе мүрдем кетесің! Кеңсені бұзып, менің үйімнің алдына әкелесіңдер! Түсінікті ме? Ары-бері сандалып жүретін уақытым жоқ! Үйден таң атпай шығасың, кеңсеге кешке әрең жетесің!

– Сен кішкене жылдамырақ жүр, қымбатты Шалва.

– Бұл қайсың? Қане, тұр орныңнан!

– Жолдастар, бос сөзді қойыңыздар. Кімнің тағы қандай сұрағы бар?

– Менде! – дей беріп жөтелге басқан Макарий Цхоидзенің тамағы жыртылып кете жаздады. 

– Қане, бас, Макарий. Былтыр мен Самтредиадан әкелген асыл тұқымды тайынша қайда?

– Біздің аса құрметті төрайымның өте бипаз шешімімен ғұмыры ұзаққа жетпеді ғой, байғұстың.

– Бұл қайсың, тағы? Тұр орныңнан, арандатушы!

– Менің бір ұсынысым бар. Рұхсат па? – деді Илларион.

- Илларионға сөз беріңдер!

– Жолдастар, тайыншаның қайда кеткенін, қазынаның құрылыс материалдары неге төрағаның үйіне жұмсалғанын, колхоздың шарабы төрағаның үйіндегі құмыраға қалай барып құйылғанын түгендеп даурығудың енді еш мәні жоқ... Оның не керегі бар?.. Естіген елдің күлкісіне қаламыз... Үйдегі күңкілді сыртқа шығармас болар...

– Илларион Шеварднадзе! Сен де тәп-тәуір арандатушысың! Әлі жеке сөйлесерміз! Ал қазір үндемей отыра қалғаның жөн!

– Сөзін бөлмесеңдерші! Ақиқатын айтып тұр ғой! – деп әңгімеге Илико килікті. 

– Соны енді айтып тұрған жоқпын ба: мүмкін, төрағаның үйін бұзып, кеңсеге жақын жерге көшірерміз?!

– Сен не, Илларион, ол өзі жаңа үйін жаңа ғана салып бітірді емес пе, сонысын қайта бұза ма?

– Онда былай істейік: төрағаны кеңсеге көшіріп, оның үйін кеңсеге айналдырайық.

– Ақылыңнан алжастың ба? – деп төраға түтігіп кетті. – Менің сужаңа үйімнің орнына құлағалы тұрған бір құжыраны тықпаламақсыңдар ма?!

– Тағы бір ұсыныс бар: төрағаның үйін бұзып апарып кеңсенің ауласына қондырайық та, кеңсені оның үйінің жұртына көшірейік.

– Орын ауыстырғаннан қарастырылған қаржы өзгермейді, – деді мұғалім.

– Онда бітті. Басқа ұсыныс жоқ, – деп Илларион орнына жайғасты.

– Менде бір ұсыныс бар, - деді Маргарита Чантурия. – Ертең бізге Тблисиден әртістер келеді, клубтың материалы төрағаның үйіне кетті ғой, ендеше концертті соның үйінде өткізейік.

 Сені звено бастығы етіп тағайындағанда не ойлағам!

 Менің бір сұрағым бар. – деп біреу орнынан тұрды. – Төраға мектептің жөндеу жұмысына қашан кіріседі? Кластың төбелері әне-міне құлағалы тұр.

– Ол класты қайтсін? Ол ешқандай класқа жатпайтын қоғам құрып жатыр! – деді Илларион.

Төрағаның түрі сұп-сұр болып кетті. Жағдай ушығып барады.

– Менде бір жақсы ұсыныс бар, – деді Илико.

– Сөйле!

– Жолдастар, негізгі тақырыптан тағы да ауытқып барамыз: кеңсені қайда қоямыз?

– Не ұсыныс айтпақсың?

– Мүмкін, кеңсені бұзудың мүлдем қажеті жоқ шығар? Онанда бәріміз ағайыншыласып жылу жинап, төрағаға М-1 сатып әперсек қайтеді?

– Атай көрме! Сорымызды қайнатайын деп пе едің? Ал, құдай бетін әрі қылсын, авария болса қайтесің? Төрағасыз жетім қалмақпыз ба? Оданда таңертең мықты-мықты екі жігітті оның үйіне жіберіп тұрайық, солар кеңсеге арқалап апарып жүрсін.

– Төбемізде отырғаны аздай, енді оны арқалайды екенбіз ғой?!

– Жарайды, тағы бір ұсыныс бар... Біздің әлгі шофер қайда?

– Мұндамын, Илико!

– Ал, қалың қалай, мәшинеңнің жағдайы жақсы ма?

– Болады, рахмет... Өз денсаулығыңыз қалай?

– Жаман емес, шапқылап жүріп жатырмыз... Сенде артық төрт дөңгелек жоқ па?

 Оның саған не керегі бар?

 Кеңсеге дөңгелек орнатамыз да, ары-бері тасимыз.

Залдағылар ду күлді.

 Илико Чигогидзе! – деді төраға атып тұрып. – Бүгінгі кешті есіңнен шығарма... Егер опық жемесең, менің бетіме түкір!

– Мархабат, қымбатты Шалва, мархабат... Сенен пошташы болайын деп өтіндім – күзетші қылып жібердің... Мына, соқыр көзіме қарамай. Кемтарды. Бұдан артық не істей аласың?

– Бәлкім төраға болғың келетін шығар? А?

– Неге болмасқа? Колхоздың материалынан үй салып алу менің қолымнан келмейді дейсің бе? Әлде менің тәбетім сенікінен нашар ма?

Шалваның есі шығып кетті.

 Сонымен не шешетін болдық? – деді жиналыс төрағасы.

 Рұхсат па? Менде ұсыныс бар! – деп саңқ ете түстім де, өз батылдығымнан өзім шошып кеттім. 

– Өшір үніңді, боқмұрын! 

– Айтсын! – деп Илико айғай салды. – Жиналыстағы әр адамның сөз сөйлеуге қақысы бар!

– Қане, сөйле, арамза, сөйле! – деп жұрт қоштай кетті.

– Менде бір ұсыныс бар... Бүкіл ауыл осында отыр, жиналыс та аяқталып келеді... Бір шешімін шығармай тарауға болмайды ғой.

– Басты қатырмай, ұсынысыңды айт.

– Су бар ма?.. – дедім үнім әрең шығып. – Тамағым құрғап барады.

– Су беріңдерші анаған...

Мен асықпай жарты графин суды қылқылдатып жұтып алып, аузымды сүртім де сөзімді жалғадым:

– Мынадай жағдайда егер ортақ бір шешімге келе алмасақ...

– Былжырамай қысқа қайыр! Шаршап кеттік!

– Менің ұсынысым: төрағаны орнынан алу керек те, кеңсеге жақын тұратын біреуді сайлау керек.

Өлі тыныштық орнады. Тізем дірілдеп, әне-міне жазамды күтіп мен тұрмын...

Келер сәтте жұрт расымен г-у-у ете түсті. Бұл көпшілік жиналыста бірауыздан мақұлданған алғашқы ұсынысым болатын.

– Құдайға шүкір! Әйтеуір ақылды біреу табылды-ау! Егер мына неме болмағанда, керілдесіп таң атқанша отырар едік-ау! Ертең жаңа төраға сайлаймыз, шаруа бітті! 

Илларион қасыма келіп, маңдайымнан сүйді.

 

ӘДЕБИ КЕШ 

Қыстың ызғарлы кешінде біз Иликоның үйінде әңгімені соғып отырмыз. Каминдегі отын шытырлап жанып жатыр, табада пышырлаған сан еттің бір кесегі танауыңды қытықтайды, қасындағы шағын құмырада шарап жылып тұр. Ал біз нардының қызығындамыз немесе дауыстап оқимыз, көбіне саясат соғамыз. Саясат біздің ғана емес, көбінің ермегі: 1942 жылдың қысы, немістер Мәскеуге жақындап қалған.

...Илларион Совинформбюроның хабарламасын оқды. Сосын газетті бипаздап былай қойды да, нық сеніммен былай деді:

– Гитлердің шипасы бітті!

 Газетің не дейді, Илларион?

 Мәскеуге бір қадам да аттамайтын болды!

 Екінші майданнан не хабар?

 Гм, одақтастар асығар емес... Негізі, Англия қулыққа басып отыр... Америкаға қолқа салып отыр – Совет Одағынан сырт айнал да, маған көмектес дейді.

 Ал Америка не деп отыр?

 Бұл, дейді, сен араласатын шаруа емес.

 Мына жақтан Германия Түркия мен Жапонияны үгіттеп әлек: мен, дейді, Сталинградқа басып кірген кезде, сендер өз тараптарыңнан соққы бересіңдер!

 Мүмкін, дейді ол ойланып, Сталинградқа кіру – «Қызыл крестке» кіргенмен бірдей деп ойлайтын шығар?! Верочка Бурчуладзеге өтініш жаз, сосын сені қуана қарсы алар ә?

– Мда-а... Соңғы кездері, турасын айтайын, Түркияның саясаты маған ұнамай жүр!

 О-о, ол бір қу ғой... Германияның сәл әлсірегенін байқаса болды, Түркияң оны бірден бас салғалы отыр.

 Қой ей? Олай деме!

 Міне – мен! Ал мынау – Германия! Егер осы айтқаным келмесе, мұртымды қырып таста!

 Ал мен Жапониямын ба?

 Жапония – не... Германия оны асықтырып отыр – баста, дейді, нені күтіп отырсың? Ал ол айтады, сен дейді, Мәскеуге қалай жеттің, сол орныңда қимылсыз әлі тұрсың. Ал бастайын, сосын қайда қашам?

 Гитлер не дейді?

 Гм, Гитлер... Гитлер Сталинградты алдық деп радиодан бір емес екі рет жариялады, бірақ оған алдана қоятын Жапония қайда? Ол бір айлакер аң ғой... Жоқ, жағдайлары тым мүшкіл, олардың!..

– Құдай соған жеткізсін!.. Құй, Зурикела!

Біз стақанымызды көтеріп, жеңіс үшін, майдандағылар үшін, бейбітшілік үшін алып қоямыз.

– Ал мен кеше өлең жаздым! – дедім кенет былдырлап. – Оқып берейін.

Менен мұндайды күтпеген Илларион қолындағы етін түсіріп алды. Мен Иликоға батылсыздау қарадым. Илико шарапқа шашалып, әтештің асқазанындай күп-күрең болып кетті. 

Илико мен Илларион екеуі де маған қарады.

 Қане, оқып жіберші! Мен қалтамнан қағазымды шығарып, түрегеліп, тіктеліп, сол қолымды сәл алға созып тұрып бар даусыммен бастап кеп жібердім:

Айлакер жау, ажал айдап, Соғыс тілеп келді бізге! Арыстанша айқасамыз, Әрқашанда жеңіс бізде! Ерлеріміз қалғымайды, Мен сендермен мақтанамын. Егер Отан сенім артса, Мен де жауға аттанамын! 

Өлеңімді аяқтадым да, үрейлі жүзбен жазамды күттім.

– Мда-а-а… Былай негізі... әлгі... батыл жазылған екен, - деді Илларион жарты сағат үнсіздіктен кейін.

– Ақырын оқуға да болады... Енді бұны не істейсің? – деді Илико сұраулы жүзбен маған қарап.

– Сонда... қашаннан бері өлеңге әуессің? – деді Илларион.

– Бір айдай болып қалды.

– Одан бері қайда жүрсің, бақытсыз неме, уақытында естіртсең бірдеңең кете ме? Енді не істейміз? Әжең байғұсқа обал, ал мен баяғыда-ақ сезгем, ерте ме кеш пе, әйтеу бір күні шынжырыңды үзіп кете баратыныңды, – деді Илико қолын сермеп. 

 Сонымен қалай, оңай келе ме?

 Жаман емес... Күніне осындай өлеңнің сегіз-тоғызын жазам. Қағаз тапшы, әтпесе оданда көп жазар едім.

– Аз! – деді Илико. 

– Әжең біле ме, өлеңші екеніңді? – деп сұрады Илларион. Күтпеген сұраққа кібіртіктеп қалдым. 

– Жоқ.

– Онда білмей-ақ қойсын. Байғұс кемпірдің басқа қайғысы да жетіп жатыр... Тағы бар ма, өлеңдерің?

– Бар. Махаббат жайлы...

– Қане, оқы!

Мен күмілжіп Иликоға қарадым.

– Оқы, оқы, ақыры бастаған екенсің, - деді ол. 

Мен қалтамнан екінші қағазды шығарып оқи бастадым:

Түн. Аспанда ай жүзіп жүр, Қар мен боран, суық ауа. Түн ішінде серуендеу ұнайды, Көздерімнен бақыттың жасы парлап. Кірпіктерімді айқастыра алсамшы, Шаттықтан басым айналады, ағалар! 

Үнсіздік қысқа ғана бес минутқа созылды. Илико мен Илларион ыңғайсызданып біріне-бірі қарады.

 Не айтасың? – деді ақыры Илларион.

 Соңғы тармағы жақсы жазылыпты, сезіммен...

 Бұл бірақ өлең махаббат туралы деді ғой. Неге махаббат туралы бір ауыз сөз жоқ?

 Ұялады да, жігітің.

 Бұл өлең, Илларион! Өлеңде бәрін түгел жайып сала алмайсың! – деп түсіндірмек болдым. 

– Біріншіден, мынауың өлең болса, онда мен парсының падишахымын! Екіншіден, махаббат туралы жаздың ба, сол туралы аздап болсын бірдеңе айту керек.

– Жә, өрекпіме! Адам кірпік ілмей, түн ішінде сенделіп жүреді, ақылынан алжасып: сонда бұл махаббат емей немене?! – дедім ашуға булығып. 

– Өзің білесің, қымбаттым менің. Илико өмір бойына ақылынан алжасқан адам, сосын күндізден көрі түнде көп жүреді, сонда бұл ғашық болды ғой? Қалай ойлайсың? – дейді Илларион. 

– Ей сен, шал, тіліңді тарт! – деп Илико өре түрегелді. – Балақай былжырап бірдеңе жазған екен, оған менің не қатысым бар?! Андағыңның көзін құрт! – деп енді маған тап берді.

– Тоқтаңдар, алдымен өлеңді талдайық, - деп Илларион оны тоқтатты. – Сен айтасың, Аспанда ай жүзіп жүр деп, сосын келесің де – қар мен боран дейсің. Сонда қалай? А? Күтпеген сұраққа жауап таппай тосылып қалдым.

– Сосын тағы. Былай дейсің: қар, боран, суық ауа, әлем қирап жатыр. Сонда немеңе жетісіп шаттанасың? Көзден жас парлатар осындай да бақыт бола ма, ақымақ?! 

– Өлеңді түк түсінбейсіңдер, сендер, екеуіңде мақаусың! – дедім өкпелеп.

Илико шарап құйды. Илларион стақанын көтерді де, мені қасына жақын отырғызып, асқан мейіріммен:

– Сенің бақытсыздығың, қымбаттым менің, басқада... Адамдар неліктен ақынға айналатынын білемін мен... Мен де мына сендей кезімде өлең жазғам. Есіңде ме, Илико?

Онсыз өмір өмір ме, Өлгенім артық атылып! Қару қайда, оқ қайда? Махаббаттың оты өртеп барады, Матренасыз бұл өмірдің мәні жоқ!

Илико құптағандай басын изеп сықылықтап күліп отыр.

– Сол жолы мен сені жынданған шығар деп ойлағам, артынан түзелдің ғой... Мынау да сөйтеді!

 Солай, балам... Ал сен өлеңді жаза бер. Адамдарды ол үшін жазаламайды... Қызыңа, егер ол да өзіңдей ақымақ болса, мүмкін, ұнайтын шығар. Ал ұнамаса – қапаланба. Махаббат деген кішкентай құс сенің жүрегіңе енді ғана ұя салды. Уақыт өтеді – балапан шығады – қанаты қатаяды – ұшып кете барады. Ал сосын – айда... Жер бетінде сенен бақытты адам жоқ... Сенің махаббатың үшін, балақай! 

Мен ұялғаннан басымды көтере алмай, Илларионды үнсіз тыңдап отырдым... Маған ол жүрегімді алақанына салып, аялап ұстап, ондағы жазылғанның бәрін оқып отырғандай көрінді. 

 

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ 

– Чигогидзе!

– Бар!

– Каландадзе!

– Осындамын!

– Сихарулидзе!

– Сихарулидзе ауырып қалды. Чкония, Центерадзе, Бурчуладзе, Коридзе, Нинидзе және Глонти оны жеткізіп салуға кетті.

– Бүкіл класс бір-ақ кетпедіңдер ме... – деді мұғалім кекесінмен. – Вашаломидзе! Вашаломидзе!!! Ваша-ло-ми-дзе!!! – деп айғай салып стөлді жұдырықпен бір қойды.

– Осындамын, мәртебелі мұғалімім!

– Сен осында болдың не, болмадың не...

– «Боламыз ба, бордай тозамыз ба?» - деді Ромули патетикалық екпінмен.

 Ромули Каландадзе, кластан шығып кете ғой!

 Суық қой, мұғалім.

 Отыннан өз үлесіңді ал да көзіңді құрт! – дедім мұғалімді қоштай сөйлеп. Ромули мені ала көзімен атып бір қарады да шығып жүре берді. Сол сәтте менің де төбемнен найзағай ойнап қоя берді. 

– Вашаломидзе, үй тапсырмасына не берілді?

 Соданы қолдану...

 Қане, жауап бер!

Мен басым салбырап тақтаға шықтым.

 Құлағым сізде.

 Соданы қолданудың бірнеше түрі бар, - деп бастадым. – Илико Чигогидзе, мысал үшін, соданы тілінің ұшына себеді де, сусыз-ақ жұта салады; Илларион Шеверднадзе бір шәй қасық соданы стақандағы жылы суға ерітіп алады, ал әжем болса...

 Вашаломидзе, шық!.. Мынамен қайсың көрші тұрасың?

 Мен, – деп Мери Сихарулидзе орнынан тұрды.

 Сабақтан кейін әжесіне хат апарып бересің Ал сен неге тұрсың, шық кластан!

 Шық десеңіз шығайын, бірақ класта кім қалады?

 Шық... – деп мұғалім сия сауытына қарап сыбырлады.

Мен зыта жөнелдім. Құдай біледі, құрлықты көрген Колумб тап бір мені көрген Ромулидей қуанбаған шығар-ау. 

– Қуып шықты ма?

– Өзіңнің шарапатың.

 Тантыпсың. Менің не қатысым бар? Сабақта көбіктей көпіршіп отырғаның... Сенің ғашық екеніңді білмейді дейсің бе?

– Кімге, ақымақ?

– Мериге.

– Енді айтсаң – тұмсығыңды бұзам.

 Менің не жазығым бар? Бүкіл класс айтып жүр.

 Есің ауысқан ба?! Ғашық болатын жасқа әлі жеткеміз жоқ.

– Қарай гөр. Менің әжем он төрт жасында тұрмысқа шыққан.

– Сонымен не айтпақсың?

– Ештеңе. Егер қаласаң, оған жеткізейін...

– Ғашық болсам өзім-ақ айтам...

– Қалай айтпақсың? Ғашықтығыңды білдіру – саған сабақ айту емес. Бұл жерде хаттан басқа жол жоқ.

– Ондай хатты өзің жазып па едің?

– Пәлі! Жазғанда қандай!

Мен Ромулиге өтірік соғып тұрған жоқ па екен деп сынай қарадым. Бірақ көзінен өтіріктің ізі байқалмайды. Сенуге тура келді. 

– Ромули, сен менің бірге туғанымдайсың... Несін жасырайын... Маған көмектес. Мен оны сүйемін, түсінесің бе?! Ромули қуанғанынан айқай салды. Мені тас қылып құшақтай алып, жерден көтеріп алды да, қайта қойды. 

– Саспа. Ендігі шаруаны өзіме тапсыр.

Тап қазір бізден бос адам жоқ. Бір иен класқа кіріп алдық. Мен партаға жайғасып, Ромули екі қолын артына қайырып, ары-бері адымдап жүр. 

– Бастайық... «Менің теңдесі жоқ қымбаттым! Махаббат – ол ұлы сезім. Одан адам соқыр, мылқау, ессізге айналады...»

– Өтірік! – дедім мен.

– Білам, бірақ осылай жазуымыз керек... Ары қарай кеттік: «Сені алғаш көрген сәтте-ақ шын сұлулықтың не екенін ұқтым. Не үшін өмірге келгенімді түсіндім, мен сені рухани сұлулық пен эстетикалық ләззаттың апофеозы ретінде қабылдадым...»

– Ромули, мына сөздердің бәрін қайдан білесің? – дедім таңданып. 

 Тблисидегі бір студент әпкеме хат жазыпты. Ғашық болып қалған ғой. 

– Содан? Әпкең оған тұрмысқа шықпақшы ма?

– Шықпақ болған. Бірақ Тблисидегі бір танысымыз ол студенттің есі ауысқан деп хабар берді... Жалғастыр: «Жасырып қайтейін, мен сені өз өмірімнен де артық көрем. Менің рухани серігім болшы. Сенің көздерің, кірпіктерің, жалт етіп қарағаның, маржандай тістерің, шиедей ернің, алтындай сары шашың, саусақтарың, қолдарың – бар мүсінің менің тағатымды тауысты. Ғұмырымды өзіңмен бірге өткізгім келеді, болмаса өлім! Осымен доғарайын. Кездескенше!..»

– Қалай? – деді Ромули сұраулы жүзбен.

– Сәл болмағанда әпкең қармаққа ілінгендей екен-ау, - дедім мен. 

– Төбемізден жәй түскендей болды ғой, - деді Ромули. Мен құстай ұшып поштаға бардым да, конверт сатып алдым, сосын хатты салып, сілекейлеп желімдеп, қалтама салдым.  

Соңғы сабақ аяқталар кезде хатты білдірмей Меридің сөмкесіне сүңгітіп жібергенім сол еді, қақшиып қаттым да қалдым. Одан кейін қоңыраудың соғылғанын да, достарымның тарап кеткенін естігем жоқ. Қашан еден жуушы келгенше сол орнымнан тапжылмаған күйі меңрейіп отыра беріппін. 

– Мектепті қашаннан бері осылай жақсы көріп қалғансың, Вашаломидзе, үйге де қайтпайсың ба сонда? Аяғыңды көтер, сүртіп алайын, - дегенде барып ес жидым. 

– Саламатсыз ба, Мака тәте!

– О, жасаған! Мені бүгіндікке көріп тұрғаның осы ма?

– Сау болыңыз, Мака тәте!

– Жаратқан өзің жар бола гөр, – деген ол шоқынды да, маған күдіктене қарап кластан шығып кетті. 

Кешке әдеттегідей Иликоның үйінде нардының көрігін қыздырып жаттық. Мен тіпті хат туралы ұмытып та кетіппін. 

– Қалай, тағы жаздың ба, өлең? – деп сұрады Илико.

 Оқышы, – деп Илларион мырс етті.

 Илико! – деген дауыс естілді ауладан. 

 Бұл кім?

 Мен ғой, Ольга. Менің арамзам осында ма?

 Кір, кір, Ольга. Мұнда отыр. 

Әжем бүкшиіп бөлмеге кірді де, шәлісін шешіп, таяғын бұрышқа сүйеп, оттың жанында біраз үнсіз отырды да маған үн қатты: 

– Зурико, балам, сенің химия мұғаліміңнің жасы нешеде?

 М-м-м, отыз-отыз бестер шамасында... Жәй сұрадың ба?

– Ол аздап... анандай ма?... Есі ауысқандау?

– Оқушысы мынау болса – есі ауыспай қайтсін, – деді Илико.

– О не дегенің, әже! Оның миы құлағынан ағып тұрады, - дедім мен.

– Илларион, қарашы, құдай үшін, мұнда ол маған не жазғанын, – деп әжем хат ұстаған қолын Илларионға қарай созды. 

Арқамнан суық тер бұрқ етті...

Илларион көзәйнегін киіп, хаттың бүктеуін жазды: 

– Хатты кім әкеліп берді, Ольга?

– Мери, Ладико Сихарулидзенің қызы.

Илларион асықпай хатты оқуға кірісті:

– «Менің теңдесі жоқ қымбаттым!..»

– Мынаны ол саған жазып отыр ма? – деді Илико әжеме қарап.

– Маған, құдай ақы! Менің тамағып құрғап, қолдарым мұздап, шекемнен шып-шып тер шыға бастады. Илларион ары қарай жалғастырды: 

– «Сені алғаш көрген сәтте-ақ шын сұлулықтың не екенін ұқтым...»

– Сонда ол мені қайдан көріп жүр, қарғыс атқыр? – деп әжем мыр-мырс күліп Иликоға қараған. Ол өз құлағына өзі сенбей аузы ашылып қалыпты. 

– «Не үшін өмірге келгенімді түсіндім, мен сені рухани сұлулық пен эстетикалық ләззаттың апофеозы ретінде қабылдадым...» – деп Илларион ары қарай оқыды. 

– Бұл жерін онша түсінбедім, - деді әжем. 

– Махаббатты түсініп болатын ба еді, қымбатты Ольга? – деді Илларион.

– Иә, бірақ ол қай уақытта ғашық болып үлгерген? – деді Илико. 

– Мына бұзақының кесірінен мектепке неше шақырты емес пе, сол кезде сүйіп қалған да, байғұс.

– «Сенің көздерің...»

– Пах-пах! – деді Илико. 

– «...кірпіктерің...» - деп жалғастырды Илларион. Илико күлкіден ішегі түйіліп домалады да қалды. Илларион ықылықтап отырып ары қарай оқыды:

– «...жалт етіп қарағаның, маржандай тістерің...» Бұл жерде сәл қателескен екен, - деді Илларион.

– Опырайған ауыз мынау, қайдағы тісті айтып отыр? – деп әжем қолымен аузын көлегейледі. 

– «...шиедей ернің, алтындай сары шашың, саусақтарың, қолдарың – бар мүсінің менің тағатымды тауысты...» - деді Илларион көзінен жас аққанша күліп. 

– Тоқта, ойбай, бұдан әрі шыдай алмаймын! – деді Илико ішін басып домаланып жатып. 

Илларион оқуды доғарып, Иликоға ес жидыруға кірісті. Әжем шиқылдап кеп күледі. Жалғыз мен ғана сұп-сұры болып қалшиып тұрмын. 

– Әжеңді қашан ұзатасың? Тойға шақырасың ба? – деді Илико күлкісін тия алмай әрең сөйлеп. 

 Мда-а-а, - деді Илларион, - мұнда бір құпия бар...

 Ай-ай-ай, Ольга! Адамды осындай жағдайға жеткізгенің дұрыс болмады.

 Илико, ағай! – деген дауыс шықты ауладан. 

 Бұл кім? – деді Илико орнынан тұрып жатып. Бөлмеге Мери кірді. Тоңған қолдарын айқастырып әкеліп қолтығына қысып, селкілдеп тұр. Сәл жылынған соң:

– Ольга әжені іздеп жүр едім...

– Мен мұндамын, қызым. Хат әкеліп беремін деп, мына бізді, кемпір-шалды күлкіден өлтіре жаздадың ғой, - деді әжем оған қолындағы хатты ұсынып жатып. 

– Әже, мұғалім беріп жіберген хат... Міне әкелдім... Ал андағы басқа... Менде қайдан жүргенін білмеймін...

– О құдай, тағы бір хат па? Илларион, оқышы, өтініш!

– «Немереңіздің тәртіпсіздігіне байланысты мектепке келіп кетуіңізді сұраймын».

– Тағы ма? Мені тағы жерге қаратайын дедің бе, ұятсыз?! – деп әжем таяққа жармасты. Мен далаға қарай атылдым. 

– Үйге келуші болма, арамза неме! Басың ауған жаққа кет! – деп әжем соңымнан бажылдап қала берді. Кешікпей сыртқа Мери де шықты. Басы салбырап, жалаңаш қолдарын қымтамаған күйі ойланып кетіп барады. Орамалы сусып иығына түскен. Шаштары маңдайын жапқан. Тап осы бейнесі әлдебір атақты суретшінің картинасын есіме түсірді. Атын білмеймін. Мери мені аңғармаған күйі қасымнан өтіп барады. 

– Мери! – дедім ақырын. 

Ол тоқтады. Қасына таяп бардым. Ол сол орнынан қозғалған жоқ.

 Оқыдың ба?

Мери жауап бермеді. Ол тек ақылды, ойлы көзімен бір қарады да ары қарай жүре берді. 

– Мери!

Мери тағы тоқтады. 

– Бәріне кінәлі Ромули... Сол айтып тұрды. Мен мүлдем басқаша жазғым келген, бірақ ол бой бермеді.

– Бұлай қалжыңдауға болмайды, Зурико...

– Мен қалжыңдағам жоқ, Мери… Мен, Мери… Сен шынымен мені осындай жаман адам деп ойлайсың ба?..

 Жоқ, ойламаймын...

Біз жаңа жауған қарды басып баяу кетіп бара жаттық. Қар тоқтаусыз жауып, суық жел үрлеп тұр. Біз үнсіз келеміз. Біздің үйдің жанынан, қар басқан шынардың қасынан өттік. 

 Мына жерге Мураданы жерлегенбіз...

 Білем...

 Мен Мураданы қатты жақсы көрдім. Тап солай әжемді, Илларион мен Иликоны да жақсы көремін...

 Білемін, Зурико.

 Оны күннен күнге жақсы көре түстім. Мурада да мені өте жақсы көрді... Мен онымен адамша сөйлесетінмін... Ол өлгенде, мен де өз-өзіме қол салғым келген... Махаббат шынымен де адамды ақылынан алжастырады!.. Тоңған жоқсың ба?

– Тоңдым...

– Ал мен тоңған жоқпын.

Мен тонымды шешім Меридің иығына жаптым. Қолымды оның иығынан алғам жоқ. Біз солай жаңа жауған қарды басып жүріп келе жаттық. Үнсіз жүріп келеміз... Меридің үйі көрінді...

– Жылындың ба?

– Жылындым, Зурико.

– Сен менің Мурадамды білетін едің ғой?

– Иә...

– Ол мені қатты жақсы көретін. Ол маған үнемі: «Мери жақсы қыз, бәрінен артық, Меридің көзіндей көз басқа еш қызда жоқ. Мери өте мейірімді әрі ақылды қыз...» - дейтін. Мурада сені өте жақсы көретін, тіпті менен де жақсы көретін, ол саған ешқашан үрген емес... Сен де оны жақсы көрдің ғой?

– Иә, Зурико, өте жақсы көрдім, өте.

– Мери!

– Ау, Зурико?

Мен Мериді аялай құшақтап бауырыма бастым да, шашынан иіскедім. Мери жылап тұрды, мен де жылап тұрдым. Қар қапалақтап жауып, жел тұрды, ай, күн, махаббат, көздің жасы, және кө-ө-өп қар бар. Илико жел, қар, қираған әлем де қуаныш сыйлай ма екен дейді. Ал мен осы желге де, осы ай, осы күн, осы махаббат, және осы қапалақтап жауған аппақ-аппақ қарға да қуандым.  

 

ОН БІР ПҰТ ЖҮГЕРІ 

Иликоның салпиған үлкен құлақты, майға жүзгендей кішкентай көзі, қысқа, таңқиған танауы бар сүйкімді доңызын бүкіл ауыл Серапиона дейтін. 

Ол өзі жылына екі рет туатын. Ерте көктемде және күзде жұмырланған күлгін торайдың он екісін табады. Илико, әрине, шетінен сатып, шала байып жатады. Соғыс жылдары Илико торайларын жүгеріге айырбастап жүрді.

Асыраушысын кім жек көрсін, Илико Серапионаны тура мағынасында алақанына салып әлпештейді. Өзі тоя тамақ жемесе де, доңыздың қарнын ашырған емес. Серапионаны мақтай жөнелсең – Иликоның да танауы таңқиып шыға келеді. Ол сол сәтінде-ақ сізді арақпен сыйлап, бұрыш араласпаған темекісін ұсынып, келесі маусымның төлінен сізге бір торай енші беріп бәйек болады. Оның осы бір әлсіз тұсын жақсы білетін Илларион екеуміз Иликоның он пұттық йоркширін жер көкке сиғызбай мақтаймыз-ай келіп.

Міне, біз Иликоның ауласындағы алма ағашын көлеңкелеп, ұзынынан сұлаған Серапионаны сондай бір құрметпен сипап қойып оны-мұны әңгіме қылысып отырмыз.

– Доңыз деп осыны айт! Мен мұндай жануарды өмірімде көрген емеспін, - деді Иларион.

– Асыраушым менің! Қазынам менің! – деп Илико да Серапионаның қарнынан қыттықтады. Доңыз рахаттана көзін сығырайтып қорс етті. Илико оның күреңіте домбыққан желініне мейірлене қарады. – Он екі емшек. Он екі асыл тұқымды торай. Құдай бұйыртса, Серапиона бүгін-ертең төлдейді, сонда – қабыңды әзірлей бер, Илико, сап-сары жүгеріге көмілесің де қаласың.

– Осындай асыл тұқымды доңызды қайдан алдың? – дедім мен.

– Е, қымбаттым, ол бір ұзақ хикая... Серапионаның арғы әжесі менің марқұм әжем Калентидің жасауымен бірге келіпті, топырағың торқа болғыр! Көргендер айтады, жануар арық әрі ауру еді, атам Харитон, тіпті, ондай қоқсықты қолында ұстауға намыстанып, қуып жібермек болады...

 Бекер, оданда сойып алсашы, - деді Иларион.

 Кімге керегі бар ондай ауру малдың. Оның үстіне қазіргідей емес, заман басқа...

– Қазір соғыс... Халық аш... – деп қоштап қойдым мен.

– Сөзіңнің жаны бар... Жұртқа ауыр тиіп тұр... Бізді қойшы, Ленинградты айтсаңшы, қоршауда қалған кезде, адамдар мысықтың етін жеген дейді...

– Сен Ленинградты айтасың. Мен өз үйімде отырым күлуге қорқамын, - деді Илларин.

– Неге үйтесің? – деді Илико түсінбеген кейіппен. 

– Неге дерің бар ма... Тісімді ақситып күлейін десем, үйдегі әтеш аузым тола жүгерінің дәні екен деп тап бере ме деп қорқам.

 Ал сен оны сойып таста, - дедім ақыл айтып.

 Сосын күнде таңертең кукареку деп сен оятасың ба мені?

 Содан... – деді Илико әңгімесін жалғап, - атам Харитон алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Мынаны, дейді, өз қорамнан көргім келмейді. Ал әжем Каленти тура қабырғаға шапшыған ғой: сіз, дейді, ештеңе түсінбейсіз, бұл, дейді, асыл тұқымды доңыз, көр де тұрыңыз, ол әлі өзін танытады. Қысқасы, әжемнің айтқаны айдай келген ғой. Менің Серапионам сол көтерем торайдың тұқымы.

– Өй бұл кез-келген доңызыңнан артық, – дедім мен.

– Зурикела, сен ақылды баласың ғой, - деді мақтаныш кернеген Илико. – Құдайшылығын айтшы, менің Серапионам кез келген құрметке лайық емес пе?

– Ал меніңше, Илико, сен бұны жәй ғана бағаламай жүрсің, - деді Илларион. – Саған мына көзі аларып, қарақшыға ұқсаған Харитон атаңның суреті не керек? Сен анау Павлуша-фотографты шақырып, Серапионаның портретіне тапсырыс берсеңші: бөлмеңе іліп қоюға бұдан артық қандай портрет керек?

– Илларион Шеварднадзе, егер бұл доңыз сенен артық болмағанда, мен бұны баяғыда-ақ табытқа салып шығарып тастар едім, - деді Илико Илларионға алара қарап. Бір жанжалдың басталғалы тұрғанын сезе қойдым да Илларионға қалжыңдайтын сәтті тапқан екенсің деп көз қыстым.

– Бұған мән бермей-ақ қой, Илико. Әттең тілі жоқ, әтпесе сенің доңызың адам секілді ғой, - дедім. 

Илико маған күдіктене қарады. Мен міз бақпадым. Содан кейін барып Илико орнынан тұрып, мұрнының астынан міңгірлеп үйіне қарай кетіп бара жатты. 

– Қалжыңдайтын уақытты тапқан екенсің! – деп Илларионға дүрсе қоя бердім.

– Кетіңдерші түге! – деді Илларион тісін шықырлатып. – Қалжыңдауға да болмай ма?! Мүмкін, мына сасық доңызға табынып, бас и дейтін шығарсыңдар?!

Илико бір бөтелке арақ, үш стақан және бірер көгерген чурчхел көтеріп келді. Алғашқы екі стақанды бір-бірімізге бас изеп қана үнсіз іштік. Үшінші стақанда Илико сөз сөйледі:

– Зурикела, бұдан былай сен оқымысты адам саналасың. Рас, қаншама қиындық көріп, кедергілерден өте жүріп, қиналсаң да әйтеуір тоғызыншы класқа іліктің. Мүмкін оқыған шығарсың, оқымасаң, әйтеуір бір жерден естідің, біздің бабаларымыз маймыл болған.

– Сенің бабаң маймыл болмағанда, басқа кім болушы еді? – деп Илларион қойып қалды. Оған енді бәрі бір еді – күткен арағы алдында тұр. Ал Илико естісе де естімегендей.

– Мен өзім ғылымға онша жүйрік болмасам да, ойлаймын, бұл негізі дұрыс тұжырым емес. Меніңше, әр адамның ата-бабасы әртүрлі болған. Мысалға Серапиона Сепертеладзені алайық... оның арғы тегі, шамасы, доңыз. Менің Серапионама қара да Серапиона Сепертеладзеге қара! Бірінен бірі аумайды ғой? Сөйлей алмайды дейсің бе? Онда тұрған не бар? Туа бітті мылқау адамдар болады. Менің де Серапионам...

– Тап осы сөзіңді Серапиона Сепертеладзеге айтамын, ол сосын саған ата-бабаны көрсетеді! – деді Илларион.

– Айтып бар. Ата-бабасының қайдан шыққанын оның өзі білмейді дейсің бе? – деді Илико қасарсып. – Мен саған одан да қызығын айтайын. Қарашы, мына Илларионға. – деді ол енді маған мойын бұрып. Илларион елең ете қалды. 

– Ал, қарадым...

– Бұның бірбеткейлігін білесің.

– Білемін делік...

– Сен бұның күлгенін көріп пе едің? Есектің ақырғаны ғой, – Келіспеске шарам жоқ-ты. – Ал анау қалқиған құлағын көрдің бе? – Қарсыласудың қажеті жоқ еді: түрінің өзі-ақ айтып тұр. – Ал енді, шамаң жетсе, Илларионның бабасы есек болмағанын дәлелдеп берші маған.

Илларион чурчхелге қақалып қалды. Жөтелі басылған соң, орнынан тұрды да, шляпасын қолын ұстап қақпаға қарай жүре берді. Сосын аса бір қимастықпен бұрылып бөтелкеге қарады да, қайтып келіп, стақанды толтырып, бір деммен тартып жіберіп, үнсіз бұрылып жүре берді. Қақпаның аузына жете бере бері бұрылып айғай салды:

– Тұра тұр, бәлем, сыңар көз сайтан!

Илико рахаттана жымиды.

...Көптен күткен йоркшир тұқымдары өмірге келер кез де жақындаған. Иликоның ауласында болашақ доңызбайға тәу ету басталды. Келушілер мөлшерлі бір пұт жүгеріні өлшеп беріп тұрып, мынадай мазмұнда қолхат алып жатты: 

«Мен, Илико Чигогидзе, азамат пәленшеден бір пұт жүгері дәнін алдым, оның орнынан емшектен шыққан бір торай беруге (жынысы көрсетіледі) міндеттімін».

Әрине, сатып алушы қалай болғанда да ұрғашы торай алуға күш салатынын есептемесек, келісссөз барынша бейбіт әрі достық рәуіште өтіп жатты. 

– Ой, қалайық! – дейді Илико түтігіп. – Доңыз бірден он екі ұрғашы торай тапқанын қайдан көрдіңдер?

– Неге таппайды, - дейді жұрт оған. – Кучулия Цинцадзенің, мысалы, он екі қызы бар.

 Мархабат, ондай болса Кучулия мен Серапионаны жарастырыңдар да, қолхатты Кучулиден барып алыңдар! 

 Илико Чигогидзе, сәл жастау болғаныңда, андағы сумаңдаған тіліңді көмейіңмен қоса суырып алар едім! – деді Кучулия ашуға булығып. 

 Сәл жастау болғанымда, қолыңды қол, бұтыңды бұт қылар едім! – деді Илико қарсыласып. 

Сатып алушылар арасында Серапионаның өзін саудалағандар да болды. Бірақ Илико маңдайындағы жалғыз көзімен өмірге сергек қарайтын. Жанын сатса да, Серапионаны сатпайды. 

– Одан артық не керек саған? – дейді Суребиден келген Аслан жата жабысып. – Доңызыңның орнына бір ат, он сүргіленген тақтай беремін. Келістік пе?

– Ақымақты басқа жерден ізде, Аслан. Қазір соғыс жағдайы: атты кавалерияға алып қоюы мүмкін, ал менің Серапионам кімге керек?

– Доңызыңды сат, кеш болмай тұрғанда, - дейді Асылан үрей шақырып. – Бәрі бір айырылып қаласың – Гитлер иек астында тұр.

 Тірі болсақ оны да көрерміз, қымбаттым. Ал сен естімедің бе, сол Гитлерің менің доңызыма бола басып кірмеді ме екен? – дейді Илико. 

Осыдан кейін біржола үмітін үзілген Асылан қолын бір сілтеп кете барды. 

Бірде Илико біздің үйге келіп, итмұрынның түбіне бір қап жүгеріні тастай салды. 

 Мынауың не, Илико? – деді әжем.

 Кеше Серапионаның тұқымына он бір қолхат бердім, - деді Илико, - сөйтіп он бір пұт жүгері алдым. Күзге дейін еркін жетеді. 

– Неге он бір? – деп таң қалды әжем. – Серапиона он екі торайдан кем таппайтын еді ғой?

– Бір торайды сенің арамзаңа сыйлаймын. Мына жүгеріні де. Ренжіме, Ольга. Бұл қожалақты қалай жақсы көретінімді білесің ғой. 

– Уа, жаратқан ием, Илико Чигогидзе мен оның отбасына бақыт пен қуаныш сыйлай гөр. Шаңырағы шаттыққа кнелсін, - деп әжем көзі жасаурап Иликоның маңдайынан сүйді. 

– Түнде диірменге барып қайтамыз, бір сағаттан кейін маған соқ, - деді де Илико кете барды...

...Илико екеуіміз ұн салған қабымызды арқалап үйге қайтып келе жатқанда таң да бозарып атып келе жатқан. Аласа ағаштың бұтағына қонақтаған әтештер тамағы қырылдап жарыса шақырады. Кенет құлағымызға зарлы айқай жетті. 

– Мынау Машиконың дауысы ғой, - деді Илико, - Шынымен ұлынан қара қағаз келгені ме?..

Жүрісімізді ширата түстік.

– Тап менің аулама келіп өлуін! – деп зарлап жатыр Машико. – Енді ана жалғыз көзге еш кінәсіздігіңді дәлелдеп көр!

Бір жамандықтың болғанын сезген Иликоның арқасындағы қабы түсіп кетті, өзі де сылқ етіп жерге отыра кетті. Мен жүгіріп Машиконың ауласына жеттім де, шарбаққа таяй бере көзім атыздай болды: қақпаның алдында бүйірі қабысқан Серапиона әлсіз қорсылдап жатты. Қасында ұсақ-ұсақ он екі торай жайрап жатыр.

– Не болып қалды, Машико? – дедім әрең дегенде тілге келіп.

– Бақытсыздық, бақытсыздық, Зурикела. Міне бір тесіктен бері өтпек болған – енді міне... Доңызыңа ие бол, көрінген жерге тұмсығын тыға бермесін деп қаншама рет ескерттім, ол кәрі сайтанға! Тыңдайтын ба еді!.. Енді бармағын шайнасын. Жапа шегушілер бар, қайғыға ортақтасқандары бар және жәй ғана қызық көргісі келгендер бар – көршілер түгел жиналды. Соңғы болып аулаға Илико кірді. Жүзі қуарып кеткен ол Серапионаға ұзақ қарады. Сосын тұмағын шешіп, жерге атып ұрды:

– Әділдігің қайда, құдай?! Ұят жоқ сенде! Енді не істеймін?

– Бекем бол, Илико! – деп жұрт басу айтып жатты. – Бүлінген ештеңе жоқ қой: доңызың тірі, әлі-ақ бәрі қалпына келеді. Оның темпераментімен...

– Кредиторларды қайтем? – деді Илико мұңайып.

– Өлмес...

– Көршілерім, мейірімді адамдар, келесі төлдеуге дейін күтуге келісесіңдер ме? – деді Илико кредиторларға жағалай көз тастап.

Ыңғайсыз бір үнсіздік орнады.

– Қалай, күтеміз бе? – деді араларынан біреу.

– Басқа не амал бар? Жүгеріні қайтып алып алмайсың ғой. Алғың келсе де татырмас. Жұрт ду күлді. Тіпті Иликоның өзі де жымиды. Инцидент жайдары ауанда аяқталып келе жатқан. Кенет топты киіп-жарып ортаға Серапион Сепертеладзе атып шықты:

– Әй сен, сыңар көз сайтан, - деп бірден Иликоға тап берді, - Соңғы рет ескертемін: не доңызыңның атын өзгертесің, не менің қолымда өлесің! Елдің көзінше ескертіп қояйын!

– Сен не, массың ба әлде тауықтың етін көп жеп қойдың ба?! Неге айқайлайсың?! – деді Илико тістеніп. 

– Сұрағыңа болайын! Жарты ауыл менің үйімнің жаныда жүр, естідіңдер ме, дейді, Серапион торай тауыпты. Әйелдер қатыныма көңіл айтып жатыр... Ал бұның сұрағы мынау... Екеуіңді де өлтірем – сені де, сенің сасық доңызыңды да...

Жұрт ду күлді, олармен қосыла Илико да күлді. Серапионды жұлқынғанына қарамай, күшпен үйіне алып кетті. 

– Торайлардың бәрі ұрғашы екен... Он екісі де... – деп Илико Кучули Цинцадзеге көз қиығын тастады.

Көршілер бір-бірлеп тарай бастады. Мен, Илларион, Илико және Серапиона төртеуміз ғана қалдық. 

 Құртты ғой, бәрін, - деді Илико. 

 Үйге жүрейік, - деді Илларион.

 Кеттік, Илико! – дедім мен. 

Сол түні біз тумай жатып шетінеген торайларды аза тұттық… 

 

ЖЕТІЛГЕНДІК КУӘЛІГІ  

1945 жылдың көктемі...

Куәлігімді көрген әжем тас қылып құшақтағаны сонша, тұншықтырып өлтіре жаздады:

«Енді маған өлімнің өзі қорқынышты емес», - деді көзінің жасы куәлікке тырс-тырс тамып тұрып. Сосын кенет қабағы қатуланып, аларып маған бір қарады да, куәлікті үстел үсітен қойып үн-түнсіз бөлмеден шығып кетті. Мен ештеңе түсінбеген күйі қала бердім. 

Арада он бес минут өткенде әжем қайтып оралды. Қасында Илико мен Илларион бар. 

 Жайғасыңдар, көршілер! – деді әжем.

Илико мен Илларион тізе бүкті.

 Ал, тағы қандай бақытсыздыққа тап болдың? – деді Илларион маған қарап. 

 Жетілгендік куәлігін алдым, - дедім де куәлікті ұсындым. 

 Сендерді де сол үшін шақырдым, - деді әжем. – Қарап жіберіңдерші, құдай үшін, шын куәлік пе, жоқ әлде, былтырғы бөтен біреудің мақтау қағазы секілді бірдеңе ме?

Илларион куәлікті қолына алып, айналдырып ұзақ қарады, мөрін, қойылған қолды тексерді, тіпті жарыққа ұстап қарады, сосын Иликоға ұсынған. Илико да соны қайталады, бірақ жіті тексеріп барып, әжеме ұсынды.

– Даусыз өзінікі.

– Шын ба? – деді әжем.

– Шын. Біріншіден, бұл таза бланкты еш жерден ала алмайды, екіншіден, мөрі жалған емес, үшіншіден, екінші беті орысша толтырылған, оны біздің Заблонда бірде бір оқушы жаза алмайды, ал төртіншіден, адасқан жалғыз төрттен басқасы түгел үш!

– Құдайға шүкір! Мені қуантып отырсың, Илико! – деді әжем терең демалып. Илларион куәлікке қайта қол созды. 

– Же-тіл-ген-дік ку-ә-лі-гі, – деп буынға бөліп оқыды. Сосын орнынан тұрып, қасыма келді де, төбемді тоқылдатып, дыбысын тыңдап көріп, Иликоға қарады:

– Ееебауырым, жетілгені осы болса, онда мен қытай мандаринімін.

 Түк етпейді... Бұзылып кетпес үшін, сататын қызанақты да қалаға жасыл күйінде апарады. Жеткенше өзі-ақ қызарады.

– Ақыры солай екен, онда ақылдасайық: ары қарай бұл не істейді, қандай мамандық таңдайды? Адамда бір жоспар деген болу керек қой? Әйтпесе қалаға барады да, есек құсап екі құлағы салпие-е-еп жүреді, - деді Илларион.

– Өзің қай факультетке түспек ойың бар? – деді Илларион маған. 

Мен иығымды қиқаң еткіздім.

– Менің немерем дәрігер болады, - деді әжем. – Қартайдым, маған күтім керек.

– Сен сонда міндетті түрде осының қолынан өлмекпісің? – деді Илико. 

– Мүмкін тарихты таңдар? Тарихшылардан райком хатшылары көп шығады, - деді Илларион.

– Мен мұның орнында болсам заңгерлікті таңдар едім, - деді Илико. – Өзіміздің судяны ал. Тесік кебісі қолқылдап қоңылтаяқ келіп еді, қазір қара, былғары пальто мен резеңке етік киіп шалқақтап жүр.

– Мұның жүрегімен қайдағы заңгер. Бұл біреуді тұтқындай да алмайды ғой.

– Мүмкін әдебиет жағына барар? Бұл біздің өлең жазғыш қой, оның үстіне тілі де сала құлаш, құдайға шүкір. Одан басқа не керек?

– Әлгі... анандай... дайын профессорлар шығаратын бірдеңе жоқ па? – деді әжем.

– Неге болмасын, бар. Ондай мекемені біздің Илико бітірген ғой, - деді Илларион мысқылдап. 

– Неменеңе мылқиып тұрсың? Айт, қайда түскің келеді? – деп Илико маған шүйлікті. – Әйтпесе мына біз тұмсық әкетіп барады!

– Әртістің оқуын оқығым келеді! – дедім мен кенет міңгірлеп. Сол сәт бөлмеде өлі тыныштық орнады. 

– Шыққыр көзім-ай! Көп қатын алып жүрмекші екенсің ғой?! – деп әжем шар ете түсті. 

– Есі ауысқан, бұл байғұстың! – деді Илико. 

Талқылау таңға дейін созылды. Сөйтіп бәрі Илларионның пікіріне тоқтады. Менікіндей шалбары бар адам экономика факультетіне түскені жөн екен, болашақта өзін экономикалық және материалдық тұрғыда толық қамтамасыз етуі үшін.

Әжем атамның галифе-шалбар, хром етік, жүн жейде, күміс белбеуі мен биік қаракөл папахасын алып шықты:

– Міне, балам, ки. Бөтен жерге сені мына шоқпыт-шоқпыт түріңмен жібермейтін шығармын. Сен ол жақта озат болуың керек, құлыным...

– Аумаған Симон Долидзе! – деді Илико.

Жексенбінің алакеуімінде мен, әжем, Илико және Илларион төртеуіміз жол бойында өткен-кеткен көлікке қол көтеріп тұрдық. Жаңбыр сіркіреп, жел соғып тұрған. Күн суық еді.  

– Кабинаға шопырдың қасына отыр, - деді әжем тықақтап.

– Сәрміс жеуді ұмытпа, әтпесе бірдеңе жұқтырып алуың ғажап емес, - деді Илларион ескерте сөйлеп.

– Вагонға мінісімен одеколонмен сүртін, бүрге таламайды, - деп Илико ақыл айтты. 

– Байқа, ертең хатың қолыма тиетін болсын! – деп әжем талап қойып.

 Оданда телеграмм жібере сал – тез келеді. 

 Қаланың бұзықтарымен байланысушы болма!

 Тезірек қайт!

 Шарап қажет болса – жазып жібер, ұялма. Ақыры бір жүк көлігі келіп тоқтады-ау. Кабинада балалы әйел отыр екен. Әжем тіл-көзден сақтасын деп үш рет үшкірді. Илико мен Илларион кезек-кезек сүйді. Мен кузовқа міндім де, машина жүйткіп берді. 

Кенет қолында түйіншегі бар, жүгіріп келе жатқан қызға көзім түсті. Қыз бірте-бірте жүрісін баяулатып, артынша шығарып салушыларға барып қосылды. Қыз алыстап бара жатқан машинаға ұзақ қарады, сосын жалт бұрылып, Иликоның кеудесіне бетін басты. Жылап тұрған болуы керек, шамасы. Мен де жыладым. Ал машина мені ең аяулы төрт адамымнан алысқа ала қашқандай зымырап келе жатты. 

Жаңбыр құйып, жел гулеп, суық күшейе түсті. Сонау алыста төрт сұлба қараңдайды. Қыз Иликоның кеудесіне бетін басып жылап тұр. Мен де жыладым, жыладым да... оның жылап тұрғанын ойлап қуандым. Жаңбыр бар болатын, жел бар болатын, күн бар болатын, және мақаббат пен қуаныштың көз жасы. Енді, шамасы Иликоның өзі де түсінген шығар, аспандағы ай мен қапалақтап жауған қардың жайын. Неге ұйқым келмейді, бұл қуаныштың көз жасы қайдан шығып жатыр, мен ненің құрметіне осынша бақыттымын?

Машина алға қарай зулап келеді. Арттағылар көзден ғайып болды. Ал мен кузов үстінде түрегеліп, алға қарап тұрып сыбырладым:

 Қош бол, әже! Қош бол, Илларион! Қош бол, Илико! Қош бол, Мери!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар